М.Дулатов «Бақытсыз Жамал» романы. Қазақ әдебиеті, 8 сынып, қосымша материал. 6-сабақ.


Мұғалімге сабақты ұйымдастыруға қажетті қосымша ақпарат

Көркем мәтіндердегі кейіпкер тілін талдау

Кейіпкер тілі – лингвистикалық стилистиканың зерттеу нысанына жатады. Кейіпкер тілін талдауда диалог, монолог, полилогтердің қызметі айырықша. Әсіресе, диалогтің табиғаты ерекше. Диалог арқылы шығарманың идеясы мен кейіпкер бейнесі көрінеді. Кейіпкер тілі көркем шығармада кейіпкер бейнесін жасауға ықпалды. Кейіпкер тіліндегі лексикалық элементтер: диалектизмдер, қаратпа және одағай сөздер, қарапайым және жарго сөздер мен варваризмдердің қолданылуына талдау барысында үлкен мән беріледі. Бұл жөнінде Р.Сыздық: «Дөрекі, қарапайым элементтер, бөгде тілдік сөздер, әсіресе макоронизмдер кейіпкердің мінез–құлқын, алған білім– тәрбиесін, білім, мәдениет дәрежесін көрсету үшін келтіріліп, оның образын жасауға көмектеседі. Бұл – стильдік тәсіл. Тәсілдің дұрыс қолданылуы жазушының сөз құдіретін тану шеберлігіне алып барады» – дейді[1]. Сондай–ақ шығармадағы кейіпкерлер бейнесін жан–жақты суреттеуде әлеуметтік тілдік құбылыстың қатысы бар. Бұл қазақ тіл білімінде соңғы кезде ғана айтыла бастады. Тілдік ортада әлеуметтік тілдік бөліністің болуы факт. Ендеше мұндай жағдайлар әдеби тілде өз ізін қалдыратынын көркем шығармада кейіпкерлер тілін талдауда кездесетін және бар, бола беретін құбылыс екенін мойындауға тура келеді.

Көркем мәтіндегі кейіпкер тілін талдағанда диалог мәселесіне соқпай кету мүмкін емес. Диалогтың қызметі екі адамның сөйлесуімен шектелмейді. Оның шығармадағы қызметі көптеген мәселелерді қамтиды. Мәселен, кейіпкерді мінездеу, шығарма оқиғасын дамыту мен идеясын көрсету – диалогке тән нәрсе. Диалогтың лексикалық құрамымен қатар, синтаксистік құрамына да назар аударылуы тиіс. Жай сөйлемдердің, сұраулы, бұйрықты, лепті сөйлемдердің мағыналық қызметіне қарай кейіпкер тілінің ерекшеліктері сараланады.

Диалог парадигмасы – қазіргі ғылымда неғұрлым мәнді бағыттардың бірі. Психологиялық механизмдердің диалогты интерпрентациясы М.М. Бахтиннің «сананың кез келген өзара әрекетін диалог деп түсіну қажет» деген идеясынан туындады: «Өмір сүру дегеніміз, бұл диалогқа қатысу, яғни сұрау, алу, жауап беру, келісу т.б. Бұл диалогқа адам өмір бойы – көзімен, ернімен, қолымен, жолымен, рухымен, барлық тәнімен, әрекетімен – мәңгі қатысады»[2]. М.М. Бахтиннің айтуынша, шығарманың сөзін қарым–қатынас өнімі деп түсінуге болады (сана диалогы), мәдениет «лемімен кез келген түйісу «әңгімелесуді сұрап алу» болып табылады. Мұндай мағынада кез келген философиялық, әдеби сөздерді диалогты деп есептеуге болады. Диалог көркем шығармадағы монолог ұғымына қарама-қарсы мағынада болғанымен әрдайым бірге айтылуымен ерекшеленеді.

Монолог – тыңдаушы тікелей қабылдайтын бір адамның сөйлеуі немесе бір адамның ойы. Монологтың өзіне тән лексикалық бірліктерді тыңдауы мен сөйлемдердің синтаксистік құрылымы болады. Монологтың сипаттау, баяндау, сендіру, әңгімелеу сияқты функционалдық–коммуникативтік ерекшеліктері бар.

Полилог – шығармада оқиғаға қатысушы бір топ адамның образын жасайтын, яғни топты танытатын құрал. Мұнда автор ситуацияны баяндау кезінде бірнеше адамдардың қатысқан сөздерін береді. Сол арқылы әр кейіпкердің өзіндік бейнесін толықтырып нақтылай түседі.

Көркем шығарманы талдауда кейіпкерге қатысты айтылып, қатар жүретін тағы бір термин бар. Ол – көркем шығарманың құрамдас бөлігі ретінде қарастырылатын портрет. Портреттің мазмұндық және формалық түрлері, яғни көлемі шағын және көлемдісі болады. Талдау барысында портреттің сөздік құрамын қарастырудың да маңызы бар. Өйткені кейіпкер туралы жан–жақты мәлімет тілдік құралдардың сұрыпталуы мен қолданылуына қарай анықталады. Автордың портрет жасаудағы ерекшелігі кейіпкерді суреттеуде адамға қатысты қандай ерекшеліктерді қамтығанынан байқалады. Мәтіндегі портретте, автор әдетте адамның денесі мен оның мүшелерін, киген киімін, бет өзгерісі мен деене қимылын, тұрған тұрысын сөз етеді. Бұлар портрет компоненттері деп аталады. Әрбір компонентті суреттейтін, сипаттайтын сөздер іріктеледі. Ол сөздер адамның бүкіл сырт тұрпатынан бастап, ішкі сезім, жай–күйлеріне дейін сипаттап шығады. Т.Смағұлова «адамның сыртқы тұрпатын, яни дене мүшелерін суреттеуде дене мүшелерінің атаулары, яғни соматикалық (грек сөзі – дене) атаулар (соматема) сипаттаса, ал киген киімін вестиалды (латынша – киім–кешек) сөздер (вестема) суреттейді. Қимыл–қозғалысын кинетикалық (грек сөзі – қозғалыс) сөздер (кинетема) тобы суреттейді» дейді[3,72]. Сонымен, портрет – көркем шығарманың тұраұты құрамдас бөліктерінің бірі ретінде кейіпкердің кескін–келбетін, жүріс–тұрысын, киім киісін суреттеу арқылы толыққанды бейне, кейіпкер мінездемесін жасаушы амалдардың бірі.

Көлемді портретті жұптық, топтық және мінездеме–портрет деп үш топқа бөлдік. Жұптық портрет – екі кейіпкерді қатарластыра отырып, салыстыра отырып кескіндеу. Жұптық портретте әрбір кейіпкердің өзіндік сымбаты, бітімі, болмысы екінші бір кейіпкермен салыстырыла бейнеленеді, айқындай танылады. Аталған портрет түрінде екі кейіпкердің ұқсастығы не қарым–қатынасы табиғаты бойынша кескіндеме жасалады.

Топтық портретте бір топ адамның суреті беріледі. Топтық портрет белгілі бір мақсаттағы адамдарды суреттеуде не болмаса әр түрлі жағдай үстіндегі кейіпкерлердің психологиялық жай–күйін танытуда жұмсалады.

Мінездеме–портрет –жазушы шығармаларында жиі кездесетін портрет түрі. Мінездеме–портрет – кейіпкердің сырт тұлғасы мен мінезінің қатар суреттелген түрі. Тұлға мен мінез сәйкестігі – портрет–мінездеменің негізгі белгісі.

Портрет мазмұнының ғана емес, оның құрамының да кейіпкер мінезін беруде үлесі бар. Көркем шығармадағы портреттік суреттеулердің құрамы негізгі үш құрамдас бөліктен (компоненттен) тұрады:

1. адам денесі мен оның мүшелері;

2. киген киімі;

3. бет өзгерісі (мимика), қимылы (жест), дене тұрысы (поза).

Портрет құрамындағы компоненттер жеке қолданылмайды, олардың алдынан компоненттерді түрлі белгілері жағынан айқындайтын сөздер жүреді. Портрет компоненттерінің белгілерін атайтын сөздер сипаттаушы сөздер деп аталады. Сипаттаушы сөздер кейіпкерлердің кескін–келбетін, киген киімінің анықтай, түстей танытады. Олар компоненттерді түрлі қырынан айқындап, дәлдейді. Сипаттаушы сөздер екі түрлі белгіні атап көрсете алады:

1. портрет компоненттерінің сыртқы физикалық белгілері (ұзын көйлек, тостаған көз). Бұл топтағы белгілерді «сыртқы белгілер» деп атаймыз.

2. адамның интеллектуалдық, психикалық, эмоциялық белгілері (мейірлі көз, ісмер саусақ, жүз, т.б.). Бұл «ішкі белгілер» деп аталады.

Сонымен кейіпкердің сезімін, күйіну не сүйіну халін түсінуге оның көркем сөзбен жасалған сыртқы пішіні, кескін–кейпі (портрет), мінез–құлқы, наным–сенімі (мінездеу), ішкі ойы (монолог), басқа адамдармен қарым–қатынасы (диалог) көмектесетінін ескеріп, оқулыққа осы ұғымдардың теориялық сипаттамасын бердік. Бұл – аталған шығармашылық жұмысты орындауда оқушы білуге тиісті мәлімет.

Оқулықтағы «Қыз Жібек» жырындағы Жібектің суреттелуі портреттің мысалы:

Қыз Жібектің ақтығы –

Наурыздың ақша қарындай.

Ақ бетінің қызылы –

Ақ тауықтың қанындай. Соматикалық сипаттау

Екі беттің ажары –

Жазғы түскен сағымдай.

Білегінің шырайы –

Айболтаның сабындай

Жыр жолдарындағы Қыз Жібектің портреті оқушы қиялында сұлу Жібектің бейнесін қалыптастырады, қиялда туған бейнені сөзбен жеткізуге жырдағы көркем сөздер көмектеседі.

Портреттің не екенін ұғындырғанын кейін оқушыға орайы келген жерде кейіпкердің портреті суреттелген тұста тапқызып, мәнерлеп оқуын немесе үйде дәптеріне жазып келуін тапсырып отырған абзал.

Мысалы: М.Гумеровтің «Бақшада» шығармасында оқушы Серіктің ағасы Кәрімнің сыртқы бейнесін жазушы былайша кескіндейді: «Ақ сұр жүзді, ат жақты, қою қара шашын кейін қайырған жігіт».

Бастауыш сынып оқушылары «Кейіпкерге мінездеме бер» деген тапсырманы көп орындайды. Мұндай тапсырма барысында сыртқы портретімен қатар ішкі портретін – мінезін, құлқын, наным–сенімін, дүниеге көзқарасын суреттеуге тура келеді. Оған, әрине шығармадағы жазушының кейіпкерді мінездеуі көмектеседі.

О.Бөкеевтің «Апамның астауы» әңгімесінде ананың сыртқы портреттік суреттемесі мен оның мінезін сипаттау қатар берілген:

«Бүгінде көз алдымда: арық, ашаң кемпір, тарамысты мықты саусақтар, ерні мен иегін күйік шалып тыртықтанған әдемі ажар, кимешегінен дудырап шығыңқырап жүрген ақ шалмаған қара бұйра шаш... Тегінде, ол кісі әңгімеге сараң – көп сөйлемейтін, тек өз ісімен ғана жүретін, қақ–соғы жоқ инабатты жуас еді. Дүниеде өсек–аяң, қулық–сұмдықты білмейтін, не болмаса тірі пенденің бетіне «әй, сен сондайсың» деп қарамаған немесе тірі пендеге тілі тимеген, жарықтық ораза–намазы бұзылмаған таза да тәкаппар әйел еді».

Адам баласы өмірде әр алуан жағдайға кездеседі. Оның қуанып, шаттанатын, ренжитін, қайғыратын да кездері болады. Міне, осындай кейіпкердің ішкі сезім дүниесін жазушы кейде қаһарманның өзімен өзін сөйлестіру арқылы береді. Мұны монолог деп атайды. Ал шығармадағы екі немесе бірнеше жерінен кездестіруге болады. Мысалы: «Енді қайттім? Неге алдым?! Түсіп қалған заматта өзіне неге айтпадым? Әлде жан адамға көрсетпей, тығып ұстап жүрсем бе екен? Бірақ онда бұның еш қызығы бола ма?!» немесе «Не істеу керек бұл компасты? Анау жардағы торғай ұяларының біріне тығып қойсам ба екен? Онда не болғаны? Немесе, әлгінде өзіміз шомылған жерге қайтадан апарып тастасам ба екен? Қанат, мүмкін іздеп келіп өзі тауып алар?», сол сияқты «Енді не істеу керек? Тауып алдым деп, Қанаттың өзіне қайтарып берсе ше? Бірақ ол бұған сенеді деймісің? Бағана осы сатшы деп Боданның қадала сұрағаны бар ғой: «Әй, қу, қызығып, ұрлап алдың. Сіңіре алмайтын болған соң өзіме беріп отырсың» дер» деген үзінділер–монолог – Боданның өз сөзі.

– Неге көңілссізсің, бір жерің ауыра ма? – деп сұрады анасы.

– Ішім ауырады, – Бодан өтірік айта салды.

– Неге ауырады? Қалай ауырады? Қай жері? Бірдеңе жеп пе едің? Не ішіп едің? – деп, қамқор ана бәйек болып жатыр.

– Білмеймін. Жай... Мына арасы ақырын ауырады...

Енді басылды (Боданның әкесі бұл кезде үйде жоқ еді, жұмысында болатын).

Алты жасар қарындасы Мәкентай Боданға еркелеп келді.

– Аға, қайда бардың?

– Тоғайға бардым.

– Маған бүлдіргенге барғам жоқ, жай шомылуға бардым.

– Бүлдіргенге барғам жоқ, жай шомылуға бардым.

– Алдайсың, Қалтаңды көрсетші. Бірдеме томпияды ғой.

Боданның жүрегі зу етіп, бойы одан бетер мұздап кетті. Шиқанына тигендей шошып:

– Ештеңе де жоқ, – деп, Мәкентайды бойына жолатқысы келмейді. Сығыр алғыр ерке қыз бұған көнер емес.

– Әне, әне, көрсетші! – деп компас жатқан қалтаны нұсқайды.

– Бүлдіргенді кісі қалтасына сала ма екен? –деп Бодан ашу шақырғандай түр көрсетті.

– Енді, анау не?

– Бұл асық.

– Асық емес–ақ, дөңгелек бірдеңе ғой. – Мәкентай мына сөзімен Боданның құпиясын әшкерлеп қойған тәрізденді.

– Жоғал әрі! – Бодан оның қолын тұрпайы қағып жіберді де, сыртқа зытып отырды», – деген үзінді–диалог – Бодан мен анасының және Бодан мен қарындасының сөйлесулері.

Боданның ішкі ойы мен оның басқалармен сөйлесуінен оның өз қылығына (Қанаттың компасын тығып алады) күйзелетіні, істі шешімін таппай қиналған сәті анық көрінеді. Оның арплысқан ойларына қарап оқушыларда Боданға деген аяныш сезім де тууы мүмкін. Боданның компасты шомылған жерге қайтып апарып тастау немесе Қанаттың өзіне қайтарып беруі ниеті дұрыс еді.

Осындай аяныш сезімі туған балалар әңгіме Боданның әдемі компасты суға лақтырып жібергенімен аяқталса да, «бәрібір оны бүлдірген теріп жүріп Қанаттың компасының жоқ екенін байқаған балалар өзенге, өздері шомылған жерге келіп (өйткені, Бодан компасты дәл сол жерге лақтырды ғой) іздеп жүріп тауып алысты» – деп, Боданды ақтап алулары да мүмкін. Ал кейбір оқушыларда Боданның қылығы, керісінше жек көру сияқты жағымсыз сезім туғызуы мүмкін. Не дегенмен де жазушының кейіпкердің образын жасау тәсілі оқушының шығарманы дұрыс қабылдап ой елегінен өткізіп, қиялында жаңғыртуында әсерін тигізеді.

