» » » Өлең: Орқа — Күлше (Қазақ ауыз әдебиеті)

Өлең: Орқа — Күлше (Қазақ ауыз әдебиеті)

Өлең: Орқа — Күлше (Қазақ ауыз әдебиеті) казакша Өлең: Орқа — Күлше (Қазақ ауыз әдебиеті) на казахском языке
Арабтың бiр қаласы шаһар Бағдат,
Өткенi талай ғасыр, бұл ақиқат.
Халқында Нәби Шайбан бiр туысқан,
Дос болды ақыреттiк екi адамзат.
Бекiлген қияметтiк достық шарты,
Бiрi — Қамам, бiрiнiң Қалел аты.
Жан қиған екеуiнiң достығына,
Таң қалды Нәби Шайбан барлық халқы.
Екеуi екi қышлаққа әкiм болған,
Жүргiзген әдiлдiкпен үкiм қолдан.
Перзентсiз елу жасқа келдi екеуi,
Болмады еш перзентi қыз бен ұлдан.
Әйелi екеуiнiң жүктi болып,
Уақтылы тоғыз ай мен он күн толып,
Қамамның әйелiнен ұғыл туды,
Қалелдiң әйелiнен бiр қыз туып.
Қыздан ұл бұрын туды алты сағат,
Дүниеге келiп қалды екi бекзат.
Той жасап қыздың атын Күлше қойып,
Балаға Орақа* деп қойылды ат.
(*Бас кейіпкердің есімі мәтінде екі түрде берілген.)
Күлше қыз сұлу ердi артық анша,
Күлiм көз, оймақ ауыз, белi қылша.
Орқа — Күлше
Iшiнен iшкен асы көрiнер-дi,
Әркiм тамағына назар салса.
Дүниеге мұндай сұлу келген емес,
Еш жерде естiп, көз көрген емес.
Әлемге келiп қалған бiр перизат,
Түгендеп сипаттауға шама келмес.
Бала да сұлу едi бек айбатты,
Балаға Орақа деп қойған аты.
Палуандық тұлғасында белгiсi бар,
Дұшманға көрiнгендей сиясатты.
Бұлардың туғанына қырық күн толды,
Той жасап Қамам, Қалел халық жиды.
Екеуiн сол той күнi атастырып,
Бiр жерге қосып бақты қыз бен ұлды.
Таң қалды екеуiне көрген кiсi,
Қыз сұлу, балада бар ер белгiсi.
Әлқисса, жетi жасқа бұлар келдi,
Бiр ойнап, бiрге жүрiп жазы-қысы.
Мектепке екеуiн де бердi апарып,
Молдада бес жыл жүрдi сабақ алып.
Келгенде он екiге өр кеуделi,
Орақа жүз кiсiлiк болды алып.
Дұшманнан халықты қорғайды деп,
Қуанды Нәби Шайбан барлық халық.
«Күлше мен Орақаны қосалық», — деп,
Қалелге Шайбан халқы айтты барып.
— Бiрге ойнап, бiрге өскен бала шақта,
Бұл күнде жеттi екеуi балиғатқа.
Қосылмақ ер мен әйел әуел бастан,
Атадан мирас қалған барша халыққа.
«Мақұл» деп Қалел әкiм халқын жиып,
Екеуiн некеледi тойын қылып.
Қамамның қышлағына ұзаттырды,
Тамаша керней, сырнай ойын қылып.
Қосылып жата берсiн екi ашық,
Шаттыққа түпсiз теңiз кеулi тасып.
Бар едi Бәни Омар деген патша,
Өзi кәпiр он күндiк жерi қашық.
Күлшенiң сұлулығын бiлген едi,
Бiр сапар хабар айтып келген едi.
Кәпiрге қыз бермеймiз дегеннен соң,
Таба алмай бiр амалын жүрген едi.
Есiтiп Орақаға қосылғанын,
Ашумен әскерiнiң жиды бәрiн.
Деп айтты: — Нәби Шайбан халқын шауып,
Күлшенi алсам, — дедi, — бар арманым.
Жатқанда жұрт ұйқыда түнде барып,
Жау тидi Орақаға ойран салып.
Орақа дабыспенен сыртқа шықты,
Болды деп не уақиға қайран қалып.
Дұшпан көп, қайтып iшке кiре алмады,
Мәнiсiн бұл ұрыстың бiле алмады.
Қолында қаруы жоқ, киiмi жоқ,
Аралап жаудың iшiн жүре алмады.
Көршiлес халық оянып жатқан ұйықтап,
Тау-тасқа қашып кеттi жылап-сықтап.
Орақа шеттеп жүрiп жалғыз өзi,
Өлтiрдi он адамын жұдырықтап.
Күлшенi көп адамдар алды байлап,
Мiнгiздi бiр жақсы атқа мұны жайлап.
Артына мiнгестiрiп бiр жiгiттi,
Жетелеп кете бердi бiреуi айдап.
Дұшпандар барлық мүлкiн талап алды,
Төсек-орнын, үй-жайын тонап алды.
Талқан боп дарбаза, есiк, терезелер,
Қазынаны түгел алды, тамы қалды.
Бiреудi бiреу бiлмес қараңғы түн,
Дұшпан қайтты, таң атты, басылды үн.
Түндегi сай-салаға қашқан жандар,
Көшеге қайтып келдi шыққанда күн.
Күн шығып, жарық болып раушанланды,
Қашқандар өз жайына қайтып барды.
Кiм өлген, қанша дүние талан болған,
Есептеп барлығынан хабар алды.
Қараса, Күлшенi де алып кеткен,
Дұшпандар қолын байлап пенде еткен.
Омардың Күлшеге ашық екендiгi
Бұларға есiтiлiп жүрген көптен.
Орақа хабарланды мұны естiп,
Басына қолын қойып зарлық етiп,
«Уа, Күлше, уа, Күлше» деп жылауменен
Жығылды өзiн бiлмей есi кетiп.
Деп айтты: «Күлше, жаным, мейiрбаным,
Сен едiң тiрлiкте тәнде жаным.
Дүниеде сенi көрiп бiрге жүрмей,
Не болар тiрi болған менiң халiм.
Туғаннан ажырамастан бұл күнгеше,
Қосылып ойнап-күлiп жүрдiк қанша.
Бiр сағат көрмегендей болып кеттi,
Бұрынғы көрген қызық, тамам барша».
Орақа бұл сөздi айтып, бiр «аһ» ұрып,
Көзiнен жасын төгiп жылап тұрып.
«Күлшежан, әл-ахуалың не болды?» деп,
Айтарды мына сөздi ғазал қылып:
— Күлшежан, халiң не болды,
Дұшпанның кетiп қолында.
Қай түрлi жанмен жолдас боп,
Отырсың қандай орында?
Опасыз Орқа екен деп,
Болмасын, жарым, ойыңда,
Ажырайтын түнi өзiңмен,
Жоқ едi мұндай ойымда.
Басында көзiм жеткенде,
Ақыры мұндай болуға,
Аянбай тұрып соғысып,
Берер едiм жаным жолыңда.
Әлде болса кеулiм жоқ,
Дұшпанға сенi қоюға.
Аламын, не өлемiн,
Бұл iстi алдым мойынға.
Ашықтар басын тартпайды,
Жары үшiн келген өлiмге.
Мұны айтып көздерiнен төгiп жасын,
Көтерiп жоғарыға кәмiл басын,
Қасында тұрғандарға бұл сөздi айтты,
Бекiтiп қуат берiп өз ағзасын.
— Ей, халқым, берiңiздер рұқсат маған,
Мен барып соғысайын жау артынан.
Күлшенi, шамам келсе, ажыратайын,
Ажалдың шеңгелiнен болсам аман.
Есiтiп аталары Қалел, Қамам,
Деп айтты: — Сабыр еткiн, жаным балам,
Барамыз көп әскерменен барлығымыз,
Бекерге қайғыланып жемегiн қам.
Артынан жалғыз бармақ лайық емес,
Бұл сөзiң ақылға да тура келмес.
Бiр емес Нәби Шайбан адамдары,
Кемшiлiк бұл жұмысқа қалап өлмес.
Халқына Қалел, Қамам хабар бердi,
Жиналып, даярланып бәрi келдi.
Әскерге Орақа өзi басшы болып,
Артынан Бәни Омардың жолға ендi.
Бұлар да келе берсiн жолменен тез,
Омардан Күлшенi алған айтайын сөз.
Шаттықпен көп қуанып бара жатыр,
Кеулiнде қайғы қалмай әр кез.
Жол жүрiп екi күндей алмай ирам,
Қылмас-ты Орақадан келер деп қам.
Орқа да бiр бұлақтың жағасына
Қондылар түнде барып алмаққа дем.
Көзiнен Күлше байғұс төгiп жасын,
Жастыққа жатыр едi қойып басын.
Жақындап бас жағынан Омар келдi,
Кеулiнде бiтiрмекке мұддағасын.
Деп айтты: — Иә, Күлше, бол хабардар,
Мен Омар — бұл қосынға әкiм, сардар.
Бәни Сайб барша халық үкiмiме
Бағынып, мойынсынып тұрады олар.
Атыңды Күлше деген мен есiтiп,
Кеулiме сұлулығың тәмсiл етiп.
Сыртыңнан көрмесем де ашық болып,
Жүр едiм алайын деп қиял етiп.
Естiдiм хабарыңды неке қиған,
Мен келдiм әскер алып көп қосынмен.
Өзiңдi түн iшiнде қолыма алдым,
Қоймаққа кеулiм болмай Орақамен.
Мұнан соң Орақаны аузыңа алып,
Жүрмесiн қапалыққа кеулiң барып.
Сен онан құтылғанға шүкiрлiк қыл,
Менiмен қосылғанға көп қуанып.
Ойыңнан шығармасаң Орақаны,
Жоқ қылып өлтiремiн майданда оны.
Бекерге обалына сен қаласың,
Өзiне ол байғұстың олжа жаны.
Осындай неше түрлi сөз айтып көп,
Өтiндi ойнап-күлiп отырғын деп.
Күлшенiң өз кеулiнен қайғы кетiп,
Орақаның тiрi қалған хабары кеп.
Омардың бұл сөзiне құлақ салмай,
Өлiмдi отырады кеулiне алмай.
Жастықтан бас көтермей жылар едi,
Орақадан басқа сөзге аузы бармай.
Омардың мұны естiп реңi қашып,
Ашумен сөз сөйледi зәрiн шашып.
— Шашы ұзын, ақылы қысқа, ақымақ қатын,
Өзiңдi сыйлағанға кеттiң асып.
Көрсетiп дұшпандықтың саған түсiн,
Iстейiн әмiр етiп ердiң iсiн.
Мекем қып қол-аяғын байлатайын,
Келедi ажыратпаққа қалай күшiң.
Ылажсыз айтқанымды қыла-дүр сен,
Қолымнан кетпекке жоқ-дүр iмкан.
Қосылып ендi саған отырмақ жоқ,
Қаншама Орақа деп жылағанмен.
Мұны айтып жiгiттерге хабар әйлап,
Күлшенiң қол-аяғын қойды байлап.
Күлше де айтқан сөзден бiр қайтпады,
Өлiмдi мойнына алып Орқаны ойлап.
Шатырда Күлше сұлу жатып жалғыз,
Байлаулы қол-аяғы, жылауда көз.
Жаратқан бiр Құдайға жалбарынып,
Айтар-ды ғазал етiп бұл түрлi сөз.
Жаратқан жалғыз Құдай-а,
Пендеңе қылдың құп iстi.
Қай түрлi жұмыс қылсаң да,
Өзiңе мақұл, дұрыс-ты.
Лағнетi Омар ойланар,
Қылмаққа маған жұғысты.
Өлiмге басым ырзамын,
Көрсетпе, Құдай, бұл iстi.
Менi жаудың алғанын
Артымдағы халқым бiлiстi.
Әскермен келiп Орақа,
Кәпiрмен қылса ұрысты.
Ажыратып алса қайрат қып,
Оқ атып, жұмсап қылышты.
Арманым менiң болмас едi,
Бұл айтқан көрсем жұмысты.
Өлiмнен жаман көремiн
Омармен бiрге тұрысты.
Осылай деп Күлше жылап жатыр-ды,
Тiрлiкте Орақаны көрсем дер-дi.
Омарға түн iшiнде «жау келдi» деп,
Күзетшi бiр жiгiтi хабар бердi.
Есiтiп Омар мұны қайран қалды,
Қамданып соғысуға даярланды.
Таң атып, дүние жарық болғаннан соң,
Алдына сап түзетiп қарсы барды.
Әскерге Қалел, Қамам тартып берiп,
Бұлар да қатар тұрды қарсы келiп.
«Ұрысқа бiрiң кел» деп айқай салды,
Майданға Омар өзi жалғыз кiрiп.
Омарды Орқа көрiп iшi күйiп,
Ойланды ұрыспаққа өзi кiрiп.
Атасы Қамам патша тұра алмады,
Баратын баласының пиғылын бiлiп.
Орқаға әкесi айтты: — Сабыр қылсаң,
Алдына ол Омардың барайын мен.
Жауабын жалғыз барып берсем керек,
Омардан болмас менiң қуатым кем.
Лажсыз Орқа қалды бармай тұрып,
Майданға жетiп барды Қамам кiрiп.
Екеуi ұрыспаққа талап еттi,
Сұрасып бiр-бiрiнiң атын бiлiп.
Қылышын Бәни Омар қолына алып,
Ұрмаққа жетiп барды қаһарланып.
Басына Қамам патша қалқан тұтты,
Қынапқа өз қылышын қайтып салып.
Ұрғанмен қалқанынан өтпей тұрды,
Қылышын Қамам да алып талап қылды.
Басына Бәни Омар қалқан ұстап,
Қамамның ұрмағына кезек бердi.
Кезегiн қалқан ұстап өткередi,
Қырық мәрте бiр-бiрiне қылыш ұрды.
Қамамның бiр қылышы қата тиiп,
Омардың мiнген атын тез өлтiрдi.
