«Жақсы» деген немене? №1. Қазақ тілі (орыс сыныбы), 3 сынып, дидактикалық материал.


МҰҒАЛІМГЕ АРНАЛҒАН НҰСҚАУЛЫҚ

3-сынып "Қазақ тілі"

(Ф.Оразбаева, Ж.Дәулетбекова, Р.Рахметова, Л.Нұрмұханова, "Көкжиек-Горизонт" - 2018) оқулығы негізінде әзірленген.

2-тарау

Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен

Сабақтың тақырыбы: «Жақсы» деген немене?

Сабақтың мақсаты:

    • Тыңдаған материалдың мазмұнын түсіну

3.​1.​1.​1 анық айтылған сөзді тыңдап, түсінгені бойынша қарапайым нұсқауларды орындау

2.3 Түрлі жағдаяттарда қарым-қатынасқа түсу (диалог)

3.​2.​3.​1* белгілі тақырыптағы әңгімеге қатысу және сұхбаттасын түсіну және олардың ойын толықтыру.

5.1 Грамматикалық нормаларды сақтау (лингвистикалық терминдерді қолданбау)

3.​5.​1.​2* өз бетінше шағын мәтіннен көптік/ тәуелдік/септік/жіктік жалғаулы сөздерді ауызша/жазбаша тілде қолдану

Сабаққа қажетті құралдар:

Сабақты жоспарлау кезінде әр сыныптың ерекшеліктерін басшылыққа алуды ұмытпаңыз. Аймақтың ерекшелігіне, тілдік ортаға, сыныптың деңгейіне қарай тапсырмаларды күрделендіруге немесе жеңілдетуге болады. Сыныптағы оқушылардың қажеттіліктерін (аудиал, визуал, кинестетик) ескере отырып, саралау тапсырмаларын беру керек. Әр оқушының қай баспалдақта тұрғанын нақты анықтап алған соң, оның ілгерілеуі үшін не істеу керектігін білген өте маңызды. Қолдауды қажет ететін оқушыларды үнемі қадағалауда ұстап, қолдау көрсетіп отырыңыз. Ал қабылдау деңгейлері жоғары оқушылардың бір орында қалып қоймай, дамуына жағдай жасаңыз.

Сабаққа қажет ресурстарды алдын-ала дайындап, қажетіне қарай бейімдеңіз. Оқушылардың қызығушылықтарын, жас ерекшеліктерін ескеріңіз. Ең басты міндет- мақсатқа жету.

Ертеңгілік шеңбер. «Сиқырлы таяқша».

Балалар бір-біріне «Сиқырлы таяқшаны» бере отырып, өздерінің игілікті тілектерін айтады: Мен бәріңе денсаулық тілеймін! Мен бәріңе қуаныш тілеймін! және т.б.

Бұл тәсіл сабақтың ең басында жылы тілектер айту арқылы біріншіден, жағымды психологиялық ахуал қалыптастыруға, екіншіден, сөздік қорларын молайтуға көмектеседі.

Сабақтың тақырыбы мен мақсаты. Жаңа тарауды бастайтындықтан, суреттер көрсету арқылы тараудың мазмұнына болжау жасатыңыз. Өйткені болжату арқылы баланың сыни ойлау дағдысын да дамыта аласыз. Әр сабақтың басында мұғалім сабақтың тақырыбымен, мақсаттарын оқушыларға түсінікті тілмен жеткізуі керек. Оқушы осы сабақта нені білу керектігін жақсы түсінуі керек. Сабақ барысында қажетіне қарай сабақ мақсаттарын оқушылардың естеріне түсіріп отырыңыз.

Жаңа сөздерді меңгерту. Жаңа сөздерді меңгерту- сабақтың ең маңызды кезеңі. Сөздерді меңгертуде сөздің аудармасын айтпай, суреттерді, мағыналас сөздерді, қарсы мәндес сөздерді, қимыл, ым-шараны қолданыңыз. Сөздердің мағынасын түсінгеннен кейін оқушылардың өздеріне сөз тіркестерін, сөйлемдер құруларына мүмкіндік беріңіз. Оқушылардың ойлануына уақыт беріп, жауап беруге деген талпыныстарын үнемі қолдап отырыңыз. «Жоқ, дұрыс емес!», «Қате!» деген сөздер айтудан аулақ болыңыз. Баланың ынтасын жоғалтып алмау керектігін үнемі есте сақтаңыз. Сондай-ақ жаңа сөздерді оқушы сабақтың барлық кезеңдерінде қолдануына мән беріп отырыңыз. «Сөйлеу қабырғалары» бірнеше сабақ бойы оқушыларға көмек болу үшін, үлкен ақ парақтарға жазып іліп қойыңыз. Оқушылар арасындағы қарым-қатынас, өзгелерге көмек, мейірімділік, ұқыптылық, әдептілік, еңбекқорлық туралы өлең мен әңгімелердің жақсы топтамасын дайындаңыз. Қабілеті жоғары оқушыларға үзінділерін салыстыруға «Менің атым – Қожа» повесі бойынша кітабы мен фильмін табуға тырысыңыз.

Бөлім ілгерілеген сайын тақырыпқа қатысты сөздік қор мен фразаларды тізімге қосыңыз. Оқушыларға қолдану үшін сөздік қорды көрсетіп, іліп қойыңыз. Сөздерді меңгергеннен кейін алдағы сабақтарда да сол сөздерді қолданыстарына енгізгендері маңызды.

Тыңдалым. Мәтінді алдын-ала аудиожазбаға жазып алыңыз, ондай жағдай болмаса, өзіңіз оқып беріңіз. Дегенмен де аудиожазбадан тыңдап үйренгендері дұрыс. Тыңдалымның алдында мәтінде оқушыларға таныс емес сөздер болған жағдайда (1-2 сөз), міндетті түрде түсінік беру керек. Одан кейін тыңдалымға дайындау үшін тақырыпқа сай 1-2 сұрақ қойып, ой шақырған дұрыс. Бұл оқушылардың тілін дамытуға және ойларын жинақтауға ықпал етеді. Мәтінді 2 рет тыңдатыңыз. Алдын-ала дескриптормен таныстырыңыз. Одан кейін мәтіннің мазмұны бойынша бірнеше суреттер ұсыныңыз. Оқушылар сол суреттердің ішінен мәтіннің мазмұнына сәйкес суретті таңдап, суретті өз жұбына сипаттап айтып береді, өзара талқылайды. Суреттердің арасына тақырыпқа қатысы жоқ суреттерді қосып жіберуге болады. Оқушылар оларды таңдау, таңдамау себептерін түсіндіріп беруі керек. Бұл оқушылардың есте сақтау, сын тұрғысынан ойлау қабілеттерін дамытуға көмектеседі. Жауаптарын барлық оқушыдан сұрау қажет емес, 2-3 жұптан сұрасаңыз жеткілікті. Жұмыстың соңында жұптар тақтада көрсетілген критерий бойынша бір-бірін бағалайды. Жұпқа бөлгенде, қабілеттері әртүрлі оқушыларды бірге отырғызыңыз. Қабылдау деңгейі жоғары оқушы жұбына қолдау көрсеткенін қадағалаңыз. Бір-біріне айтып жатқан уақытта, осы сабақта өзіңіз көздеген бір-екі жұптың қастарына барып тыңдаңыз. Өз дәптеріңізге қай оқушының неден қиналып отырғанын тіркеп отырыңыз. Бұл келесі сабақты жоспарлағанда өзіңізге қажет. Сол оқушылардың ілгерілеуіне ықпал ететін тапсырма дайындаңыз. Соңында «Не қиын болды?», «Не жеңіл болды?» деген сұрақтар қою арқылы кері байланыс жүргізіледі.

Оқылым. Айтылым. Оқулықтағы мәтіннің мазмұнымен әркім өзі оқып танысқаннан кейін оқушыларды шағын 3 топқа бөліп, жаңа сөздерді табуды тапсырыңыз (үлгілі, ақылды, тентек). Осы үш топқа табылған үш атау беріледі де, әр топ өз сөздерімен сөз орамдарын, сөйлемдер құрастырады, сыныппен бөліседі. Содан кейін мәтіннің мазмұны бойынша сұрақтар құрастырып, топтар сұрақтарымен алмасады, өзара сұхбатқа түседі. Бұл тапсырмаға оқушыларға кері байланыс бергізуге болады.

Сергіту сәтін жүргізгеннен кейін, грамматиканы меңгерту үшін, кестені тақтадан көрсетіңіз. Жекеше түрде жіктелген сөздердің жалғауларына назар аудартып, мысал ретінде бірнеше сөздерді жіктеп көрсетіңіз. Бұдан кейін үлгі бойынша айтып жаттығуларына мүмкіндік беру үшін, ҚМЖ-да ұсынылған ойынды ойнатыңыз.

Айтылым. Оқушылар жұп болып сурет бойынша сұхбатқа түседі. Суреттегі екі балаға ат қояды, олардың қандай екендігін, қайсы кейіпкер дұрыс әрекет жасағандығы туралы айтады. Өз пікірлерін білдіреді. Мұғалім сырттан бақылап, бағыттаушы сұрақтар қою арқылы сұхбатты қажетті арнаға бұрып отырады. Бір-екі жұптың жауабын тыңдауға болады. Қалғандары тақтада көрсетіліп тұрған дескриптор бойынша өздерін бағалайды.

Айтылым. Бұл тапсырма «Ойлан, бірік, бөліс» әдісі арқылы жүргізіледі. Топ ішінде бірігіп талқылауға және бір шешімге келуге жағдаят беріледі. Әр топ өз ұсынысын айтады. «Бас бармақ» әдісі арқылы топтар бір-бірін бағалайды, бірнеше оқушының комментарийі тыңдалады.

Рефлексия, үй жұмысы.

Сабақты бекіту кезеңінде оқушыларға кеменің суреті салынған таратпа қазадар беріңіз, түсініктемесі тақтадан көрсетіледі және мұғалім өзі де айтып кеткені дұрыс.

  • Егер сабақ ұнаса және тапсырмалардың барлығын сәтті орындаған болса, желкенді жасыл түске бояйды.
  • Егер сабақта белгілі бір қиындықты кездестірген болса, желкенді сары түске бояйды.
  • Егер сабақ барысында тапсырмаларды орындау қиын болып, мұғалімнің көмегі қажет болса, желкенді қызыл түске бояйды.

Сабақ соңында үй тапсырмасының қалай орындалатынына қысқаша түсінік беріңіз.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Қазақстан пойыздарында үй жануарларын тасымалдау ережелері
» Қазақстандықтар шетелге шығуға жылына қанша жұмсайды?
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді
Пікір жазу