Ілияс Жансүгіров | Шәркей

Шәутен деген бала бар еді. Оның бір әдемі ақ қозысы бар еді. Шәутен ақ қозысын жақсы көруші еді. Қозысының енесін апасына өзі саудырушы еді. Қозысын өзі көгендеп, өзі ағытушы еді.

Шәутеннің аяғында шәутиген ғана шәркейі бар еді. Ағытып жатқанда қозысы Шәутеннің аяғын басып, шәркейінің ұлтанын түсіріп, жыртып-жыртып кетті. Шәутен шәркейіне жылап жіберді.

Апасы:

— Қой, балам, жылама! Осы қозының өзінің жүнін шәркей ғып берем, онда қайтер екен, — деді.

Ақ қозы үлкен марқа болды. Кішкене күндегі әдемі ақ бұйра жүндері ұзыннан-ұзын болып кетті. Шәутен де өсті. Жамаулы жаман шәркейі кішкенеден-кішкене болып, аяғына симай қалды.

Шәутен:

— Апа, шәркейім аяғыма симай қалды, — деді. Апасы:

— Ендеше ақмарқаңды қырықтырып әкеле ғой, балам, — деді. Шәутен Сансызбайға марқасын қырықтырды.

Шәутен апасына:

— Апа, марқаны қырықтырдым, жүнін әкелдім, енді шәркейім болды ма? — деді.

Апасы: .....
Әңгімелер
Толық

Мақсат Рамазанұлы | Жердің жаназасы

Жер о дүниелік болыпты деген қаралы хабар бір сәтте он сегіз мың ғаламға тарап үлгерді. Маған да жетті. Қаралы хабарға күллі әлем күңіреніп, ащы өксікке толы өкінішпен тіл қатқанымен, бірқалыпты өмірім өзгерген емес. Жерді ойлап жанарымнан жас та шығармадым. Алып Күнді өз өсінен тоқтамастан үш жүз алпыс бес күн айналатын Жердің, әйтеуір бір тоқтайтыны мен үшін ақиқат еді. Сол сәт бүгін орындалып отыр. Негізгі қисын осы. Біз соның куәсіміз, бірақ кінәлі емес едік. Кінәлі да шығармыз, бірақ менің қатысым шамалы. Әлем болса қылмыскерді іздестіріп жатты. Ұзақ іздеу салатын шығар деп ойлағанмын, қателесіппін, олардың топшылауындағы қылмыскер сол күні кешке қарай қамауға алынды.

Бір Көріпкел ұсталыпты. Ол жайында сырттай талай сырға қанық болғаныммен, түр-түсін көрмеппін. Ал оның бар жазығын естігенімде, шыдай алмай күліп жібердім. Сонда барлығы маған жек көре қараған. Көңіліме алмадым. Дегенмен Көріпкелге тағылған айып, ойландырмай қоймады. Егер бар әңгімені бүкпей баяндасам, Көріпкел Жер қаза табатын түні аспандағы жұлдыздармен ұзақ сырласыпты-мыс. Біреулер тыңдап қалса керек. .....
Әңгімелер
Толық

Мұхтар Әуезов | Зар заман ақындары

Зар заман деген – XIX ғасырда өмір сүрген Шортанбай ақынның заман халін айтқан бір өлеңінің аты. Шортанбайдың өлеңі ілгергі, соңғы ірі ақындардың барлық күй, сарынын бір араға тұтастырғандай жиынды өлең болғандықтан, бүкіл бір дәуірде бір сарынмен өлең айтқан ақындардың барлығына "зар заман" ақындары деген ат қойдық. Бұл ақындардың дәуірі жоғарыда айтқан тарихи дәуірді туғызған дәуір. Зар заман ақындарының алғашқы буыны Абылай заманынан басталса, арты Абайға келіп тіреледі. Сондықтан қазақтың тарихымен салыстырсақ, зар заман дәуірі толық жүз жылға созылады.

