Есей Жеңісұлы | Жесірлер

  Есей Жеңісұлы |  Жесірлер


(Диптих)

1. «Сағындың ба?»

Мамырдың мамыражай бір күні еді. Мал төлдеп бітіп, шаруа адамының қолы қалт босаған шақ. Сөйтсе де, ауылдың ұсақ-түйек шаруасы біте қойсын ба, істеймін десең екі қолға бір жұмыс табылады. Гүлсім де үйде жалғыз отырудан зерігіп, қора жаққа беттеді. Бадаға кеткен сиырлардың астын тазарту керек. Бұл өлкеге нағыз көктем мамырды орталап келетін әдеті. Сонда ғана Жер-Ана бусанып алып, бауырын тіле еккен көкке нәр беріп, еркін тыныстап жатқаны.

Ұлының күпәйкесін кие салып еді, сәлден кейін ыстықтай бастады. Басындағы орамалы көзіне қайта-қайта түсе беріп шаршатты. Гүлсім күпәйкені шешуге асықпады. Көктемгі желемік желмен ойнауға болмайды, ертең бүйірден ұстап қалса, бәле сонда басталар. Орамалының сулығы самалмен тербеліп, қытығын келтірген соң, Гүлсім оң жақ езуімен тістеп алды. Епсекті қолы күректі әрі-бері тез аударыстырып, ретті қимылдайды. Бір мұңды әуен тілінің ұшына келе берген. Сәлден соң Гүлсім өзінің жайлап сол әуенді ыңылдап жүргенін аңғарды.

Қыздарының бәрі тұрмысқа шыққан. Бұл күнде әрқайсысы бір-бір үй. Бірден-екіден жиен де сүйгізіп отыр. Бәрі алыста. Анда-санда ғана артынып-тартынып келіп, апталап жатып кетеді. Ондайда Гүлсімнен сергек, Гүлсімнен самдағай адам жоқ. Бұрынғысынша, Темірбегі тірі күніндегідей, жайнаң қағып жасарып кетеді. Жиендерінің бірін жетелеп, көршілерге кіріп-шығуы да жиілейді. Қалың ойдан еңсе жазып, қабағына сәуле ұялайтыны да осы кез. Амал не, қыздары кеткесін құлазып-ақ қалады. Кеудесінен ел көшкендей, боп-бос. Ал жалғыз ұлдың санасына ештеңе кіріп-шықпайтын сияқты. Ертелі-кеш бағатыны — қора маңы. Одан қалса кешкілік добын құшақтап, мектепте волейбол ойнауға тартып бара жатады. Анда-санда дастарқан басында отырғанда әкесі туралы сөз бастаса, ұлы ілесіп те жарытпайды. Үнсіз тыңдайды да, басын салбыратып отырып-отырып тұрып кетеді. Бірақ Гүлсім ұлының бұл қылығына ренжіген емес. Оның да соңғы кездері жиі ойланатынын байқап қалып жүр. Сырттай оқуға түскелі өзі кітап оқығыш болып алды. Сессия басталуына әлі жарты ай уақыт бар болса да, «киінемін», «әпкелерімнің үйінде жатып ағарамын» деп сылтау айтып, Алматыға алып-ұшып жөнелген. Анасының жалғыз қала беретініне әбден еті өліп кеткендей.

Қора тазалап болған соң Гүлсім үй іргесіндегі күншуаққа отырып алып, кір жууға кірісті. Үп еткен жел қалмапты, жайнаған жаз күні дерсің. Ешкім келетін хабарын айтпаса да, Гүлсім қолымен күнді көлегейлеп, көше жаққа ауық-ауық қарап қояды. Отағасы о дүниелік болғалы бері осындай әдет тапқан. Әзірде бұл үйге Темірбек бардағыдай қонақ та жиі келмейді.

Гүлсімнің ойын көрші үйден жеткен ән сазы бөліп жіберді. Қабырғасының жартысы әйнектелген Ақылбай көршінің үйінің шыға беріс есігі ашық қалыпты, ауыз бөлмеден әдемі әуен жетіп тұр. Бұл үйдің мектеп бітіретін Бану есімді қызы бар. Әлгінде ғана сабақтан қайтқанын көрген. Магнитофонды қосып, саз ойнатып жатқан сол болды ғой. Ал әуен бүртүрлі... адамды елітіп барады. Гүлсім бұл әнді қайдан естігенін есіне түсіре алмай көп тұрды. Қолының сабыны кебе бастағанда ғана:

— Ойбұй, ән тыңдап немді алған? Шымылдығы желпілдеп тұрған жасқа ұқсап... — деп өзін жазғырып алып, шаруасына қайта кірісе берді. Бәрібір әуенге елтуін қоя алар емес. Мұның тілегін естіп қойған жанша, ауыз үйден бұрымы жалт етіп көрінген Бану магнитофонның дауысын зорайтты. Енді әуен еркін естіледі.

