Әзиз Несин | Тіс щеткасының қылы

Нағашымды көрсем, жынымды көргендей боламын! Ол — битін сығып қанын жалайтынның нағыз өзі. Жасы жетпіске тақалғанында оған осы бір кесел жабысып жақсы болды, әйтпесе оның шылқыған бай екенін есте біле алмайтын едік. Басқа туысқандарымыз сияқты ол да ептеп-септеп күнелтіп жүрген шығар дейтінбіз. Қалай ауырды, солай ақшасы атнөпір болды да кетті. Жаны тым-ақ тәтті екен!.. Бәрімізді ақымақ қылып алдап келгеніне біз қатты ашындық.

Кесел оның ішінен жабысты. Дәл қай жерінен екені беймәлім. «Қай жерің ауырады?» десең,— қуық тұсын сипалайды. Дәрігерлер не кесел екенін біле алмай дағдарысты.

Мен медицинаға бала кезімнен-ақ сенбеймін. Астрономдар, мысалы, бізден пәлен миллиард километр қашықтықтағы жұлдыздардың қайда, қалай тұрғанын айтып береді, ал дәрігерлер жерде, өздерінің жанында жүрген нағашымның ауруын айыра алмайды! Осыдан кейін бұл медицина ғылымына не дауа?

— Меніңше,— деді нағашым,— менің ішімде он шақты ит пен мысық бар секілді. Егер сол мақлұқтарды бір қапшыққа салып, аузын буып қойсаң, бірін бірі жүндей түтер еді. Менің ішімде де тура сондай бірдеңе боп жатыр.

Әрине, нағашымның құрсағында ырымға ит те жоқ, қысық та жоқ. Ол жас кезінен өлең оқуға, аспандатып әсірелеп сөйлеуге үйір болған көрінеді. Егер оның іші толған ит пен мысық болса, онда халы әлдеқайда жеңіл болар еді. Қаңғыбас хайуандарды қиналмай-ақ қырып салатын қала әкімшілігінің бай тәжірибесін дереу қолданар едік те, нағашыма уға пісірілген жұдырықтай етті жұтқызып жіберіп, байғұсты бейнеттен құтқарар едік. .....
Әңгімелер
Толық