Ыбырай Алтынсарин | Лұқпан әкім

Лұқпан әкімге бір сопысымақ адам бір жиылыста айтты:

— Сіздің ауруға ем етуіңіз күнә, Құдайдың жіберген қаза - бәлесіне себеп табамын деген Құдайға қарсылық болып табылады деп білемін, — деді.

Лұқпан айтты:

— Олай болса, сол айтқан сөзіңіз жазылған кітапты келтіріңіз, сенімді кітап болса, біз тоба етіп, дәрігерлікті қоялық, — деп.

Сопы бұл сөзді еш кітаптан көргені жоқ кітап алып келе қоямын деп қозғалмады.

Жиылып отырған халық шулап қоя берді:

— Сопы, Лұқпан жесірге байдай, жетімге атадай болып, неше мұңды бейшаралардың көзінің жасын тыйды, сен бұл істі күнә деп білсең кітабыңды көрсет, болмаса қазыға алып барып, жазаландырамыз, — деп.

Істің бұлайынша зорайып бара жатқанын көріп, Лұқпан халықтан өтініш етіп тысқа шығып, сопыны оңаша қалдырып айтты:

— Алла разы болсын, молдам, білген шамаңызша бізді күнәдан тыю үшін ақыл айтқаныңызға. Бірақ бізден де сізге бір ақыл айтылсын: қашан да бір істі істегіңіз келсе, ол іске әуелі ақылыңызды, онан соң көзіңізді жұмсаңыз, сонан соң ақылыңыз дұрыстаса, көзіңіз көріп, жөнін танып, мақұл көрсе, тіліңіз бен қолыңызға сонда ерік беріңіз. Екінші, сіздің айтқан сөзіңізден оқып жетіспегендік көрінеді. Құдай Тағала адамға әртүрлі дене берді: қол берді жұмыс қылмақ үшін, көз берді көрмек үшін, аяқ берді жүрмек үшін, құлақ берді есітуге, ақыл берді ойланып, жаман - жақсыны аңғаруға. Сол берген денелерді тиісті орнына жұмсамасаң, Құдайдың бұйрығына қарсылық болып табылса керек. Оның үшін жүрмей, тұрмай, отырмай, көрмей, есітпей Құдайға құлшылық етіп те болмайды. Сол реуішті жансыз нәрселердің де керексіз жаратылғаны жоқ. Бір шөпті у етіп жаратты, екінші шөпті оған басытқы етіп жаратты. Бұларды да танып, біліп, бұйрықты орнына жұмсамасаң күнәлі боласың, тиісті пайдалы орнына жұмсаудан обал болмаса керек, — деді. .....
Әңгімелер
Толық

Мұхтар Әуезов | Көксерек

Қараадырдың қарағанды сайы елсіз. Айналада қабат-қабат шұбар адырлар. Жақын төбелердің барлығын аласа боз қараған, тобылғы басқан.

Сай бойында май айының салқын лебі еседі. Бастары көгеріп, бүрленіп қалған қалың қараған жел лебімен сыбдыр-сыбдыр қағып, теңселіп, ырғалып қояды. Маңайдан жуалардың, жас шөптердің исі келеді.

Ұзын кең өлкені қаптай басқан қарағанның ортасында терең, құр жар бар. Соның бас жағында итмұрынды қалың жыныстың арасында қасқыр іні бар. Жақын елге мәлім ескі ін. Жазға салымнан бері соны екі қасқыр келіп мекен етті. Бұрын итмұрын жанындағы кішкентай алаңда кеңдігі кісі сыйғандай үш үлкен ін болатын. Биыл жас топырағы жағасында дөңкиіп, тағы бір жаңа ін шыққан. Бәрінің ауданы бір, жер астынан қатынасы бар.

Маңайы қасқырдың ойнағы. Жас шөптер басылып, тапталып қалған. Жақындағы қарағандарда қасқырдың ақ жүндері көрінеді. Қыстан қалған түбіті қазір де әр жерде сөйтіп жұлынып қалып жүр. Ӏндердің орта жерінде екі қалың сасыр шайқалып өсіпті. Қазірде соның түбінде қысқы жүні әбден түлеп болмаған ақ қасқыр жатыр. Бауырында кішкентай көк күшіктері қыбырлайды. Жарқыраған қызулы күн бойын ерітеді. Көзі бір сығырайып ашылып, бір жұмылып қалғуға кетеді. Иіген емшектері жыбыр-жыбыр тартылады. Төбесінде сасыр шайқалып ырғалады. Маңайдағы қараған мен итмұрын бастары қозғалақтайды.

Бір мезгілде бас жағынан сатыр-сұтыр, сырт-сырт сынған ши, тобылғы, қу шөпшектер дыбысы келді де, есін жиғанша бірдеме қасына тасырлатып келіп қалды. Атып тұрды... Баурындағы көп күшік шашылып-төгіліп, ұмар-жұмар домалап қалды. Тұрғанда "арс" етіп, азу тістері ақсиып, ырылдай түрегелді.

Дәл сол кезде түп қарағаннан аса бере, алдына жас, қызыл қозы топ ете түсті. Соның артынан секіріп шыққан — көк шолақ. Ентіккен, көбік аққан тұмсығымен ақ қасқырды айнала иіскеп, әр жерін жалап алды. Содан соң жерде үйелеп қалып, тыпырлап жатқан қозыны көре сала — "ырр" етіп бас салды.

Қозы екі қомағай ауыздың кергісінде қан жоса болып дар-дар айрылды. Сырт-сырт етіп жас сүйек сынды. Қапаш-құпаш қорқ-қорқ етіп қомағай қанды ауыздар асайды. Тұмсығы мен бастары, мойын жүндері қып-қызыл болған қасқырдың жасыл көздері от шашады.

Аз уақытта екеуі қозының орнын ғана иіскелеп қалды. Енді біразда көк шөпте әрлі-берлі аунап-аунап, керіліп тұрып, жегендерін құса бастады.

Алдымен туған, көзі ашылған күшіктер жемденіп жатыр. Ең соңғы туған екі күшік бауырын көтере алмай, тырбаңдап жатыр еді; енді оларды бауырына алып, емізе бастады.

II

Ертеңіңе түсте жат иіс шықты, алыстан әлде қандай дабырлаған дауыстар естіліп, жақындап келе жатты. Күшіктерді жоталарынан тістелеп, індерге тығып-тығып тастап, ақ қасқыр қараған ішіне кірді.

Ӏн үстіне мүйіз тұяқтар тасырлап, дүбірлетіп келді; айқай-дабыр молайды. Бірі үстіне бірі келіп, жиын көбейді. Жерге ат үстінен тастаған ағаштар сарт-сарт түсіп жатты.

Ӏн аузына екі аяқтылар жыбырлады. Көргіш көздер ін түбіне қадалды. Күшіктер бірі үстіне бірі үйіліп, бауырын көтеріп қыбырлай алмай, жақын жерде жатыр еді.

Жып-жылы мықты тұсаулар мойнынан, жотадан ұстап бар күшікті сыртқа алып шықты. Жеті күшіктің бесеуін көздеріне қарап отырып өлтірді де, екі кішкенесін тірі қалдырды. Кетерде бұның біреуінің тірсегін қиып қалдырды да, екінші біреуін — ең кенжесін алып жүріп кетті. Қалған жалғыз күшікті тістелеп алып, екі қасқыр жоқ болды. Ӏн қаңырап қалды...

Осыдан соң бір жұма бойы маңайдағы ел күндіз-түні у-шу болып жатты. Қой жараланды. Қозы алып қашылды. Бұзаулар өлтірілді. Далада құлындаған биелердің .....
Әңгімелер
Толық

Эдгар По | Тірідей жерленгендер

Жұрттың бәрін ынтықтыратын, әйтсе де әдебиеттің заңды игілігіне айналу үшін аса үрейлі тақырыптар бар. Егер оқушыларды жәбірлеп әлде шошытқысы келмесе, романшының әдетте одан аулақ жүргені абзал. Айдай ақиқаттығы алғаусыз болған жағдайда ғана бұл тақырыпқа қалам тартуға болады. Мәселен, Березинадан өту туралы, Лиссабондағы жер сілкіну жөнінде, Лондондағы оба жайында, Варфолемей түні немесе Калькуттаның Қара Апанында жүз жиырма үш тұтқынның қалай тұншығып өлгені жайлы оқығанда «қайғылы қасіреттен» жанымыз өксіді. Әйтсе де бұл жазылғандардың ақиқаттығы ғана, растығы ғана, шындығы ғана бізді толғандырады. Егер олар ойдан шығарылса, әрине біз жиіркеніштен басқа ештеңе сезінбеген болар едік.

