Қазақ әдебиеті | Бернияз Күлеевтің шығармашылық өрісі және лирика жанры

Кіріспе

"Білім беру реформасы-Қазақстанның бәсекеге нақтылы қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды құралдардың бірі" [1] делінген Елбасының 2006 жылғы 1 наурыздағы жолдауында. Бұл жолдау Қазақстанды келешекте биік белестерден көрінуіне себепші болады деген сенімдемін. Соған орай мен диплом жұмысын осы жолдауды басшылыққа ала отырып жаздым.
Қазақ өлеңі туралы байсалды әңгіме қозғайтын уақыт әлдеқашан жетті. Қазақ поэзиясы, қазақтың қара өлеңі Абай мен Ыбырайдан бастау алып, оның жалғасы әсіресе, XX ғасыр басындағы поэзия әлемінде ерекше көзге түсе бастаған еді. Себебі, осы тұста асқақ жырларымен, жалынды үніменен халыққа танымал бола бастаған ақындар қатары көбейе түсті.
«... XX ғасырдың басында қазақ поэзиясында... Сұлтанмахмұт пен Сәкеннің, Мағжан мен Бернияздың кейіпкердің ішкі жан сырына үңіліп, оның қалың қатпарын аздап болса да, ашуға тырысатын өлеңдерімен бірге қазақ өлеңіне лиризм келе бастағанды» [2. 146 бет] деп өз мақаласында Бекділдә Алдамжаров 20 ғасырдың басындағы ақындар жайлы, олардың қозғаған тақырыптары мен өлеңге әкелген жаңалықтарын ауызға алады. Сөз жоқ, аты аталған ақындардың ішінде Сұлтанмахмұт, Сәкендерді, олардың мол туындыларын кешегі мен бүгінгі қазақ баласы түгел дерлік білері анық. Әйтсе де сол ақындар қатарында оқырманға есімі таныс емес, шығармалары халыққа таралмаған, әлі де болса филолог-ғалымдардың тарапынан зерттеуді қажет ететін ақын бар. Ол - Бернияз Күлеев.
Б.Күлеев XX ғасырдың бас кезінде өмір сүрген, жалынды жырлар жазып, кезінде қоғам ісіне де араласып, өмірден жастай өткен ақын.
Бернияздың өмірбаянына қатысты деректер өте мардымсыз, тапшы. Жиырмасыншы жылдардағы қазақ газеттеріне шыққан замандастарының бірлі-жарым естеліктері мен бірді-екілі монографиялық еңбектердегі ақын өміріне қатысты айтылған деректер ғана.
«Ақын өмірбаянының алғашқы, негізгі биографы - ақынның замандасы жақын жолдасы Мерғали Ешмухамедұлы. М.Ешмухамедұлының ақын өмірбаянына қатысты алғашқы дерегі оның өмірі мен шығармашылық жолына байланысты жазылған «Еңбекші қазақ» газетінің 1928 жылғы 30 наурыз күні шыққан №72 санында жарияланған «Күлейұлы Бернияз» деген мақаласында берілген.
Бұдан кейін «Еңбекші қазақ» газетінің 1923 жылғы №19 санындағы ақын қазасына байланысты берілген «Бернияз Күлеев» деген азанама - мақаласын, «Тілші газетінің» 1923 жылғы 20-наурыздағы №28 санындағы Мағжан Жұмабаевтың «Бернияз Күлеев» деген мақаласын ақын өмірбаянына қатысты аздап деректер алуға болатын нұсқаларға жатқызуға болады.
1976 жылы шыққан Қазақ Совет энциклопедиясының 6 томында ақын өмірбаянынан қысқаша мәліметтер берілген. Сондай-ақ Қазақ Совет әдебиетінде Бернияз есімі қысқаша айтылып өтсе, «XX ғасырдың басындағы әдебиет» (Хрестоматия. А., 1994), «Екі мыңдық дала жыры» атты жинақта (А., 2000 ж.) өмірі жайлы қысқаша дерек беріп, бірді-екілі өлеңдерін «Қазақ әдебиет» энциклопедиясында сөз етсе, А.Нұрқатов өзінің «Жалғасқан дәстүр» (1980, А.) еңбегінде ақынды Абаймен салыстыра талдау жасайды, «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналының 1997, 1990, 2000, т.б. жылғы сандарында мақалалар жарияланып тұрды.
Б.Күлеевтің өмірі мен шығармаларына тереңірек тоқталған Ы.Дүйсенбаевтың «Эпос және ақындар мұрасы», Жәмбеков Сәбит Нұрмухамбетұлының «Бернияз Күлеевтің ақындық мұрасы» деген тақырыпта 1997 ж. қорғалған диссертациясы, т.б. деп атауға болады.
Б.Күлеев 1899 жылы бұрынғы Торғай облысы, Ақтөбе уезіне қарайтын Бөрте болысының №1-ші ауылында (қазіргі Орынбор облысының Бөрте ауданы) Бекен деген шаруаның үйінде дүниеге келген. Жанұясында оқыған, көзі ашық адамдардан тәрбие алған болашақ ақын жастайынан зейінді зерек болып өседі. Талапты да зейінді, Бернияз көркем әдебиет нұсқаларын құштарына оқып, орыс, қазақ татар классиктерінің шығармаларымен жете танысуды мақсат етіп, А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Абай, Тоқайлардың өлең-поэмаларын ерекше ынтамен оқиды. Кейінірек С.Торайғыров, С.Дөнентаев тағы басқа өзінің замандас жазушылардың шығармаларына ерекше назар аударып, солардың жеке жинақтарын басып шығару жүмысына белсене атсалысады. Сонымен қатар, М.Жұмабаев, М.Дулатов, А.Байтұрсыновтардың шығып жатқан дүниелеріне зер салып, ерекше назар аударып отырады. Әсіресе, ақын лирикасының болашақ сипатына әсер еткен М.Жұмабаев, С.Дөнентаев және Бөртеде оқып жүргенде Ресейдегі болып жатқан дүниежүзілік маңызы бар әртүрлі қоғамдық сілкіністер ақын сана-сезіміне әсер етіп отырған.....
Дипломдық жұмыстар
Толық

Қазақ әдебиеті | Бердібек Соқпақбаев шығармаларының аударылуы

КІРІСПЕ

Қазақ елі сан-салалы өзгерістер дәуірінде тіршілік кешкен тұста шетел халықтары әдебиетінің үлгілерін қазақшаға тәржімалау және қазақшадан өзге тілдерге аудару ісін орыс тілін араға салмай-ақ жүзеге асыру өмірге еніп отыр. Бұған қарап ғылым мен әдебиеттегі, жалпы мәдениеттегі орыс елі мен қазақ елі, орыс тілі мен қазақ тілі, осы екі елдің әдебиеттері арасындағы байланыс деңгейі төмендеген екен деп ойлауға болмайды. Керісінше, бұл байланыстарды нығайта түсуді уақыт, заман талап етуде. Сан алуан мәдениет кеңістігі қалыптасқан, көп ұлтты Қазақстан жағдайында бұл байланыстардың маңызы күн санап арта түспек. Осы орайда көркем аударма мәселесі көкейтесті мәселелердің бірі ретінде көрінуде.
Біздің Қазақстанда аударманың тәжірибесі мен теориясы жайлы сөз әдетте орыс тілінен қазақ тіліне аударылу жөнінде болатын. Ал қазақ тілінен орыс тіліне аударудың мәселелері мүлде дерлік ескерілмей келді. Бұл саладағы тәжірибе теориядан әлдеқайда озып кеткен. Орыс тіліне аударылу қазіргі қазақ әдебиеті үшін ең мәнді, өміршең маңызы бар мәселе. Ал оның таңдаулы үлгілерінің жемісі бүкіләлемдік аренаға шығу жолындағы бірден-бір қақпа болып отыр.
Негізінен отызыншы жылдарда С.Мұқановтың "Мөлдір махаббат", "Азамат Азаматыч" романдарынан, кейбір жекелеген әңгімелер мен повестерден басталған аудару ісі, 1940-1950 жылдарда ерекше қарқынмен дамыды. Міне, дәл осы кезде М.Әуезовтің "Абай жолы", С.Мұқановтың " Ботагөзі", "Сырдариясы" мен "Өмір мектебінің" екі кітабы, Ғ.Мүсіреповтің "Қазақ солдаты" мен "Оянған өлкесі", Ғ.Мұстафиннің "Қарағандысы" мен "Шығанағы" сияқты қазақ әдебиетінің ең таңдаулы үлгілерінен саналатын туындылар орыс тіліне аударылып, жұртшылыққа кеңінен танымал болды. әсіресе қазақ әдебиеті мен өнерінің 1958 жылғы мәскеуде өткен онкүндігі қарсаңында көп іс тындырылды. Бұл кезде қазақ прозасының елеулі деген туындылары түгелге жуық аударылды. Бұлардың ішінде қазақ оқырмандарымен қайта табысқан с.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіровтің прозалық шығармалары да бар еді. Бұдан кейін біраз бәсеңдеген аударма ісі 1966-1969 жылдары қайта жанданды. Осы жылдары З.Шашкиннің, Х.Есенжановтың, Ә.Нұрпейісовтің, С.Шаймерденовтың, Ш.Мұртазаның т.б көрнекті жазушылардың шығармалары аударылды.
Ұлт тіліндегі туындыларды орыс тіліне аудару – өте маңызды, әрі өте қиын міндеттердің бірі. Қазақ тілінен орыс тіліне аудару кезінде аудармашылар екі тілді бірдей жақсы білетін әдеби сауатты адамдар болуы керек. Автордың өздері де әдеби аударманың жасалу процесіне араласып отыру керек. Әр автор өзінің аударылып жатқан шығармасының көркемдік, стильдік ерекшеліктерінің толық сақталуына бас-көз болған жөн.
Бар тетік осы әдеби аудармашы еңбегінің сапасына байланысты екені көпке мәлім. Мұндай аса қиын, таза шығармашылық жұмыс тек көркемсөз шеберлерінің ғана қолынан келетіні белгілі. Неге десеңіз, тәржімаланып отырған шығарманың барлық қалтарыстары мен құпиясына, ой жүйесіне, көркемдік ерекшеліктеріне тек суреткер –аудармашы ғана тереңірек бойлай алмақ. Міне, бұл ретте біз қазақ әдебиеті үлгілерін аударып келген Мәскеулік орыс жазушылары Л.Соболев, В.Шкловский, Ю.Казаков, Ю.Домбровский, А.Пантилеев т.б. аттарын сүйінішпен атай аламыз. Бізідің үздік шығармаларымыз осы аудармашылардың арқасында бүкіл жұртшылыққа кеңінен танымал болды. Сонымен қатар өздерінің қазақ қаламдастарының шығармаларын аудару саласында көп іс тындырып жүрген республикамыздағы орыс жазушылары Н.Анов, И.Шухов, А.Ананьев, В.Новиков, И.Щеголихин, В.Саввин, М.Роговой еңбектерін ескерусіз тастап кете алмаймыз.
Бір шығарманы қайта жаңартып жазып шығу деген өте ерекше жұмыс. Онда бір ғана қазақшадағы ұлттық колорит сақталып қоймайды, сонымен бірге сол қазақ прозасының шеберіне тән стильдік ерекшелігі де толық сақталуы тиіс. Мұндай негізгі стильдік ерекшеліктер деп, мәселен С.Сейфуллиннің публицистикалық, Б.Майлиннің стиліндегі детальдар шындығы, М.Әуезов шығармаларындағы кездесетін картинаның ауқымды тереңдігі мен образдылығы, С.Мұқановтың оқиғаны кең көлемде қамтитын шебер әңгімешілдігі, Ғ.Мүсіреповтің юморлы туындылары және З.Шашкин, Т.Әлімқұлов, Ә.Нұршайықов, С.Шаймерденов, Қ.Ысқақов, С.Мұратбеков тобындағы прозаиктерде кездесетін лиризм мен психологиялық толғаныстар сияқты стильдік ерекшелікті атар едік.
М.Әуезов бір кезде: "Аудармашы шығарманы аудармас бұрын оның фабулалық дамуын ғана терең түсініп, сезініп қоймай, ол автордың өзіндік стиль-ерекшелігін, қолтаңбасын ажқсы тани білуі тиіс...". Сондықтан аудармашы белгілі бір жазушының шығармаларын аударғанда өз көңіліне ұнаған туындыларды ғана аударса ұтымды болар еді. Аударма ісінде бұл көркем туындының рухын, стилін, жазу мәнерін, жете ұғу жолындағы ең тиімді, ең сыналған әдіс болып шығар еді.....
Дипломдық жұмыстар
Толық

Қазақ әдебиеті | Баққожа Мұқай - драматург

К І Р І С П Е

Қазақ әдебиетін жанрға бөліп сөз еткенде революцияға дейін поэзиядан ауызша да жазбаша да мол мұраға ие болса, прозаның төркіні Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев, Спандияр Көбееев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Бейімбет Майлин шығармаларымен танылады. Ал драматургиямыз болса, дәстүр мұра дегеннен тұлдыры жоқ тақырда туып, тек қана қазан революциясынан кейін қалыптасты.
Драма (грекше drama – қимыл-әрекет) – сахнаға арналған, уақиғаны, оған қатысушы кейіпкерлердің іс-әрекетін, көңіл-күйін көрсету арқылы баяндайтын әдеби шығармалар. Драмаға уақиғаны қызу тартысқа құрып, мейлінше шиеленістіріп, шарықтау шегіне әбден жеткізіп барып тану – айрықша тән қасиет.
Драмалық шығармаларда кейіпкер өздерінің айтатын сөзі арқылы, сонымен бірге сахнадағы қимыл-әрекеті, жүріс-тұрысы, сонда байқалатын жай-күйі арқылы бейнеленеді. Кейіпкердің жеке қалып айтатын сөзі (монолог), бір-бірімен өзара сөйлесуі (диалог) – бұлар оның характерін, басқа адамдарға, өмірдегі әр түрлі жай-жағдайларға қатынасын, қоғамдық мәселелерге көзқарасын сипаттаудың басты тәсілі. Автордың уақиға барысын, кейіпкерлердің іс-әрекетін, мінез-құлқын, күй-жайын тікелей өз атынан суреттеп, баяндап беруі жоқтың қасы. Біз болып жатқан, болып өткен уақиға жағдайларды кейіпкерлердің айтуынан біліп, солардың көзімен көріп, кейіпкердің хал-жайын, сағыныш, қуаныш-қайғыға берілуінен, ойлау-сезінуінен байқаймыз. Сөйтіп драмалық шығармада жеке адамның ойлану-сезінуін терең көрсететін лирикалық тәсіл мен тұтас бір шиеленіскен уақиғаны баян ететін эпикалық жанрға тән көркемдік тәсіл қабысып, ұштасып жатады.1 Драматаругия қазіргі әдебиетімізде жетекші жанрдың біріне айналып, күрделі белге көтерілген.
Драматургия өте қиын жанр. Оның даму жолы да күрделi. Ол диiрменге барғанша әлденеше сынақтан, електен өтiп, мықтап тазарып, өз кондициясына жеткенде ғана дұрыс болмақ.2
Драматуригяның басқа жанрдан ерешелігінің ең бастысы оның тууы, дамуы, тіршілік тынысы театрға байланысты. Ұлы Қазан революциясының бостандыққа жеткізіп экономикалық, мәдени, рухани өміріміздің сан-саласына енгізген көп өзгерістерімен қатар қазақ халқына тартқан үлкен бір сыйы 1926 жылы ұлттық театрдың құрылуын 3 ескерсек бұл жанрдың өмір өлшемі белгілі. Әдебиет пен өнеріміздің осы жаңалығын реалистік әдістің идеялық, эстетикалық көркемдік құралы ретінде М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Б.Майлин, Ж.Шанин, Т.Ахтанов, С.Шаймерденов, Ә.Тарази т.б. шығармаларынан танып білсек,
соңғы жылдары қазақ әдебиеті біраз жаңа есімдермен толықты. Өзіндік сәтті ізденістермен танылған әдебиетіміздің тегеурінді толқыны. Сол толқынның ішінде тың туындыларымен көрінген Кәрібай Ахметбеков, Баққожа Мұқаев, Кеңес Юсупов, Т.Нұрмағамбетов, Н.Оразов, Роллан Сейсенбаев1 сияқты қаламгерлеріміздің шығармаларына назар аударуға тіпті әрқайсысы туралы жан-жақты талдап, әңгіме өрбітуге тұрарлық. Бұлардың қайсысы да бергісі төл әдебиетіміздің тәжірибесін тұғыр еткен, әрісі одақ, қала берді әлемдік әдебиеттің үлгілерінен хабардар қызықты да күрделі қолтаңбалары бар жазушылар. Сүйсінерлігі сол, осынау бір толқын лектің ішінде қазірдің өзінде суреткерлік қарымы сараланған өмір туралы, өнер туралы азаматтық кредосы айқындалған жазушылар бар. Одақтың семинарияларға қатысып, республикалық конкурстардан жүлде алып жүрген де осылар. Тіпті Оралхан Бөкеев пен Баққожа Мұқаев алғашқы сәтті драмамен республикалық Ленин комсомолы сыйлығына ие болды. Қазақ театр сахнасынан орын алып жүрген де көбіне-көп осы драматургтеріміздің шығармалары. Демек, драматругияның көші тығырыққа тіреледі деп дабыл қағудың реті жоқ.....
Дипломдық жұмыстар
Толық

Қазақ тілі | Батырлар жырындағы етістіктер семантикасы

КІРІСПЕ
Зерттеу жұмысының өзектілігі.
Сөздер белгілі бір заңдылық бойынша байланысып жататыны ешбір дау туғызбайды. Бірақ сол сөздерді байланыстыратын заңдылықтарды ашу, олардың өзара байланысу тәсілін анықтау осал шаруа емес. Мамандар бұның жолын сөздердің дербестігінен іздейді. Ал сөздердің полисемиялық қасиеттері сол тілдегі жүйеліліктің аясына сыймайды. Зерттеуші ғалымдар біраз уақыт лексиканы жүйелеуге болмайды деген ойда болды. Тілдегі сөздерді антонимдік, синонимдік қатарларға бөліп топтау бұрыннан бар болатын. Бірақ бұл тәжірибе сөздік құрамды толық қамтымайды. Себебі, тілімізде антонимдік, синонимдік сыңарлары жоқ сөздер де бар.
Тілді жүйелі құбылыс деп, тұжырымды негіз салған Фердинанд де Соссюр, ал орыс тіл білімінде одан бұрын Бодуэн де куртене тілдің барлық салалары белгілі бір жүйеге бағынады деп тұжырымдаған. Ал түркі тілінің лексикасын белгілі бір жүйеге бағындыра алған семантикалық топтарға бөлген Н.К. Дмитриев. Бұдан кейін сөздерді лексика-семантикалық топтар бойынша зерттеу жұмысы қолға алына бастады.
Н.К. Дмитриев етістіктерді сөйлеу, ойлау, қозғалу етістіктері деп бөліп, өзіне дейінгі дәстүрге сүйенеді. Қазақ тіліндегі етістіктер әлі толық семантикалық талқысына түсе қойған жоқ. Бұл мәселелерде біршама зерттеу жұмыстарын жүргізіп, бұл істі ілгері жылжытқан ғалымдар Ы. Маманов, А. Қасенова, Н. Оралбаева.
Зерттеу нысаны.
Жұмыстың негізгі зерттеу нысаны батырлар жырындағы етістіктердің семантикасын танып білу болып табылады. Осы арқылы етістіктің лексика-семантикалық мағыналарына талдау жасай отырып, олардың белгілі бір жүйесін анықтау.
Жұмыстың алдына қойған мақсаттары мен міндеттері.
Бұл жұмыста батырлар жырындағы етістіктердің лексика-семантикалық мағынасын аша отырып:
- етістіктерді лексика-семантикалық мағынасына қарай топтастыру;
- кіші семантикалық топтардың мәнін ашу;
- олардың ішкі, сыртқы ерекшеліктерін айқындау;
- сөз қолданысындағы өзіне тән сипаттарын айқындау;
Зерттеу жұмысының дерек көздері.
Зерттеу жұмысының негізгі материалдары «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын» және «Қамбар батыр» жырларынан алынды. Ал жұмысты орындау үшін тілдік ғылыми еңбектер А. Ысқақовтың «Қазіргі қазақ тілі» (1991ж.), Ы. Мамановтың «Қазіргі қазақ тілі» (1966ж.), М. Оразовтың «Қазіргі қазақ тіліндегі қалып етістіктері» (1980ж.) және М. Оразовтың «Семантика казахского глагола» (1983ж.) еңбектері басшылыққа алынды.
Зерттеудің теориялық және практикалық мәні.
Етістіктердің семантикасын зерттеу жұмысы батырлар жырының үлгілерімен байланыстырыла қаралуы қазақ тілі ғылымындағы семантиканың дамуына игі ықпал етеді.
Зерттеу әдістері.
Зерттеу жұмысы барысында салыстыру, топтастыру, түсіндіру әдіс-тәсілдері пайдаланылды.
Жұмыстың құрылымы.
Жұмыс кіріспеден, екі негізгі бөлімнен және негізгі бөлімнің тармақтары мен қорытынды бөлімнен, сонымен қатар пайдаланылған әдебиет тізімінен тұрады.

І ТАРАУ. БАТЫРЛАР ЖЫРЫНДАҒЫ ЕТІСТІКТЕР СЕМАНТИКАСЫ

Тілдің бір-бірімен тығыз байланысты екі жағы болады: бірі оның сөздік мағынасы, екіншісі грамматикалық мағынасы. Осы екі бірліктен тіл құралып, айтатын ой түсінікті дәрежеге жетіп, ол адамдардың арасындағы қарым-қатынас құралына айналады, қызмет етеді. Сөзді жалаң, бастапқы, түбір қалпында ғана қолданып, пайдаланғыңыз келсе, ол тек қана жеке дара ұғымдарды ғана білдіреді де бір-бірімен байланыспағандықтан жүйелі, ұғынықты ойды білдіре алмайды. Бұдан шығатын қорытынды сөздер тіліміздің грамматикалық заңдарына сәйкес қолданылғанда ғана айтар ой түсінікті, оның мағынасы жеткілікті болмақ. Осымен бірге сөздерсіз тек грамматикалық формаларды қолдану арқылы ғана ойды жеткізу жоғарғыдай кері нәтиже береді. Бұдан шығатын қорытынды сөз бен грамматикалық құрылыс өзара бірлесіп қызмет етпесе, тіл құрал ретіндегі қызметін атқара алмайды. Яғни, сөз тіл материалы болса, грамматика олардың бастарын жымдастырып, біріктіретін, басын құрап беретін көріктендіруші жамылғыш деп айтуға болады. Тілдің сөздігін лексикология ғылымы тексереді, ал грамматикалық құрылысын грамматика ғылымы зерттейді. Тіл ғылымының осы екі саласының тексеретін мәселелері екі бөлек болғанымен, екеуіне де ортақ объект – сөз. Сөзсіз ғылымның екі саласы да алысқа бара алмайды. Сөз айналамыздағы түрлі құбылыстар мен заттардың аты мен атауы болса, сол атаулардың өмірімізде белгіленген нақты мағынасы болады. Ол мағына осы тілде сөйлейтін бүкіл халықтың барлығына ортақ, түсінікті болуға тиіс. Мысалы: от, орман, жер, күн, топырақ, ағаш, су, өзен, көл, жол деген сөздер айтылған сәтте әрқайсысы белгілі заттың атауы ретінде қазақ тілін білетін, сол тілді еркін меңгерген адамдардың барлығына түсінікті болып, көз алдымызға елестейді, яғни бейнесі ой-қиялымызда көрініс табады.....
Дипломдық жұмыстар
Толық

Қазақ әдебиеті | Бауыржан Момышұлының шығармашылық лабораториясы

К і р і с п е
Тақырыптың өзектілігі:
«Ежелден ер тірегі – ел тілегі,
Адал ұл ер боп туса ел тілегі»,-
дейді Бауыржан Момышұлы. Ия, ер азаматқа бақыттың ең үлкені – халқына қадірлі болу. Ерте заманнан халыққа қандай адам қадірлі болған деп қарасаң кімде – кім ел-жұртын жаудан қорғауда айрықша ерлік көрсетсе, халық қамын ойлап, елі үшін ерекше еңбек сіңірсе, сол адам ерекше көзге түскен, даңққа ие болған, сүйіспеншілігіне бөленген. Халқымыздың сондай дара ұлдарының бірі – Бауыржан Момышұлы.
Бауыржан Момышұлы дегенде екі бірдей бейне көз алдымызға келеді: бірі – батырдың бейнесі де, екіншісі – жазушының бейнесі. Бойынан осы екі қасиеттің бірі табылып, бірі табылмағанның өзінде Бауыржан халқының асқан ардақтыларының бірі болар еді. Ал, екеуі бірдей табылған жанды неге теңерсіз?! Бауыржан тұлғасына тамаша жауынгерлік сипат пен әдеби творчестволық сипаттың ғажап сиысқандығына таңданбасқа да, тәнті болмасқа да мүмкін емес.
Бүгінгі біздің сөз етейін деп отырғанымыз Бауыржанның батырлық, жауынгерлік, азаматтық бейнесі емес, оның жазушылық бейнесі.
Дей тұрғанмен, Бауыржанның атын атағанда бұл екі қырын бір – бірінен бөліп алып қарау мүмкін емес сияқты. Себебі, ол жайлы жазылған әрбір туындыға Баукеңнің өзінің кейіпкерлік қана емес, авторлыққа пара-пар қатынасы бар [1; 84 б].
Тарихта теңдесі жоқ, қаһарман соғыстың жарқын эпизодтарын ақын – жазушыларымыз шығармаларындағы көркем образдар арқылы суреттеді. Ұлы іскер көркем шығармаларда онан да зор, онан да алып күшке ие болып, халықты ұлы жеңіске бастады. Қарапайым Кеңес адамдарының жан қиярлық істерін көпке үлгі етіп көрсетіп, жұртты жауға қарсы мейірімсіз күрес ісіне жұмылдырды.
Жалпы Кеңес Армиясының, оның ішінде Қазақстандық жауынгерлердің ерлік, батырлық істері тек қазақ жазушыларының ғана емес, сонымен бірге орыс ақын, прозаиктерінің шығармаларында да суреттелді.
Жазушы Александр Кривицкий «Москва түбіндегі қарауыл» повесін панфиловшылардың көп ұлтты сегізінші гвардиялық дивизиясы ерлігіне арналған болатын.
Кітапта қаһарман жауынгерлердің бірі – Бауыржан Момышұлы туралы әңгіме шертеді. Мұнда батыр Бауыржанның кескін-келбеті, ой-қиялы айшықты бейнелейді. Жазушы повесінде Бауыржан Момышұлының талантты әскери қолбасшылық, ғажап ақылдылық, ұстаздылық сипаттары тоғысқан образын жасайды.
Қатардағы солдаттан полковник дәрежесіне, взвод командирінен дивизия командиріне жеткен атақты гвардеец Баукең жайлы жазылған көркем шығарма – бұнымен ғана шектелмейді.....
Дипломдық жұмыстар
Толық

Қазақ әдебиеті | В. Скотт шығармаларының аудармасындағы тарихилық пен көркемдік

Кіріспе
Әр халықтың өмір сүру кезеңіндегі тарих өзінің баға жеткізгісіз рөлін атқарады. Адамзатқа қажетті рухани негіз тіл, дін, салт-дәстүрмен бірге, тарих сол халықты танытатын керемет өмір оқулығы.
Тарихын өткеннің көркем түрде сипаттау адамды эстетикалық және идеялық тәрбиелеуге ықпал етеді. Сол кезеңде өмір сүрген адамдарды өткен уақыттың оқиғаларын шынайы, бар болмы-бітімімен, тарихи аяда бейнелеуге әркімнің батылы бара бермейді. Және бұған үлкен жауапкершілік, терең тарихи білім, шығармашылық, шеберлік, талант, қаламгерлік тәжірибе керек./1,3/
Қазіргі заман әдебиетінде тарихи роман мен тарихи роман-эпопеяның үлесі барған сайын ұлғайып келеді. Бұл құбылыстың себебі мен мәнін ашуға арнаулы зерттеулер де жазылып жүр. Тарихи роман жанрына мұншама көңіл бөлінуі оның осы күнгі әдебиеттен алып отырған орны мен маңызын сипаттаса керек.
Тарих туындылардың тамыры антикалық дәуірден тарайды. Сол кездегі үлкен тарихи оқиғалар Геродот, Руфь, Флавий, Аррион, Диодор жазбаларында сақталды. Олардың басты ерекшелігі болған оқиғаның шынайы болмысын жеткізгендігі.
Өзінің басты объектісі адамды бейнелеу арқылы әр дәуірдің сан қилы сыр-сипатын көрсететін көркем әдебиеттің даму кезеңдеріне көз салғанда, оның нақтылы тарихи адамдар мен тарихи оқиғаларды бейнелеу ерекшелігі, яғни әдебиеттегі тарихилық мәселелері айрықша назар аудартары хақ. Ал, әр дәуір жыршысының өз заманының тарихи кескінін бейнелеуге әрекет еткен шығармасы тек белгілі бір ұлт әдебиетінің жасын межелеуге ғана емес, сол әдебиеттің осы өзекті мәселе тұрғысынан алғандағы жүріп өткен жолын бағдарлауға да мүмкіндік береді. Сөз жоқ, ол жолды азаматтық тарихпен тікелей жарысып отыратын жол деп тануға болар еді. Өйткені, онан белгілі бір халықтың рухани есею жолын, тағдыры, таразыға түскен небір тарихи тайталастарының мәліметтерін табасыз.
Көркем әдебиеттегі тарихилық сапалық тұрғыдан алғанда ғылымдағы тарихилықтан ерекшелеу болып келеді. Өйткені, ғылым белгілі бір дәуірдің тарихи даму заңдылықтарын тұжырымдармен өрнектесе, ал әдебиет сол тарихи құбылыстарға деген адам қатынасын оның кісілік құлқы, әрекет харакеті таным дүниесіндегі өзгерістері арқылы көрсетеді. Басқа сөзбен айтқанда, «белгілі бір дәуірдің нақты тарихи мән-мазмұны, оның қайталанбас келбеті мен ерекше бейнесін көркемдік әдіспен игеретін әдебиеттің тарихилық» мәселесі осы қасиеті арқылы өзіне ерекше назар аударуды талап ететіні хақ /7,3,5/.
Тарихи шығарманың халық тарихындағы елеулі құбылыстар туралы жазылуы шарт деген пікір орынды. Бұл жерде тарихи шығарманың халықтың тарихы, тарихи өткені туралы жазылуы қажетті дау тудырмайды. Ал тарихи шығарма негізінде халық тарихындағы аса маңызды оқиғалар мен құбылыстар ғана жатуы керек дегенде, халықтың өткен тарихын оның мазмұнына қарай екшеген болып шығамыз /8,9/.....
Дипломдық жұмыстар
Толық

Қазақ әдебиеті | Ғұмар Қараш өлеңдеріндегі ой-таным

Кіріспе
XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басы кезінде қазақ қоғамының даму процесінде тұтас халықтық сана ояна бастады. Бұл кезде ақын жазушылар біріншіден, қазақ қоғамында жаңа бір заманның туа бастағанын бағалай алса, екіншіден, ілгері талпынудың жалпы қоғамдық сипат алғандығын сезеді.
XIX ғасырдағы көп ақындармен салыстыра қарағанда XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ ақын жазушыларының бәріне дерлік тән ерекшелік бұлар өзге көршілес халықтардың мәдениет пен өнер саласында қазақ халқынан әлде қайда ілгері кеткендігін ерекше тақырып етіп жырлады. Мұнда олар Шортанбай мен Әбубәкір сияқты сол халықтардың мәдениет пен өнер жаңалықтарын жек көру тұрғысынан емес, керсінше олардан үйрену, үлгі алу тұрғысынан мәселе көтерді, қазақ халқының мәдени мешеу дәрежеде отырғанына жанымен қиналды. Бұл салада қазақ ақындарының көбі білім мен өнерді орыс қауымынан үйрену керек екендігін, олар ғылым, білім саласында көп ілгері кеткендігін атап, шығармаларына арқау етті. Бұл тілек барлық ақынның арманына айналды. Осы тілекті жүзеге асыруға бар ақын өз шамасынша ізденді, еңбек етті.
Бірсыпыра ақындар өз шығармаларында қазақ халқын надандықта қалдырып келген не нәрсе деген сұраққа жауап іздеді, надандықтың шектен асқан сорақы көріністерін суреттей отырып, олардың осы жолдан шығуының себебін өнер- білімнен іздеді. Соның бірі Ғұмар Қарашев.
Қысқа ғұмырында надандықтың торын бұзып шығып, ауыл молдасынан қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілген Ғұмар Қарашев - XX ғасырдың басындағы тұлғалы қазақ ақындарының бірі. Қаламгерлердің біреуі оны зор ақын десе, екіншісі көрнекті қайраткер деген баға береді. Екі пікірдің де қисыны бар. Ғұмардың көптеген ақын жазушылардан ерекшелігі- өз заманының саяси қайраткері, ақыны, философы, педагогы болуында. Ол- туған халқының назарынан елу жыл бойы тыс қалып, атына қара күйе жағылып, шығармалары "кілтке салынып", жазықсыз аластатылған аяулы халық перзенті.
Ғұмар Қарашұлының өз өмірі де жарқын болашақ халқының жарқын болашағы мен бақыты үшін арпалыспен өтті. Оның баға жетпес мұралары да талай соққыға ұшырап келеді. Ол - заманның басты мәселелерін жырлап, елінің сол тұстағы міндетерін толғаған ақ ниетті адал жан. Ғұмар Қарашев- қазақ газеттерін ұйымдастырушы ретінде танылып, сол газетте жарияланған танымдық мәні зор мақалалармен көрінген алғашқы қазақ публицистерінің бірі. Осы орайда біз 1958 жылы Англияда жарық көрген "Орта Азия" әдебиеті атты жинақтағы ағылшын ғалымы Томс Виннердің "Ғұмар Қараш″ деген мақаласында: "Қазақ халқының ұлттық дәстүрі мен ислам мәдениетін жырлаған ақын жазушылардың бірі – Ғұмар Қараш араб, парсы, шағатай, татар әдебиетімен діни мектептің қабырғасында жақын танысқан”[1,3],-деп көрсетеді. Осы мақала Ғұмар Қараштың өз дәуірінің айнасы болғандығын дәлелдейді.....
Дипломдық жұмыстар
Толық

Қазақ тілі | Демеулік шылаулардың қолданылуы (Д.Исабеков «Қарғын» романы негізінде)

Кіріспе
Тіл тарихында көмекші сөздердің бар екендігі көне грек, үнді тіл білімінен бастау алып келеді. Қай тілдің сөздік құрамын алып қарасақ та, сөздердің белгілі бір қызмет атқаратындығы белгілі. Сондай сөздердің бірі – көмекші сөздер. Қазақ тіліндегі көмекші сөздерді мағынасына, тіркестік сөз табына, қызметіне қарай үш топқа бөлінеді. Олар көмекші етістіктер, көмекші есімдер, шылаулар.
Шылауларды мағынасына, тұлғасына, қызметіне қарай үшке бөлгеніміз мәлім. Септеулік шылаулар, демеулік шылаулар, жалғаулық шылаулар.
Біз жұмысымызда демеулік шылауларға, олардың зерттелуіне, морфологиялық, семантикалық сипатына, қызметіне тоқталмақпыз.
Зерттеудің өзектілігі: тіл білімінде соңғы кездері функциональды грамматика мәселесі көтеріліп жүр. Осыған байлнысты демеулік шыларлардың тілдік жеріндегі, қазіргі тіл біліміндегі негізгі мағыналары мен қолданыстағы мәндерін анықтау қажеттігі туып отыр.
Себебі демеулік шылаулардың қазіргі тіл біліміндегі қызметі әлі күнге өз шешімін тапқан жоқ. Демеулік шылаулардың негізгі мағыналары мен қолданыстағы мәндерін нақтылап жүйелеу зәрулікке әкеліп отыр.
Сондықтан қазіргі қазақ тіл білімінің даму дәрежесіне сай оларды жан-жақты зерттеу қажет.
Зерттеу жұмысының нысаны. Демеуліктер – көмекші сөздердің бірі болып табылатын шылаулардың түрі. Зерттеу жұмысымызға шылаулардың осы түрі негізгі тірек етіп алынды.
Зерттеу жұмысына нысаны етіп Д.Исабековтың «Қарғын» романы алынды.
Зерттеудің мақсаты – қазіргі тіл білімінің даму дәрежесіне лайықты демеуліктерді арнайы зерттеу арқылы оның теориялық сипаттамасын беру, оның басқа шылаулардан өзіндік ерекшеліктерін, қолданыстағы ерекшеліктерін анықтау.
Зерттеу материалдары – жұмысқа Д.Исабековтің «Қарғын» романынан жиналған 300-ден аса мысал, ғылыми-теориялық еңбектер мен зерттеулер пайдаланылды.
Зерттеу әдістері. Зерттеу жұмыстары негізінен синхрондық әдіс қолданылды. Демеулік шылауларды зерттеуде дәстүрлі ғылыми сипаттама әдісі, морфемдік, талдау әдісі, салыстыру әдісі, салыстыру әдісі, кейде диахрондық әдіс те қолданылды.
Зерттеудің әдіс-танымдық негіздері. Жұмыста демеулік шылауларға қатысты бұрын айтылған ғылыми пікірлер негізге алынып, тіл біліміндегі ғылыми-теориялық жаңалықтар, тілдік нұсқалардың өзара байланысы, туралы ғылымдардың ой-тұжырымдары еңбектің әдіс танымдық негізі болды.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Жұмыста демеулік шылаулардың нақтылы құрамы анықталып, олардың тілдегі қызметі, мағынасы, қолданылу ерекшелігі, толық мағыналы сөздерге тіркесу ерекшелігі, көмекші сөздердің ішінен грамматикалануы жағынан қосымшаға жақындығы, демеулік шылаулардың сөз таптарына тіркесі мен қолданылу орны нақтыланды.
Зерттелудің теориялық маңызы. Зерттеу жұмысы көмекші сөздер, шылаулар теориясын ғана толықтырып қоймайды, морфологияның теориясына да өзіндік үлесін қосады.
Сондай-ақ қазақ тіл білімінің, түркі тіл білімінің көмекші сөздерге қатысты мәселелеріне қозғау салады. Осы мәселелер жұмыстың теориялық маңызын арттыра түседі.....
Дипломдық жұмыстар
Толық

Қазақ әдебиеті | Әсет Найманбайұлы прозасындағы романтизм

КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі. Қазақ әдебиеті тарихында өзіндік қолтаңбасы қалған ақындық өнердің өрен жүйрігі; импровизатор, сазгер, әнші Әсет Найманбайұлы нағыз сегіз қырлы өнерпаз әрі қағаз бетінде қаламы қатар жүйіткіген сауатты ақын. Өнерде өрге жүзген, мәдениетімізге өшпес мұрасын қалдырған ақынның лирикалық өлең- толғаулары, айтыс- қағыстары мен қисса- дастандары, асқақ әндері ұрпақтан- ұрпаққа ауысып әдеби- мәдени мұрамыздағы көрікті де көрнекті үлгілердің қатырын молайтуда. 1930 жылдардан бастап Әсет ақынның өмірі мен өнеріне қатысты деректерді чсаралап, әдеби мұраларын жинастырып, оны халқымыздың қажетіне жаратуда. Ұрпақтан - ұрпаққа аманат ретінде ауысып келе жатқан ақын мұрасына әр кезеңде әртүрлі пікір айтылып, сыналып та, сырт қалып та келді, қоғамдық кезең ақын мұрасын зерттеуде әсер- кесірін тигізбей қоймайды. Көрнекті әдебитші ғалым Б.Кенжебаев сөзімен айтсақ: «...біз қазақтың бұрынғы ақын –жазушыларын саяси идеялық қатесі жоқ ақын - жазушылар, саяси идеялық қатесі бар ақын- жазушылар деп жіктедік»
Зерттеу мақсаты мен міндеттері. Өмірінің белгілі бір кезеңін Шығыс Түркістанда өткізген ақынның өмір жолы, шығармашылығындағы шығыстық үлгі мотивтер, діни уағыз өлеңдер ақын мұрасын теріс бағалауға пайдаланылды. Әсет ақын- ХХ ғасыр басындағы қазақ ақындарына тән демократтық ағартушылық ағымдағы ойларын,діни дидактикалық уағыздарын өлеңмен өрген ақын. Ақын шығармашылығындағы аса құнды қазына- шығыстық нәзиралық үлгідегі дастандар. Бірақ шығысқа секеммен қараған, дінді у деп уағыздағын кеңестік идеология сынына ақын шығармашылығы аз ілінбеді.
Зерттеудің ғылыми болжамы. Әсет атына қаратылып айтылған сын пікірлер көп болмағанымен, ақын мұрасының ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы, Хх ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің оқулық- хрестоматияларына, зерттеу монаграфияларға бірде еніп, бірде енбей қалуы саяси сақтанудан салқын көзқарастан. Кеңестік дәуір идеологиясы әдебиет пен ғылымды тұсап, барымзды базарлай алмадық. Бүгінгі күнгі қоғамдық бетбұрыстар рухани өрісімізге тың серпіліс жаңа леп әкелді. Заман талабы қазақ әдебиеттану ғылымының жан-жақты сан алуан салаларына қыруар міндет жүктеп даму процесін жаңа бағытқа бұрды. Қазақ әдебиетін зерттеу, талдау, оқыту ісі жаңа міндеттер алдында тұр. 70 жыл бойы басқаша айтылып, басқаша уағыздалып келген әдебиет енді өз табиғатына лайық өмір сүріп, оның ерекшеліктері мен көркемдік эстетикалық байлықтары терең ескеріліп, жаңаша зерттелуі қажет. Мұның өткендегі мұраға да кешегі кеңес әдебиті делініп келген, бірыңғай саясатқа телінген әдебиетке де қатысы бар.
Зерттелу объектісінің теориялық, практикалық маңыздылығы мен әдістемелік негіздері. Диплом жұмысының тақырыбы «Ә. Найманбайұлы прозасындағы романтизм» деп аталатындықтан, көркемдік әдістің теориясы мен тарихы, оның ішінде романтизм жайлы ғылыми еңбектер негізге алынды.Атап айтсақ, В.Белинскийдің «Этика и литературная критика» (1959), Н.Гуляев, И.Картошовалардың «Введение в теорию романтизма» (1972), А.Гаджиевтің «Романтизм и реализм» (1972 ) т.б.ғалымадың еңбектерімен бірге М.Әуезов, Ә.Қоңыратбаев, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, М.Қаратаев, З.Ахметов, З.Қабдолов, Т.Кәкішев, С.Қирабаев, Р.Нұрғалиев, Ә.Нарымбетов, Ж.Дәдебаев, Б.Майтанов, Б.Ыбырайымов еңбектеріне сүйеніп, аталмыш зерттеулердің теориялық тұжырымдарын басшылыққа алдық.
Зерттеудің басты тұжырымы-түйіндері мен нәтижелерін филология мамандықтары бойынша оқытылатын жалпы және арнаулы курстарда, өнер институттары мен мектептерінде, сол секілді орта мектептің әдебиет пәндерінде де пайдалануға болады.....
Дипломдық жұмыстар
Толық

Қазақ тілі | Жарнамадағы нейролингвистикалық бағдарламалау

КІРІСПЕ
Нейролингвистика – тіл ғылымының жаңа саласы ретінде танылып жүр. Ал нейролингвистикалық бағдарламалау – адам санасына сөйлеу арқылы ықпал ету нейролингвистиканың бір бөлігі болып табылады. Нейролингвистикалық бағдарламалауды жарнама саласында тілді қажеттілігне қарай тиімді қолдануға, норманы сақтауға,т.б үшін қолдануға болады.
Баспасөз құралдары, газет – журнал, радио, теледидар, тіпті ғаламтордың өзінде көптеген жарнама мәтіндерін кездестіруге болады. Ал, осы жарнамалар адам санасына қалай әсер етеді? Сондай-ақ, жарнама мәтінінің әсерлі, көпшілікке түсінікті, терең мағыналы болуы үшін оған нақты құралдарды пайдаланған жөн. Бұл тұрғыдан алғанда нейролингвистикалық бағдарламалаудың жарнама үшін таптырмас құрал екені айқын.

Зерттеу жұмысының нысаны: Нейролингвистикалық бағдарламалау мен оның ерекшеліктері, тіл біліміндегі алар орны.

Зерттеу жұмысының мақсаты: қазіргі Қазақстандағы жарнама тіліндегі нейролингвистикалық бағдарламалаудың тілдік ерекшеліктерін қарастыру, бірнеше тілде қатар беріліп жүрген жарнама мәтіндерінің құрылымына талдау жасау.


Зерттеу міндеттері:
 тілдік сана, сөйлеу әсері, жарнама дискурсы ұғымдарына түсініктеме беру;
 қазіргі тіл білімінің негізгі бағыттарының бірі болып саналатын нейролингвистиканың негізгі даму кезеңдерін көрсету;
 нейролингвистикалық бағдарламалаудың негізгі түрлері мен тәсілдерін анықтау;
 нейролингвистикалық бағдарламалаудың көптілді қоғамдағы жарнама мәтіндеріндегі көрісін айқындау


Зерттеу жұмысының әдіс – тәсілдері: Зерттеу жұмысында материалдарды жинақтау, сұрыптау, байқау, интросппекция, жүйелеу, талдау, т,б әдіс – тәсілдер қолданылды. Көрсетілген әр бір әдіс көзделген мақсаттарға жету үшін зерттеудің белгілі бір кезеңдерінде қолданылды.


Зерттеудің дереккөздері: Бітіру жұмысында әр түрлі телеарна, радио, газет – журналдарда беріліп жүрген жарнамалар, әр түрлі сөздіктер, интернет – сайттар пайдаланылды.

Жұмыстың құрылымы: Зерттеу жұмысы кіріспеден, негізгі бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.....
Дипломдық жұмыстар
Толық