Әңгіме: Жетісудағы қазақ-қырғыздың көтерілісін басуға өкімет тарапынан қылынған қамдар

Әңгіме: Жетісудағы қазақ-қырғыздың көтерілісін басуға өкімет тарапынан қылынған қамдар казакша Әңгіме: Жетісудағы қазақ-қырғыздың көтерілісін басуға өкімет тарапынан қылынған қамдар на казахском языке


Жетісуды алғаннан бері орыстың өкімі күшке таянып, әскер, қамшы, абақтымен ел билеп келе жатқандығы айтылып келеді. Қалай да орыс өкіметі Жетісуға орыс келтіріп, оны «сенімсіз көшпеліге» күзетші қылды. Оларға жабдық үлестірілді. Казак-орыстардың еркек кіндігіне мылтық, жабдық үлестіріліп және туысымен жер кесіліп берілетін.

1914 жылғы неміспен соғыс шыққанда Жетісу орыстарына мылтық-қару қайта үлестірілді. Оғымен бердеңке берілді. Бұларға өзін-өзі қорғаушы дружина жасауға ерік етілді.

Жетісуда көтеріліс болатынының алдында орыстың қолындағы күш мынадай еді. Қапалда, Алматыда және Жаркентте бір-бір сақтық әскерінің дружинасы. Бұлардың әрқайсысында 885 -тен бесатар бар еді. Бақтыда 221 мылтықпен бір рота және Аягөзде 55 мылтықпен бес қарауылдық команда бар еді. Лепсіде 90 мылтық, Пішпекте — 194, Қарақолда — 75, Нарында — 75 мылтық бар еді және Пішпектің жергілікті командасында — 24, Алматының жергілікті командасында 44 бесатар бар еді. Бұдан басқа Алматыдағы зеңбірек қоймасында 101 мылтық бар еді. Мұның үстіне жабдықсыз атты запастың 3 бөлімі бар еді. Мұның үстіне Бақтыда, Жаркентте, Нарында казак-орыстың бір-бірден полкі тұрушы еді. Мұның арқасында 100- ден, 120-дан қылыш бар еді. Алматыдағы казак-орыс запасында 264 қылыш бар еді. Бақты, Нарын, Алматы мен Қапалдағы пружинаның екі-екіден пулеметі бар еді. Осы жоғарғы көрсетілгендерден Алматының дружинасының 1- ротасы Әулиеатаға, 20 казак-орыс, 30 ратник Бақтыдан Шәуешекке барып тұрушы еді.

Облыста солдатқа ат алатын болғандықтан атты запастың адамдары! барлығы да облыстан қазақ-қырғызға ат алуға бытыратылған да, бұлардың жергілікті командасы конвой қызметін атқарулы.

Сөйтіп өкімет қолындағы күштің ұзын саны 3736 еді. Бірақ қазақ-орыстың ауруларын санамағанда, анық сойыл соғары 500-ден артылмайтын еді. Осы әскерге қазақ-қырғыз көтерілетіндегі тапсырылғаны:

1) Бақты, Жаркентте қытай мен қазақ астасып кетпес үшін шекарада күзет қылу;

2) штабтың пәтерін күзету (әсіресе Алматыдағы);

3) ат алуға облыс (бойынша) бөлінген 13 учаскедегі конвойлық қызметін атқаруға —175 солдат. Бұлардың бәрі лау мінетін;

4) орыс қалаларын сақтау;

5) жаза (карательный) отрядын жасау. Жаза отряды көбінесе жергілікті казак-орыс солдатынан жасалды.

Ол уақытта бүтін облыста казак-орыс станицасымен 230-дан аса мұжық қаласы бар еді. Жоғарғы айтылған мылтықтар ылғи бесатар болып, олар орыстардың бұрынғы қолындағы бердеңке, қос атар сықылды жабдығының үстіне қосымша еді. Соның үшін әлгі әскер жабдығы мен өкімет солдаттары Қытай шегі мен дуан сықылды қауіпті жерлерге қойылды.

Жетісудың әр жерінен көтеріліс ұшықты шығып, «облыс соғыс халында» деп жарияланғанда, Жетісу 17 учаскеге бөлінді. Әрбір учаскенің басында бір-бір комендант белгіленді. Олардың қолында белгілі мөлшерде әскер күші болды.

Аягөзде, Бақтыда, Талдықорғанда, Ақсуда (Пішпек), Тоқпақта, Заторныйда (қырғыз), Қарқарада, Қырғызсайда (Жаркент), Қарақолда, Нарында және Зайтсу пикі мен Ұзынағашта учаскелік начальник пен приставтардың әрқайсыларында 15 аттыдан солдаты болды. Бұлар ең керекті күш саналды. Өйткені приставтар өзінін қарулы солдаттарымен өз учаскесін не жұмыс болса да тынбай аралап тұрды. Бұл қазақ-қырғыз көңілін басуға Алматыдағы гарнизонда, Алматы оязында тәртіп сақтауға, қала-қаланы қорғауға қатты кірісілді. Пішпектегі гарнизон таратылмады. Онда 100-дей ратник атқа мінгізілді және жазалау отрядының барлығы да аттыдан болды. Өйткені қазақ аралауға Жетісу шартында әскер тауға, құмға, далаға жүріп- тұруға керек болды.

Әр оязда мынандай әскер қойылды

Лeпciдe: Аягөзде — 40, Бақтыда — 50, Шұбарағашта 50 атты ратникпен және Бақтыда казак-орыс сотнясы (жүзі).

Қапалда: Ақсуда - 15, Қапалда - 20, Алтынемелде 20 атты ратник.

Жаркентте: Жаркент қаласында казак-орыстың бір жүзі, Қарқарада 40 атты ратник пен Нарында казак-орыс жүзі.

Пішпекте: Пішпек қаласында 90 атты ратник.

Алматыда: казак-орыс жүзі.

Бұлар алғашқы қойылған әскер күші еді. Мұның көбі күзет жұмысын атқарды. Бұл Жетісудың өзіндегісі.

Жетісудағы әскердің мұндай аздығы Жетісудағы көтеріліске қосымша болды. Өйткені ақыл көзіндегі қазақ-қырғыз Жетісудағы әскер азайғандығынан орыс тұқымы ұрысқа кетіп азайды деп ойлады. Орыс әкімдері Герман-Түрікті жеңіп, қиратып жатырмыз деп дақпырт салса да Ресей күшінің майданда әлсірегендігін көпшілік көңілі түсінгендей болды. Орыстың мылтық атуға жарайтыны ұрысқа кетіп болды; мұның басына үлкен зауал туды деп ел күңкіл қыла бастады. Еуропада соғыс басталған соң-ақ Жетісудағы казак-орыстардың егінін ылғи қазақ-қырғыздан лаушы алып орғыздырды, пішенін шаптырды, боғын құйдырды. Осыдан қазақ-қырғыз орыс біржола таусылды дегенді айтатын болды.

Жетісудағы өкімет адамдары Жетісуда ел толқи бастағанда жаман састы. Қолындағы күшімен түк бітіре алмайтынға ұқсады. Сондықтан жоғарғы ұлықтарға тоқтаусыз телеграмма үстіне телеграмма беріп, солдат, жабдық сұрады.

Шеттен келетін әскер көмегін тығыз мұндағы орыстардан ұйыстырды. Алматыда алғаш көтеріліс көріне бастағанда жаяудан 300 солдат, аттыдан 460-тай солдат жасалды. Алматы қоймасынан 2 зеңбірек алынды және Жаркент пен Қапалдан бір-бір рота Алматыға жіберілуге хабар қылынды. Әулиеатадағы 6 рота әскер қайта шақырылды (тамыздың 7-сіндегі № 2658 телеграмма). Тамыздың 23-індегі телеграммамен 2000 бесатар және орыстарға бердеңке жіберуін Ташкеннен өтінді.

Жетісудағы көтерілісті басуға Ташкеннен асығыс ретте әскерлер шықты: 1) подполковник Гейцептің отряды: мұнда екі рота, екі зеңбірек, казак-орыстың бір жүздігі, 4 пулемет. Саперлар командасы, телефон-телеграф жабдығымен. Бұлар тамыздың 9-ында жүргізілді; 2) подполковник Алатырцевтің отряды: мұнда оқшылардың 4 ротасы; бір зеңбірек; бір жүздік казак-орыс; саперлар командасы, 160 шалғыншы бар еді. Бұлар тамыздың 15-інде шықты. Осы екі отряд екеуі де Пішпек, Тоқпаққа жүргізілді; 3) капитан Бурныйдың отряды Скоблевтен Әндіжан арқылы Нарынға жүргізілді. Мұнда: оқшылардың 3 ротасы, 4 пулемет, казак-орыстың жүздігі, 80 атты шалғыншы, саперлар командасы, екі тау зеңбірегі бар еді. Бұлар тамыздың 17- сінде шықты; 4) Орынбор-Семей арқылы Термізден Сібірдің 240 дружинасы 8 пулемет, 28 атты шолғыншымен (разведчик) жүргізілді; 5) Самарқаннан 243 кісі Самар дружинасы; 6) Скоблевтен 732 кісі Саратов дружинасы және 2 жүздік казак-орыс Жетісуға жүргізілді; 7) Пішпектің өзінде екі ерікті атты дружина жасалды. Мұның бірі 200 кісілік орыс та, енді бірі 100 кісілік дүңген және 150 кісідей төменгі шенді мен қызметтен босанған саркідір солдаттар еді.

