Адам құқығы мен бостандығы. Қазақ тілі, 9 сынып, дидактикалық материал. 9 сабақ.


Дидактикалық материалдар, № 9 сабақ

1-мәтін

Адам құқығы-менің құқығым!

Адам құқығы туралы айтқан кезде,бүгін біз адам мен мемлекеттің арасындағы өзара қатынасын айтамыз.

М.Новицкий.

Біздің елімізде тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап- ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуына қатты көңіл бөлінуде. Соның айқын бір көрінісі – Конституциямыздың бірінші бабында адам құқықтары: «Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп бекітілді.

Қазіргі замандағы адам құқықтары – жалпы адамзаттық мәдениеттің қуатты бөлігі. Ол – аса қымбат, баға жетпес, асыл мұра, оны құрметтеу,сақтау және қорғау-мемлекеттің,жоқ, әрбір азаматтың міндеті деп ойлаймын. Адам құқығын, оны қалай қорғап қалуды білуі керек, әйтпесе құқықтың тиімділігі туралы айтудың мән-мағынасы болмайды. Еліміздегі адам құқығын қорғау өте үлкен жауапкершілікті талап етеді. Соның ішінде, әсіресе, жоғары деңгейде қарастырылатын құқықтың ең маңызды бір түрі – бала құқығы. Ал Елбасынша айтсақ, бала – тәуелсіз Қазақстанның болашағы. Өскелең ұрпақтың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау Қазақстан Республикасының ұлттық саясатының басты бағыттарының бірі болып табылады.

«Адам құқығы» және «Азамат құқығы» деген ұғым бар. Бірақ, ол екеуінің арасында айырмашылықтар бар. Біріншіден, адам құқығы мемлекеттік бекітулерден, қандай да бір мемлекеттік қатынасына қарамай тәуелсіз өмір сүруі. Екіншіден, мәртебесі жоқ, яғни олар адам құқығының иегері болады. Міне, осылар жаңағы екі ұғымның ерекшеліктері болып табылады.

Адам өмір сүруге құқылы, ал ол өз өмірін қиюға қақысы жоқ. Азат өмір сүруге құқылы. Ал заңның ала жібін аттағандар соттың үкімімен қамауға не тағы басқа жазамен жауапқа тартылады. Олай болған күнде де, тұтқындалушының сотқа шағымдануына құқығы бар. Осындай құқықтық заңдар кез келген адамның, қандай болса да, құқығы бар екенін дәлелдейді. Заң алдында барлығымыз тең дәрежеліміз.

2-мәтін

Менің құқығым

«Адам құқығы бала құқығын қорғаудан басталады» дейді. Иә, шынында, бала дүниге келген сәтінен-ақ өзінің құқығына ие болады. Қазақстан Республикасының Конституциясының бірінші бабында «Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы - адам, оның өмірі, құқығы мен бостандығы» деп айтылған.

Мемлекеттік биліктің бастауы - халық. Яғни адам өзінің ойын, пікірін еркін айтуға да құқылы. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың балалардың өмірін жақсартуға бағытталған «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру - мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты Қазақстан халқына Жолдауын балалардың құқықтарының қорғалуына дәлел ретінде айтуға болады.

Әр елде негізгі заңдары, басшы, адам мен азаматтардың өмір сүруін қамтамасыз ету үшін заңдылықтар болуы керек. Қазақ елін ерте заманнан бері хандар басқарып, Тәуке ханның «Жеті жарғысы», Есім ханның «Ескі жолы», Қасым ханның «Қасқа жолы» сияқты заңдар шығарған. Ал қазіргі таңда елімізде талай өзгерістер болып жатыр. Адам құқығына байланысты Конституция бір мың тоғыз жүз тоқсан бесінші жылы отызыншы тамызда референдумда бекітілген болатын. Белгілі заңгер ғалым А.К.Котов былай деп айтқан: «Жалпы социологиялық категория «адам құқығы» мен мемлекеттік құқықтық ұғым «азамат құқығының» байланыста болуы – табиғи жағдай. Олардың арасындағы айырмашылық – адам құқығы мемлекеттік құқықтың мойындауынан тыс бола береді. Олар дүниежүзілік қауымдастықпен гуманистік құндылық ретінде мойындалған. Негізінде, адам құқығын сыйлайтын мемлекет олардың негізгілерін өз Конституцияларында бекітеді, сонымен қатар күнделікті заңнамаларда тәптіштейді». Осы сөзден әрбір « елдің адамы, азаматы өзінің құқығы мен міндетін білу қажет» деген қорытынды шығаруға болады. Кез келген азамат өз елінің құқығын білу қажет. Себебі заңдарды, құқықтарды, міндеттерді білген азамат, мемлекеттік құқықтардың не екенін түсініп, заңдарды орындайды. Бірақ оның барлығын толық білу үшін, тек қана бойында жауапкершілік болғаны абзал. Ата заңның баптарын жүректен өткізетін болса, сол адам өз құқығын дұрыс біліп, қорғай алмақ, қорғана алмақ!

АДАМ ҚҰҚЫҒЫ және АЗАМАТ ҚҰҚЫҒЫ

Біздің қоғам қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді АЙТАЛЫ мырзамен бұл жолғы сұхбатымыз осы «адам құқығы» және «азамат құқығы» деген ұғымдардың аражігін саралай  талдауға негізделді.

– Бұл өзімді көптен толғандырып жүрген мәселе еді. Кейінгі кезде «осы  адам құқығы және азамат құқығы дегеніміз не? Біз үшін бұл құндылық па, әлде құндылық емес пе?» деген сұрақтар төңірегінде ой қорытумен жүрмін, – деп бастады Амангелді Әбдірахманұлы әңгімесін. 

– Сол ойларыңызды біз де тыңдасақ…

– Біз осы уақытқа дейін азамат құқығы мен адам құқығын айқындай алмай, шатастырумен келеміз. Көптеген халықаралық ірі ұйымдардың  тұжырымдамасы бойынша мынандай бір пастулат бар«Кез келген азамат  –  адам. Ал, кез келген адамның бәрі бірдей азамат емес».

– Түсінбедік…

– Оның мәнісі мынада: мысалы, біздің елде көптеген шетел азаматтары, Қазақстан азаматтығын алып үлгермеген адамдар бар. Міне, осылар Қазақстан азаматтарына берілген  құқықтарды пайдалана алмайды. Бірақ, адам ретіндегі құқықтарын пайдаланады. Сондай-ақ, оралмандар Қазақстанның азаматтығын алғанға дейін олардың мәртебесі басқа болса, азаматтық алғаннан кейін мәртебесі де өзгереді. Елімізде адам құқықтарын пайдаланып, тұрып жатқандардың өмір сүруіне кепілдік беріп, сақтауымыз қажет.  Сондықтан, кез келген  азамат – адам. Біз өз елімізде әрі адам құқығын, әрі азаматтарына берілген  құқықтарды  пайдаланамыз және сол құқықтарымызбен өмір сүруге тиіспіз. Қазақстан азаматтарының құқықтары мен бостандықтары Республика Конституциясынан бастап, көптеген заңдарда жазылған.

 – Амангелді Әбдірахманұлы, сонда әр мемлекеттің азаматы өз елінде адам құқықтарымен қатар, Конституциясында, заңдарында белгіленген құқықтарымен өмір сүретін болса, басқа елге барғанда тек адам құқығын  ғана пайдаланады ма?

– Солай. Азамат құқығына байланысты біз «мынау заңды, мынау заңсыз», адам құқығына байланысты «мынау – адамгершілік, мынау – адамгершілікке жат, қатал» деп жатамыз. Азамат құқығы мен адам құқығын  шатастыру Кеңестер дәуірінде үлкен қателіктерге апарды. Егер қылмыс жасаса, азаматтық құқықты шектеуге болады. Бірақ, оның адамдық құқығын шектеуге болмайды, оның өміріне қиянат жасауға болмайды, оны өлтіруге болмайды, өмірін қиюға болмайды, оның ішкі өміріне араласуға болмайды. Кеңестер дәуірінде мәселенің бұл жағына мән берілмеді. Қазір де кейде адамдық құқық мен азаматтық құқықты пайдалануда кереғарлық көрініс беріп қалады.

– Қандай кереғарлық?

– Адам құқығын бұзуға болмайтындығы туралы жиі айтылғанмен, іс жүзінде басқаша жағдай орын алатыны да бар. Мынадай мысал айтайын: Менің айтқалы отырған мәселем кезінде Парламентте де біраз әңгіме болғанмен, оның нүктесі әлі қойылған жоқ. Қазақстаннан шетелдіктер бала асырап алады. Оның басым көпшілігі – өзінің құқығының қандай екенін әлі білмейтін үш жасқа дейінгі сәбилер. Ал, Гаага конвенциясына жүгінсек, ол бірде-бір елге «жетіміңді шетелдікке асырауға бер» дегенді айтпайды. Керісінше, онда бала өзінің отбасында тәрбиеленуін қамтамасыз ету үшін тиісті шараларды әр мемлекет алдымен өзінде қабылдауы қажеттігі айтылған. Яғни, әр мемлекет алдымен баланы өзінің туған Отанында тәрбиелеуге жағдай жасауы керектігі – конвенцияның негізгі талабы. Өз елінде жағдайдың бәрі жасалып, сарқылғанда ғана басқа елдерге асырауға беруге болады.

«Адам құқығын шектеу, дискриминация бар» деп ашық айтушылар көп болмағанмен, бұқаралық ақпарат құралдарында пікір айтып жататындар бар. Сонда олар жұмыс берушілер жұмысқа қабылдаған кезде «тәжірибесі жоқ» деп жастарды, «егделеніп қалды» деп жасы елуге таяғандарды шеттететінін, сондай-ақ, құқығын жынысына қарай шектеу фактілері кездесетінін айтады. Шын мәнінде, мұндай шектеулердің бәрі адам құқығын бұзу болып табылады.

Тағы мынандай жағдайға назар аудару керек. Қоғамда байлар бар, кедейлер бар. Байлар қаланың ең тәуір жерінде хан сарайындай үйде тұрады. Кедейлердің бірі күркесі де болмай, біреудің бұрышын сағаласа, енді біреулері саяжайларда тұрады. Тұрар күркесі болса, соған шүкіршілік етеді. Бұл әлеуметтік әділетсіздік пе, әлде  заңдылық па? Бұл жерде адам құқығын шектеу бар ма, жоқ па? Бір топтағылар «бұл – адам құқығын  шектеу, бұл – әділетсіздік, теңсіздік» десе, екінші топтағылар «мұнда ешқандай дискриминация жоқ, бұл – нарықтық экономиканың заңдылығы. Баю адамның өзінің  іскерлігіне, біліміне, еңбекқорлығына, қабілетіне байланысты. Мұндай жағдай барлық қоғамда, әр елде бар. Біреудің арқасында, біреудің нанын тартып жеп, бай болып  отырған  жоқ» деп оған дау айтады.

– Бұл пікірталасқа ара би болар ма едіңіз?

– Нарықтық экономиканың заңдылығы қоғамды жіктеуге алып келеді дейтін  болсақ, бұл адам құқығын шектеу емес.

– Қазір мектеп оқушыларын бір үлгідегі киімге көшіру үрдісі тәжірибеге еніп жатыр. Бұған да «әлеуметтік теңсіздікті теңестіру шарасы» деп қараған жөн бе? 

– Бәрімізді бір үлгідегі киіммен киіндіру арқылы әлеуметтік теңсіздік шешілмейді. Бір мұғалім жұмысқа қоғамдық қарапайым көлікпен келеді, екінші бір мұғалім «мерседеспен» келеді. Оқушы да осылай. Бір мұғалім баспанасыз, екінші мұғалім кең сарайда тұрады. Сондықтан, әлеуметтік теңсіздіктің мәні – тереңде. Ал, балаларды бірыңғай мектеп формасымен киіндіру Кеңес заманынан жалғасып келеді. Мен мұны да  дұрыс дей алмаймын. Себебі, қалай болғанда да, біреулері қымбатын кисе, екіншілері арзанқолдысын киеді.

– Сонда адам құқығы мәселесі баршаны бірдей ойландырмай ма?

– Ойландырмайды. Осыған байланысты ана бір жылы астаналықтар арасында жүргізілген бір сауалнаманың қорытындысын айтайын. Ол сауалнама  «қазіргі күні сізді қандай мәселелер алаңдатады?», «қандай құндылықтар сізді ойландырады?» деген сауалдар бойынша  жүргізілген екен. Сонда тұрғындар негізінен алты мәселенің алаңдататынын айтқан. Олар –  бағаның өсуі, шаhар ауасының ластануы, пәтерлердің қымбаттауы, жол сапасының төмендігі, қоғамдық көліктердің жетіспеуі. Осыған қарасақ, адам құқығы, азамат құқығы мәселелерінің көпшілікті  анабір ойландыра қоймайтынын, күнде-лікті   күйбең тіршілікпен өмір сүріп жатқанын көреміз.

Енді зиялы қауым арасында жүргізілген сауалнамаға да тоқталайық.  «Сізді не ойландырады?» деген сұраққа олар жемқорлық қылмысының өсуі, білім мен денсаулық сақтау қызметінің сапасы, моральдық тұрғыдан азғындау мәселелері ойландыратынын айтқан. Байқайсыз ба, бірінші жүргізілген сауалнама қорытындысына қарағанда мұндағы жауаптың мәні басқа. Деңгейі жоғары. Дегенмен, «зиялылардың бәрін бірдей адам құқығы, азамат құқығы мәселесі ойландырады» дегенді тағы айта алмаймыз. Сонымен, заң жүзінде теңдік, адам құқығы туралы айтылғанмен, шын мәнісінде біз күнделікті өмірдің жетегінен шыға алмай қаламыз. Өйткені, азаматтық сана әлі жеткілікті деңгейде емес.

«…Азамат құқығына байланысты біз «мынау заңды, мынау заңсыз», адам құқығына байланысты «мынау – адамгершілік, мынау – адамгершілікке жат, қатал» деп жатамыз. Азамат құқығы мен адам құқығын  шатастыру Кеңестер дәуірінде үлкен қателіктерге апарды. Егер қылмыс жасаса, азаматтық құқықты шектеуге болады. Бірақ, оның адамдық құқығын шектеуге болмайды, оның өміріне қиянат жасауға болмайды, оны өлтіруге болмайды, өмірін қиюға болмайды, оның ішкі өміріне араласуға болмайды…»

Қорыта айтқанда, адам құқығы мәселесі – біздің санамыз-ға әлі терең сіңбеген құндылық. Өйткені, азаматтық қоғамға әлі толық үйрене алмай жатырмыз. Ата Заңымыз бар, онда адам құқығы да, азаматтық құқық та толығымен қорғалатындығы атап көрсетілген. Сол құндылықтарымызды іс жүзінде пайдалануға келгенде тым енжармыз, белсенділігіміз төмен. Десек те, уақыт көші бәрін де үйретеді, бәрі де орнына келеді деп ойлаймын…

Сұхбаттасқан:Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2024 ЖЫЛДЫҢ ДІНИ КҮНДЕР КЕСТЕСІ
» «ЭЙР АСТАНАҒА» «АЙЫРЫП» ТҰРЫП АЙЫППҰЛ САЛЫПТЫ
» ОҚУШЫЛАР ЕНДІ САБАҚ ҮСТІНДЕ ТЕЛЕФОН ҰСТАМАЙДЫ
Пікір жазу