Әңгіме: Есей Жеңісұлы | Бақытты ит

Әңгіме:  Есей Жеңісұлы  | Бақытты ит казакша Әңгіме:  Есей Жеңісұлы  | Бақытты ит на казахском языке


Биік-биік дуалдан арғы жағындағы әсем коттедждері әрең көрінетін көшемен өрлеп келемін. Мына керемет үйлер біз тұратын ықшамауданмен көршілес екеніне көңілім сенбейді. Өз үйімді қатты қорашсынып қалғаным рас еді. Мұндағы үйлердің сәулеті бірінен-бірі асады. Сыртынан көріп жүрсем де, бұл сарайларда қандай өмір қайнап жатқанына қызықпаған екенмін.

«Еменді» ықшамауданындағы бесінші нөмірлі үйді іздеп келемін. Бұл ауданның көшелерінде атау жоқ. Біріне-бірі иін тірестіре салынған, қос дуалдың ортасынан екі жеңіл көлік сығылысып әрең өтетін көшелерге елдік тұлғалардың аты берілмегені де жөн шығар. Мына жерге қор болады ғой. Болашақ «қызмет орнымды» іздеп жүріп, осылай «кең ойланып» келе жатқан жайым бар.

Ертеңнен бастап №5 үйге күзетші болмақпын. Бұған дейін тышқан мұрнын қанатып, жұмыс істеп көрмеген ерке едім. Әкем мен анамның зейнетақысын жырымдап, оқуыма төлеп жатқаны ойландырды. Күндердің күні тәртіп сақшысы болып істейтін ағама: «Жұмыс тауып бер», — деп міндетси қалдым. Оқуыма өзім тапқан ақшаны төлегім келетінін айттым. Үшінші курс болғанымды, енді ата-анама салмақ сала беруім дұрыс еместігін термелеп жатырмын. Ағам менің кенет күрт өзгергеніме сенер-сенбесін білмей, бет-жүзіме сығырая, зор күдікпен қарап алды да:

— Табамыз. Шынымен жұмыс істегің келсе... — деп қысқа қайырды.

Тапқаны — күзетшілік. Жұма күні қолыма өзінің сәл ғана ескірген жұмыс формасын, әлдебір куәлікті ұстатты. «Осы көшемен тік жүріп, бағдаршамнан солға бұрылсаң, қызыл шатырлы үлкен үй көрінеді. Соның қатарымен жоғары өрлей бер. Алдыңдағы екінші бұрылыстан №5 үйге тірелесің. Сонда Марат және Тамыр деген жігіттер бар. Соларға менен келгеніңді айт. Олар сені бастығыңмен таныстырады» деген ақылын қоса айтты. Және өзімнің студент екенім туралы тіс жармауым керек. Ішкі істер қызметкерімін, болды.

Әуелде «Бесінші үйде әлдебір кеңсе бар шығар» деп ойлағанмын. Ағамның тоңмойын мінезінен ығып, толық сұрай да алмадым. Енді не де болса бара көруге бел байлап, нән қақпаның қоңырауын бастым. Құлақ түбімнен «Кто там?» деген дауыс гүр еткенде, селк ете қалып: «Мен... Әсеттен келіп тұр едім...» — дедім міңгірлеп. Нән қақпаның шетіндегі шағын есік үн-түнсіз ашыла кетті.

— Сен Бекетсің бе? — деді полиция формасын киген, нұрлы жүзді жігіт ағасы. Жауабымды күтпестен сөйлей жөнелді. — Әсет айтқан. Қожайынмен келісіп қойдық. Кір, кір. Куәлік жасаттың ба? Кәне, әкелші, кім деп толтырған екен? О-о, кіші сержант. Болады, әбден болады.
Шамасы, бұл кісі — Марат. Ағамнан екі-үш жас үлкен. Екеуі университетте бірге оқыған. Марат менің бетіме үңіле бір қарап алып:

— Тым жастау көрінесің. Түк емес. Қожайын сұрап жатса, «жиырма екідемін» дей сал, — деді. Бас изедім. Ә дегеннен-ақ Мәкеңе тәуелді болып қалғанымды мойындап тұрмын.

Бұл — атын аса ешкім біле бермейтін, соңғы жылдары қалтасы қалыңдаған Нысанбек есімді кісінің үйі екен. Менің міндетім — есіктен кімнің кіріп-шығып жатқанын қадағалау. Ауысатын кезде арнайы дәптерге белгі соғып, орнымда қалатын жігіттерге табыстап кетуге тиіспін. Еңбекақыны Марат арқылы аламын. Кезекке үш күнде бір түсемін. Қасымдағы жігіттер де ауысып тұрады. Маратпен ақылдасып отырып, аптаның сейсенбі, жұма және жексенбі күндері келіп тұратын болып келістім. Сабағыма солай ыңғайлы сияқты. Сейсенбіде — әскери сабақ, оған мен қатыспаймын. Жұмада — бір ғана оқытушының қатарынан үш дәрісі, ол кісімен келісіп алуға болады. Ал жексенбіде — боспын. «Сәті түсті» дедім іштей.

Сырттан мәшине бипілдетті. Марат қарсы алдындағы экранға көз тастап: «Баур келді», — деп әлдебір тетікті баса қалғанда, нән қақпа сықырсыз, сырғып ашылды. Ішке есік пен төрдей, қара «Джип» екпіндей енді. Аптығын баспаған күйі үйдің астыңғы бөлігіне текіректей кіріп, әрең тоқтады.

— Бұл — Бауыржан деген жігіт. Осы үйдің жалғыз ұлы. ҚазМУ-да, заң факультетінде оқиды.

Денем дір ете қалды. ҚазМУ-да оқыса, екеуміз ұшырасып қалар ма екенбіз? Келмей жатып, мәселе туып тұрғанын қарашы.

— Бұл үйдегілердің сені білуі міндетті емес. Сен оларды жақсы танып алуға тиіссің. — Мараттың осы сөзі ғана жан шақыруыма мұрсат берді.

— Мұнда сен қалайда танысуға тиіс бір жан бар. О-о, онымен дос болсаң, сені ешкім шетке қаға алмайды.

— Ол кім? — дедім тұтығыңқырап.

— Кім емес, не. Ит. Кәдімгі алабай. Иттің сырттаны. Қазір көресің.

Ауланың бір шетіндегі қызыл шатырлы шағын үйшіктің ішінде тілін салақтатып дәу ит жатыр екен. Бойымды жиып ала қойдым. Көзіне тура қарау мүмкін емес. Айбарлы. Бойы тайдай. Добалдай басы тықыр денесіне қаншалықты үйлесімсіз болса, соншалықты жарасымды. Мойны жуан. Ұлы кеудесі зор күш жасырып тұрғаны байқалады. Тұмсығы қысқа. Басын жерден жұлып алып, маған зерттей қадалды. Мойны қылт-қылт етіп, ауадан иіс алып тұр. Бөтен екенімді сезгендей.

— Сен оның жатқан жеріне қара.

Шынында да, иттің үйшігі кішігірім сарайдай. Қабырғалары түгелдей боялған, тіпті әдемі суреттермен де әшекейленіпті. Астыңғы жағы иттің сүйкенуінен, әлде дәретінен саржағалданып қалғаны болмаса, мына тұрысымен ит ұясы дегенге қимайтындайсың. Артқы жағында — қыстық жай. Оның іші тіпті керемет шығар.

— Иттің аты — Аскарик. Баурдың ең жақын досының аты. «Қалжыңдап қоя салдым» дейді.

Тітіркеніп кеттім. Сонда да Маратқа сездірмеуге тырысып, «Асқар, Асқар» деп алыстан еркелетіп жатырмын. Итті адамның атымен шақырған біртүрлі екен.

— Мынау бір бақытты ит екен... — деп тұжырдым ақыры.

— Аскариктің жағдайы алматылықтардың жартысынікінен жақсы. — Марат иттің тұсына барып, ернін түштитіп, ысқыра еркелетіп алды. — Жылы қора. Дайын тамақ... Тамақ болғанда да, жаңа сойылған сиыр еті... Әй, бірақ әншейін сән үшін, сырт көзге айбар үшін болмаса, бұл байғұс тірі экспонат қой...

