Рабиндранат Тагор | Судья

  Рабиндранат Тагор | Судья

Кхирода ел ақтап жүріп, ақырында осы бір жігіттің құшағында сая тапқандай болып еді. Міне енді ол да мұны қаңғыртып жіберді.

Күн көру үшін тағы біреудің құшағына іздеуді қайтып ойлағысы да келмеді оның, жирене қарады. Жасы болса жер ортаға келіп те қалды.

Жастық шақтың дәурені өткеннен кейін де өмірдің бір тамаша кезеңі болады. Ол кезең — жарқын жүзді күздің шуақ күніндей тыныш та тұңғиық, тұнық бір кез. Осы тұсқа жеткенде өмір бағының бар жемісі толықсып пісіп, көкорай шалғыны ұзарып жетіледі. Жастықтың елең-алаңында албырттықпен шалыс басқан аяқ енді ерсі көрінетін болады. Бұл дүниеде жасарымызды жасап, шығар биігімізге шығып болғандай сезінеміз. Өмір жолында бастан кешкен жақсылық-жамандығымыз, қайғы-қуанышымыз біздің ақыл-ойымызды біржола суарып шыңдап болады. Біз енді көкжиекке қол создырған тәтті қиялдың соңына еріп, адасудан бой тартамыз да, өз шамамыздың тар шеңберінде ғана өмір сүруге мойынсұнамыз. Жарқ еткен жаңа махаббаттың жалынына ұрынудан гөрі, үйреншікті сыр мінез серігіміздің болғанын артық көре бастаймыз. Бұл кезде жастық шақтың уылжыған өңіне әжім түседі. Бірақ көңіл шіркін қартаймайды. Ұзақ жыл отасқан өмірден кейін көңіл күйінің көрінісі бет пішінімізден, көз жанарымыздан сезілетін болады. Адамның даусы да, күлкісі де, көзқарасы да оның ішкі табиғатымен үйлесе бастайды. Қол жетпесті арман етіп елегізу енді қалады, бізді тастап кеткендердің артынан қайғыру жоқ та, алдап кеткендерге кешірім көп болады. Қиыспасыңмен айырылысудың зарын тартып болып, алай-дүлей бұрқаған өмір дауылының бәрін басыңнан өткізген шақта қасыңда қалған адал дос өзіңді жақын тартып, сүйіспеншілік білдірсе, сен де соған бар махаббатыңды ұсынып, құлындай түсесің. Өмірдің осынау бір іңір қараңғысы шағында ежелгі сыр мінез, сенімді серігіміздің қасында болсақ, сонда ғана жанымыз жай тауып, рақатқа батады. Ал бұл кезеңде жаңадан үйір болар жан іздер күйге душар болсаң, құдайдың ұрғаны. Кештетіп келгеніңде тыным аларлықтай боп үйіңде шамың жағулы, төсегің салулы тұрмаса, сорыңның қайнағаны.

Кхирода ояна келсе қасында жатқан жігіті жоқ, қашып кетіпті. Мұның сырға, білезік сияқты іліп алар бар асылын ала кеткен екен Енді үш жасар баласына сүт алатын да, пәтер ақысын төлейтін де ештемесі қалмады. Жасының отыз сегізге келгені де есіне түсті. Бұл жалғанда мұны жақын көрер бірде-бір пенде жоқ. Жұрт сияқты тым болмаса отбасы болып, соның алдында да өлмеді. Мөлтілдеген көз жасын сүрте салып, кірпігіне бояу жағатын қара күн қайта туғаны ма? Бет-аузына әлеміштеп, егде тартқан жасын енді де жасыруға тырыса ма? Жарқылдап күлгенсіп, жалықпай-талмай майя торын құрып тағы біреудің жүрегін торымақ па? Мұндай жиренішті ойдан Кхирода іштей қатты күйзеліп, сылқ етіп күлай кетті де, басын жерге соқты.

Күні бойы нәр татпастан, өліктей жатты да қойды. Кеш болды. Үй іші қара көлеңке тартты. Бұрын бір жүрген жігіті ойда жоқта осы үйге тап болып, сол есік қақты.

— Кхиро, аш есігіңді, Кхиро! — деп дыбыс берді ол Кхирода есікті шалқасынан ашып жіберіп, ызалы жолбарыстай атылып шыға келді, қолында сыпырғышы бар екен. Қызық қуған жас жігіт көз ілеспей зыта жөнелді.

Айғай-шудан үйде жатқан бала оянып кетті, күні бойы қарны ашып жылай-жылай сілесі қатып, ұйықтап қалып еді.

— Апа! — деп шыр ете түсті ол — Апа!

Кхирода төсектен баланы жұлып алып, кеудесіне қысқан бойы далаға жүгіріп шықты да, сол бетімен құдыққа күмп беріп қойып кетті.

Шу шыққанға елегізген көршілер де шам ұстап тұс-тұстан жиналып қалды. Солар Кхирода мен баланы лезде құдықтан алып шықты. Бала өліп кеткен екен, шешесінде ес-түс жок, талып жатыр.

Ауруханада жатып Кхирода жазылуға бет алды. Басын көтеріп, жүруге жараған кезде-ақ судья оны балаңды өлтірдің деп жауапқа тартты.

II

Судья Мохитмохон Датт көрнекті мемлекет чиновнигі болатын. Бұл істі ол сотта аса қатал жүргізді, сөйтіп Кхироданы дарға асуға үкім шығарды. Адвокаттар бақытсыз әйелдің ауыр халін айтып, қорғап қалуға күш салып бақты, бірақ одан ештеме алмады. Бишараға жеңілдік жасауға болатын себептер бар екен-ау дегенді судья ойына да алған жоқ.

Судьяның мұнысында бір мән бар еді. Ол өзі үнді әйелдерін періште деп білетін. Бірақ іштей өзі соларға сенбейтін. Олардың бәрі де неке шартынан аттап кетуге бейім келеді деп ойлайтын.

Тізгінін сәл босатсаң-ақ болғаны, қоғамда бірде-бір жөні түзу адал әйел қалмас еді-ау дейтін.

Судьяның осындай көзқараста болуы да кездейсоқ нәрсе емес еді. Оны түсіну үшін судьяның жас кезінде басынан кешкен кейбір оқиғаларын білу керек болады.

Мохитмохон Датт колледждің екінші курсында оқып жүргенде қазіргіден мүлде басқа еді. Осы күні оның қарсы алдынан қарасаң жалтыраған қасқа маңдайын көресің, ту сыртынан көз жіберсең, күжірейген желке шашы көрінеді. Ұстараның өткір жүзі жалаған бет-аузында қылтанақ жоқ. Ал сонау кезде ше... Алтынмен аптаған көзілдірік салып, шоқша сақал, сұлу мұрт өсіріп, еуропаша шаш қойған Мохитмохон Датт Қартик құдайының XIX ғасырда шығып жүрген суреттеріне ұқсайтын еді. Киімді сәнімен киюге зер салатын, еттен де, арақтан да іркіліп бой тартқан емес, оған қосымша басқа қызықтардан да құр қалған жоқ-ты.

Бұлардың үйінің қасында уылжыған жас қыршын жесір келіншек тұрды. Аты Хемшоши, жасы он төрт он бесте ғана еді. Аңсаған алыс жаға толқынды теңіз төрінен қарауытып көрінгенде бір ғажайып керемет сияқты болады, Жесірлік тұсау Хемшошиды кең дүниенің қызығынан аулақ ұстап еді. Сондықтан ол бұл өмірді сол алыс жағалаудағы алуан сырлы ғажайып бақыт сарайы тәрізді көрді. Шындап келгенде бұл дүниедегі өмірдің шытырманы көп қатал болады ғой, мұндағы бақыт қауіп-қатермен, қайғы-қасіретпен алма-кезек ауысып, араласып жатады дегенді Хемшоши қайдан білсін! Ол үшін өмір дегенің сылдырап ағып жатқан бір мөлдір бұлақ сияқты, өмір жолы даңғыл да кең сияқты. Терезеден қарағанда бақыт сонау сыртта ғана тәрізді болады да тұрады, ал іште нәзік сезімді от жүрегінің арылмас арманы ғана бар. Соны ойласа болғаны, көңілдің кең жазығында жастықтың жалын лебі есіп қоя береді. Әлемге көктемнің күн сәулелі нұры құйылғандай болады. Биік көгілдір аспан астында еркін тулаған ерке жүрек бүкіл дүниені жаңа ғана шешек атқан жұпар иісті қызыл гүлдей көреді.

Хемшошидың үйінде әке-шешесі, екі інісі бар болатын. Інілері таңертеңгі тамақтан кейін мектепке кететін, түсте келіп тамақ ішкен соң сабақтарын пысықтауға кешкі кластарға баратын еді. Әкесі аз ғана жалақысына олардың сабағын пысықтатушы адам жалдай алмады.

Қолы бос уақытта Хемшоши өз бөлмесінде ойға шомып оңаша отыруды жақсы көреді. Көшеде ерсілі-қарсылы өтіп жатқан жұртқа қызыға қарайды, көше саудагерлерінің саңқылдаған даусына елегізе құлақ тігеді. Жұрттың бәрі де оған бақытты сияқты көрінеді. Оның ойынша, қайыршылар жыл құсындай еркін бір жандар, ал көше саудагерлері өмір сахнасына жарқ етіп шыға келетін көңілді актерлар сияқты. Саудагерлерге маңдай терімен мал табудың керегі жоқ тәрізді.

Мұздай киінген Мохит алшаңдай басып, күніне сан қабат терезе түбінен өтеді. Хем оны талай көрді. Жас жесір осы бір жігітті ұлы Индраның өзіне ұқсататын. Дүниедегі ең бақытты, ең жақсы жігіт осы болар деп ойлайтын. Сәнді киінген өр мінезді жас жігіттің қолынан келмейтіні жоқ сияқты көрінетін. Қыз қиялы Мохитты аспан шыңына шығарып, періштелердің қатарына қосып қойды, бар жақсылықты соның ғана басына үйді. Осы ойға өзі қуыршақ ойнаған жас баладай алданатын болды.

Бір күні Мохит үйінің терезесі іңір қараңғысында жарқырап жанып тұрды, Хемнің көзі соған түсті. Ар жағында ән салған дауыстар шығады, би үстінде сартылдаған білезік үні естіледі. Хем түні бойы көз ілген жоқ, қарсы үйдегілердің терезеге түскен көлеңкесіне қараумен болды. Жас жүрегі тулай соғып, торға түскен торғайдай безек қақты.

Әйтсе де ол періштедей көріп ардақтаған жігітін сөккен жоқ. Жұлдыз жарығы деп жанып тұрған отқа түсіп кететін пәруана сияқты Хем де Мохит үйінің жарқыраған терезесіне ұжмақ терезесіндей ынтығып телміре қарады, ар жағында шырқалған ән, шалқыған музыка рақат дүниесіне шақырғандай болады. Хем ұшқыр қиялдың қанатына мініп ғажайып күн сәулелі арман дүниесін шарлады. Сол арман дүниесінің алтын тағына тәңірдей табынған жігітін отырғызып, соған көз алмай қызығып қараумен болды. Өз өмірін, жас тілеуін, бүкіл болашағын, бақыты мен қайғы-қасіретін арман жалыны өртеп кеткендей көрінді, шалынған құрбан алау ішінде тап осылай жанатын еді. Кіршіксіз көңілі ынтық адамына тәңірдей табынуды білді, сонау үйдегі шалқыған шаттықтың, құйындай құбылған әсем бидің арғы жағында құр сүлдер, арам ой, жексұрын қылық барын білмеді.

Қараңғы түнде көз ілмей жарқырап тұрған терезеде қауіп-қатер болатынын, ондағы күлкі қатқыл да жалған шығатынын жас жесір алыстан болжай алмады. Хем өзінің тәңірдей табынған жігітін, арман қиялынан туған ғажайып дүниені оймен шарлап осы терезенің түбінде мәңгі-бақи жалғыз отырып қалуға бар еді. Бірақ мұның сорына қарай әлгі табынған тәңірі шыққан биік аспан құдай ұрып төмендей бастады. Ақыры жер бетіне түсті де, күл-талқаны шығып қирады. Сонымен бірге сол аспанды арман еткен жанның да қарасы өшті.

Күндердің күнінде Мохиттың қомағай көзі терезенің алдында отырған ойшыл қызды байқап қалды. Бинодчондро деп қол қойып оған бірнеше рет хат жазды. Ақырында қыздың ұяла-ұяла жазған жауап хатын алды. Хемның бұл хатында әріп қатесі де, тулай толқыған жан сезімі де бар еді. Оның бәрін егжей-тегжейін жеткізе жазып жатпасақ та болады. Содан кейін қыз жүрегінде үміт пен күдік, қуану мен ұялу сезімі өзара арпалысып, сапырылысып жатты. Хемшоши кәдімгі көп бақытқа елтіп мас болды, басы айналды. Бүкіл әлем көз алдында қылаң көбелек айнала берді, айнала берді. Зырлай-зырлай ақыры бір қу елеске ауысып кеткендей болды. Өмірдің зымыраған доңғалағы ақырында қыршын жасты бір қияға лақтырып тастап кетті.

Бір күні түнде Хемшоши әке-шешесін, інілерін тастап, Мохитлеимен қашуға бел байлады. Мохит өзін әлі де Бинодчондро деп атайтын. Екеуі күймелі арбаға мінді. Бұған дейін табынған тәңірісі сол сәтте бар сиқын бір-ақ жола байқатып қалды. Хем қысылып ұялғаннан жерге кіріп кете жаздады. Бойын өкініш биледі. Арба жүрмей тұрып-ақ Хемшоши көз жасын төгіп-төгіп жіберді, Мохиттың аяғын құшып жалбарынды:

— Жалынамын, әкетпе мені үйімнен!

Мохит абыржып қалып, жалма-жан қыздың аузын басты, аттар жұла жөнелді.

Қараңғы күйме ішінде суға батып бара жатқандай болып Хемшошидің көз алдына күндегі өмірі елестеді: міне оны әкесі таңертеңгі тамаққа күтіп отыр: жайраңдап, күле сөйлеп інісі оқудан келді, Хем оның тамағын бергелі жатыр, анасы екеуі әдеттегісінше ертемен бетель әзірлеуге кіріскендей болады, күн кешкіріп, анасы мұның шашын тарап жатқан сияқтанады. Күндегі аз ғана шаруасы, үй ішінің суреті − бәрі де көз алдында ап-айқын. Қарапайым отбасындағы оңаша, тыныш өмір енді оған жұмақтай көрінеді. Үй шаруасын атқарғаны, әкесін желпігені, оның ақ шашын теріп жұлғаны, тіпті інілерінің шәлкес қылықтары − бәрі де енді қол жетпестей алыста қалған зор бақыт сияқты болады да тұрады.

Соның бәрі өз басында тұрғанда өзге бақытты іздеп керегі не еді! Неғып соны білмеген?

Қыз атаулының бәрі қазір тып-тыныш үйді-үйінде ұйықтап жатыр. Өз үйіңде, өз бөлмеңде тыныш ұйықтағаннан артығы бар ма! Бұрын соны неғып білмеген!

Ертең әйел атаулы бұрынғыша таңды атырып, әдеттегісінше шаруасымен айналысатын болады. Үйінен қашып кеткен Хемның бүгінгі таңы қай жерде атар екен? Бүгінгі таң қуаныш әкелмейді, күн сәулесі мұның үйінің қабырғасына түскен кезде, бар сыры ашылады, масқара болады. Сол кезде көздің жасы көл болып, бұған лағынет, қарғыс айтылады.

Қайғы-шерден көкірегі қарс айырылғандай боп Хем еңіреп жылап Мохиттың аяғын құшты:

— Қазір түн іші! Әке-шешем әлі тұрған жоқ. Апарып таста үйіме!

Оның зарын періште сымағы тыңдамады. Екінші класты вагонға мінгізді де, белгісіз бір жаққа қарай ала жөнелді, сірә, періштенің жұмағы сол жақта болса керек.

Арада біраз уақыт өткеннен кейін тағы да екінші класты вагонға мініп періште де, ұжмақ та басқа жолға түсіп алып кете барды. Ар-ұяттың батпағына белшесінен батып Хем жалғыз қала берді.

III

Мохитмохонның басынан кешкен бір ғана оқиғасын айттық. Сөзді көбейтіп басқасын айтпай-ақ қойсақ та болады.

Өткен оқиғалардың бәрін қазбалаудың қажеті де жоқ. Өйткені сонау Бинодчондроны білетін адам қазір жоқ та шығар. Ал осы күнгі Мохиттың бойынан бір мін таба алмайсың. Ол мезгілімен құдайға құлшылық етеді, шастраны үзбей оқып тұрады, балаларына йогені үйретеді, жесір әйелдерді қатал бақылап жүреді. Жесір сорлылар ең түкпіргі бөлмелерде тұрады, онда адам түгіл еркін ескен жел де бармайды, ай мен күннің сәулесі түспейді. Бір кезде Мохит бірнеше әйелдің алдында кінәлі болып еді. Енді ол қоғам алдында сәл жазықты болып қалған әйелдерді қатал жазалайтын болып алды.

Кхироданы өлім жазасына бұйырғалы бірнеше күн өткен болатын. Мохит себзе (овощь) сатып алмақ болып, түрменің бақшасына келе жатты. Қамауда отырған әйел өмір бойғы бар кінәсін мойынға алып, өкінішпен тәубеге келер түрі бар ма екен, соны да біле кетпекші болды.

Мохит түрменің әйелдер жақ бөлігіне кірді, алыстан-ақ бір айғай-шу құлағына сап ете қалды. Камераға кіріп барса, Кхирода надзиратель әйелмен ұрсысып жатыр екен. Мохит ішінен күлді: "Әйелдердің мінезі қызық-ау. Ажалдың аузында тұрса да ыңғайы келген ұрыс-жанжалды құр жібермейді. Бұлар, сірә, о дүниеде Яма патшалығының қызметшілерімен де салғыласатын шығар".

Сотталған адамды тәубе қылуға көндіру міндет, сол міндетінен құтыла кетуді дұрыс көрді Мохит. Осы бір игі ниетпен ұмтылып ілгері барып қалып еді, Кхирода жалынышты пішінмен қол қусырып:

— Судья-бабу, өтінемін, айтыңызшы мынаған, жүзігімді берсін! — деді, есіркерлік дауыспен айтты. Надзиратель жайды түсіндіре бастады, Кхирода жүзікті шашының арасына тығып әкеліпті, оны бұл байқап қалыпты да алып қойыпты.

Мохит ішінен тағы да күліп қойды:

"Ертең дарға асылғалы отырып жүзік даулайды. Әйелдер үшін осы бір жылтырақтан артық ештеме жоқ шығар, сірә!"

— Қане, көрсетші, не қылған жүзік! — деді ол надзирательге.

Қарап көрсе, жүзіктің бір көзінде пілдің сүйегінен жасалған әшекейлі шеңберше бар, оның ішінде шоқша сақалды, сұлу мұртты жас жігіттің суреті тұр екен, екінші көзінде алтынға оюлап "Бинодчондро" деп жазылыпты.

Мохит шошып кетті, қып-қызыл шоқты жалаңаш қолымен ұстай алғанын жаңа білгендей болды.

Көзін жүзіктен әрең алып, Кхироданың бетіне ден қоя қарады. Ұялшақ жүзінде махаббат сезімі ойнаған бір кездегі жас қыз есіне түсті, сонау бір түнде көз жасымен бетін жуып, егіле жылап еді-ау байғұс. Бүл оны осыдан жиырма төрт жыл бұрын көріп еді. Сөз жоқ, мынау сол қыздың бет пішіні.

Судья Мохитмохон тағы да жүзікке қарады, сәлден кейін басын көтеріп еді, алдында тұрған сорлы әйел кішкентай жүзіктің болмашы сәулесіне нұрланып, алтыннан құйған періште мүсініндей жарқылдап, жайнап кеткен екен.

Аударған С. Шаймерденов



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі
» қазақ тілі тестілеуде_келген_сұрақтар_зерттеуші
» Наурыз мейрамы Қазақстанда жаңа форматта тойланады