Биология | ЖАРҒАҚ ҚАНАТТЫЛАР ОТРЯДЫ

Биология | ЖАРҒАҚ ҚАНАТТЫЛАР ОТРЯДЫ

1. ЖАРҒАҚ ҚАНАТТЫЛАР ОТРЯДЫ - HYMENOPTERA
Бұл отряд денесінің ұзындығы 0,2 мм - 60 мм болатын біртекті 2 жұп жарғақ қанаты бар әр түрлі насекомдарды біріктіреді. Кейбір формаларында (мысалы, жұмысшы құмырсқаларда, кейбір шаншарлардың ұрғашыларында) қанат болмайды. Мұртшалары жіп тәрізді, бүгілмелі, кейде қауырсын және таспік тәрізді болады. Ауыз аппараты кеміргіш, кеміріп жалағыш, кейде редукцияланған. Құрсағы қондырмалы, аспалы, сабақшалы болады, яғни кеудемен өте жіңішкеріп қылталанған немесе әр түрлі дәрежеде ұзарған бунақ арқылы жалғасады. Ұрғашыларында жақсы жетілген жұмыртқа салғыш қынабы болады. Бал ара мен жабайы арада жұмыртқа қынабы бізгекке айналған. Личинкалары құрт тәрізді немесе жалған жұлдызқұрттар. Қуыршақтары ашық, көбінесе піллә ішінде болады.
Түрлерінің саны жағынан тек қоңыздар мен көбелектерден ғана кем, ең ірі отрядтардың бірі - 100 мыңнан аса түрлері бар. Соның ішінде біздің елде 10 мыңдайы кездеседі. Қоректену сипаты және маңызы жағынан жарғақ қанаттылар алуан түрлі. Олар фитофагтар және галла түзушілер, гүл шырынын және тозаңын пайдаланушылар, жыртқыштар және насекомдардың паразиттері болып саналады.
Жарғақ қанаттылар отряды қондырма құрсақтылар және сабақшалы құрсақтылар деп аталатын 2 отряд тармағына бөлінеді.
ҚОНДЫРМА ҚҰРСАҚТЫЛАР ОТРЯД ТАРМАҒЫ - Symphita. Құрсағы қондырма типіне жататын, аяғының ұршық бөлімі 2 бунақтан тұратын, тек өсімдіктермен ғана қоректенетін насекомдар. Оларға орман ағаштарына зиян келтіретін мүйізқұйрықтылар мен егеушілердің бірқатар тұқымдастары жатады.
Сабақ егеушілер тұқымдасы - Cephidae. Денесі бүйір жақтарынан аздап қабысқан, басы жұмыр, ұзындығы 7-15 мм ірі немесе орташа насекомдар. Алдыңғы сирақтары бір тепкілі. Личинкаларын жалған жұлдызқұрттар деп атайды, түстері ақ, сарғыш, шала дамыған көкірек аяқтары S - әрпі тәрізді иілген. Құрсағының ұшында түтікше тәрізді без болады.
Егеушілер (пилильщики) деп атайтын себебі: олар жұмыртқалар кезде өсімдік сабағын жұмыртқа қынабымен егеп теседі де, пайда болған тесікке жұмыртқасын салады. Одан шыққан личинка өсімдік ішінде қоректеніп, сонда тіршілік етеді.
Бұл тұқымдасқа жататын егеушілердің ішінде ауыл шаруашылық дақылдарына зиян келтіретіндері: астық егегіш (Cephus pygmacus L.), қара егегіш (Trachelus tabidus F.), алмұрт егегіші (Janus camprеssus F.)
Нағыз егеушілер тұқымдасы - Tenthredinidae. Алдыңғы аяқтарының сирағы 2 тепкілі жалпақ денелі насекомдар. Личинкаларының (жалған жұлдызқұрттардың) құрсағында 6-8 жұп аяқтары болады. Ұрғашылар жұмыртқаларын көбінесе өсімдік тканіне, жапырағына, жапырақ сағақшасына, өркеніне, бітеу гүліне, жемісіне, кейде субстрат үстіне салады. Көпшілік түрлері фитофагтар, ішінде қауіпті зиянкестер көп кездеседі, мысалы, рапс егегіші (Athalia colibri Christ), алма егегіші (Haplocampa testudinca Kl.), бозғыл аяқты тұшала егегіші (Pristiphora pallipеs Lоp.) және басқалары қауіпті зиянкестерге жатады.
САБАҚШАЛЫ ҚҰРСАҚТЫЛАР ОТРЯД ТАРМАҒЫ - Apocrita. Бұл топқа жататын жарғақ қанаттылардың құрсағы сабақшалы немесе аспалы құрсақтар типіне жатады. Аяқтарының ұршық бөлімі 1 немесе 2 бунақтан тұрады. Личинкалары құрт тәрізді, аяқтары болмайды. Сабақшалы құрсақтыларға, кейде өз алдына жеке паразитоидтар отряд тармағына бөлінетін бірқатар тұқымдастар, сонымен қатар құмырсқалар мен аралар жатады.
Шаншарлар тұқымдасы - Ichneumonidae. Паразиттік тіршілік ететін жарғақ қанаттылардың ішінде ең ірілері (ұзындығы 10-25 мм). Ұрғашыларының жұмыртқа салғыш аппараты (жұмыртқа қынабы) ұзын болады. Ересек шаншарлар гүл нектарымен және бал шығымен қоректенеді. Ал кейбір түрлерінің ұрғашылары жұмыртқа салғышымен шаншыған кезде жарақаттаған жерден шығатын иесінің гемолимфасын сорады. Личинкалары насекомдар мен өрмекшілердің жұмыртқаларында, личинкаларында, қуыршақтарында паразиттік тіршілік етеді. Мысалы, менискус, панискус деп аталатындар астық сұр көбелегінің, хорогенос деп аталатын капуста күйесінің паразиттері осы тұқымдасқа жатады.
Браконид тұқымдасы - Braconidae. Шаншарларға қарағанда кішірек, ұзындыгы 5-15 мм, паразиттік тіршілік ететін жарғақ қанаттылар. Алдыңғы қанаттарында тұйықталған тор саны 5-7-ден аспайды және птеростигма деп аталатын қалыңдау учаске сақталады. Ересек насекомдары гүл нектарымен және иесінің гемолимфасымен қоректенеді. Личинкалары насекомдардың сыртқы және ішкі паразиттері, соның ішінде өсімдіктердің көптеген зиянкестерінің паразиттері. Мысалы, апантелес туысына жататын браконидтер - Apantеlеs glomeratus L. капуста мен шалқан ақ көбелектерінің және долана көбелегінің, A. solitarius Ratz - жұпсыз көбелектің, ал рогас туысының өкілдері - Rhogas dеndrolimi Mats. - сібір көбелегінің, Ph. dimidiatus Spin - күздік көбелек пен астық сұр, кебелегінің гусеницаларында паразиттік тіршілік етеді.
Біте шаншарлары немесе афидийдтер тұқымдасы - Aphidiidae. Сыртқы құрылысы жағынан браконидтерге ұқсас, бірақ олардан айырмашылығы денесінің ұзындығы 5 мм кіші. Ұсақ болады да құрсағының алдыңғы 3 бунағы созылып жіңішкерген және қанаттарындағы жүйке саны едәуір азайған, яғни жүйкеленуі қарапайым. Личинкалары бітелердің ішкі паразиттері, солардың ішінде ең көп кездесетіндері афидиус (Aphidius) және праон (Рrаоn) туыстарының өкілдері.
Сцелионид тұқымдасы - Scelionidae. Денесінің ұзындығы 0,6-6 мм, металдық жылтыры жоқ, қара түсті паразиттік тіршілік ететін ұсақ жарғақ қанаттылар. Мұртшалары әдетте бүгілмелі, түпкі бөлігі сақинасыз тікелей ауыз тесігінің айналасына орналасқан. Құрсағының бүйір жақтары көмкерілген немесе жиектері өткір қырлы болады. Личинкалары насекомдардың жұмыртқалары мен өрмекшілердің жұмыртқа қабының паразиттері (жұмыртқа жегілер). Бұл тұқымдасқа зиянды бақашық қандаланың жұмыртқа жегіштері, сонымен қатар тура қанаттылардың, көбелектердің, шыбындардың және басқа насекомдардың да жұмыртқаларының паразиттері жатады.
Трихограмма тұқымдасы - Trichogrammatidae. Металдық жылтыры жоқ сары, қоңыр немесе қара түсті жалпақ денелі, паразиттік тіршілік ететін өте ұсақ (ұзындығы 1 мм аспайды) насекомдар. Мұртшалары кысқа, түйреуіш басы тәрізді. Мұртша шыбыртқысының бірінші бунағының түбірі сақиналы болады. Ересектері гүл нектарымен қоректенеді де, олардың личинкалары насекомдардың, әсіресе көбелектердің жұмыртқаларында паразиттік тіршілік етеді. Трихограмма туысының бірқатар өкілдері биофабрикаларда көбейтіліп, зиянды көбелектерге қарсы биологиялық күресте пайдаланылады. Олар - кәдімгі трихограмма (Trichogramma еvanеscеns West), оупроктидус (Т. cuproctidis Gir) еркексіз трихограмма (Т. еmbryophagunv Htg) және басқалары.
Құмырсқа тұқымдасы - Formicidae. Жарғақ қанаттылар құрамындағы 6 мыңнан аса түрлері бар, ірі тұқымдас. Мұртшалары - бүгілмелі, құрсақ сабақшасы 1-2 бунақты, ал аяқтарының ұршығы бір бунақты болады. Құмырсқаларда полиморфизм айқын білінеді, еркектерінің де және ұрғашыларының да қанаттары болады, бірақ ұрғашылары шағылысқан соң көп ұзамай қанаттарын жоғалтады. Жұмысшы құмырсқалардың қанаттары мүлде болмайды. Олар топырақта немесе шіріген ағаштың түбіне салынған ұяда, яғни құмырсқа илеуінде, ірі-ірі бірлестіктер құрып, тіршілік етеді. Құмырсқалар тірі және өлген насекомдармен, бітелер және кокцидтер денесінен бөлініп шығатын тәтті заттармен, өсімдік дәнімен, саңырауқұлақтармен, кейде өсімдік шырынымен қоректенеді. Осыған байланысты олардың маңызы да әр түрлі: топырақпен байланысы барлар топырақ түзілу процесіне қатысып пайда келтірсе, кейбір түрлері ағаштың сүрегін бүлдіреді. Кейде адамға, үй жануарларына ауру таратады. Бітелермен және кокцидтермен өте тығыз байланысты түрлерінің біразы соларды қорғап, жыртқыш насекомдардың пайдалы әрекеттеріне кедергі келтіреді. Ал кейбір түрлері, керісінше, зиянды насекомдарды құртатын жыртқыштардың қатарына кіреді. Оларға орманды зиянкестерден қорғау үшін пайдаланылатын орманның кішкене құмырсқасы (Formica polyctеna Focrst.) және орманның қызыл құмырсқасы (Ғ. rufa L.) және басқалары жатады.

2. ФИТОНЕМАТОДТАРДЫҢ КЛАССИФИКАЦИЯСЫ
Нематодтар класы аденофор немесе афазмидия және есцернент немесе фазмидия деп аталатын класс тармағына бөлінеді.
АДЕНОФОР КЛАСС ТАРМАҒЫ - ADENOPHOREA
Бұл топқа жататын нематодтардың бүйір жағындағы құйрық бездер - фазмидтер болмайды: тангорецепторлары көбінесе қылшық түрінде болады, химиялық сезім мүшелері (амфидтер) - қалта, түтікше немесе саңлау тәрізді олар бастың екі жағына орналасқан, мойын бүртіктері (дейридтер) болмайды, мойын безі (ренетта) үлкен, бірақ каналсыз. Көпшілігінде мойын безінен басқа көптеген бүйір бездері болады. Олардың түтікшелері денесінің бүйір «хордалары» арқылы сыртқа ашылады. Бұл класс тармақша теңіз және тұщы су нематодалары жатады, тек аздаған түрлері ғана өсімдіктерді зақымдайды. Кейбір түрлері паразиттік тіршілік етеді, жыртқыштары да кездеседі.


СЕЦЕРНЕНТТЕР НЕМЕСЕ ФАЗМИДИЯЛАР КЛАСС ТАРМАҒЫ - SESERNENTA
Бір жұп фазмидтері бар, тангорецепторлары бүртік тәрізді болады және көбінесе дененің алдыңғы бөлігінде шоғырланған. Аналь тесігінің айналасында орналасатын бүртіктер тек еркектерінде ғана кездеседі. Иіс сезу шұңқырының (амфида) пішіні саңлау тәрізді, ерін үстінде орналасқан. Афазмидия тұқымдасының өкілдерінен тағы бір айырмашылығы - дейридтері жақсы жетілген, мойын безі тарамданған және бір немесе екі каналы болады. Көпшілік түрлері тұщы су және топырақ фаунасына жатады. Теңізде кездесетіндері өте аз. Класс тармақтың көптеген өкілдері шіріндісі мол топырақты мекендеп, өсімдіктермен қоректенеді. Кейбіреулері басқа жануарлардың есебінен паразиттік тіршілік етеді және жыртқыш түрлері де кездеседі.
Фазмидия класс тармағы рабдиттер және тиленхидтер деп аталатын 2 отрядқа бөлінеді. Ал өсімдік қоректі нематодтардың көпшілігі, бір мындай түрлері тиленхид отрядына жатады. Сондықтан бұл оқулықта тек осы отрядтың ғана басты-басты тұқымдастарына сипаттама беріледі.

3. ПАРАЗИТОИДТАР ОТРЯДЫ - PARAISITIFORMES
Бұл отрядқа жататын кенелердің құрсағында екінші, үшінші және төртінші пар аяқтардың жамбас бунағынан соң орналасқан бір, кейде екі пар тыныс тесіктері болады. Ауыз аппараты шаншып-сорғыш түтікше тәрізді. Оның құрамына педипальпаның түрін өзгерткен жамбас бунағы, тілшік жәнс хелицера кіреді.
Өсімдік қорғау саласында бұл отрядтың ішінде фитосейид тұқымдасына жататын кенелердің маңызы зор.
Фитосейидтер тұқымдасы - Phytoseiidae. Дене пішіні сопақша келген, түссіз немесе сарғыш, қоңырқай, кейде қызғылт түсті, ұзындығы 0,25-0,6 мм ұсақ кенелер. Бір жұп тыныс тесігі сыртта, алға қарай бағытталып 2 жұп аяқтың жамбас бунағына дейін жететін түтікше тәрізді перитремалармен жалғасқан. Дененің арқа жағын үлкен бір қалқанша, ал құрсақ жағын екі (генитальдық) және өзара қосылған (вентроанальдық) қалқанша жауып жатады.
Фитосейидтердің бірқатары өсімдіктерді зақымдайтын кенелермен қоректеніп, олардың сан мөлшерін реттеуші факторлардың бірі болып саналады. Әсіресе олар пестицидтерді жиі қолдануға болмайтын немесе талғап әсер ететін препараттарды қолданатын жеміс бақтарында жақсы нәтиже береді. Оларға жататындар: Typhlodromus subsolidus Bеgl., Amblyscus reductus Wainst., A. finlandicus Oud., A. andеrsoni Chant, және басқалары. Бұлардың негізгі бір кемшілігі - факультативті жыртқыш. Құрбандары жоқ кезде олар өсімдік шырыны және гүл тозаңымен қоректенеді. Мұндай кемшілік біздің елде 1963 жылы интродукцияланған облигатты жыртқыш кене фитосейулюстс (Phytosciulus pеrsimilis Ath. Hеnr.) болмайды. Бұл кене қазіргі кезде теплицаларда өрмекші кенелермен күресу үшін кең түрде пайдаланылады. Фитосейидтердің кейбір түрлері ақ қанаттылар, қалқаншалылар, трипсілер сияқты ұсақ насекомдармен және олардың жұмыртқаларымен де қоректенеді.

4. БИОТИКАЛЫҚ ФАКТОРЛАР
Биотикалық факторларға әр түрлі организмдердің арасындағы тіршілік әрекеттері процесінде пайда болатын өзара қарым-қатынастар жатады. Олардың ішіндегі ең негізгілері - организмдердің қоректік заттарға қатынасы жәнс соның негізінде туатын өзара байланыстар.
Қоректік заттарға мамандану. Насекомдар мен басқа организмдердің жеке топтарының органикалық заттардың әр түрлі көздерін талғап алу негізінде туатын қатынастар қоректік заттарға маманданудың бірінші түрінс жатады. Маманданудың осы түрі бойынша өсімдіктермен қоректенетін организмдерді (бітелерді, қалқаншалы қандалаларды, бізтұмсық қоңыздарды және т.б.) фитофагтар деп, жануарлармен қоректенетіндерді зоофаггар деп атайды. Соңғылардың ішіндегі насекомдармен қоректенетіндерді (жыртқыш барылдақ қоңыздарды, алтын көзділердің личинкаларын, әр түрлі шаншарларды және т.б.) энтомофагтар деп, ал кенелермен қоректенетіндерді (мысалы, жыртқыш трипсілерді, стеторус қоңызын, фитосейид тұқымдасына жататын кенелерді және т. б.) акарифагтар деп атайды. Өсімдік текті заттардың шіріп бұзыла бастаған қалдықтарымен қоректенетін организмдерді (подураларды және басқа алғашқы қанатсыз насекомдарды, сауытты кенелерді, нематодтардың көптеген түрлерін) сапрофагтар деп, жануар текті заттардың бұзыла бастаған қалдықтарымен қоректенетіндерді (өлексе жегіш қоңыздарды, өлексе шыбындарының личинкаларын және т.б.) некрофагтар деп атайды. Ал малдың қиымен және құстың саңғырығымен қоректенетін насекомдарды (қи қоңызын, стафилин қоңыздары мен кейбір шыбындардың личинкаларын) копрофагтар дейді.
Қоректік заттарға маманданудың екінші түрі жоғарыда керсетілген қорек көздерінің әрқайсысының ішінен талғап алу дәрежесімен байланысты. Маманданудың бұл түрі бойынша насекомдарды (басқа организмдер де) монофаг, олигофаг, полифаг деп аталатын 3 топқа бөледі. Фитофагтардың ішінде өсімдіктердің бір ғана түрімен немесе туыстығы өте жақын бірнеше түрлерімен қоректенетіндері (мысалы, бұршақтың дәнек қоңызы, жүзім филлокесрасы, таңқурай кенесі) монофагтарға, бір тұқымдасқа жататын өсімдіктердің көптеген түрлерімен қоректенетіндер (мысалы, крестгүлділердің бүрге қоңыздары мен қандалалары, түйнек бізтұмсықтары, астық шыбындарының личинкалары және т. б.) олигофагтарға жатады. Ал полифагтар (мысалы, шегірткелер, шыртылдақ қоңыздар, күздік көбелек, жалаңаш шырыштар, кәдімгі өрмекші кене және т.б.) өсімдіктердің әр түрлі тұқымдастарына жататын көптеген түрлерімен қоректенеді.
Қоректік заттарға маманданудың осы көрсетілген негізгі топтарынан басқа өсімдік және жануар текті заттардың алуан түрлерімен бірдей қоректенетін организмдер де болады (мысалы, тарақан, айырқұйрық және т.б.). Оларды пантофагтар, немесе талғаусыз қоректенетіндер деп атайды.
Насекомдар мен кенелер және басқа өсімдік қоректі жәндіктер үшін қоректік өсімдіктердің шеңбері соншама кең болғанмен, әрбір түрдің әуелі көп қоректі зияикестер тобының ішіндегілердің өте жоғары дәрежелі өсімталдығы мен тіршілігін сақтап қалу қабілеттігін қамтамасыз ететін өсімдіктер болады. Мысалы, алабота өсімдігімен қоректенгенде күздік көбелектің өсімталдығы бір ұрғашы көбелекке 940-1700 жұмыртқаға дейін келес, жүгерімен қоректенгенде тек 80-290 дейін ғана келеді.
Фитофагтар үшін жоғарыда көрсетілген қоректік маманданудың II-түрінде қоректік заттардың басқа түрлерін пайдаланатындар да кездеседі. Мысалы, эптомофагтардың ішінде монофагтарға насекомдардың тек қана бір түрі - қан бітесінің денесінде паразиттік тіршілік ететін афслииус мали деген шаншар, олигофагтарға қалқаншалы бақашық қандалалардың жұмыртқасында паразиттік тіршілік ететін жұмыртқа жегіштер - теленоминдер, ал полифагтар қатарына, қабыршақ қанаттылар отрядының 24 тұқымдастарына жататын насекомдардың 89 түрлерінің жұмыртқаларында паразиттік тіршілік ететін жұмыртқа жегіштер - трихограммалар жатады.

5. ЗИЯНКЕСТЕРДІҢ ЖАППАЙ КӨБЕЮІ ЖӘНЕ ОНЫ БОЛЖАУ
Популяциялардың сан мөлшерінің өзгеруінде экологиялық факторлардың ролі. Популяциялардың әр түрлі жылдардағы және маусым ішіндегі сан мөлшері тұрақты болмайды, ол экологиялық факторлардың әсерінен өзгеріп тұрады. Сондықтан зиянды организмдердің жаппай көбейіп кету мүмкіншілігін алдын ала болжау үшін популяциялардың сан мөлшерінің өзгеру заңдылықтарын зерттеп білудің практикалық маңызы өте зор.
Қазіргі кезеңде популяциялардың caн мөлшерінің өзгеруі жайлы негізінен екі теория бар. Олардың біреуі басты ролді абиотикалық факторларға ұйғарады және сонымен қатар биотикалық факторлардың да едәуір әсері бар екенін жоққа шығармайды. Бұл теорияны жақтаушылар популяциялардың caн мөлшерін реттеуге болмайды, ол факторлардың кездейсоқ қисындасуы әсерінен өзгеріп тұрады деп есептейді.
Екінші теорияны жақтаушылар біріншілерге қарама-қарсы көзқарасты жақтап, биоценозда организмдердің caн мөлшерінің өзгеріп тұруы реттеуге көнетін құбылыс деп қарайды. Бұл жағдайда популяциялардың caн мөлшерінің өзгеруіне кибернетика принципін қолдануға болады. Бұл принцип бойынша тікелей және кері байланыстар өздігінен реттеуші жүйелердің барлығының қажетті ерекшеліктері болып табылады: реттеуші реттелінуші құбылыстың барысы туралы информация алады және соның негізінде өзінің реттеуші әсерін өзгертеді. Әрине популяциялардың caн мөлшерінің өзгеруін тек табиғаттың тірі күштері, яғни биотикалық фактор ғана сезе алады. Осыған байланысты популяцияның сан мөлшерінің өзгеруіне әсер ететін және соның өзіне тәуелді және тәуелсіз факторлардың категориялары туралы айтылган пікірлерді қорыта келіп Г. Л. Викторов (1967) экологиялық факторларды модификациялаушы және реттеуші факторлар деп екі топқа бөлуді ұсынған.
Модификациялаушы факторлар тікелей немесе жанама әсер етіп, популяциялардың сан мөлшерін не азаю, не көбею жағына қарай едәуір ауытқытуы мүмкін. Бірақ, популяцияның caн мөлшерінің өзгеруі оларға әсерін тигізе алмайды, яғни кері байланыс принципі бойынша әрекет істелінбейді. Мысалы, қыс кезінде ағаш бұтағында қыстайтын алманың жасыл бітесінің жұмыртқаларының бірқатары төменгі температуралардың әсерінен тіршілігін жоюы мүмкін. Бірақ факторлардың әсер ету қарқындығы жұмыртқалардың тіршілігін жою дәрежесі жоғары бола ма немесе төмен бола ма оған байланыссыз антициклон алмасқанша немесе сол ауданның үстіндегі ауа массасы қызғанша өзгермейді. Демек, популяциялардың caн мөлшерін өзгертуші (бірақ реттеуші емес) факторларға абиотикалық факторлар жатады.
Реттеуші факторлар популяция мүшелерінің caн мөлшерін тек өзгертіп қана қоймай, сонымен қоса оны реттеп отырады. Олардың дрексті популяцияның тығыздығымен жағымсыз кері байланыста болады. Осыған байланысты популяцияның caн мөлшерінің өзгеруі әсерінен реттеуші факторлардың әсерінің нәтижелігі де өзгеруі мүмкін. Реттеуші факторларға биотикалық факторлар, яғни зиянкестердің табиғи жаулары (паразиттер, жыртқыштар, ауру қоздырғыштар), түр аралық қарым-қатынастар және қоректік заттар (тамақ) жатады.
Популяциялардың табиғатта өздігінен реттелу теориясына сәйкес, олардың caн мөлшерінің өзгеруі негізінде де түрлі екі механизмнің, яғни модификациялаушы және реттеуші факторлардың, өзара қарым-қатынастарының нәтижесі болып табылады. Популяцияның тығыздығы ондағы особьтар санының көбею және азаю процестерінің ара қатысы арқылы анықталады. Барлық экологиялық факторлардың жиынтығы популяция құрамымдағы жеке особьтардың өсімталдығын, тіршілік қабілеттілігін және миграция жасауын өзгерте отырып, сол процестерге әсер етеді. Абиотикалық факторлардың қолайсыз болу салдарынан (қыста температура төмен болуынан, жазда температураның жоғары және салыстырмалы ауа ылғалдылығының төмен болуынан) популяцияның сан мөлшері кілт азаюы мүмкін. Бұл жағдайда биотикалық факторлардың популяцияға тигізетін әсері әлсірейді. Соның нәтижесінде популяция тіршілігін сақтап қалады да, өсіп-өну үшін қолайлы жағдайлар туған кезде биотикалық потенциялының жоғары болу арқасында оның caн мөлшері өсе бастайды. Бірақ бұл өсу шексіз болмайды, себебі биотикалық факторлардың (жыртқыштардың, паразиттердің, түраралық қарым-қатынастардың т. б.) популяцияға тигізетін әсері едәуір күшейеді.
Демек, насекомдардың және де басқа организмдердің биотикалық потенциалының жоғары болуы және модификациялаушы факторлардың олар үшін қолайлы болып қалыптасуы биоценоздағы организмдердің caн мөлшерінің тым өсіп кету мүмкіншілігін қамтамасыз етеді. Ал биотикалық факторлар ондай өсуді, белгілі бір орта шамаға ғана жеткізіп, одан соң оны тежейді. Егер биотикалық факторлардың тежеу ролі кілт төмендесе (мысалы, пестицидтерді немесе агротехниканың кейбір тәсілдерін қолданудан) және абиотикалық факторлар организмдер үшін қолайлы болып келсе, онда популяцияның caн мөлшері кенет өседі. Биотикалық факторлардың ролінің мұндай әлсіреуі агробиоценоздарда жиі байқалады.
Биотикалық факторлардың реттеуші ролі популяцияның тығыздығының әр түрлі дәрежесінде пайда болуы мүмкін. Насекомдардың caн мөлшерінің дәрежесі өте жоғары болса, онда эпизоотия қоздыратын патогендік организмдердің нәтижелі әсері үшін де және көп қоректі энтомофагтардың әрекеті үшін де қолайлы жағдай туады. Өте тар шеңберлі мамандалған жыртқыштар мен паразиттер (олигофагтар мен монофагтар) баяу әрекет жасайды және зиянкестің өсіп-өніп көбеюін тек оның сан мөлшерінің төмен болған кезінде ғана реттей алады.
Өсімдік қоректі кенелердің насекомдардан айырмашылығы популяцияларының сан мөлшері көбейген кезде активті түрде азды-көпті қашықтыққа таралуға мүмкіншілігі болмайды. Сондықтан популяцияның тығыздығы әр түрлі болған кездердегі биотикалық факторлардың реттеуші ролін қарқынды түрде қоректенуі өсімдіктердің оқтын-оқтын өсуіне байланысты болатын кенелерде, әсіресе дендрофильді кенелерде, оңай байқауға болады. Мысалы, жеміс қызыл кенесі үшін 3 сатылы реттеуіш механизм белгілі. Олардың алғашқы екеуі (құрбан организмнің сан мөлшері аз болған кездегі және көп қоректі жыртқыштардың саны көп болған кездегі жыртқыш кенелер - фитосейидтердің әрекеттері) биоценоздық реттеуішке, ал үшіншісі (популяцияның тығыздығы тым жоғарылаған кезде диапаузаға кететін жұмыртқаларды салуы) тұраралық реттеушке жатады.
Популяциялар динамикасының теориясы тарапынан қарағанда кері байланыс принципімен әрекет жасайтын түраралық реттеуіш механизмнің ерекше маңызы бар. Кенелердің өсіп-өнуі әр түрлі себептермен жоғарыда айтылған екі реттеуіштің бақылауынан шығып қалып, зиянкестің сан мөлшері өте жоғары дәрежеге жеткен кезде, жапырақтар күні бұрын түсіп қалуына байланысты жеміс ағашының қоректік қорының таусылу қаупі туады. Мұндай жағдайда популяция тығыздығының өсуі туралы бір сигналдың әсерінен ұрғашы кенелердің біраз бөлігі бұтақтардың қабығына диапаузаға кететін жұмыртқаларды сала бастайды, зиянкестің caн мөлшерінің өсуі баяулайды. Осының нәтижесінде тамақ қоры кенелердің тірі қалғандарына ұзақ уақытқа дейін жеткілікті болады.
Жеке түрлердің популяциясының caн мөлшерін реттеуші механизмдердің жоғарыда көрсетілген схемасының теориялық маңызымен қатар практикалық маңызы да зор. Белгілі бір механизмнің әрбір сатысының әсер ету тиімділігінің бастапқы көрсеткіштері, сөз жоқ, белгілі бір зиянкестің көптігіне, табиғи климат зонасына және әрбір топтың энтомофагтарының түр құрамына байланысты. Сондықтан реттеуші механизмдердің әсерін жете талдап анықтаудың және осы зонадағы басты зиянкестер үшін паразиттер мен жыртқыштардың әр түрлі топтарының бастапқы тиімділік дәрежесін дәл білудің негізінде олардың өсіп-өніп кебеюі туралы болжау жасап, қорғаныш шараларын дұрыс жоспарлауға болады.
Популяциялар динамикасының типтері және caн мөлшерін болжау. Популяциялардың сан мөлшерінің өзгеру ерекшеліктерін, яғни зиянкестердің жеке түрлерінің бір маусым ішіндегі, сондай-ақ бірнеше маусымдағы популяциялық димамикасын анықтау жұмысы зиянкестердің өсіп-өніп көбеюін болжайтып тәсілдерді жетілдіру үшін ғылыми негіз болып есептеледі. Ауыл шаруашылық зиянкестерінің популяциялық димамикасының түрлерін тұрақты, маусымдық, көпжылдық, деп үш топқа бөлуге болады (Поляков, 1964, Бей-Биенко, 1966).
Популяциялық динамиканың тұүрақты типі заузалар, астық қоңыздары, шыртылдақ қоңыздар сияқты caн мөлшері барлық генерациялық кезеңде азды-көпті тұрақты болатын көпжылдық генерациялы түрлерге тән. Олардың (өсімталдығы төмен болғанымен) caн малшерін азды-көпті тұрақты дәрежеде ұстау үшін тіршілігін сақтап қалу қабілетін жоғары болады. Мұндай түрлердің ықтималды caн мөлшерін болжау үшім күзде әр түрлі егістіктерде жүргізілетін есеп жұмысы жеткілікті болады. Егер бұл түрлерге қарсы күрес шаралары қолданылмайтын болса, онда популяциялық динамикасының ерекшелігін ескере отырып, олардың caн мөлшері келесі жылы айтарлықтай өзгере қоймайды деп болжау жасауға болады. Популяциялық динамиканың маусымдық типі негізінен популяцияның тығыздығы бір маусым ішінде тез өсетін поливольтинді түрлерге, мысалы бітелер, алма жемісі, капуста күйе көбелегі, швед және гессен шыбындары сияқты зиянкестерге тән. Бұл топқа жататын насекомдардың саны вегетациялық маусымның екінші жартысында немесе күзде көбейеді. Сондықтан болжау жасау үшін олардың caн мөлшерін есепке алуды күзде орындаған жөн.
Популяциялық динамиканың көпжылдық типі өте күрделі және алуан түрлі құбылыстарымен ерекше орын алады. Популяциялардың caн мөлшерінің және олардың стацияларды мекендеу жағдайларының өзгеруі бірнеше жылдарды қамтиды және популяциялық динамиканың бірнеше фазаларын (көтерілу, максимум, төмендеу және тоқырау) өтуге душар болады. Популяциялық динамика фазаларының толық циклінің жалпы ұзақтығы 4 жылға, кейде 6 және одан да көп жылдарға созылады. Популяцияның мұндай типті динамикасы моновальтинді де (шегіртке, қызылша бізтұмсығы, зиянды бақашық, астықтың барылдақ қоңызы және т. б.) және поливольтинді де (күздік көбелек, колорад қоңызы және т. б.) түрлерге тән.
Caн мөлшері динамикасының көпжылдық типі әр түрлі органмзмдерде алуан түрлі болады және оны көптеген көрсеткіштер бойынша, зиянкестердің caн мөлшерін болжауға дифференциалды тәсілдерді қолдану үшін, бірнеше тип тармағына бөледі. Мысалы, шегірткелердің агробиоценоздардан тыс көп мөлшерде шоғырланған ошақтарында келешекте мүмкін болатын сан мөлшерін олардың күздегі және көктемдегі күбіршелерін есепке алу, өткендегі климаттық ерекшеліктерін және басқа факторларды талдау, тіл үйірлі түрлері үшін үйірлі, аралық және саяқ формаларының ара қатынасын анықтау арқылы болжайды.
Қорытып айтсақ зиянкестердің caн мөлшерін сенімді түрде болжау үшін әрбір түрдің биологиясы мен экологиясын, оның негізгі табиғи жауларын және қоршағап ортаның басқа факторларының сол түрдің популяциялық динамикасына тигізетін әсерін білудің маңызы өте зор. ....


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Қазақстан пойыздарында үй жануарларын тасымалдау ережелері
» Қазақстандықтар шетелге шығуға жылына қанша жұмсайды?
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді