Ядролық және мұнай өндірістері. Қазақ тілі, 11 сынып, қосымша материал. 1 сабақ. 2 нұсқа.
Атом жарылысынан тірі қалған жапон қария 1945 жылғы зұлматты есіне алды
29 тамыз – БҰҰ-ның ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күні. 1945 жылдың 6, 9 тамыз күндері Жапонияның Хирошима мен Нагасаки қалаларына атом бомбасы тасталды. Кеңестер Одағындағы алғашқы ядролық қаруды сынау да 1949 жылдың 29 тамызында өтті. 1991 жылы дәл осы күні Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен Семей полигоны жабылған болатын. Осы орайда біз Нагасакидегі зұлматты көзбен көріп, басынан өткерген, жасы тоқсанға таяған қарт ұстаз Шйоухэй Цуики санмен әңгімелескен едік.
Келоид күйіктерінен тартқан азабымды да, тозақ отын да ешқашан ұмыта алмаспын
Шйоухэй сан, сонау 1945 жылғы дүниені дүр сілкіндірген қасіретті оқиғаны еске алу, әрине, оңай емес. Өзіңіз бейбітшілікті насихаттау мақсатында әлемнің он мемлекетінде жастармен кездесулер өткізген екенсіз. Нагасакидегі Атом бомбасы мұражайы мен Хирошимадағы Мемориалды бейбітшілік мұражайына барғанда бүкіл фотосуреттер мен дәйекті деректерді көріп, зобалаңды көзімен көргендердің естеліктерімен танысқанбыз. Десек те, бүгін сол оқиға туралы өз аузыңыздан оқырмандарға әңгімелеп берсеңіз.
– Мен ол кезде он сегіз жасар бозбала едім. Нагасакидің педагогикалық училищесінде оқып жүргенмін. Училищенің 2-курс студенттерін аяқ астынан Акасакода (жарылыстан 1,8 км жердегі кент) орналасқан Мицубиши әскери зауытына жұмысқа алып кетті. 1945 жылдың 1 тамызында қаланың оңтүстік батысына тасталған бомбаның бірі Мицубиши зауытына бағытталыпты. Мен сол бомба жарықшақтарының зардабын тартып, зұлматты түгел басымнан өткізген адаммын. Және де сол жарылыс кезінде тірі қалған жүз адамның бірі де мен едім. Келоид күйіктерінен тартқан азабымды да, бастан көрген тозақ отын да ешқашан ұмыта алмаспын.
Екінші дүниежүзілік соғыс нәтижесінде Жапония (Нагасаки, Нара сияқты бірен-саран шаһарлары болмаса) түп-түгел өрттен кейінгі алқап тәрізді түрге енген болатын. Сол бүтін Нагасаки шаһары әп-сәтте тып-типыл боп, орнында күл мен өртенген денелер қалады деп алдын-ала ешкім ойламаған еді.
Училищеде дәрістер аса көп болмады. Қатарластарымның дені әскерге шақырылған. Ал қалғандарымыз әскери зауытта жұмыс істеуге міндеттелдік. Зауыттағы жұмыс 12 сағат, не күндіз немесе түнде істейсің. Демалыс, мейрам деген жоқ. Жылдың 365 күні түгел еңбек етуің керек. Біз ауыр жұмыстан қиналмадық. Басқа қалалар сияқты Нагасакиге қашан оқ жаудырар екен деген үрей ғана мазалады. Әрі күнделікті тіршілікке қажет заттар мен азық-түлік тапшы еді. Біз негізгі ас күрішті баяғыда-ақ ұмытқанбыз, асқабақтың титтей тілімі мен шалқан жапырағының қайнатпасын қанағат тұттық.
Бомба тасталатын аптада мен түні бойы жұмыс істедім. 8 тамыздың кешінде жатақханада өзіме тиесілі асқабақпен жүрек жалғап, зауытқа бардым. Түні бойы жонғыш білікте су асты минасына арналған бұрандалы шегелер жасаймыз. 9 тамыз күні таңертең жатақханаға келдім. Ол уақыта студенттердің барлығы жатақханада тұрады. Ал отбасылары ауылдарға көшірілген.
Маған жарылыс дәл біздің бөлмеде болғандай көрінді
Жаздың бір әдемі мамыражай таңы еді...
Біз апаттың жапон жеріне жақындап қалғанын білмейміз. Әдеттегідей асқабағымызды жеп, ұйқыға жаттық. Студент деген атымыз болмаса, кітап, дәптер, қарындаш деген жоқ. Күн сайын әуе дабылымен оянып, аштық пен ұйқысыздықтан жүдеген біздің жалғыз тілегіміз – ұйқымызды сәл ұзарта түсу.
Күткеніміздей-ақ, ескерту дабылы естілді де, студенттер орнынан тұру керек болды. Жаспыз ғой, төсектен жылдам тұрып, бомбапанаға тығылудың қамын жасаудың орнына көрпемізге орана түсіп, аз да болса ұйықтай түссек дейміз. Мен киініп, білегіме сағатымды тақтым. Содан соң бас киімімді кидім, иыққа асатын сөмке мен аяқ киімімді төсекке жақындатып қойып, қайта жаттым. Бақытыма қарай қалың көрпені бастан-аяқ түгел бүркеніп алған екенмін. Сол көрпе мені бомба сынығы денеме тиіп, басқалар сияқты түп-түгел өртеніп кетуден сақтады ғой. Сәлден соң дабыл тоқтады.
Қанша ұйықтағанымды білмеймін, әйтеуір түс көріп жатқанымда шошып ояндым. Кенет дүние астаң-кестең боп, айнала дүрсілдеген дыбыстарға толып кетті. Мені бір күш лақтырғандай, анадай жерге ұшып түстім. Бірдеңеге соғылғаным есімде. 11 сағат 2 минут болғанда біз жарылыстан солтүстікке қарай 1,8 шақырым жердегі ағаш үйшікте жаттық. Саваяма деген досым екеуміз бір бөлмеде едік. Маған сол жарылыс дәл біздің бөлмеде болғандай көрінді. Бомба тасталған сәтте «бомбапанаға қашуым керек» деп ойладым, бірақ бөлме іші айналаңды бажайлай алмайтындай қап-қараңғы еді. Қасымда жатқан досымның қанға бөккен денесін көргенде шошып кеттім. Артынан білдім, менің де денем жарақаттан сау емес екен. Сол жақ қолтығым өртеніп барады.
Далаға шығатын есікті іздедік. Айнала жым-жырт, төңірек күлімсі иіске тола. Бетім мен оң қолымнан қан тоқтамады. Көзім аққан қаннан удай ашып барады. Сол қолым мен сол аяғым қатты жараланыпты. Алайда, жарақатты қарап, ауырған жеріңді сипайтындай дәрмен жоқ. Көп қан кеткенін білдім де, қайтсем де бомбапанаға жылдам жетіп, қанды тоқтатуды ойладым. Әйтеуір әупірімдеп сыртқа шықтық. Көк түтіннің арасынан қала ағараңдайды. Солтүстігіндегі ғимараттар қирап жатыр. Біз атом қаруы жарылғанын сол сәтте білмедік. Нагасакиге жүздеген бомба тасталды деп ойладық. Көрініс сондай еді. Төңіректе тірі жан жоқ. Біз бар күшімізді жинап, бомбапанаға қарай жүгіріп келеміз. Қирандылардың астында өліктер жатыр. Оған назар салып, ойлануға шама жоқ.
Терісі күлдіреп, көмір сияқты қап-қара боп күйгендер, көзі ағып, мұрны түсіп қалғандар, ерін-құлақтары балқып кеткендер...
Бомбапанаға жеткенде іші жаралыларға толы екенін көрдік. Негізінен әйелдер, қариялар мен бала-шаға. Жігіттерді әскерге алып кеткен. Барлық жараланғандардың денесі шала жанған ағаш тәрізді күйген. Мен сияқты қанға бөккен адамдар аз емес, бірақ барлығы күйік азабына шыдамай ыңырсып, шыңғыруда. Терісі күлдіреп кеткендер, көмір сияқты қап-қара боп күйгендер, көзі ағып, мұрны түсіп қалғандар, ерні мен құлақтары балқып кеткендер... Міне, бомбапана ішіндегі көрініс осындай еді. Тіпті біреулері саған бетін беріп тұр ма, әлде арқасын қаратқан ба, айыру қиын. Өйткені беті күлдіреп, аузы-мұрны жойылған, күйген шашты айтпағанда... Менің де шашым түсіп қалыпты. Тіпті әйел ме, еркек пе, ажырата алмайтындай көрініс. Анадай жерде өлі сәбиін құшақтаған аналар отыр. Расында ақырзаман көрінісі осындай-ақ болар, нағыз тозақ қой мынау!
Сәлден соң өрт басталды. Қирандылар астындағы жаралылар үйінді астынан шыға алмады. Әлгілер шыңғырып, өкіріп, тірідей өртеніп жатты. «Адамзат тарихында бұдан асқан қасірет болар ма?» деп ойладым, сол сәтте жүрегім қайғыдан айырылардай болып.
Біраз уақыт өткенде бізге жақын жердегі бастауыш мектепте медициналық пункт ашылғанын хабарлады. Ол жерге тірі қалғандарымыз өз аяғымызбен баруымыз керек екен. Алғашында жүре алмайтын шығармын деп ойладым. Көмек келер деп түйдім. Бірақ мынандай сұрапыл жағдайда басқа жақтан көмек күту пайдасыз екенін ұқтық та, ілби басып алға жылжыдық.
– Қолыңыздағы фотосуреттер Нагасакиден бе?
– Тек Нагасаки емес, Хирошиманың Мемориалды бейбітшілік мұражайындағы суреттерді де ала келдік. Мына суретте жарылыстан мерт болған, мен шамалас бозбала түсіріліпті. Бүкіл тәні көмірдей қап-қара боп күйіп кеткен. Нагасакидегі атом бомбасы мұражайына барғанда осы суретке қараймын да, сырласамын онымен. Бұл жігіттің орнында мен жатуым да мүмкін еді деп ойлаймын. «Мен де он сегізде едім, сен де он сегізде. Қайран боздақ! Бейбітшіліктің қадірін мынау әлемге жеткізу үшін өмір сүрейін» деп күбірлеймін. Әйтеуір тірі қалып, бүгінге аман жеткеніме шүкіршілік етемін.
Мына бір суретте де қасіретті көрініс бар: атом бомбасы түскен орталықтағы пойыз жапырылып, ішіндегі жолаушылары түп-түгел өртеніп, сүйектері әр жерде шашылып жатыр. Бұл фотоға қараймын да, «жетер жеріне жете алмаған жолаушылардың арасында мен де болып, мынау күнді көре алмауым мүмкін еді-ау!» деп ойлаймын.
Анадай жерде өлі аттар, басқа да өлекселер шашылып жатыр
– Жарылыстан соң тірі қалғандарға қандай көмек көрсетіліп еді?
– Әрине, атом бомбасы тасталғанын білмеген соң жарылыс эпицентрі қайда екенін ажырата алмадық алғашында. Біз эпицентрден 1,8 км жерде едік. Радиусы 1,8 км жерден жарылыс нәтижесінің куәгері болдық. Төңірек түгел өртке оранған. Біз жалын шарпыған жерден алыстау жүрсек те, өзім дәп бір отқа оранатындай сезіндім. Жол-жөнекей бүкіл үй-жайлардан тірі жан қалмай, түгел тып-типыл болыпты. Оңтүстіктен үрейлі дыбыстар естілді. Анадай жерде өлі аттар, басқа да өлекселер шашылып жатыр.
Қираған үйлер бірте-бірте азайып, біз көрші ауылға жеткенде әр жерде жатқан үй жиһаздарының бөлшектерін көрдік. Шөлдедім білем. Тоқтай қалып, құдықтың суын шөлім қанғанша сімірдім. Сол құдық суының дәмін әлгі күнге ұмытпаймын. Бұл ауылда сау қалған үйлер бар екен. Бір кісі бізді үйіне кіргізіп, онигири (домалақталған күріш тағамы) берді. Біз медициналық орталыққа жеткенде қас қарайып қалған еді. Келесі күні эвакуацияланған туысқандарым мені алып кетті. Екі ай төсекте жаттым да, бір жылдан соң аяқ басып жүре алдым. Кейін естігенімдей, медициналық пункте жатқандардың көбісі мерт болыпты. Ол бір Медициналық орталық деген аты болмаса көрпе-жастығы жоқ, төрт қабырғасы ғана бар бір қора болатын. Сол қасіретке толы азапты орталықта қалмай, туыстарым алып кеткеніне де тәубе деймін. Кейін білдік, эпицентрден 1200 метр жердегі мен жұмыс істеген зауыттың да күл-талқаны шығыпты.
Қазір әлемде Нагасакиге тасталған бомбадан жүз есе күшті қару жасалуда
– Сіздің «Адамзат пен ядролық қарудың қатар өмір сүруі мүмкін емес» деген сөзіңізді «Japan times» жариялады. Жапон бұқаралық ақпарат құралдарында сол оқиғаға қатысты өткір пікірлеріңізді жазып жүрсіз. Жалпы, Нагасаки мен Хирошимадағы жарылыстар өзінің тарихи-саяси бағасын алды ма?
– Өз бағасын алды деп айта алмаймын. Жарылыс болған уақытта қалада 200 мың адам тұрған екен. 9 тамызда жергілікті уақыт бойынша 11:02-де күші 21 килотонна болатын бомба тасталғанда жарылыс толқыны күшті жел тәрізді балаларды ұшырып әкеткен. Жарылыс эпицентрінен 1 шақырым қашықтық аумақтағы жан-жануарлар бірден өліп кеткен. 3 шақырым жердегі құрғақ заттар, қағаздарға дейін өртенген. Атом жарылысы Нагасакидің 110 шаршы шақырым аумағын қамтыған. Оның ішінде 22 шаршы шақырымы теңіз аймағы болып табылады. 1945 жылдың соңына дейін Нагасакидегі жарылыс салдарынан 60-80 мың адам көз жұмса, 1960 жылға дейін 140 мың адам мерт болған. 75 мың адам жараланған. Жарылыс нәтижесінде қала аспанында пайда болған қара бұлт – қасірет бұлты, ұзақ уақыт сейілмеді.
Қазір әлемде халқын шыбын сияқты қырып тастаған Нагасакиге тасталған бомбадан жүз есе күшті қару жасалуда. Бұған қарап бейбіт әлемде өмір сүріп жатырмыз дей аламыз ба? Нақты жағдайға баға бере отырып, әр саналы азамат бейбітшілік үшін еңбек етіп, тыныштық үшін күресу керек. «Америка Нагасаки мен Хирошимаға бомба тастауға мәжбүр болып еді» деген еш негізі жоқ жай сөз. Иә, атом бомбасынсыз-ақ, бейбіт халықты қырмай, соғысты аяқтауға болар еді. Американың бұл оқиғаға байланысты ақталу сылтауларында негіз жоқ.
Иә, Нагасаки мен Хирошима қалалары атом жарылысынан кейін экологиялық тұрғыдан да, аббаттандыру жағынан да 20 жылда қалпына келтіріліп, бүгінде сән-салтанаты келіскен әсем шаһарлар санатына енген. Бұған жету үшін, әрине, жапон халқы көп күш жұмсады. Ал жарылыстан қалған жан жарасы жазыла қояды деп айту қиын.
Атом бомбасының зардабынан немере сүйе алмадым
– Нагасаки мен Хирошимадағы жарылыстар туралы естеліктер айту үшін Испания, Түркия, Бельгия, Малаизия, Ресей, т.б. он шақты елде жастармен кездескен екенсіз. Жалпы, өз өміріңіздің естеліктерін немерелеріңізге де айтып отыратын боларсыз?
– Менің екі балам болғанмен немере деген жоқ. Атом бомбасының зардабын көргендердің ұрпақсыз қалуы, көп жағдайда немеренің туылмау жағдайлары өте көп. Мен де сондайдың бірімін. Дегенмен, тоқсанға таясам да әлі тыңмын. Зейнетке шыққанша орта мектепте математика пәнінен сабақ бердім. Жарылыстан зардап шеккендерге Үкімет медициналық көмекті тегін көрсетеді. Жарылыстан жарақат алғандар 7 категорияға бөлінеді. Мен соның 4-ші категориясына жатамын. Қолым мен аяғымда жарақаттың іздері бар. Денсаулығымды жылына екі рет тексертемін. Құзырлы орындар тарапынан басқа да көмек түрлері көрсетіліп тұрады. Жыл сайын осы тамыз айында түрлі мекемелер мені жастармен, балалармен кездесуге шақырады. Ешқайсынан қалмай барып тұрамын. Нагасакидің қақ ортасындағы кезінде жарылыс болған жерде қазір ескерткіш тұр, жанында бақ орналасқан. Сол жерде 9 тамыз күні қала халқымен кездесіп, көрген-білгендерімді айтып беремін.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Шарафат Жылқыбаева «Қамшы» сілтейді
Арқаның әңгімесі Арқаңнан бұлай түйіп жібергенді білген емеспін. Басым қайқайып барып өкшеме тиді білем. Доғадай иіліп қалдым. Егер азды-көпті спортсмен болмасам, не мойным үзіліп кететін еді, не болмаса - белім. Бұдан үш-төрт жыл бұрын өзім де талай баланы түйіп қалған болуым керек. Өз сыбағамды да алатынмын. Ал, мына түйіс оқыс та орасан екен. Машинаға тиелген кранның тұмсығы түйіп жіберді ме екен деп едім. Егер мен емес бір мосқалдау адам болса, әсіресе, не әйел, не бір жас бала болса, мойны үзіліп, басы көшемен домалап бара жатар еді. Мүмкін, бүгін талай бастар домалаған да болу керек... Басым кілт қайқайып шалқалай бергенде түйіп жібергенді көріп қалғым келіп, арт жағымды шолып үлгірдім. Ешкім жоқ. Бұл қас қаққанша дерлік, көз ілеспес сәтте болған оқиға. Бірақ, адам ойы одан шабан емес екен, мен де біраз нәрсені аңғарып калдым. Арт жағым иық тірескен биік тас үйлер еді. Ұшып кеткендей біреуі қалмапты. Орындары қара тақтадай. Үлкен өрттерден, қаланың опар-топарын шығаратын жер сілкіністерінен, қара күйік үй қабырғалары, сорайған тұрба, шаң басқан ағаштар, құлаған үйлердің үйіндісі сияқты апат белгілері қалушы еді ғой, бұл жолы келген апат еш нәрсе қалдырмаған, жалап кетіпті. Айналаң тып-типыл... Әшейінде биік үйлердің тасасынан көріне бермейтін жүндес таулар өркеш-өркеш болып, ап-айқын көзіме шалынды. Таулар орнында екен. Аспаннан қат-қабаттасып қалықтап мен көріп-білмеген жалпақ тақталар құлап келеді. Жүздеген үйлердің төбелері дүр етіп бірден аспанға ұшып, енді жерге қайта құлап келе жатқандай. Әлденелер аспанда әлі қалықтап жүр.Жалпақ тақталардың ара-арасында құлап келе жатқан адам денелері танылады. Олар да үй төбелерімен бірге ұшып келіп, аспанда ажырасып, ауыр-жеңілге бөлініп, бөлек-бөлек құлап келеді. Кейбіреуінің құлашы керіліп кіреске ұқсайды. Енді біразын адамға тән дене белгілерінен таңырлық. Тағы біраз адам аспанға енді көтеріліп барады. Мен бұл апатты доғадай иіліп тұрып көрдім. Басымды көтере беріп көрдім, тұра беріп көрдім, құлай беріп көрдім. Ес пен сезімнің апар-топар кезінде көрдім. Ақты қарадай, қараны ақтай сезінген кезімде көрдім. Қасыма түскен қара тас шоқтай қып-қызыл жанып жатқан кезінде көрдім. Әр жағы қараңғылық, әр жағы меңіреулік... тылсым... Биік тас үйлері иық тірескен кварталдарды мен жаңа ғана көлденең кесіп өткемін. Қаланың тар көшелі, бір қабат үйлі шет жағына жеткенім осы. Жапон қалаларының бір қабат үйлі шет жақтары адам тұруға әрі жайлы, әрі көркем келеді. Бұл бабалардың бабасы мен әжелердің әжесінің қолы тиген үйлер. Мұндай үйлердің ауласындағы әрбір бұршақтай тасты адам қолы ойып орнатқан. Әр үйдің шағын-шағын ауласынан жапон географиясының бір алқабын көргендей боласың. Кішкене-кішкене таулар кішкенелігіне қарамай тауға ұқсайды. Алақандай ғана көлдер көлге ұқсайды... Өзендер, көпірлер. Аласа-аласа шие ағаштары, тырбық қарағайлар, шатыр жапырақты ағаштар. Хризантема гүлдері. Түкті кілемдей көк алаң... Соғыс кезеңі қанша қыспаққа алса да жапон әйелі бұл ауласына шаң жұқтырмай, күтімді ұстайтын. Жапонның музыкасы да, әлемге таныс сурет өнері де өзінің жаратылыс табиғатынан көшіріп алғандай. Сондықтан болу керек, жапон баласы бір бұтаны сындырмайды, жапон көгалдарын адам аяғы таптамайды. Алдыңғы жағымнан жапонның мұңды бір музыкасы естіледі. Абыройсыз соғысты басынан кешірген жапон бұқарасы бұл кезде ылғи мұңды музыканы ойнайтын. Күн ыстық, музыка үні әлдекімнің ауласынан келеді. Мені тап осы секундта арқамнан түйіп жіберді. Бір қабат үйлі кварталдың не болғанын мен аңдай алғаным жоқ. Бұл кезде менің миым асты-үстіне келіп қайнап кеткен... Ояндым ба, есімді жидым ба, қай жерде, қандай күйде есімді жидым, оны мен осы күнге дейін білмеймін. Ораулы, таңулы күйімде жата беріппін. Мен өзімше, бірер күн ессіз болған сияқтанамын. Бірақ, Америка институтының адамдары, әсіресе бір соғыс докторы маған екі ай бойы ұрысып жүріпті.- Не деген қырсық адам, арқасының қалай күйгенін, бомба жарылған эпицентрден қанша жерде күйгенін неге тезірек айтпайды?! Соғыс ғылымы үшін оның қандай маңызы барлығын түсінбей ме екен! Жоқ, ол жақсы түсінеді. Қасақана айтпайды. Намыстанған болады, қорланған болады!.. Елің жеңіліп, тізе бүгіп, бас иген шақта мұныкі қай қорлану екен? Елің бас иді, ақымақ жапон, императорың бас иді, күнің бас иді!.. Бұл кезде менің ойыма қорлану келген жоқ-ты. Кейін келді. Арқа күйігінің уыты бәсеңдей берген кезде келді. Мүмкін, арқа күйігінен қорлану күйігі уыттырақ болған шығар, бірақ, кейін келді. Америка докторы маған бекер ұрсыпты... Бекер ренжіпті. Мен ол кезде неден таңулы жатқанымды да білген емеспін. Айлар бойында ойымда жалғыз-ақ елес жатты. Ол әлгі арқамнан түйіп жібергенде көргендерім. Соның өзі немене? Мен оны да түсіне алған жоқпын. Кейін түсіндім... Есім кіргеннен кейін ақ халат киген доктордан неге жатқанымды сұрадым.- Арқаң Жапонияның географиялық картасындай, - деді ол,- Оң жақ жауырыныңа Хоккайдо аралын салыпты... Ұлы Хонсю түгелімен оң жақ жоныңда... Мықыныңда Симоносеки қылтасы... Санында Кюсю... Құдайға шүкірлік ет. Осының бәрі сол жағыңда болса, оянуың қиын болатын еді. Мен мұны неше айдан кейін сұрадым, оны да білмеймін. Талай күндер әлденені сұрағым келіп, сұрауға тілім келмей жатқаны есімде. Келер бір жолы доктор менің арқамды мақтаңқырай суреттеді:- Арқаң енді айта қалғандай... Бедерлі де бұдырлы... Фудзиама тауы да, Асахи тауы да бар. Тюгоку, Кюсю жоталары да бар. Хиро-сима, Нагасаки қалалары да өз орындарында... Соғыс уақытында шыққан бедерлі карталардың ішінде бұдан әдемісі аз болар...- Доктор, осының бәрі неден болған өзі? Соны түсіндіріңізші! - дедім. Доктордың көзілдірігі жарылып кете жаздады. Шатынап бара жатқандай көрінді. Жапон үлкен көзді ел емес. Ойлы көзді, аз ғана мұңды көзді ел. Маған қалжың айтып жүрген доктордың көзіне едәуір кек қорланған екен, көзілдірігін жарып жібере жаздады.- Танека Урико! - деп, есікке қарай тез бұрылып кетті. - Осы күнге дейін айтпап па едіңіз? Орта жасты әйел Урико-Сан келді:- Айтып көріп едім. Ұғына алмап еді. Ие, ұғына алмағаным рас еді. Екі үлкен қаланың қақ жарты халқы қас қаққанша қырылып қалды, жоқ болып кетті деген кезде миым тағы да қайнап жүре берген. Енді аңдасам одан бері де он күн өткен екен. Доктор аз ғана басын шайқап қасыма келіп отырды да:- Сіз енді еркекке ылайық шыдаммен тыңдаңыз. Біздің екі қалаға американецтер атом бомбасын тастаған,-деп бір тоқтады. - Неге? - Шыдаммен тындаңыз демедім бе? Тәжірибе жасаған көрінеді. Алғашқысы - тәжірибе, екіншісі-тәжірибенің дұрыс екендігін біржола анықтау... Ә? Ол туралы екі түрлі жорамал бар. Жапония жеңіліп тізе бүксе де, оның ар жағында біржола бұқтырып тастау болса керек... Одан соң, одақтастарының өзін де ықтырып алу... Соғыс арты қашан да бірдемені бөлісу, соғыс атын әрірек апарып арқандаумен аяқталатын әдеті бар емес пе... Жұрт аузындағы жорамалдар осы. Енді демал. Жат...- Менің шешем бар еді, қарындасым бар еді... Солармен хабарласуға болар ма екен?- Фамилияң кім?.. Қай көшеде тұрушы едіңдер?- "Жазғы таң" кварталында...- Ол квартал қазір жоқ, күнім...- Шешем орталық бақшада қызмет ететін еді...- Орталық бақшаның орны ғана бар, күнім... Ал, енді демал, үн шығарма... Доктор дұрыс айтыпты, үн шығармау керек екен... Қорланған ел аяншақтап, қайғы сарынын қорек етіп отыра берсе, сары ауру болудан басқа не шығады дейсің!.. Содан бері, міне, жиырма жыл өтті. Мен ауруханаға он алты рет жатып шықтым. Арқамды он алты рет жаматтым. Бір елдің бедерлі географиясын арқалап жүре беру ауыр болды. Жапон географиясының бір беті ұлы Мұхит теңізі, бір беті Жапон теңізі ғой. Сол теңіздер сияқты, менің денемде де сау жер қалыпты. Содан тілдіріп алам да жаматам, тілдіріп алам да жаматам... Терісін тіліп алған жерлерде жаңа жаралар пайда болады... Қазір мен ақ қанды адаммын. Қызыл қан азая-азая сарқылып келеді. Жиырма жыл жасау үшін де аз арпалысқаным жоқ. Әлі де алысып көремін... Жасым әлі қырыққа жеткен жоқ. Кейде үйленгім келеді. Қиқы-шойқы, шалажансар бір мүгедек туып жүрсе қайтерміз? Тегінде, доктор дұрыс айтқан болар. Еркекше шыдау керек болатын шығар...
Көздің әңгімесі Айконы мен сонадайдан таныдым. О да мені танып, күтіп тұр. Өзге қыздар машинаға мініп алыпты. Жапон қызында айғай салу әдеті жоқ, Айко мені асықтырып, термос салған торламасын бұлғады. Мен өзім де асығып келе жатқамын. Бүгін біз көршілес бір поселкенің мектебін жөндесіп қайтуға баратынбыз, қарама-қарсы келе жатқан екі трамвай ортақ аялдамасына жақындай бермегенде мен де көшені көлденең кесіп өтіп кететін едім. Трамвайлар өтісіп кеткен соң, өзіміздің мектептің бақшасына қарай тезірек басып кеттім. Мектебіміз сол бақшаның ішінде, трамвай үні естілмейтін жерде болатын. Машинаға мініп қалған қыздар шуласып өлең айта бастады. Айко термос салып алған торлама дорбасын тез-тез бұлғап кетті. Термостың жарқыраған қақпағы күнге шағылысып күміс доңғалақ жасай бастады. Айконың ылғи сөйтетіні бар. Еркелей біледі. Күлдіре біледі. Жабырқай білмейді. Оқиға мені осы арада ұстай қалды. Жапон аспаны жарылып кеткен шығар деп едім. Тегі, ол жарылып кеткен менің құлағым-ау деймін... Аң-таң, аспанға қарадым. Аспан мен қала арасына ақ қардан жасалғандай аппақақ шулан, от пен қарды араластырып жасағандай от шулан бір баған орнап қалыпты. От төгіп тұр, көзің қарай алмас жарық төгіп тұр. Жоғарғы жағы ақ қалпақтанып, бұрқырап қайнап, кеңейіп барады. Төменгі жағы қаланың қай жеріне қадалғанын андай алмадым. Жуандығы дейсіз бе, қалай десем екен?.. Біздің қаланың орта тұсында көрме сарайы болатын. Дөңгелектеу салынған сарай еді. Соның қаңқасы әлі құламай тұр дейді... Бағанның жуандығы маған сол сарайдай сезіледі...Сасқалақтап мектеп жаққа қарадым.- Айко! Айко!. - Өз дауысым өзіме естілген жоқ.Айко да жоқ. Маижна да жоқ, мектеп те жоқ екен. Бәрі де ұшып кеткендей. Қара күйік бір дала елестейді. Мектеп түгіл оның ар жағы да қара күйік дала. Бүкіл дүние қара күйік дала... Бақшаның мен жақ шеткі ағаштары кесе көлденең жапырылып, жер бауырлап, бүксие берді. Әріректегі ағаштар жоқ. Жапырылған ағаштардан ыстық леп келеді. Көйлек түймелері денеме шегедей кіріп барады. Дөңгелене бергенім есімде... Ар жағы қараңғылық... Сол қараңғылықта мен жиырма жыл отырмын. Жаңағы көрдім дегендерім әдеттегі түсініктердің баламасы. Оның бір де бірін көзбен көруге болмайды. Көңіліңмен көресің... Менің от, жарық, ақ қар, ақ шулан, от шулан дегендерімнің бәрі де үстірт баламалар... Ол әлі аты жоқ бәле, ол әлі теңеуі жоқ бәле. Өзгесі былай тұрсын, қырғын дегендердің өзі соған баламаға жарай алар ма екен!.. Тас балқып, темір еріп деген сөздер қай елде де болу керек. Ал тас пен темір қас қаққанша күйіп, күл болып кеткенін неменеге теңейміз? Үлкен бір қала көзіңді ашып-жұмғанша күл болып аспанға ұшып кеткенін неменеге теңейміз? Ие, енді ол менің жұмысым емес. Мен жиырма жыл қараңғыда отырмын. Қала өңделіп, қалпына келді деседі. Бұрынғысынан көркем де бай деседі. Мендегі арман қалпына келген қаланы бір көру болар еді. Бір-ақ рет! Содан соң көзімді біржола жұмып алар едім!.. Жұмып алып қараңғылығыма қайта көшер едім. Осы арманымнан мен әлі үміт үзгім келмейді. Үзе алмасам керек... Ауруханада алғаш есім жиналғаннан кейін доктордан сұрағаным да осы, көзімнің жайы болатын.- Жеңешежан, шыныңызды айтыңызшы, көзім не жайда? - дегемін.- Қарағым-ау, оның несін сұрайсың... Көзің жайнап тұр! - деді мүдірместен.- Соқыр болып қалған жоқпын ба, әйтеуір?- Жоқ, жоқ!.. Көрмей қалғаның рас. Ұзамай көретін боласың...- Бет-аузым не жайда?- О, бет-аузында елеулі еш нәрсе де жоқ. Ақ мрамордай бұрынғы қалпында...- Шашым ше?..- Шашыңды алдырып тастауға тура келді. Оп-оңай өсіп кететін шашты қойшы, тәңірі... Екі қол, екі аяғым қайда? Бар ма, жоқ па, оны мен білмеймін, сезінбеймін. Алдымен екі көзімді, бет-аузымды сұрастырып жатырмын. Көздерімді сипап көргім келеді. Екі қолым таңулы сияқты. Мүмкін, кесіліп те қалған болар, Аяқтарым да сондай. Қалайда екі көзден үміт үзе алмаймын. Көздерім қалпына келсе, бет-ауызды оңай-ақ ажарлап аламын ғой. Ажарланбайтын не болды дейсің. Ақ мрамордай калпында демеді ме? Мрамор емес, ақ құба болатынмын. Жапон қызының көбі ақ құба ғой. Айко маған көзіңе қызығамын деуші еді: - Көзіңнің қарасы мөп-мөлдір, ағы көгілдір жарқырап тұрады. Кірпіктерің қою, ұш жағы азырақ қайқайып тұрады... - дейтін. Жиырма жыл бойы менің бөлмеме кірген бір адам мені мына қыз соқыр ма деген жоқ. Соның бәріне кім үйретіп қойды дейсің. Сондықтан мен бетімді ашық ұстаймын. Дауыс шыққан жаққа ығыспай қараймын. Амандасам, езу тартам... Сіздерге де соны істеп отырмын. Егер менің көздерім ағып кеткендей, қабақтарым инемен тігіп тастағандай желімденіп тұрса, сіздер де шошынып кетпес пе едіңіздер? Оның үстіне бет-аузым ілбісін тырнағандай білем-білем болса, қасыма келер ме едіңіздер!..- Жоқ, жоқ, көздеріңіз жарқырап тұр. Жат елдің адамы ретінде айтқан сыпайылығымыз емес, мөлдір қара көзіңіздің қалай көрмейтініне таң қалғандаймыз. Жат елдің адамы ретінде іркілуді лайық көреміз, әйтпесе, осы бөлменің жарығында сіздің көзіңіздің едәуір еншісі бар дер едік... Мен қазір отыз беске шықтым. Жарық дүние мен тіршіліктен айрылған күні он бесте болатынмын. Өзім араласпаған соңғы жиырма жылды өмірге де санағым келмейді. Баяғы он бесімде жатырмын. Көзден үміт үзбейтінім де сондықтан. Осы үміт мені қартайтпай келеді. Көзім жазылған күні мектебіме барам. Баяғы жапырылып қалған ағаштар басын көтеріп, қайтадан әдемі бақша болып кетті деседі. Бұрынғы екі қабат мектептің орнына бес қабат мектеп салыныпты. Фотограф келіп суретімді түсіріп әкеткен. Оны үлкен залға іліп қойыпты. Мектепті бітіруге бір-ақ жылым қалып еді. Ең алдымен соны бітіріп алсам деймін. Токио университетінің бірінде жас балалар тамағының факультеті ашылыпты. Соған түскім келеді. Мен бір көріп қалған қара күйік дүние қайтадан көгеріп, қала қайғысын ұмытқан деседі. Қайғылы қала, қара жамылған қала жақсы емес, әрине, ұмытқаны жөн. Бірақ, адамдар бекер ұмытады. Көзім жазылса, сол күнгі көргенімді жазу арманы да бар... Мен оны көзімді беріп көрдім ғой! Көңілімде бәрі сайрап тұр. Алғашқы жылдары көңілім күнде үстемелеп, анықтай түсуші еді, соңғы жылдарда кей бірдемелер күңгірттене бастады. Көзім тез жазылмаса, біраз нәрселер ұмытылуы да мүмкін... Менде айғайлап айтар дауыс жоқ. Ақырын тізбектеп қағазға түсірсем бе деп едім... Хиросима төбесінде атом бомбасы жарылғаннан кейін дүние шулап қарсылық білдіріпті. Ол кезде мен әл үстінде едім. Қарсылық қатал болды ма, қорқу, ықтау араласты ма, мен оны білмеймін. Сіздің елдер қайтты? Ә, солай болған шығар. Біздің қаланың қақ жарты халқы екі секундта қырылып қалды. Жанып, күл болып кетті. Күл болып кетпегендері қолдан өртелді. Бұл соғыстық қала емес, қатын-қалаш, бала-шаға, кемпір-шалдың бейбіт қаласы болатын. Біреуге істеген зұлымдығы да жоқ, әзірлеп жатқан қауіпі де жоқ, қызығары да жоқ қала еді. Менің балаң ойым әлі жетпейді, біз не жаздық, кімге жаздық? Еркек жоқтықтан көрші поселкенің мектебін жөндесуге кетіп бара жатқан қыздардың жазығы не? Жиырма екі қыз бір сәтте күл болды, тозаңға айналып кетті. Жиырма үшінші мен ғана аман қалдым. Аман қалдым деймін-ау, қай бір амандық... Бұлтсыз күні жаңбыр күткен шерменде. Айко қандай еді! Тар үйшіктерде аш-жалаңаш тұратын төрт-бес кемпірдің сүйеніші болатын. Ерке дауысымен, ақ жарқын мінезімен сүйеніш болып тұрып еді. Айко бір түйір күріш, бір уыс жуа, бір балықтың құйрығынан бір үйге жететін тамақ істей алатын... Сен айтып болғанша, ол істеп үлгіретін еді. Екі қолындағы он саусағы он қолға тұратын. Ол менің көзіме қызықса, мен оның саусақтарына қызығушы едім. Кейде жапа көрген ой жәбіршіге қарғыс айтқысы келеді. Дүние желі олай соғып, бұлай соғып, бір теңбіл шаңды соның ішіп отырған шайыңа апарып түсірсе қандай жақсы болар еді дейді. Ар жағы белгілі, о да сондай мүгедек... Туатын баласы қиқы-шойқы, жарымжан... Баласының баласы тағы сондай... Жоқ, бұл ойды мен өсірген емеспін. Мұндай ой келмеді, келмейді десем, сенбеңіздер. Талай келді, булықтыра келді. Біраз жылдар бұқтырып қойып жүрдім, осы кезде түгел өшіріліп кетті. Қай елде де "бұл жамандықты жауыма да тілемеймін" дейтін сөз болу керек. Ол бізде де бар. Ел жапон қонақжай, мейірімді халық. Мен ол бәлені ешкімге де тілемеймін. Әсіресе, тоқсан қабат, жүз қабат үйлердің мұндай апатқа ұшырауын тілемеймін. Сол үйлердегі кұмырсқа илеуіндей ығы-жығы тұратын адамдардың үйіліп, өртеніп жатқанын тілемеймін. Дүние желі ерсілі-қарсылы соққанда өңкей бір таңбалы шаңдарды, теңбіл шаңдарды бұрқыратып жүруін тілемеймін. Сондайды жоқ ететін күштердің өсуін тілеймін. Көп адамдармен жолыға берген соң, кеп қайталап айта берген соң, мүмкін, менің сөздерім өзімдікі емес - үйретінді, өзімдікі болса - жаттанды көрінер. Оған істер амалым жоқ. Менің тіршілігім үмітімде. Үмітім өз қолымда емес. Басқалардың үміті неде, оны өздері айтар...Ай, көзім жазылса екен, көзім!..
Тастың әңгімесі Мен қара мрамор, қара таспын. Адам қолынан өткен соң айнадаймын. Алдымдағының бәрін көремін, түгел көремін. Адам күнге қарай алмайды. Мен қарай аламын. Адам қызыға қарайды, қуана қарайды, қорқа қарайды. Мұның бірі де дұрыс көру емес. Менде ондайдың бірі де жоқ, мен анық көремін. Мен түнде ғана көре алмаймын. Мен қара мрамор, қара таспын. Көргенімді ғана айта аламын. Мен адамның қуанышын да сезінбеймін, қайғысын да сезінбеймін. Менде көргенімнен бұзылар көңіл де жоқ. Мен қалай көрсем, солай ғана айта аламын. Менің куәлігімнен адам өзі қандай қорытынды жасар, оны адамның өзі білсін. Ол мейрам күні емес-ті. Бұл кезде бұл елде мейрамға ұқсар еш нәрсе жоқ-ты. Соғыс салмағынан жаншылып, жеңіліс азасын енді ғана сезіне бастаған ел езу тартуға ұялатын. Менің алдымнан ылғи жабырқау адамдар өтіп жатты. Көпшілігі балғын жастар, оқушылар, әйелдер мен кәрілер. Жемірілген өкшелер, жырым-жырым шалбар балақтары өтіп жатты. Қабақтары түюлі, үсті-бастарына қара май, көгалжім, сарғылт бояулар жұққан, шалбар тізелері бұлтиып кеткен жұмыскерлер мана, күн шықпай өткен. Соғыстан бұрын қыздар менің тұсымнан өткенде көздері бір жарқ етіп қалушы еді, қазір ол да жоқ. Балалар мойны жіңішкерген, әйелдер еңсесі түсіңкі, барлық адам кішірейіп, шөгіп кеткен. Бірен-сараңдаған соғыс машиналары үн шығармай, ұрланып қана кетіп барады. Бұған дейінгі кеудем соқ, әңгі жүрістің уақыты өтіп кеткендей. Аспан бұлтсыз, күн шаңқан ыстық еді. Қаланың орталығын түгел орап алған орманды таулар ыстықтан балбырап, мүлгіп тұр. Менің бетіме жібек көйлектің желпігеніндей де леп келмейді. Көше бойындағы ағаш жапырақтары әлдеқандай дыбысқа тоса қойған құлаққа ұқсап тынып қалыпты. Қала төбесінен жарты километр биікте әлдене бұрқ етті де от - жолақ, аппақ бағана орнай қалды: жоғарғы жағы бұрқырап қайнап, бұйраланған ақ қалпақ түбі қаланың дәл орталығына қадалыпты. Жан-жаққа мен көріп-білмеген от тасқыны, жарық тасқыны гу ете түсті. Қала отқа түскен қағаздай бүрісіп бір қалды да жоқ болды. Темір жанып күлге айналды. От пен жарық сұрапылы көзіңді ашып-жұмғанша қаланы тозаңға айналдырды да үлкен бір өңеш барлық шаң-тозаңды суырып-сорып аспанға ұшырып әкетті. Қала орнында кедір-бұдырлы қара күйік қалды. Мен, құлағым болса, аспанның жарылғанын естідім дер едім. Содан саңырау болып қалдым дер едім. Бірақ, мен қара таспын, еш нәрсені естігенім жоқ. Аспаннан жерге найзадай қадалған от тасқыны менің алдыма әкеліп бір топ адамды үйіп тастады. Бәрі де атылып келіп түсті. Бәрі де зеңбірек өңешінен атылғандай пәрмендеп келіп соғылып жатыр. Аяқ-қолдар үзіліп кетіпті. Бастар мылжа-мылжа... Адам басы тасқа келіп соғылмауға керек екен де... Менің бетіме шұбатылған адам ішектері келіп жабысты, адам қаны шашырады. Ішектер жабыса беріп күйіп кетті, қан шашырай беріп күйіп кетті. Ауа отқа айналды. Трамвай аялдамасында ығы-жығы адам. Іші-тысы толған адам, трамвай орнынан қозғала берді де лап етті. Трамвайдың темір қаңқасы бір сәтке ғана көзге ілекті де жоқ болды. Ығы-жығы болып тұрған адамдар да ғайып болды. Адам күйгенін сезінген жоқ, өлгенін сезінген жоқ. Егер жетпіс бес мың адамның күйгенін сезініп, ауырсынып ыңыранғанын естісең не болар едің?! Мыңдаған жас балалардың мөлдіреген қара көздері күйіп жатқанын көрсең не болар едің?! Мыңдаған мектеп қыздарының киімдері лып етіп кетіп, жалаңаш қалған балғын дененің қуырдақтай шыжылдап қуырылып жатқанын көрсең не болар едің?! Әйтеуір мен соны көрген жоқпын. Жылан тілі жылт еткендей ғана уақыт өтті, қала жоқ болды. Ілезде қала орны кедір-бұдыр қара күйік дала болып жапырақтары жұлқына бұйраланып алай-түлей болды да, күзді күні топталған қара торғай сияқтанып бұрқ етіп ұшып кетті. Тау бөктерінде мыңдаған піл өліктері жатқандай. Қаланы өртеп, шаң-тозаңға айналдырып, ұшырып әкеткен бәлені тұра қуғандай жел аңырап кетті. Жолында жеңіл үйлер кездессе бұ да жұлып әкететін. Құйындатып, ұйытқып соғады. Қаланы талай кезген жел, қала бақшаларын талай иіскеген жел бүгін қара күйікті иіскелеп жүр. Қара күйік тым үлкен, бүкіл бір елдің басына қара жамылуға жететін. Қара күйіктің алау-жалауы басыла бергенде тіршілік қозғалысы белгі берді. Алдымен аң-таң алақтаған балалар көрінді. Аң-таң болмасқа амал жоқ. Бала түгіл үлкеннің ойына мұндай апат барлығы келген емес. Бұл дүниеге бірінші рет келген апат. Адам жасаған, адамның өзін қыру үшін жасаған апат. Балалардан кейін қара күйіктің маңайына әйелдер, шалдар келді. Айнала қаранады, қаланы іздейді. Таба алмай жүр. Таныс дүниесін тани алмай қалыпты. Таба алмассың да, тани алмассың. Адам, сен оны іздеме, қара түнек қайдан қопарылып кетті, соны ізде! Зұлымдық ордасын өрте! Қара күйіктің қақ ортасында бір-ақ үйдің қаңқасы көрінеді. Айналасы тып-типыл. Бұл бес қабат, төбесі киіз үй сияқты көк күмбез, дөңгеленіп бітетін үй болатын. Өзі де дөңгеленіп салынған үй. От найзалар тура қадалмады ма, әлде дөңгелене салынған үйге соғылған от топаны екі жағынан сусып кетті ме, әйтеуір сол үйдің қаңқасы аман қалған. Қара күйікте қыбыр-қыбыр тіршілік басталды. Быт-шыт болған, қуырылып қалған адам денелерін өртеп жүр. Адам өртенген ұясының орнын тазалап жүр. Біреудің қолын, біреудің басын, енді біреудің әлденеменесін тауып алып, шөмелелеп, үйіп өртейді. Менде естір құлақ болса, ең ауыр азап осы болды дер едім. Ұзамай менің қарсы алдыма бірнеше жазулы тақтайлар пайда болды. Апат отының ыстықтығы үш жүз мың градус екен. Апат оғы қадалған жердің айналасы бір километр көлемінде жанды-жансыз түгел жоғалыпты. Одан әріректе апат күші бәсеңсіген. Тас пен темір балқып барып, есін жинаған. Жан иесі бұл маңайда да түгел қырылған. Мен қара мрамор, қара таспын. Айлар өтті, жылдар өтті, мен оны санай алмаймын. Мәңгілік уақытты ғана білемін. Қазір баяғы қала қайта орнына түсті. Бұрынғысынан биік те көркем, көшелері кең. Қара күйіктен із қалған жоқ. Адамдар жабылды, таулар жабылды, сулар жабылды. Бақшалар тірілді. Бұл жөнінде адам еңбегін жыр қылып айтуға болар еді. Бірақ, менің айтайын дегенім ол емес, анау сұрапыл апат жайы. Темір өртенген күн, тас өртенген күн жайы. Ұмытпа демекпін. Сақтан демекпін. Апат топаны қадалған, қаланың қақ ортасында қазір биік тас ескерткіш тұр. Оң қолын жоғары көтеріп, сұқ саусағымен аспанды меңзеген адам мүсіні. Екі көзі жұмулы, енді аспаннан апат келмеуін тілеп отырғандай. Менің айтарым да осы ғана. Ол үшін не шара бар, оны адам тастан сұрамас деймін...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
» Қазақстандағы білім беру деңгейі 10 жыл ішінде қалай өзгерді?