Жығылды Омар жерге атымен тез,
Орнынан тұра келдi айтқанша сөз.
Қамамның қылышпенен атын шапты,
Кетпекке басын бұрып қоймай әркез.
Атының бiр аяғын кеттi бөлiп,
Жығылды атпен Қамам жерге келiп.
Қамамға Бәни Омар қылыш ұрды,
Орнынан тұрғанынша бас көтерiп.
Тоқталмай желкесiне қылыш жеттi,
Қалқансыз мойнын түгел кесiп өттi.
Алпыс алты жасында ажал келiп,
Қайран ер қапылыста өлiп кеттi.
Атасы өлгендiгiн Орқа бiлiп,
Iшiне жалын түсiп бауыры күйiп.
Көзiнен жасын төгiп көп жылады,
Өз кеулiн тоқтата алмай айқай қылып.
Айқайлап Омар айтты: — Орқа, тыңда,
Атам деп көп қайғырып жылап тұрма.
Атаңа жолдас қылып мен қояйын,
Ажырап әскерiңнен келгiн мұнда.
Орқаның мұны естiп қаһары келiп,
Бармасқа шақырғанға намыс көрiп,
Атына қамшы ұрып ашуменен,
Омардың майданына барды кiрiп.
Екеуi келген жерден қылыштасып,
Майданда бiрi қуып, бiрi қашып.
Кезекпен бiрiн-бiрi ұрар ердi,
Қайраты бойындағы әдден асып.
Екеуi ұрыс қылып қанша жүрдi,
Кезегiн қалқан тұтып өткерердi.
Дүниенi қараңғылық түн жамылып,
Кеш батып, күннiң көзi жерге кiрдi.
Екеуi екi жаққа айырылысты,
Өзiнiң жайларына келiп түстi.
Қамамның шейiт болып өлгенiне
Қайғырып, аза тұтып отырысты.
Күлшенiң шатырына барып Омар,
Байлаудан қол-аяғын шештiрдiлер.
Деп айтты: — Орқаны айтып қоймаған соң,
Байладым мен өзiңдi берiп азар.
Себеп не, маған ырза болмай-дүр сен,
Қалайша кем боламын Орқадан мен.
Патшалық салтанатым бәрi даяр,
Ол Орқа қатар болмас менiң бiрлән.
Дүниенiң атлас, қымқап, мауыттары,
Асыл тас, алтын, күмiс тiллалары.
Патшалар қазынасында көз көрмеген,
Гауһардың қымбат баға менде бәрi.
Өзiңе мен беремiн баршасын һәм,
Өмiрiңде еш нәрседен болмайсың кем.
Менiмен бiр ауылда ойнап-күлiп,
Дүниеден өткенiңше көрмейiн ғам.
Күлшежан, бiр мәрте ауызыңды ашып,
Меруерттей тiстерiңнен дүрлер шашып,
Сөзiме менiң айтқан жауап бершi,
Ылайықты өз бойыңа құп мiнәсiп.
Омардың айтқан сөзiн Күлше естiп,
Ойланды бұл қиялға кеулi кетiп.
«Бұған бiр ырзалық сөз бiлдiрмесем,
Және де iс көрсетер азап етiп.
Күшпенен жаман пейiл бәлкiм етер,
Онан соң әр тұрадан бағам кетер.
Залымды бiр айламен тоқтатайын,
Машақат көргенiмше құры бекер».
Мұны ойлап Омарға айтты: — Шаһ жаһан,
Болдыңыз мұнша маған сiз мейiрбан.
Мен сiздiң қадiрiңiзге жете алмадым,
Шашым ұзын, ақыл қысқа әйел-дүр мен.
Кешiңiз ол бiлмеген күнәмдi өтiп,
Ырзалық мен қылмайын сiзге нетiп.
Арада тоқтау болған бiр жұмыс бар,
Айтайын өзiңiзге арыз етiп.
Өзiмнiң жас кезiмде атам менi
Орқаға атастырып қойған едi.
Той жасап өткеннен соң неке қиып,
Халқымның әдетiмен оған бердi.
Орқамен отырғанда болып бiрге,
Сiз менi ап кеттiңiз келiп түнде.
Орқаға кеулiм ырза болған емес,
Ата-анам берген уақта әуелiнде.
Арызым бұл, сiз бiлесiз, бiз — мұсылман,
Орқаға молда менi неке қиған.
Өзiмнiң көз алдымда Орқа өлгенше,
Алмаққа басқаға әйел болмай-дүр мен.
Күшiңiз мәлiм болды құп сыналып,
Майданға ат ойнатып ертең барып,
Орқаны пенде қылып өлтiрместен,
Келсеңiз қолын байлап маған алып.
Ол менi ұрып-соғып аза бердi,
Кеулiмде кiнә болып жүрер едi.
Өлтiрсем өз қолыммен Орақаны,
Мақсатқа жетер едiм мен дағы ендi.
Өлген соң шариғаттың шарты бiтiп,
Қайтадан сiз алсаңыз неке етiп.
Сонан соң ойнап-күлiп отырардық,
Кеулiмнен қайғы-қамның бәрi кетiп.
Есiтiп Омар мұны шаттанып көп,
Басына бiр табақ зер шаштырды кеп.
Күлшеге қасам айтып уәде бердi,
«Орқаны ертең алып келемiн», — деп.
Таң атып Омар келiп ат ойнатты,
Бiр мәрте айқай салып нағыра тартты.
— Орақа, ажалыңа асық болсаң,
Жылдамдап майданыма кел, — деп айтты.
Орақа Бәни Омардан мұны естiп,
Ұрыстың жабдықтарын даяр етiп,
Атына қамшы салып қайраттанып,
Майданға жалғыз өзi келдi жетiп.
Кез келсе бiр-бiрiне сiлтеп қылыш,
Аянбай ат жүгiртiп қылды ұрыс.
Iлгерi аты шыққан көп батырлар
Қылмаған заманында мұндай жұмыс.
Екеуi жүрер едi ұрыс етiп,
Майданнан ат жүгiртiп шауып өтiп.
Астында Орақаның мiнген аты
Жығылды бiр шұқырға тайып кетiп.
Тұрғанша Бәни Омар тезлiк қылып,
Орқаның көкiрегiне барып мiнiп.
Өзiнiң адамдарын шақырып ап,
Байлады қол-аяғын мекем қылып.
Орқаның байланғанын Күлше көрдi,
Елжiреп шыдай алмай iшi күйдi.
Ат мiнiп бiлдiрместен сауыт киiп,
Өзiнiң шатырынан шығып жүрдi.
Майданның ортасына барды жетiп,
Омарға бұл сөздi айтты тағзым етiп.
— Орқаны пенде қылып байладыңыз,
Бұл күнi қайратыңызды құп көрсетiп.
Бұл Орқа не қылмаған бұрын маған,
Қолынан құтылмас ем жүргенде аман.
Мәртебе, қайратыңыз артық болып,
Майданда байладыңыз үшбу заман.
Өлтiрiп өз қолыммен төксем қанын,
Кеулiмде қалмас едi арман менiң.
Алайын өзiмдi ұрған қысасымды,
Өлiмiн сiз берiңiз маған оның.
Ойлады осы түрлi қиял жетiп,
Күлшенiң бұл айтқанын Орқа естiп.
«Күлше деп мен қайғырып жүрер едiм,
Кеулiмде қапалығым жаннан өтiп.
Бұрынғы өткендердiң айтқаны рас,
Ешкiмге әйел жынысы опа қылмас.
Кеулiнiң сүйгенiмен кетiп қалар,
Бiреумен уәдем бар деп қарап тұрмас.
Бұл залым бұл уақытта менi қойып,
Омарға кеткен екен жақын болып.
Ұялмай және келiп тұрғаны-дүр,
Қолымен өлтiрмегiн мақұл көрiп.
Бiлгенде әуелiнде бұл жұмысын,
Қылатын бейопалық мұндай iсiн,
Кеттi деп бейнет шегiп күймес едiм,
Жаныма жапа қылып мұның үшiн.
Әйелге кеуiл қоймақ асыл бекер,
Ақыры өз жаныңа зиян жетер.
Көзiңнен бiр уақытта ғайып болса,
Кеулi кеткен бәзбiреумен ерiп кетер».
Осындай көп қиялды кеулiне алып,
Отырды өлмегiне ырзаланып.
Күлшеге Омар айтты: — Жан жолдасым,
Өлтiрiп қысасыңыз алғын барып.
Күлше айтты: — Омар патша, бiр арызым бар,
Қасыма қайратты бiр адамды дәркар,
Әр түрлi найза, қылыш аспабымен
Менiмен жолдас болып бiр барсынлар.
Өлерде байқаусызда бiр iс етiп,
Қолымнан ажыраса шығып кетiп.
Қайратсыз менiң өзiм әйел адам,
Жүрмесiн бұл залымнан зиян жетiп.
Бәни Омар Күлше сөзiн қабыл көрдi,
Қасына бiр адамды қосып бердi.
Мойнына Орақаның арқан байлап,
Майданның бiр шетiне алып келдi.
Күлше айтты араб тiлiмен: — Әй, Орқажан,
Қолыңды өлтiрмекке шештiремiн.
Сөйлесiп бұл адаммен мен тұрайын,
Артынан ғапыл уақытта өлтiргiн сен.
Сен мұның астыңа мiн атын алып,
Қолыңа жарағын ал даярланып.
Құдайға тәуекел ғып кәпiрлермен
Қайтадан қайраттанып ұрыс барып.
Күлше айтты ол адамға: — Бұл бадтар,
Iлгерi жаман маған iс қылдылар.
Қолыммен осы күнi қанын төгiп
Алмақтық қысасымды кеулiмде бар.
Арқанның өзiң ұстап тұрғын ұшын,
Бiр түрлi қайрат қылса келер күшiң.
Қолдарын шешiп қойып өлтiремiн,
Мен iстеп бұл залымға мардтың iсiн.
Ол адам Күлше сөзiн мақұл көрiп,
Арқанның ұстап тұрды ұшын келiп.
«Бұл араб арманменен өлмесiн», — деп,
Байлаудан қолын шештi қалыс берiп.
Күлше айтты ол адамға: — Бер найзаны,
Қорлықпен өлтiрейiн шаншып оны.
Қолымнан Орақаның өлгендiгiн,
Қосынның екi жақта көрсiн бәрi.
Найзаны бермек болды ол ұсынып,
Ұмтылды Орақа да жылдам тұрып.
Күлшеге жеткiзбестен найзаны ұстап,
Қолынан ол адамның алды жұлып.
Өзiнiң найзасымен оны өлтiрдi,
Атынан есiн бiлмей ол жығылды.
Керектi жарағының бәрiн алып,
Ол атқа жылдам барып Орқа мiндi.
Қалел де назар салып тұрар едi,
Орқаны атқа мiнген анық көрдi.
— Сiздер де қарап тұрмай ат қойғын, — деп,
Өзiнiң әскерiне жарлық бердi.
Омардың мұны көрiп қосындары,
Майданға ат қойдылар қалмай бәрi.
Бiреуi Орқаны ұстап пенде қылмақ,
Бiрiнiң мұддағасы — құтқарғалы.
Орақа көп зор берiп қайраттанып,
Омардың әскерiне кiрдi барып.
Алдына кез келгенiн өлтiрердi,
Арыстан мысалында қырғын салып.
Қосылып екi қосын араласты,
Майданды тұман басып, шаң тұтасты.
Ол күнi ешкiм бiлiп болмас едi,
Ұрыста қайсы жеңiп, қайсысы қашты.
Аз уақытта өлiп кеттi бiрнеше жан,
Әр жерден судай болып ақтылар қан.
Соғысып араласып жүрген кезде,
Орақа қарсы келдi Омарменен.
Тезлiкпен қылышына қолын ұрып,
Омарға сiлтедiлер қайтпай тұрып.
Жығылып Бәни Омар жанын бердi,
Басының сүйегiне қылыш кiрiп.
Тұра алмай қалған әскер кеттi қашып,
Шатырын мұсылмандар алды басып.
Ажыратып Күлшенi алып қалғанына
Қуанды барша халық кеулi тасып.
Ол күнде Қалел, Қамам қосындары,
Шаттанып майдан жайдан қайтты бәрi.
Өзiнiң мекенiне қайтып келдi,
Ат пен тон олжа қылып көп дүниенi.
Атасы Қамам патша кеттi өлiп,
Ордасы қалып едi ойран болып.
Қалелдiң отыратын ордасына
Жайланды Орақа мен Күлше келiп.
Неше күн қарар алып бұлар тұрды,
Кәпiрден құтылғанға шүкiр қылды.
Бұрынғы некелеген қалпыменен
Күлшенi бередi деп ойланұрды.
Екi ай бұл арада кеттi өтiп,
Жақындық iс қылмады еш көрсетiп.
Қамамның адамдары бiр күн барды,
Қалелге бiлдiрмекке мағлұм етiп.
Ортадан бiреу айтты: — Сiз Күлшенi,
Бердiңiз неке қиып Орқаға оны.
Атасы Қамам патша ордасына
Екеуiн жiберсеңiз отырғалы.
Бұл сөздi Қалел патша мақұл көрдi,
«Болсын, — деп, — айтқаныңыз» жауап бердi.
Мейманды бiр ауылға отырғызып,
Алдына әйелiнiң Қалел келдi.
Қатынға Қалел айтты: — Сөзiм тыңла,
Орқамен отырады Күлше мұнда.
Бұларға жауап берiп қайтаралық,
Отырсын атасының ордасында.
Қалелге әйел айтты: — Бұл қалай сөз,
Орақа жетiм болды көрмекке көз.
Барлығы мал-мүлкiнiң талан болды,
Қолында бiрде-бiрi қалмай әр кез.
Патшалық салтанатты аспаптары,
Таланып жау қолында кеттi бәрi.
Түгендеп қалың малын берген де жоқ,
Мойнында Күлшенiң жарты малы.
