Мұрат Мөңкеұлы «Сарыарқа» өлеңі. Қазақ әдебиеті, 8 сынып, дидактикалық материал. 7-сабақ.


«Әдеби шеңбер» әдісі

М.Мөңкеұлының «Сарыарқа» өлеңінен берілген үзінділерді жұппен оқып, мәтіндегі тарихи оқиғалар мен тұлғаларға, жер-су атауларына түсінік беріп, шығарманың идеясы мен пафосын анықтаңыз.

1. Талқы себепшісі – «Сарыарқа» өлеңінің мазмұны бойынша 3 сұрақ құрастырады. (кейіпкерлері, сюжет, қарым-қатынас, автор позициясы, т.б. бойынша)

2. Белгілеуші – өлең идеясы мен пафосын ұлттық мүдде тұрғысынан ашып, маңыздылығын дәлелдейді.

3. Байланыстырушы – өлең идеясы мен автор көтерген мәселені өмірмен байланыстырады, дәлелдейді.

4. Қорытындылаушы – автор позициясы мен идеясын, көтерген мәселесін қорытындылайды.

«Өзіндік пікір» әдісі

Төменде берілген зерттеуші қорытындысына өз талдауларыңыздың негізінде пікір білдіріңіз.

Ақын пайымдауынша, ел болашағы барынша бұлдыр, мұнартқан сағым секілді болып көрінеді, сол себепті ол өткенді ойлап, соның қаймағы бұзылмай қайта оралуын көксейді. Бұл жырлар Шортанбай, Дулат шығармаларымен терең үндесіп өзара астасып отырады. Дәл осы сарынды Мұраттың “Сарыарқа” туындысына да   тән деген жөн.

Мухатаева Қоңыр «Ы.Т.Дүйсенбаевтың ғылыми  мұрасы» зерттеу еңбегінен

Сарыарқа

1

Біз көштік Сарыарқадан бермен асып,

Көлденең Сағыз бенен Жемді басып,

Ат мініп, киім киіп, тұқым алдық,

Сүйектес жақын жұртқа араласып.

Сыртымнан бір қыстамай сын тағыпсыз,

Қонаққа сүйте ме екен келген сасып.

Қонаққа сүйте ме екен сасып келген,

Алыстан жақын жұрт деп асып келген.

Тәңір айдап, Маңғыстауға еріксіз қуды,

Ісім жоқ кісі өлтіріп, қашып келген.

Сөз айтқан өздеріңе сын емес пе,

Ел едік – беріш, адай бірге жүрген.

2

Бұ қоныс – жеті жұрттан қалған қоныс,

Ноғайдың көшіп талақ салған қоныс.

Қазтуған, Асан Қайғы, Орақ, Мамай,

Біз түгілі осыларды да алған қоныс.

Бұ қоныс – жеті жұрттың кеткен қоныс,

Ноғайдың көшіп талақ салған қоныс.

Кәмелсіз қонған елін көп тоздырған,

Қайырсыз осы секілді неткен қоныс?

Әуелде құтты болса неге кетті,

Еңіреп Қазтуғанның көшкен қоныс.

3

Әуелі жеңіп орыс Еділді алды,

Сарытау, Аштарханның жерін де алды.

Артынан Еділден соң Нарынды алды,

Тоғайдың ағаш, қамыс, талын да алды.

Ар жақтан Қайыпалды, Науша қашып,

Тарлықтың содан бері қаптағаны.

Тәмамы, су мен нуды орыс ұстап,

Қазақтың мұнан жұтап шалынғаны.

Қуалап Исатайды өлтірген соң,

Заманның содан бері тарылғаны.

4

Ойды алды үш Оймауыт, тоғыз Тортай,

Кең қоныс мұсылманға қалынбады.

Үш қиян – жеті жұртты тоздырған жер,

Жер үшін қайыры жоқ тарылмалы.

Шекшекей, Құтым қашып, Әбенді ұстап,

Ерлерге ерегіскен не қылмады?!

Бір қазақ еркек болса Махамбеттей,

Мұны да аңсыз күні жазымдады.

5

Замана, қауіп етем, қырланғаннан,

Қазақты айналдырды Сырды алғаннан.

Ақыртып асау таудай Орал суы,

Кешегі Бекқожа мен Тұрланды алған.

Ерлігі ер жігіттің Өтендей-ақ,

Мұны да қате қылды бұлғаңдаған.

Бұрынғы кеткен жұрттың әдетінше

Адыра, құтсыз қоныс кімді алмаған?!

6

Бұ сөзді бәйіт еттім мұңданғаннан,

Заманға тура билік тыңдалмаған.

Қажы қашты Жалмұхамбет, Беркінменен

Өзінің кетем деген сертіменен.

Кіндігін, кірін жуып кескен жерден

Қысылмай ер кете ме еркіменен?!

Бұрын да адыра қалғыр, құтсыз еді,

Егескен ердің бәрі жер тіреген.

Қонысқа таласасыз бұ заманда,

Біз түгіл Асан Қайғы тентіреген.

7

Бұл сөзі бәйіт еттім мұңданғаннан,

Заманға тура билік тыңдалмаған.

Шұбырып сексен үймен Алдаш кетті,

Кәпірдің қорлығына тұлданғаннан.

Шұбырып сексен үймен Алдаш кетті,

Тоздырды Сырда шауып Қаныбекті.

Ерлігі бір жігіттің Дәуіттей-ақ,

Өлтіртті ол да орысқа ер Бөлекті.

Мақтанса үш алшынның салмағындай,

Сырттағы тілеу, қабақ, қалың шекті.

Артынан көп әскермен Мәмбет қуып,

Әкелді Орынборға ер Есетті.

Күш қалды мұсылманның қай жерінде,

Көзіміз көріп туды сол өсекті.

8

Әуелі Әлім менен Табынды алды,

Тоздырып ақсүйектің тағын да алды.

Әленді Күсеппенен Сібірге айдап,

Бұ жұрттың қара түгіл ханын да алды.

Қазақтың хан – шегесі, жер – мұрасы,

Тағынан хан тайған соң бақыты қалды.

Ұршықты, Қарашоқы, Бәкі, Балқы,

Машырық, Теке, Сарық, Мәрі халықты да алды.

Баласы мұсылманның нашарланды.

Кең қоныс қайдан іздеп таптырады?

9

Бұ жерден дін мұсылман жеті кетті,

Біреуі екі келіп, екі кетті.

Кеткен жұрт жетеу емес, алтау еді,

Біреуін екі санап жеті депті.

Әуелі осы жерден ноғай кетті,

Баласы мұсылманның нобай кетті.

Қазтуған, Асан Қайғы, Орақ, Мамай,

Әрі өтіп, Тесіктаудан солай кетті.

Артынан Телағыс пен Нәрік кетті,

Өзіне ерген жұртын алып кетті.

Жер қарап, он екі жыл желмаямен,

Асан би жердің үстін танып кетті.

Ақыр да қыл жалаулы қалмақ кетті,

Қуалап Дәулеткерей солдат кетті.

Су қарап он екі жыл қайықпенен,

Асан би жердің үстін барлап кетті.

10

Жылады көшерінде шайқыларың,

Қайғының сонда біліп айтыларын.

Қонысты жұрттан қалған «менікі» деп,

Бұ күнде ие болған қайсыларың?!

11

Артынан қазақ жұрты кетем деген,

Соңынан Асан бидің жетем деген.

Айтса да кетем деп ол кете алмаған,

Соңынан Асан бидің жете алмаған.

Саураннан Тезен тауы қайта көшіп,

Әрі өтіп, Тесіктаудан өте алмаған.

12

Бұ жерге сонан қайтып қазақ қонған,

Әдіре талай жұртқа азап болған.

Бас қосып Кіші жүздің ақсақалы,

Бойынан Үш қиянның қарап қонған.

Екі адам қарай шыққан ауылынан,

Кеңесіп Әлімұлы, Байұлынан.

Көзіммен көргенім жоқ ешбіреуін,

Есітемін бұрынғының дабылынан.

13

Есболай, Кете Әжібай қарай келген,

Қасына батыр Жары Шотан ерген.

Әжібай Сарыарқаны қыстап қалып,

Керелді Есболай бай белгілеген.

Қонысқа таласасыз бұ заманда,

Жер еді анайы кімнің құлыны емген.

14

Ел едік, біз де өзіңдей шалықтаған,

Мал бітіп, қара қалың қалыптаған.

Ақты қой, қылаң жылқы қызылды нар,

Тең ауды төрт түлік мал шауыттаған.

«Сарыарқа» өлеңіндегі тарих пен түсінік

– «Мұрат ақынның сөздері», «Алқаласа әлеумет», «Аламан» жинақтарында жарияланған. Толғаудың тағы бірнеше нұсқасы М.Әуезов атындағы Әдебиет және

өнер институты мен Орталық ғылыми кітапхананың қолжазба қорларында сақтаулы. Халел Досмұхамедұлы әзірлеген нұсқада мынадай түсініктеме берілген. «Ұлы қоянда жұрт тегісінен жұтағанда Мұрат та барынан айрылып қалған соң жалғыз түйеге қатын-баласын мінгізіп, өзі жаяу жетелеп, Маңқыстауға адайға барады. Адай ұлы қоянда онша көп жұтамаған. Қояннан соң бір үлкен тойда қазақтың

әдетінше той бастау жолы Мұраттікі екен. Адайдың арасында қаңғырған жалғыз үй келімсекке жол бермейміз, өзіміз бастап, той бастарды өзіміз аламыз деген сөз болыпты. Сонда ызаланып, жиылған көптің ішінде тұрып Мұрат осы «Сарыарқа» деген өлеңді қоя берген. Айтып болған соң адайдың ақсақалдары сөзіне риза болып, той бастатпай бәйгесін беріпті-міс. Бұл өлең 1880 жылы айтылған».

