Тарихи шындық пен көркемдік шешім. Ш.Уәлиханов «Ыстықкөл күнделігі». Қазақ әдебиеті, 9 сынып, дидактикалық материал. 4-сабақ.


№1

 Кешке біз Аягөзді артқа тастадық, сосын Аягөз өзенінің Тумырза деп аталатын саласынан өтіп, өзеннің оң жақ таулы-тасты жағалауымен өрлей отырып, түнге жақын Қапал жолының бірінші бекеті - Ескі Аягөзге келіп жеттік.

 Аягөз өзенінің бойынан біз анағұрлым жанданған табиғатты көрдік. Дала тұтасымен жасыл желектің ашық түсті кілеміне ораныпты. Қараған, тобылғы, тал терек жапырақтар жайып, күннің көзі де біршама жылынып, оңтүстікке тән алаумен қыздырып тұр. Жабайы аскөк тау бөктерін жауып тұр, бойы ұзарып өскен. Қалың өскен ырғай, тал, мойылмен көмкерілген, арасынан теректер сорайып көрінген өзен жағалауы шидің ақ басы және сирек қара топырақты шұраттарда қараған мен тобылғыдан басқа ештеңе жоқ сортаң жермен жүрген үш күндік сапардан кейін өте жағымды әсер қалдырды. Жағалауға жақын жерлер жайылымдық және шабындық шөпке бай, ал жағадағы орман қысқы боран мен дауылға жақсы қалқан. Қазақ аңыздарында Аягөздің жайлы ағысы мадақталатыны бекер болмаса керек.

 Өзін қоршаған иен дала мен сусыз шөл далаға қарағанда, Аягөз расымен-ақ жұмақ болып көрінеді. Оның көк шөп пен шалғынға толған солтүстік жағалауы орыстар мен олардың бекеттері болмаған кезде, қазақтардың үнемі көшіп-қонып жүретін қонысы болғаны анық. Қазақтар казактармен көрші болудан қорқады. Бұл әлденеге негізделген бе, жоқ па белгісіз, бірақ сақтық мақтауға тұрарлық қасиет. Мен Аягөзді өте жақсы көремін және сүйсінемін, Баян Сұлудың алтын айдарлы Қозы Көрпешке деген махаббаты туралы аңыздың оқиғасы осы жерде өткені де бұған аз себеп болмаса керек.

 

 

 

 

 

 

 

 

№2

 Сапарымыздың желісін ары қарай тарқатайық. №2 бекетте біз оң жағалауға ауыстық. Бұл кезде түн болатын. 4 ші нөмірге жетпей, 10 шақырымдай жерде қазақтар жырында айтылатын әйгілі Қозы Көрпештің моласы тұр. Біз поэманы жақсы зерттегенбіз, сондықтан олардың моласын көргіміз келді. №2 бекеттен шыққан уақыт бойынша Қызылқия бекетінен түнде өтуіміз керек болатын. Бірақ біз таңертең сонда тұрып, молада шай ішкіміз келді: жолда шай ішкен жақсы, әсіресе, ескі қирандылар мен молаларда. Өткен туралы ойлайсың, бүгінгіңді аялайсың. Осы мақсатпен жәмшікке тек таңертең, күн көтерілген кезде, бозторғай алғашқы әнін шырқап, түн пердесі түрілгенде, түнгі бұлттар солтүстікке ауып, батыстан таңғы қызғылт күн көтерілгенде, жарық ағаштардың бұтағына түсіп, су керемет тамаша түске енген кезде, осындай поэтикалық сәтте моланың басында болуды тапсырдық.

 Адам жобалайды, бірақ Құдай шешеді. Түні бойы жаңбырдың ірі тамшылары жеңіл арбаның шатырын ұрғылап тұрды. Шаршаған аттар, батпақта аяқтарын әзер басып жүріп келеді. Тек шыбықтың шартылдаған дауысы мен шаршаған аттардың пысқырынуы, делбешінің айғайы ғана жаңбырдың бірсарынды дыбысын бұзып тұрды.

