Ахмет Байтұрсынов (Балықшы мен балық)

 Ахмет Байтұрсынов (Балықшы мен балық)

Теңіздің жағасында кемпір мен шал,
Тұрыпты отыз үш жыл нақ дәлме-дәл.
Күн көрген бишаралар балық аулап,
Болмапты төрт түліктен ырымға мал.
Үсті шым, асты шұқыр жерден жырған
Баспана мекенінің сиқы тұрған.
Бала жоқ қолқанаттық екеуінде,
Иіріп кемпір жібін, шал ау құрған.
Бір күні шал апарып ауын салды,
Балық жоқ, ауға оралған балдырды алды.
Салғанда және ауын екінші рет,
Теңізге бітетін бір шөп оралды.
Тағы да үшінші рет ауын салып,
Сүйретіп шығарды бір алтын балық.
Шал байғұс өз көзіне өзі сенбей,
Аңырайып тұрды біраз аң-таң қалып.
Жарқырап үсті-басы, оттай жанып,
Адамша сөз сөйлейді алтын балық:
«Жанымды бір шыбындай қи, ақсақал,
Бар болса не қажетің менен алып!»
Шал сасып, абдырайды есі кетіп:
«Балық, - деп, - бұ неғылған тілге жетік?!
Керемет мұндай, сірә, көрген емес,
Ау салып отыз үш жыл кәсіп етіп.
Ойланып: «Тегін емес балық, - дейді, -
Қалмайын киесіне, алып, - дейді. -
Еш нәрсең керек емес, жолың болсын,
Сайран ет теңізіңде, барып», - дейді.
Балықты жіберді де, үйге қайтты,
Не ғажап көргенінің бәрін айтты.
«Жібердім еш нәрсе алмай» деген соң-ақ,
Кемпірі шалға көзін бажырайтты:
«Ақымақ, - дейді, - алжыған, кеткен есің!
Былжырап айтып тұрсың сөз деп несін?
Жаңа астау тым болмаса алсаң едің,
Астаудың жарылғанын білмеймісің?»
Балыққа шал жөнелді жолықпаққа,
ЬІдысқа астау алып молықпаққа.
Жыбырлап судың беті шимайланып,
Балық кеп: «Не айтасың?» - деді қартқа.
Шал айтты қол қусырып, тағзым етіп:
«Кемпірім ұрсып, әбден мазам кетіп,
Жаңа астау сұрайын деп келдім, тақсыр!
Жарамсыз астауымыз, жарық, кетік».
«Қайғырма, - балық айтты, - үйіңе бар!
Сол болса бар жұмысың, оның болар!»
Қуанып шал үйіне қайтып келсе,
Бір астау әп-әдемі жатыр даяр.
Ұрсады кемпір шалға келісімен:
(Сақтасын долы қатын перісінен!)
«Алыпсың астау сұрап, ақылы жоқ,
Айрылған, ақымақ шал, - дейді, - есінен!
Деп ұрысты: «Миы ашыған, қу көк сақал!
Астауға қызыққандай қанша еді мал?
Қуанып қу астауға келген несі?
Көп нәрсе әкеліпсің, адырағал!
Үйіңнің үстіңдегі сиқы мынау!
Балықтан барып тәуір үй сұрап ал!»
Тағы да шал жөнелді теңіз жаққа,
Балыққа арыз айтып, мұң шақпаққа.
Бұзылып судың түсі лайланып,
Балық кеп: «Не айтасың?» - дейді қартқа.
Шал айтты қол қусырып, тағзым етіп:
«Бәлеге қалдым, тақсыр, мазам кетіп!
«Үй алмай, астау алдың, алжыған!» - деп,
Барады сүйегімнен сөккені өтіп».
Арызын ақсақалдың қабыл алып:
«Қайғырма! Үйіңе қайт!» - деді балық...
Орнында лашығының ағаш үй тұр,
Келеді шал қуанып, таңырқанып.
Салған үй салтанатты сәніменен,
Бояған, оюлаған мәніменен.
Сайраған бақшасында түрлі құстар
Келтірген көңіл хошын әніменен.
Асылып терезеге кемпір тұрып,
Ұрсады келісімен шалға ақырып:
«Балықтан барыпсың да үй алыпсың,
Ақымақ, миың ашып, кеткен шіріп.
Ізіңмен, үйге кірмей, қайт балыққа!
Қадірсіз мұжық деген ат халыққа.
Айтпасқа қарашекпен қатыны деп,
Ақсүйек етсін мені, айт балыққа!»
Балыққа шал келеді қайтып тағы,
Кемпірдің мұң-мүддесін айтып тағы.
Тағзыммен қол қусырып, арыз айтып:
«Азапты келдім, - деді, - тартып тағы».
«Қайғырма, - балық айтты, - болар, - дейді,
Ақсүйек дәрежесі қонар», - дейді.
Қатыны, қайтып келсе, болған ханым,
Қасына шал қалайша жолар енді?!
Биік үй салтанатты, сәнді түрі,
Бәрі мол, бәрі байлық, бәрі ірі.
Үстіне неше түрлі асыл киіп,
Паңсынып сыртқы есікте тұр кемпірі.
Қолында толған өңшең алтын жүзік,
Зүмред, березелі бар білезік.
Үстінде қамзол ішік, тысы қамқа,
Меруерт омырауы қойған тізіп.
Аяқта сақтаяннан оюлы етік,
Бұрынғы мұжықтығы естен кетіп,
Жұмсап тұр біріне ұрсып, бірін ұрып,
Ақырып малайларға әмір етіп.
Шал келіп: «Сәлем бердік, ханым! - деді,
Ризалық тапты ма енді жаның?» - деді.
Жаратпай шалдың сөзін, кемпірі ұрсып:
«Әдепсіз, ақылы жоқ, жарым, - деді. -
Ат бақсын, ат қораға апарыңдар
Мұжықтың мына біреу шалын!» - деді.
Қанағат болды десек етер шағы,
Құтырды өскен сайын кемпір бағы.
Өткен соң бірер жұма, шақыртады
Балыққа жібермекке шалды тағы.
Айтады: «Қазір жылдам бар балыққа!
Жеткен жоқ жаным әлі ырзалыққа.
Ақсүйек дәрежесін азсынамын,
Патша етсін мені дереу бір халыққа!»
Шал айтты: «Құтырдың ба? Түзу ме есің?
Болмасын астамшылық, мұның кесір!
Білмейсің іс ретін, сөз мәнісін,
Жұрт күлер: «Қор болған деп бақыт есіл!»
Бұл сөзге кемпір қатты ашуланып,
Жіберді шалды жаққа салып-салып.
«Қалайша маған қарсы сөз айтасың?
Сен - мұжық, мен - ақсүйек, қой, - деп, - танып
Сөз айтар шалда хәл жоқ, жөнеледі,
Қарайып теңіз беті түнереді.
Шақырған шал даусына балық келіп:
Ақсақал, не айтасың? Сөйле!» - деді.
Шал айтты: «Өлдім әбден тынышым кетіп,
Таянды жындануға кемпір жетіп.
«Ақсүйек дәрежесін азсынамын,
Бір жұртқа қойсын, - деді, - патша етіп».
«Қайғырма, - балық сөйлеп, - кәрім! - деді,
Істермін айтқанындай бәрін, - деді. -
Жүргізіп жұртқа әмірін мейілінше,
Айбынды болар патша жарың», - деді.
Шал қайтса, салтанатты сарайлар тұр,
Ішінде сарайлардың кемпірі отыр.
Асынып айбалтасын, есіктерде
Күзетші түсі суық малайлар тұр.
Жарқырап алтын киіп, оттай жанып,
Патшасып кемпір отыр ызғарланып,
Ақсүйек, өңшең бекзат қызметінде,
Ішкізіп арақ-шарап, азаптанып.
Билетпей шалға бойы, буын құрып,
Сарайға шал сескеніп келді кіріп.
Бас ұрып кемпірінің аяғына:
«Болды ма жаның риза!» - деді тұрып.
Есіркеу кемпірде жоқ шалын аяп,
Адам деп елеп оған қарамай-ақ,
Деп еді: «Шығарыңдар!». -
Сол-ақ екен,
Жұдырық жан-жағынан жауды таяқ.
Желкелеп, сүйреп, жұлқып жұлмалайды,
Ағына сақалының кім қарайды?
«Ақымақ, әдебі жоқ, алжыған құл,
Кірлейсің аяғыңмен, - деп, - сарайды!»
Жұрт күліп: - Шал екенсің, - деді, - жарым,
Ақылың кем болған соң, кімге обалың?
«Болмаса өзің шанаң, отырма» деп,
Бұрынғы айтпап па еді мақалдарын?
Бір-екі мұнан кейін жұма өтті,
Тілейтін жаңа тоят кезі жетті.
Қызығы патшалықтың тозды жылдам,
Жарлық қып, кемпір патша шалды іздетті.
Шалды айдап алып келді дірдектетіп,
Байғұстың түсі қашқан, өңі кетіп.
Үстінде алтын тақтың кемпір патша
Тапсырды шалға жұмыс, әмір етіп:
«Бек тығыз бұйырамын саған, - деді, -
Сөз қатсаң, жыртылады жағаң, - деді. -
Мақсатым суды билеп, суда тұрмақ,
Балыққа айт менен көп-көп сәлем! - деді,
Қаратып теңіздерді қол астыма,
Шабарман болсын өзі маған», - деді.
Әлі жоқ сөз қайырар, шал кетеді,
Қорыққаннан жылдам жүріп, тез жетеді.
Қара бұлт, қара дауыл толқынды айдап,
Сапырып теңіз суын, желдетеді.
Балықты шақырып шал, сөзін айтты,
Жұмыстың тығыздығын, тезін айтты.
Кемпірдің сұрағанын естіп балық,
Бір соғып суды бетке, кейін қайтты.
Балықтан жауап күтіп тұрып-тұрып,
Шал қайтты кешке жақын әлі құрып.
Көре алмай салтанатты сарайларды,
Көз салды жан-жағына мойнын бұрып.
Қараса, лашығында кемпірі отыр,
Баяғы жарық астау жырық-жырық.
Түсіріп таз кебіне бір-ақ күнде,
Қойыпты қу қақбасты Құдай ұрып.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі
» қазақ тілі тестілеуде_келген_сұрақтар_зерттеуші
» Наурыз мейрамы Қазақстанда жаңа форматта тойланады