Бұдан басқа барлық ояздың начальнигіне казак-орыс, крестьяндардың атысқа жарайтынынан өзін қорғау отряды жасалуға бұйрық қылынды.

Тамыздың 13-інде Қарқара жайлауында отрядқа көмекке Жаркенттен казак-орыстың 3-полкының бір жүздігі жіберілген. Тамыздың 7-18-іне шейін Жетісудағы тұрғын казак-орыстан отряд жасау жұмысына тығыз кірісілді. Бұдан барлық облыста 7 жүздік (сотня) ұйымдастырылды. Мұның 4-еуі Алматыда, үшеуі Жаркент оязында, Қапалда жасалды. Мұның 3-4 жүздігі Тоқпақ, Самсоновқа маңайында қырғынға шықты. 1-жүздік Алматыны қорғады. 5-6-7-жүздіктері Қапалда, Жаркентте жасалып, Қапалда-Қырғызсайда тұрды.

Гейцегтің отряды Меркіге келгенде тамыздың 15-інде телеграмма алды. Гейцег 18-тамыздан бастап (Пішпек жеріне аяқ салғанда), ол Тоқпақ ауданында қырғын қылатын отряд бастығы болады. Оның қол астына подесаул Вакуревич пен штабс-капитан Полтарацкийдің отряды және Самсонскийдің отряды кіреді делінген.

Подполковник Писарцевскийдің қол астында Алматы дружинасы мен Пішпектің қарауылы мен жергілікті командасы, атты запастың бөлімдері мен барлық ерікті дружинаның крестьян мен мещаннан құрылған әскері қалдырылды.

Тамыздың 17-сінде Қордай, Қастекпен екі бөлініп асып, Алматы төңірегінен хорунжий Александровтың казак- орыс жүздігі жүрді. Бұлардың мөлшері бір жарым жүздікпен Алматының 3 взводын қосып алған еді. Осы жүріп отырып Үлкен Кеміндегі Сарбағыш қырғыздарына түнде соқтықты. Онда қырғыздар Ново-Российск поселкесін қамап жатыр еді. Қаланы аман айырып алды.

Гейцегтің отряды Тоқпаққа тамыздың 21-інде келді, Ол өзінің 2 рота, 2 зеңбірек, бір жүз отрядының үстіне Вакуревичтің 500-дей отрядын қосып алып, оның үстіне Александровтың казак-орыс жүзі мен 3 взводын қосып алып, Тоқпақ ауданы, Шу бойы, Самсоновқа алабына ойнақ салды. Қырғызды қырып-жойып, Қарақолға өтті. Бірақ бұл кешікті. Саратовтың 1734-дружинасы Нарынды басып, Көтімалдыға барды.

Тоқпақ ауданына Гейцегтен кейін келе жатқан отряд бас-аяғын Пішпекте жинап, Көтімалды, Буам, Шамсы асуындағы қырғыздарға қимыл қылып, Қошқар суы бойына барды.

Ферғананы құлдап келе жатқан Фрунзенің отряды Қарақолдағы қырғызға жетісе алмағандықтан, Гейцегтің отрядына 4 рота, бір зеңбірекпен 2 жүздік казак-орыс Қарақолға жүргізілді. Бұл уақытта Тоқпақ ауданындағы қырғыздар үркіп, Қарақолға таман кетіп еді. Бұл отрядтың көбі Алматының адамы еді. Бастығы Пешков деген кісі боп, 150 қылышты, 170 мылтықты, бір пулемет және 50 ерікті солдат бар еді. Фергана жағынан келе жатқан Фрунзенің әскері Пішпек оязынан ауып барған қырғызға соқтығып, оны Тоғыз тарауға, Күртіге қарай айдауға жарлық еткен еді.

Тамыздың 27-сінде Пішпекке полковник Сленко келіп, барлық Тоқпақ ауданындағы әскерді Тоғызтарау, Нарын-Көтімалдыға қозғады. Оған қырғыз халқын талқандап қырып, табандап жеңіп қайтуға өкімет тарапынан үлкен жұмыс табыс қылынған еді. Ол Пішпектен өрге қарай сыпыра, бүтін Алатау... Шy, Қошқар өлкесіндегі, Қол алабындағы, Қарақол, Нарын қырғыздарының қолына түскенін қырып жіберді. Бірақ қырғыз орыс отрядының тепкініне шыдамай, қиын-қиын таулармен Қытайға асты. Қырғыздар Қытайға үріккенде ретсіз, асығыс сасып үрікті. Сондықтан олардың тігулі үйі, жайылған үйі, тіпті кей жерде қатын, қыздары орысқа олжаға түсті. Қырғыз үріккенде қашан Қытай жеріне асқанша артына жасақ салып отырысты. Бірақ ол жасақ орыс әскерімен тучнее алған жоқ.

Семей жақтан көк найзалы көп отряд шақырылды. Бұл отряд Садыр көтерілісінің артынан жүрді. Осы отряд келгеннен кейін елдің жығасы түсіп, біржола жүні жығылды. Бұл солдаттың барлығы да атты қазақ-орыс еді. Бұлар жолыққан қазақты өз бетімен ату, талау сияқты көп тентектік қылды. Аяқ жетер жерге шығып, ауыл талады. Ат алды. Мұны көрген ел кісі беруге мойындап, «спескі» жазуға кірісті.

Жетісудағы қазақ-қырғыз көтерілісін қару күшімен, қаһармен басу үшін Түркістан генерал-губернаторы Куропаткин «жандарал» Фольбаумға жасырын нұсқау береді. Нұсқауда былай дейді:

«Қазақ-қырғыз тәртіпсіздігін басуда Сіздің қайратыңыздың негізгі міндеті орыс халқының амандығын, мал-жанын сақтау болу керек. Осы ретте орыс халқын оқпен атылатын отты қарулармен және балта секілді қара қару-жарақпен де тісінен тырнағына шейін жарақтандырыңыз. Ондай қаруланғандардың ондығын, жүздігін, дружинасын ұйымдастырыңыз. Ондай жасаққа онбасы, жүзбасы сайлауды халықтың өз қолына беріңіз. Запастың 3 жүздігін, казак-орыс сарбазының 4 жүздігін жасауға ұлықсат қылам. Сарбаздардың жүздігін жассынған орнындағы күзетке қалдырыңыз. Барлық қалаларда, поселкелерде күндіз-түні қарулы қарауыл жасатыңыз. Тұтқиылдан шабуылға сақ болыңыз. Өртке қарсы қатты қимыя қылыңыз. Он мың соғысқан Оралдың Сергосының қайратын еске алыңыз. Қазақ-қырғыздың отпен атылатын оқты жабдығы азғантай-ақ шығар. Кейде шабуыл жасап жіберетін ыңғай келіп қалса, құр қорғанумен қанағаттанбаңыз. 30-50 жігіт түнде шапса, талқанын шығарады. Зәресін алу керек. Телеграф, поштамен байланысты мықтаңыз. Олардың бұзылғанын түзеттіріңіз. Салт атпен шабуыл поштасын ұйымдастырыңыз, осы жылдағы астық та алынбай қалмасын. Егіндегі жұмысты тоқтатпаңыз. Қазақ-қырғыздардың тастап кеткен астығын жинатып, қазынаға құйдырыңыз. Жазалау жасақтары және орыстар ел талауда, атуда шетінен аса шығып кетпесін. Таланып алынған мал шашылып кепшесін, қазынанікіндей қатты бағыңыз. Дуан-дуандағы жасақтың жанында «полевой» сот жасауға ұлықсат етем. Ояздық началъниктердің және приставтардың қолындағы әскер конвойын (айдаушы) күшейтіңіз, оларға қайда көтеріліс ушыққан жердің ауқымын әскер күшімен басуды тапсырыңыз. Барлық облыстардың көрші губернаторларымен қатынасты күшейтіңіз. Өз қарауыңызбен сөткесінде екі реттен кем қылмай, мені хабарландырып отырыңыз. Көтерілісшілермен күресті оңдау үшін облыстағы жергілікті халықтың ру, тұқым өзгешелігін пайдалануға тырысыңыз. Біздің сойылымызды соғатын қазақ-қырғыз толып жатыр. Оларды көтерілісшілерге қарсы ұстаңыз. Ішкі лай тұнғанша қазақ-қырғыздың Қытайға ауа көшіп жатқанына әзірге намыс қыл маңыз. Сізді қуаттандыру үшін толып жатқан әскер аттандырдым. Олар барып жеткенше қарсы қайратты қатты қылып, оларға және барлық ондағы орыс ұлына өзгеше басшылық етерсіз.

Куропаткин.

Тамыздың 11-і, 1916 жыл».

Енді өзге бір телеграммасында Куропаткин Фольбаумды қайрап келіп былай дейді:

«Өзіңізді үлгі қылуға тырысыңыз. Бұдан 52 жыл бұрын өткен полковник Колпаковскийдің қимылын еске алыңыз. Ол осы күнгі Сіздің қолыңыздағы күштен әлдеқайда аз күшпен Алматыға шабатын қалың Қоқан қолына қарсы жүрегі айнымай шыққанын, Сіздің ұрысқалы отырған қазақ-қырғыздан ол уақыттағы Қоқан қолы әлдеқайда қарулы, жабдықты екенін, Колпаковский Қастек асуында оны талқандап жеңгендігін бір ойлап қойыңыз. Менің сұрауыммен майданнан Жетісуға казак-орыстың бір бригадасы және атты зеңбірегі жіберілді.

Куропаткин».

Тамыздың 29-ында Тоқпақтан подполковник Гейцегтің отряды Ыстықкөлге келді. Орынбордың казак-орысы Нарынға шықты. Алматыдан Қарақолға тура жолмен тау асып, Пешков тың көп әскері келді. Ферғана жақтан Фрунзенің қолы құйылды.

Осы әскерлердің тепкініне шыдай алмай қырғыз-қазақ Қытай шегіне үрікті. Қырғыздың бір бөлігі Ыстықкөлдің түстік жағындағы сыртты бойлап, Қашқарға қашты. Енді бірі Кеңсу, Сантас асуымен Қарқараны қырқа Текестің басын өтіп, Құлжа ауданына кетті.

Қашқарға қарай қашқан ел орыстың тепкісін онша көрген жоқ. Олар артына жасақ салып, үркіп отырды. Таулардың қиын асуларынан орыс аса алмады. Сонда елдің малы жолда көп шашылып қалды. Оны айдап алуға аттанып келген қырғыздар мен орыс әскері тоқайласып қалып отырды.

Текестің басын баса Құлжаға тартқан қазақ-қырғыз әp жерде (Преображенск поселкесінде, Кеңсуда, Қарқарада, Нарынқолда) тоқсан тосқауылға жолығып жаман шығындады. Нарынқолға үркіп барған Албан үстіне қырғыз көшіп келді. Одан ары Қытай шегіне өткізбеді. Малға шөп таусылды. Ел «орыс келіп қалады» деп қоянша қорықты. «Ат бер, көлік бер», тайтұяқ, жамбы... тағы талай нәрселер сұрап қытай, қалмақтың ұлықтары елдің есін шығарды. «Тарту-таралғы берсең өткіземіз» деп алдап көп нәрсе алды. Ел әбден шешілді.

Бұл уақытта Түркістан генерал-губернаторы Құлжа, Шәуешектегі орыс консулдарына, қытай ұлықтарына үріккен елді өткізбе деп хабар қылған еді. Әшейін сөзге жұбауратып алдап малын, тартуын ала берді.

Албанды қуған Бейктің әскері бер жағынан жетті. Ел тайлы-таяғымен атқа мініп, алдынан шығып, соғыспақ болды. Бұлардың ішінде бір тұтқыннан қашқан түрік офицері де бар еді. Осы қазақтар қара көрсетіп атысып, асуда орыс әскерін бір күн тоқтатты. Бір күннен соң орыс әскері зеңбіректің астына алып қуды.

Ел үркіп, қалмақтың ай-шайына қарамай, шекарадан өтіп кетті. Елдің малы, үйі, мүлкі шашылып, далада қалды. Жаяу-жалпы шекарадан ары өтті. Қытай шеріп иіріп қойып білгенін істеді.

Орыс әскері тау жағалап отырған қырғызға және соқтығып, көп адамын қырып, мал-мүлік тағы талап қылды. Қытай, қалмақтардың шерігі орыс жеріне айдаймын деп қорқытып, ат-атанды, алтын, ақ күмісті қолы біліп алып жатыр.

Сөйтіп қазақ-қырғыз бет-бетімен шекарадан өтіп, Қытай жеріне сіңіп кетісті. Нарынқол, Сүмбе шекарасынан өткен ел өте күйзелді. Не Қытайға, не орысқа сыя алмай, таудың бір қыспағында қалды. Мал жұттықты, ел ашықты. Қалмақтың басты кісілерінің қолтығына ел дорба кіре бастады. Әркім өз ауылын сыйдырмақ болып адамын да, малын да қалмақ жуандарына тартуға тартты.

Мұзарттың сағасына өтіп шыққан қырғыздарға қалмақ мылтық атып, «орыс келіп қалды» деп қорқытып, үркітіп жіберіп, 10 мың үйге жақын елдің бар малын талап ап кетті. Осы қорыққан ел Мұзарттың ақырған суына түсіп кетіп, бірталай халық суға кетті (150-дей адам деседі). Кәрі- құртаң, кемпір-шал, ауру, соғыстағы жаралы, жас бала осы қалмақтың шошытқанында тар асуда, тайғақ қияда бастығырылып, қырылып қалысты.

Сүмбе, Пішпек арасынан өткен қазақтар да малдан әбден айрылып жаяу-жалпы Қытайдағы қазақ жеріне жетті. Онда ел баласын, қызын сатып, бет-бетімен жан бағуға телім-телім болып тозып кетісті. Басын күйттеген қазақтар қытайдың Үрімжі деген қаласына шейін кетті.

Қытай, қалмақ жазаны қамшымен өтейді. Көрінген қазақты күрсілдетіп сабап жатқаны. Бірі ұрмайды, бәрі ұрады. Ақырын ұрмайды, жалаңаштап, сойып салады. Кейбіреулер қамшы үстінде өліп те кетті. Кейбіреулер шіріген жара болып жатып жазылды.

Қытай шерігі елді қыстай шекараға қамады. Бірақ ел бойы үйір болып алған соң күнде ұрланып көшіп, ары өтіп таусылды. Шеріктің қолында 400-дей үй қалды.

Желтоқсан ішінде Құлжадан Қытайдың Шамуза деген ұлығы 300 шерігімен келіп, шекараға жақын Мойынша деген жерден үй тіктіріп жатты. Қалмақ-қазақтың, қырғыздың арасындағы жұбапты қолға алып, қазақтың малын талауға басшы болғандардан 5—6 қалмақты атып жіберді. Шамуза қалмақтың атақты кісілері: Төрге, Төре Бота, Батмолда, Қорға, Байын Жырғал сияқты басты адамдарын шақырып еді. Бұлар қорыққаннан қашқалақтап, бармай қалды. Қайта әлгілер қазақтың адамдарына жалпаңдап, тығыла бастады.

Қазақ құзғындары қалмақ құзғындарынан пәре алып, Шамузадан ана қалмақ жуандарының күнәсін сұрап алды. «Қазір жиып бер!» — деп дығырлатып, таланған малды жинатқалы жатқанда оның мерзімін бір айға ұзарттырды. Бірақ Шамуза кеткен соң қазақ-қырғызға қалмақ алған малдан шақа берген жоқ. Қайта баяғы әнге салып, қазақты қанауға кірісті.

Осы ел өстіп қыстай жүдеп-жадап отырып, жаз бостандықты естіп, қонысқа қайта шұбап келді, Ел малдан айрылып, ақсүйрік боп, қол ұстасып атамекен, қара орынға келіп, ұлардай шулап жермен көрісті.

Қытай шерігінің қолында қалған ана 400 үйге шерік көрмегенді көрсетті. 50 басы, он басы сайлап, бірін-біріне міндетті қып, қашпасқа қатаң қаһар қылды. Бұл тіпті ақ сүйек боп жұтықты. Ашықты. Бір жылқы бір пұт ұн болды. Бара-бара барлық малды берсе де бір дон табылмады. Ел жасымық жеп, ауру араласып, шыбындай қырылды. Жат жерде, бөтен қонысқа үркіп келіп, күндіз ұлардай шулап, кісі қойды. Бұлардың адамы тамаққа сатылды. Әсіресе қыз балалар құнсыз қол саудаға түсті. Оның үстіне шерік, тұрғын қалмақ тағы талап, қыз, қатынның тәуірін құрықтап үлесті. Әсіресе қырғыз Саяқ деген ел өте жүдеді. Сонда да кедей, нашар жағы жаншылды. Сатылды. Торғайдай тозды. Елдегі жуандар, қулар онда тағы созып, әйтеуір 5-10-нан мал тұқымын алып қалғандары да болды. Мұндайлар шерікпен, қалмақпен шығысты. Олар елге не тілесе, соны істетті. Оларға тимеді. Малын шөпті жерге бақты.

Киімсіз кедей жолда үсіп өлді. Аш адам аштан өлді. Ұлы селебе болып, адам жұтықты.

Үріккен елдің ішінде болған Албан жігіті Жайпақұлы Манап айтады: «Біз Қытай жерінен қайтып келе жатқанда айдаған малдан жолда өлген қой артқан қабы жыртылып, төгілген тарыдай екен. Қойдың қыстаған жерін көрсек, өрісте-қорадағыдай жусап жатып қалыпты», — дейді.

Бостандық болған соң елді Қытай еріксіз көшірді. Қазақ о басында «Мекалай түстіге» сенбеді. Сондықтан тентіреп, телім-телім болып жүрсе де орыстың уысынан аман болуға талап етті. Бірақ Қытай көшірді. Жаппай үй көрінсе «көш» деп Қытай үйді ұратын болды. Ел малды астыққа айырбастады. Тұрғын ел үріккен елдің малына өздерінше базар ашып, саудалап алысты. Қытай жерінен ел бір ай ішінде «орыс жеріне» өтіп болысты. Осы бір ай ел айдауда болды. Көште сән-салтанат жоқ. Құрым киіз, қоржын арқалаған жаяу көш. Ел аш, ауру, күйсіз көш. Ал елді күн-түн қуып, Қытай шерігі қырып жіберді. Жолда ілесе алмай болдырып тұрып, жатып өліп қалғандар қол болды.

Мұны көрген Манап айтады: «Болдырған аш адам келе жатып тентіректеп жығылады екен. Қайтып бас көтермейді. Су сұрайды. Басын көтере алмай, тоқпақтап жатып езеуреп өліп кетеді. Қонған жерде от жағып айнала отырып бой жылынған соң қисайып жатып, түгелімен қырылып қалғандар болды».

«Орыс жеріне» келген соң өткен жылғы ош орыстар, тұрғын тентектер бостандықтың бошалаң уағында тағы шауып, талап, білгенін істеп жатты.

Осы алакөздіктің аяғы шекараға жақын, үріккен елдерге 18-19-жылдарда да үлкен тынышсыз болды. Қала, орысты тағы әскер бөліп алып, елді талап-шауып жіберді.

Қырғызды да қырып-жойып, айдап Қарақол апарды. Пішпек оязынан үріккен қырғызды Нарынға, Сыртқа иірді. Көтеріліс болған жер — Шу бойы, Қошқар алабы, Ыстықкөл төңірегі — барлығына да орыс отырғызылғалы қам қылынғаны жоғарыда айтылды. Қырғыздың өз қоныс-мекені өзіне тимейді. Орыстың ен мықты дұшпаны қырғыз ұлты саналды. 17-жылдың қысында 500 үй Арық тұқымы деген қырғыз руын Шелек тауына қамап тастады.

Орыстардың қазақ-қырғыздарды топырлатып ата беретіні көпке созылды. Қаладан бір орыс мылтықпен шықса онымен жолыққаны қайда барасың десе, «екі аяқты киік атам» дейтін-ді, бұл Албан ішіндегі казак-орыс әдейі ауызға алатын сөзі еді.

16-жылдың көтерілісі кезінде Балқаштағы балықшы орыстың сиыры ұрланған. Орыс сол маңда жасақпен тұрған штабс-капитан Полторацкийге арыз қылады. Полторацкий сол жердегі қазақтардың (Алматы оязы болса керек) адамдарын жинап алып «төле, төлемесеңдер іс жаманға айналады» деп ақырады. Ондағы жиналған қазақтар: Қасымбекұлы Садық, Ақшораұлы Қамабек, Иманбекұлы Көлбай, Бақтиярұлы Қасымбектер сөйлесіп, қорыққаннан 1300 теңге елден жинап береді. Бұл артынан Қарқаралы оязындағы Мұқты болысының ұрылары Арап, Оспанбай, Қалқаман деген ұрылардан шықты. Орыс оны қуған жоқ. Қазақ қуып ұрыдан да, орыстан да ешнәрсе өндіре алмады.

Көтеріліс басталғаннан кейін Тоқпақ пен Қошқардың арасындағы тауға 50 үйдей қырғыз тығылып қалған екен. Бұлар ылғи малды ауылдар екен. Қыркүйекте буған 12 орыс шығады. Бәрі қарулы болады. Қырғыздарға орыстар Дүр Сауранбайұлынан сәлем айтады. Оларды үрікпей, қорықпай өз мекендеріне қайтуды өтінді дейді. Орыс та бұл қуаныш үшін «шүйінші» сұраған. Осы ел бұған иланып, «Орта көпір» деген жердегі қосына келеді. Орыстар еркекті іріктеп бір жаққа айдайды да, дөң астында қырып салады. Айалдардан таңдап, алтауын алып, Қарабұлаққа әкеліп қатын қылады. Қалған жанның бәрін қырып тастайды. (Бұл жерге Куропаткин «жандаралмен» Алматыда істеген мәжілістің тоқтамы кіргізілді.)

Сол күндегі Жетісудың жан, шаруа есебінен төменде бірнеше цифрлар келтірейік:

1915 жылда Жетісуда жан саны

Мұның қазақ-қырғызы

Өзге ұлттар

Оның ішінде орыс

Тараншы

Дүнген

Өзбек

Татар

Басқалар

1.223.000

883.000

343.000

200.000

86.000

20.000

12.000

10.000

13.000

Бұған қарағанда барлық Жетісуда халықтың төрттен үші қазақ-қырғыз болады.

1912 жылдың санағы бойынша:

Жетісу жерінің ауданы:

Барлығы 353.000 шаршы шақырым.

Бұдан құм-сортаң жерлер 72.000 шаршы шақырым.

Су-көл — 93.000 шаршы шақырым.

Егіске жарақсыз дала, таулы жер — 170.000 шаршы шақырым.

Егіске жарайтын жерлер — 180.000 шаршы шақырым жер 1.974.880 десе.

Барлық егістік жерлерде суғарылып егілетіні 485.000 десе.

1916 жылдың көтерілісі қарсаңында Жетісуда қазақ жеріне салынған 100 орыс қаласы бар еді. Бұған алынған жер: 4.200.000 десе.

Жетісудың барлық ауданы тауы, шөлі, құмымен, суымен 33.000.000 десе.

Мұның егістікке жарақтысы 5 %-ы.

Казак-орыстың түтінге 61 десе жарақты жері, 8 ірі қарасы;

Крестьянның 9 десе жері, 17 ірі қарасы;

Қазақтың 1,5 десе жері, 12 бас малы бар еді.

Жетісудың жергілікті халқынан патша өкіметі басып алған жердің ұзын саны 3.963.000 десе.

Ескі орыс қалаларының қолында — 232.000 десе.

Жаңадан салынған орыс қалаларының пайдасына берілген жерлер — 1.750.000 десе.

Казак-орыс және крестьян қолындағы егін егілетін жердің мөлшері — 1.200.000 десе.

Осы цифрларға қарағанда Жетісудағы жерлердің егіске қолайлы, сулы жердің кімнің қолында екенін ашық көреміз. Көшпелі елдің есебіндегі жерлердің барлығы дерлік егін шықпайтын, шықса суы жетпейтін татыраң шөлейт, тау-тас еді.

Казак-орыстардың кей қалаларында үй басына 90-нан 120 десеге шейін меншікті жері бар еді. Мұның әр жылда 28 %-ақ егілетін. Қалғаны жалға берілетін. Жерін қазақ-қырғыз жалшы жыртатын. 17.000 казак-орыстың қолында ең жақсы жерден 565.000 десе жер және 250.000 десе жерге бауыр басқан крестьяндардың кей қалаларыңда үй басы 20 — 30 деседей жері болып, бұлардың құлағы да малай күшімен егін алатын және мұның үстіне крестьян құлақтары қолындағы барлық жерін егіп, жетпеген жерін тағы казак-орыс қазақтардан жалдап, жер салатын (қазақ-қырғыз күш-көлік, су жоқтықтан орысқа көрші жерде қолындағы 1,5 десе жерін де екпей, жалға беретіндігі көп еді).

Қалаға қара табан малай толды. Қала, деревняда ұдайы тұрған басыбайлы жалшылардан да күндіктеп жұмыс қылушы егін жырғарда, асты қаларда алыс жерден топ-топ «десе орган» қазақ-қырғыз кедейлері керуендей шұбаушы еді. Сондықтан Жетісудағы қала, деревняның құлақтары көп жер иесі, күшті бай болып алып еді.

Осының үстіне қазақтың өз ішінде жер мәселесі жақсы емес еді. Ел ішіндегі бай, жуан жұдырық, мықты ата, әкімдер отардан қалған қоныстың тәуірін олар бауыр басып алысқан болатын. Бір құлақтық суды өнебойы өзіне ағызып қойған, елдің қыстауына жаппай малын жайып, қара бұқара малының басын бұра алмайтын шопандар көп еді. (Ақбекеттен Шабданға 500 десе жерді ұлық кесіп берген).

(Қолжазба араб қарпінде. ҚР Орталық мемлекеттік архиві. Қор — Р-1368; тізбе — 1; іс —16).




Жүктеу батырмасы 50 секундта ашылады!!!




KZ / Қазақша Әңгімелер жинағы, әңгіме Жетісудағы қазақ-қырғыздың көтерілісін басуға өкімет тарапынан қылынған қамдар туралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Жетісудағы қазақ-қырғыздың көтерілісін басуға өкімет тарапынан қылынған қамдар на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке, әңгіме Жетісудағы қазақ-қырғыздың көтерілісін басуға өкімет тарапынан қылынған қамдар туралы ангиме казакша рассказ на казахском рассказ Жетісудағы қазақ-қырғыздың көтерілісін басуға өкімет тарапынан қылынған қамдар на казахском языке ангиме скачать, Әңгіме: Жетісудағы қазақ-қырғыздың көтерілісін басуға өкімет тарапынан қылынған қамдар ғибратты әңгімелер ғибратты әңгімелер вк ғибратты оқиғалар ғибратты сөздер гибратты ангимелер