Есей Жеңісұлы | Ғұмыр

Бір-екі сағат бос уақытым бола қалғасын, ҚазМУ қалашығындағы Көктем өзенінің жағасына келдім. Көктем күні. Айнала тып-тыныш. Қалта телефонымдағы әдемі әуендерді тыңдап, әрі-бері өткен адамдарға қарап, бір рахат күй кешіп отырмын. Шынында да, «жұмыс-жұмыс» деп жүріп, өз атымызды ұмытып қалармыз бір күні...

Әне, өзеннің екі қапталын жағалай қыз бен жігіт жүгіріп барады. Жігіттің қимылы қызық: бір орында орғып тұрған сияқты көрінеді, жұдырықтары да түйілмеген. Қыз шаршайтын емес, жарты сағатта көз алдымнан екі-үш рет өтіп үлгерді.

Түу, мына шыбындар маза бермеді-ау... Ұсақ-ұсақ құмытылар кәстөміме қонып алып, қанаттарын сулай ма-ау, құмырсқалар балағымнан кіріп, аяғымды жыбырлата ма-ау, берекем қаша бастады. Әсіресе, жап-жасыл, кіп-кішкентай, кенеге ұқсас мына бір жәндіктің күштісі-ай! Үп етіп үрлей салғанымды елеген де жоқ. Сәл күшейте үрледім. Көзге көрінер-көрінбес аяқтарымен тұрған жеріне жабыса қалды. Енді бар күшіммен үрледім, мыңқ етер емес. Құдайдың құдіреті-ай, сонша күшті қайдан алып тұр екен?! Қолыммен қағып жібермек болғанымда, жабысып тұрған кене бөлшек-бөлшек болып шашылды да қалды. Орайсыз қимылдағаныма кәдімгідей налыдым. Тіршілік иесі тірі жүре беруі керек еді...

Сөйтсем, ондайлардың мың-миллионы жүр екен, қап-қара кәстөмімде жап-жасыл болып, анық көріне бастады. .....
Әңгімелер
Толық

Есей Жеңісұлы | Айсәуле


Жеңгесі өзінен төрт жас кіші. Бірақ «жасым кіші» деп жүрген ол жоқ, таңертеңнен құлақ етін жеп, шегелеп тұрып айтқан. «Бүгін Зейнеппен жолықтырамын, ешқайда қашып кетпе. Кешкісін Әскердің үйі босайды. Бала-шағасымен Көлбұлаққа кетеді екен. Қызды сонда әкелеміз. Қиқаң-сиқаңды қой. Бүгін не бүк, не шік болып шық» деп салмақ сала сөйлеп, дік-дік басып шығып кеткен. Жеңгесінің аты — Әсел, осы ауылдың қызы. Мұның екінші атадан қосылатын ағасы Мінуарға тұрмысқа шыққанына он екінші жыл. Жасы отызға осы көктемде ғана толса да, Әсел ажары тозып-ақ қалған. Тозбай қайтсін, бірі етегіне, бірі жетегіне жармасқан төрт баланы бағып-асырау оңай болып па?

Мінуар ағасы Әселге үйленгенде Ғұмыр әскерден жаңа келіп еді. Өзінен төрт сынып төмен оқыған қыздың келбетін әуелде көз алдына келтіре алмай-ақ қойған. Дегенмен екеуі жеңге-қайны болып тез табысты. Ғұмыр Әселдің ашықтығын, ақкөңілділігін жақсы көреді. Ашуының зілі жоқ, дүңк еткізіп айта салады да, артынан өзінің не айтқанын ұмытып қалады. Қазір есіне түсірсе, Әсел келін болған он екі жыл ішінде ол тек Ғұмырға қалыңдық іздеумен күн өткізген сияқты.

Ғұмыр — бір үйдің жалғыз ұлы. Жасы биыл отыз төртке шықты. Әлі бойдақ. Әсел жеңгесі мұның бойдақтығын жасықтығынан, жуастығынан көреді. Ғұмыр шынында да тым жуас. Момын. Үндемес. Төрт әпкесі де күйеуге тиіп кеткен соң қарт ата-анасына қарап үйде қалған. Оқыған жоқ. Өзінің талабы да болмады. Білетіні — жазда қолына ұстайтын шалғысы, қыста — айыры......
Әңгімелер
Толық

Есей Жеңісұлы | Жесірлер

1. «Сағындың ба?»

Мамырдың мамыражай бір күні еді. Мал төлдеп бітіп, шаруа адамының қолы қалт босаған шақ. Сөйтсе де, ауылдың ұсақ-түйек шаруасы біте қойсын ба, істеймін десең екі қолға бір жұмыс табылады. Гүлсім де үйде жалғыз отырудан зерігіп, қора жаққа беттеді. Бадаға кеткен сиырлардың астын тазарту керек. Бұл өлкеге нағыз көктем мамырды орталап келетін әдеті. Сонда ғана Жер-Ана бусанып алып, бауырын тіле еккен көкке нәр беріп, еркін тыныстап жатқаны.

Ұлының күпәйкесін кие салып еді, сәлден кейін ыстықтай бастады. Басындағы орамалы көзіне қайта-қайта түсе беріп шаршатты. Гүлсім күпәйкені шешуге асықпады. Көктемгі желемік желмен ойнауға болмайды, ертең бүйірден ұстап қалса, бәле сонда басталар. Орамалының сулығы самалмен тербеліп, қытығын келтірген соң, Гүлсім оң жақ езуімен тістеп алды. Епсекті қолы күректі әрі-бері тез аударыстырып, ретті қимылдайды. Бір мұңды әуен тілінің ұшына келе берген. Сәлден соң Гүлсім өзінің жайлап сол әуенді ыңылдап жүргенін аңғарды.

Қыздарының бәрі тұрмысқа шыққан. Бұл күнде әрқайсысы бір-бір үй. Бірден-екіден жиен де сүйгізіп отыр. Бәрі алыста. Анда-санда ғана артынып-тартынып келіп, апталап жатып кетеді. Ондайда Гүлсімнен сергек, Гүлсімнен самдағай адам жоқ. Бұрынғысынша, Темірбегі тірі күніндегідей, жайнаң қағып жасарып кетеді. Жиендерінің бірін жетелеп, көршілерге кіріп-шығуы да жиілейді. Қалың ойдан еңсе жазып, қабағына сәуле ұялайтыны да осы кез. Амал не, қыздары кеткесін құлазып-ақ қалады. Кеудесінен ел көшкендей, боп-бос. Ал жалғыз ұлдың санасына ештеңе кіріп-шықпайтын сияқты. Ертелі-кеш бағатыны — қора маңы. Одан қалса кешкілік добын құшақтап, мектепте волейбол ойнауға тартып бара жатады. Анда-санда дастарқан басында отырғанда әкесі туралы сөз бастаса, ұлы ілесіп те жарытпайды. Үнсіз тыңдайды да, басын салбыратып отырып-отырып тұрып кетеді. Бірақ Гүлсім ұлының бұл қылығына ренжіген емес. Оның да соңғы кездері жиі ойланатынын байқап қалып жүр. Сырттай оқуға түскелі өзі кітап оқығыш болып алды. Сессия басталуына әлі жарты ай уақыт бар болса да, «киінемін», «әпкелерімнің үйінде жатып ағарамын» деп сылтау айтып, Алматыға алып-ұшып жөнелген. Анасының жалғыз қала беретініне әбден еті өліп кеткендей......
Әңгімелер
Толық

Есей Жеңісұлы | Бақытты ит


Биік-биік дуалдан арғы жағындағы әсем коттедждері әрең көрінетін көшемен өрлеп келемін. Мына керемет үйлер біз тұратын ықшамауданмен көршілес екеніне көңілім сенбейді. Өз үйімді қатты қорашсынып қалғаным рас еді. Мұндағы үйлердің сәулеті бірінен-бірі асады. Сыртынан көріп жүрсем де, бұл сарайларда қандай өмір қайнап жатқанына қызықпаған екенмін.

