Ахмет Йасауи «Даналық кітабы». Қайырымдылық – ізгілік дәні. Қазақ әдебиеті, 8 сынып, дидактикалық материал. 10-сабақ.
Өзектілік аймағы
- «Даналық кітабының» мазмұнын (өткен сабақтағы үзіндіні қоса алып) «қызмет»,«қайырымдылық», «рақымшылдық» формуласы бойынша жинақтап, автордың арманды сұрақтарына түйінді пікір білдіріңіздер.
- Топпен өз пікірлеріңізді қорғаңыздар, келісетін немесе келіспейтіндеріңізді дәлелмен түсіндіріңіздер.
1-тапсырма. «Даналық кітабынан» берілген хикметтерді топппен оқып, ізгілікті ой желісін анықтаңыз.
1 - Хикмет
"Бісміллә" деп баян еттім хикмет айтып,
Шәкірттерге дүр мен гауһар шаштым міне.
Жанды жалдап, қайғы шегіп, қандар жұтып,
Мен "дәптер сәни" сөзін аштым, міне.
Сөзді айттым кімдерге де етсе талап,
Ашық сөйлеп жақын жанды жанға балап.
Ғаріп, пақыр, жетімдердің басын сипап,
Діні қатты халайықтан қаштым, міне.
Қайда жүрсең көңіл жұмсақ, сыпайы болғыл,
Көре қалсаң мүсәпірді дәмдес болғыл.
Махшар[1] күні құзырына жақын болғыл,
Менменсінген халайықтан қаштым, міне.
Ғаріп, пақыр, жетімдерді Расул білді,
Сол кеште миғраж шығып, дидар көрді.
Қайтып түсіп, ғаріп, пақыр, халін білді,
Ғаріптердің жайын ұғып келдім, міне.
Үмбет болсаң, ғаріптерге жақын болғыл,
Аят, хадис айтқандарға құлақ салғыл.
Ырзық берсе, тағдырға қанағат қылғыл,
Қанағат қылып сауық шарабын іштім, міне.
Мәдинеге Расул барып, болды ғаріп,
Ғаріптікте бейнет тартып, болды ғашық.
Жапа тартып, жаратқанға келгені анық,
Ғаріп болып, ауыр жолда бастым, міне.
Ақылға ерсең ғаріптерді мейіріммен сүй,
Мұстафадай елді кезіп, жетімді жый.
Дүниеқоңыз, пасықтардан бойыңды тый,
Бойым тыйып дариядай тастым, міне.
Ғашық есігін Мәулім[2] ашты, маған сыйлы,
Топырақ қылып әзір бол деп мойнымды иді.
Қара нөсер қарғыс оғы келіп тиді,
Найза алып, жүрек, бауырым тестім, міне.
Ділім қатты, тілім ащы, өзім залым,
Құран оқып бойұсынбас жалған ғалым.
Жаным құрбан, аямаймын жоқ дүр малым,
Хақтан қорқып отқа түспей күйдім, міне.
Алпыс үшке жасым жетті, өттім ғапыл,
Хақ әмірін бекем тұтпай болдым жаһил.
Ораза, намаз қаза қылып болдым кәпір,
Иман іздеп жақсыларға жеттім, міне.
Уа, дариға, махаббат шарабынан дәмін татпай
Қатын-бала, үй-мүліктен түгел қашпай,
Қылмыс, күнә айыбын мұнда шашпай,
Шайтанға еріп жан берерде састым, міне.
Иманыма қол ұрып, қайғы салды,
Пірмұған әзір бол деп апиын шашты.
Шайтан қарғыс мұндан қашып кете барды,
"Бихамдилла"[3] нұрлы иман аштым, міне.
Пірмұған қызметінде зыр жүгірдім,
Жұмыс қылып көзімді ілмей әзер тұрдым.
Медет қылды: әзәзілді қуалап ұрдым,
Одан кейін қанат қағып ұштым, міне.
Пақыр мен жетім болсын шат-шадыман,
Мойныңда тұзақ, ғазиз жаның болсын құрбан.
Туыс тапсаң, жан тәніңмен қылғын мейман,
Хақтан естіп бұл сөздерді айттым, міне.
Ғаріп, пақыр, жетімдерді әркім сұрар,
Разы болар ол пендеден Пәруардігәр[4].
Ей, бейхабар, сені ол себепсіз-ақ өзі асырар,
Хақ Мұстафа уағызымен айттым, міне.
Жеті жаста Арыстан бабқа қылдым салам,
Мұстафаның аманатын бер деп маған.
Сол мезетте мың бір зікір еттім тамам,
Нәпсім тыйып Аллаға бет бұрдым, міне.
Құрма беріп, басым сипап, назар салды,
Сол сәтте ол дүниеге сапар салды.
Қоштасып бұл әлеммен кете барды,
Мектеп көріп, қайнап толып тастым, міне.
"Инна фатахнаны"[5] оқып мағына білдім,
Нұрын төкті: естен танып дидар көрдім.
Молдам ұрып, - тыныш, - деді көз жазбадым,
Басым қатып, мең-зең болып тұрдым, міне.
Ей, надан, мағына осы деп айтты, білдім,
Одан кейін шөлдер кезіп қияқ жедім.
Қуат берді, әзәзілді ұстап міндім,
Салмақ салып, белін басып, жаныштым, міне.
Зікір салып мүсәпір-дуана болдым,
Хақтан өзге бір сөз де сөйлемес болдым,
От іздеген көбелектей шәкірт болдым,
Шоқ болып күйіп-жанып ұштым, міне.
Жалған атақтан арылып сәби болдым,
Алла атын айта-айта ашық болдым.
Аллаға бар жаныммен адал болдым,
"Фанафи Алла"[6] мақамына салдым, міне.
Сүндет емес кәпір болса, берме азар,
Көңілі қатты, діл азардан Құдай безер.
Ондай құлға Алланың азабы даяр,
Даналардан бұл сөзді естіп айттым, міне.
Сүндеттерін бекем ұстап үмбет болдым,
Жер астына жалғыз кіріп нұрға толдым.
Сопылардың мақамына жақын болдым,
Нәпсіні көңіл найзасымен шаныштым, міне.
Нәпсім мені жолдан бұрып қор етеді,
Телміртіп халайыққа зар етеді.
Зікір салдырмай шайтанға "жар" етеді,
Әзірмін деп нәпсі басын жаныштым, міне.
Құл Қожа Ахмет, надандықпен өмірін өтті,
Қасіретпен тізе, көзден қуат кетті.
Қайғы менен өкініштің уақты өтті,
Амалым жоқ, керуен болып көштім, міне.
2 - Хикмет
Иә, достар, құлағың сал осы кепке,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Меғражда хақ Мұстафа рухымды көрді,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Хақ Мұстафа Жебірейілге қылды сауал,
Бұл неткен рух тәнге кірмей тапқан жамал?
Көзі жас, халыққа бас, жаны адал,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Жебірейіл айтты: үмбет ісі сізге бір хақ,
Көкке шығып періштеден алар сабақ.
Жылаушыға сыйға берер жеті табақ,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Перзентім деп хақ Мұстафа қылды кәләм,
Одан соңыра барша аруақ берді сәлем.
Рахметіне дария толып жетті хабар,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Төрт жүз жылдан кейін шығып үмбет болғай,
Неше жылдар жүріп халыққа жол көрсеткей.
Он төрт мың мүжтаһиттер[7] қызмет қылғай,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Рахымменен пида болды, хабар жетті,
"Зікір айт", - деді, жан дүнием балқып кетті.
"Перзентім", - деп, хақ Мұстафа үлес берді,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Тоғыз ай, тоғыз күнде жерге түстім,
Тоғыз сағат тұра алмадым, көкке ұштым.
Ғаршы-күрсі[8] баспалдағын барып құштым,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Ғарыш үстінде намаз оқып, тізе бүктім,
Разы болып хаққа қарап жасым төктім.
Жалған ғашық, сопы көрдім оны сөктім,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Жаннан кешпей "үһ-үһ"[9] деген бәрі жалған,
Жалталақтардан сөз сұрама жолда қалған.
Хақты тапқан: өзі бостан, сөзі шаттан,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Бір жасымда аруақ маған үлес берді,
Екі жаста пайғамбарлар келіп көрді.
Үш жасымда шілтен келіп, халім білді,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Төрт жасымда хақ Мұстафа берді құрма,
Жол көрсеттім, адасқанды салдым жолға.
Қайда барсам, Қызыр бабам бірге, жолда,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Бес жасымда шариғатқа белім будым,
Дін жолында ораза ұстап әдет қылдым.
Күндіз-түні зікір айтып, тәубә қылдым,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Алты жаста тұра қаштым халайықтан,
Көкке шығып, дәріс үйрендім мәләйіктан[10].
Киім киіп, ынтық болдым шын көңілден,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Жеті жаста Арыстан Бабам іздеп тапты,
Әр сырымды көрген сайы бүркеп жапты.
"Бихамдиллаһи көрдім", - деп, ізімді өпті.
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Әзірейіл кеп, Арыстан Бабам жанын алды,
Хорлар келіп, торғын тоннан кебін қылды.
Жетпіс мың періштелер жиылып келді,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Жаназасын оқып, жерден алып, көтерді,
Бір мезетте ұжмақ ішіне жеткізді.
Рухын алып, аспанға ұшып жөнелді,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Алла-Алла жер астынан мекен қылды,
Мүңкір-Нәңкір "Раббың кім?" – деп сұрақ қылды.
Арыстан Бабам Ислам дінін баян қылды,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Ақылың болса, жарандарға қызмет қылғыл,
Әмір Мағруф[11] тұтқындарға ізет қылғыл.
Нәһи мүнкәр[12] ұстағанға құрмет қылғыл,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Сегізімде сегіз жақтан жол ашылды,
"Хикмет айт", - деп басыма нұр шашылды.
Бихамдиллаһи Пірмұған шарап ішкізді,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Пірмұған хақ Мұстафа шәксіз білгін,
Қайда барсаң сипатын айтып тағзым қылғын.
Жалбарынып Мұстафаға үмбет болғын,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Тоғызымда толғанбадым тура жолға,
Тәбәрік деп алып жүрді қолдан қолға.
Қуанбадым бұл сөздерге, шөлге қаштым,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Он жасыңда ұлан болдың, Құл Қожа Ахмет,
Қожалыққа негіз қойып, қылмай тағат.
Қожамын деп жолда қалсаң, міне қасірет,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
3 - Хикмет
Әр таңда хабар келді құлағыма,
Зікір айт деді, зікірді айтып жүрдім, міне.
Құдайсыздарды көріп едім жолда қалды,
Сол себептен ғашық дүкенін құрдым, міне.
Он бірімде рахмет дариясы толып тасты,
"Алла!", - дедім: шайтан менен жырақ қашты.
Әуестік кетіп, менмендік жылжып көшті,
Он екімде бұл сырларды көрдім, міне.
Он үшімде құштарлықты қолға алдым,
Басыма жүз мың пәле қармап салдым.
Тәкәббарды жерге ұрып басып алдым,
Он төртімде топырақ сипат болдым, міне.
Он бесімде хор қызы мен жігіттері келді,
Бас ұрып, қол қусырып, тағзым қылды.
Фардус атты жаннаттан хабар келді,
Дидар үшін баршасын қойдым, міне.
Он алтымда барлық аруақ үлем берді,
Айхай, сізге мүбәрак деп Адам келді.
Перзентім деп мойным құшып, көңілім тапты,
Он жетімде Түркістанда тұрдым, міне.
Он сегізде шілтенменен шарап іштім,
Зікір айтып, әзір боп көкейім тесті.
Несібе берді, жаннат кіріп хорлар құштым,
Хақ Мұстафа дидарын көрдім, міне.
Он тоғызда жетпіс мақам айқын болды,
Зікір айтып іш сарайым таза болды.
Қайда барсам Қызыр Бабам әзір болды,
Рахым етіп шарап берді, тойдым, міне.
Жиырмаға жасым жетті, еттім мақам,
Құдайға шүкір, қызметін қылдым тамам.
Ұшқан құс, құрт-құмырсқа етті сәлем,
Сол себептен хаққа жақын болдым, міне.
Мұсылман емес хикмет айтып жыламаса,
Жарандардың айтқан сөзін тыңдамаса.
Аят, хадис мазмұнын аңдамаса,
Кереметті ғарыш үстінде көрдім, міне.
Кереметті көріп Хақпен тілдестім мен,
Жүз мың түрлі періштемен жүздестім мен.
Сол себепті хақты айтып іздедім мен,
Жан-тәнімді оған пида еттім, міне.
Құл Қожа Ахмет, жасың жетті жиырма бірге,
Не қылғайсың күнәларың таудан да ауыр.
Қиямет күн азап берсе Раббым Қадір,
Ей, достарым, не деп жауап айтам, міне.
4 - Хикмет
Хош, ғайыптан хабар келді құлағыма,
Сол себептен Хаққа сиынып келдім, міне.
Барша әулие жиылып ырзық берді,
Сол себептен Хаққа сиынып келдім, міне.
Мен жиырма екі жаста толысып жігіт болдым,
Шипа болып, шын дертке дауа болдым.
Жалған ғашық, шын ғашыққа куә болдым,
Сол себептен Хаққа сиынып келдім, міне.
Ей, достар, жасым жетті жиырма үшке,
Тағатым жоқ, жалған іс пен даукестікке.
Қиямет күн жалаңашпын, көзім соқыр,
Сол себептен Хаққа сиынып келдім, міне.
Мен жиырма төрике кірдім Хақтан жырақ,
Ақыретке барар болсам, қане жарақ?
Өлгенімде жиылып ұр жүз мың таяқ,
Сол себептен Хаққа сиынып келдім, міне.
Жаназамның артынан тас атыңдар,
Аяғымнан сүйрелеп көрге атыңдар.
Хаққа құлдық қылмадың деп тепкілеңдер,
Сол себептен Хаққа сиынып келдім, міне.
Жазуменен жасым жетті жиырма бес,
Сұбхан ием, зікіріменен көкейім тес.
Көкірегімдегі түйіндерді сен өзің шеш,
Сол себептен Хаққа сиынып келдім, міне.
Жиырма алты жасымда “сауда” қылдым,
Мансұр сипат дидар үшін талас қылдым.
Пірсіз жүріп дерт пен шерді пайда қылдым,
Сол себептен Хаққа сиынып келдім, міне.
Жиырма жеті жаста пірді таптым,
Әр сыр көрдім, перделеп бүркеп жаттым.
Астанасын жастанып, ізін өптім,
Сол себептен Хаққа сиынып келдім, міне.
Мен жиырма сегіз жасымда ғашық болдым,
Жаннан кешіп, мехнат тартып, садық болдым.
Одан кейін дидарыңа лайық болдым,
Сол себептен Хаққа сиынып келдім, міне.
Жиырма тоғыз жасқа кірдім, халім харап,
Ғашық жолында бола алмадым мысал топырақ.
Халім – харап, бауыр – кәуап, көз бұлдырап,
Сол себептен Хаққа сиынып келдім, міне.
Отыз жаста отқа қақтап күйдірді,
Күллі әулие жиылып, дүниеқорлықты қойдырды.
Ұрып-сөгіп дүние қызығынан бездірді,
Сол себептен Хаққа сиынып келдім, міне.
Құл Қожа Ахмет, дүние қусаң, ісің бітер,
Көкіректен шыққан даусың көкке жетер.
Жан кетерде Хақ Мұстафа қолын берер,
Сол себептен Хаққа сиынып келдім, міне.
2-тапсырма. ТТБ (Тану, Талдау, Бөлу) – белгілі бір тұжырымдаманы неғұрлым кішірек бөліктерге бөліп жіктеңіз.
ізгілік
кішіпейілдік мейірімділік
жанашырлық
4-тапсырма.
Маңыздылық пирамидасы
«Даналық кітабы» ақынды ізгілік дәнін себуші тұлға ретінде танытады.
Ақынның жастарды адам баласының мінезі мен бойында кездесетін кемшіліктерден аулақ болуға үндейтініне көз жеткізеді.
Топта берілген пікірді басшылыққа алып, Йасауи хикметтерінің маңызын түсіндіріңіз.
1.Хикметтер кім үшін маңызды? Сұрақты талқылайды.
Өзің үшін..........................
Жастар үшін....................
Адамзат үшін..................
2. Өздерінің пікірлерін парақтарға жазып, пирамида құруға ұсынады.
3. Оқушылар берілген сұраққа ең маңызды жауапты дайындайды.
4. Топ өздерінің шешімдерін айтады. Басқа топпен салыстырады, өзгертулер енгізеді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?