Х.Досмұхамедұлы «Сарыарқадағы» түсініксіз сөздердің мағыналарын былайша ұғындырады:

Сарытау – қаланың аты, орысша – Саратов.

Қайыпалды –Жәңгірге қарсы көтеріліп, бір бөлек елді алып Хиуаға қашқан. Бұл 1828 жылдарда болған.

Науша – Тана руынан. Бұл да бір бөлек елмен Бөкейліктен қашып, Тесіктау өтіп, ауып кеткен.

Үш Оймауыт – жердің аты, Темір уезінде.

Тоғыз торғай - Торғай уезіндегі Қараторғай,Сарыторғай, тағы-тағысын сондай атақпенен атанатын Торғай деген суларды айтады.

Шекшекей, Құтым, Әбен – адамдардың аттары болса керек.

Махамбет – батырдың аты, Исатайдың жолдасы. «Сәуле» журналының 3-санын қара.

Орал суы деп Жайықты айтады. Жайықтағы казак-орыстарды айтқан.

Бекқожа, Тұрлан – патша хүкүметіне қарсылық қылғаны үшін ұсталып, Орал орыстарының қолында өлген. Тұрлан шеркеш руынан болады.

Өтен – батырдың аты, руы таз.

Беркін, Жалмұхамбет деген адамдар өздеріне ерген елдерін алып Тесіктаудан өтіп кеткен. Осы күні бұлардың елі Жиделі-Байсын деген жерде болса керек-ау деймін.

Алдаш та ауып кеткен елдің бастық адамы.

Қаныбет – елдің аты болса керек.

Дәуіт, Ербөлек – адамдардың аттары.

Тілеу, Қабақ – Шекті, Әлімнің рулары.

Мәмбет – шын аты Мұқаметжан. Баймағамбет сұлтан правительдің баласы. «Әкелді Орынборға ер Есетті» деп, Арыстан «ханды» өлтіргендігі үшін Бекеттің ұсталғаны, сұлтан правительдердің Есетті ұстаймыз деп қуғандары туралы айтылған. Мәмбет өлтірілген Арыстанның орнына сұлтан правитель болған.

Есет – Көтібардың баласы, Әлім руынан.

Әлен – (шын аты Мұхамбетғали) Тәуке ұлы. Баймағамбет өлген соң орнына сұлтан-правитель болды. Әлен 1867 жылы бір күнәсі үшін жер аударылған. 1868 жылғы ауада Күсепғали Орманұлы деген төрені бас қылып патша хүкүметі бірқатар төрелерді ішкі Ресейдегі қалаларға жер аударған.

Ұршықты, Қарашоқы, Бәкі, Балқы, Машырық, Теке, Сарық, Мәрі – түрікпеннің руларының, түрікпеннің жерлерінің аттары.

Балқы деп Балх деген қаланы айтса керек.

Мәрі деп Мерв деген қаланы айтады.

Тесіктау –қазақтардың айтуына қарағанда, Ауған еліне баратын жолда. Елдегі лақапқа қарағанда, Тесіктаудан асқан соң Асан Қайғының жұрты ауған басталады-мыс.

«Қыл жалаулы қалмақ кетті» деп 1771 жылдағы Еділ-Жайық арасындағы қалмақтардың Қытайға қашқанын айтады.

Дәулеткерей-салдат деп біздің қазақ ұлы Петрдің заманында Хиуаны жаулап аламын деп қырылған орыс әскерінің бастығы Бекович-Черкасский дегенді айтады-ау деймін. Бекович Кавказ мұсылмандарынан екен, шоқынбастан бұрынғы аты Дәулеткерей болған. Хиуаға жүргенде жолдағы қазақтарға Дәулеткерей деген аты мәлім болған. Дәулеткерей Бекович бола қалса, Мұраттың қалмақты қуды дегені жаңылыс айтылған болады.

Сауран – Сырдың оң бетінде Ақмешіт уезіндегі ескі қаланың орны.

Тезен деп түрікпен жеріндегі Теджен деген суды айтады. Тезен тауы деп Тезеннің басындағы тауларды айтса керек.

Наршөккен, Топырақшашты, Саралжын, Маңғыт –Сағыздың алабындағы жер-жердің аты.

Қаракөл – Ілбішін уезіндегі жердің аты.

Нарғозы, Тұзбұлақ, Бәйгел, Базарбай, Қабыршақты, Кенен, Құрмас, Қабанбай, Қарақалпақ, Малайсары, Кенже, Көтібар, Мәтеш – Гурьев пен Ілбішін уезіндегі жерлердің аттары.

Төртқұдық, Тұзжағасы, Алдаберген – Ілбішін уезіндегі Дендер деген тұздың жағасындағы құдықтардың аттары.

Шыңырау, Жақсыбай, Маңкөт, Қуанбай, Қурайлы, Балталы, Сегізбай, Қаратал, Көшентымық, Досжандар, Баймөңке, Тілеу, Құлан, Жездібай

Гурьев пен Ілбішін уездеріндегі жерлердің, сулардың, құдықтардың аттары.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу