Өзге ғаламшарлықтар. Қазақ тілі, 7 сынып, дидактикалық материал. 9 сабақ.


Сұхбаттан үзінді

Ақтөбедегі  облыстық планетарийге арнайы шақыртумен келген жазушы-фантаст Жүніс САХИЕВ жастарға дәріс берген болатын. Ол 1971 жылдан бастап «Кеңістік көшпенділері» деген жалпы айдармен сериялы ғылыми-фантастикалық романдар жазып жүр.

Біз де орайын тауып, жазушы-фантаспен әңгімелестік.

—    Әңгімені ғылыми-фантастика жанрына қысқаша сипаттамаңыздан бастасақ…

—    Бұл жанр өз ішінде фантастика, ғылыми-фантастика, фантастикалық скетч, фантастикалық юмор болып одан әрі бөлінеді. Ғылыми-фантастика жанры қазақ әдебиеті үшін жат емес. Оның кейбір элементтері біздің қазақ ертегілерінде де кездеседі. Мен, әсіресе, «Ер Төстік» ертегісіне көп көңіл бөлемін. Есіңізде ме, ертегінің соңында Ер Төстіктің әке-шешесі, сүйген қызы, бәрі жасарып кетеді. Бақытты өмір сүреді. Бұл — жасты жасарту эликсирінің күші. Қазір ғалымдар жастық эликсирін, яғни, жасартатын сұйықтықты табу үшін ізденіп жатыр. Бәлкім, болашақта жүзеге асар. Ертегінің кейіпкерлері өмірде болмаған, ойдан алынған адамдар. Ал аңыздың, эпостың кейіпкерлері өмірде болған адамдар. Мысалы, Қорқыт атамыз, Қобыланды батырымыз аңыз-эпос кейіпкерлеріне айналғанымен, олар өмірде болған жандар…

—    Жазушылық жолында күрделі жанрды таңдауыңызға не себеп болды?

—    Жастайымнан жұлдызды әлем мен техника саласына қатты қызығып, қыр-сырына үңілдім. Анам Құлханыстан, төрт жасымда дүниеден өткен әкем Сәдуақас пен өзге де зерделі кісілерден естіп, есінде сақтап айтқан, тек айтып қана емес, жазғы шілденің аптапты тәуліктерінде түнде үй ауласындағы сыпа делінетін кең ағаш төсек үстінде жатып, аспандағы жұлдыздарды көрсете айтқан қызықты аңыз-әңгімелері қиялыма қанат бітірді. Сол кезде ұшқыш болуды армандайтынмын. Арманым мені аспанның қыр-сырын білуге құмар қылды. 1960 жылғы мамыр айында мен оқыған Қаныш Сәтбаев атындағы қазақ орта мектебіне ұлы жазушы Мұхтар Әуезов  келіп кетті. Ол кезде мен он жастағы оқушы едім. Содан бастап мен қолыма қалам ұстап, алғашқы ой-армандарымды ақ қағаз бетіне түсіруге талпына бастадым. Жұлдызды аспанды түнде мектептің сыңардүрбісімен (телескоп) бақылай жүріп, Алматыдағы Астрофизика институты мен Мәскеудегі Павел Штернберг атындағы Астрофизика институтының жұлдызшы ғалымдарымен хат алыстым. Сауалдарыма жауап алдым. 1971 жылы «Кеңістік көшпенділерін» жазуды бастаған соң, ана тілімнен тоқырап бара жатқанымды сезініп Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға түстім. Бірақ, әдебиет саласында жүрсем де, жұлдызды әлемді бақылап-зерттеуімді, техникаға деген әуестігімді тоқтатқан емеспін.

—    Шетел жазушыларының ғылыми-фантастикасында халықты үрейлендіретін нәрселер айтылады. Бұған сіздің көзқарасыңыз?

—    Ондай үрейлі оқиғалар, өкінішке қарай, шетел жазушы-фантастарының шығармаларында көбірек кездеседі. Бұл біздің «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны алады» деген мақалға келіп саяды. Расында да жазушының ой-ниеті оның туып-өскен отбасында алған тәрбиесіне байланысты. Адам кішкентай бала кезінен атыс-шабысты, ұрлық-қарлықты, жаман әдеттерді көп көрсе және ол өскенде жазушы болса, оның шығармалары да соған қарай ыңғайланып тұрады. Ал біздің қазақтың тәрбиесі басқаша. Адамды адалдыққа, достыққа тәрбиелейді. Қазақтың жазушы-фантастары ондай қатер, апат жағына көп бара бермейді. Біз көбіне жақсылықты, жарқын болашақты ғылыми негізді шығарма арқылы көрсетуге тырысамыз. Бұл жағына келгенде, оптимиспін.

—    Қазір қандай шығарма жазып жүрсіз?

—    Қазір кезінде «Білім және еңбек» журналына шыққан шағын шығармамды ғылыми-фантастикалық роман етіп кеңейтіп жазудамын. «Тарантас» деп атадым. Мұнда мен қазіргі адамдардың қимыл-қозғалыстан қалып бара жатқандығы, денсаулығына мән беру керектігі туралы әңгіме қозғаймын. Түпкі идеям — қозғалыссыз қалу қаупін ескерту, еңбектену керектігін айту. Шығармада басқа жақтан келген қолдары кішкентай, басы қазандай адам бір ауылға келеді. Ауыл тұрғындары ол келіп кеткеннен кейін бәрін автоматты түрде жасауға тырысады, сиырды да өздері сауғысы келмейді. Барлық жұмысты компьютерге жүктеуге тырысады, жаяу да жүргілері келмейді. Ал ондай жеңіл өмірге қатты өкінген қонақ ауылға қызығады. Ұшып кетерінде қонған жеріне адамдарды техникадан алыстататын толқын қалдырып кетеді. Қысқаша мазмұны — осылай.

Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Freedom bank-те керемет акция! 1000 ₸ кэшбек сыйлайды
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
Пікір жазу