Қасым Аманжолов | Ленинград берілмейтін берік қамал


Екінші дүние жүзілік соғыста фашистік Германия армиясына Францияны басып алу үшін 44 тәулік, Голландия мен Белгияны басып алу үшін бар жоғы 19 тәулік жеткілікті болса, Ленинград түбіндегі шайқас 900 тәулікке созылып, ақыры фашистік Герман мен Финляндия агрессорлары ойсырай жеңіліп, шегінуге мәжбүр болды. Ленинградқа тура шабуыл 1941 жылы 10 июльде басталды. Неміс фашистерінің 741 мың солдаты мен офицері, 10070 зеңбірек пен менометі, 385 танк пен өздігінен жүретін зеңбірегі, 370 самолеті болды. Қалаға қасқырдай анталай ұмтылды. Сол күннен бастап, басқыншылар 900 тәулік бойы қалаға толассыз шабуыл жасады. Озбыр жау қалаға 1941 жылғы сентябрь — ноябрь айларында Ленинград көшелерінде 64930 өртегіш, 3055 фугастық бомба тастап, 30154 артиллериялық снаряд атты. Жалпы Ленинградқа тікелей шабуылдаушы неміс фашист және Финляндия армиясы 38 дивизиядан, олардың 32 жаяу, 3 танкілі, 3 маторландырылған бір атты әскер, екі жаяу әскер бригададан тұрды. .....
Әңгімелер
Толық

Оралхан Бөкей | Мәңгілік деген махаббат шығар

Махаббат абстрактылы, Сондықтан да теориялық жағы дами береді де, нақтылы мәнін жоғалта бермек. Негізінде, сезім дегеніміз адамға ғана тән қасиет, бірақ ол айнығыш. Айнығыш болатын себебі – адамзат өзінің жаратылысынан еш нәрсені қанағат тұтқан емес, арман мен қиял, үміт пен мақсат – осының қай-қайсысы да бір ғана ұмтылыс ұғымымен шектелмейді, тапқан дүниеңнің, шыққан биігіңнің аздығы мен аласалығын айғақтап, үнемі бір тың, басқа, жаңа да жақсы белгісіз бірдеңелерді көксеумен күн кешеді. Әдемілік пен сүйкімділіктің өзі салыстырмалы да шартты, өйткені қандай да бір керемет көркемдік сіздің көзіңізге теңдессіз көрінгенімен, басқаға әншейін жай ғана нәрсе болуы мүмкін. Әдетте, біз бір адамды құлай ұнатқанда, оның бойындағы сандаған кемшілікті елеп – ескермейміз, яғни сезім алдауына түсеміз. Сөйтіп, үйленеміз. Күн өткен сайын, оған жақындаған сайын бірсін деп сіздің жан дүниеңізге сай келмейтін қайшы қылықтары ашыла бастайды, осыдан айну сезімі пайда бола бастайды немесе өмірде одан да жақсы кісілер барын мойындайсың, жарыңыздың болмысында аз, тіпті жоқ қадір – қасиеттер мен өзгеше ерекшеліктерді өзгенің жарынан байқайсыз, осылайша асылдан да озған асыл, сұлудан да артық сұлу бар екенін түсінесіз. Көңіліміздің көк дөнені бұған дейін шапқылап жүрген шеңберін тастайды да, анау топқа қосылғысы келеді. .....
Әңгімелер
Толық

Мұхтар Әуезов | Ел поэмалары Қозы Көрпеш Баян


Қазіргі жиналған ел әдебиетінің ішінде қазақ жұртының ел поэмасына қосылатын екі үлкен әңгіме, 5 өлең бар. Біреуі – "Қозы Көрпеш – Баян", екіншісі – "Қыз Жібек". Ел поэмасы деп қандай түрдегі әңгімелі өлеңді айтатынымызды осы екеуінің мағынасы мен үлгісін қарастырған уақытта анықтап айтпақшымыз. Сондықтан, қазір жалпы сөзді айтудың орнына сол екі әңгімені бас-басына қарастыруға кірісеміз. Әуелі қарастыратынымыз "Қозы Көрпеш – Баян".

"Қозы Көрпеш – Баянның" қысқаша әңгімесі

Ескерту: екі бай аты 1-Қарабай, 2-Сарыбай.

Бұрынғы өткен уақытта Балталы, Бағаналы деген елдің ішіне шеттен ауып келген Қарабай, Сарыбай деген екі бай келеді. Сарыбай келген жерден Балталының еліне үлкен мырзалық көрсетіп, қалың елдің бейілін алып, ханы есепті, қадірлі жақсысы болады. Қарабай тоқсан мың жылқы айдаған бай болса да, сараңдықпен құнсыз болып елге қадірі жоқ болады. Екеуінің жасы жетпіс пен сексенге келген кәрі. Бірақ балалары жоқ, зарлы. Бір күні екі бай елсіз тауда анда жүріп, кез келіседі, мұңдарын айтысады. Екеуінің де үйіндегі қатындары екі қабат екен. Құдай атын айтып дос болып, бірінен ұл, бірінен қыз туса, екеуін қоспақ болып ежеғабыл жасайды. Сол уәденің үстінде, Қарабай Сарыбайдан тілек етіп бір буаз маралды атқызады. Буаз аңның киесі атып, Сарыбай сол жерде өледі. Қарабай егіз лақ маралды алып, еліне қайтады......
Әңгімелер
Толық

Эдгар По Мари | Роженің құпиясы


«Морг көшесіндегі кісі өліміне» қосымша

Шынайы оқиғалар мен олардың мінсіз жүйелілігі параллелді түрде қатар жүреді. Олар үнемі бір-бірімен дәл үйлесе бермейді. Адамдар мен жағдайлар әдетте оқиғалардың мінсіз тізбегін өзгертіп отырады. Сондықтан да олар жетілмеген сияқты болып көрінеді де олардың нәтижелері де шалағай болып шығады. Реформацияда да дәл осылай болды — протестантықтың орнына лютерандық келді.

НОВАЛИС. Моральға көзқарас

Оның бар болғаны жай ғана кездейсоқтық екеніне сенудің өзі ақылға сыймайтын оқиға болып көрінетін кездейсоқтыққа тап болған кезде тіпті ең байыпты, ең байсалды деген адамның түйткілді көңіліне де тәңірдің құдіретіне илану сезімі ұялай бастайтын шығар-ау осы. Кездейсоқтық докторинасына немесе оның меншікті есімімен атар болсақ, ықтималдық теориясына жүгінбейінше, ондай сезімді (өйткені мен айтып отырған көңілдегі шүбәлі, бұлыңғыр сенім ешқашан да толық ақыл-ойға айналмайды) басу мүмкін емес. Бұл теория — өзінің табиғатында таза математикаға тән теория; сонымен ғылымның бүкіл бізге берерінің ішіндегі ең жүйелісі де, дәлі де оймен болжау саласындағы қолға түсе бермейтін көлеңкелі, шүбәлі елесті жақтарды айқындауға пайдаланылады. Мен жұртқа жариялағалы отырған айтса адам нанғысыз бұл оқиғаның егжей-тегжейі, болған кезі жатынан дәл сол күйінде алынған, әрі оның өзі әдеттен тыс кездейсоқтықтың бірінші тармағына жатады, ал екінші, қорытынды тармағынан оқушылар қауымы, әрине, жақында Нью-Йоркте болған мэри Сесилия Роджерстің өлімі жайында білетін болады. .....
Әңгімелер
Толық

Бес жаңа әлеуметтік бастама қазақстандық қоғамның бірлігін нығайтады


Осы жылы сәуір айында Астана қаласында Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бес әлеуметтік бастама – қоғамның әлеуметтік бірлігінің плаформасы атты» ХХVI сессиясы өтті. Бес әлеуметтік бастама – Елбасының қолдауымен халыққа жолданған нақты тапсырмалары мен оның орындалу мерзімі бар әлеуметтік бағдарлама. Бағдарлама қазақстандық қоғамның төмен қорғалған бөлігін қодауға бағытталған, сондықтан ол әрбір қазақстандық үшін өте маңызды. Әлеуметтік бастаманы табысты іске асыру үшін біздің азаматтық қоғам мен ұлттардың бірлігі, олардың мемлекет пен оның болашағына сенімі үлкен рөл атқарады.