«Еменді» ықшамауданындағы бесінші нөмірлі үйді іздеп келемін. Бұл ауданның көшелерінде атау жоқ. Біріне-бірі иін тірестіре салынған, қос дуалдың ортасынан екі жеңіл көлік сығылысып әрең өтетін көшелерге елдік тұлғалардың аты берілмегені де жөн шығар. Мына жерге қор болады ғой. Болашақ «қызмет орнымды» іздеп жүріп, осылай «кең ойланып» келе жатқан жайым бар.

Ертеңнен бастап №5 үйге күзетші болмақпын. Бұған дейін тышқан мұрнын қанатып, жұмыс істеп көрмеген ерке едім. Әкем мен анамның зейнетақысын жырымдап, оқуыма төлеп жатқаны ойландырды. Күндердің күні тәртіп сақшысы болып істейтін ағама: «Жұмыс тауып бер», — деп міндетси қалдым. Оқуыма өзім тапқан ақшаны төлегім келетінін айттым. Үшінші курс болғанымды, енді ата-анама салмақ сала беруім дұрыс еместігін термелеп жатырмын. Ағам менің кенет күрт өзгергеніме сенер-сенбесін білмей, бет-жүзіме сығырая, зор күдікпен қарап алды да:

— Табамыз. Шынымен жұмыс істегің келсе... — деп қысқа қайырды.

Тапқаны — күзетшілік. Жұма күні қолыма өзінің сәл ғана ескірген жұмыс формасын, әлдебір куәлікті ұстатты. «Осы көшемен тік жүріп, бағдаршамнан солға бұрылсаң, қызыл шатырлы үлкен үй көрінеді. Соның қатарымен жоғары өрлей бер. Алдыңдағы екінші бұрылыстан №5 үйге тірелесің. Сонда Марат және Тамыр деген жігіттер бар. Соларға менен келгеніңді айт. Олар сені бастығыңмен таныстырады» деген ақылын қоса айтты. Және өзімнің студент екенім туралы тіс жармауым керек. Ішкі істер қызметкерімін, болды. .....
Әңгімелер
Толық

Әбдіжәміл Нұрпейісов | Туған жер

О, дариға, алтын бесік туған жер,

Қадіріңді келсем білмей кеше көр.

Жата алмас ем топырағында тебіренбей,

Ақын болмай, тасып болсам мен егер.

Қасым

Пойыз жүрер алдындағы сәтті есіңе түсірші: қоңырау соңғы рет соғылған, жолаушылар мен шығарып салуға келген кісілер айрылысар алдындағы сөзін асыға-үсіге айтып, қоштасып, құшақтарын енді ғана жаза, ажыраса береді де, әлденені ұмытқандай қайта оралады, қайта құшақтасады, қызыл бояу жаққан ерін қайыс ерінге қайта жабысып, бас-аяғы жоқ бір-бір сөз, бір-бір ауыз тілектерін жолдап, абыр-жыбыр, ал кеш қалған жолаушылар дәл бір өрттен шыққандай, есі-түсі қалмай етек-жеңі далақтап жүгіріп келеді.

Жасыратыны жоқ, жылжып бара жатқан пойызға екі етегі далақтап жеткен жолаушының мен де бірімін. Қара терге түсіп, алқынып барам. Шығарып салған жолдастарым да ренішті. Қайсыбірі құрдастығын арқаланып боқтап жатыр. Олармен қалай қоштасқанымды да білмеймін. Құшағымдағы кішкентай баламнан бауырымды жазып, қасымда жүгіріп келе жатқан шешесіне ұстата салдым да, көк шолақ пойызға бір-ақ ырғыдым. «Ісі құрсын. Әр кездегісі осы», — деген ренішті біреудің дауысын құлағым шалды. Жиі-жиі есіте бергесін әсер етпейтін сөздер болады. Кісі ұрысқанға да үйренеді. Жолдастарымның әлгіндей ренішіне қысылу орнына күлімсіреппін. Купеге заттарымды кіргізе сала қайта шықтым. Кісі-қаралар үймелеп тұрған терезеге.ентелеп барып мен де үңілгенде, көк шолақ пойыз құниып тартып, сыпыртып ұзап та кетіпті.

— Жә, қайтесің,— деді сырт жағымнан салқын дауыс. .....
Әңгімелер
Толық

Әбдіжәміл Нұрпейісов | Жер шоқтығы

Көкшетауда бір болған кісінің бұл өлкеге қайта айналып соқпауы мүмкін емес. Көргеннің көзін жаулап, есіткеннің құлағын елеңдетіп есіл-дертін алып ынтызар ғып бітетін өлке. Әне бір ілгері заманда Арқаның аң иығы — сал ақын осы өлкенің басы мен аяғын әнге елтіп, той-думанға қарық қып дәурендеп жүрген шағында: «Жер шоқтығы Көкшетау» деп, туған жеріне сонша сұқтанғаны тегіннен-тегін емес-ті. Адам баласы мекен еткен ай мен күн астында бір кезде салдар мен серілер думан құрған осы кербез сұлу Көкшетаудың қасына қысылмай барып иықтасып қатар тұрып, сәні мен сұлулығын салыстырар басқа бір өлке, әй, қайдам, табыла қояр ма екен? Табылса да ілуде біреу болар-ау! Сұлулықтың ел аузындағы аты біреу болғанмен әсері әр түрлі. Сұлулық та қысқа күнде қырық құбылатын көңіл шіркін сияқты адам болған адам бойында, ет пен тері арасында жүретін аумалы-төкпелі сезім. Қаршадайымыздан құлағымызға сіңген исі қазаққа белгілі бір қағидаға құлақ ассаң, тіпті «сұлу — сұлу емес, сүйген — сұлу». .....
Әңгімелер
Толық

Әбдіжәміл Нұрпейісов | Ер шоқтығы


Ол жиналыстан көңілсіз қайтты. Әлгінде Көкшетаудың бас-аяғына жиналған дүйім жұрт алдына бұны жалғыз шығарып алып, кеудесіне орден қадаған қуанышын да сезіп келе жатқан жоқ. Сол арада ол қуанғаннан гөрі іштей ыңғайсызданып бітті. Самаладай шам сәулесін жан-жағынан анталатып қойды. Салтанатты сарайда иін тіресіп отырған жұрт назары бір өзіне ауып, қошеметшіл жиынның қызу соққан алақандары үйді басына көтере дүрілдетіп ала жөнелгенде, қысылшаң жігіт тіпті не істеп, не қойғанын да білмеді. Тер одан да, бұдан да кетті. Абдырап аузына сөз де түспей қойды. Құрғап қала берген тамағын жібіткісі кеп, қолын әлсін-әлсін алдында тұрған суға соза беріпті. Кейін не айттым деп қанша ойласа да, есіне ештеңе түспеді. Аузынан шыққан сөздер құдды әлденеден оқыс үркіп, дүркіреп ұшып кеткен торғайдай. Сөзінің соңында ол әйтеуір ертеден бері уысында умаждап тұрған ескі кепкадан көзін алып, тым-тырыс болып тына қалған халыққа: «Алдағы уақытта да аянбай еңбек етем», — депті.

Жұрт, әрине, Әутен Қуандықовтың аянбай жұмыс істейтінін біледі. «Жарқайың» фермасын басқарғанына, міне, жеті жылдан асып барады. Жылда егін піскен бойда мал фермасының тауқыметін балалы-шағалы әйеліне қалдырып, өзі комбайнға отырады. Өткен жылы Қостанайдың атақты комбайншысы Сартаймен жарысқа түсті. .....
Әңгімелер
Толық