Қатынға Қалел айтты: — Бұл қалай кеп,
Орқаға неге айтасың бермеймiн деп.
Күлше үшiн дүние малы талан болды,
Және өзi бейнет шегiп ренжуi көп.
Анадан бiр күн туып бұл екiсi,
Мектепте бiрге оқыды жазы-қысы.
Мойнына екеуiнiң қанын жүктер,
Ойланса ажыратпаққа қайбiр кiсi.
Қалелге әйелi айтты: — Бұл сөзiң рас,
Орқадан бөлек болып қыз да тұрмас.
Күйеуге малын алмай қыз бермексiз,
Еш ақыл ойлағанмен мақұлдамас.
Әуелi малын берсiн даяр қылып,
Баршасын айтылғанның құп бiтiрiп.
Онан соң өз ордасын жақсыласын,
Барғанда отыратын қызым кiрiп.
Патшалық жақсы жайда қызым тұрар,
Iшiнен iздегенi табылұрлар.
Дұшпан кеп бұзып кеткен ойранада
Қалайша рахат тауып Күлше отырар.
Осындай бiрнеше сөз айтып қатын,
Тоқтатты қыз бермеске сөздiң артын.
«Әйелiм мұндай жауап айтады», — деп,
Бiлдiрдi келгендерге ақиқатын.
Қалелдiң бұл сөздерiн Орқа естiп,
Қайғырды қапалығы әдден өтiп.
Дүниенi қайдан тауып беремiн деп,
Ойланды неше түрлi пiкiр етiп.
Бар едi нағашысы Орақаның,
Арабта тағасы деп айтар оның.
Шаһардың Йемен деген патшасы едi,
Қаратқан өз аузына халықтың бәрiн.
Орақа тағасына жазып нама,
Бiлдiрдi болған iстiң бәрiн:
«Күлшенi алмағыма керек болды,
Тiлла, зер, көп дүние, мал бер деп маған».
Шақырып бiр жiгiтiн алдына алып,
Деп айтты: — Тезлiкпенен Йемен барып.
Сәлiм деп ат қойылған патшасы бар,
Жолығып амандасқын iздеп барып.
Ол патша нағашы-дүр, бiлгiн, маған,
Қолыңмен бұл қағазды бергiн оған.
Қағазды оқып көрiп дүние берсе,
Айналып тоқталмастан келшi маған.
Ол жiгiт Орқа сөзiн қабыл алып,
Йеменге жүрiп кеттi жолға салып.
«Дүние алып нағашымнан келедi», — деп,
Орқа мен Күлше жүрдi көп қуанып.
Жүр едi өткен күнiн есеп етiп,
Тезлiкпен келмегiне кеулi кетiп.
Жiгiттен ешбiр хабар болмай кеттi,
Алты ай кеткенiне кәмiл жетiп.
Айтар-ды бәз адамдар: — Жiгiт келмес,
Қағазын Сәлiм патша қабыл көрмес.
Үй түзеу қалың малға жететұғын,
Көп қылып алтын, күмiс дүние бермес.
Күлше айтты бiр күн тұрып Орақаға:
— Йеменде өзiңiз бар тағаңызға,
Айтылған дүниесiн келтiрмесең,
Бұл залым ырза болмас анамыз да.
Орқа айтты: — Сағынғанда кеуiлге алып,
Жүруге дайым қарап назар салып,
Салынған қолыңдағы жүзiгiң бер,
Келгенше қырық күнгеше Йемен барып.
Орқаның Күлше сөзiн мақұл көрдi,
Жүзiгiн қолындағы алып бердi.
Күлшеге өз жүзiгiн Орқа берiп,
Екеуi қош айтысып жолға ендi.
Жол жүрiп жалғыз өзi кеше-күндiз,
Бiр мезгiл айтар едi ашықтық сөз.
Йеменнiң жақынына келген шақта,
Керуенге жол үстiнде ұшырады кез.
Сұрады керуеннен Йемен халқын,
Халқының қайсы алды тұрғандарын.
Керуен Орқаға айтты: — Есiтiңiз,
Айталық болған iстiң сiзге бәрiн.
Бiр патша ат қойылған Мәлiк Әнтар,
Қасында алты мыңдай қосыны бар.
Йеменге келгенiне алты ай болды,
Шаһардың бәрiн қамап жата-дүрлар.
Ұрысты Сәлiм патша қарсы барып,
Кәпiрлер бәрiнде де болды қалып.
Сәлiмдi алпыс уәзiр сардарымен
Қолына пенде қылды байлап алып.
Қалада Сәлiмшаһтан бiр уәзiр бар,
Шықпастан тысқарыға iште тұрар.
Аз күнде дарбазаны ашып берiп,
Йемендi Мәлiк Әнтар талан қылар.
Орақа мұны естiп қайран қалды,
Ойланып әр қиялға кеулi барды.
«Бейнеттен құтылдым деп жүргенiмде,
Басыма бұл жұмысты және салды.
Ақиқат керуендерден мұны естiп,
Намарттық шаһарға енбей қалсам кетiп.
Тiрi боп жүргенiмнен өлген жақсы,
Сәлiмдi ажыратпасам халас етiп».
Бiлiнбей дұшпандарға шаһарға ендi,
«Ашқын, — деп, — дарбазаны» хабар бердi.
Есiтiп қарауылшы түн iшiнде:
— Бұл жерге жалғыз келген кiмсiң? — дедi.
Орқа айтты: — Нәби Шайбан — менiң халқым,
Орақа Қамам ұлы болады атым.
Сәлiмшаһ әпкесiнiң баласымын,
Iлгерi бiр адамнан келген хатым.
Бұл сөзге қарауылшы көп қуанып,
Уәзiрге естiгенiн айтты барып.
Уәзiрдiң қуанғаннан өзi келiп,
Аштырды дарбазаның кiлтiн салып.
Орқаның амандасып сұрап халiн,
Ақиқат ахуалының бiлдi бәрiн.
Уәзiр де бастан-аяқ айтып бердi,
Дұшпаннан қорлық көрiп тұрғандарын.
— Шаһардың азық, ауқат-тамақтары,
Бұл уақта ада болып, бiттi бәрi.
Аштықтан ылаж болмай дарбаза ашып,
Әнтарды ендi тұрмыз кiргiзгелi.
Орқа айтты: — Мен жолықтым керуенге,
Ол айтты болған iстiң бәрiн мұнда.
Сырттағы дұшпандарға бiлдiрместен,
Түн қатып жасырынып келдiм мұнда.
Қамалып жатқанменен бiтпес жұмыс,
Болмайды мард адамға ылайық бұл iс.
Ертемен дарбазаның құлпын ашып,
Шығалық дұшпанменен қылмаққа ұрыс.
Ол уәзiр мұны естiп көп қуанды,
Ұрғызып ұрыс дабылын, кернай шалды.
Шаһардың сыртындағы көп кәпiрлер
Есiтiп бұл қалай деп қайран қалды.
Аттанып Мәлiк Әнтар қамын ойлап,
Майданға барып тұрды сапын байлап.
«Қалайша бұлар бүгiн күшейдi?» — деп,
Тұрарды Әнтар патша кеулiнде ойлап.
Йеменнiң әскерi де келiп тұрды,
Оң-солын бiрдей қылып сапын құрды.
Орақа көп әскерден жалғыз шығып,
Майданға ат ойнатып барып кiрдi.
Бiр кәпiр Орақаға жетiп келдi,
Екеуi бел байласып ұрысқа ендi.
Орқаның бiр сiлтеген қылышымен
Белiнен тең бөлiнiп жанын бердi.
Көргеннiң тәнсiн еттi бәрi әмма,
Бiр кәпiр ат ойнатып келдi және.
Орақа қылышпенен басына ұрды,
Қалқанын тұтқанына болмай шама.
Мұның да басын кесiп қатыл еттi,
Кәпiрден бiр палуан және жеттi.
Орқаның бiр сiлтеген қылышымен
Басынан тең бөлiнiп өлiп кеттi.
Бiрi өлсе, келер едi және бiрi,
Келгенi қайтпас едi әр кез тiрi.
Кезекпен кешке дейiн майданға енiп,
Кәпiрден алпыс өлдi ошал күнi.
Бұл iске Мәлiк Әнтар қапаланып,
Кеш болып шатырына түстi барып.
— Бұл жалғыз қайдан келген бала-дүр? — деп,
Бiлмекке ақыл жетпей қайран қалып.
Орқаны құрмет етiп артық анша,
Тұрарды қызметiнде тамам барша.
Ол түндi шаттықпенен өткiзердi,
Тамаша ойын-күлкi қылып қанша.
Таң атып жердiң жүзi жарық болып,
Майданға Орқа келдi ат ойнатып.
— Бiреуiң басын кесiп ап кел, — дедi,
Әскерге Мәлiк Әнтар бұйрық қылып.
Бiр палуан шауып келдi қамшы ұрып,
Шаншыды найзаменен қарсы тұрып.
Орақа ақырында бiр ұрғанмен,
Өлтiрдi ол палуанды набут қылып.
Палуандар кезекпенен келiп тұрды,
Орақа бiр-бiр ұрып өлтiрердi.
Сол күнi түс уақыты болғанынша
Кәпiрден жүз адамды набут қылды.
Әнтардың онан кейiн тiлiн алмай,
Орқаның ұрысына тұрды бармай.
— Жабылып бәрiң бiрдей ат қой, — дедi,
Жалғыздап бар демекке лажы қалмай.
Есiтiп патшасынан бұл хабарды,
Ат қойды қарап тұрмай тамам бәрi.
Орқаны ортаға алып қамар едi,
Көптiкпен күш көрсетiп өлтiргелi.
Орақа ұрыспаққа өзiн сайлап,
Барлығын жарағының даяр әйлап.
Iшiне жалғыз өзi араласты,
Жасқанбай жалғызбын деп кеулiнде ойлап.
Кәпiрдiң әскерi һәм қылып қайрат,
Орқаға ұмтыларды жүгiртiп ат.
Кеулiнде намыстанып ұрсар едi,
«Қырды, — деп, — бәрiмiздi бiр адамзат».
Орақа жалғыз өзi бұзып бәрiн,
Қосарды бiреуiне бiреулерiн.
Майданнан бет қайтарып қашырарды,
Тұрмаққа тағат етiп қоймай әлiн.
Аз уақта көп адамдар кеттi өлiп,
Арықтан қандар ақты судай болып.
Әскердiң бет қайтарып бәрi қашты,
Батырлық Орақаның сұстын көрiп.
Кеш болып жай-жайына кеттi қайтып,
Алдынан қарсы шығып уәзiр барып,
Шаһарға құрметпенен алып келiп,
Сарайға отырғызды төсек салып.
Әр түрлi тамақтарды даяр етiп,
Қоярды мезгiл-мезгiл алдына алып.
Зауық етiп тамашамен отырарды,
Кеулiне баршасының шаттық жетiп.
Бар едi Әнтаршаның бiр уәзiрi,
Өзiмен бiр тұратын әрбiр күнi.
— Ахуалын бұл жалғыздың бiлемiн, — деп,
Әнтарға да қол қусырып айтты мұны.
— Ей, патшам, бұл жалғыздың араб заты,
Орақа Қамам ұлы болған аты.
Бiздегi Сәлiмшенiң жиенi бұл,
Үкiмiнде Нәби Шайбан тамам халқы.
Палуан батыр туған бұл шерi, нар,
Патшасы Бәни Сайбтың Бәни Омар.
Майданда бұл Орқаға қарсы келiп,
Омардың басын кесiп өлтiрдiлер.
Болмайды ұрысқанмен мұны жеңiп,
Кеулiме менiң тұрар бiр iс келiп.
Әгарда оны iстесең ұрысбақтан,
Тоқтарды өз кеулiне қиял кiрiп.
Майданның ортасына дар құрдырып,
Сәлiмдi пенделермен әзiр қылып.
Барлығын арқан байлап дарға тартсақ,
Көзiне Орақаның көрсеттiрiп.
Кеулiне Орақаның қайғы жетер,
Онан соң өз жұртына қайтып кетер.
Сәлiмше нағашысы өлгеннен соң,
Бiздермен ұрыс қылмас құры бекер.
Уәзiрдiң мақұл келiп бұл айтқаны,
Майданға таң атқан соң келдi бәрi.
Айтылған алпыс уәзiр сардарымен
Тартқалы алып келдi Сәлiмшенi.
Майданның ортасына құрдырып дар,
Тартқалы пенделердi апардылар,
Орқамен Йемен халқы мұны көрiп,
Көзiнен жасын төгiп жылады зар.
Дер едi: — Есiл патша пенде болып,
Ақыры дар басында кетер өлiп.
Бiздердiң өлгенiмiз көп жақсы едi,
Тұрғанша кемшiлiкте мұны көрiп.
Орқаның мұны көрiп қайғысы артты,
Қайраты ашуланып келдi қатты.
— Сiздер де қарап тұрмай ат қойғын, — деп,
Орақа әскерлер мен уәзiрге айтты.
Атқа мiнiп, қамшы ұрып ғазаптанып,
Дар тұрған жерге ұрды өзiн барып.
Сәлiмдi ажыратпаққа талап еттi,
Әнтардың әскерiне қырғын салып.
Уәзiрмен Йемен халқы тұрмай қарап,
Баршасы ат қоймаққа қылды талап.
Дар тұрған Сәлiмшеге ұмтыларды,
Ешбiрi шегiнбедi жан сауғалап.
Халқына Әнтар айтты қылып пәрмен:
— Ұрысқын жан аямай Орақамен.
Сәлiм мен пенделерден ажырап қалсақ,
Кеуiлден өмiр бойы кетпес арман.
Кәпiрлер патшасынан мұны естiп,
Қайраты баршасының әдден өтiп,
Майданға бәрi бiрден ат қойдылар,
Кеулiнде тiккен дарды нышан етiп.
Пенделер дар түбiнде тұрып қалды,
Ат қойып екi әскер ортаға алды.
Бiр-бiрiн дардан айдап шықпақ үшiн,
Аянбай қан төгiсiп ұрысарды.
Орақа ол ұрыста қылып қайрат,
Iлгерi ұмтыларды жүгiртiп ат.
Ажыратып Сәлiмшенi алмағына,
Кәпiрлер қоймас едi берiп пұрсат.
Бұл ұрыс қатты болды әдден асып,
Қылыштан су орнына қандар шашып.
Қырылып қанша адамдар өлiп кеттi,
Бармаққа дар түбiне көп таласып.
Орқаның ашуланып қайраты асты,
Алдына кез келгенiн шауып, шанышты.
Аралап көп әскердiң iшiменен,
Ақыры дарға келiп жақындасты.
Кәпiрдiң қысылғаны әдден өттi,
Аянбай жаннан кешiп ұрыс еттi.
Алмаққа пенделердi шама болмай,
Сәлiмдi кейiн қарай алып кеттi.
Сәлiмнiң кеткендiгiн Орқа көрiп,
Қайғы-қам, көп қапалық кеулiне енiп,
Тағасы Сәлiмшенi ажыратпаққа
Аянбай ұрыстылар көп зор берiп.
Бұл ұрыс қатты болып әдден асты,
Кәпiрлер жеткiзбестен алып қашты.
Ақыры Әнтар патша тұрған жайға
Орақа жалғыз өзi жақындасты.
Қылышын қолына алып жалаңаштап,
Әнтарға жетiп барды өзiн растап.
Ұрғызбай Әнтар патша аман қалды,
Атының бiр жанына өзiн тастап.
Үстiне тездiкпенен Орқа барды,
Мойнына тұзақ қылып арқан салды.
Әнтардың ажырауына шама келмей,
Орақа ат үстiнен тартып алды.
Ұстады белбеуiнен қолын салып,
Өңгердi доптай қылып алдына алып.
Атының мойнын бұрып қайта жүрдi,
Алдына кез келгенiн қойдай қырып.
Кәпiрдiң мұны көрiп қосындары,
Ат қойды аянбастан тамам бәрi.
Ажыратып патшасын алмақ үшiн,
Жiбермей ортаға алды Орақаны.
Орақа қарсысына келгендерiн
Қылышпен өлтiрердi ұрып бәрiн.
Ешбiрi жақынына келмес едi,
Бұрыннан көргеннен соң күшiн оның.
Йеменнiң әскерi мен уәзiрi және,
Артынан келер едi бәрi әмма.
Бұлардың ортасына келгеннен соң,
Кәпiрлер қайтып кеттi болмай шама.
Әнтарды уәзiр көрiп көп қуанып,
Орқаның үзеңгiсiн сүйдi барып.
— Орқажан, баһадүрлiк iс қылдыңыз,
Әнтарды пенде қылып ұстап алып.
Бiздерге бұл Әнтарша не қылмаған,
Қамады алты ай жатып бермей аман.
Батырлық қайратыңыз сабасында,
Дұшпанды пенде қылдың үшбу заман.
Осындай мақтау айтып бiрнеше сөз,
Шаһарға қуанышпен қайттылар тез.
Бұл Әнтар қолда тұрған уақтысында,
Сәлiмдi өлтiрмес деп асыл әр кез.
Дардағы алпыс уәзiр әмiрлерiн,
Ажыратып байлауынан алды бәрiн.
Сәлiмнiң ордасына барып түстi,
Шығарып кеуiлдегi қайғы-қамын.
Әнтардың қосындары қайғыланып,
Өзiнiң шатырына түстi барып.
Қай түрлi қыламыз деп кеңесердi,
Бас қосып бiр-бiрiне ақыл салып.
Бар едi ақыл дана бiр уәзiрi,
Халқына хабар берiп айтты мұны.
Орқаға таң атқан соң қағаз алып,
Бiздерден елшi болып барсын бiрi.
Арада дұшпандықтың бәрiн қойып,
Тұралық бұдан кейiн тату болып.
Тағына патшаларды отырталық,
Тоқтатпай қолымызға қайтып берiп.
Кәпiрлер осы түрлi жазып нама,
Қол қойды кәттәсiнiң бәрi және.
Ортаға елшi қылып жiбердiлер,
Белгiлi бiр адамын ақыл, дана.
Орқаға елшi келдi берiп сәлем,
Тапсырды қолындағы қағазды һәм.
Мазмұнын барша халық хабарланды,
Қағаздың оқып көрiп бәрiн тамам.
Оңаша бiр бөлмеге елшiнi елiттi,
Отырып көп халайық кеңес еттi.
Ажыратып Сәлiмшенi алалық деп,
Әнтарды қайтармаққа кеулi кеттi.
— Алып кел таң атқан соң Сәлiмшенi,
Бiз дағы апаралық бұл патшаны.
Қасына ешбiр адам жолдас болмай,
Халқына жалғыз келсiн екеулерi.
Елшi адам бұл айтқанын қабыл етiп,
Тездiкпен қосына қалды кетiп.
Таң атып дүние жарық болғаннан соң,
Майданға патшаларды келдi ертiп.
Шаттықтың екi жақ та сазын шалып,
Өздi-өзi патшаларын қайтты алып.
Патшалар тәжiн киiп таққа мiнiп,
Отырды жайларында рахаттанып.
Орқаның Сәлiм патша көрiп түсiн,
Есiтiп бастан-аяқ қылған iсiн,
Жығылып аяғына бетiн сүйдi,
Таңырқап артық көрiп қайрат-күшiн.
Әнтарша қайтып барып таққа мiнiп,
Отырды уәзiрiмен кеңес құрып.
Залымдық бұл қиялды ойлар едi,
Кеулiне қапалықпен қайғы кiрiп.
Отырды өткен iске қайғыланып,
Қорлығын байлаудағы ойына алып.
Өзiнiң ақыл дана уәзiрiмен
Сөйлестi әрбiр түрлi ақыл салып.
— Халық айтар: — Әнтар патша Йемен барды,
Атырабын алты айғаша қамап қалды.
Патшасын алпыс уәзiр сардарымен
Күшпенен тiрi байлап тұтқынға алды.
Бағдаттан Орақа атты бiреу келiп,
Аштырып дарбазасын ұрысқа енiп,
Әнтардың өзiн байлап ап қойды дер,
Өлгенше сүйегiме бұл кемшiлiк.
Жалынып Орақаға хат жiберiп,
Сәлiмдi уәзiрi қайтып берiп,
Өзiнiң басын зорға босатты дер,
Осынша бiр адамнан қорлық көрiп.
Жүргенше осы түрлi сөз есiтiп,
Өлгенiм көп жақсы едi ажал жетiп.
Бұл жерден кетпей тұрып бiр амал тап,
Орқаны өлтiрелiк ылаж етiп.
Бұл сөзге ақыл таппай уәзiр, сардар,
Бастарын төмен салып отырдылар.
Бас уәзiр ақыл дана бас көтерiп,
Деп айтты: — Сөзiм тыңла, ей, шаһариар.
Майданнан терең қылып ор қаздырсақ,
Дұшпанға бiлдiрместен бетiн жапсақ.
Соғысқа ертеменен дабыл ұрып,
Майданға ат ойнатып және барсақ.
Шақырса «жекпе-жек» деп бiреу барып,
Сол уақта Орқа шығар ашуланып.
Жақындап келген уақта қайта қашса,
Қуам деп Орқа құлар орға барып.
Көп әскер бiзден барып байлап алар,
Дұшпаннан бiзге жан жоқ қарсы тұрар.
Ақылым тапқан осы, тақсыр патшам,
Амал жоқ мұнан басқа айла қылар.
Баршасы «дұрыс, — дедi, — осы ақыл»,
Патша да көп қуанып көрдi мақұл.
Ор қазып майдан жерден түнiменен,
Бiлдiрмей айламенен жапты ақыр.
Ұзыны қырық кез болды, енi — он кез,
Таң атпай асығыспен бiтiрдi тез.
Алысқа топырағын тасып кеттi,
Ор бар деп ойламас-ты көрмеген көз.
Майданға таң атқан соң бiреу барды,
«Орақа, жылдам кел» деп айғай салды.
— Мен жоқта палуан боп жүр екенсiң,
Қоймаспын мың жаныңнан бiр жаныңды.
Есiтiп Орқа мұны қаһарланып,
Майданға қылыш ұстап барды шауып.
Есiл ер залым дұшпан айласымен
Құлады қазған орға атпен барып.
Әнтардың көп әскерi шауып келiп,
Жан-жағын қоршап алды мекем етiп.
Артына екi қолын мықтап байлап,
Апарды Әнтаршаға жетелетiп.
Артықша Мәлiк Әнтар көп қуанып,
Бұл сөздi Орақаға айтты барып.
— Бұл күнi басың кесiп өлтiремiн,
Қолымнан кiм алады ажыратып.
Орқа айтты: — Ей, бейопа, кiсi өлтiрiп,
Майданда алу керек күш көрсетiп.
Сен сипат тiрi болып жүргенiмше,
Өлгенiм көп жақсы-дүр ажал жетiп.
Бұл сөзге ашуланып Мәлiк Әнтар,
Деп айтты: — Майдан жайға мұны алып бар,
Қылышпен басын кесiп алып кел, — деп,
Сенiмдi бiр жiгiтiн жұмсадылар.
Ол жiгiт қылыш алып атқа мiндi,
Алдына Орақаны айдап жүрдi.
Орқаны өлтiрмекке ап келгенiн,
Сәлiмше уәзiрiмен бәрi көрдi.
Бармаққа ұрыс қылып келмей шама,
Зарланып жылар едi бәрi һәмма.
Ат мiнiп келе жатқан әскер жiгiт,
Сөз айтты «тыңлағын, — деп, — ей, Орақа».
Деп айтты: — Палуаным, бар ма арманың,
Бар болса бiреуге айтар арыз халiң.
Маған айт, сәлемiңдi жеткiземiн,
Дүниеде аман болса жалғыз жаным.
Орқа айтты: — Өлтiргелi барасың сен,
Қалайша мұндай сөздi айттың маған.
Ғапылдың себебiменен орға түсiп,
Амал не, мазағыңа ұшырадым мен.
Жiгiт айтты: — Есiңде бар ма, Орақа,
Жiбердiң қағаз берiп Сәлiмшеге.
Мен едiм хат жiберген сол жiгiтiң,
Дұшпаннан бара алмадым нағашыңа.
Мен келсем, жатқан екен дұшпан толып,
Шаһарға өте алмадым жолын тауып.
Қызметiн күндiз-түнi iстей бердiм,
Алдына Әнтаршаның жiгiт болып.
Қызметiм бұл патшаға қатты жағып,
Жалладтық қойып едi орын берiп.
«Майданға сiздi апарып өлтiр», — дедi,
Басқадан менi артықша тәуiр көрiп.
Қолыңды босатайын қойған байлап,
Қылышымды ал, атыма мiнгiн жайлап.
Қауiпсiз қазiр бейғам отырғанда,
Дұшпанмен қайта соғыс «иә, Құдайлап».
Атынан жiгiт түсiп қолын шештi,
Жүрегi Орақаның алып-ұшты.
Атқа мiнiп қосынға араласып,
Басталды өте қиын соғыс күштi.
Сәлiмше көп қуанып мұны көрiп,
Майданға көп әскермен келдi кiрiп.
Әнтардың қосынына қырғын салды,
Сәлiмнiң әскерлерi ұрысқа енiп.
Дұшпанның әскерлерi кеттi қашып,
Шатырын Йемен халқы қалды басып.
Орақа Әнтаршаның басын кесiп,
Алдына Сәлiмшенiң келдi алып.
Орқаның үзеңгiсiн сүйiп Сәлiм,
Жолына құрбан етiп мал мен жанын.
Той жасап бiр жетi күн тамаша еттi,
Тойынтып жетiм-жесiр, ғарiптерiн.
Орақа демiн алып жата тұрсын,
Сәлiмше тағасымен мәжiлiс құрсын.
Басталды ойда жоқтан бiр уақиға,
Қандырар бұл уақиға құлақ құрышын.
Саудагер жердiң жүзiн қаптап жүрген,
Түйемен шөл даланы таптап жүрген.
Әр шаһардың ханына сыйлық берiп,
Жолын ақтап дүниесiн сақтап жүрген.
Патшасы Шам шаһардың Мәлiк Мақсан,
Бiлiмi, ғылымы да жаннан асқан.
Қырық елу керуен басы саудагерлер,
Мақсанға сыйлық тартып болды мейман.
Патша айтты: — Саудагерлер, құлақ салғын,
Дүниенiң көп кезесiз шаһарларын.
Түркия, Иран, Тұран, ажам, Парсы,
Саудамен аралайсыз соның бәрiн.
Айтыңдар әр халықтың сұлу қызын,
Аралап жүресiңдер жердiң жүзiн.
Сыртынан жалған мақтап айтпаңыздар,
Өздерiң ақиқаттап көрмей көзiң.
Бiреулер «Фераң қызын сұлу» дедi,
Бiреулер «сұлу қыздар түрiкте» дедi.
Бiреулер «үндi» дедi, бiреу «парсы»,
Әрқайсысы өз көргенiн мақтай бердi.
Куфа, Бағдат, Мысыр, шаһар Басыра,
Таласып кезек бермей айтты асыға.
«Мен айтқан қыз сұлу» деп, «мен айтқан қыз»,
Мақтады бiреуiнен бiреуi асыра.
Желмаядай жеткiзбей судыр сөзге,
Сырттан ғайбат, қошемет көрер көзге.
Көп адамның iшiнен не шықпайды,
Мақтаншақ та бар екен, мылжың езбе.
Қара пейiл, ақ пейiл ойлы қырлы,
Адам ұлы бөлiнер әр мiнезге.
— Мен көрген қыз артық, — деп таласады,
Сұлу жоқ, — деп — е, тақсыр-ау, бұдан өзге.
Қалдырмай саудагерлер айттылар тез,
Қай сұлу қай шаһарда болғанын кез.
Атақты дүниедегi шаһарлардың
Мәжiлiсте бәрiн айтты қоймай әр кез.
Бiр жiгiт отыр едi болып бiрге,
Өзiне кезек келген мезгiлiнде
Патшадан түрегелiп жауап сұрап,
Сонан соң мына сөздi алды тiлге.
— Арабта Нәби Шайбан бiр қышлақ бар,
Ол халықтың Қалел, Қамам бегi болар.
Күлше деп ат қойылған Қалел қызы,
Бұл күнде балағатқа жетiп тұрлар.
Сұлулық мәртебеде мысал адам,
Тең емес ол перiге бәрi тамам.
Жүзiнiң сұлулығы күн секiлдi,
Болмаса он төртiншi маһи әлем.
Кiрпiгi оқ, қамзасы шоқ, көзi нәркес,
Ай мысал жаңа туған қиылған қас.
Лағыл ләб, аузы ғұнша, белi қылша,
Дүниеде еш адам жоқ оған ұқсас.
Ақтығы денесiнiң жауған қарша,
Жiңiшке нәзiктiгi қылдан анша.
Iшiнен iшкен асы көрiнедi,
Әр кiсi тамағына назар салса.
Құмар көз, оймақ ауыз, мұрны пiсте,
Суретiн жасай алмас ешбiр ұста.
Сипаттап порымының оннан бiрiн,
Келтiрiп айта алмаймын, тiлiм қысқа.
Жаннаттың бар деп айта-дүр ғұлманы,
Еш адам көрген емес көзбен оны.
Көз көрген бұл дүниенiң адамының,
Үр деп айтса болар ол Күлшенi.
Дәрiп қып айтқанменен қанша түрiн,
Болады айтпағандай мыңнан бiрiн.
Күлшенiң суретiне ұқсас емес,
Сұлулар өткен болса қанша бұрын.
Аралап шаһарлардың көрдiм бәрiн,
Бұлардың дәрiп етiп айтқандарын.
Күлшенiң бiр қылына арзымайды,
Көргенде қатар қойып бәрiн оның.
Жаралып бұл дүниеге әркiм келсе,
Күлшенi бiр мәртебе барып көрсе.
Еш нәрсе көрмегенге есеп болар,
Күн мысал Күлше жүзiн көрмей өлсе.
Осындай неше түрлi сөз көрсетiп,
Тоқтатты жiгiт сөзiн тамам етiп.
Күлшеге көрмей тұрып ғашық болды,
Артықша Мақсаншаның ақылы кетiп.
Патша айтты ол жiгiтке: — Ей, сөзi-дүр,
Дүрден һәм айтқан сөзiң артықша-дүр.
Не қылсам ол Күлшеге мен жетемiн,
Бұл iстiң ақиқатын маған бiлдiр.
Патшаға жiгiт айтты: — Ей, шаһариар,
Қаншама салтанатты шаһзадалар
Күлшенiң күйiгiнде жынды болып,
Тәркi етiп патшалығын жылап жүрер.
Күлшенiң оларменен жоқ-дүр iсi,
Мақсатқа жеткен емес ешбiрiсi.
Бұл уақта сiз iстейтiн бiр жұмыс бар,
Қылмаққа кеулiңiздiң болса хошы.
Бiр кеулiм — сiз болсаңыз бай саудагер,
Түйеге көп артылса дiлда мен зер.
Сарып етiп есебi жоқ көп дүние
Орынсыз әр адамға берiлселер.
Атырапқа сақилықпен атың кетсе,
Бұл сөздi Нәби Шайбан халқы естiсе.
Дүниеге адамзаттың бәрi мұқтаж,
Жолыңды келе жатқан әркiм күтсе.
Халқына Нәби Шайбан жатсаң барып,
Сақи деп әркiм келер хабарланып.
Қалелдiң қышлағында адамдарға
Аямай дүниеңiздi қылсаң сарып.
Кез келсе ғажап емес Күлше сiзге,
Адам жоқ айналмайтын алтын жезге.
Қалелдi көп дүниемен шат қылыңыз,
Айтатын ақылым жоқ мұнан өзге.
Мақсанша айтқанының бәрiн iстеп,
Жөнелдi бес жүз нарға дүние жүктеп.
Арада бiрнеше күн сапар етiп,
Халқына Нәби Шайбан келдi тiктеп.
Шыққан соң үш күн жолға қадам басып,
Көрсеттi сақилығын дүние шашып.
«Бiр сақи, бай саудагер бар екен», — деп,
Өзiнен кеттi бұрын даңқы асып.
Есiтiп Нәби Шайбан адамдары,
Сақиды көремiз деп келдi бәрi.
Қалел де көп iшiнде келген едi,
Шамада тоқсан адам едi саны.
Қымбаттан барлығына шапан жапқан,
Зияпат неше түрлi тағам тартқан.
Шапанның әрқайсысының жағасына,
Қымбатты жүз дiлдалық гауһар таққан.
Қалелге бiр арғымақ ат мiнгiзген,
Алтын мен жабдығына гауһар тiзген.
Үстiне екеуiнiң салып бердi,
Толтырып бiр қоржынды алтын, зермен.
Мақсанның Қалел көрiп бұл жұмысын,
— Артықша сақилықпен қылған, — десiн.
Ерлердiң суретiнде пормы келген,
Патшаға лайық келген реңi-түсiн.
Мұндай бай бұл дүниеге ешбiр келмес,
Бұл мысал iлгерiде болған емес.
Өмiрiнде бiр көрмеген адамдарға
Осындай есебi жоқ дүние бермес.
Қалелдiң әйелi де жақсы көрiп,
Кеулiне дүние үшiн достық енiп.
Қалелдiң отыратын ордасына
Бiр күнi Мақсан қонды жақын келiп.
Қалел әм таза күтiп үйдiң iшiн,
Жасатып кiлемменен iшi-тысын,
Мақсанды хабар берiп шақырдылар,
Ауылға мейман болып кетпек үшiн.
Есiтiп Мәлiк Мақсан көп қуанып,
Матаның қымбатынан артып алып.
Қалелге бiр бедеу ат алып жүрдi,
Үстiне алтын-күмiс жабдық салып.
Отырған мейман болып мәжiлiсте әм,
Зер берiп сақилығын қылмас-ты кем.
Қалелдiң өзiменен әйелiне
Әр түрлi гауһар бердi қымбатынан.
Кеш болып қайтпағына жауап бердi,
Өзiнiң шатырына Мақсан келдi.
Алдына сәлем берiп келгендерге
Дүниенi аямастан көп бередi.
Сол жерде Мақсан жатты қарар етiп,
Қалел де жүрер едi келiп-кетiп.
Дүниенi әр келгенде берер едi,
Артықша сақилығын құп көрсетiп.
Бар едi бiр адамы келген ерiп,
Әр iске жұмсайтұғын кеулi сенiп.
Қалелге жаушы қылып жiбермекке,
Келтiрдi ол адамды хабар берiп.
Қалелге жұмсадылар қағаз берiп,
Жолықты барған адам iшкерi енiп.
Мақсанның сәлем-нама жазған хатын
Қалелдiң өз қолына бердi елтiп.
Қалелше оқып көрiп мұны есiттi,
Қиялы әр тарапқа ауып өттi.
Ылажсыз бiр себебiн айтпақ үшiн,
Хат жазып мына сөздi баян еттi.
«Ағамыз Қамам патша бiрге туған,
Күлшенi баласына атастырған.
Екеуiн бiр-бiрiне неке қиып,
Қосылып бiрнеше күн бiрге тұрған.
Бергенбiз Орақа атты ол балаға,
Йеменге кеткен едi, жоқ-дүр мұнда.
Некелi күйеуiнен ажыратпаймын,
Қызығып опасы жоқ дүние-пұлға».
Қайтарды жауап жазып осылай деп,
Қалелдiң хатын бердi Мақсанға кеп.
Мақсанша қағазды оқып қапаланып,
Ойланды әрне қиял кеулiне көп.
Күндiз-түн көтермедi төсектен бас,
Көзiнен жатар едi ағызып жас.
Нала қып бұл ғазалды айтар едi,
Әуезi мысал болып бұлбұлға ұқсас.

Мәлiк Мақсанның жылағаны

Қай түрлi жұмыс көрмедiм,
Күлшежан, сенiң жолыңда.
Мен үшiн қайғы ойлар деп,
Болар ма ешбiр ойыңда.
Тәжi-тақтымды тәркi етiп,
Бiреудiң қойдым қолында.
Өзiңдi iздеп мен келдiм,
Саудагер түсiп порымға.
Бәрiн шаштым дүниемнiң,
Пайдасыз бекер орынға.
Сапар шектiм бейнетпен,
Келер деп iсiм орынға.
Елшi қып адам жұмсадым,
Атаңа перзент болуға.
Ырзалық атаң бермедi,
Менмендiк болып бойында.
Сұрасам сенi бермес деп,
Жоқ едi ешбiр ойымда.
Бар өмiрiм мұнда өтсе де,
Кеулiм жоқ сенi қоюға.
Өлемiн, иә аламын,
Сөзiмдi бiлме ойынға.
Халқымды сенсiз көрмейiн,
Бұл iстi алдым мойынға.
Жолыңда сенiң ырзамын,
Өлтiрiп терiм союға.
Осылай деп жатты Мақсан зарлық етiп,
Әркiмге бұл жұмыстан хабар жетiп.
Қалелден басқа адамдар тұрар едi,
Күлшенi бермектiкке кеулi кетiп.
Бiр кемпiр Мақсанға айтты: — Жаным балам,
Бұл жұмыс оңай болар, жемегiн қам.
Алдыңа аз мезгiлде келтiремiн,
Жеткiзгiн айтқанымның бәрiн тамам.
Патша айтты: — Мамажаным, бол хабардар,
Өзiмде асыл заттың бәрi де бар.
Алсаңыз қандай нәрсе, бәрi дайын,
Қайсысы өзiңiзге болса дәркар.
Көз көрiп, құлақ естiп бiлмеген жан,
Жауаһыр аспаптары бәрi нұрдан.
Зерлеген кесе-шәйнек, алтын табақ,
Мармар, күмiс көсеу, шәй дастархан.
Кемпiрдiң даяр болды тiлегенi,
Сары алтын жалтылдаған легенi.
«Әйелдiң алданатын бұйымы», — деп,
Қу кемпiр есi шығып күледi ендi.
Iшiне табақтардың алтын салып,
Бетiне жемiс қойды оның жауып.
Қалелдiң әйелiне жүрiп кеттi,
Дүниенi дастарханға орап алып.
Бiр барған қызметiне жүз дiлда алып,
Келедi сұмырай кемпiр көп қуанып.
Қалелдiң әйелiне алып келдi,
Ешкiмге көрiнбестен уақытын тауып.
Қатынға саудагердi мақтайды көп,
— Бұларды сiзге берiп жiбердi, — деп.
Күлшенiң әсiретiнде кесел болған,
Төсектен бас көтермей уайым жеп.
Бұл байға қанша жерден табылар қыз,
Күлше емес бұл дүниеге келген жалғыз.
Бiреудiң күйеу болып қызын алса,
Артынан өздерiңiз өкiнерсiз.
Осындай неше түрлi сөз көрсеттi,
Әйелi «беремiн» деп уағда еттi.
Кемпiрдiң келген iсi орындалып,
Алдына саудагердiң келiп жеттi.
Есiтiп Мақсан патша көп қуанып,
Қолынан ол кемпiрдiң сүйдi барып.
Кемпiр де қолын жайып бата берiп,
Үйiне қайтып кеттi көп дүние алып.
Алдына әйелiнiң Қалел келiп,
Шаттанды дүниенiң бәрiн көрiп.
Қалелге әйел айтты: — Бұл дүниенi
Жiберген бай саудагер бiзге берiп.
Күлшенi берелiк ол саудагерге,
Iздесең табылады онан әрне.
Сақилық турасында жұмыс қылмас,
Бұл байдан артық етiп ешбiр пенде.
Қырық күнде Орқа кеттi келемiн деп,
Бұл уақта болып кеттi үш айдан көп.
Келуге ол дүние таба алмай жүр,
Көре алмас ендi бiздi бекерге кеп.
Кеткендiк себебiнен уағдасы өтiп,
Бiздерге өкпелемес кiнә етiп.
Орақа ылажы жоқ, ақыр көнер,
Бұл Күлше саудагерге қалса кетiп.
Қатынға Қалел айтты: — Бұл сөз бекер,
Бұл iстен Күлшеге де қайғы жетер.
Күлшенi басқа адамға бергеннен соң,
Орақа бiздi қайтып көрмей кетер.
Қалелге қатын айтты мағлұм етiп:
— Бiр көрдi қаздыралық бiз түзетiп,
Күлшенiң өлiгi деп құрмет тұтып,
Қоялық қой өлiгiн оған елтiп.
Келгенде қарсы шығып Орақаға,
Құшақтап көрiселiк жылап анға.
«Дүниеден Күлше ғарiп кеттiлер», — деп,
Жыласын барғандардың бәрi және.
Бұл сөзге ылажы жоқ Орқа сенер,
Күлшенiң өлгендiгiн рас көрер.
Бiраз күн қайғыланып жылап жүрiп,
Тағдырға ырза болып ақыр көнер.
Бiлдiрдi бұл хабарды Мақсанға әм,
Саудагер көп шаттанып болды құрдам.
Қалелге есебi жоқ көп мал бердi,
Дүниенiң турасынан қылып бейғам.
Күлшемен басқа бiр қыз жақын едi,
Жасынан бiрiн-бiрi дос көрердi.
— Атаңыз саудагерге бередi, — деп,
Күлшеге ол қыз келiп хабар бердi.
Ол қыздан Күлше сұлу мұны естiп,
Далада оңашаға шықты ертiп.
«Орқаға бұл қағазды тапсыр», — дедi,
Хат жазып мына сөздi баян етiп.
— Орақа, жаным, жолдасым,
Мен түстiм және телiмге.
Арам анам ойланды
Дүние үшiн беруге.
Түсiмде көрмес бұл жұмыс,
Басыма түстi өңiмде.
Қайғымен кетiп барамын,
Амалым болмай менiң де.
Бiлмеймiн, неден болмады
Уақытыңыз жылдам келуге.
Артымнан мұнда келсеңiз,
Ол барған тұрмай жерiңде,
«Ырза боп Күлше кеттi», — деп,
Келтiрме, жаным, кеулiңе.
Жүзiктi бердiм бұл қызға,
Кеулiңiз толық сенуге.
Өзiңiзден басқа жан
Жүзiмдi келсе көруге
Iшiмдi жарып пышақпен,
Боламын ырза өлуге.
Артымнан менi iздеп кел,
Мардтығың болса сенiң де.
Қорқыныш, қайғы болмайды
Ғашықтардың елiнде.
Орқаға осы түрлi жазып нама,
Жылады кеулiн тыймай қылып нала.
«Айт, — деп, — аузыңмен де сәлемiмдi»,
Ол қызға бұл сөздердi айтты және.
— Келгенде хабар бергiн Орқаға сен,
Денемде ажал жетпей бар болса жан.
Қорқытып, иә жалынып өтiнгенмен,
Бұл байға ешбiр ырза болмай-дүр мен.
Дүниеден өлгенiмше мен Орқаны,
Кеулiмнен шығармаймын әр кез оны.
Бастағы уағдасында тұрған болса,
Артымнан iздеп келсiн Орқа менi.
Йеменге кеткенiнде Орқа ғарiп,
Қолымнан жүзiгiмдi менiң алып,
«Екеумiз көзiмiздей көрейiк», — деп,
Кетiп ед өз жүзiгiн маған салып.
Аманат бұл жүзiктi бердiм саған,
Орақа келгенiнше жүрсең аман.
Бұл айтқан сәлемiмдi түгел айтып,
Тапсырғын жүзiк, хатын келген заман.
Күлшенiң қайғысына құлақ салмай,
Орқаның қапалығын кеулiне алмай,
Зорлықпен саудагерге басып бердi,
Тұрса да Күлше байғұс ырзаланбай.
Жүретiн мезгiлiнде Мәлiк Мақсан,
Өз жайын баян етiп айтты бастан.
— Жиналған халайықтар, естiсеңiз,
Мен өзiм Шам шаһарының патшасымын.
Жалғаннан саудагер болып келiп едiм,
Күлшенi бұл ақылмен алсам дедiм.
Ойлаған бұл қиялым дұрыс болып,
Iздеген мақсатымның жүзiн көрдiм.
Атым деп Мәлiк Мақсан амандасып,
Күлшенi алғанына кеулi тасып,
Сапар ғып Шам шаһарына жүрiп кеттi,
Бұрынғы келген жолымен қадам басып.
Жол жүрiп шаттықпенен сырнай шалып,
Шаһарға қуанышпен кiрдi барып.
Той берiп, бiрнеше күн халқын жинап,
Тағында отырдылар қарар алып.
Бiр түнi Мәлiк Мақсан iшке ендi,
Сарайға Күлше отырған жалғыз келдi.
Қасына жақын келiп қолын созып,
Кеулiнде ойнамақтан хабар бердi.
Мақсанның жаман пейiлiн Күлше бiлiп,
Орнынан тездiкпенен жылдам тұрып,
Ашумен осы түрлi сөз сөйледi,
Өзiнiң қанжарына қолын ұрып.
Күлше айтты Мақсаншаға: — Бұл қалай? — деп,
Бiр әйел екi ерге тимегей еш.
Мұсылман шариғаты Ислам дiнде,
Бұл түрлi болған iстi ешкiм бiлмес.
Орқаға сiзден бұрын менi бердi,
Молдалар неке қиып қосып едi.
Дүниеде Орқа тiрi тұрған уақта
Боламын сiзге әйел қалайша ендi.
Жолына шариғаттың ырзаланып,
Бұл iстi қоймасаңыз тiлiмдi алып,
Қолыма ұстап тұрған бұл қанжармен
Өзiмдi өлтiремiн iшiм жарып.
Осындай Мақсаншаға сөз айтып көп,
Қанжарын көкiрегiне таяды кеп.
Өлмекке жанын қиып қиял еттi,
«Қаныма, Мақсан патша, қаласың», — деп.
Күлшенiң Мәлiк Мақсан пейiлiн танып,
Тездiкпен қанжарынан тұтты барып.
Күлшежан бекер өлiп кетпесiн деп,
Сөйледi мына сөздi аузына алып.
Айтты: — Мәлiм болды бұл жұмысың,
Қайратпен жаның қиып қылған iсiң.
Ақиқат көзiм жеттi, өлсең керек
Қосылған неке қиып Орақа үшiн.
Тастадым мен нәпсiмдi мүлде берiп,
Бекерге жаның қиып кетпе өлiп.
Бұл үйде қайғы көрмей отыра бер,
Сен маған ақыреттiк сiңiлi болып.
Орқаны есiтемiн палуан деп,
Егерде мәлiм болса артыңнан кеп,
Өзiңдi ырзалықпен мен беремiн,
Уағдама опа қылып шаттанып көп.
Мақсаннан Күлше сұлу мұны естiп,
Орнынан түрегелiп тағзым етiп,
Аяғын көзге сүртiп құшақтады,
Кеулiнде қуанғаны әдден өтiп.
«Болдың, — деп, — қарындасым» көп сөз айтып,
Ордаға Мәлiк Мақсан кеттi қайтып.
Рахатта Күлше сұлу отырдылар,
Шаттығы кеулiндегi әдден артып.
Отырсында рахаттанып Күлше мұнда,
Орқадан сөз айталық, ендi тыңда.
Iшiп-жеп рахаттанып бiр ай жатты
Сәлiмше тағасының мәжiлiсiнде.
Осындай бiрнеше күн арада өттi,
Қайтпаққа Орақаның кеулi кеттi.
Сәлiм нағашысы ырзалықпен
Орқаны қайтармаққа талап еттi.
Келтiрiп қатар қойып көп түйенi,
Мата мен қымбат баға жүктедi әнi.
Шайы, әдiрес, атлас, қымқап, торғын, мауыт,
Асыл тас, алтын-күмiс, тiлла, зерi.
Жабдықты ат, бес жүз түйе қазынамен,
Дүниенiң турасынан қылды бейғам.
Босатқан Орақаны ол жiгiтке,
Көп бердi алтын-күмiс, дүние-малдан.
Отыз құл және бердi отыз шоры,
Есепсiз дүниеге жеттi қолы.
Алтыннан қазан-ошақ, аяқ-табақ,
Артылды түйелерге қазына толы.
Орақа қош айтысып жүрiп кеттi,
Шайбанға бiр күндерде келiп жеттi.
Түйенi жiгiттерге жетелетiп,
Қалелдiң ордасына жақын келдi.
Бiр жүз төрт күн жол жүрiп Орқа келдi,
Қазынасы үш жүз түйе бiрге келдi.
Мақсанның Күлшенi алып кеткенiне
Жаңадан он екi күн болған едi.
Орқаны бұлар көрiп жылапты зар,
Құшақтап «Күлше өлдi» деп көрiстiлер.
Орақа аттан құлап, естен танды,
Қалелше басын сүйеп отырдылар.
Бiр уақытта есiн жиып бас көтердi,
Паралап киiмдерiн жыртар едi.
— Бұл дүние ендi маған арамсың, — деп,
Әр заман жерге басын ұрар едi.
Айтады: — Күлше жаным, кеттiң өтiп,
Артыңа менi тастап сарсаң етiп.
Өзiңе жылдам барып жолығар ем,
Тездiкпен өлiп кетсем ажал жетiп.
Барша халық Орқаға айтты: — Сабыр әйла,
Бекерге өлгенiңнен жоқ-дүр пайда.
Қаспенен өлгендерге кәпiрлiктiң
Қаупi бар, мұсылмансың, оны да ойла.
Орқа айтты: — Күлшежанның қабiрi қайда?
Алып бар сiздер менi ошал жайға.
Топырағын көзге сүртiп құшақтасам,
Жаныма болар ма екен менiң пайда.
Бұл сөздi көп адамдар мақұл көрдi,
Қой көмген мазаратқа алып келдi.
«Күлшенiң гүлi солған жайы бұл», — деп,
Көрсетiп топырағын айтып бердi.
Мазарға Орқа келiп өзiн ұрды,
Ұстап топырағын көзге сүрдi.
— Күлшежан, халiң қандай, мен келдiм, — деп,
Көзiнен жасын төгiп зары қылды.
Дер едi: — Күлше ғарiп қамда қалған,
Мехнатқа өз ашығын тастап барған.
Аз мезгiл мен келгенше сабыр етпей,
Астынан қара жердiң орын алған.
Бұл күнi тiленемiн аузыма алып,
Қасыңа бiрге жатсам мен де барып.
Жатқаным жер астында көп жақсы едi,
Дүниеде жүргенiмше сенен қалып.
Уағдам сол, қалған өмiрiм болса қанша,
Дүниеден ажал жетiп өлген аңша.
Мүрдеңдi мекен етiп отырамын,
Басыңда өтсе керек өмiрiм барша.
Осындай көп сөз айтып жылады зар,
Аһ ұрып болар едi көп бейқарар.
Өз кеулiн тоқтата алмай зары қылып,
«Күлше» деп бұл ғазалды айтардылар:
— Жатырмысың, Күлшежан,
Қараңғы көрдiң iшiнде.
Бұл халде сенi көрем деп,
Жоқ едi өңiм-түсiмде.
Терiс жұмыс болмайды
Тағдырдың жазған iсiнде.
Жүзiңдi тоя көре алмай,
Арманым кеттi iшiмде.
Құдайдан және қорқамын
Тiрiдей көрге түсуге.
Бұрынғы болған жұмыстай,
Бiреудiң кетсек күшiнде.
Болмаса да жанымда
Өзiмнен басқа кiсiм де.
Ұрысып өлiп ырза едiм,
Ажалдан шарап iшуге.
Құм-топырақпен бiр жатып,
Қай түрлi болды ажарың.
Басыңа келiп отырмын,
Түсе ме маған назарың.
Құлағыңа бара ма
Бұл айтқан менiң ғазалым.
Тағдырда егер жазылып,
Жақында жетсе ажалым,
Қуанар едiм шат болып,
Iздеген бұл деп базарым.
Мүрдеңдi күтiп отырмын,
Мен күтiп уақтын қазаның.
Ендiгi кеулiм — өзiңмен
Бiр болса мүрде, мазарым.
Осылай деп қылар едi аһ зары,
Есiтiп Нәби Шайбан адамдары,
Iлгерi қылғанына көп өкiнiп,
Өзiнiң жайларына қайтты бәрi.
Қабiрде Орақа өзi жалғыз қалды,
Кетпестен күндiз-түнi отырарды.
Бiр сағат бөтен жаққа мойын бұрмай,
Қабiрде қырық күн, қырық түн жатып алды.
Iлгерi айтып едiк қыздың халiн,
Күлшенiң қағаз берiп кеткендерiн.
Халықтан жасырынып түнде барды,
Орқаға бiлдiрмекке бұл хабарын.
Қыз айтты: — Кеселiңнiң дауасы бар,
Өзiңе баян етсем жазылурлар.
Бiр сағат бас көтерiп құлақ салсаң,
Дертiңе бiр жақсылық болғай хабар.
Орқа айтты: — Бұл қабiрден бас көтерiп,
Сөзiңе отырмаймын жауап берiп.
Дауасы бұл кеселдiң дүниеде жоқ,
Қалайша мен тыңдаймын кеулiм сенiп.
Қыз айтты: — Орақажан, тыңдағын сен,
Күлшенiң бiлдiрейiн хабарын мен.
Дүниеде тiрлiгiн есiткен соң,
Қуанып жазыларсың кеселiңнен.
Орақа мұны естiп бас көтерiп,
Аяғын құшақтады қыздың келiп.
Деп айтты: — Жаным құрбан, баян еткiл,
Күлшеге жолыққансың қайда жүрiп?
Қыз айтты: — Мүрдесi емес бұл Күлшенiң,
Бiр қойдың өлiгi бар iшiнде оның.
Сөзiмнiң растығына бұл жүзiк пен
Қағазын қолыңа алып оқып көргiн.
Мұны айтып жүзiк, хатын бердi алып,
Орақа оқып көрдi назар салып.
Аһ ұрып есiн бiлмей жатып қалды,
Жүзiк пен Күлше жазған хатын танып.
Орқа айтты есiн жиып: — Бұл қалай сыр,
Себебi жүзiк, хаттың қалайша-дүр?
Тездiкпен ақиқатын баян әйла,
Денемнен шықпаққа жан жақындап тұр.
Қыз айтты: — Өлген емес, Күлше тiрi,
Бұл халықтың өлдi деген бекер тiлi.
Көр қазып, қой өлiгiн жерге көмiп,
Өзiңдi сендiрмекке қылған мұны.
Шам шаһы Мәлiк Мақсан мұнда келiп,
Күлшенiң ашық болған жүзiн көрiп.
Өзiне барша халықты жақын қылды,
Есепсiз алтын-күмiс дүние берiп.
Көп берiп алтын-күмiс Қалелге һәм,
Дүниесiн сан жетпейтiн бердi оған.
Күлшенi Мақсаншаға некеледi,
Уағдасын қолдан бұзып сiзге айтқан.
Мақсанға кететiнiн Күлше бiлiп,
Оңаша менiменен бiрге отырып,
Өзiңе, Орақажан, сәлем айтты,
Кеулiнiң сiзде екенiн ол бiлдiрiп.
Күлше айтты: — Тәнде болса аманат жан,
Мақсанға өлгенше ырза болмаймын мен.
Өзiмдi пышақ салып өлтiремiн,
Бiрiгiп жатқанымша оныменен.
Орқаны ұмытпаймын, әсiлi, әр кез,
Кетсем де алыс жерге, көрмеске көз.
Ажалдан, апаттардан аман болса,
Артымнан менi iздеп келсiнлер тез.
Орқажан, сенбесеңiз айтқан сөзге,
Қараңыз бұл мүрденi ашып тезде.
Iшiнен өлiп жатқан бiр қой шығар,
Мүрдеде еш нәрсе жоқ одан өзге.
Орақа мұны естiп көп қуанып,
Мүрденi өз қолымен ашты барып.
Iшiнен кебiндеген бiр қой шықты,
Қараса тысқарыға өлiгiн алып.
Орқа айтты: — Ей, жаным қыз, айтып мұны,
Кеулiмдi қуандырдың үшбу күнi.
Баршадан дәрежеңдi асырамын,
Дүниеде өлiп кетпей жүрсем тiрi.
Орақа қаһары келiп қайраттанып,
Көтерiп қой өлiгiн қолына алып,
Қалелдiң өзi менен әйелiне,
Тастады қой өлiгiн алып барып.
— Ұялмай басқа халықтан менен және,
Күлшенi күшпен бердiң Мақсаншаға.
Айла қып қой өлiгiн жерге көмiп,
Бар едi дұшпандығың қанша менде.
Жүресiң мұсылмандық ләпiн ұрып,
Тұтпайсың шариғатты бiлiп тұрып.
Құдайдан қорықпай, ұялмай адамдардан,
Екi ерге қалай бердiң неке қиып?
Қай оймен, қай пиғылмен қылдың мұны,
Бұл iстi кәпiр қылмас, басқа дiнi.
Қырық күндей қой өлiгiн күзеттiрiп,
Кеулiңнiң менде бар ма дұшпандығы?!
Егерде болмағанда аталығың,
Көрсетiп дұшпандықтың саған түрiн,
Басыңды қылышпенен кесер едiм,
Әнтарменен Бәни Омардың салып күшiн.
Егерде дүние болса iздегенiң,
Құлдар мен түйелерге артқан малын
Йеменде Сәлiмшеден алып келдiм,
Еге боп жинап алғын соның бәрiн.
Орақа осы түрлi әр сөздi деп,
Қалелдi әдеп тұтпай сөктiлер көп.
Қалелше сөйлей алмай тұрар едi,
Қорыққаны, ұялғаны кеулiне кеп.
Орақа найза, қылыш жарақтарын,
Қалдырмай даяр етiп алды бәрiн.
Атына ашуменен қамшы басып,
Артынан жүрiп кеттi Мақсаншаның.

Әлқисса, Орақаның жолда бара жатып айтқан ғазалы:

— Күлшежан, сенiң жолыңда,
Қай түрлi мехнат көрмедiм.
Көрмеген iсiм жалғыз-ақ —
Ажалым жетiп өлмедiм.
Бұл түрлi жұмыс көргеннен,
Жақсы едi менiң өлгенiм.
Мүрдесiн қойдың күзеттiм,
Айтқан соң сен деп көмгенiң.
Қыз келiп хабар бергенде,
«Жалған, — деп, — сөзiң» сенбедiм.
Кеулiмдi ақыр сендiрдi,
Жүзiк пен хатты бергенiң.
Жөнiңдi бiлiп артыңнан,
Барайын iздеп мен дедiм.
Келсiн деп маған айтқанда,
Кеулiңе қайсы келгенiң.
Мақсанның сансыз қолымен
Қалайша болар тең дедiң.
Ақылға тура келе ме,
Ұрысып бәрiн жеңбегiм.
Арманың екен де, жолыңда
Жанымды менiң бермегiм.
Мехнатпен iздеп келген соң,
Жақсы едi сенi көргенiм.
Бiр көрмей өлсем дүниеде,
Бекерге кетер еңбегiм.
Тәуекел етiп келемiн,
Ғазалым болып ермегiм.
Осылай деп көп сөз айтып жолды басып,
Далада рахат көрмей арып-ашып,
Бiр күнi Мақсан тұрған Шам шаһардың
Қасына келiп қонды жақындасып.
Хабарсыз еш нәрседен келер едi,
Алдынан пайда болған бiр шаң көрдi.
Кигенi өңшең темiр үстiндегi,
Қырық адам шаң iшiнен шығып келдi.
— Ей, жалғыз, қайда кетiп барасың? — деп,
Сап тартты Орақаның алдына кеп.
Деп айтты: — Ат-тоныңды тастап шыққыл,
Бекерге аял етiп тоқталмай көп.
Болмаса басың кесiп өлтiремiз,
Жаныңнан үмiт қылсаң, тастағын тез.
Әлемге аты шыққан қырық палуан бiз,
Қашқанмен құтылмайсың бiзден әр кез.
Орқа айтты: — Мен тұрмын сiздi көрiп,
Ажалға ұшырадыңдар мұнда келiп.
Ат-тоны әр адамның өзiне олжа,
Қайтып кет, жiбергенiм рақым етiп.
Орқаға бәрi бiрден ашу айтып,
Бiреуi жалғыз шықты ат ойнатып.
Оқ салып садағына даяр қылды,
— Өлместен кетесiң, — деп, — ендi қайтып.
Орқа да садағына қолын салды,
Көкiрегi ортасынан нышан алды.
— Ажалың жеткен екен, әзiр бол, — деп,
Өзiнiң қуатымен тартып қалды.
Оқ келiп көкiрегiне ұшырасып кез,
Тоқталмай арқасынан өттiлер тез.
Атынан омақасып жерге түсiп,
Денеден жаны шықты айтқанша сөз.
Жығылып аттан жерге өлiп жатты,
Бұл iстен өзгелерi хабар тапты.
«Бұл қандай бiзге келген бәле-дүр?» — деп,
Жабылып бәрi бiрдей қойды атты.
Орақа бет қайтармай қарсы тұрып,
Қылышын қынабынан әм суырып.
Алдынан айғай салып тұра ұмтылды,
Арыстан мысалында өзiн ұрып.
Орқаға жақын келсе қайсыбiрi,
Қылышымен шабар едi Орқа оны.
Не басын, не денесiн кесiп кетiп,
Өлердi жанын берiп қалмай тiрi.
Олар да шабар едi, шаншар едi,
Iс қылып бұл жалғызды алсақ дердi.
Есiл ер дұшпанының көптiгiнен,
Денеге жарақатын өткерердi.
Кеулiнде Орқа айтарды: «бұл адамдар,
Баршасы палуан екен, құп шерi, нар.
Қаншама күш көрсетiп өлтiргенмен,
Қашуға ойламасты, қарсы тұрар».
Жарақат Орқаға да артық өтiп,
Жүрердi сыр берместен ұрыс етiп.
Қашырды майдан жайдан дұшмандарды,
Қайратпен жалғыз өзi күш көрсетiп.
Ұрыға отыз екi ажал жеттi,
Сегiзi жаралы боп қашып кеттi.
Орқаның жарасынан көп қан ағып,
Жанына қиналғаны жаман өттi.
Жолымен жүрiп кеттi бiр тоқталмай,
Рахат қайдан болар, жан қиналмай.
Сол күнi күн батқаннан таң атқанша,
Жол жүрдi бiр мәртебе демiн алмай.
Ат тоқтап оттамаққа басын салды,
Орақа бiр ағашқа түсiп қалды.
Жарақат денелерi, қып-қызыл қан,
Сол жерде есiн бiлмей жатып қалды.
Орқаны бұл ахуалда қоя тұрып,
Айтайын және бiр сөз мен бiлдiрiп.
Сол күнi Мәлiк Мақсан жiгiттермен,
Далаға шығып едi сайран қылып.
Қасына ол ағаштың келдi жақын,
Орқаның оттап жүрген көрдi атын.
Ат тұрған ол ағашқа бұлар келдi,
Көзiмен көрмек үшiн ақиқатын.
Қараса, бiр жас жiгiт жүзi нұрлы,
Айбаты, саясаты әрбiр түрлi.
Мақсанша жолдастарымен жерге түсiп,
«Бұл қалай әдиса?» — деп тәнсiн қылды.
Демiне қарадылар құлақ салып,
Леп тартып жатыр екен демiн алып.
— Бұл ердiң жарасына лажы қыл, — деп,
Әмiр еттi лоқтырына жүрген алып.
Бас локтыр жарақаттың тiгiп бәрiн,
Әр түрлi жағып қойды дәрiлерiн.
Орақа сол уақытта есiн жиып,
Өзiнiң көзiн ашып бiлдi халiн.
Бiр адам Орқаға айтты бұл хабардар:
— Шам шаһы Мәлiк Мақсан мұнда тұрар.
Өзiнiң бас лоқтырын алып келiп,
Тiктiрiп жараларын дәрi жағар.
Әй, жiгiт, сенiң өзiң кiм ерүрсан,
Денеңнiң сау жерi жоқ, қып-қызыл қан.
Қай жерден түн iшiнде мұнда келдiң,
Өзiңдi қайсы дұшпан мұндай қылған?
Кеулiне Орақаның қиял келдi:
«Күлшенi Мақсан алып кеткен едi.
Бұрынғы атастырған күйеуi деп,
Атымды хабарланған, бұл бiледi.
Жасырмай өз атымды айтсам егер,
Бұл халде жатқанымда өлтiрерлер.
Күлшенiң турасында кетпейтұғын,
Кеулiнiң менiменен қысасы бар».
Мұны ойлап Орақа айтты: — Жайым — Бағдат,
Өзiме Жаһия деп қойылған ат.
Бұл жұртқа сауда қылып келер едiм,
Мата артып түйелерге әрқандай зат.
Жақындап бұл араға келiп едiм,
Жол тосқан қырық ұрыға қарсы келдiм.
Алғалы олар менi ұмтылған соң,
Таласып дүниеме, ұрысқа ендiм.
Болғандық себебiнен ұрылар көп,
Әлсiреп қалған едiм жарақат жеп.
Атымның жалын құшып естен танып,
Бiлмеймiн жығылыппын бұл жерге кеп.
Олар да қылыш жұмсап, найза шаншып,
Ұрысты дұшмандығы әдден асып.
Ұрыны отыз екi мен өлтiрдiм,
Қалғаны малымды алып кеттi қашып.
Мақсанша Орақадан мұны естiп,
Ойланды өз кеулiне қиял жетiп:
«Бұл адам хабар берген қырық ұрыдан
Халқыма тұрар едi зиян жетiп.
Жiбердiм бiрнеше мың бұрын әскер,
Сап байлап қатар тұрып ұрыстылар.
Қашырып әскерiме қырғын салып,
Ренжiтiп жүрушi едi берiп азар.
Бұл адам жалғыз өзi қарсы тұрып,
Бел байлап аянбастан ұрыс қылып.
Әскерiнiң бес мыңына күшi келген,
Қашырса қырық палуанның көбiн қырып.
Саудагер мұндай iстi қылмас әр кез,
Ақылға тура келмес бұл айтқан сөз.
Порымында батырлықтың белгiсi бар,
Дүниенiң палуаны-дүр көрмекке көз».
Мақсанша лоқтырға айтты осы күнi:
— Ордаға тездiкпенен апар мұны.
Жарасын дәрi жағып жылдам жазғын,
Қасынан кетпей тұрып күндiз-түнi.
Егерде бұл кеселiн түзетсең сен,
Дүниенi қалауыңша беремiн мен.
Жазылмай осы кесел өлiп кетсе,
Өзiңдi бiр көмемiн мұныменен.
Жатқызып ызба iшiкке Орақаны,
Ордаға лоқтырменен қайтарды оны.
Ұрымен соғыс болды деген жайға
Падиша көп адаммен барды бәрi.
Қараса, айтқанының барлығы рас,
Қол сынып, бел үзiлiп, кесiлген бас.
Томпайып әрбiр жерде өлiк жатыр,
Толқында шығып қалған томарға ұқсас.
Мақсанша мұны көрiп тәнсiн қылды,
Жiгiттiң қайратына кеулi тынды.
Даланы кеш болғанша тамаша етiп,
Өзiнiң ордасына барып кiрдi.
Үйiне аттан түсiп демiн алып,
Шәй iшiп, тамағын жеп рахаттанып,
Далада көргенiнiң бәрiн айтты,
Күлшенiң ордасына Мақсан барып.
Орақа қырық күн жатты ол сарайда,
Дәрiнi лоқтыр жақты әр күн жаңа.
Күн санап жарақаты тәуiр болып,
Жазылды кеселiнiң бәрi және.
Лоқтырға патша бердi көп дүниенi,
Рұхсатпен өз жайына қайтарды оны.
Орқаны одан кейiн күтiп тұрды,
Патшаның шоры әйелi қызметкерi.
Бiр үйде отырады Орқа жалғыз,
Iшiп-жеп рахаттанып кеше-күндiз.
Кеулiнде қиял етiп ойлар едi,
«Қалайша боламын, — деп, — Күлшеге кез».
Бiр әйел жүрушi едi келiп-кетiп,
Алдына күндiз-түнi қызмет етiп.
Ақыры сол әйелге айтпақ болды,
Кеулiне Орақаның қиял жетiп.
Бiр күнi әйел келiп отырғанда,
Бiлдiрiп бұл сөздi айтты Орқа сонда.
Деп айтты: — Құлақ салып есiтiңiз,
Айтарлық азырақ сөз бар-ды мұнда.
Күлше атты Мақсаншаның бар әйелi,
Үйiнде көрген едiм бұрын оны.
Артымнан алып келiп бергiн деген,
Аманат менде бар бiр жүзiктерi.
Бар едi Орақаның бiр кемерi,
Асыл тас, қызыл тiлла тамам бәрi.
— Бiр барған қызметiңе мұны алғын, — деп,
Әйелге сыйлық етiп бердi мұны.
Әйелдiң ол кемерге кеулi кеттi,
Аздырып дүние шiркiн ақылын елiттi.
«Жүзiктi алып барып берейiн», — деп,
Орқаның бұл тiлегiн қабыл еттi.
Ол әйел кеулiне алды: «Жүзiктi мен
Күлшеге көрсетейiн айламенен.
Қолына мен Күлшенiң ұстатайын,
Кесенiң түбiне сап шәрбат құйған.
Сұраса, жүзiк жайын хабарланып,
Бiлмеймiн деп айтайын сөзден танып.
Жiгiтке ауылдағы бұл кесемен,
Шәрбатты бердiм дейiн алып барып».
Бұл әйел Күлшеге де қызмет етiп,
Кесеге берушi едi шәрбат құйып.
Шәрбатқа жүзiк салып алып келдi,
Күлшенiң iшетұғын уақытын тауып.
Шәрбатын қолына алып Күлше iштi,
Жүзiкке түбiндегi көзi түстi.
Айғайлап бар даусымен бiр аһ ұрып,
Айырылып ақылынан жердi құшты.
Күлше айтты есiн жинап ол әйелге:
— Бұл жүзiк қайсы жақтан болды пайда?
Тез бiлдiр, сабыр-тағат қылмай тұрмын,
Егесi саған берген мұның қайда?
Күлшеге әйел айтты: — Бiлмей-дүрмiн,
Кесемен шәрбат бердiм жiгiтке мен.
Күлше айтты: — Қауiптенбей айта бергiн,
Жүзiктiң егесiне жаным құрбан.
Әйелдiң қуанғаны әдден өттi,
Көңiлiнен қорқынышы, қапа кеттi.
— Сарайда палуан жiгiт берiп ед, — деп,
Қалдырмай бастан-аяқ баян еттi.
Күлше айтты: — Ол жiгiтке жылдам барып,
Iшiне бұл сарайдың келгiн алып.
Ашығым Орқа жаным болар ма екен,
Көрейiн өз көзiммен назар салып.
Ол әйел Күлше сөзiн қабыл көрдi,
Орқаға «жүрiңiз» деп хабар бердi.
Артықша өз кеулiне шаттық кiрiп,
Iшiне ол сарайдың Орқа келдi.
Орқаны Күлше танып назар етiп,
Кеулiнде қуанғаны әдден өтiп.
Зар жылап жоғарыдан жерге түсiп,
Жығылды өзiн бiлмей ақылы кетiп.
Күлшеге жатқан жерде Орқа барып,
Мойнына ашығының қолын салып,
«Көргенiм өңiм бе екен, түсiм бе?» — деп,
Жылады қуанғаннан бек зарланып.
Мақсанша мұны естiп қайран қалып,
Хал-жайын екеуiнiң көрдi барып.
— Орқажан, аман ба? — деп қолын алды,
Ақылмен көрмесе де оны танып.
Патша айтты: — Орақажан, қош келдiңiз,
Көз тұтып жолыңызға тұрарлық бiз.
Кешiңiз, келгенiңе қызмет етiп,
Қылмадық құрмет-сыйлық артықша бiз.
Өзiңiз айтқан сөзбен саудагер деп,
Меймандық қызметiн қылмадым көп.
Сарайда кесел болып жатқаныңда,
Уақтымен тұра алмадым алдыңа кеп.
Бiлмедiм әуелiнде бұл жұмысты,
Күлшемен араңызда болған iстi.
Мұнда кеп ақиқатын есiткен соң,
Кеулiме ынсап кiрiп тауфиқ түстi.
Күлшенi қияметтiк сiңлiмсiң деп,
Сақтадым құрмет етiп артықша көп.
Әр заман дуа қылып тiленердiм,
Бұл жұртты көрмегiңдi өзiңiз кеп.
Осындай бiрнеше сөз баян қылып,
Орқаны сыйлар едi құрмет тұтып.
Патшаға Орақа да ұзыр айтты,
Тағзыммен әдеп сақтап тiке тұрып.
Орқа айтты: — Мақсан патша, рахмет сiзге,
Жақсылық iс қылдыңыз мұнша бiзге.
Күнәмдi көңiлiңе алмай кешiрiңiз,
Атымды айтпағаным өзiңiзге.
Бұл түрлi мархабатыңды есiткенде,
Тоқтаусыз айтар едiм атымды онда.
Жомарттық, тақуадарлық жұмыс қылмас,
Дүниеде сiзден өтiп ешбiр пенде.
Есiтсе бұл iсiңдi әр адамзат,
Айтады мың мәртебе сiзге рахмет.
Дүниеде бұдан жақсы жұмыс болмас,
Қылмақтық бiр ғарiптiң кеулiн шат.
Бiр емес, қуанышты екi ғарiп,
Туғаннан бiз жүрердiк қамда қалып.
Өмiрiмiз барлығынша пенде-дүрмiз,
Қайғыдан шығардыңыз сiз құтқарып.
Халқына Мақсан айтты: — Уәзiр, сардар,
Орақа Қамам ұғлы бұл шерi, нар.
Палуанның отыз екi басын кесiп,
Майданда жалғыз өзi өлтiрдiлер.
Күлшенi мен өзiме харам бiлiп,
Қойып ем қияметтiк сiңлi қылып.
Орқаны бұл араға келсе деп ем,
Кеулiме содан берi қиял кiрiп.
Сол үшiн қарындасым мен Күлшенi,
Той жасап мен беремiн Орқаға оны.
Қуаныш осы түрлi хал-жайымнан
Естiсiн, хабарланып халықтың бәрi.
Халық айтты Мақсаншаға: — Ей, шаһариар,
Ақиқат болған болса бұл айтқандар.
Дүниеде бiр мәртебе сiз қылдыңыз,
Еш адам сiзден бөлек қылмадылар.
Халқына хабар берiп шақыртты жар,
Бiлдiрдi «патшамыздың тойы, — деп, — бар».
Тағамның әрбiр түрiн даяр етiп,
Қаншама қой-жылқыны сойдырдылар.
Бұл тойдан халықтың бәрi тамақ жедi,
Тон жауып, бәз бiреуге ат мiнгiздi.
Бұл тойдың ақиқатын есiткендер
Патшаға мақтау айтып, рахмет дер-дi.
Шаһардың тойға келген адамдары,
Кеш болып жайларына қайтты бәрi.
Зейнеттi бiр сарайға төсек салып,
Күлшемен отырғызды Орақаны.
Бiр үйде екi ашық қарар еттi,
Мақсаты-мұратына бұлар жеттi.
Шаттықтың жарық болып шамы жанып,
Қайғының қараңғылық түнi кеттi.
Орқаға Мақсан айтты: — Құлағың сал,
Қайтатын егер болса кеулiңде бар,
Күлшемен екеуiңiздi жұртыңызға
Көп адам жолдас болып апарсынлар.
Орқа айтты: — Кеулiмде бiр жұмыс бар,
Жұртыма қайтып барсам, болса ықтияр.
Жақсылық сiздiң мұндай iсiңiздi
Есiтiп барша халық хабарланар.
Айтарды бiр-бiрiне болып қайран,
«Нысапты, дiнi мекем, бұл қалай жан?!»
Әлемге атыңызды шығармаққа
Барсам деп өз жұртыма ойланамын.
Мақсанша Орақадан мұны естiп,
Қазынадан жол-жабдығын даяр етiп,
Халқына ертiп барып қайтпақ үшiн,
Қасына отыз адам жiбердi ертiп.
Жол жүрiп бiрнеше күн ашып-арып,
Халқына Нәби Шайбан жеттi барып.
«Орақа Күлшенi алып келедi», — деп,
Есiттi Нәби Шайбан барлық халық.
Қалмастан екi қышлақ адамдары,
Алдынан қарсы шықты тамам бәрi.
Әдеппен қол қусырып тағзым етiп,
Артықша құрмет еттi Орақаны.
Қалел де көп адаммен келiп бiрге,
Орқаның басқан iзiн сүртiп көзге,
Күлше мен екеуiнiң қолын алып,
Сөйледi мына сөздi келiп тiлге.
— Орақа, Күлше, құлыным,
Есепсiз көрiп қорлықты,
Келдiң бе аман, шырыным.
Басын кес мендей залымның,
Мұнан былай дүниеге
Таралмасын ұрығым.
Өлуге ылайық жазам бар,
Мұсылманға бiтпеген
Құрысын менiң пиғылым.
Дүниенi былғармын,
Өз қолыңмен, Орқажан,
Басын кес мендей ұрының.
Баласында адамның
Болмаған менiң бұл iсiм.
Өлтiруден басқа жоқ,
Ойлаған уақта дұрысын.
Азғырған тiлге iлестiм
Опасыз дүние, пұл үшiн.
Айналдырдым арамға
Бiреудiң адал жұмысын.
Көре алмаймын ел бетiн,
Тезiрек, қалқам, өлтiргiн,
Адамдық iсiм құрысын.
Кессең бас, кешсең өзiң бiл,
Аяғыңа жығылып,
Алдыңа келiп тұрысым.
Орақа сонда сөйледi:
— Атажан, кештiм күнәңдi,
Азғырып сiздi көп адам,
Әзәзiл салған ...*
(*Бір сөз танылмады.)
Өткен шығар қателiк,
Сабырлы едiң, шыдамды.
Кеулiңiз сiздiң ақ едi,
Қиянат жұмыс болған-ды.
Қорлыққа көрген ырзамыз,
Баршасын Құдай қылған-ды.
Құрметi үшiн Күлшенiң
Жолдан сiздi шығарған,
Күнәсiн кештiм анамды.
Дүниеге сатпалық
Опасыз мынау жалғанды.
Бiз де соның бiреуi,
Опасы жоқ дүние
Талайлардан қалған-ды.
Аман-есен бас қосып,
Қуанышпен шығардық
Кеуiлдегi арманды.
Орақа осылай дегенде,
Қалелдiң кеулi шаттанды.
Хан көтерiп Орқаны,
Қышлаққа бәрi аттанды.
Орақа мен Күлшеге
Ата болып Қалелше,
Күнәдан пәк боп ақталды.
Дұшпанды басып табанға,
Орқаның қайрат-күшiмен
Ағайын халқы мақтанды.
Солардың өмiр тарихы
Бетiне түсiп қағаздың,
Бұл күнгеше сақталды,
Мақсаншаның жұмысын
Есiткенде барша адам
Рахмет айтып таң қалды.
Қанағатты, нысапты
Бар екен деп мұндай жан
Адамзатқа мейiрiмдi,
Туған ата-анадан
Сақи туған қайырлы
Порымында жоқ айыбы.
Қарындас етiп сақтапты,
Екен деп Орқа зайыбы.
Некесiн бұзбай бiреудiң,
Аманат бағып отырған,
Шын жомарттық зайыры,
Орқаның жолын күтiптi.
Жолаушы кеткен Күлшенiң
Табылғай деп ғайыбы,
Түзелер едi замана,
Мәлiк Мақсан патшадай
Таза пейiл, ақ кеуiл
Әркiмнiң болса пайымы.

Әлқисса, жетi күн той жасалып, тамашалар болып жатты. Күлшенiң жүзiк берiп кеткен қызы келiп, Күлшемен көрiсiп, жылап, Орақа көрiп қызды көп жылап көрiстi. Күлше бiлегiндегi алтын сағатын қыздың бiлегiне тағып қуанышта болды. Мәлiк Әнтардың соғысында Орақаның қолын шешiп өлiмнен алып қалған жiгiт келiп Орқаға сәлем бердi. Орқа жiгiттi көрiп көп жылап көрiсiп, мақсатына жетiп, қыз бен жiгiттi Орқа мен Күлше артықша құрмет еттi. Жiгiтте әйел жоқ едi, қыз да бос отырған едi. Той бiтiп сегiзiншi күн болды.

Қолын шешiп қылышпен атын берген,
Құтқарған Әнтаршада бiр өлiмнен,
Он түйе алтынымен бұ да алып,
Қайтқанда Сәлiмшеден бiрге келген.
Орақа ол жiгiттi қылып құрмет,
— Сан жетпес сiзге, — дедi, — мың рахмет.
Қазынаның кiлтiн ұстап тұрыңыз, — деп,
Қасынан бас уәзiрлiк бердi қызмет.
Орқаға мазаратта жүзiк берген,
Сол тойда айтып едiк қыз да келген.
Қазынаның кiлтiн берген уәзiрiне
Той жасап, осы қызды некелеген.
Бұлар да жеттi сөйтiп тiлегiне,
Тағылды алтын сағат бiлегiне.
Қыз, жiгiт бiрiн-бiрi көрген заман,
Ашықтық оты кiрдi жүрегiне.
Ұстатты сол жiгiтке қазынаны,
Есеп жоқ керегiнше алғызады.
«Өлiмнен алып қалған жан досым», — деп,
Уәзiрлiк қосып бердi дәреженi.
Алты күн той, алты күн ойын болды,
Аш-арық кедейлерге тойым болды.
Хан қойып екi қышлақ Орақаны,
Халқына Нәби Шайбан әкiм болды.
Патшалар қатар жатқан хабарланды,
Орқаның қайратына қайран қалды.
Қорлықтың зорлықпенен бәрiн көрiп,
Тiлегi ақырында орындалды.


Полную версию материала можете скачать на сайте zharar.com через 10 секунд !!!

Автор: nurgul95 | 43 |


Комментарии для сайта Cackle

Загрузка...

KZ / Өлеңдер жинағы, қазақ ауыз әдебиеті Орқа — Күлше өлең казак ауыз адебиети казакша олен, қазақ ауыз әдебиеті өлеңдері, олен Орка — Кулше казак ауыз адебиети стихи, казак ауыз адебиети олендери, Орқа — Күлше, қазақ ауыз әдебиеті Орқа — Күлше өлең казак ауыз адебиети казакша олен қазақ ауыз әдебиеті өлеңдері олен Орка — Кулше казак ауыз адебиети стихи казак ауыз адебиети олендери Орқа — Күлше, Өлең: Орқа — Күлше (Қазақ ауыз әдебиеті) қазақша өлеңдер жинағы скачать бесплатно олен казакша махаббат туралы стихи на казахском языке стихи на казахском языке стихи с днем рождения на казахском языке