Ертегі: Аюалпаң Судысалпаң Таудыталпаң

Ертегі: Аюалпаң Судысалпаң Таудыталпаң казакша Ертегі: Аюалпаң Судысалпаң Таудыталпаң на казахском языке

Ертеде бір өзбек Алихан деген болған екен. Оның әйелі, жалғыз қызы бар екен. Баласы да қолындағы сол біреу-ақ, барлығы үшеу екен. Өзі кедей, жалғыз атымен қос айдап жүреді екен. Жаз болса, қыс болса сол жалғыз торы шолақ атының күшімен еңбек етіп, күн көріп жүріпті. Бір күні қос айдап жүрген Алиханның қарны ашып, үйіне келейін десе, алыс. Онан соң сол күні кеш түсісімен үйіне келіп, әйеліне мынаны айтады:

— Қатын, сен ертеңгісін мен қосқа жүрерде бір қап нанды, бір шанаш көже дайындап маған беріп жүрмесең, менің күндіз қоста жүріп қарным ашты. Үйге келейін десем, үй алыс болды, атты шығарып, атпен шауып келіп тамақтануға атымның өзі шаршап тұр ғой деп аядым. Өзіме қарап, атымды аядым, – деп әйеліне осыны айтады. Түнде әйелі күйеуінің айтқанын ұмытып кеткен екен, ертесіне баяғы еркегі кешегі менің тамақтарымды бер деп сұрағанда, әйелінің есіне сонда түседі де: «Мақұл, мен пісірейін де қыздан беріп жіберейін», – дейді әйелі. «Онда мейлі, қыздан көтертіп жіберсең жібер», – дейді күйеуі.

Сонан соң: «Қызың мені қайдан табады, мен одан да бір етек жоңқаны алып, жеткенше бірден әр жерге тастап отырармын, сол жоңқаның түскен жерінен жүріп, мені тауып алсын», – деп кетеді қыздың әкесі. Сонымен әкесі жұмысына кетеді. Әйелі нанын, көжесін дайындап пісіре береді. Артынан көжені пісіріп, нанын жапқан соң, қыздың шешесі қызына нанын салып, меске көже құйып, баяғы жоңқа түскен жерді көрсетіп жібереді әкесіне. Сонымен қыз жолда келе жатса, бір үлкен аюдың ініне келіп жолығады. Қыз ең алғашта ненің іні екенін білмейді. Демалып отырып үңірейген іннің аузына келіп қараса, ар жағы қап-қараңғы адам қорқатын, онан соң қашып кетпек болып, жылдамырақ қаша жөнелейін деп ұмтылғанда, іннен бір аю шыға келіп, қызды ұстай алып, ініне алып кіріп кетеді.

Аюекең өзіне әйел етіп, қызды меншіктеп алады. Қыз күндіз далаға шыға алмайды. Шыға алмасын деп іннің аузын таспен бастырып кетеді де түнде өзі келіп жатады. Қызға қайғы туды, ұсталғаннан екі-үш күндей жылап отырып, бір жапырақ нанды зорға жейтін болып жүрді. Сонымен әке-шешесі қызын сол күні қарап таба алмаған. Қызды аю ұстап алғанын әке-шешесі білмейді. Қыз аюдың қолына барғалы көп жылдар өтеді. Қорлықты көріп, аюдың інінде жарық көрмей жата берген. Бір жылдарда қыз жүкті болып, бір бала табады. Бала күндіз, аю інінде жоқ кезде туады, қыздың бақытына. Қыз ол баланың қасына бірге төсекке жатпайды. Артынан баланың атын «Аюалпаң» қояды. Мұның әкесі аю, соған сәйкес аты Алпаң болсын деген ойы тура болып шықты. Бала туған соң көп ұзамай балаға тіл бітті. Баланың жасы бірге келген кез еді.