«Тағдырға бағындың ба?

Жібек мұң жамылдың ба?

Мені аңсап, аяулым-ау,

Сен мені сағындың ба?

Мені аңсап, аяулым-а-ау,

Сен мені сағындың ба?

Са-а-ғындың ба?

Са-а-ғындың ба?»

Гүлсімнің тұла бойы түгел ұйып кетті. Көзін жас ашытып барады. Ол қалт тұра қалып, қолынан тамшылаған суды да сілкіместен тыңдай қалды. Мейрамбектің қоңыр даусы жүрегін тілгілеп, жанын қозғайды. Әннің сөзін білмесе де, ернін жыбырлатып қосылған болады. Жеңімен шарасына тұнып қалған жасты сүртіп тұрып та, құлағын ән жеткен жаққа төсеуден танбады. Әуен сорғалап барып кілт үзілгенде Гүлсімнің іші де солқ етті. Әрі-сәрі болып біраз тұрды. Өзіне-өзі келе алар емес. Отыра қалып, жуып жатқан кірін әрі-бері аударыстырды. Қолы да икемге келмей қалыпты.

«Бануға барып, осы әнді қайта қоюын өтінсем бе екен?» деп ойлады. Орамалын түзеп қойып, келесі әнді күтті. Алдындағы шаруасын да ұмытқан. Жалғыз адамда қайбір жуылмай жатқан кір болсын, кіршідегісі — көрпенің сейсебі ғана. Гүлсім әлгі әсерден айыға алар емес. Енді ойнақтаған бөтен әуен естілер болса, әсерінің быт-шыт боларын сезіп үйіне асыққан. Табалдырықтан аттай бере тосылды. Тағы да сол ән. «Са-ағындың ба?» деп қолқаны үзердей шымырлатып, төгілтіп барады. «Бану басынан қайта қойды ма екен?» деп көрші үйге бір қарап қойып, Гүлсім кірін сыға бастады. Қолы дір-дір етіп, икемге келер емес. Кірді сілкіп-сілкіп алып кермеге жайып тұрып, Гүлсім көз жасына ерік берді.

«Тағдырға бағындым ғой мен, Темірбек! Бағынбасқа шарам қайсы? Жанымыз бір демеп пе едік? Дүниенің тар соқпағын даңғыл жолға енді айналдырдық деген тұста жалғыз тастап кете бергенің не? Сен кеткелі мына дүниеге ұрлықы ниетпен қарап қалғандаймын. Езу тартып күлсем де, біреу қарап, бағып, аңдып тұрғандай қуыстанам. Жұмысымда да бұрынғыдай белсене, бел шеше қимылдау жоқ. «Темірбектің әйелі күйеуі өлгелі белсеніп кетіпті, барлық шаруаға араласатын болыпты» деген қаңқу сөзден қорқамын. Елі іші болған соң, ондай әңгіме айтылмай тұрмайды екен. Ал мен сенің атыңа күйе жаққым келмейді, селкеу түсіргім келмейді. Осыдан екі-үш жыл бұрын Есберген қайтыс болғанда, шиеттей бала-шағасына зейнетақы жаздырып алуға жүгіріп жүрген Наз жайлы ел не демеп еді? Сол Наздың жанын түсінген жан болды ма?»

Кірқыстырғышты қыса ұстап, көзінен жасы сорғалап тұрғанын бір-ақ аңғарды. Апыл-ғұпыл жан-жағына қарап, ешкімнің көріп тұрмағанына көзі жетіп, тез басып үйге кірді. Көңіліне алаң кіргені анық еді. Сыртқа қайта шыққан. «Сағындың ба?» әні әлі төгіліп тұр екен. Гүлсім Банудың бұл әнді бір таспаға түгел жазып қойғанын ұқты.

Ақылбай көршінің үйі мен өз үйі арасында шағын бақша бар. Гүлсім бақша өсіру мәселесінде кәнігі маман бола бастаған. Жылда түрлі жеміс-көкөніс ұрығын әкеліп, өсіріп көріп жүреді. Күн сайын бақшаның арам шөбін тазалап, суарып жүрсе де, Гүлсім дәл қазір таспа түгел айналып біткенше сонда түртінектеп жүре тұру жөн болатынын шамалады. Сырт қараған адам да бөтен ешнәрсе байқай қоймайды, Гүлсімнің арам шөп жұлып отырғанын ғана көреді.

Гүлсім жаратылысынан қайратты әйел-ді. Жан-жары о дүниелік болып, ақтық сапарға аттандырып салған соң тарс бекінген. Содан бері көз жасын жан адамға көрсеткен емес. Анда-санда көңіл айтып келгендер болса, олардың да жақын-алыстығына немесе шын жылап тұрған-тұрмағанына қарайлайтын болған. Ондайда іштей егіліп, сосын бойын тез жиып, қатайып алады. Әлгі адамдар Темірбек туралы айта түссе екен деп тілейді. Әзірше көңіліне жалғыз медеу — Темірбек туралы жылы сөздер. Жиырма жеті жыл бір шаңырақ астында ғұмыр кешсе де, ерінің өзі сезіп-білмеген адамшылық қасиеті көп болғанын енді ғана түсініп жүр. Дегенмен әйелдің аты әйел емес пе, ешкім жоқта өз-өзінен босап, айқайлап тұрып жылап алғысы келеді. Бұл күнге дейін өзінің көңіліне қарайтын, ашуын көтеретін адамы барда ештеңе ойламаған сияқты. Енді жан-дүниесін кімге ақтарарын білмей сансырайтын күндері көп. Жалғыз ұлдың тіршілік қызығын енді татып келе жатқанын түсінеді, сондықтан да оның санасына жүк артуға аса пейілді емес. Уақыт өте келе ұлының әкесі жайлы көбірек білуге құштары оянар. Оның үстіне, бесікте қалған бала емес, білдей студент.

Гүлсім онсыз да жүйегі айнадай болып жатқан сәбіз өскіндерінің тұсында шұқынып біраз отырды. Мұнда жұла қоятын арам шөп жоқ. Кеше ғана тазартып, суарған. Құлпынай отырғызған тұсқа қарады. Онда да бейсауат тамыр байлаған сабақтар аз екен. Әннен құлағын алмаған күйде сонда барды. Жүйектен шашыраған бірді-екілі сабақты бырт-бырт үзді.

«Сені өледі деп ойласам неғыл де, Темірбек... Әр таңда сенің аяқ-қолың семе бастағанын сезіп оянсам да, жазылып, сауығып кететініңе сеніп жүрдім. Көңіл сұрай келген кісілерді жақтырмайтын мінезің бірте-бірте маған ауысты. Олардың бәрі сені табалайтындай, сенің дәрменсіздігіңнен ләззат алатындай, өз-өзімнен қорынып, іштей шытынап жүретін болдым. Бірақ сенің алдыңда ондай әлсіздігімді көрсетуге қақым жоқ-ты. Сен өз қолыңмен қасық көтере алмайтын жағдайға жеткенде де, сол күйіңді әзілге айналдырып, балалар сыртқа шыға салысымен аузыңа тамақты еркелей салатыным ше? Сенің құлазыған көңілің бір серпілсін деп, студент кезімізді еске алатынмын. Ол кезде сен кітаптан бас алмайтын едің ғой. Сонда «суып қалады» деп аузыңа тамақты қасықпен құятынмын. Сен бәрібір көзіңді кітаптан алмайтынсың. Мен бейбақ сол шақта күндердің күні сенің қасық көтеруге шамаң болмайтынын, тамақты жас балаша аузыңа тосарымды ойладым дейсің бе?»

«Сағынғаным-ай...» деп егілді Гүлсім. Басын еңкейте түсті. Саусақтары жүйек-жүйектің арасын тінтіп, құр бекер түртінектеп жүр. Іліне қояр арам шөп жоқ. Бір сәт әнші аялдап, иірімі терең саз шалқығанда, Гүлсім қайтадан өз-өзімен сөйлесіп кетті.

«Мен сені өлімге қимадым, Темірбек. Миыма қайдан орнап қалғанын қайдам, күндердің күні сен құлан-таза айығып, тең басып кететіндей көріндің де тұрдың. Тұла бойыңды әбден меңдеген ауру шығып бітуі үшін сенің ағзаң толық әлсіреп, сосын барып қана күш алуға тиіс сияқтанып тұрды. Жазған басым, сол әлсіреу — мәңгі айырылысудың басы екенін түсінбеппін-ау...

Сенің науқасқа душар болғаныңа кінәлі — менмін. Азаматым деп арқаланып жүруді ғана біліппін. Батпандап кірген дертті мысқалдап шығаруға түк істемегенім-ай... Бәрібір... бәрібір мені тастап кеткенің не? Бір күні қасыңа шақырып, қалам-қағаз сұрап, айтқаныңды жазып отыруымды өтінгеніңде де өлім туралы түк ойлаған жоқпын. «Жылдардың түрдім желкенін» дедің.

— Жылдардың түрдім желкенін,

Тентектеу едім, ерке едім.

Түнек боп төніп тұр қарап,

Келмейтін мәңгі ертеңім.

Тірліктің тылсым аралы,

Барады тастап жағаны.

Жалғанның нұрын қия алмай,

Жанарым сөніп барады,

— деп жазғыздың. Сенің қоштасып жатқаныңды сонда да сезген жоқпын. Екі ауыз өлеңді ары оқып, бері оқып түсіне алмадым. Түсініп-ақ тұрдым, бірақ сенгім келмеді. Елудің есігіне келіп тұрып, жарық дүниені кім қиып кетуші еді? Бұрын сен өлең жазбайтынсың. «Күні бойы әрекетсіз жатқан соң, бұл да ермек шығар» деп ойладым да қойдым. Келесіде үмітті өлең жазбасаң, қағазға түсірмей қоятынымды айтып қорқыттым. «Жаз, жазып қал. Көкірегімнен жаным қош деп ұшар күн маған да таяды» дедің сен сұп-суық.

Ертеңіне ортаншы қыздың шошыған даусынан селк етіп оянып кеттім. Сенің жанарың ештеңеге тұрақтай алмай, шарасынан шыға алайып жатыр екен. Тілсізсің. Көрші үйден молда да келе қалды. Балалардың бәрін сыртқа шығарып жіберді. Ернін жыбырлатып, кәлима қайырды. Су алдырып, басыңды сүйеп отырып ұрттатты. «Қарағым, берік бол. Азаматың мәңгілік мекенге аттанып барады» деді маған. «А-а?» деппін. Ештеңе түсініп тұрғаным жоқ. Басым дуылдап барады. «Қосағыңның жанын қинама. Қидым деп айт. Қидым де» деді молда. Қалай қиямын мен? Мен сол кезде сол бір ауыз сөзді, қарғыс атқыр «қидым-ды» айтпасам, сен өлмес пе едің, Темірбек?..»

Гүлсім жұдырығының ауырғанына қарамастан, кесек топырақты салып-салып қалды. Сулығымен көзін басып алып, тағы ұзақ отырды. Бұл кезде өксік жан-жүйеден бір-ақ шығып, екі иықты селкілдетіп барып қана көмейден ақтарылатын болған. Гүлсім ұзақ өксіді.

Орнынан әзер көтеріліп, үйге беттеді. Қадамы қалт-құлт етіп, теңселе басып барады. Үйге кіре бетін жумаққа еңкейе беріп еді, қолжуғыштың айнасындағы өз бейнесіне көзі түсті. Екі көзі бұлаудай болып ісіп кетіпті. Өзін-өзі қинай жымиды.

Іші босап қалыпты.

Өксігі әбден тыйылып, көзінің ісігі басылыңқырағанда, Гүлсім Ақылбай көршінің үйіне аяңдады. Мана әуен үзіліп, тыншығандай болып еді. Енді тағы төгіліп тұр. Гүлсім енгенде, өспірім қыз Бану ауыз үйдегі төр көрпеде шалқасынан жатқан-ды. Көзін жұмған күйде әнге қосылып, ыңылдап, «Са-ағындың ба?» деп құбылта созып, басын саз ырғағымен билетіп қояды. Аяқ дыбысынан көзін шалт ашқанда, Гүлсім алға ұмсына беріп, Банудың қолынан ұстап:

— Банужан-ай, рахмет саған! Бір жеңілдеп қалдым-ау, — деді.

Бану түк те түсінген жоқ. Көрші апайының сәл ісіңкі көзіне бір қарады, өзіне бір қарады...

2. Түсіну

Күлән бұл туралы ешкімге айтпауға бекінді. Ойша кіммен ақылдасу керегін салмақтап көргені рас. Құрбыларының ешбіріне бұл мәселеде сенім білдіре алмасына көзі жетті. Әйелдің аты әйел, ертең сәл сөз шықса, қамысқа тиген өрттей қаулап жөнелер. Одан да алдымен Тәнтінің тамырын басып көрсін, арғы жағы бірдеңе бола жатар.

Күлән Тәнтіні қатты аяйды. Мына заманда алты баламен жесір қалуды Алла ешкімнің басына бермесін. Тәнті жыл жарым аралатып, құрсағы құрғамай бала көтеріп, айналасы он-он бір жылдың ішінде алты баланың анасы атанып шыға келген. Ері Әудембек те азаматтың азаматы, ердің ері еді. Тәнті екеуі шаңырақ көтергенде үрерге иті, сығарға биті жоқ-ты. Екеуінің ел қатарына ілігіп, кәдімгідей жұрт үлгі тұтар отбасы атала бастағаны да соңғы жылдар болатын. Әудембекке кесел кенет жабысты. Кейінгі бір жылда екі иығымен есіктің жақтауын сындырып кірердей азаматтың құр сүйегі қалған. Ақыры ауру алып тынды. Алты баласымен аңырап Тәнті қала берді.

Алғашқыда Күлән жиірек барып, Тәнтінің көңілін аулап отырушы еді. Тәнті тез босайды, Әудембектің аты аталмақ тұрсын, ол ұстаған заттың ретсіз жатқанын көрсе де көз жасына ерік береді. Бала балалығын істемей тұра ма, бірде ортаншы ұл Ахмет Әудембектің шалғысымен қалақай шаппақ болып, абайсызда сағасын сындырып алыпты. Шалғының бөлек жатқан басына бір, сабына бір қарап, Тәнті ал кеп егілсін. Солқ-солқ етіп, иегі кемсеңдеп ұзақ жылады. Күлән жұбатпақ болып еді, көрші кемпір «ішін босатып алсын» деп ерік бермеді.

Әудембек қайтыс болғаннан кейін Тәнті бір жыл бойына ауылдан аттап басқан жоқ. Жиын-тойларға да бармады. Анда-санда, сенбі, әлде жексенбіде ол балаларын жылы киіндіріп, ауылдан едәуір қашықтағы зиратқа бет алатын. Бір-екі рет Күлән да еріп барды. Тәнті бейбақ Әудембек қабіріне шаршай жетіп, топырағын уыстаған күйі тынып қалады. Көзінен жас парлап, қыстығып, ақыры шыдай алмай дауыс салып жібереді. Ескі мақаммен сай-сүйегіңді сырқыратып, ерін жоқтайды. Мұндайда әр жер-әр жерде үрпиісіп тұрған алты бала не істерін білмей, бірі жанарымен жер шұқып, бірі түймесін айналдырып, әбігер-әуреге түседі. Мектеп бітіруге таяған Аққал ғана анасының қасына отыра кетіп, Тәнтіні кішкентай көкірегіне қысып, жұбатып отырғанын көргенде кімнің кеудесін өксік кернемесін... Өзі де жылап жіберіп, состиып тұрып қалған Күлән сонда ғана ес жиғандай болып, тез-тез басып Тәнтіге таяп:

— Жаным, құрбым-ау, сабыр етші. Балапандарыңды аяшы. Қабір басында жыламайды дейді ғой. Азаматыңа, Әудембегіңе ауыр болады, кәне, тыйылшы, — дейтін.

Тәнті әбден босап, бір сәттері тек екі иығы селкілдеп қалған кезде домбыққан көздерін Күләннан жасырыңқырап, жерге қарағыштап, пісіріп келген шелпектерін салып, шағын дастарқан жаяды. Аққалдан өзге бес бала бұл кезде зират ішін аралап, туыс ата-әжелерінің қабірінен топырақ алып жүреді. Естияр болып қалған Тәуірбек өзгелеріне әмір беріп, үйден арнап әкелген орамалдармен құлпытастардағы шаңды, құс саңғырығын сүрткізеді. Сосын бәрі Тәнтінің қасына жайғасып, ананың күбір-күбір дұғасынан кейін кішкентай қолдарымен бет сипап, дастарқандағы шелпекті таласа-тармаса жеп алады. Үйге қайтарда, бала емес пе, ересектеу Аққал, Тәуірбек, Рахметтен басқа үшеуі құлдыраңдап жарыса жөнеледі. Тіпті кенже қыз Қамар да бантигі желбіреп, ағаларының артынан жүгіреді. Олар әудем жерге барып, ентік басып демалып тұрғанда, Тәуірбек жылдамдата анасынан бұрын жетіп, оларды тәртіпке шақырады. «Тойдан келе жатқан жоқсыңдар ғой. Үйге дейін шыдасаңдар болмай ма? Үйге қарай жүгіруге болмайтынын да білмейсіңдер ме?!» деп жекігенін Күләннің де құлағы шалған. Ондайда Ахмет, Дәуірбек, Қамар үшеуі де өз қателерін шын мойындап, ағат кеткендерін сезіп, аналарының қабағын бағып, үйге томсарып жететін.

Алты баланы киіндіріп-ішіндіру Тәнтіге оңай болған жоқ. Тәнті колхоз тарағанша сонда бас есепші болды, тараған соң мектепке ауысты. Оның есеп-қисапқа тастай екенін бүкіл ауыл біледі. Мұғалімдердің жалақысын ауданнан уақтылы әкеліп, у-шусыз, соңғы тиынына дейін түгендеп, шып-шырғасын шығармай ұстататын. Аудандағылар да Тәнтінің ұқыптылығын білетін, ол келгенде: «Таубұлақтың Күлмесханы келіпті, оны бірінші жіберейік», — десіп, Тәнтінің қағаздарына тез-тез қол қойып, мөр басып жіберетін. Жұрт сыртынан түрлі ат қойып, пыш-пыш сөз айтса да, Тәнті сол сабырлы қалпынан өзгерген жоқ. Тек бұрынғысынан гөрі тұйық, бұрынғысынан гөрі бұйығы. Әудембек қайтқанына екі жыл өткенде ғана тойға барды. Ауыл Тәнтіні әнші деп білуші еді, енді тіпті қолқалап ән айтқыза алмайтын болды.

Құрдастар арасындағы түрлі отырыстарға Тәнті ұдайы балаларының біреуін ертіп әкеледі. Отырыс бітіп, келiншектер күйеулерінің киімін іздеп, біреулері қызып қалғандарды сүйемелдеп, әбігерге түсіп жатқанда, Тәнті сол үйдің балаларының ортасында ұйықтап қалған өз баласын оятып жүргені. Ондайда Тәнтінің әлде Рахметі, әлде Ахметі, әлде Дәуірбегі түкке түсінбей, тыныштығын анасының кенет бұзғанына ренжіп, пәлтесінің жеңін таппай, біраз әуреге салады.

Колхоз тарағалы бұрынғыдай тегін келіп жатқан дүние жоқ, жұрт алды-алдына жанбағыс үшін жанталасып кетті. Сол кезде Тәнті қиналудай қиналды-ақ. Жүгіріп жүріп, ауылға таяу жерден шабындық жер алды. Егістік бәрібір қашық. Өзі болса жұмысын тастай алмайды, тастаған күнде де Әудембегі барда шалғы ұстап, не болмаса тракторшының артынан «әке-көкелеп» жүріп жер жыртқызып, егін еккізіп көріп пе? Бар салмақ ересектеу Тәуірбек пен Рахметке түсті. Анасы үшеуі көктем шыға егіске, жаз орталана шабындыққа, күз туа ораққа жүгіретін болды. Күлән бір-екі рет Тәнтінің шалғы тартып жүргенін көрген. Бүкшең-бүкшең етіп, аяғы артқа, кеудесі алға кетіп, қара сорпа тері шығады екен. Шалғысын түзу тартқаннан, басын жерге қадап алатыны жиі. Ондайда Тәуірбек пен Рахмет өздерінше намыстанып:

— Апа, сіз шай қайнатып отырсаңыз болды емес пе? Тіпті жұмыс істегіңіз келіп шыдамай бара жатсаңыз, кепкен боразданы қоғамдап, шөмеле салуға ыңғайлай берсеңізші, — деп қояды.

Осының бәрін көре жүріп, Күлән бір ойға бекіген. Өздерімен құрдас есепті, бірер жас қана үлкен Сағынбектің әйелі қайтыс болғалы бес жыл. Оның екі баласы да студент, қаладан анда-санда ғана келеді. Әйелі қайтқалы Сағынбектен де күй кеткен. Киімдері сауыс-сауыс болып, уақтылы ыстық ас ішпей, жайы келмей жүргені аңғарылған. Өзі бір ақкөңіл жігіт. Колхоздан еңбегіне тиген «Газикті» күні-түні салдырлата айдап, біреудің шөбін, біреудің отынын түсіріп беріп, енді біреуді көшірісіп, қолы еш тимейді. Көктем мен күзде, ауылдағы жалғыз комбайнның иесі болған соң, егін егіп, оны орудан босамайды. Ауылдастары егін орғызу үшін Сағынбектің комбайнына кезекке жазылады. Кейін еңбегінің ақысымен қоса «амандық үшін» алып қоятыны болмаса, Сағынбек былай жаман адам емес. Күйеуімен құрдастығын пайдаланып, ол Күләннің қитығына тигенді жақсы көреді. Күлән Тәнтіні осы Сағынбекке таныстырмақ. Бір ауылда тұрғасын, бұрыннан-ақ таниды ғой. Екеуі неге жарасып кетпеске? Қартайып тұрған жоқ, бірі — елуге енді келеді, бірі — қырықтан жаңа асты.

Күлән мен Тәнті аудан орталығының шеткі көшесінде көлік күтіп тұрғанда, Күлән өз ойындағысын тағы бір пысықтап алды. Олардың ауылына енді көлік жүре қоюы екіталай. Тәнті кешкі автобусқа бір-ақ шықпақ болғанда, мана Күлән қоймай осында ертіп әкелген. Таңертең Сағынбектің «Газигімен» орталыққа тартқанын көрген, әне-міне ол ауылға қайтуға тиіс. Кабинасында бөтен ешкім болмаса деңіз. Көше басынан қылт етіп көрініп, зорая берген көліктің Сағынбектікі екенін танығанда Күлән іштей қуанып кетті. Қасында да ешкім жоқ екен. Сағынбек газды ойбайлата басып жақындады да, Күлән мен Тәнтіні тани кетіп, шиқылдата тоқтады. Оң жақтағы есікті шалқасынан ашып жіберіп:

— Біздің ауылдың сұлулары, қалай, жұмыстарың біттi ме? Кеттік! — деп қуана дауыстады ол.

Күлән табанының балшығын сүрткенсіп әдейі аялдап қалды. «Тәнті Сағынбектің қасына отырсын» дегені. Қасақана әуреленіп, Тәнтіге көз тастап еді, ол қалшиып тұр екен.

— Әй, әй! Менің «Газигім» «Тойота» емес міндетті түрде аяқ тазалап кіретін. Кәне отырыңдар! Қайта ауыздарыңды басып, бастарыңды тұмшалап отырмасаңдар, шаңға көмілесіңдер, — дейді Сағынбек. Ойында ештеңе жоқ. Тәнтінің бәрібір қозғалмасына көзі жеткесін ғана Күлән бірінші болып көлікке аяқ артты. Ауылға жеткенше Тәнті олардың әңгімесіне араласқан жоқ, терезеге телміріп отырды да қойды.

Бұдан кейін де Күлән Тәнті мен Сағынбекті «күтпеген жерден» бір-біріне бірнеше рет жолықтырған. Тәнті іш бермеді. Бергеніңіз не, бірте-бірте Күлән ойын оқып қойғандай, жақын құрбысынан бой тарта бастағаны да сезілген. Бірдеңеге кіріссе, нәтиже шығармай тоқтамайтын Күлән сонда да қыңған жоқ, өз жоспарын бәрібір іске асырмай тынбауға бекінді. Сағынбектің өзі ештеңе сезер емес. Бірдеңе ғып білдірейін десе, май-май шәпкісін қыса ұстап, отырыстарда жұрттың соңын ала асықпай орнынан тұрады. Тәнті баласын ертіп, жұрт орнынан қозғалғанда-ақ шығып кетеді.

Ақыры Күлән шыдай алмады. Кеште күйеуі Жақсыбайға шәй құйып отырып өзінің Тәнтіні Сағынбекке телігісі келіп жүргенін, бірақ Тәнті тіпті мойын бұрмайтынын айтып салды. Жақсыбай әйеліне жақтырмай, алара қарады.

— Сенде өзі тауықтың миындай ми бар ма өзі? — деді аз-кем үнсіздіктен соң.

— Е, неғыппын? Жазығым — екі жартыны бір бүтін етуге тырысқаным ба? — деп бұл да шап ете қалған.

— Басқа басқа, Тәнті мен Әудембектің қандай жарасымды ғұмыр кешкенін сен білсең етті! Тәнті... ол... баяғыда жанын, иә, жан-дүниесін, жоқ... кеудесіндегі сезімдi... Әудембекпен бірге жөнелтіп қойған. Оның ендігі бар қызығы — балалары ғой. Қалайша түсінбейсің сен? — деді сосын. Сөз осымен тәмам болды.

Бірде кешкілік Тәнті Күләнді үйіне шақырды. Ауладан кіре бере қора жақтан бері тау боп үйіліп жатқан шөпті көрді. Шарбақтың сыртында Сағынбектің «Газигі» тұр. Есіктің алдында Рахмет Сағынбектің қолына су құйып жатты. Күләннің іші жылып қалды. Өз ниеті іске асуға бет алғандай, үйге жайраңдай күліп кірді. Дастарқан жайнап тұр екен. Шөп басысқан екі-үш бала жігіт Күләнді көріп, орындарынан қарғып тұрып амандасты. Бәрі дастарқанға ыңғайсыздана қарасты. Ортада мөлдір шыныда жарты литрлік арақ тұр сорайып. Тәнті дереу жұрт назарын аудара:

— Бұлар да жігіт болды ғой. Тәуірбегіме шөп басысқаны үшін алып қойса, ұстаз-апайлары кешірер, иә, — деді жымиып. Күлән бозбалалардың неге ыңғайсызданын енді білді. Отыра беріп:

— Е, бұл жігіттер мектеп бітіріп, азамат болды ғой. Өздері біледі де, — деді жайдары. Ас үстінде Күлән ұрланып Тәнті мен Сағынбекке бірнеше рет көз тастап қойды. Сағынбектің ойында түк жоқ, Тәуірбектің шабысы қияда екенін, мәшинені аса шебер тізгіндемесе, шөптің оп-оңай ауып кететінін айтып қояр емес. Ал Тәнті Күләннің тіміскі көзіне бір рет аса суық қарады. Күләннің денесі тітіркеніп кетті. Қонақтарды шығарып салғасын Тәнті Күләнді оңаша алып қалды. Бірдеңе айтқысы бар.

— Күлән, — деді жай ғана. — Күләнтай, сенің не нәрсеге талап қып жүргеніңді сеземін. Менікін бір өмірзая көретін шығарсың. Мейлі. Мен... мен... Әудембекті...

Тәнті жылап жіберді. Жалын ата күрсініп:

— Мені бәрібір түсінбейсің ғой сен... — деді өксік араластырып.

Күлән үйіне бей-жай болып қайтты. Түсінбесе түсінбейтін шығар... Құрсыншы, әркім өзімен-өзі болсыншы. «Менің ниетім адал еді ғой» деді күбірлеп.

***

Дүние кенет аунап түсті.

Бәсе, бағана тұла бойының жер тартуы жаман еді. Көрші ауылдан химик-мұғалима екеуі жаяу қайтқан. Жол бойы бұл қайта-қайта демалып, өз-өзінен демігіп, әрбір адымын қинала аттап, тоқтай берді. Әншейінде 20 минутта таусылатын үш шақырымдық жол тіпті ұзарып кеткендей. Бірнеше рет соқпақ шетіне отырып демалды. Бірде тіпті көк майсаға керіле жатып аяқ суытқан. Химик-мұғалима жастау еді, не кете алмай, не асықтыра алмай, ол да мұнымен бірге отырып-тұрып берекесі кеткен. Күләннің сол көзі маңдайын солқылдата тартты да тұрды.

Үйіне таяғанда қарақұрым елді көрді. Дауыс салып кіріп жатыр. Күләннің жүрек тұсы шым ете қалып, жер таянып қайта тұрды. Қайнысы Атшыбай астындағы атының тізгінін қоя беріп, бода-бодасы шыға жылап, үйге қарай ат қойып келеді екен.

— Бауыр-е-ем! Қанат-е-ем! Ұялас-е-ем! — деп өкіре келіп, аттан секіре түсіп, үйге жүгіре кірді. Күлән талып қалды...

...Жақсыбай қан қысымы күрт көтеріліп қайтыс болыпты. Түскі асқа үйіне келе жатқанда қасындағы көрші Талғатқа бірдеңе демек болып бұрыла беріпті де, аузы-мұрынан қан саулай құлапты. Соңғы сөзін де айтып үлгермепті марқұм.

Күлән қайта-қайта тала берді. Кім келіп көңіл айтып, кім басын сүйеп шәй ішкізіп жатқанын да сезген жоқ. «Жақсыбайдың денесі жер қойнына ертең беріледі» деген түні ептеп есін жиып, қосағының жүзін көріп қалуға тәуекел етті. Жақсыбайдың ерні көгіс тартып, күлімсіреп жатыр екен. Маңдайы, бар денесі сұп-суық. Төрт баласымен бірге отырып шырақ жақты.

Ертеңіне жаназа шығарылып, жұрт сүйекті алып кеткенде Күлән тағы талып қалды. Есін жұрт зираттан оралғанда бір-ақ жиды. Дауыс шығарып жоқтау айтуға да шамасы жоқ, іштей егіліп, ыңырсыды да отырды.

Көзін бір ашып, мұнарланған жанарын сейілтіп, айналасына үңіле қарағанда аузына ыстық шәй тосып тұрған Тәнтіні көрді. Екі-ақ күнде аруақтай арып қалған қолын соза түсіп, Тәнтіні бауырына тартты.

— Мен де сорлы болып қалдым ғой, Тәнті, — деді қыстыға жылап. Тәнті қосыла жылады.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі
» қазақ тілі тестілеуде_келген_сұрақтар_зерттеуші
» Наурыз мейрамы Қазақстанда жаңа форматта тойланады