Ертегі: Опасыз туыс

Ертегі: Опасыз туыс казакша Ертегі: Опасыз туыс на казахском языке

Ертеде дүниеден кедей бір шал өткен екен. Шалдың екі ұлы болыпты. Адал етті де жалғыз ала биесі болған екен. Күндердің бірінде ұлдары әкесіне:

— Әке, осы ала бие кұлындағанды қойды. Мұның не құлынының, не қымызының қызығын көрмедік. Осыны сатып жіберіп орнына бір бұзаулы сиыр алсақ қайтеді? – деген екен. Сонда әкесі тұрып:

— Ала бие жылында емес, күнінде құлындайды. Құлындағанда таңға жуық ыңғай алтын құлын табады. Амал не, сол алтын құлынды аяқтана бергенде аспаннан бір алып қара құс келеді де аспанға алып шығып кетеді, – депті. Әкесінің бұл сөзі екі ұлын қатты тамсандырыпты.

— Екі бірдей керіскедей азамат тұра қара құсқа жем болмақпыз ба? Әке-ау, мұны ертеректе неге айтпағансыз? Күзетеміз де құлынымызды алып қаламыз, – депті олар.

Сонымен бірінші күнгі күзетке шалдың үлкен ұлы шығыпты. Әкесінің айтқанындай, таң қылаңдап келе жатқанда ала бие құлындап құйрық жалы нұр шашып тұратын алтын құлын туыпты. Құлын туған кезде нұрымен төңірек жап-жарық боп кетіпті. Сол мезетте аспанға ойнақшып түндіктей қара бұлт шығып, найзағай жарқ-жұрқ етіп, от қамшысын сабалай жөнеліпті, нөсер құйып, алай-дұлей дауыл тұра қалыпты. Осы аласапыранның ішінде аспаннан бір алып қара құс құйылып алтын құлынды шыңғыртып іліп ала жөнеліпті. Күзетте тұрған жігіт қару қылғанның орнына есінен адасып, талып қалыпты. Есін жиған кезде әкесі мен інісіне:

— Бұл біздің маңдайымызға жазылған сор екен. Оны жеңу қолымыздан келмейді, – депті. Сонда шалдың кіші ұлы тұрып:

— Шешеміз бізді ұл деп тапқан. Құсқа өз ырысымызды жем ете алмаймыз, – деп кеудесін қағыпты. Осы бетінде кешке дейін арпалысып, алмас семсер соғыпты.

Әкесі мен ағасының:

— Қой деген соң қой енді, өзің мерт боласың, бұл бізге жабысқан пәле, – дегеніне қарамай соқкан семсерін алып кешке күзетке тұрыпты.

Құлын аяқтана бергенде күндегі әдетінше аспаннан алып қара құс алтын құлынға қарай құйындата құйылыпты. Құлынды шеңбектей берген қара құсты қаһарын бойына жиып, күзетте кектене тұрған паң жігіт қолындағы семсерімен қара санынан ала тартып қалыпты. Санынан жараланған алып қара құс алтын құлынды тастап, аспанға тік шығып кетіпті. Бірнеше күн өткен соң кіші ұлы әкесіне:

— Көп жылдар бойы құс алып кетіп жүрген алтын жылқымызды қайтарып келем, – деп тілек қояды. Шалдың үлкен ұлы алдыңғы реткі жеңілісіне жерге енердей ұялып, намыстанып жүреді екен. Інісіне қосылып ол да әкесіне:

— Мен де барсам, – деп тілек білдіреді.

Шал екі ұлының тілегін қабыл алып, батасын беріп аттандырып салыпты. Аттандырарда:

— Балаларым, жүре берсеңдер осы қара жол бір жерге барғанда екіге айрылады. Қара құстың мекені біріңе болмаса, біріңе кезігер, екеуің жолдың екеуімен жүр, – депті. Расында ай жарымдай сапар шеккеннен кейін үлкен даңғыл жол әкесінің айтқанындай, екіге бөлініпті. Жолдың Меке жаққа кеткені тақтақ екен де, батысқа кеткені көп із түспеген сонылау екен. Шалдың үлкен ұлы тақтақ жолды таңдап алыпты. Кіші ұлы сонылау жолмен жүре беріпті.

Арада маусым өтіпті, жыл өтіпті, тіпті бірнеше жыл өтіп кетіпті. Бұлар арқа еті арша, борбай еті борша болып, әбден шаршапты. Киімдері өрім-өрім болып, қолдарындағы темір таяқтан тебендей қалыпты. Сол кезде шалдың кіші ұлы тереңде иен, құзар жартасты бір шатқалға келіп жетіпті. Сай табанында тастан-тасқа соғылып, ақ көбік шаша долданып асау өзен ағып жатыпты. Ол осы өзенді өрлеп жүре беріпті. Бір жерге келгенде алты қанат ақ орда кезіге кетіпті. Ордаға кіріп келсе, орданың дәл ортасында бір тай қазан қозы еті пісіп тұрыпты. Оң жақ босағасындағы дәу сабада сары қымыз іркілдеп тұр екен. Оның өр жағында шағи шымылдық құрулы тұрыпты, ашығып келген жігіт шымылдықпен жұмысы болмай, тай қазандағы етті сыпырып-сиырып жеп, қымызды бір-ақ көтеріпті. Онан кейін құрулы шымылдықты ашса, ай мен күндей сұлу қыз отыр екен, қыздың екі қолы қайырылып керегеге байлаулы, ерні темір істікпен түйреулі екен. Жігіт көре сала қыздың қолын байлаудан босатып, ерніндегі түйреулі істікті жұлып алыпты. Сонда қыз:

— Ағатай-ай, менің де адамзатты көрер күнім болады екен-ау, – деп, жігітті мойнынан құшақтап бас салыпты. Өксігі басылғаннан кейін жігіт қыздан жөн сұрапты.

— Бұл орда адамзаттікі емес, диюдікі, – депті қыз, — мен бір жесір кемпірдің жалғыз қызы едім. Осы диюдің шешемді зар еңіретіп тастап, мені алып қашып келгеніне жыл жарымдай болды. Өзі түнде аңға шығады, кетерінде «үйдегі етті жеп, қымызды ішіп қоясың» деп менің аузымды түйреп қояды...

— Мал бар ма диюда?

— Ыңғай алтын жылқысы бар. Осы өзеннің құйғаны үлкен көл болады. Алтын жылқылары сол көлдін астын жайлайды, ай сайын қораға әкеліп ащылатып қайтарады.

Бұл жәйтті естігеннен кейін жігіт іздеп жүрген алып қара құстың мекені осы екенін аңғарыпты. Онымен шайқасудың камын жасап, қыздан:

— Жылқыны көлдің астынан қалай шығарады? – деп сұрапты.

— Мына теңніңм ішінде, – депті қыз төрдегі алтын жүкаяқтың үстінде алтын кілеммен оралып, алтын арқанмен буылып жиюлы тұрған теңді нұсқап, — алтын жүген бар, сол жүгенді алып көлдің басына барыңыз, көлдің жағасында зәулім биік алтын бәйтерек бар. Сол бәйтерекке сүйеніп тұрып, алтын жүгенді шылдырлатсаңыз көлдің ішінен арқырап алтын айғыр шығады, алтын айғырға жайдак міне салып, ауылға қарай тартсаңыз, артыңыздан шұбырып-шұрқырап ілесіп қалың алтын жылкы ауылға келеді.

— Дию аңнан қашан келеді?

— Қас қарая келеді.

— Онда, – депті жігіт, азуына азуын басып, тостағандай екі көзі от шашып, қос жұдырығын түйіп, — жолын тосып жатып, онымен алысамын, оның басын аламын.

Бұл сөзді естігенде қыз бір жағынан қуанса да, екінші жағынан бір сойқанның басталатынын байқап, өлім мен өмірдің арасында қалғандай қорқып кетіп:

— Ағатай-ай! – депті мөлдір көзінен жас моншағы домалап, — оған пенде баласының күші жетпеуші еді. Ол келерде осы шатқалдың іші нөсерлетіп, дауылдатып кетеді, аспанды қара бұлт қаптап, найзағай шатырлап, күн күркірейді. Мұның бәрі соның екпіні. Осы екпіннің өзі-ақ пенде баласының тоз-тозын шығарады. Онан да жасырынып қашып кетелік.

— Жоқ, қалқам, – депті жігіт, — жасырынып қашып кеткенімен жаудың аты жау, ол бізге түбі қас қылады. Көл түбінде жатқан ана алтын жылқы менікі. Менін әкемнің адал еңбегімен тапқан ала биесінің ұрпақтары. Бұрын да диюдан бір алтын құлынымды алып қалғанмын. Осы жылқыны тауып алып қайтуға шыққамын.

Ақыры жігіттін ақылына қыз көніпті. Өткенде осы диюдан алтын құлынын айырып алып қалғанын айтқанда қыз жігітке таңдана қарапты. Сонымен екеуі бірлесіп диюды өлтірмек болыпты. Қыз диюдың тағы бір сырын айтыпты:

— Диюдың астындағы аты адамзаттың исін шақырым жерден сезеді, сезген заманда шыр айналып, шыңғырып тік шапшып тұра қалады. Осы кезде нөсерлеп тұрған жаңбыр да онды-солды үріп тұрған дауыл да тоқтай қалады. Алуыңыз үшін осы бір орай.

Жігіт диюдың жолын тосып жатқанында аяқ астынан алай-дүлей түтеп кеткен дауыл да, шелектеп құя салған нөсер де қыздын айтқанындай лезде тына қалыпты.

Сол кезде:

— Кім бар бұл жерде? Кім менің мекеніме басынып келіп жүрген? Шық бері! – деген қатулы дауыс шығыпты. Айғайлаған дию екен. Жолдың жағасында жасырынып жатқан жігіт:

— Келсең кел, – деп тұра ұмтылыпты. Сонымен екеуі қарпақ-құрпақ алыса түсіпті. Ымыртта алысқаннан толас алмай үш күн, үш түн алысып, алысқан жерлерінің дөңін ой, ойын дөң қып жіберіпті. Төртінші тәулікке ауғанда екеуі де әбден қалжырапты. Әсіресе жігітті дию меңдете бастапты. Мұны көрген қыз жалма-жан диюдың алтын жылқының жал-құйрығынан ескен шалма арқанын әкеліп диюдың мойнына салып жіберіпті. Өз жақ ұшын беліне мықтап орап, диюды шалқайта тартыпты. Сонда дию жын құсып, өкіріп барып сұлапты. Жігіт кеудесіне қарғып мініп басын шорт кесіп алыпты.

Диюды өлтіріп, алтын жылқыны алғаннан кейін қыз-жігіт некеленіп, алтын жылқыны жер қайыстыра айдап, елге қарай көшкен екен. Көш-жөнекей бұларға жігіттін ағасы ұшырап қалыпты. Ағасының мойны ырғайдай, биті торғайдай болып, өзі өлімші халге келген екен. Бұл халін көрген ағасына інісінің де, қайынағасы екенін білген жас келінінің де жаны ашиды.

— Бірнеше күн дамылдап бұл кісіні тынықтырмаймыз ба? – депті жас келін. Жігіт жан жарының жарасымды лебін екі етпепті. Жас жігіт жылқыны жасаңдау суатты жерге қайырып салыпты. Жүкті түсіріп, ақ орданы тігіпті. Бір ту биені сойып, бір желі құлынды байлап ағасын асқан меймандостықпен күтіпті. Келіні кір-кешегін жуып, тамағын дәмдеп беріп, асты-үстіне түсіп күтіпті. Шыт жаңа киім тігіп, малындырып киіндіріпті. Осындай аста-төк құрметке бөленіп жатқанда жігіттің ағасына мынадай бір арам ой түсіпті:

«Алтын құлынды қара құстан алып қалған да осы. Жұрт бетіне онда бір қарай алмастай қып еді. Бүгін сол алып қара құстың басын мүжіп, осынша алтын жылқыны айдап келе жатқан тағы осы. Менің алдымда әйелді болып алыпты. Елге не бетіммен барамын. Онан да мұны осы жерде ебін тауып өлтірейін де, әйелін өзім алып, онан соң елге «жылқыны өзім әкелдім, ол ынжықтың қаңғырып қайда кеткенін білмеймін» деп бармаймын ба?»

Ағасының бұл пиғылынан хабарсыз інісі бір күні шаңқай түсте ақ ордада жайбарақат ұйықтап жатыпты. Жан жары бие саууға кетіпті. Осы орайды пайдаланып ағасы диюдан түскен ақ семсерді ақ орданың есігіне жүзін ішке қаратып мықтап таңыпты. Сөйтті де інісінің тұсына барып:

— Ойбай, аттан, аттан! Жылқыға жау тиді-ау! – деп бар даусымен аттан салыпты.

Шырт ұйқыда жатқан інісі шошып оянып, есікке тұра ұмтылыпты. Сонда есікке көлденең таңулы тұрған ақ семсер аяғын тізеден төмен қырып түсіпті. Денесі ауып ақ орда табалдырығының сыртына түсіпті де, аяғы табалдырықтын ішінде қалыпты.

Осыдан кейін ағасы:

— Қалған жазаңды жапан түздің жыртқыш тағысы тағы берсін, – депті де, шолақ аяқ інісін қамшының сабымен көзге шұқып, жұртқа тастап көше жөнеліпті. Шашын жайып, екі бетін жұлып, ойбай салған келінін желкеден түйіп жіберіп, — енді оның қатыны емес, менің қатынымсың, – деп атқа таңып зорлап әкетіпті.

Опасыз күншіл ағаның екі аяқты тұлдыр қып отағандығынан екі көзі мөлдіреп жұртта қалған есіл азамат, жарының кетерде жерошаққа көміп кеткен мылтығымен үстінен ұшып өткен құсты атып жеп, жапан түзде жалғыз күнелтіп жата беріпті. Талай күндер, талай түндер өтіпті. Сол күндердің бірінде:

— Ей, пақыр адамзат! Біз де өзің секілді мүгедек едік. Үш жарты бірігіп бір бүтін болып күн көрсек қайтеді? – деп, қасына алдыңғы бір аяғын қақпан қырыққан арқар мен екі көзі соқыр елік келеді. Арқардың бір ойнақтаса оқтаудай болып жараған, жаясы астаудай, күмістеген ер-тоқымды бәйге мақпал қара бесті ат бола қалатын, еліктің тамақты өте дәмді пісіретін өнері бар екен.

Іші пысып зерігіп жатқан шолақ аяқ жігіт арқар мен еліктің талабын бірден қабылдапты. Сонымен бұл үшеуі бірігіп күн көріпті. Жігіт арқардың өнерімен пайда болатын бәйге қара атқа мініп аң аулайтын, елікке қайдағы асыл, нәрлі шөпті теріп әкеп беретін, ал елік тамақты дәмдеп пісіріп, шөптен жасап алған қопындарын күзетіп үйде отыратын болыпты. Осылайша бұлар талай тәулікті, талай аптаны, талай айды бастарынан кешіріпті.

Кейін келе елік тападай талтүсте-ақ әзірлеп отырған асынан айрылып қалатын болыпты. Бұған өзара таң қалысыпты. Бұл жәйттің қалай туылатынын байқау үшін, бір күні жігіт қопындарынан шалғайлау жерде баспа қып жатыпты. Аңдып жатса, қопынның аяқ жағындағы жырашықпен сумаң қағып өрлеп бір кемпір келіпті де, соқыр елікке сездірмей алдында асулы тұрған етін қазаннан етегіне салып алып, безіп беріпті.

Бұл жалмауыз кемпір екен. Көріп жатқан жігіт мылтығына дереу оқ басыпты да, қақшаң қағып зытып бара жатқан жалмауыз кемпірдің басын қағып жіберіпті. Жалмауыз кемпірге табанда қайтадан бас пайда болыпты да, өзіне қарай тұра ұмтылыпты. Жігіт бұл басын тағы қағып салыпты, жалмауыз кемпірге тағы бас пайда бола қалыпты. Жігіт тағы ұшырып түсіріпті, сөйтіп, жігіт жалмауыз кемпірді өзіне жолатпай қойыпты. Жалмауыз кемпірден бірінен соң бірі алпыс тоғыз бас шығыпты. Жігіт алпыс тоғызын да жайпап болыпты. Жалмауыз кемпір жетпісінші басын шығарғанда жігіттің оғы оның басының жарымын жұлып әкетіпті. Сонда жалмауыз кемпір:

— Қарақтарым-ай! Тым болмаса осы жарты басымды қисаңдар екен?! Көз жоғыңа көз, аяқ жоғыңа аяқ, қол жоғыңа қол шығарып берер едім, – деп жалбарынған екен.

— Алдымен сіздің аяғыңыз бүтінделсін, – деп, арқар мен елік құрметтеп жігітке жол беріпті.

— Жоқ, – депті жігіт, — мына жалмауыз қақпас мені жұтып алса, тастамайды. Сонан соң сорларыңды сорпадай қайнатады. Онан да алдымен сендер бүтінделіңдер, бүтінделіп, күйлерің бұған қаптал келетін болғанда мен жұтылайын. Мені тастамаса өлтіріңдер де, қос сүйегін қалдырмай шағыңдар. Мен сол қос сүйектерінің, әйтеуір, бірінен болмаса, бірінен тірі шығатын боламын.

Жігіттің ақылын мақұл алыпты да, алдымен елік жұтылыпты. Жалмауыз кемпір саңғып жібергенде елік екі көзі жайнап, бұрыңғы сау қалпында түсе қалыпты. Онан кейін арқар жұтылыпты. Ол да жерді төрт аяғымен тең басып түсіпті. Ең соңында жігіт жұтылыпты. Жігітті жұтқаннан кейін жалмауыз кемпір оны тастамай тайып жүре беріпті. Арқар кемпірді жүгіріп барып сегіз көзден мүйізімен періп қалыпты. Елік жүгіріп барып жалпасынан түскен жалмауыз кемпірдің мүйіздеп ішін жарып жіберіпті. Сонымен екеуі жалмауыз кемпірді мылжалап өлтіріпті де, жігіттің ақылы бойынша қос сүйегін қалдырмай шағыпты. Бірақ жігіт табылмай қойыпты. Бұған қатты қайғырган елік пен арқар зар жылап өз алдарына кете беріпті. Сонда ұшып келіп, қарсы алдарындағы бір топ шидің бір талына қона қалған бөрте торғай:

— Шынашақ, шынашақ, – деп сайрапты. Естіген елік пен арқар:

— Ойбай, тәңір-ай, әлгі қақбастың шынашағы шағылмай қалған ұқсайды. Әйтпесе мына торғай біздің алдымызға келіп неге «шынашақ, шынашақ» деп сайрап тұр, – десіпті. Осы ойлары бойынша олар қайта оралып келіп, жалмауыз кемпірдің тоз-тозаласы шыққан жемтігін қайта ақтарыпты. Расында, бір шынашағының жалғыз буыны шағылмай қалған екен. Сол буынды шағып жіберсе, ішінен малдасты құрып, домбырамен ән шырқап отырған сап-сау жігіт шыға келіпті. Осыдан кейін әбден сауығып алған үшеуі біраз уақыт бірге серуен құрған екен. Кейінтінде қимастықпен қоштасып өз жөндеріне кетіпті.

Жігіт салған күйінде еліне келіпті. Еліне келсе, кәрі әкесі мен шешесі өзінің күйігінен өртеніп дүние салған екен. Ағасы көкарай шалғынды көк жайлауда салқын саяға биені байлатып тастап, алтын жылқының сары қымызы мен жал-жаясына белшесінен бегіп жатыр дейді. Шаңырағына – құл, мосысына – күң міндіріп тағы үш әйел алыпты. Маңдағы ел-жұртты түгел малайлыққа салған екен.

Ел арасында «қаңғып өлді» аталып, әлде қашан асы берілген інісі келісімен-ак бұл «батырдың» барлық ісі паш болыпты. Зорлықпен күң орнында жүрген жігіттің ғашығы да өз сүйгенін көрген жерден-ақ бас салыпты.

Осы жайлардың барлығына жете қанық болып жиылған қалың ел:

— Мұндай опасыз, күншіл ұрпақтың бізге керегі жоқ. Оған шу асаудың құйрығына байлап, пара-парасын шығарып өлтіру де жеңіл келеді. Оны жападан-жалғыз қаңғып жүріп өлетін құла түзге айдау керек, – деп жігіттің ағасына үкім шығарыпты. Сол үкім бойынша оны киімін сыпырып алып тырдай жалаңаштап, ұшар құс – шөлден, жортар аң аштан өлетін құла түзге, қу медиенге, қаңғырық шөлге айдапты. Ал шалдың кіші ұлын ерлігі мен адамгершілігі үшін ыстық құшақтарына алыпты. Жігіт те алтын жылқыны:

— Ердің көркі – ел, ортақ ырысымыз, – деп ел-жұртына бөліп беріп, ел-жұртымен бірге бақытты өмір өткізіпті.



Жүктеу батырмасы 50 секундта ашылады!!!




KZ / Қазақша Ертегілер жинағы, ертегі Опасыз туыс туралы ертеги казакша сказка на казахском, сказки Опасыз туыс для детей на казахском языке, балаларга арналган кызыкты ертегилер, 3-4 жастағы 5-6 кішкентай балаларға арналған ертегілер Опасыз туыс, Опасыз туыс, ертегі Опасыз туыс туралы ертеги казакша сказка на казахском сказки Опасыз туыс для детей на казахском языке балаларга арналган кызыкты ертегилер 3-4 жастағы 5-6 кішкентай балаларға арналған ертегілер Опасыз туыс Опасыз туыс, Ертегі: Опасыз туыс ертегі оқу Қазақша Ертегілер жинағы Қазақша Ертегі казакша ертегилер казакша ертеги сказки на казахском языке сказки на казахском языке онлайн