- Бүгін бізде көпшілікке танымал, елге елеулі жан Бейсенбай Жұманың кластасы Аюбай ата қонақта отыр. Аюбай ата, сізді Бейсенбай Жұманың кластасы дейді ғой, сол сөз рас па?
- Бейсенбайдың кластасы екендігім рас, - деді Аюбай ата. - Бейсенбайдың өзі бізден бес жастай кішілігі бар бала еді. Өзінің зеректігімен, алғырлығымен бізді қуып жетіп алған ғой. Өзі бір кіп-кішкентай, көзі жылт-жылт еткен сүйкімді балатұғын. Бейсенбай менің артымдағы партада отырды, мен Бейсенбайдың алдыңғы жағындағы партада отырдым. Менің сабақ үстіндегі ермегім сол - мұғалімнің көзін ала беріп, Бейсенбайды танаудан шертемін ғой келіп. Артыма қараймын да, Бейсенбайды танаудан шертіп кеп қаламын. Күн ұзақ сабақ үстіндегі ермегім сол еді.
Аңшы өмірінде кімді болсын қызықтырып, қолға түспейтін ерекше жері — алаңсыз бостандығы. Өзге дүниенің ащы-тұщысын түгел ұмыттыратын жанды қызуы — аңшының әңгімесі, құсы, тілегі мен қуанышы, томағалы батыры, қыран серігі болады. Анда-санда алмағаны қажытпайды. Өйткені алдыңғы күн қызыл түлкінің құйрығын бұлаңдатып, алдыңнан көрсетіп тұрғандай болады.
Бір тасты қағып шығып, екіншіден томаға тартқанда жылпос қағушының алдындағы қорымға томағасы алынған жалаң бас қыран белсеніп, кірпік қақпай қалады. Жымдай қатқан жартастың жарық-жарығына от көзімен шаншылады. Сол кезде аңшы да қиялмен еріксіз алдын ала шауып: «Қазір ана жарықтан шығады, болмаса анау алаңнан, қағушының алдынан, бұлаңдап жөнеледі», — деп, аш қыранмен бірге еріксіз жалақтайды. Ұзақ күнді сол сияқты жанды үмітпен өткізіп, үйге келгенде бел шешіп жайланғаны, ас ішіп тыныққаны, алдыңғы күнге үміт артып, өткен күнгі көргенді айтып, ақын тіліндей шешен тілмен әңгіме қылғаны — қызуы мол толық өмір екеніне дау жоқ. Онымен салыстырғанда әншейін жүрген өмір шала-жансар, оты жоқ, гүлі жоқ сұр өмір сияқтанады. .....
Ақпанның соңғы күнінде аудандық Мәдениет Үйінің кіші залында , келе жатқан көктемнің алғашқы лебіндей әсерлі де әдемі кеш өтті. Аудандық кітапхана ұжымының үлкен еңбегінің нәтижесінде жоғары деңгейде ұйымдастырылған бұл шара- аты қазақ еліне танымал арқалы айтыскер, өлеңдері республикалық басылымдарда көптеп жарияланып жүрген белгілі жазба ақын,Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, облыстық «Дидар» газетінің тілшісі, Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерейтойлық медалінің иегері, төрт жинақтың авторы Хасен Зәкәрияның творчествосына арналған еді. Күнілгері осы жүздесуден құлағдар болған ақынның оқырман, тыңдарман, көрермендерінің бір парасы ғана көрсетілген уақытта кіші залды лық толтырғанда, «Хасеннің ақындығын жоғары бағалайтын алыс-жақындағы жырсүйер қауым жиылып келсе, үлкен залың таршылық етер ме еді!?.»-деген ойға келгендейсің... Сонымен, кітапхана қызметкерлері Гүлнар Даутова мен Роза Кенжеханова кезектесе сөз алып, қысқаша өткізілмек шараның мақсатын айта келіп , кеш иесі-ақын Хасен Зәкәрияға төрден құрметті орын ұсынған соң, алғашқы құттықтау сөзді Хасеннің көп жылдар қызметтес болған аға жолдасы, аудандық «Рауан» газетінің редакторы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Кәдірбек Айдархановқа берді. Кәдірбек Айдарханұлы ақынды редакцияға қызметке шақырғанда өзінің қателеспегенін, Хасен інісінің бай сөздік қорымен, тілді аса жетік меңгергенімен және өзінің туабітті еңбекқорлығымен аз ғана уақытта газет жұмысын тез игеріп, кәнігі журналист деңгейіне көтерілгенін қысқа да әсерлі жеткізді. Хасеннің қызметтегі жетістіктерінетыңдарман назарын арнайы аударып,оның журналистика саласында алар биіктері әлі де алда екеніне сенім білдірді.
Жазық дала, таулы өлке, жасыл орман – айналым, Сұлулығын кең өлкемнің – көзбен қарап тоймағам. Қандай ғажап туған жерім, қандай ғажап, мән берсең Сұлулығын табиғаттың – жүрек қалап тоймаған.....
Пейзаждары мен натюрморттары талай жылдар бойы шулы табысқа жетіп жүргендіктен әлі "скудаморлық мәнерде" салына қоймаған суреттері көрмелерде көзден жырақ, төбеге таяу тұстарға ілінетін күндерін біржола ұмыта бастаған әйгілі суретші Скудамор қаққан қазықтай міз бағар емес. Немере қарындасы табан астында өзін тастап кеткен орнында сіресіп тұр. Сұлу мұрты мен әдемі шоқша сақалдың арасындағы еріндері өкпелі мысқылмен қисайыңқырап, өзіне көрсетуге алып келген бұтақшадан жұмыр тас төселген аулаға жұлынып түскен итмұрын жидектеріне көз алмай әрі таңдана қарайды. Бұл оны салып қалғандай басын кегжең еткізіп жұлып алғаны несі? Жаңбыр тамшыларын шашырата төрт қан қызыл жидек бұтақшадан дірілдеп үзіліп түсердей жұлқына теріс айналғаны қалай? Бұл бар болғаны:
— Ғажап! Бұларды іске жұмсаса жөн екен! — деді ғой.
Ал ол болса "Құдайым-ай!" деп ышқына дауыстап жіберді де, жүгіріп ала жөнелді. Жоқ, Алисия расында есінен ауысқан, бір кездері ол соншалық сүйкімді болды дегенге сене де қою қиын. Еңкейіп, төрт жидекті жерден көтерді — осынау қою қызыл түс қандай керемет!
"Скудаморлық мәнер" мен табыстың сенімді құрыш сауыты тасасынан алай-түлей сезім мен нәзік түрде көре білу сыртқа атқақтатады. Суретін салу! Онда қандай мән бар? Мына сұлулықты қалай жеткізбексің? Қысқы күннің бозғылт сәулелері астында күмістеніп жатқан Эрон өзенінің ерте тасқындарынан қорғап тұрған тамаша етіп қайта жөнделген көне үйінің ауласымен аласалау тас дуалға таяп келді. Иә, нақ солай! Табиғатты, қалай саласың, оның мөлдір ала көлеңкелерін, түстердің жұмбақ үйлесімін қалай жазу керек, сәт сайын құбылып тұрған кейпін қалай кескіндемек? Қамыстың қоңыр үпелегін — әні, анау ақ сұр бозалаң жарықта иілген және әуеде қалқыған тынымсыз аппақ шағалаларды қалай ұстап қаларсың? Әйгілі "мәнері" туралы ойлағаны сол-ақ, табан асты жек көріп кетті — Алисия "Құдайым-ай!" деп дауыстап қалғанда да үнінде осындай жек көру бар-ды. Сұлулық? Одан не пайда! Оны қалай жеткізерсің? Ол да дәл осылай ойлаған жоқ па екен өзі.
Бұл дуалдың сұрғылт тасында қызарып жатқан төрт жидекке қарап тұр; біртіндеп естеліктер .....
"Тисса" зиратының кәрі директоры бәрі дайын болды ма, жоқ па, көрейін деп, ақырын аяңдап үйден шықты.
Ол өзінің қарауындағы осынау қаралы жердің қойнына талай мәйітті шығарып салған, олардың көпшілігін танымайтын да; бірақ танысын-танымасын, алдынан өткен кімге де болса бас иіп, тағзым етіп тұратын әдетінен бір жаңылған емес. Директор үшін өлім жөнелту күнделікті, үйреншікті жағдай еді, солай бола тұра әрбір жерлеу рәсімі оған мына жалғанның тұрақсыз да тұрлаусыздығын еске салып, неге екені белгісіз, қатты толқытатыны бар.
Оның ең жақын досы дәрігер Септимус Годвиннің дүние салғанына жиырма жылдай уақыт өткен, ол өзі тірлігінде арсыздау, сонымен қатар арманшыл, желөкпелеу адам болатын, оның ақылы нақылға айналғаны, адамды бірден баурап әкететін ерекше қасиеті туралы да әңгіме көп-тұғын. Енді міне, оның баласын жерлегелі жатыр.
Дәрігер Годвин өлгеннен бері директор оның жесірін бірде-бір рет көрмеген, өйткені ол әйел бұл қаладан бірден кетіп қалған, бірақ қою қара шашты, ұшқын атып тұратын қоңыр көзді, ұзын бойлы сол әйел бұның есінде жақсы қалып еді. .....
Кхирода ел ақтап жүріп, ақырында осы бір жігіттің құшағында сая тапқандай болып еді. Міне енді ол да мұны қаңғыртып жіберді.
Күн көру үшін тағы біреудің құшағына іздеуді қайтып ойлағысы да келмеді оның, жирене қарады. Жасы болса жер ортаға келіп те қалды.
Жастық шақтың дәурені өткеннен кейін де өмірдің бір тамаша кезеңі болады. Ол кезең — жарқын жүзді күздің шуақ күніндей тыныш та тұңғиық, тұнық бір кез. Осы тұсқа жеткенде өмір бағының бар жемісі толықсып пісіп, көкорай шалғыны ұзарып жетіледі. Жастықтың елең-алаңында албырттықпен шалыс басқан аяқ енді ерсі көрінетін болады. Бұл дүниеде жасарымызды жасап, шығар биігімізге шығып болғандай сезінеміз. Өмір жолында бастан кешкен жақсылық-жамандығымыз, қайғы-қуанышымыз біздің ақыл-ойымызды біржола суарып шыңдап болады. Біз енді көкжиекке қол создырған тәтті қиялдың соңына еріп, адасудан бой тартамыз да, өз шамамыздың тар шеңберінде ғана өмір сүруге мойынсұнамыз. Жарқ еткен жаңа махаббаттың жалынына ұрынудан гөрі, үйреншікті сыр мінез серігіміздің болғанын артық көре бастаймыз. Бұл кезде жастық шақтың уылжыған өңіне әжім түседі. Бірақ көңіл шіркін қартаймайды. Ұзақ жыл отасқан өмірден кейін көңіл күйінің көрінісі бет пішінімізден, көз жанарымыздан сезілетін болады. Адамның даусы да, күлкісі де, көзқарасы да оның ішкі табиғатымен үйлесе бастайды. Қол жетпесті арман етіп елегізу енді қалады, бізді тастап кеткендердің артынан қайғыру жоқ та, алдап кеткендерге кешірім көп болады. Қиыспасыңмен айырылысудың зарын тартып болып, алай-дүлей бұрқаған өмір дауылының бәрін басыңнан өткізген шақта қасыңда қалған адал дос өзіңді жақын тартып, сүйіспеншілік білдірсе, сен де соған бар махаббатыңды ұсынып, құлындай түсесің. Өмірдің осынау бір іңір қараңғысы шағында ежелгі сыр мінез, сенімді серігіміздің қасында болсақ, сонда ғана жанымыз жай тауып, рақатқа батады. Ал бұл кезеңде жаңадан үйір болар жан іздер күйге душар болсаң, құдайдың ұрғаны. Кештетіп келгеніңде тыным аларлықтай боп үйіңде шамың жағулы, төсегің салулы тұрмаса, сорыңның қайнағаны. .....
Жетісуды алғаннан бері орыстың өкімі күшке таянып, әскер, қамшы, абақтымен ел билеп келе жатқандығы айтылып келеді. Қалай да орыс өкіметі Жетісуға орыс келтіріп, оны «сенімсіз көшпеліге» күзетші қылды. Оларға жабдық үлестірілді. Казак-орыстардың еркек кіндігіне мылтық, жабдық үлестіріліп және туысымен жер кесіліп берілетін.
1914 жылғы неміспен соғыс шыққанда Жетісу орыстарына мылтық-қару қайта үлестірілді. Оғымен бердеңке берілді. Бұларға өзін-өзі қорғаушы дружина жасауға ерік етілді.
Жетісуда көтеріліс болатынының алдында орыстың қолындағы күш мынадай еді. Қапалда, Алматыда және Жаркентте бір-бір сақтық әскерінің дружинасы. Бұлардың әрқайсысында 885 -тен бесатар бар еді. Бақтыда 221 мылтықпен бір рота және Аягөзде 55 мылтықпен бес қарауылдық команда бар еді. Лепсіде 90 мылтық, Пішпекте — 194, Қарақолда — 75, Нарында — 75 мылтық бар еді және Пішпектің жергілікті командасында — 24, Алматының жергілікті командасында 44 бесатар бар еді. Бұдан басқа Алматыдағы зеңбірек қоймасында 101 мылтық бар еді. Мұның үстіне жабдықсыз атты запастың 3 бөлімі бар еді. Мұның үстіне Бақтыда, Жаркентте, Нарында казак-орыстың бір-бірден полкі тұрушы еді. Мұның арқасында 100- ден, 120-дан қылыш бар еді. Алматыдағы казак-орыс запасында 264 қылыш бар еді. Бақты, Нарын, Алматы мен Қапалдағы пружинаның екі-екіден пулеметі бар еді. Осы жоғарғы көрсетілгендерден Алматының дружинасының 1- ротасы Әулиеатаға, 20 казак-орыс, 30 ратник Бақтыдан Шәуешекке барып тұрушы еді.
Облыста солдатқа ат алатын болғандықтан атты запастың адамдары! барлығы да облыстан қазақ-қырғызға ат алуға бытыратылған да, бұлардың жергілікті командасы конвой қызметін атқарулы.
Сөйтіп өкімет қолындағы күштің ұзын саны 3736 еді. Бірақ қазақ-орыстың ауруларын санамағанда, анық сойыл соғары 500-ден артылмайтын еді. Осы әскерге қазақ-қырғыз көтерілетіндегі тапсырылғаны:
1) Бақты, Жаркентте қытай мен қазақ астасып кетпес үшін шекарада күзет қылу;
2) штабтың пәтерін күзету (әсіресе Алматыдағы);
3) ат алуға облыс (бойынша) бөлінген 13 учаскедегі конвойлық қызметін атқаруға —175 солдат. Бұлардың бәрі лау мінетін;
4) орыс қалаларын сақтау;
5) жаза (карательный) отрядын жасау. Жаза отряды көбінесе жергілікті казак-орыс солдатынан жасалды.
Ол уақытта бүтін облыста казак-орыс станицасымен 230-дан аса мұжық қаласы бар еді. Жоғарғы айтылған мылтықтар ылғи бесатар болып, олар орыстардың бұрынғы қолындағы бердеңке, қос атар сықылды жабдығының үстіне қосымша еді. Соның үшін әлгі әскер жабдығы мен өкімет солдаттары Қытай шегі мен дуан сықылды қауіпті жерлерге қойылды.
Жетісудың әр жерінен көтеріліс ұшықты шығып, «облыс соғыс халында» деп жарияланғанда, Жетісу 17 учаскеге бөлінді. Әрбір учаскенің басында бір-бір комендант белгіленді. Олардың қолында белгілі мөлшерде әскер күші болды. .....
Аспан жүзін қаптаған күзгі сұр бұлт оқтын-оқтын қабағын түйгендей тұнжырап, себелеп бүркіп-бүркіп алады. Ысқырған ексімді жел арбиған қу қаңбақты домалатып, ескі апандарға, сай жырасына малша иіріп тыға түседі.
Дала иесіз. Көңілсіз.
Айдабол сайының жол етер кезеңінде бейнеусіз үйілген тезектей қиқайып, құммен көміліп бара жатқан тәрізденіп қараша үй отыр. Жел ішін тартып үйірілте соқса, қараша үйдің киізі қолп-қолп етеді. Үй ортасына жағылған от шалқи жанып, от басына төнгендердің көзінен сорасын ағызып, берекесін тым-ақ алып отырған секілді.
От басында екі әйел отыр. Қатпар бетті қара кемпір жаулығының шетімен көзінің сорасын сүртті де, бақшиып шаңыраққа қарады. Аспан жүзінің түнерген бұлты үрейді ала түсейін дегендей әлденеге түксие қалыпты. Кемпір ауыр күрсініп, аузы күбірлеп, жанында отырған жас әйелге қарады. Жас әйелдің бауырында бесік. Ажарында ауыр қайғының, кейістіктің ізі.
— Ұйықтады ма, сәулем? — деді кемпір.
— Ұйықтады.
Екеуі де үнсіз, отқа телмірумен отырды. Екі ортасында бесік. Іргеден соққан ызғырық жел отпен ойнағандай түтіннің ұйқы-тұйқысын шығарды. Тарамыс саусағы қалтылдап, кемпір бесіктің жабуын қымтай түсті. Бір кезде кемпірдің иегі кемсең қақты:
— Келінжан, не болар екен күніміз?
Жас әйел ақшыл беті сұрғылт тартқан секілденіп, мөлдір қара көзі жаспен көміліп, төменгі ерні әдеттегісінен сәл қымқырыла түскендей боп, үнсіз отырды да қойды...
Жел ызыңы бұрынғысынан да үдеп, жыртық киізді жұлмалап ойнағандай сілкіп-сілкіп қояды. .....