Мен әлемге әйгілі, аса қайғылы оқиғалардың бірсыпырасын ғана атадым; олардың қисапсыз көптігі жан дүниеңді қасіретті мәнінен кем күйзелтпейді, адамдардың бақытсыздығы жөніндегі бұл ұзақ қаралы тізімнен көпке ортақ осы апаттың қай-қайсысынан болса да, әлдеқайда асып түсетін жан түршігер не сан қайғы-қасіретті оқиғаларды таба алатынымды оқушыларға айтып жатуымның қажеті бола қоймас. Шын қасіреттің, ауыр қайғының әмәнда жалқы болатыны, әсте қайталанбайтыны ақиқат. Ал қасіреттің уын басу адамзаттың емес, адам пешенесіне жазылған болса, ол үшін рақымы күшті жаратушы жаппар иеме ризалық білдіруіміз керек! .....
Әңгімелер
Толық

Антон Чехов | Қаскүнем

Сот тергеушісінің алдында үстінде шұбар көйлегі, бұтында қырық құрау дамбалы бар бір телтиген, ересен арық мұжық тұр. Өзінің түк қаптап, шешек шұқырайтқан бұп-бұйра беті мен салбыраған қап-қалың қасының астынан әрең көрінген көздерінде бір тұнжыраған сұсты сипат бар. Талайдан таралмай, ұйысып қалған шашы бөріктей болып, түріне бұрынғыдан да бетер, өрмекші сықылды сұстылық бере түскендей. Жалаң аяқ тұр өзі.

— Денис Григорьев! - деп бастады тергеуші - Берігірек кел де, менің сұрауларыма жауап бер. Шілденің жетісі күні таңертең теміржол қарауылшысы Иван Семенов Акинфов

141-шақырымда жолмен келе жатып, рельсті шпалға бекітетін гайканы суырып алып жатқан жеріңде сенің үстіңнен түскен. Сол гайка мынау, мінеки!.. Өзіңді ұстағанда әлгі гайка бойыңнан табылған. Осылай болып па еді?

— Немене?

— Акинфовтың айтқанындай, бәрі осылай болып па еді?

— Білемін, болған.

— Жақсы, ал енді гайканы не үшін суырдың?

— Немене?

— Сен өзің "неменеңді" қоя тұр да, сұраққа жауап бер: гайканы не үшін суырдың?

— Егер зәру болмасам, суырмас та едім, - дейді Денис қырылдап, төбеге көзінің қиығымен қарап қойып.

— Бұл гайканың саған не керегі болып еді?

— Гайка ма? Гайкадан біз салдауыр жасаймыз... .....
Әңгімелер
Толық

Тоқаш Бердияров | Нан


Қонысбай ғажайып бір түс көрді. Түсінде қап-қара киім киініп, цирк аренасында тұр екен. Басында күмбез тәріздес қара сәлде, қолында қылтырықтай таяқша, кәдімгі жұрттың көзін байлағыш сиқыршының өзі дерсің!

Ол жан-жағына көз тастап, көпшілік қауымға ойлы көзбен қарады. Бәрінің де жүздері солғын, жадау тартқан. Алдыңғы қатардан «нан» деп жылаған жас балалардың ащы да аянышты даусы естіледі. Қонысбай таяқшасын бір сермеп, селтиіп тұрған цирк қызметкерлеріне ишарат білдірді. Олар табан арасында үлкен бір ақ тандырды дөңгелетіп аренаға шығарды. Сиқыршы бала тандырдың аузын жылтыр қара шүберекпен жапты да өлеңдете жөнелді.

Жомарт тандыр, ақ тандыр,

Мына жұртты шаттандыр.

Әмірімді ал, ұққын.

Қарнын тойғыз халықтың!

Қаптың аузы сөгілсін,

Аузыңнан нан төгілсін!

Айтқандай-ақ, нан дегеніңіз тандырдың аузынан қайнап шыға бастады. Тап-таза бәрі бидайдың ұнынан жасалған, буы бұрқыраған арайлы да ажарлы кәдімгі нан! Түйенің көзіндей күлшелердің асты қаудырақ, үсті том-томпақ, аузыңа салсаң ериін деп тұр әншейін. Шайнамай-ақ жұта салуға болады. Жұрт мәз-мейрам. Бөбектердің қолында бір-бір күлше. Жүздерінде күлкі ойнайды. Бүкіл көрермендер сиқыршы балаға алғыстарын айтып жатыр. .....
Әңгімелер
Толық

Константин Паустовский | Ақ түн

Ескі пароход Вознесеньедегі айлақтан ырғалып әрең шықты да Онега көліне келіп түсті.

Айналада ақ түн созылып жатыр. Мен бұл түнді алғаш рет Нева мен Ленинград сарайлары үстінен емес, солтүстіктің орманды кеңістігі мен көлдері арасында жүргенде көрдім.

Шығыста жүзі жүдеу ай қуарып, төмендеп тұрды. Ол мүлде жарық шығармайтын сияқты.

Пароходтан тараған толқындар қарағай қабығы бөлшектерін тербетіп, алысқа маңып барады. Жағада, ежелгі бір қыстақ шетіндегі шіркеуде ме қалай, күзетші мұнарадағы қоңырау сағатты - он екі рет соқты. Жағалау алыс болса да, оның әуезді үні бізге жетіп, пароходты жанап, су айдыны үстімен ай салбырап, ілініп тұрған мөлдір сапаққа сіңіп жатты.

Мен ақ түннің кісі жанын қажытатын жарығын не деп атайтынымды өзім де білмеймін. Жұмбақ дейім бе? Әлде дуалы дейім бе?

Осынау түндер маған әманда табиғаттың әсіре сыйы сияқтанып көрінеді. Оларда аппақ ауаның және фольга мен күміс жарқылының тұнық мөлдірлігі бар. .....
Әңгімелер
Толық

Иван Бунин | Мелитон


Мамыр айының алагеуім ымыртында салт атпен өзіміздің қорықты аралап жүр едім. Жалғыз аяқ сүрлеумен жаңадан жапырақ жайған балапан ағаштарды көктей салып-ұрып келемін. Жасыл желек жамылған орман, көмейі бүлкілдеп ана ағаштан да, мына ағаштан да бұлбұлдар жарыса сайрап жатыр. Күн ұясына қонғалы қашан, бірақ орман әлі тыншыр емес: жол жиегінен көгершін күңкілдеп, әлдеқайдан көкек даусы құмығып жетіп түр... Мамыр айында түн сергек, әрі қысқа, осы алагеуім қалпында бозамық тартып тұрады да көкжиектің арайы таң шапағына барып бірақ қосылады.

Алаңқайдағы күзетшінің үйінен шықтым. Иек артпадағы сай табанында аумағы бір қауым бөгесін қара су бар еді. Көлшікті айнала қоршаған атамзаманғы кәрі қайың мен емен тоғайдың ұшар басынан қылтиып бозамық ай туып келеді. Мелитон көл жағасында томар үстінде отыр екен, жер ошаққа отты маздата жағып, мосыға ілінген бақыр астына қу шөмшекті үстемелеп тастап қояды. Қашан көрсең де мұнтаздай, үстінде кір шалмаған көйлек, аяғындағы бұтыл етіктің қонышын да ықтияттап шандып тастапты. Екі шынтағы тізесінде, алақанымен иегін тіреп отқа үңілген күйі өзінің жіңішке .....
Әңгімелер
Толық

Шерхан Мұртаза | 41 жылғы келіншек


— Сен мені танымай қалдың ба, неге үндемейсің Мақсұт?

Ол тіл қатпады. Босағада тұрды да қойды.

— Бір-бірімізді көрмегелі отыз жылға жуық болды, Мақсұт. Сен соғысқа кеткенде, мен жиырма сегізде едім ғой.

Ол үндемеді.

— Қартайдым, Мақсұт. Ал сен дәл осыдан отыз жыл бұрынғы қалпыңда қалыпсың.

Ол үндемеді.

— Танымадың ба, Мақсұт? Мен Хадишамын ғой! Сені әне келеді, міне келеді деп отыр едім. Жұрт көрсе, сені менің балам дер. Сен, сірә, сол сөзден қорқып тұрсың ғой.

Ол үндемеді.

— Босағада тұрғаның қалай, Мақсұт! Төрге шық, өз үйің ғой.

Хадиша Мақсұтты қолынан ұстап төрге алып шықпақ болып,ілгері аттайын деп еді — орнынан қозғала алмады. Арада екі адым жер, бірақ алынбас асу сияқты. Жілік-жілігіне қорғасын құйып, жерге қағып қойғандай тырп етуге дәрмен жоқ.

Ал Мақсұт табалдырықта әлі тұр. .....
Әңгімелер
Толық

Мұхтар Әуезов | Шатқалаң


Бұл есіз, меңіреу қараңғылықтан Айша қорқып жүрген жоқ. Оны бүгінгі күннің қырсығының бірі деп біліп, қарғап-ұрсып, күюмен жүр. Түпсіз тұңғиық қараңғылықтың ішінде біртүрлі бір, жабысқан дымқыл салқын түн сызымен бірге, әлденеше көгеріп базданған шірік исі де білінеді. Айша бүгінгі шеккен азабы мен әлі күнге айықпай тұрған ауыр ойларының әредігінде бұл иісті талай рет ұмытып еді. Бірақ артынан қазіргідей, еріксіз қайта табады. Өнебойы оттай жанып, қыстығып кеп:

— Бұл не пәле? Қайда кеп түстім, сорлы басым-ау, — дегенде қазіргі тұрған орны бұрын ат-атағын естіп көрмеген құбыжық зындандай көрінеді. Өйткені ол айдалада жападан-жалғыз тұрған баз-кілеттің ішінде. Айналасы құлан елсіз. Кем қойса бес шақырымнан жақын жерде ешбір жан иесінің мекені жоқ. Өзі жым-жырт, қап-қара дала түні. Неткен ұзақ түн? Айша бұл күйге түскелі қашан? Жалғыз басы. Жап-жас әйел.

Өзіне өзі жаны ашып бір сәт көзінен жас ыршып босаңси бастайды. Бірақ сол арада, ілезде, өзінің сілейіп бос тұрып қалғанын байқап, тағы қарманады. Асыға еңкейеді. Сипалайды. Баяғы құрғыр екі тақтай. Бұның ұзын бойын талай рет тегіс сипап, ине жасуындай жер қалдырмай қарап өткен... Далбасалық па, тағы сипай түсіп қайта түңіледі.

.....
Әңгімелер
Толық

Агата Кристи | Күдікті төртеу


Әңгіме ашылмай қалған қылмыстар мен жазасын алмаған қылмыскерлердің төңірегінде болатын. Кезегімен сөз алып, әркім өз пікірін айтып жатты: полковник Бэнтри мен оның толықша келген жайдары мінезді әйелі де, Джейн Хелиер де, дәрігер Ллойд та, тіпті қартаң тартқан Мисс Марпл да. Аузын бағып үндемей қалған бір-ақ адам. Ол сан адамның пікірін тыңдап әбден машықтанған, Скотленд-ярдтың бұрынғы комиссары Сэр Генри Клитеринг еді. Үндемей мұртын шиырып сипап қойып, іштей бір нәрсеге мәз болған адам сияқты күлімсіреп отырған.

— Сэр Генри, — деді Бэнтри ханым шыдамы таусылып, — егер сіз бірдеме демесеңіз, тура айқай саламын. Тиісті жазасын алмаған қылмыстар көп бола ма, жоқ әлде болмай ма?

— Сіз газетке беретін мақаланың тақырыбын ойлап отырсыз, Бэнтри ханым. Тағы да Скотленд-ярд кінәлі деп, ары қарай ашылмай қалған құпиялардың тізімін тізбексіз ғой.

— Ондайлардың, саны меніңше, көп бола қоймас?— деді дәрігер Ллойд.

— Иә, солай. Ашылған жүздеген қылмыстар мен жазасын алған қылмыскерлер туралы көп жазыла да, айтыла да бермейді. Бірақ біздің талқылап отырғанымыз ол емес, солай ғой? Сіз ашылмай қалған қылмыстар мен шешілмей қалған құпиялар жөнінде сөз қозғағанда, бір-біріне қатысы жоқ екі мәселені айтып отырсыз. Бірінші топқа Скотленд-ярд мүлде естімеген, болғанын жан адам білмейтін қылмыстар жатады. .....
Әңгімелер
Толық