Біз тарихи өлеңдерді қарастырған уақытта, осы жүз жыл қазақ тіршілігіне қандай жаңалық әкеліп, қандай күйге түсіргенін айтқанбыз. Бұрын өз бетімен еркін жүрген елдің тіршілігі осы дәуірде қайғыны да, қазаны да, толып жатқан өзгерісті де көрген. Сол ауыр күндері ел ортасынан екі алуан адамды шығарды дегенбіз. Біреуі – тарихи өлеңдерде саналған ел қаһармандары, екіншісі – ел тілегін айтып, зар, мұңын сөзбен шығарған ойшыл қария, өлеңші ақын, жырау болатын. Қазіргі қарастырғалы отырған зар заман ақындары – сол ел қамын сөзбен жоқтаған жоқшылар. Бұлардың туысы мен бағыт сарыны ел басына келген тарихи дәуірден туғандықтан, барлық ақынды тарихи көлемінде қарастыру керек. Бұларды ұғу үшін соларды туғызған ел мен шартты тарих бетінен ұғыну керек. Бірақ біз сол заманның жалпы тарихтағы нобай суретін тарихи әңгімелердің тұсында айтқандықтан, бұл бөлімде тарихи мағлұматтың дәл өзіне тоқтамаймыз. Оның орнына сол дәуірдегі өлең, жырға тарих суреті қандайлық болып түсті, зар заман деген бағыт неден басталып, немен бітті? Ақындары кім? Бұрынғы өлеңдерден басқалық жаңалығы бар ма? Кейінгі заманға қандай сарқыт қалдырды? Онан соң әдебиетте бұл дәуір қандай орын алады? Мінеки, бұл бөлімде әрбір ақынның өлең, мысалдарын көбірек көрсетіп отырып, анықтамақ болған түйінді мәселелер осылар. .....
Әңгімелер
Толық

Антон Чехов | Орден


Әскери прогимназияның мұғалімі, коллежский регистратор Лев Пустяков өзінің досы поручик Леденцовпен көрші тұратын. Жаңа жыл күні таңертең сол көршісіне барды. Дағды бойынша поручикті жаңа жылмен құттықтағаннан кейін:

— Мынадай бір шаруа болып тұр, Гриша, - деді ол - Өте қарыздар болмасам, мазаламас та едім ғой. Бүгінге ғана маған «Станиславыңды»1 бере тұршы, қалқам. Спичкин көпестің түскі тамағына барушы ем. Ол итті өзің де білесің ғой, орденді көрсе өледі, мойнында не өңірінде бірдеңе салбырап тұрмаған адамды кісі есебіне алмайды. Оның үстіне байдың екі қызы бар... Настя, білесің ғой, және Зина... Саған досым деп айтып жатқаным ғой... Өзің де түсініп тұрған боларсың, сүйікті досым. Бір жақсылық етіп, орденіңді бере тұршы!

Осының бәрін Пустяков тілі күрмеле, есік жаққа жалтақтай қарап, қысыла тұрып айтты. Поручик әуелі оны сөккенімен, ақыры көнді. Күндізгі сағат екіде Пустяков арбакештің арбасында, ішігінің өңірін сәл қайырып тастап, омырауына қарағыштап, Спичкиннің үйіне қарай келе жатты. Алтынын жалтылдатып, құбылтып, омырауына таққаны біреудің "Станиславы".

"Тіпті, мерейің тасиды екен ғой өзі! - деді ішінен мұғалім, тамағын кенеп қойып. - Сәл-ақ зат, коп болса бес сом тұратын шығар, ал құдіреті қандай зор өзінің!" .....
Әңгімелер
Толық

Бейімбет Майлин | Құла жорға


— Ойбай орыс келді, солдат келді!— деп Ерғалидың кішкене балалары үйге апалақтап кірді.

Үйде Ерғали пешке арқасын сүйеп, бәйбішесінің жыртылған мәсісін бастап отыр еді. Бәйбішесі Дәметкен қолында ұршығы, төрде шынтақтап жатқан Жамақ деген қайнысымен сөйлесіп отыр еді. Ерғали тігінін, бәйбіше ұршығын, Жамақ әңгімесін қойып, балалардан бетер бұлар да үрпиісе бастады. Лапаста жатқан мойнақ, орыс көргенде, үретін дауысына салып, арсылдап даланы басына көтерді.

— Құдай-ай, өзің сақтай гөр! Жылдың өзі ауыр. Орыс орманда көбейіп кетті. Қылышын сүйретіп үйге кіріп келгенде, осы зәре құтым қалмайды!— деп Дәметкен күрсінді.

— Кім қорықпайды дейсің, мазаны кетіріп-ақ тұр ғой,— деп Жамақ шыға қашуға ыңғайланған адамша тізерленіп алды.

Ерғали қорқақ адам еді, көзі адырайып кетті. Қолындағы былғарысын біресе киіздің астына, біресе қобдына салды. Солдаттың көзіне ілінсе, жамаулық кішкене былғарыны алып кететіндей көрді. Бұдан бір күн бұрын келген солдат көзіне елестеді. Көрші поселкедегі большевиктерді ұстай келген отрядтың адамы екен. Басында қазақтың тымағы, аяғында жаңа былғарыдан тіккен жарма қоныш, сатиянды етік. Киіміне қарап қазақ бола ма деп жанына жетіп барғанда, орыс екенін бір-ақ білген. "Сенікі бәлшебек бар",— деп бүркіттей түйілгенде, Ерғали жанын қайда қоярға білмей сасқан. Ол кездегі үкіметке болшевиктің жексұрын екендігін сезетін еді. Сондықтан өзімді большевик деп тұр ма деп үрейленіп, солдатты жалынып үйіне кіргізген жерінде баласының болыскей ер-тоқымын көріп қалып, солдат қолтыққа қысады. Алма дейтін Ерғалида дәрмен бар ма? Бармақты тістеп қала берді. Ер-тоқымды еңгеріп алып, қоқиланып шауып бара жатқан солдаттың әбден қарасы үзілген соң барып, зығыры қайнап кетіп: "Сол кеткеннен келме, жолыңа жуа бітсін!"— деп Дәметкен бәйбіше қарғап еді. Одан артық қылар дәрмендесі жоқ еді. .....
Әңгімелер
Толық

Агата Кристи | Көк құмыраның сыры


Джек Гарингтон сөреден бастап доп барып түскен жерге дейінгі арақашықтық қанша екенін мөлшерлеп, оған көңілі толмай тұрған болатын. Доптың тұсынан арт жақта қалған сөреге көз тастап, екі аралықты көзбен тағы бір шолып өтті. Өңінен ызаланып тұрғаны байқалады. Бір күрсініп қойып, таяғын жоғары көтеріп, қатарынан екі рет соғып еді, бірінде таяғы бақ-бақты жұлып түсті де, екінші рет бұрқ еткізіп, бір уыс шымды қопарып кетті. Тек үшінші ретте ғана допқа таяғы дөп тиді.

Жасың жиырма төртке келгенде гольфты кемшіліксіз шебер ойнауға уақыт табу онша оңай шаруа емес. Өйткені бұл кезде уақытыңның көпшілігі күнелтудің қамына жұмсалып, ықыласың соған ауа бастайды. Аптаның бес жарым күнін Джек жұмыста, қаланың ортасындағы қызыл ағашпен қапталған еңсені басатын кеңседе өткізетін. Тек сенбінің екінші жартысы мен жексенбіде ғана қолы босап, жеке басының шаруасымен айналысатын. Әлгі ойынға құмартқаны сонша, қиналып жүріп, Стоуртон Хит гольф алаңының маңындағы бір кішірек қонақ үйден бөлме жалдап алды. Күнде ертеңгісін сағат алтыда тұрып, бір сағат жаттығу жасап, сегізден қырық алты минут өткенде жүретін поезбен жұмысқа үлгеретін. .....
Әңгімелер
Толық

Джек Лондон | Аппақ тыныштық

Кармен екі күнге де бармайды.

Мэйсон кесек мұзды түкіріп тастады да, байғұс мақұлыққа мұңдана қарады, одан иттің табанын аузына тосып, оның бақайларының арасына шодырайып қатып қалған мұзды қайтадан тістелеп тазалай бастады.

— Аттары әсем қаншама итті кездестірдім, солардың бірде-бірі түкке жараған емес, - деді ол шаруасын бітірген соң итті серпіп тастап. - Олар біртіндеп әлсірей береді де, ақыры өліп тынады. Сен әшейін Касьяр. Сиваш немесе Хаски деп аталатын иттердің бірдеңеге ұрынғанын көрдің бе? Ешқашан да! Шукумге қарашы: бұл...

Кенет әбден жүдеген ит жоғарыға қарай атылып, Мэйсонды кеңірдектен ала түсуге шақ қалды.

— Өй, мынауың не сұмдық!

Бишіктің сабымен бастан тиген қатты соққы итті қар бетіне мұрттай ұшырды. Ол жанталаса безектеп қалды да, езуінен сап-сары сілекей тамшылап кетті.

— Айттым ғой, Шукумге қарашы: Шукум мүлт кетпейді. Бәс тігейін, бір апта өтпей-ақ бұл Карменді жарып тастайды.

— Ал мен, - деді Мэйлмют Кид отқа қыздырып отырған нанының бетін аударып, - межелі жерге жеткенше Шукумді өзіміздің жеп қоятынымыз үшін бәс тігемін. Бұған сен дейсің, Руфь?

Үндіс әйел қоюын тұндыру үшін кофеге бір кесек мұз тастады да, Мэйлмют Кидке қадаған көз жанарын күйеуіне бұрды, одан иттерге қарады, бірақ үн қатқан жоқ. Соншама көз жетіп тұрған ақиқат құптауды қажет етпейтін еді. Басқа шешім де жоқ-тын. Алда із түспеген екі жүз миль жол жатыр, азық небәрі алты-ақ күнге жетеді, ал иттерге мүлде ештеңе қалмаған. .....
Әңгімелер
Толық

Тоқаш Бердияров | Айығу

I

Біздің жақтың көктемі ерте оянады. Февраль айының орта шенінде-ақ күн кәдімгідей жыли бастайды. Қалың қардың астынан тышқанның көзіндей жылт-жылт еткен мөлдір тамшылар көрінеді. Суға еріген қанттай қар қарайып, оның салмағы да арта түседі. Көбінесе ымырт жабыла, батыстан жылы самал еседі. Ол қалың қарды түнімен кеміріп, таң атқанша тып-типыл қылады. (Біз, бұл жылы самалды — «алтын күрек»,— деп атаймыз). Ертеңгісін күн қыза бастасымен-ақ, бел-белес, күллі атырап ойпаң-тойпаң болады да қалады. Жер қабырғасындай кең адырдың ойыс-ойысын қуалай қоймалжың сулар асығыс ағып, үлкен сайларға тұмсық тірейді. Сай табанын тілгілеп, сарқырай жөңкілген бұлаққа қамыс шығыр орнатып, шырқ көбелек айналдыру қандай қызық!..

Әсіресе, биылғы көктем ғажап; март айының аспаны көкпеңбек. Осынау биіктікте шөкім-шөкім ақша бұлттар үлп-үлп етеді. Жер қыртысы батсайы жасыл барқыт жамылған. Әуелеп ұшқан тырналардың сүйкімді әуені жүйе-жүйеңді шымырлатып жүрегіңді еріксіз елжіретеді.

Бүгін жексенбі. Таңғы мезгіл. Бозторғайлар төбемізде тынымсыз шырылдайды. Ыю-қыю бір топ ауыл балалары қырға шығып доп ойнап жүрміз. Бір кезде ауыл жақтан «қағанақ бас» Ысқақ дейтін бала ала құйын боп жетіп келді де, осы түнде болған қолайсыз жағдайды хабарлады......
Әңгімелер
Толық

Ыбырай Алтынсарин | Жәнібек батыр

Жәнібек батыр бала күнінде ақыл-білім үйрену үшін, Қаракерей Соқырабыз дегенді іздеп келген екен. Сәлем беріп кіріп келсе, қарттықтан екі жағын жібекпен таңып отырған кісі екен. Жәнібекті көріп:

— Сен қай ұлсың? — деді.

— Қошқар ұлымын, — деді.

— Қошқардың адам есті бір ұлы бар деп еді, сол боларсың ба?—деді.

— Болармыз, — деді.

— Балам, не жұмысың бар, бұл жақта неғып жүрсің? — деді.

— Осы жақта бір қарт атамыз бар дегенге, қолын алып, бір-екі ауыз ақыл-білім алайын деп жүр едім, — деді.

— А-а!!! Ел бастап, жұрт алайын деген ұл екенсің, сөз бастап, би болайын деген ұл екенсің, алдыңа келсе әділдігіңді аяма — аймағың кетпес алдыңнан; қол бастап жол алайын деген ұл екенсің жолдастың мыңын алма, бірін ал, мың кісіге — бір кісі олжа сала тұғын, олжаңды аямасаң — жолдасың қалмас жаныңнан. Жүз жиырма алтыға келіп отырмын, жас күнінде қалың бер де қатын ал, жігіттің хан болатын, қыздың ханым болатын уақыты сол, қартайған соң өкінбе, ұлым. Қару жисаң мылтық жи, жаяу жүрсең — таяғың, қарның ашса — тамағың.

Мұнан шығып, Кіші жүзде тоқсанға келіп отырған Тайған деген биге келді. Келсе бидің елі қош екен, қош үстінде кез болып, сәлем беріп, ат үстінен көрісті. Мұнысын жақтырмай, бұл би де сұрады: .....
Әңгімелер
Толық

Ыбырай Алтынсарин | Әлім кісі

Бір зор әлім молдадан жаңа дінге кірген адам:

— Тақсыр, мен иманды қалай етсем үйренемін? — деп сұрапты.

Әлім айтты:

— Шыққан күн мен айдан, көк пен жерден, су мен желден, жер мен таудан, жаңбыр мен кардан үйрен,—деді.

Сұрап тұрған адам бұл сөз не сөз екенін біле алмай дағдарып тұрды. Сонда әлім айтты:

— Далаға шықсаң көк пен жерді көресің, күн мен айды, көк үстінде жұлдыздарды, тауды - тасты, жел мен жаңбырды — осының бәрін көресің, соларға қарап ой жіберсең, оның бәрін адам жаратуға қолынан келер істер емес. Олай болса, соның бәрін жоқтан бар еткен бір Құдіретті ие болса керек, біз көрмеген. Сол ақылға ойланып жетіссең, иманыңның жартысы тамам болғаны, —деді.

.....
Әңгімелер
Толық