 Нашар түн болды, сондықтан жүру де қиындады. Жаңбыр ойлаған жоспарымызды бұзбасын деген күдік, алаңдаумен жәмшікке бірнеше рет: «қалай, аспан ашылмады ма?» деп сауал тастадым. Суық сүйегіне дейін өткен делбеші «Жоқ!» деп күңкілдей жауап берді де, тағдырға назаланғандай «Не боп кетті, брр...» деп тізесіне жиналған суды төкті. Менің оған жаным ашыды, тезірек жүрсек, ол баяғыда жылы пешке қыздырынып отырар еді. Баян сұлудың естелігін көрмей кету де обал.

 Осылайша біз бір сағат жүрдік.

-         Мәртебеңізге құлдық, - деді жәмшік, - міне мола!

Мен басымды шығардым. Күннің көзі түнерген бұлттардан шығып келеді, аспанды сұр бұлт басқан, бұрынғысынша жаңбыр жауып тұр, көбіктенген аттар батпақты сортаң жермен әзер жүріп келеді, өзеннің сол жағында тобылғылардың арасынан моланың үшкір басы көрінді: ол қызыл кірпіштен қаланған болып көрінді. Мұндай ауа райында шай ішіп, қазақтардың ескерткішін тамашалау туралы ойлаудың өзі артық еді.

-         Шамасы, өзен де арнасынан шығайын деп тұр, жоғары мәртебелім, - деді жәмшік менің ойымды оқып қойғандай.

-         Олай болса, жүре бер, қайтар жолда қарармыз, - дедім мен, сосын тонға оранып, ұйықтап алайын деп көзімді жұмдым.

 Өзағаш бекетінде шай іштім. Өзеннің солтүстік жағалауы жайылған лай су мен сортаң басқан дала. Аягөздің жағалауын бойлаған жолмен өзеннің арнасынан шығуы себепті жүру мүмкін болмады. Біз айналып жүрдік. Алдымызда тегіс сортаңды батпақ дала жатты. Шидің ақселеу бастары шоқтанып өсіп тұр, тіптен көп. Әр жерде қарайып шеңгел, баялыш, көкпек, бүрген өсіп тұр. Осылайша біз 25 шақырымдай жүрдік.

№3

 Сөгеті тауына өрлейтін осы тау арсындағы тар алқапта рауғаш көп болды, ал Торайғыр тауына қарай еңкейген бөктерде бірыңғай жусан мен бетеге өседі. Рауғаштың гүлдеп біткен шағы екен, тіпті жапырақтары қызарып кеткен. Оң жақта, біздің жолымызбен қатар Шелек өзені ағып жатты. Оның ағысы, яғни Сөгеті мен Торайғыр арасындағы ағысты қазақтар Бартоғай шатқалы деп атайды, сол жақта біздің жолымызды бойлай, жазықпен Шарын ағып жатты.

 Шарынның Бөгеті мен Торайғыр таулары біткен жердегі ағысын қазақтар Сарытоғай, ал оның Бірінші Меркі құятын жерден Сартоғайға дейінгі араны Ақтоғай деп атайды. Бұл түнемелікте кеш суық болды, жел күздегідей соқты. Түні бойы қардың қатты жауғаны соншалықты, Алатаудан Іле жазығына дейінгі барлық алқап қыстағыдай аппақ болып жатты. Аяз қатты болды, біз тонға оранып, киіз үйге от жақтық. Суық Реомюр бойынша 50 болды. Міне, Торайғыр тауынан қарағанда жоғарыда айтылған үстірт пен төңіректің көрінісі.

 Торайғыр - торы түсті айғыр деген сөз. Қазақтардың аңызы бойынша, олар осы арадан қалмақ жоңғарларды қуған кезде, осы таудан торы айғыр тауыпты.