— Шеше, менің көзім қандай, үйлерің қараңғы, мен түк көрмеймін, біздің үйіміз осындай қараңғы болатын ба еді ? – деп шешесінен сұрады Аюалпаң. Шешесі мынандай жауап берді:

— Біздің үй мұндай болмайды, бұл аюдың үйі, мен Алихан өзбектің қызы едім. Жиырмадан асқан кезде әкеме тамақ әкетіп бара жатып, осы аюдың ініне кез келдім, одан соң мені інінің аузына келе бергенде ұстап алды. Сонымен аюға мүсәпір болып отырмын, қарағым. Енді менің бақытыма, жарығым, сен тудың. Енді сен үлкейіп ер жетсең, осы аюдан құтылсақ, әке-шешеме барар едім. Міне, мен үйден шыққалы үш жылдан асып бара жатыр, – деді баласы Аюалпаңның сұрауына жауап қайтарған шешесі. Шешесінің сөзін естігеннен кейін Аюалпаң:

— Ендеше, шығайық, есікті мен ашайын, – деп үлкен қазандай тасты, іннің аузындағы тасты, теуіп жібергенде, тас бұрынғы жатқан орнынан қозғалып, есік ашылған екен дейді. Артынан шешесіне:

— Қане, жүрейік өз үйімізге! – деп шешесін жетектей бастайды. Шешесі баласы кішкентай болған соң сенбей, аю өлтіріп қояды деп шықпайды. Балаға «далаға шықпа» деп айтқан екен, оған да болмай бала шешесін далаға жетектеп шығады. Екеуі далаға шықса, далада ештеме жоқ, жатқан қу дала, жерде бір төбе шошайып тұрған. Басқа ызыңдап ұшқан шыбын естілмейді. Жан жоқ, далада бір жолмен қол ұстасып бір сайға келген жерде аю алдынан қарсы шығыпты. Бала шешесін қалқасына ұстап, аюға қарап тұра қалған екен, аю балаға тұра жүгіріп келіп ұстаса түседі. Күресіп, бала сонда күшті, доп-домалақ, сол кішкентай бір жастағы уақтысында жиырма бестегі жігіттей еді. Аюға қарсы тұрып, шешесін қойып, өзі алысып, жағаласып жүр екен дейді. Көптен соң баланың белі майысып, жығылмақ болғанда, далада бір тышқан қазған іннің үстін аю басып кеткен екен. Күшпен алысып жүргенде, әлсіреп, баладан бұрын аяғын тығып алып, жалп етіп жығылыпты. «Әу, дәу перім, жығылдың ғой», – депті де бала аюдың басын қолымен бұрап жұлып алып, терісін сыпырып алып, шешесімен екеуі үйге қайтыпты. Жолмен жүріп келе жатып, әке-шешесін қыздың өзі бір жаққа көшкен шығар деп ойлады. Далада келе жатқан бір адамнан сұрады, бұрынғы әкесі Алиханның үйін, үйінің жөнін сұрап алды. Ол кісі көшелерін, үйіне дейін айтып берді. Сонымен екеуі бұрынғы қыздың өз үйіне келеді. Төркініне келсе, әке-шешесі танымай қалады. Отырып жөн сұраса кеткенде, баяғы жоғалған қызы болады. Қыз үйіне келгеннен шешесі таныған болатын. Әкесі мен шешесі жөнін айтқан соң, танып, құшақ жайып көрісіп әбден сағынған қызын көрді. Оның баласы Аюалпаңмен танысып, беттерінен сүйеді. Көпке шейін ауылы у-шу болып жатқан соң, ел жиналған. Артынан той жасаған. Сонымен бір баласын екі бала ғып тауып алған. Бала балалармен ойнап жүріп, күш көрсетіп өлтіре берсе керек қарсы тұрғандарын. Ол үшін әкесі күн тартатын болып жүріпті. Әлден әкесінен ұят болып жүргенін біледі Аюалпаң. Сонан соң бір күні әкесінен сұрайды:

— Әке, менің сізге көп пайдам жоқ. Мен өлмесем, сіздермен көрісермін, маған осындай кезде батаңды бергін, мен өзім сияқты дәуді тауып алайын, сонан соң теңіммен бірге күн көрейін, – деп сұрайды. Сонан соң әкесі батасын береді. Баласы әке-шешесіне, өз шешесіне қоштасып кетеді. Бет албаты бір даланы кезіп кетеді. Бала жалғыз өзі бір таудың қуысына келіп қараса, бір таулар бір-бірімен соғысып жатыр дейді. Әлгі таудың дәл қасына келіп:

— Ау, достым, мұнда кім бар? – деп айғайлады Аюалпаң. Сонда бір таудың ішінен өзі сияқты бір дәу шыға келгенде:

— Енді сізге күресу керек пе? Жоқ, болмаса, соғысу керек пе? – деген сөзді айтады Аюалпаң.

Ана дәу айтады:

— Мен күресем, – дейді. Сонан соң екеуі күресе кете, ақыры Аюалпаң жығады. Сонан соң: «Енді екеуіміз Құдай қосқан дос болалық» – деп, екеуі бірге дос болады. Сонымен Аюалпаң, Таудыталпаң боп екеуі ермектесіп келе жатса, алдарынан бір үлкен дәу кездеседі. Онда қараса, бір теңіздің суы екінші теңізге атылып, бірімен бірі соғысып жатқандай болып жатыр екен. Оны екеуі көріп:

«Мұнда кім бар?» – деп айқайлады. Онан: «Судысалпаң!» – деп, үлкен дариядағы судың астынан шыға келді дейді. «Ал, ендеше, күресейік», – дейді. «Мақұл, күрессек, күресейік!» – деп, Аюалпаңмен күресе кеткенде, сонымен Таудыталпаң құсатып оны да жықты. Аюалпаң: «Ал, ендеше, үшеуіміз Құдай қосқан дос болайық», – дейді. «Мақұл, болсақ болайық», – деп, үшеуі жолмен жүріп, бір үлкен өзенге келеді.

Сөйтсе, онда бір үстін темірмен жапқан ағаш үй тұр екен дейді. Ол үйде бір адам жоқ дейді. Қорада бір жүз өгіз байлаулы тұр екен дейді. Ол өгіздің алдында отқа жем-шөп салатын ат ақыры бар екен дейді. Оның ішінде өгіздерге салған шөбі, жемі бар екен. Бірін жеп болса, астынан опиып шығады дейді, қойшы, барлық үйден бір адам таба алмайды. Бірақ жүз өгізден басқа қыбыр еткен жан табылмайды, сонан соң үшеуіміз осы үйді мекен етіп тұралық, ақыры бізден басқа бір де қараушы бұл үйге табылмады ғой деп, үшеуі сол үйді мекен етіп тұрады. Біреуі үйде қалады, күндіз екі жолдастары таудан аң аулап, күнелтеді. Ең алдымен Судысалпаң бірінші күні үйде тамақ дайындауға қалды. Судысалпаң бір өгізді сойып, үш қазанға сондай үш өгізді сойып, тамақ пісіріп алған кезде, тамақ пісіріп отырған Судысалпаңның үйіне бір адам келіп, сырттан: «Есігіңді аш!» –дейді. Судысалпаң:

«Жоқ, ашпаймын, керек болса өзің ашып алғын, мен ашпаймын, – дейді. — Үйге келген кісіге есік ашып бермейді», – деп жауап қайтарады. Сонда сыртта тұрған адам: «Ашпайсың ба?» – деді. Сонда үйдегі Судысалпаң: «Жоқ!» – дейді.

«Ал болмаса, өзім кірейін», – деп, есіктің босағасының астындағы табалдырықты көтеріп қойып астынан кіріп келеді. Судысалпаң ұшып түрегеліп қараса, сақалы бес қарыс, бойы бір тұтам бір адам екенін көреді. Ішінен: «Ойпырым-ай, бұл қандай адам?» – деп ойлайды. Соның арасында: «Әй, маған ана сәкінің біреуін астыма қой да үстіне мені отырғызшы», – дейді. Онан соң Судысалпаң:

«Жоқ байеке, мен отырғызбаймын, өзің отыр керек етсең», – деп жауап береді. Онан соң, бой бермеген соң, баяғы келген адам өзі бір сәкіге бойы зорға жеткен-ді. Тырмысып шыға сәкіге отырып: «Сен бағанадан бері тілімді алмап едің, енді маған қазандағы еттен әперші», – дейді. Онан соң Судысалпаң: «Алып же, керек болса өзің», – деп жауап береді. Жермыстан екен дейді сол жердегі адам, жан біткеннің барлығын бір-бірлеп жеп біткен, енді адамдарды бітірген соң, өгізді жеуге келіп жүрген екен дейді баяғы. Судысалпаң әпермеймін дегенде ол: «Әпермесең!» – деп, бір рет «сүф!» деп салып үрлегенде, Судысалпаң жығылады. Ана жермыстан қазандағы еттің бәрін жиып-теріп жеп, сорпасын ішіп, далаға шығып кеткен екен дейді.

Судысалпаң орнынан тұрып қараса, қазанда ет те жоқ, сорпа да жоқ, құр қазанның үшеуі де бос тұрғанын көреді. Іле-шала артынан үш өгізді сойып, үш қазанға етін салып, асып, қайнаған кезде баяғы екі жолдасы келеді.

«Кәне, әлі күнге етің піспепті ғой?» – дегенде, баяғы келген адамын Судысалпаң айтпапты жолдастарына. Неге десең, бір жерден естіп тұрған болса, кейін мені оңдырмас деп, әлгіні айтпайды. Екі жолдасына: «Менің жалғыз өзімнің әлімнің келгені - осы» – депті де қойыпты Судысалпаң. Онан соң, етті жеп болған соң, сол үйде жатқан үшеуі сол күні түнеді. Ештеме үшеуіне кездескен жоқ. Енді екінші күні Таудыталпаң қалады тамақ пісіруге. Сол күні тамағын пісіріп отырғанда, ана екі жолдасы кетіп қалғанда аңға Таудыталпаңға тағы біреу келіп:

«Аш, есігіңді!» – деп, сырттан есікті ұрып айқайлайды. Таудыталпаң тұрып есікті ашпайды, «Ашып ал керек болса», – деп отыра береді. Аздан соң бұрынғыдай есікті көтеріп қойып, сақалы бес қарыс, бойы бір тұтам бір адам суретті біреу кіріп келеді. «Әй, қалқам, балам, сәкіге шығаршы», –дейді Таудыталпаңға. «Қой, сіз кішкене бала емессіз ғой, шығыңыз», – деп қойды. Онан соң өзі тырмысып, сәкіге шығып алып: «Енді қазандағы етті әперші», – дейді. Онан соң: «Алып жеңіз, керек болса», – дейді Таудыталпаң.

— Әпермейсің бе?

— Әпермегенде не істер едің? – дейді.

— Ендеше, «сүфф!» – деп, Таудыталпаңды үрлеген бетінде дем салып еді, ол Судысалпаң құсап жығылмады.

— Ә, шалым, менімен ойнағың кеп жүр екен, – деп, сақалынан ұстап алып жерге бір ұрып, белағашқа салбыратып байлап қойды. Біраз уақыт өткен жоқ, баяғы аңға кеткендер келді.

— Кеше Судысалпаңның етін біреу тартып жеп кеткен екен. Міне, бүгін ет тез пісті. Бұл қалай, табыңдаршы, кім жеген? – деп Судысалпаңнан сұрады.

— Ешкім келген жоқ, – деді Судысалпаң.

— Ал, ендеше, маған біреу келіп, етімді тартып жегелі әуіреледі. Мен оның әуіресіне көнгенім жоқ. Өзін ұстап алып, сақалынан байлап қойдым, – деді жолдастарына Таудыталпаң. Сонда:

— Әй, кәне, ол кісі қайда? – деп, жолдасы Аюалпаң сұрағанда:

— Әне, ана төбеңдегі белағашта салақтап тұрған не екен, байқашы, – деп қарай бергенде, байлаулы тұрған мыстан сап етіп жерге түсіп, қашты да кетті. Отырған үш батыр оны қайда барса да ұстаймыз деп, тамағын жеп болуға отыра берді. Аздан соң үшеуі тамағын жеп болды да далаға шығып қараса, қан тамған жерлерге, сол қанның тамған жерінен үйдің артында бір суы жоқ құдық бар екен дейді, сол құдыққа кеп түсіп кеткен екен баяғы жермыстан. Артынан үш дәу «сен түс, мен түс» деп тұрады да, ақырында, үшеуінің ішінде ең батыры, ең мықтысы құдыққа қырық құлаш арқан байлап, ана екеуіне ұстатып, қара ағаштан шоқпар кесіп алған, сол шоқпарды беліне қыстырып Аюалпаң түсті. Түсіп келе жатып қараса, бір үйдің төбесі көрініп тұр дейді. Түсіп барып, сол үйдің төбесінен басып, астына қараса, бір есік көзіне көрініпті. Әлгі есікті ашып кеп жіберсе, ар жағында алты қыз отыр екен дейді. Сол қыздардың қасына барып:

— Қалқам, неғып отырған адамсыңдар? – деп сұрады. Сонда олар:

— Ой, адамзат келді, – деп қуанып қалған екен. Артынан қыздардан жөн сұрағанда, былай депті:

«Осы құдықтың үстіндегі жердің барлығы болған бір ел едік – депті. — Сол елдің барлығын осы жаңағы сіз қуып келген жермыстан жеп бітірді, ал енді бір-екі күннен соң бізді де жеп бітіреді. Сол неше мыңдаған елден алтауымыз ғана қалдық, бізді де бітіреді, – депті. «Ал, ол жермыстанның кеудесі бөлек тұрады. Жаны бөлек, аяқ-қолы бөлек тұрады» – деп түсіндірді дейді қыздар Аюалпаңға. Онан соң енді бұл жермыстанның жаны қай жерде тұрады дегенде, мына үйде үш пеш бар, сол пештің біріншісінде жаны бар, екіншісінде кеудесі, үшіншісінде қол-аяғы бар деп, солай сөйлейді қыздар Аюалпаңға. Сонан соң Аюалпаң екі шоқпарын қолына алып, бірінші пешін бір қойғанда, күл-талқаны шығады және бір қойғанда пештің ішінде қоңыр қаз, үйрек екен, соны өлтіреді. Енді өлмеген несі қалды деп, пештің екінші біреуін ашып қараса, кеудесі қимылдап жатыр екен. Оны тағы шоқпармен бір мыжғылап, аяқ-қолын сындырып, бәрін де көңілдегідей етіп өлтіріп, алты қызды құдықтан шығарады беліне арқан байлап, шығарып болған соң, енді ішіндегі ең сұлуын мен өзім аламын, ана қалған бесеуін сендерге бөліп беремін дегенде, ана екі жолдасы құдықтан Аюалпаңды: «Неге сен қыздың жақсысын өзіңе таңдап аласың да бізге жаманын бересің» деп шығармай қойыпты. Сонда Аюалпаң құдықтан шыға алмай жылаған бір күн, бір түн. Ертеңгісін құдықтың аузына бір қыз келіп:

— Әй, ағай сіз неге жылайсыз? Олар құдықтан шығармады деп құр жасыма. Артыңыздағы үйдің ішінде, бір бұрышында, оң жақ бұрышта жермыстанның жердің астына түсіп жүретін жолы бар. Сол жолмен бір иығыңмен сырғанай берсең, жердің астына түсесің. Көзіңді жұмдағы сырғанай бергін, – деп, қыз ақылын айтады. Сонда Аюалпаң қыздың айтқанын істеп, жолды тауып алып, құмырсқаның жолындай ізбен жорғалай береді. Бір көптен соң жердің астына топ етіп түскенін білмей қалады өзі. Қараса, көп ауылдар отыр екен дейді. Сол ауылдарға Аюалпаң барады. Бір үйге кіріп барса, бір әйел ұршық иіріп отыр екен, бір әйел түкірігіне нан илеп отыр екен дейді. Сонан соң:

— Сіздердің суларыңыз қайда, бұларыңыз не? – деп сұрайды. Сонда әйел тұрып мынаны айтады:

— Құдығымыздан бір айдаһар шығып, енді сол құдықтан су іше алмай отырмыз, – дейді. Онан соң күніне бір қошқар, бір қыз, бір еркектен жеп тұрады. Содан қорыққанымыздан, суға бармаймыз, – дейді әйел.

— Маған мойын ағашты беріңіз, мен су әкелейін, – дейді Аюалпаң. Мойын ағаш пен бақырды ұстата берді Аюалпаңға. Аюалпаң құдықтан барып екі шелек суды әкеп, нанды илеп, тамақтанып алыпты. Ертеңіне есіктің алдында патша бір адам, бір қошқарды ұстап тұр дейді. «Мұныңыз не?» – дегенде: « Бұл қошқарды мына құдықтан айдаһар шығады. Соған бергелі тұрмын», – дейді.

Ол:

— Патшеке, мен одан құтқарайын. Мені арманыма жеткізесіз бе? – дейді. — Иә, қарағым, жеткізейін, мені осы пәледен құтқар! – дейді.

— Мақұл, маған бір қылыш тауып бер. Өзің елді далаға шығармай тұрғын. Айдаһар құдықтан шыққанда, қақ айырып жығайын, – дейді. Сонымен Аюалпаң қылышты қақитып қолына мықты ұстап алып тұрды. Ұзын ақ сырықтай болып шыға салысымен Аюалпаңды жұтты да жіберді. Есінен танып Аюалпаң аузынан тіліп отырып, құйрығынан тіліп шығады қолындағы қылышпенен. Айдаһар өлді, оны Аюалпаң көмді. Патша оған өте риза болды. Патша:

— Мен қырық, кез саты жасатып, сонымен сені жердің үстіне шығарайын, егер арманың сол болған болса, – деді. — Әйтпесе, менің орныма патша бол, мен әкең болайын, бір қызымды берейін. Маған патша бол және бала бол, елді билеп тұр, – деді. Оған Аюалпаң көнбеді.

— Мені жер үстіне шығарсаңыз, сол болысқаныңыз болады, – деп сұрады Аюалпаң патшадан. Онан соң: «Жарайды» – деп, патша жәрдем берді. Аюалпаң: «Сіз қырық кез сатыны жасап болғанша, мен бір жерге барайын, мүмкін маған өздігінен бірдеме кездесер, оған мініп шығатын болсам, бекер әуіреленбеңіз деп айтайын артынан келіп», – деп, бір жерге қарап жүріп кетті.

Содан Аюалпаң бір жолмен келе жатқанда: «Жейді-ау, жейді-ау!» – деп айғай салған адам даусы сияқты бір дауыс кез болып шықты дейді. Қараса, бір ағаштың басында Самұрық деген құстың балапандары, шешесі жердің үстіне шығып кеткенде, бір құс па, бірдемелер келіп жеп кете береді екен. Аюалпаң балапан жейтін құсты шоқпарымен ұрып өлтіреді. Ағаштың басына қараса, үш балапан:

— Келіңіз, жақсылыққа жақсылық, бізді ажалдан алып қалдыңыз. Енді қандай арманың бар? Біздін апамыз келеді, соған біз айтамыз. Біздің шешеміз қайда барсаң да бір сәтте жеткізеді. Ол келгенше, менің қанатымның астына жата тұрғын, бірақ шешем келгенде, аспаннан жел тұрады, қар, бұршақ, жаңбыр жауады, қатты дауыл болады, содан қорықпағын, – деп айтады үлкені. Балапанының бірінен кейін біреуі: «Бұршақ болып жауған – құмалағы, қаны – көзінің жасы, балапанымды жеп қойды ма деп келе жатқанда жылаған жел – екпіні, қар - қақырығы, –деп солай айтады. Үшінші біреуі былай дейді:

— Шешем келгенде, адамзаттың иісі шығады ғой деп айтады. Онда сен қорықпа, – дейді. Соның арасында сол айтқанның бәрі болды. Бір түйедей құс ағашқа келіп қона кетті дейді. Соның арасында Аюалпаңды жұтып жіберіп еді:

Балапандары:

— Таста, қақбас, таста! – деп, кейін таста дегенде, аузынан жұтып, артынан туды дейді. Сонда:

— Сен неғып жүрген адамсың? – деп сұрайды Аюалпаңнан. Сонда Аюалпаң:

— Мен жердің үстіне шығатын адам едім. Мен келе жатсам, сіздің балапандарыңызды бірдеме жемек болған екен, мен көріп, ол нәрсені ұрып өлтірдім, енді мені жер бетіне шығарсаңыз екен, – деп сұрайды.

Балапандарынан:

— Кім Алпаңның істеген пайдасын айтады? – дегенде, бәрі шулап жақсылығын айтысты.

Онан соң Самұрық кұс:

— Көкке алып ұшуға қырық құлынның етін, қырық бұзаудың месіне су алып келіп, мен сені жер үстіне шығарайын, – дейді. Сонан соң Аюалпаң патшаға барып жаңағы айтқан қырық құлынның етін, қырық бұзаудың месімен су алып келеді. Сонымен самұрық құс жер астындағы патшаға Аюалпаңды алып келеді. Патшаға қош айтысады. Сонымен құстың тапсырмасын орындап, үстіне мініп, аспанға көтеріліп ұшады. Азықтары таусылады. Самұрық құс дәуді алдамақшы болады. Құс: «Енді екеуіміз де құлаймыз-ау» деп айтады көкке бес-алты құлаш қалғанда. Аюалпаң: «Неге өлеміз, құламаймыз да өлмейміз, сізге не керек?» – дегенде: «Бір жапырақ ет керек», – деп айтты дейді. Сонда Аюалпаң өзінің сан етінен қол басындай ет кесіп береді. Сонан соң құс көкке шығарып, жердің бетіне апарып тастайды дейді. Құс Аюалпаңнан:

— Сенің жаңа кейінгі берген етің ненің еті еді, соны маған айтшы? – дейді.

Аюалпаң:

— Ол ет менің сан етім еді, – дейді.

— Әй, достым-ай, жаныңды жолдасыңнан аямайды екенсің, – деп, Аюалпаңның ет кесіп алған жерін, санының кесілген орнын, бір жалап алған екен самұрық құс, сонда жеген еті орнына түскендей болып қалыпты дейді.

— Ә, мен сені жолдастыққа қандай екен деп алдаған едім, – деп құс шынын айтқан екен дейді.

Аюалпаң баяғы екі жолдасын тауып алып, оларды қосақтап қойып сабап, бес қызды соларға беріп, бұрынғы алам деген сұлу қызын өзі алып, мал малданып, жан жанданып, баяғы үйде жүз өгіздің біреуі де қалмаған екен, сонан сырттан аң аулап, әйелімен күн көріп кеткен екен дейді.



Жүктеу батырмасы 50 секундта ашылады!!!




KZ / Қазақша Ертегілер жинағы, ертегі Аюалпаң Судысалпаң Таудыталпаң туралы ертеги казакша сказка на казахском, сказки Аюалпаң Судысалпаң Таудыталпаң для детей на казахском языке, балаларга арналган кызыкты ертегилер, 3-4 жастағы 5-6 кішкентай балаларға арналған ертегілер Аюалпаң Судысалпаң Таудыталпаң, ертегилер Аюалпаң Судысалпаң Таудыталпаң казакша оку, Аюалпаң Судысалпаң Таудыталпаң, ертегі Аюалпаң Судысалпаң Таудыталпаң туралы ертеги казакша сказка на казахском сказки Аюалпаң Судысалпаң Таудыталпаң для детей на казахском языке балаларга арналган кызыкты ертегилер 3-4 жастағы 5-6 кішкентай балаларға арналған ертегілер Аюал, Ертегі: Аюалпаң Судысалпаң Таудыталпаң ертегі оқу Қазақша Ертегілер жинағы Қазақша Ертегі казакша ертегилер казакша ертеги сказки на казахском языке сказки на казахском языке онлайн