Осы орайда Қазақстандағы ұлттық бірлік пен азаматтық қоғамды қалыптастыруда Қазақстан халқы Ассамблеясының беделінің зор екенін айтуға болады. Қазақстанның ұлттық бірліктің қалыптасуы осы ұлт және ұлттық бірегейлік түсінігіндегі қарама-қайшылықтар арқылы тәжірибеде іске асады. Оның негізі мемлекет құраушы ұлттың этномәдени бірегейлігі мен азаматтық бірегейліктердің өзара араласуы мен үйлесімінде жатыр. Бұл бірегейліктердің өзара үйлесімділігі Қазақстандағы ұлттық құрылыс үрдісінде ымырашылдық тәжірибесі арқылы іске асады. Алайда, ұлттық бірегейліктің этностық және азаматтық парадигмалары арасындағы қарама-қайшылықтар қазақстандық қоғамда ымырашылдықтан гөрі біржақты нақты анықтаманы талап етеді.

Қазақстанда ұлттық саясаттың нақты және келісілген бірыңғай тұжырымдамасының жоқтығы байқалады .....
Әңгімелер
Толық

Иван Бунин | Антон алмасы


... Ерте келген жаймашуақ күз есімде қалыпты. Әдейі тұқым себетін мезгілді аңдып тұрғандай тамыз айы жылы жаңбырмен басталған — жаңбырдың нағыз керек кезі, әулие Лаврентий мерекесінің қарсаңы еді. "Лаврентийде жаңбыр жылы, су момын болса күз бен қыс май тоңғысыз" дейтұғын. Саршатамызда аңызды сілбі басып кетті. Бұл да жақсылықтың нышаны: "Саршатамызда сүттігеннің ұлпасы ұшса — күз шуақты"... Елең-алаңдағы таза ауа, тымық таң есімде... Тағы бір есімнен кетпейтіні - сары алтындай сағым шашып, сарғайып, сирей бастаған үлкен бақ, үйеңкі аллеясы, жердегі танау жарған сары жапырақтардың көрпесі, күзгі ауада балдың хош иісін аңқытқан Антон алмасының ароматы. Ауаның тазалығы сонша, тіпті тынысың сезбейді, бақ ішін дабырлаған дауыс, арбаның сықыры кернеп тұр. Бұл тархандар — бағбан мещандар, түнімен қалаға жөнелту үшін жалдама мұжықтарға алма тиетіп жатыр - түнді де әдейі күтеді, арба үстінде жатып алып аспандағы жұлдызды санасаң, кәусар ауада қара майдың иісі кеужірінді ұрса, кіре жолда шұбырған арбалардың сықырын естіп жатудың өзі ғанибет емес пе! Алма тиеген мұжық алманың бірінен соң бірін күрсілдетіп соғып жүр, мещанин оған қой деп айтпайды, өйткені доғарып тастау ырымда жоқ нәрсе. Керісінше:

— Же, жеп қал, осыдан басқа шаруаң жоқ, - деп қояды. — Бал шайқағанда да ауыздан қайтқанша ішетін. .....
Әңгімелер
Толық

Сәбит Мұқанов | Кер заман


1

— Қайынаға, салығыңызды кешіктіріп кеттіңіз, неге төлемейсіз? — деп қайқы мұрындау келген, денелі, томпақ көз, жұқа ерін, суық шарпыған беті қара қожалақтаның-қыраған, басында түбіт шәлісі, аяғында саптама етігі, қолында тері биялайы бар, үстінде сеңсеңмен тыстаған сары тоны бар Ұлбосын, дәреттен келе жатқан Кәдірбай хажының алдынан кес-кестей берді.

Шалбарының бауын екшей байлап, аяғымен жерді тебініп, қысықтау келген қиғаш көзін Ұлбосынға алайта қарады да:

— Қайдағы салық? — деді хажы.

— Білмейсіз бе, қандай салық төлейтініңізді, — деді Ұлбосын, даусын көтере сөйлеп.

— Нені білейін! — деп хажы бір уыс көдедей шоқталып біткен ұзын қасын көзіне түсіріп, қалың қабағын тыржитты.

— Білмесеңіз айтайын: бір ауылнайдың имамы боласыз ғой. Зекет-ғұшырдан, жаназа шығарғаннан, тағы сондай табысыңыздан 350 сом, салған егін, жылқы, сиыр, қойыңыздың салығы 86 сом. Патент алмай сауда қылғаныңыз үшін 61 сом, барлығы 607 сом.

— Келін, осы сенің-ақ маған құтың түсті-ау жарқыным. Бір жылғы табысымның бас-аяғы 100 сомға зорға толады. Әнеугүні пинәтделге осы мәнімді айтып арыз бергем. Одан жауап алмай төлемеймін. Егінді жөнді салғам жоқ. Бір-екі десятина сепкен болып едім, шықпай қалды. Сауда қылғанымды кім көрген екен? — деп хажы аппақ сақалын қолымен тарап кейіді. .....
Әңгімелер
Толық

Мақсат Рамазанұлы | Жердің жаназасы

Жер о дүниелік болыпты деген қаралы хабар бір сәтте он сегіз мың ғаламға тарап үлгерді. Маған да жетті. Қаралы хабарға күллі әлем күңіреніп, ащы өксікке толы өкінішпен тіл қатқанымен, бірқалыпты өмірім өзгерген емес. Жерді ойлап жанарымнан жас та шығармадым. Алып Күнді өз өсінен тоқтамастан үш жүз алпыс бес күн айналатын Жердің, әйтеуір бір тоқтайтыны мен үшін ақиқат еді. Сол сәт бүгін орындалып отыр. Негізгі қисын осы. Біз соның куәсіміз, бірақ кінәлі емес едік. Кінәлі да шығармыз, бірақ менің қатысым шамалы. Әлем болса қылмыскерді іздестіріп жатты. Ұзақ іздеу салатын шығар деп ойлағанмын, қателесіппін, олардың топшылауындағы қылмыскер сол күні кешке қарай қамауға алынды.

Бір Көріпкел ұсталыпты. Ол жайында сырттай талай сырға қанық болғаныммен, түр-түсін көрмеппін. Ал оның бар жазығын естігенімде, шыдай алмай күліп жібердім. Сонда барлығы маған жек көре қараған. Көңіліме алмадым. Дегенмен Көріпкелге тағылған айып, ойландырмай қоймады. Егер бар әңгімені бүкпей баяндасам, Көріпкел Жер қаза табатын түні аспандағы жұлдыздармен ұзақ сырласыпты-мыс. Біреулер тыңдап қалса керек. .....
Әңгімелер
Толық

Мұхтар Әуезов | Зар заман ақындары

Зар заман деген – XIX ғасырда өмір сүрген Шортанбай ақынның заман халін айтқан бір өлеңінің аты. Шортанбайдың өлеңі ілгергі, соңғы ірі ақындардың барлық күй, сарынын бір араға тұтастырғандай жиынды өлең болғандықтан, бүкіл бір дәуірде бір сарынмен өлең айтқан ақындардың барлығына "зар заман" ақындары деген ат қойдық. Бұл ақындардың дәуірі жоғарыда айтқан тарихи дәуірді туғызған дәуір. Зар заман ақындарының алғашқы буыны Абылай заманынан басталса, арты Абайға келіп тіреледі. Сондықтан қазақтың тарихымен салыстырсақ, зар заман дәуірі толық жүз жылға созылады.

Біз тарихи өлеңдерді қарастырған уақытта, осы жүз жыл қазақ тіршілігіне қандай жаңалық әкеліп, қандай күйге түсіргенін айтқанбыз. Бұрын өз бетімен еркін жүрген елдің тіршілігі осы дәуірде қайғыны да, қазаны да, толып жатқан өзгерісті де көрген. Сол ауыр күндері ел ортасынан екі алуан адамды шығарды дегенбіз. Біреуі – тарихи өлеңдерде саналған ел қаһармандары, екіншісі – ел тілегін айтып, зар, мұңын сөзбен шығарған ойшыл қария, өлеңші ақын, жырау болатын. Қазіргі қарастырғалы отырған зар заман ақындары – сол ел қамын сөзбен жоқтаған жоқшылар. Бұлардың туысы мен бағыт сарыны ел басына келген тарихи дәуірден туғандықтан, барлық ақынды тарихи көлемінде қарастыру керек. Бұларды ұғу үшін соларды туғызған ел мен шартты тарих бетінен ұғыну керек. Бірақ біз сол заманның жалпы тарихтағы нобай суретін тарихи әңгімелердің тұсында айтқандықтан, бұл бөлімде тарихи мағлұматтың дәл өзіне тоқтамаймыз. Оның орнына сол дәуірдегі өлең, жырға тарих суреті қандайлық болып түсті, зар заман деген бағыт неден басталып, немен бітті? Ақындары кім? Бұрынғы өлеңдерден басқалық жаңалығы бар ма? Кейінгі заманға қандай сарқыт қалдырды? Онан соң әдебиетте бұл дәуір қандай орын алады? Мінеки, бұл бөлімде әрбір ақынның өлең, мысалдарын көбірек көрсетіп отырып, анықтамақ болған түйінді мәселелер осылар. .....
Әңгімелер
Толық

Мұхтар Әуезов | Қырық өтіріктің мағынасы


Қырық өтірік — қазақтың халық әңгімелерінің ішіндегі ең бір көпке мәлім түрі. Бұл әңгімені ерте күндерден бері қарай, халықтың кәрі-жасы түгел біледі деуге болады.

Мұнда қырық деген сан жай ғана өтіріктің көптігін көрсеткен мөлшер сан. Шынында, осы басылған әңгіменің қара сөзбен айтылған түрін алсақ та, өлеңмен айтылғанын алсақ та, қырық қана өтірік боп тоқтамайды. Қайта қырықтан сонағұрлым көп болады.

Бұл әңгімелердің өзгешелігі, бағасы неменеде? Өзгешелігі, халықтың тапқырлық, жүйріктік сияқты өнерді сүйгендігін білдіреді. Халық фантазиясының тереңдік, жүйріктігіне айғақ болады. Ол фантазия өмірде барды ғана сөз қылмайды. Өмірде болса екен дегенді де сөз қылады. Кейде, тіпті, өмірде болуына мүмкін емес нәрсені де қиыстырып, шын етіп көрсетеді. Мынау өтіріктердің көбі сондай еркін, ұшқыр, өткір фантазияның тудырған әңгімелері және құр болмасты айтқан шылғи өтірік қана емес. Бұнда адам ақылының ізденгіш, шарлағыш серпіні де білінеді. Сонда жанды-жансыз табиғатты өзіне өзгеше түрде құл еткісі келген адамның әр алуан жорамалы байқалады. Мысалы, "құрықты қайық еттім, пышақты күрек еттім" дегені, "қарға міндім", "инелікке мініп, түлкі қудым" дейтіні, "түлкіге жүгімді арттым" дегені — барлығы да сол, жанды-жансыз табиғатты "дегеніме көндірсем" деген қиялдан туады. "Аспанда құстай ұшсам, суда балықтай жүзсем, алты айлықты алты-ақ аттасам" дегеннің бәрі бұрынғы заманда қиял ғана еді. Ондай қолда жоқ өнер жайын ертегі ғана баян етуші еді. Кейін, бүгін соның бәрі қол жеткен табыс боп отыр. Мына қырық өтіріктегі сөздің бәрі өмірде қаз-қалпында іске асады деп ешкім де айтпайды. Бірақ сонымен катар, осы әңгімелердің негізінде де көп мән бар. Адамның бар табиғат жайындағы фантазиясы білінеді. Бірақ бұл айтылғандар әзірше шындықтан алыс. Болды деуге ерсі. Сондықтан болмасты болды деп, қисынсызды қиыстырып айтқанына қарап еріксіз күлесің. .....
Әңгімелер
Толық