Ақылды Мирас № 10. Қазақ тілі (орыс сыныбы), 3 сынып, дидактикалық материал.


МҰҒАЛІМГЕ АРНАЛҒАН НҰСҚАУЛЫҚ

3-сынып (НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕПТЕРІ, ОМЖ БОЙЫНША)

2-тарау

Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен

Сабақтың тақырыбы: Ақылды Мирас № 10

Сабақтың мақсаты:

4.1 Мәтінді түрлі формада ұсыну

3.​4.​1.​1* тірек сөздер, сызбалар, суреттер, символдарды қолданып, постер/мәтін құрастыру

4.5 Орфографиялық дағдыларды дамыту

3.​4.​5.​1 жаңа сөздерді орфографиялық сөздіктерге сүйеніп дұрыс жазу

5.1 Грамматикалық нормаларды сақтау (лингвистикалық терминдерді қолданбау)

3.​5.​1.​4* мұғалімнің қолдауымен жіктеу есімдіктерінің септелуін және септеулік шылауларды ауызша/жазбаша тілде қолдану

Ертеңгілік шеңбер. «Жылы жүрек».

Оқушылар шеңбер құрып, қол ұстасып тұрады. Бір-біріне жақсы қасиеттерін ізгі сөздермен, көтеріңкі көңілмен, күлімдеген көзбен жеткізеді. Сен нағыз доссың, ең әдемі қызсың, мейірімдісің, өте ұқыпты баласың, адал доссың, қайырымдысың, әдептісің, өнерлісің, еңбекқорсың, ақкөңілсің, т.б. Бұл тәсіл сабақтың ең басында жылы тілектер айту арқылы біріншіден, жағымды психологиялық ахуал қалыптастыруға, екіншіден, сөздік қорларын молайтуға көмектеседі.

Сабақтың тақырыбы мен мақсаты.

Оқушылар берілген сөздерден мақал құрастыру және сол мақалдар бойынша сұрақтарға жауап беру арқылы тараудың мазмұнына болжау жасатыңыз. Өйткені болжату арқылы баланың сыни ойлау дағдысын дамыта аласыз. Әр сабақтың басында мұғалім сабақтың тақырыбымен, мақсаттарын оқушыларға түсінікті тілмен жеткізуі керек. Оқушы осы сабақта нені білу керектігін жақсы түсінуі керек. Сабақ барысында қажетіне қарай сабақ мақсаттарын оқушылардың естеріне түсіріп отырыңыз.

Жаңа сөздерді меңгерту.

Жаңа сөздерді меңгерту-сабақтың ең маңызды кезеңі. Сөздерді меңгертуде сөздің аудармасын айтпай, суреттерді, мағыналас сөздерді, қарсы мәндес сөздерді, қимыл, ым-ишараны қолданыңыз. Сөздердің мағынасын түсінгеннен кейін оқушылардың өздеріне сөз тіркестерін, сөйлемдер құруларына мүмкіндік беріңіз. Оқушылардың ойлануына уақыт беріп, жауап беруге деген талпыныстарын үнемі қолдап отырыңыз. «Жоқ, дұрыс емес!», «Қате!» деген сөздер айтудан аулақ болыңыз. Баланың ынтасын жоғалтып алмау керектігін үнемі есте сақтаңыз. Сондай-ақ жаңа сөздерді оқушы сабақтың барлық кезеңдерінде қолдануына мән беріп отырыңыз. «Сөйлеу қабырғалары» бірнеше сабақ бойы оқушыларға көмек болу үшін, үлкен ақ парақтарға жазып іліп қойыңыз. Сөздерді меңгергеннен кейін алдағы сабақтарда да сол сөздерді қолданыстарына енгізгендері маңызды.

Оқылым.

Оқылымның алдында мәтінде оқушыларға таныс емес сөздер болған жағдайда (1-2 сөз), міндетті түрде түсінік беру керек. Одан кейін оқылымға дайындау үшін тақырыпқа сай 1-2 сұрақ қойып, ой шақырған дұрыс. Бұл оқушылардың тілін дамытуға және ойларын жинақтауға ықпал етеді. Оқушылар мәтінді мұқият түсініп оқиды. Әр жолды оқыған сайын, мұғалім оқушылардың толықтай түсінуі үшін сұрақтар қойып отыруы керек және таныс емес сөздерге түсінік береді. Оқушылар мәтінді толықтай оқып, түсінік алған кезде, мұғалім оқушыларға «Попкорн» әдісі арқылы сұрақтар қояды. Оқушылар өз деңгейлеріне қарай сұрақтарға жауап береді. Әр жауап «Бас бармақ» әдісі арқылы оқушылармен бағаланады, өз пікірлерін білдіреді. Оқылымнан кейін оқушылар түстер бойынша топқа бөлінеді. Берілген тірек сөздер мен суреттерді пайдаланып, постер құрастырады, басқа топтардың алдында қорғайды. Соңында дескриптор бойынша топтар бір-бірін бағалайды.

Грамматикалық қоржын. Жазылым.

Сергіту сәтін жүргізгеннен кейін, жіктеу есімдіктерін естеріне түсіру үшін оқушылар көп нүктенің орнына тиісті сөздерді қойып, жазады. Қажетті сөздер беріледі. Сауатты, көркем жазу дағдыларын жетілдіріп отырыңыз. Пунктуациялық белгілердің дұрыс қолдануын қадағалаңыз. Оқушылардың қазақ тілінің орфографиялық, орфоэпиялық, пунктуациялық, грамматикалық нормаларына сәйкес жұмыс жасауына назар аударыңыз. Соңында оқушылар өз жұмыстарын тақтадағы дұрыс жауаппен салыстырып, тексереді. Барлық оқушыдан сұрау қажет емес, 2-3 оқушыдан сұрасаңыз жеткілікті. (Жұмыстарын жинап алып, сабақтың соңынан тексеріңіз) Жіктеу есімдіктері бойынша грамматикалық атауларын атамай қосымша түсініктеме беріңіз.

Мысалы:

«Мен, біз»  кімнің сөйлеп тұрғанын білдіреді.

«Сен, сендер, сіз, сіздер» кімнің тыңдап тұрғанын білдіреді. 

«Ол, олар»  кім туралы айтып тұрғанын білдіреді.

Содан кейін сұрақтың көмегімен «мен» және «сен» сөздерін өзгерте отырып, жұптасып диалогті оқиды. Жұпқа бөлгенде, қабілеттері әртүрлі оқушыларды бірге отырғызыңыз. Қабылдау деңгейі жоғары оқушы жұбына қолдау көрсеткенін қадағалаңыз. Бір-біріне айтып жатқан уақытта, осы сабақта өзіңіз көздеген бір-екі жұптың қастарына барып тыңдаңыз. Өз дәптеріңізге қай оқушының неден қиналып отырғанын тіркеп отырыңыз. Бұл келесі сабақты жоспарлағанда өзіңізге қажет. Сол оқушылардың ілгерілеуіне ықпал ететін тапсырма дайындаңыз. Соңында дескриптор арқылы жұптар бір-бірін бағалайды.

Рефлексия, үй жұмысы.

Сабақты бекіту кезеңінде оқушыларға «Алма ағашы» әдісін ұсынуға болады. Бұл ретте оқушылар түрлі-түсті алмаларды (стикерлерді) ағашқа жабыстырады.

Қызыл алма – бәрі түсінікті

Жасыл алма – сұрақтарым бар

Сары алма – түсініксіз

Сабақ соңында үй тапсырмасының қалай орындалатынына қысқаша түсінік беріңіз.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Қазақстандағы білім беру деңгейі 10 жыл ішінде қалай өзгерді?
» 85 жастағы қызылордалық ақсақал 2 млн түп ағаш еккен
» 👦🏻👧🏻Елімізде қанша бала бар?
Пікір жазу