Шәкәрім Құдайбердіұлы (Өлген көңіл ындынсыз өмір)

 Шәкәрім Құдайбердіұлы (Өлген көңіл ындынсыз өмір)


Қабағынан қар жауған
Қараңғы бұлт жоғалды.
Қас қараймай беті ауған,
Қаһарлы жел де оңалды.
Көшейін деп қыбырлап,
Ел қыстаудан қозғалды.
Жаралы жүрек жыбырлап,
Жазылмай жалғыз сол қалды.

Қырдан ойға дүбірлеп,
Жас балалар шуласты.
Күншуақта күбірлеп,
Кемпір-шал да сырласты.
Қыз-бозбала бір бөлек,
Әзілдесіп, дуласты.
Өліп қалған сұм жүрек,
Оятсам да, тұрмас-ты.

Бетіме жылы тиеді
Күнгейдегі күншуақ.
Жан жылыны сүйеді,
Жанға рахат осы уақ.
Өлі жердің сүйегін
Тірілтті жайнап жапырақ.
Жаралы менің жүрегім,
Жайнай алмас сол бірақ.

Күн нұрымен көгеріп,
Жауқазын шықты жалбырап.
Жер жүзіне өң беріп,
Қызыл гүл бітті албырап.
Тоң еріді, қар кетіп,
Жан-жануар балбырап.
Қайғылы көңіл тырп етіп,
Қабағын ашпас салбырап.

Қолдағы малға төл еріп,
Жандыдан өсіп жан шықты.
Жаңадан дүние жан беріп,
Неше түрлі мал шықты.
Қатып қалған желіннен
Қаймағы бар бал шықты.
Қайғылы біздің көңілден
Қайғырған сайын қан шықты.

Жер жүзіне нұр жауып,
Күн жылынды, шөп өсті.
Бие байлап, қой сауып,
Буаз малдан төл өсті.
Жанған оттай жалындап,
Жайлауға қарай ел көшті.
Жанбақ түгіл жабырқап,
Жаралы жүрек қайта өшті.

Көкорайға қонғанда,
Қозылар ойнар дүркіреп.
Жаздың күні болғанда,
Жаңбыр жауар күркіреп.
Жаралы біздің көңілге
Бір тамбайды сіркіреп.
Таянды ғой өлімге –
Қақырық басты кіркіреп.

Амандаса келісіп,
Бір бағыланды сойғызар.
Кел деп аяқ берісіп,
Қымызға әбден тойғызар.
Тері жадырап, жайылды,
Дене балқып, бой қызар.
Қайғы менен уайымды
Ойлауды да қойғызар.

Бағылан етін балқытып,
Біріне-бірі «же» десіп,
Шаттанысып, шалқысып,
Кем-кетігін теңесіп.
Әзілдесіп әр сөзге,
Қалжың айтып, егесіп.
Сөз қылар екен сол кезде
Біз байғұсты не десіп?

«Адал кісі еді-ау» деп,
Алғыс айтып алғай ма?
«Әркімді о да жеді-ау» деп,
Әйтпесе сөгіп, қарғай ма?
Ақысы болса, кетер-ақ,
Алладан сауап алмай ма?
Алал еді десер-ақ,
Тәңрі алдына бармай ма?

Мен – бiр тiлсiз көлiкпiн,
Басыма соқпа, дауың жоқ.
Тепкiлеме, өлiкпiн,
Шайтаннан басқа жауым жоқ.
Қызығып сендер ұмтылар,
Қасыма ерген қауым жоқ.
Жазамды кешiп, мұтыңдар,
Жазадан, сiрә, сауың жоқ.

Мен кеттім де, сен қалдың,
Зияным енді тие ме.
Неңді жұттым, неңді алдым,
Кешсеңші жалғыз Иеге.
Саған да сауап керек қой,
Кім сенеді дүниеге.
Осыны білген зерек қой,
Жолықпасаң киеңе.

Жоқ болса ақың өзімде,
Қалғандарды зарлатпа.
Өтірік болса сөзімде,
Оныма менің алдатпа.
Ақың болса – біт алып,
Көп жетімге қарғатпа.
Өлгенге өтірік дау салып,
Қайыңды талға жалғатпа.

Өлген жанның моласын
Текпілемек өнер ме.
Онымен қайтып оңасың,
Ойласаң, пайда келер ме?
Өзімнен басқа әркім бар,
Бәрін де жеңдім дей берме.
Алдыңда қиын бір күн бар...
Аптығып, асып, елерме.

Ақың болса басымда,
Осы күнде мені өлтір.
Отырмын ғой қасыңда,
Өзіңнің жазаң деп өлтір.
Жазам болса тартайын,
Қолыңнан келсе, әне, өлтір!
Обалымды артайын,
Қызықсаң босқа және өлтір!

Ол қолыңнан келмесе,
Ойнақтама, дулама.
Ойлашы өзің, ендеше,
Соған көңлің тола ма?
Үйтсең – қатын болғаның,
Еркек олай бола ма.
Ол емес қой оңғаның,
Мұнымен кісі оңа ма?

Бiреудiң мiнiн кешiрсең,
Саған да құдай кешедi.
Бәрiн де қылмай есiрсең‚
Төбеңдi әлi-ақ теседi.
Көңiлi жұмсақ адамның
Күрмеуiн тағдыр шешедi.
Рахымсыз, пейiлi жаманның
Орны дайын деседi.

Мен – досыңмын, жау емес,
Елере берме, қайта ту.
Жүрегiм дерттi, сау емес,
Сол себептi сөзiм – у.
Ащы деп алмай қоймаңыз,
Аңсағанда керек су.
Абайлап артын ойлаңыз,
Алды ғой алдап өңкей қу.

Мен өтермін, кетермін,
Жоқтарсың мені бір кезде.
Жәрдемім тимес, не етермін,
Бекінем осы бір сөзге.
Мақсұтың қайсы, досың кім,
Осының түбін шын көзде.
Бар ақылым – осыным,
Айтарым жоқ тіпті өзге.

Мақсұтың болса орынсыз,
Сiлкiнiп жүрiп шыға бер.
Жолдасың болса тойымсыз,
Көзiне құмды тыға бер.
Қызығып жүрген iсiң кiм,
Ерте есептеп, ұға бер.
Сенiсiп жүрген кiсiң кiм,
Жалмауыз болса, жыға бер.

Мен жау болсам, кiм досың,
Байқадың ба оны өзiң?
Өзгелерден сен шошын,
Жау десең де, мен – көзiң.
Түбiнде менде айла жоқ,
Алалғa дайын мiнезiм.
Тойымсыз қудан пайда жоқ,
Шын жақындық бұл сөзiм.

Алалға айла қылушы ем:
«Жау жықпасын туды»,– деп.
Сескенiп, ерте-ақ бiлушi ем:
«Iшкiзер қулар уды»,– деп.
«Жазалы қылмас Құдайым
Айланы ақпен жуды деп,–
Деушi едiм,– үстiп шыдайын,
Құртпас па екен қуды»,– деп.

Мен көргендi көрмедi-ау,
Қайратты өңкей батырым.
Қайтейiн, тоқтау бермедi-ау,
Қу залым деген кәпiрiң.
Ұқпаған соң лажым не,
Жан досым мен жақыным.
Ұққаның болса, қамың же,
Оңдасын Құдай ақырын.

Қу мен сұм биледі
Берекелі байымды.
Бәрімізді ұндай иледі,
Сіңіртпей ішкен шайымды.
Күйдірген соң шыдатпай,
Көре тұрып жайыңды,
Кім айтады, мен айтпай,
Сендерге енді уайымды

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!