Жұматайдың жомарт жүрегі...

жүрек, жұматай, жомарт, әңгіме, қызықты әңгіме

Біз мына күйкі тіршіліктің қамымен жүріп, дәл қасымызда үндемей-түндемей, ешкімге де дабыра қылмай, қолынан келгенше жұртқа жақсылық жасап жүрген жандарды байқай да бермейміз. Одан да бізге әкім не жеп қойдды, кім кімді тонап кетті болмаса кім кімді басып-жаншып кетті деген қауесет пен ақпараттар жанымызға жақын, жүрегімізге жылы тиетін секілді.


Адам азды ма, әлде қоғам азды ма, кім білсін біреудің біреуге қол ұшын беріп, қолтықтан демеп жатқаны жай ғана, көңіл аудара қоймайтын құбылыс саналады. Өкініштісі де, қорқыныштысы да осы. Еегер біз мұндайға қуана білмесек, осындай жарқын істерді қалың жұртқа жариялауға асықпасақ, ақыры моральдық азып-тозуға ұшырамасақ болғаны деген қорқынышты ой келеді.


Бір ғана мысал. Терістік аймақтардағы, әсіресе біздің Қостанай секілді облыста қыстың қаншалықты қаһарлы екендігін тек осында тіршілік етіп жатқан жандар ғана біледі. Оның бет қаратпайтын үскірік аязына екінің бірі шыдас бере алмайды. Ал енді өңірімізде короновирус деген бой бермей, күніне 120-дан астам адам ауырып, «қызыл аймақтан» шыға алмай жүргенімізде, осыны сылтау еткен автобустардың жүруінің тым бәсеңсіп кеткендігін еске сала кетейік. Ал сіз енді сол көлікті Қостанайдың қақаған аязында сағаттап күтіп көріңіз. Сіз бүрісіп тұрғаныңызда, жаныңыздан талай тамаша жеңіл көліктер зуылдап өтіп жатады. Үлкені бар, кішісі бар, қамшы салдырмай зырылдап бара жатқаны.

Бірде, о ғажап, осындай бір жеңіл көлік қаланың шет жағындағы бір аялдаманың жанындағы суықтан қалшылдап тұрған жандардың қасына келіп тоқтай қалды да: «Ал, мініңіздерІ» деп есігін айқара ашты. Жұрт аң-таң. «Қанша аласыз?» деп сұрап жатыр. Рульдегі жас жігіт: «Тегін, орталыққа баратындарыңызды апарып тастаймын», деп жымыияды. Сенерін де, сенбесін де білмеген жұрт ылдам-жылдам мініп жатыр. Әлгі жүргізуші қабақ шытпастан әне-міне дегенше жолаушыларды орталыққа әкеліп салды. Тіпті орталықтан біраз тысқары жерге баратын бір жас қыз баланың:  «Жұмысқа асығыс едім, Ақшасын төлейін, жетізіп тастаңызшы», деген тілегін де орындады. Тегін, ешбір ақысыз.

Әлгі жігіттің осынау өзгеше қадамына риза болған жолаушылар осындағы облысымызға кеңінен тарайтын, аса беделді «Костанайские нововсти» деген газетке «Жаурап тұрған жұртты тегін тасыған бұл қандай жан, соны тауып беріңізші? - деп тыным бермейді. Обалы не, газет тілшісі де ылдам-жылдам қозғалып, әлгі «құпия жанды» тауып алады.

Сөйтсе... Сөйтсе ол алыс қиянда емес, сол «Костанайские нововости» газетінің ғимаратында орналдасқан облыстық «Қостанай таңы» атты ана тілімізде шығатын газеттің бас редакторының орынбасары Жұматай Кәкімжанов деген азамат болып шықты. Газет одан әп-әдемі сұхбат алып, оның ізгі де игілікті ісін қалың жұртқа мәлім етті.

 Ал біз болсақ, мұндай игілікті істерді үнсіз-түнсіз атқарып жүрген азаматтың өзіміздің әріптесіміз болып шыққандығына қуандық. Өйткені, жақсылықтың үлкен-кішісі болмайды. Оның қай-қайсысы да ерлікке парапар іс. Құлап қалған қарияны қолтықтан демеп, тұрғызып жіберу де немесе панасыздарға пәтер сыйлау да бірдей бағаланатын ескірмес құндылықтар. Мүмкін біреулер: «Е, онда тұрған не бар? Бос келе жатқан жоқ па?» деп өздерінше пәлсапа соғар. Ал сіз сол бос келе жатқан ондаған емес, жүздеген машинаның қайсысының тоқтап, ең болмаса бір жолаушыны үйіне жеткізіп тастаған қандай жанды көрдіңіз? Тіпті, сіздің өзіңіз осылай істеп пе едіңіз? Бұған жауап табыла қоятындығына сенімді емеспін.

Сайып келгенде, мұндайға да жомарт жүрек секілді асыл қасиет керек. Ол тіпті екінің бірінің қолынан келе бермейді. Міне, сондықтан да алдыңғы толқын ағаларының ізін басып келе жатқан әріптестеріміздің ішінен осындай азаматтың шыққандығынан жай ғаан құбылыс деп қарай алмадық. Сондықтан да Жұматай жайлы тек Қостаанай облысы ғана емес, байтақ еліміз де хабардар бола берсін деген игі тілекпен қолымызға қалам алып едік.

Жайберген Болатов


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі
Пікір жазу