Қазақ халқының жазу мәдениеті . Қазақ тілі, 8 сынып, дидактикалық материал. 4 сабақ.


4 -сабақ

Сабақтың тақырыбы: Қазақ халқының жазу мәдениеті

1-мәтін

Қазақ жазуы

 Қазақ жазуы - қазақ халқының мәдени өмірінде басқа да түркі халықтарымен бірге пайдаланып келген әр түрлі әріп таңбаларынан тұратын дыбыстық жазу жүйесі. Қазақстан жерін жайлаған көне ғұн, сақ тайпалары (б.з.б. 5-4ғ) пайдаланған көне («Есік жазуы») жазуы сол тайпаларға тән мәдениеттің (жазуының да) тарихи мұрагері – қазақ халқының негізін құраушы үйсін, қаңлы, қыпшақ т.б. тайпалардың көне жазуы болып саналады. Көне замандағы қазақ ру – тайпаларының түркі дүниесіне ортақ Орхон – Енесей, Талас ескерткіштеріне негіз болған «руна» жазуы (5 – 12ғ.), көне ұйғыр жазуы, 8 - ғасырдан бастап күні бүгінге дейін қолданылып келе жатқан араб жазуы, (Қытай қазақтары ағарту жүйесінде) бір кездерде (1929 – 40; Қытай 1960-1970) қолданыста болған латын жазуы, кириллица жазуы (1940 жылдан кейін) – осылардың бәрі қазақ жазуының негізі болып табылады. Араб графикасына негізделген қазақ әліпбиін кезінде А.Байтұрсынов реттеп, тіл ерекшеліктеріне сай жетілдіріп, ол 30 – жылдарға дейін «төте жазу» деген атпен қолданылып келді. Бұл жазудың емлесі морфологиялық дәстүрге негізделген. 1940 жылы орыс графикасы негізінде қалыптасқан қазақ әліпбиі мен орфографиялық емлесіне әр кезде (1957,1970), әр түрлі өзгерістер енгізілді. Кириллица негізіндегі жазудың қазақ тіліне тән ерекшеліктердің бәрін дұрыс көрсете алмауына байланысты кейінгі жылдары (1993 жылдан бастап) қазақ ұлттық жазуын латын графикасы негізіне көшіру мәселесі қойылып отыр.

«Қазақ әдебиеті» энциклопедиялық анықтамалық

«Аруана» баспасы Алматы, 2010ж

2- мәтін

 Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2017 жылы 12 сәуірде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» деп айтқан еді.Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» – деп латын әліпбиіне көшудің қажеттілігін атап өтті. Еліміздің латын әліпбиіне көшу ұлтымыз үшін жасалған маңызды қадамдардың бірі. Ұлы Дала елінің тарихына көз жүгіртсек, бірінші тұғыры байлық – жер, екіншісі – тіл, үшіншісі – мемлекет және оның тарихы болуы керектігі айқындалады. Ағартушы-педагог ғалым Ахмет Байтұрсынұлы айтып кеткендей, «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі» деген. Алаш қайраткерлері де латын әліпбиін жазу-сызуда қолданды. Бұл бізге таңсық дүние емес. Латын әліпбиі әлемде кеңінен қолданылады. Латын әліпбиі б.з.б. VII ғасырда Римде грек және этрус әліпбиінің тармағы ретінде пайда болып, б.з. I ғасырда қалыптасқан. Орта ғасырда латын әліпбиі Еуропаға тарады. Африка, Америка және Азия халықтары пайдаланды. Қазіргі латын әліпбиінде 25 әріп бар. Бүгінде әлемнің  80 пайыздан астамы қолданылатын  ғылым мен техниканың   тілі – латын  әліпбиіне негізделген қазақтың жаңа әліпбиінің іске қосылуға  алғашқы адымы жасалды.  Бұл әрине, руханиятымыздағы тарихи оқиға!

Латын әліпбиіне өту – Қазақстандағы рухани тәуелсіздікке  жасалған алғашқы қадам. Әрине,  бұл қадамның  қарқын алуы  Елбасымыздың «Болашаққа бағдар:  Рухани жаңғыру»  бағдарламалық мақаласынан  басталып кеткені белгілі.  Ал  алғаш латын әліпбиіне өту керектігі туралы 2006 жылы Елбасымыз   Қазақстан Халқы Ассамблеясында айтқан болатын.

Латын әліпбиін қабылдауымыздың рухани маңызы да болашағымыз үшін баға жетпес өте зор. Мәжіліс депутаты Сауытбек Әбдірахманов  айтқандай, «Адам да, қоғам да, тіпті заман да қателесуі мүмкін. Бірақ Уақыт қателеспейді. Ал Уақыт өз сөзін айтты» дегендей, латын әліпбиіне өту – Уақыт талабы! Енді біз  Мәжіліс  төрағасы Нұрлан Нығматуллин айтқандай:  «ҚАЗАҚСТАННЫҢ БОЛАШАҒЫН ЖАҢА ӘРІПТЕРМЕН ЖАЗАТЫН БОЛАМЫЗ!»

Қорыта келгенде, латын әліпбиіне көшу ұлтымыздың түркі және жаһандық әлемімен ықпалдасуға, қазақ халқы ертеден қолданған әліпбиімізге қайта оралып, ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына жол ашады демекпін.

3-мәтін

 Қазақтың ұлы ғұламасы Ахмет Байтұрсынұлының халқы үшін істеген игі істерінің ішіндегі ең шоқтығы биік қызметінің бірі – араб жазуына өзгерістер енгізіп, қазақ әліпбиін (алфавит) құрастыруы. Осы арқылы ғалым қазақ халқының тез сауаттанып хат тануына, оқу білімге деген құштарлықтарының оянуына ерекше ықпал етті. Жазу дегеніміз – шын мәнінде, кез келген халықтың рухани деңгейі мен мәдени дамуын көрсететін негізгі құрал. Ғалым осы құралды ұлттық деңгейге көтеру жолында жан аямай еңбек етіп, тер төкті. Себебі сол кезеңге дейін ұзақ ғасырлар бойы қолданыста келе жатқан араб жазуының халықты тез әрі жаппай сауаттандыру жолында үлкен кедергілері мен қиындықтары бар еді. А.Байтұрсынұлы осы кедергілер мен қиындықтарды жоюдың ең басты тәсілі – араб жазуын қазақ тілінің заңдылығына сәйкес реформалау деп білді. Ғұлама осылайша ұзақ ғасырлар бойы өзгеріссіз қолданылып келе жатқан араб графикасын қазақ халқының игілігіне айналдыру идеясын көтеріп, оны іс жүзінде реформалады.А.Байтұрсынұлының 1912 жылы осы «төте жазу жүйесімен» «Оқу құралы» деп аталатын тұңғыш кітабы жарыққа шықты. Бұл қазақ халқының рухани-мәдени өміріндегі үлкен жаңалық болды. Өйткені қазақ балаларына өз ана тілінде хат танып, ана тілінде жазуға жол ашылды. Жалпы Ахмет Байтұрсынұлы күллі қазақ балаларын жазуға үйрету, хат таныту мәселелерін үнемі көтеріп, қазақ халқын сауаттандыру жолында қыруар қызмет атқарды. Ағартушылыққа шақыра отырып, қазақ қоғамын «қараңғылықтан оятуды» сауаттандыру ісінен бастады, ал сауатсыздықты жою үшін әліпби, әріп, жазу, оқу мәселелеріне түбегейлі өзгерістер енгізді. Осылайша қазақ балаларының өз ана тілінде сауаттарын ашып, хат тануына көп күш жұмсаған Ахаң 1912 жылы «Айқап» журналының 4-5 сандарында өзі құрастырған «ұлттық әліпби» жобасын «Жазу тәртібі» деген атпен мақала түрінде жариялап, көпшілік талқысына ұсынады. Ал латын жазуынан орыс жазуына көшу мәселесі «Алаш көсемдерінің», «ұлттың қамын ойлаған ұлы тұлғалардың» көзін біржола құртқаннан кейін, яғни 1937 жылдары қайта көтеріле бастайды. Бұл кезде ұлт болашағы үшін жанын берген азаматтардың барлығының «көзі жойылғандықтан» қарсылық көрсетер зиялы қауымның болмауы себепті, орыс жазуын «халықтың сұрауы бойынша» деген сылтаумен еш қиындықсыз қабылдата салады. Ал ғалымның «Тіл – құрал» атты үш кітаптан тұратын еңбегі қазақ мәдениетінде бұрын болмаған тың дүние болды. Себебі бұл кітап – қазақ тілінің фонетикалық және грамматикалық құрылымын талдап, жүйелеп, танытып берген, қазақ тіліндегі тұңғыш ғылыми еңбектің басы еді. Қазақ халқы үшін осыншама қыруар еңбек еткен ұлы тұлға есімін артында қалған ұрпақтары мәңгілікке ұмытпайтыны хақ.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Қазақстан пойыздарында үй жануарларын тасымалдау ережелері
» Қазақстандықтар шетелге шығуға жылына қанша жұмсайды?
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді
Пікір жазу