Аз күнде жұмыс орныма үйреніп алдым. Мені ешкім тексерген жоқ. Құжатым алдын ала үй иесіне таныстырылғандықтан, мәртебелі қожайын қағазға көбірек сенген болу керек. Ең қызығы, жұмыс істегеніме екі аптадан асса да, мен осы үй тұрғындарының ешқайсысын бетпе-бет ұшырастырған емеспін. Таңертең алдымен — Бауыржан, сосын қарындасы Гүлжан сабаққа кетеді. Сегізге он-он бес минут қалғанда қарсы алдымыздағы дыбыс күшейткіштің жасыл жарығы жыпылықтап жанады да: «Ребята, я в сборе», — деген дауыс естіледі. Бұл — «гараж бен қақпа ашылсын» деген бұйрық. Іле манадан бері күбірлей оталып тұрған қара «Джип» бір-екі ышқынып алады да, гараждан атып шығады.

Бауыржан рөлге күжірейіп жатып алып, тұсымыздан қолын көтеріп өте береді. Бізге көз қиығын салмайды да. Қолын көтергені — амандасқаны. Шынына келсек, Бауыржанның бет-әлпетінен гөрі, алақанының сипатын, қай тұсында қандай сызығы барын анық білеміз. Ерекше ілтипатпен, басымызды сәл ие саулық айтысқанымызды Бауыржанның көздері емес, алақаны көріп өтеді. Артынша «Лексус» көлігін тізгіндеп, Гүлжан кетеді сабағына. Тәкаппар қыз көздерін тура қадап, бірінші амандасуыңды күтеді. Өзінің мысы басып тұрғанын әбден сезеді-ау, көлігін кібіртіктетіп, қақпаға дейінгі 10-12 метр жерді шашын салалаумен, көз алдындағы айнасына үңілумен жүріп өтеді. Болмашы кірпік қаққаны — амандасқаны. Өзі қазір атағы жер жарып тұрған Болжау институтында оқиды.

Қожайын — жасы қырық бес, қырық алтыны маңайлаған төртпақ кісі. Жұмысқа асықпай, тоғыз жарымдарда жиналады. Әуелі даусы естіледі, сосын көрсе көз тойғысыз әдемі, сүлік қара «Камриімен» ол да жоқ болады. Бұл кісінің жұмыстан келу мерзімі өте баянсыз. Көбінесе түнді орталап барып оралады. Кейде тіпті келмей де қалады. Апталап шетелдерде жолсапарда жүретіні тағы бар. Марат та, Тамыр да, тағы бір күзетші Тасқын да оның негізгі қызметі қандай екенін ашылып айтпады. Қалада бірнеше мейрамханасы барын ғана құлағым шалған.

Қожайынның жарының астында да бір көлік. Жұмысқа ең кеш кететін де осы кісі. Бір сөзінде Марат Галя-Ғалия апайдың жұмысы жоқ, әншейін қыдырып жүретіні жайлы айтып қалған-ды. Солай болса солай шығар. Галя апай үйге күні бойы екі-үш рет келіп кетеді.

Күнұзақ Аскариктікінен де тар үйшікте бос отырғандықтан, ішіміз пысады. Жазылмаған заң бойынша, бұл үйдің ауласында біз бас сұғуға тиіс емес, шек қойылған жерлер көп. Тіпті қақпадан бейсауат бас шығарып қарауға да болмайды. Үйдің айналасына алты жерден қойылған камера ауладағы жағдайды көз алдыңа шып-шырғасын шығармай көрсетіп тұрған соң, бірте-бірте орныңнан тұруға да ерініп қалады екенсің. Ал үйдің ішіне кіруді тіпті армандамаймыз да. Тек айлық беретін күні Марат қана қожайынмен дидарласуға мүмкіндік алады. Әуелде құштарым ауып: «Үй іші қандай екен?» — деп сұрағанмын. Марат қолын сілтей салды. «Ондағы сән-салтанат сенің түсіңе де кірген жоқ» деді сосын.

Осыдан кейін мен іштей үйдің ішін бір көруді армандай бастадым. Университетте сабақта жүргенде, жас емеспін бе, бәрі басымнан шығып кетеді. Қалай жұмыс орныма беттеймін, қияли боламын да қаламын. Бірде Бауыржанның қара «Джипін» шыңғырта айдап, есіктен шығып бара жатамын ба-ау, бірде үстіме еркектер халатын киіп алып, екінші қабаттағы, Марат айтқан хауыздың жағасында тәтті шырынды сораптап отырамын ба-ау, тағы бірде үшінші қабаттағы сырғымалы қабырғаны пультпен сылқ еткізіп ашып, балконнан Алатауға қарап тұрамын ба-ау... әйтеуір, сән-салтанатқа шомыламын да жүремін. Шынымды айтсам, сол үйдің иесі өзім болғым келеді. «Осынша байлық менікі болса-шы» деп қиялға батамын. Бауыржанның да, Гүлжанның да фәни-арманы жоқ сияқты. Тіпті осы аулада бейқам жатқан Аскарик те өте бақытты ит болып көрініп кетеді. Марат пен Тамырдың, Тасқынның үй иелеріне неге тіс қайрайтынын түсінер емеспін. Менің ойымша, олар өздері бай болмаған соң, көре алмайтын сияқты. Сөйте тұра, осы үйдегінің қай-қайсысын жолықтырса да, иесін көрген күшіктей қутыңдай қалатындарын қайтерсің. Ішімнен «мен де бай боламын» деген ойға әбден бекідім.

Аскарик-алабаймен тез-ақ достастым. Темір торға асылып алып, шолақ құйрығын дірілдетіп-бұлғаңдатып тұратын дәу ит арпылдап үрген емес. Тамағынан ыңырсығанға ұқсас үн шығарады. Тар жерде іші пысатыны байқалады. Оны серуендетуге үй иесінен арнайы рұқсат алу керек. Қызығы, Аскарикке қыз тектілерді былай қойғанда, Бауыржан да, қожайын да жақындай алмайды. Тамағын беретін — біз. Қыдыртатын — біз. Астын тазалайтын — біз. Жазған ит біз қалдық-қоқысын тазалауға торға кіргенімізде, алапат күш тұнған кеудесін еркін көтеріп, екі аяғымен иығымызға асылып алады. Күректің сабын тістеп, ойынға шақырады. Тістеген жерінен айырылмайды өзі.

— О-о, бұл дегенің нағыз ит қой, — деді Тамыр мен Аскарикті қыдыртуға көшеге алып шыққанымда. — Баурдың қайдан, кім арқылы тапқанын білмедім, қалай қолы жетсе де, таза қандысын тапқан екен бәлең.

— Оны қайдан білесіз?

— Байқадың ба, Аскарик ешқашан абалап үрмейді. Сосын қазір жіберіп көрші, көшеден өткен адамдардың біреуіне болса да тиісер ме екен? Тиіспейді. Өйткені, ол — өз ауласының ғана күзетшісі. Басқа біреуге тән аумақта ол өзін қонақ қана сезінеді.

— Сіз құры отырғанша деп, алабай тектес иттерді әбден зерттеп алғаннан саумысыз?

Тамыр менің бұл әзіліме езу де тартқан жоқ.

— Сен білмеуші ме едің, менің кинологпын ғой, — деді сосын. — Жер бетіндегі ит тұқымдастардың бәрінің болмаса да, жартысына жуығының атын атып, түсін түстеп бере аламын. — Артынша өз білетін нәрсе жайлы сөз қозғалса, жаны кіретін адамның кейпіне түсіп, ұзақ сөйлеп кетті. — Алабай деген — әлемде ең таза сақталған ит. «Орта Азияның овчаркасы» дейді оны. Біреулер түркімен алабайының қаны таза екенін айтады. Менің білуімше, қазақ алабайының да қаны бұзыла қойған жоқ. Ауылға бара қалсаң, қазақы ит деп дәл біздің Аскариктей кеудесі аяққаптай, жүрген жүрісінен-ақ керемет айбар сезілетін, жүні тықыр, құлағы қысқа иттерді айтып жатады ғой. Солардың бәрі —

Аскариктің туыстары. Байқадың ба, басқа шәуілдектер қойлы ауылдың маңынан өтіп бара жатқан салт аттыға, не болмаса көліктерге далақтап, тұра ұмтылады ғой. Алабай ондай емес. Ол ондай ұсақтыққа бармайды. Бөтен адам оның иелігіне бас сұқса ғана айбат шегеді.

Өте бекзат, өте ақсүйек жаратылыс ол.

Тамыр шынында да алабай туралы көп біледі екен. Екі күнде көп нәрсеге көзімді ашты. Басқа әңгіменің бәрін жиып қойып, Тамырдан тек алабай туралы сұрай беретін болдым. «Неге оның кеудесі зор?», «неге жүні тықыр?», «басқа итпен будандасса қалай болады?» Тамыр осы сұрақтардың бәріне жауап табады. Тіпті қызынып кетіп, қолдарын сілтелеп те алады. Әңгімені «о-о, бұл дегенің нағыз ит қой» деп бастайды. Сосын кетеді дейсің. «Қаны қалайша бұзылмай сақталған дейсің бе? Ол былай. Алабай негізінен малды ауылдарда болады. Ал малды ауылдарда нағыз шопандар иттің қасиетін біледі. Бір-біріне қанын араластырмайды. Қаны араласса, қасиеті кететінін біледі. Кейбір деректер бойынша, алабайдың қаны бұзылмай, әуелгі табиғи қалпын сақтап келе жатқанына бес мың жыл болыпты. Өзің ойлашы, бес мың жыл! Керемет емес пе?! Қасқырмен де тік тұрып айқаса алатын мықтың ғой бұл! Онымен тіресуге мынау деген арланыңның өзінің белі шыдамайды. Сөйте тұра, бұл алабай аштыққа да керемет төзімді ғой. Тіпті қара суды талғажау етіп, өз міндетін адал атқарып жүре береді. Шөлге шыдамдылығы басқа әңгіме».

— Біздің ауылда көршімізде дәл осы Аскариктей ит болған. Ол да тұқымы алабай дейтін. Ауылдың ана басынан көріне қалса, ініне тығылған тышқандай жоқ болып кететінбіз. Бірақ ол немесі ызақор сияқты еді... — деймін тағы бір әңгіменің шетін шығарып.

— Ой, ол алабайдың нағыз өзі емес, буданы ғой. Қазір нәгізінде түк жоқ болса да, сыртқы түгін қампайтқысы келетіндер иттен ит қоймайтын болды ғой. Бағып жүргені қандай ит, қасиеті қандай екенін түк түсінбесе де, әйтеуір жұртқа айбар жасағысы келіп, шалабудандарды алабай дейтін болыпты. Көршіңнің иті ызақор дедің бе? Нағыз алабай маңғаз болады. Анау-мынау шуыңды елей бермейді. Ал қазіргі будандарының жүйкесі нашар. Не істеп, не қоятынын біліп болмайсың. Сырты күжірейіп тұрғанмен, мінезі шәлкем-шалыс. Ондайлар үй күзетіп те, отар бағып та жарытпайды. Сенің көршіңдікі сол шығар...

Тамырдың әңгімесінен кейін мен Аскарикке аянышпен қарайтын болдым. Дала еркіндігін тар аулаға, тар құжыраға әкеп қамап қойған қожайынға да ептеп тіс қайрай бастағандаймын. Шынында да, өздері басынан сипап еркелетуге жарамаса, мұндай асыл текті итті не үшін асырайды екен? Иә, бұл Аскарик түк те бақытты емес еді. Тек әлдебіреулердің бақытты өмір сүріп жатқанын айғақтайтын декорация ғана еді. Менің ойымның растығын назар аударып қарауға тұрмайтын шағын екі-үш оқиға дәлелдей түсті.

Түскі үзіліс кезінде қызметші әйелдер пісірген астан ауыз тиіп, әлдебір газетті аударыстырып отырғанымда, сырттан қара «Джип» ысқырды. Әдетінше Бауыржан гаражға екпіндете кірді. Артынша дауыс күшейткіштің жасыл жарығы жанып: «Ребята, не поможете?» — деген дауысы естілді. Үйшігімізден шыққанымызда, Бауыржан сиырдың сан етін қойқаңдай көтеріп, гараждан шығып келеді екен. Елп етіп қолындағысын ала қойып, сыртқа шықтық.

— Бұл кімге? — дедім асып-сасып.

— Кімге емес, неге? — Тамырдың даусында ыза бары анық еді. — Аскариктің сыбағасы... Ақымақ неме Аскарикті де өзі сияқты нансоғар деп ойлайды ғой деймін. Кірпияз итті жатыпішер жасағысы келеді. Бір аптада бір рет осылай жаңа сойылған сиырдың сан етін әкеліп тұрады. Кімнен ақыл сұрағанын қайдам. Ал Аскарикке мұндай ет тіпті де қажет емес. Оған бір шылапшын быламық болса да жетеді. Қандай жағдайда да өзінің бабын бермейтін текті ғой ол...

Тамырдың рас айтқанына артынша-ақ көзім жетті. Аскарикке етті күніне өлшеп беріп тұрсақ та, шұқып қана жейді. Бір иіскеген нәрсесіне қайта жоламайды. Астын тазалағанда, шыбын қонып, бекер рәсуа болған етті амалсыз шығарып тастайтын болдық.

Бірте-бірте бұл үй адамдарының, оның ішінде Бауыржанның да біртүрлі жандар екенін аңдай бастадым. Иә, бізден бөлек, мүлде басқаша ойлайтын адамдар. Ең бастысы — мүлде ойланбайтын адамдар. Олар қанша бар, бай болғанмен, бізден мүлде алыс екен. Олар — сырты дуалмен қоршалған әдемі үйді жеке мемлекет деп білетін, дуалдың сыртындағы қандай да өзгерістер өздеріне қатыссыз деп ойлайтын, сөйте тұра, мына қоғамның тірегі өздері деп ұғатын адамдар болып шықты. Ал біз — күзетшілер, анда-санда келімді-кетімді кісілер — олардың қызметшілері ғанамыз...

Апыр-ай, әу баста қалай ғана осылардай болғым келді екен? Шынында да, мұндай өмір кімге қызық? Иә, аста-төк байлық, мұқтажсыздық жақсы-ақ. Мойындайық, мойындамайық, бәріміз өмір жолында әйтеуір бір баюды көздейтініміз рас қой. Кенеттен аспаннан ақша жауса, иесі кім екенін сұрамастан бас салуға, құшағымызға сыйғанша жинап алуға даярмыз. Бірақ сонша байлық сонша үрей әкелетін сияқты. Бауыржанға қарашы. Өзі менімен түйдей құрдас. Бірақ өзін әлем қожасы сезінеді. Сөйте тұра, өзі сондай қорқақ. Мараттың сөзімен айтқанда, оның санасына үрей егілген. Әкесі де, анасы да байлығын қорығаны сияқты, балаларын да сыртқы әсердің бәрінен қориды. Оларға салсаң, айналаның бәрі — жау. Жақында үйдің төбесінен тікұшақ гүрілдеп ұшып өткенде, үйдегілердің бәрі жандалбасалап сыртқа жүгіріп шыққанын енді түсіндім. Көздері атыздай болып кетіпті. «Террорлық шабуыл басталып кетті» деп ойлады ғой деймін... Бетін ары қылсын!

Бауыржанның басқаны қойып, бізбен де сырттап тұрып сөйлесетіні, көлігінен түспеуге тырысатыны да содан болса керек. Міне, осы үйде жұмыс істеп жатқаныма біршама уақыт болды ғой, мұндағы тұрғындардың бір-бірімен араласқанын көрген емен. Бәрі биік-биік дуалдардың арғы жағына тығылып алып, әйтеуір бір жұмбақ өмір кешіп жатыр. Көрші болып бір-біріне кіріп-шығу, бір-бірінің жақсылығына қуанып, жаманшылығына қайғыру деген атымен жоқ. Тіпті көшесінде бала да ойнамайды. Әйтеуір нән темір қақпалардың дыбыссыз ашылып, дыбыссыз жабылып жатқанын ғана көресің. Бір-бірінен жасыратын керемет сыры бар сияқты. Ал осы үйлерден бір-екі шақырым ұзамай-ақ, сәл төмендесең, қақпасы түгілі, қоршауы да жоқ үйлерге кезігесің. Ондағы жұрт бір-бірін жақсы таниды, қуаныш-қайғыны қатар бөліседі. Кім біледі, олар да алдағы бір-екі жылда дуалдардың арғы жағынан сығаласып жүрмей ме?..

Университетте де Бауыржанды бір-екі рет жолықтырдым. Біздің факультет пен Бауыржан оқитын заң факультетінің оқу ғимараттары — университеттің екі қанатында. Арнайы бармасаң, болашақ заңгерлермен ұшыраса да бермейсің. Күзетшілікке тұрғалы бері заң факультеті жаққа аяқ басуды тіпті қойғанмын. Бауыржан көріп қалса, «ты че здесь делаешь?» деп сұрақтың астына алатындай қорқақтап жүрдім. Біздің бір жаман әдетіміз — темекіге үйірсекпіз. Қалтамызда тиын қалмаған күні заң факультетінің әжетханасына барып, ондағы бар-жоққа онша алаңдамайтын құрдастарымыздан сұрап тартамыз. Әрине, жалынбаймыз ғой. Өзіміздікі бітіп қалғандай болып, қалтамызды түрткілегенсіп тұрып сұрай саламыз. Сол әдетімізге бағып, әжетханада езуімізге темекі қыстырып тұрғанымызда, Бауыржанның кіріп келгені. Көзіне көзім түйісе кетті. Селк ете қалдым. Ұрлығым ашылғандай қипақтап, темекінің күлін қаққансып, берекесіздендім де қалдым. «Не дер екен?» деп тұрмын. Жұрттың көзінше маған қожасынар ма екен? «Мынау менің күзетшім ғой» деп сылқ-сылқ күлетін шығар. Бірақ Бауыржан жасына жетпей іркілдеп кеткен қарнын бір көтеріп, мықынданып алды да, өзімен-өзі болып кетті. Езуіне шидей темекі қыстырып, әдемі оттықпен от берді. Мен жаққа қайта қараған да жоқ. Шынымен-ақ танымады-ей мынауың!

Ертеңіне менің күзетшілік кезегім еді. Таң қылаң бере жұмыс орныма жиналдым. Бауыржан мені өтірік танымағандай, сыбағамды бүгін жұмысқа келгенімде беретіндей көрінді де тұрды. Дұрыс ұйықтай да алмадым. Жұмысымнан алып жүрген қырық мың теңгемнен осы қазір қағылғандай, әрі-сәрі күйге түстім. Сол ақшаның біздің отбасымызға қаншалықты қосымша көмек болып тұрғанын Бауыржан-Баур сезінсін бе? Анам қабағымдағы кірбіңді бірден аңғарды.

— Жұмысың жайсыз болып жүрген жоқ па, құлыным? — деді жүзіме үңіліп.

— Жо-ға, — деуін десем де, үкімі шығарылатын қылмыскердей, босағадан сыртқа қинала аттадым.

Ал Бауыржанның... менде жұмысы болған жоқ. Әдетінше қара «Джипін» ышқынта айдап, бізге борпиған саусақтарымен сәлем жолдап, сабағына кетті. «Уһ-һ!» деп терең дем алдым мен. Сонда мені мүлде танымағаны ғой... Демек, бұл жазған өзінің үйінде жүрген жанға дұрыстап назар салмайтын болғаны ғой. Жыным келді. Осы қазір бәрін тастап, тайып тұруға бекіндім де, тез айныдым. Қойшы-ей, мен ешкімнің адал асын ұрлап ішіп жатқан жоқпын ғой. «Бір боқмұрын танымады екен» деп ер-тоқымымды бауырыма алып тулағаным неткенім? Қайта өмірімнің жаңа басталғалы тұрған тұсында осындай жандарға жолыққаныма, сөйтіп біраз нәрсеге көзім ашылғанына шүкір демеймін бе? Егер осында жұмысқа тұрмасам, Бауыржан сияқты бай құрдастарыма сырттай қызыға қарап, өзімнің сондай болмағаныма өкініп жүре беретін едім ғой. Бір кездері ата-анамның өмір бойы қоңырқай тірлік кешкеніне ызаланғаным есім түсіп, өзімнен-өзім қысылып кеттім. Өзімнің және курстастарымның, қолдарында түгі жоқ болса да, армандары тым асқақ екенін мойындадым. Ақыры «бүкіл тірлік Бауыржан сияқтыларға тіреліп тұрған жоқ» деп шештім. Ойланбайтын жандардың ойлы факультеттерде оқып, кейін адам тағдырын шешуге тікелей араласатыны қынжылтады.

Күзетшілігім екінші жылға ауғанда, мен кәдімгі сақа жігіт болып қалған едім. Айналаға өрекпи, алғаусыз қарайтын көңіл-күйден арылдым. Бауыржан да университетті тәмамдауға жақындады. Шетелге «Болашақ» бағдарламасымен кететін болыпты. Нью-Йорктегі Колумбия университетінде оқитын көрінеді. Екі жыл оқып келген соң, тікелей үлкен қызметтерге араласады. Жолы болсын. Ал мен магистратурада қалмақпын. Қосымша өз мамандығым бойынша да жұмыс табылып тұр. Айлығы — әзірше жиырма бес мың теңге. Мейлі.

Бауыржан мен күзетші болған екі жыл ішінде екі көлік айырбастады. Жазған неме жай көліктерге сыя қоймайтынын білетін болса керек, ылғи ірісінен алады. Жалпы осы екі жылда бұл үйдегі төрт адам да көліктерін екі реттен ауыстырып мінді.

Жұмыстан шығатынымды, диплом жазу үшін алаңсыз отыру қажеттігін айтқанымда, әріптестерім бірден қостады. «Үйленбей тұрып, ақырындап жұмысыңда қамдап ал. Табысың жетпей жатса, осында қайтып келерсің. Қосымша жұмыс ретінде істей бересің» деді Марат. Қожайын менің ақ-адал еңбегімді ескеріп, дәл айлығымның көлеміндей үстеме жазыпты. Өзім үшін аса ірі саналатын ақшаны қалтама томпайта салып алып, күзетші жігіттермен қоштасып жатқанымда, Бауыржан көрінді.

— Сен не, жұмыстан кетейін дедің бе? — деді орысшалап.

— Иә...

— Байқауымша, басқа жақсы жұмыс тапқансың ғой, — деді езуіне күлкі үйіріліп. Сосын дереу түсін суыта қойып: — Сенің есімің кім еді? — деп сұрады.

— Бекет.

— Бекет, мәселе былай болып тұр. Сен естіген шығарсың, мен жазда Америкаға оқуға кетемін. Мен кеткен соң, Аскарикке қарайтын ешкім қалмайды. Анығырақ айтқанда... қарайтын емес, қызығатын. Аскарикті сен үйіңе ала кетсең қалай болады, ә? Баға аласың ба?
Күтпеген өтінішке ә дегенде не дерімді білмей қалдым. Аскарик менің итім бола ма сонда? Маратқа көзім түсіп кетіп еді, ол «ал» дегенді ұқтырып, басын қайта-қайта изеп тұр екен.

— Әрине, баға аламын, — дедім мен.

Сәлден кейін арыстандай итті жетектеп, айналама қоқилана қарап, үйіме қарай келе жаттым. Аскарик маң-маң басып, кей сәттерде мені екпіндете сүйреп, ілесе берді. Өзімше Аскариктің біздің әншейін шарбақпен қоршалған, кең аулалы үйімізге үйреніп кететініне сенімдімін. Әкем де бізді қуана қарсы алды. «Иттің иті екен» деді тамсанып. Көршінің үйімізге еркін кіріп жүрген қарасирақтары шарбаққа шығып алып, Аскарикті сүйсіне тамашалады. Әуелде ауланың ішіне бос қоя беруді ойлағанмын. Бірақ балақайлар сырын білмейтін иттің ашуына тиіп қоя ма, шынжырлауға тура келді. Иттің атын дереу «Құтжол» деп өзгерттім. Аскарикті неғылам? Құтжол жаңа атына да тез үйренді. Тек бұрынғыдай сиырдың жас етін емес, бізден қалған сорпа-суды қанағат тұтып жүрді.

Күз түсе жаңа жұмысыма асығып, ертелетіп тысқа шыққанымда, Құтжолды көре алмадым. Шынжыры орта тұсынан үзілген. Дереу Маратқа телефон соқтым. «Бізге келген жоқ» дейді ол.

Құтжол сол кеткеннен мол кетті. Оралмады. Маған ол сайын далаға маңғаздана басып ұзап кеткендей елестеді де тұрды. Қаскелеңді бетке алып, тартып тұрса болды ғой. Ары қарай тауына да барады. Құтжол-Аскарик өзінің табиғи жаратылысымен енді қауышқандай сезініп, еркін тыныстадым. Мүмкін, кеңістікке шыққасын ғана ол өзін нағыз бақытты ит сезінген шығар...




Жүктеу батырмасы 50 секундта ашылады!!!




KZ / Қазақша Әңгімелер жинағы, әңгіме Есей Жеңісұлы Бақытты ит туралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Есей Жеңісұлы Бақытты ит на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке, әңгіме Есей Жеңісұлы Бақытты ит туралы ангиме казакша рассказ на казахском рассказ Есей Жеңісұлы Бақытты ит на казахском языке ангиме скачать бесплатно қызықты әңгімелер балаларға арналған кызыкты ангимелер балаларга арналган интересные рассказ, Әңгіме: Есей Жеңісұлы | Бақытты ит ғибратты әңгімелер ғибратты әңгімелер вк ғибратты оқиғалар ғибратты сөздер гибратты ангимелер