 Торайғыр - албандардың тамаша қыстауы. Елдің айтуынша, онда мүлдем қар болмайды, ал болса да, аз жауып, тез еріп кетеді. Ең қатаң қыс пен жұтта мал тек қына жеп күйлі шығады - шөптің күштілігі мен топырақтың құнарлығы сондай. Сондықтан қазақтар мұны жұғымды жер деп айтады. Мамыр айында біз Құдайдың құдіретімен осы құнарлы жерде қар жатқанын көрдік. Қардың көп болғаны соншалықты, оның мүлдем еріп кетуі үшін үш күн қатарынан күннің көзі шыққаны керек болды, біз үшін уақыт қымбат болды, сондықтан біз келесі таңда аттанып кеттік және [Торайғыр] тауының күнгейіндегі Сұлу Қарашоқы шатқалында сәл дамылдадық.

№4

 25 күні таңертеңнен дулаттар мен бұғулар арасында келіссөз жүрді. 10 казак арық руының ауылдарына салық жинауға жөнелтілді. Түскі астан кейін жасақ жолға шығып, солтүстік шығысқа, Санташқа бет алды. Қарқараның жоғарғы ағысынан бастап жер тегіс, жайылым мол, жалпы бұл жер өсімдіктерге өте бай. Қазақтар айтатындай, күзде атты кісінің үзеңгісінен келетін биік шөп, небір түрлі жалпақ жапырақты өсімдіктер шалғындай жайқалған, таудың бөктері мен басында да сондай. Әсіресе, тамаша көрінетін өсімдіктер: (ағылшын) жалбызы бен жүгері сияқты (қант қамысы) жапырақты қамыстың бір түрі. Қазақтар бұл өсімдікті ақ құрғашын деп атайды, қырғыздар болса, марал құлақ дейді. Бұл өсімдіктің сөлі улы, ісік тудырады десті. Мал оны тамыз айына дейін, сарғайып, сөлі аққанша жемейді. Исі сиырдың тезегіне ұқсайды. Тауда, сол жақ баурайда тал ағашы, шетен (ерекше түрі, қабығы тегіс, әрі түсі оттай қызыл) өседі. Сай мен таудың басында қалған қарға қарап, (Санташтың таулары өте аласа) Қарқара алқабы тым биік деп шамалауға болады.

 Түнемеліктен оңға Тобылды Асу тауының жалғасы, шағын қырат болды. Оң жақта* Қарқара тауының жалғасы. Біз жоғарыда айтқандай, бұл таулар аласа. Жол батпақты саймен өтеді, таудан оңға солға көптеген бұлақтар ағады, олар қосылып, Жел Қарқарадан төменірек Қарқарамен бірігетін... өзенін құрайды. Өзен оңтүстік батыстан солтүстік-шығысқа қарай ағады. Бұл бұлақтардан ары, сай табанында (2 шақырым жерде) көл бар, жаздың ыстық күндері ол құрғап кетеді. Көлден қазақтар Ертіс қазы деп атайтын құсты көрдік. Бұлардың түсі ақсұр, басы ақ, екі көлденең қара сызығы бар, мойнының жоғарғы жағы мен төменгі жағында, бүйірінде жіңішке ақ жолақтар бар. Бұл құстың қанаты қара, аяқтары сары, тұмсығы да сары. Тау қазысы үй қазынан кішкене, ал гагадан үлкенірек келеді. 

 Көлден екі шақырым жерден Түп өзені өтеді. [Бұл арада] Түп оңтүстік шығыстан солтүстік батысқа (шығыс оңтүстік шығыстан батыс солтүстік батысқа) ағады. Түп өзені барынша жылдам, түбі тасты, жағалауы талдармен, шырғанақ, балғынмен (сексеуілдің бір түрі) көмкерілген. Өзенде балық кездеседі. Біздің казактар шабаққа ұқсайтын балық аулап алды. Қазақтар оны сазан деп атайды. Түп өзенінің сағасына қарай балық көп деседі.

 Түп Ыстықкөлге құяды. Түптің ағысын бойлай Таспа деп аталатын шыршаға бөккен аласа таулар тізбегі жатыр. Таспаның жанында Ыстықкөлге құятын Жырғалаң өзені ағып жатыр.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі
Пікір жазу