Боданның сөзіндегі «бүлдіргенді кісі қалтасына сала ма? – ренжу, қапалану мәнді сұраулы сөйлем болса, «Жоғал әрі» сөзі ұрсу, жақтырмау, жеку мәнді бұйрықты сөйлем, т.б. кейіпкердің мінезін сипаттауға көмектеседі.

Бастауыш сынып мұғалімі мінездеу мен портретті талдау арқылы оқушыларға жағымды, жағымсыз кейіпкерлерді, оларға тән қасиеттерді тапқызады. Осы тұста А.П.Чеховтың: «Адам бойындағының бәрі де – бет пішіні де, киім киісі де, жан дүниесі де, ақыл ойы да сұлу болуға тиіс» деген сөзі еске түседі.

«Адамның сұлулығы неде?» деген сұраққа суретші Корнилов былайша жауап берген: «Бұл сияқты ұарапайым сұраққа қысқа әрі басты мәселелерді толық қамти жауап беру оңай нәрсе емес. Қандай сұлулыққа баса назар аудару керек: рухани сұлулыққа ма, жоқ, әлде тән сұлулығына ма? Соншалықты қымбат, бағалы қасиетті қандай өлшеммен өлшеуге болады?

Жалпақ бет, доғал мұрынды Сократ ертедегілердің көзқарасынша, сұлулар қатарына жатпаған. Бірақ оның орасан зор атағы болды. Ол атақ бұрынды–соңды болып көрмеген терең ойшылдығы және ертедегі ұлы философ ретінде ғасырлар бойы тарап жүрді.

Мен гректің асқан ойшылының ертедегі портретіне қайта–қайта үңіле қараймын. Бұл адамның онша әдемі болмаған жай ғана бет–әлпеті неліктен соншалықты кісіні өзіне тартарлық күшке ие? Мен неліктен сұлулық туралы түсінікке қарсы келіп, нағыз сұлулық осы деп білемін? Мұнда қандай құпия сыр бар? Қазір бір Сократтың бет–әлпетіне сүйкімді ете түсу керек дейміз, ал оны ерте заманның мүсіншілері неге өңдеңкіреп жіберуге тырыспаған (бұл олардың қолынан келетін еді ғой)? Көзге көрініп тұрған міні неліктен Сократты данышпан етіп көрсетіп тұр? Нағыз шындықты ашып көрсету ол кезде қандай қауіпті жол екенін қай суретші білмейді! Солай бола тұрса да, бұл арада шындықты көрсетуден мүсінші қорықпаған.

Адамның сырт бітімі қанша әдемі, тартымды болғанымен, егер ол адамда шындық болмаса, біз оның «әдемілігін» әділетті түрде тырнақшаға аламыз да, оны нағыз әдемі деп қарамаймыз. Менің өмірден жинақтаған көп тәжірибем – адам ең алдымен әділеттікке ұмтылушылығымен әдемі, деп көрсетеді!».

Міне – портрет жасау үшін алынған жеке белгілер біздің қиялымызды жүгіртіп әдебиеттегідей жәрдем бере алмаса да» шындықтың сырын танытуға тырысқан суретшінің сөзі. Бұған қарап біз әдеби шығармалардағы жазушының сол кейіпкерге тән, оның кейпін ашық, айқын көрсететін нәрселерді (диалог, монолог, т.б.) қалайша пайдаланғанын талдай отырып, біз оқушыны сұлулыққа толық бағыттай аламыз деп айта аламыз.

Сыздық Р. Абайдың сөз өрнегі. – Алматы: Жазушы, 1995 б.

Бахтин М.М. Эстетика словесного творчества. – Москва, 1986 – 445 с.

Смағұлова Г. Мәтін лингвистикасы. Оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 2002. – 112 б.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу