Шәкәрім Құдайбердіұлы (Қайтқан шал)

 Шәкәрім Құдайбердіұлы (Қайтқан шал)

Күнде керуен келеді бір сарайға,
Неше бөлек үйі бар әрбір жайда.
Сансыз көп саудагерлер келіп жатыр,
Біреу жылда қайтады, біреу айда.

Нені іздесең бәрі бар сол сарайда,
Кейі залал үйткенмен, кейі пайда.
Сан керуен қылады сауда-саттық,
Не боларын көбі жүр байқамай да.

Біреу алтын алып жүр, біреу құрыш,
Біреу асыл алады, біреу мырыш.
Жақсы – қымбат, жаманның бағасы – арзан,
Әркімнің өз сүйгені болар дұрыс.

Біреу қайтты бітіріп жылдам жүмыс,
Біреу жүр бір тиынға салып ұрыс.
Кейбіреу жүр асыл деп арамды алып,
Өз қылғанын демейді ешкім бұрыс.

Кейбіреу қайтам деген ойында жоқ,
Бір жапырақ азығы бойында жоқ.
Тапқанын тамағына саламын деп,
Жалғыз тиын ақшасы қойында жоқ.

Кейбіреу мақтан үшін шашқан барын,
Таң-тамаша қылмақ боп жолдастарын.
Елге қайтар болғанда есін жиып,
Сонда білмей сандалды не қыларын.

Мен де жүрдім ел жүрген сол сарайда,
Тамағым тоқ, қайғы жоқ, төсек майда.
Аздан кейін азайды жолдас сиреп,
Кетіп жатыр, білмеймін, әлдеқайда.

Мен қызыққа айналдым үйді ойламай,
Тұрған сайын құмар боп мейірім қанбай.
Жолдасымды іздемек болдым бір күн,
Жалғыз қалсам болам деп әлде қандай.

Қарап жүрмін әр жерден желе шауып,
Жол алыс деп серіксіз қылдым қауіп.
Араласам, бәрі де жат керуен,
Ала алмадым жолдастың бірін тауып.

Көргенімнің бәрі де бөтен қазақ,
«Біздің керуен қайда?» – деп салдым азап.
«Жолдасының бәрі де қайтып кетті,
Неғып кеп жүр бұл шал?» – деп етті мазақ.

Бұл сөзді естігенде жаман састым,
Көңілімді тәуекел деп азар бастым.
Уақыт болып қалғанын байқаған соң,
Сарайда қалғандарға амандастым.

Мен – бір қонақ, кеттім ғой біраз қонып,
Қайтатұғын қалыпты мезгіл болып.
Осы қонақ қалай деп сынға алмаңыз,
Тәуір деп-ақ айта сал оймен жорып.

Жақсы десең, қонақтың ол бір бағы,
Өлсе де риза болады аруағы.
Бір кеткен соң залалым тие қалмас,
Қонған кезде неғылсам қылдым-дағы.

Ол кездегі ағатты кешсең, мырза,
Қонақ түгіл болады құдай ырза.
Өткен күнгі ісімді қумасаңыз,
Мазаңды ала бермеспін жылда-жылда.

Тәуір қонақ дегенің – берген сыйың,
Мал сұраман мен сізден жалғыз тиын.
Жаман айтпай жақсы жоқ, сау болыңыз,
Енді айналып көрмегім болар қиын.

«Қош-аман, сау бол» деген сөз жаман ба,
Амандасып қоялық бас аманда.
Мұнан кетсем, баратын жерім қашық,
Құдай қосса, көрерміз бір заманда.

Мен келгелі талай күн сіздікіне,
Сіз де бір күн барарсыз біздікіне.
«Жолың болсын, қонағым»–деп қалыңыз,
Жолығамын жолда әлде кімдікіне.

Әлім келсе, қонбаймын үйге жетпей,
Тура апарсын құдайым тентіретпей.
Енді болды еліме қайтар кезім,
Жүруші едім сіздерді қиып кетпей.

Мен келгелі көп болды, бұ да жетер,
Жата берсе, қонақтан қадір кетер.
Қайтқанымыз жарайды қаңғи бермей,
Асқа тоймас антұрған болмай бекер.

Ас аяды демеймін сізді менен,
Кем қылмай-ақ сыйладың ештемеден.
Шыққан жерім, шын үйім ойға түсіп,
Мезгіл толып қалған соң қайтамын мен.

Қонған шығар бұрын да талай қонақ,
Бәріне де жетеді асың мол-ақ.
Кейін тағы келетін керуен бар,
Жер босаттым, бұл үйге кірсін сол-ақ.

Кейінгіге сәлем айт біз байғұстан,
Бұл сарайда көп екен бізге дұспан.
Қызықтырып, қыздырып алдайды екен,
Біреуі іштен болады, бірі тыстан.

Ерте ойлансын, ескеріп азық алсын,
Не сатты, не жинады, жазып алсын.
Біз байқамай асыл деп арамды алдық,
Есі дұрыс кісілер неғып алсын.

Тегінде алдатады ескермесе,
Сырты асыл, іші қандай, тексермесе.
Аларыңда бәрі алтын, жарқырап тұр,
Түбінде пайдасы не деп көрмесе.

Ұтқызған боп алады өзіңді ұтып,
Байқамайсың қойғанын бітеу жұтып.
Қыздырып қызығына айландырса,
Кетесің біржолата үйді ұмытып.

Мал да бар лапкесінде, мақтан да бар,
Көзіңше мақтан алып жатқан да бар,
Көңілдің жұбанышы –көп ойын бар,
Ұстайтын дұспаныңды қақпан да бар.

Кейде тегін береді, кейде бұлдап,
Мінезі жел қайықтай тұр бұлтылдап.
Бұ күнде жүз түрленіп, мың құбылып,
Көзіңді қызықтырар тым жылпылдап.

Жар да көп жалаңдаған жан құмары,
Жақындасаң әп кетер онан да әрі.
Жаду көзбен сиқырлап жаныңды алып,
Ішіңді елжіретіп тұрғандары.

Алдап алып артынан ергізеді,
Адал деп арам боқты тергізеді.
«Бұл – қызық, міне – пайда, әне – айла» – деп,
Жаның түгіл арыңды бергізеді.

Тұруға уақытым жоқ сөзді ұзайтып,
Барамын асығыспен елге қайтып.
Сусын деп у беретін сұм сарайдың
Кетейін кейінгіге сырын айтып.

Көп жүрдім, енді мұнан не көремін,
Жолдас кетті, несіне бөгелемін.
Қош-аман бол, жігіттер, дұғада бол,
Елге қарай ентелеп жөнелемін.

Айрылып серігімнен қалдым нағып,
Мұңымды ұқтырайын кімге шағып.
«А, Құдай, өзің оңда» – дедім-дағы,
Жөнелдім жапа-жалғыз бүкең қағып.

Жігіттер, жалған емес, мұным анық,
Бұрыннан осы сарай елге қанық.
Қайта келмес қақпадан әрі өткізіп,
Шығарып салып мені қайтар халық

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі