Ұмытпаймыз ешқашан!


ҰМЫТПАЙМЫЗ ЕШҚАШАН!

Ұмытпаймыз ешқашан!Тәрбие сағатының мақсаты: «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» деген қағиданы ұстана отырып, жас ұрпақты тарихымызды тереңнен тануға баулу. Оқушылардың Отан тарихына деген сүйіспеншіліктерін арттыру, жеңіс салтанатын көре алмай кеткен боздақтардың ерлік істеріне тағзым етуге, өз халқымыздың тарихын құрметтей білуге, дүние жүзіндегі басқа ұлт өкілдерінің достығын нығайтуға тәрбиелеу.
Г. М. Еркебаева: Армысыздар, құрметті қонақтар, оқушылар, мұғалімдер! Әрқайсымыз үшін жақын әрі қымбат мереке Жеңіс күнінің 75 - жылдығын тойлағалы отырмыз. Жеңіске жету жолында қазақстандықтардың асқан ерлігі мен әскери жанқиярлығы Отан соғысы тарихындағы жарқын беттерге айналды. Сондықтан бұл күннің маңызы өте жоғары. Жеңіс үшін шыбын жандарын құрбан еткен бірнеше миллиондаған адамдардың есімдерін есте сақтап, 1418 азапты күн мен түнді болашақ үшін ерен еңбекпен, қайсар ерлікпен өткізгендерін ұмытуға болмайды. Ендеше, бүгінгі «Ұмытпаймыз еш қашан» деп аталатын ашық тәрбие сағатымыз Жеңіске, Жеңіс себепкерлеріне арналады.
Тәрбие сағаты мына көрініс арқылы ашылады:
Жаздың жаймашуақ күні. Әңгіме - дүкен құрып жүрген ауыл тұрғындары және көңіл көтеріп ән айтып отырған жігіттер қыздар бейнеленеді. Армандары мен мақсаттарын, болашақтарын бірге байланыстырған жастар көше бойлап, қыдырып жүр.
Жігіт: – Ауылдағы анамды тастап арман қуып, оқуға бара алмадым. Еңбекке де үйреніп қалдық. Бір бірімізге бауыр басып та қалдық, институтқа бірге тапсырсақ қайтеді?
Қыз; –... не дерімді де білмеймін, менің де өмір бойы сенің жаныңда болғым келеді. Бірақ, ойлануым керек.
(Осындай бақытты сәтті радиодан тараған суық хабар бұзып жібереді).
І…. Радио: Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! Кеше біздің ұлан байтақ жерімізге неміс фашистері тұтқиылдан басып кірді... (жастардың үрейі ұшып, жүгіргендері бейнеленеді).
Қасиетті соғыс. сөзі В. Лебедев Кумач пен композитор А. Александров. әні жаңғырады.
1. оқушы
тарихи деректер айтылып жатқанда таспадан оқ атулар естіліп турады
Ұлы Отан соғысының басталуы
1941 жылы 22 маусымда фашистік Германия өзара шабуыл жасаспау жөніндегі кеңес - герман шартын бұзып, неміс армиясы соғыс жарияламастан КСРО аумағына баса - көктеп кірді. Жер бетінде болып өткен соғыстардың ішіндегі ең қатал әрі ауыр соғыс басталды. КСРО - ға қарсы соғысқа Германияның одақтастары — Румыния, Венгрия, Италия, Словакия, Финляндия қатысты. Гитлершілдердің жағында соғысқа кіруге Жапония, Болгария, Түркия, Испания дайын тұрды. Бұл жағдай Қызыл Армияны Қиыр Шығыс пен Закавказьеде ірі әскери құрамаларын ұстап тұруға мәжбүр етті. Ұлы Отан соғысы Екінші дүниежүзілік соғыстың құрамдас бөлігі болды. Екінші дүниежүзілік соғыс орасан зор кеңістікте жүргізілгенімен, соғыс қимылдары кеңес елінің аумағында өтті. Кеңес Одағы Ұлы Отан соғысына дайындықсыз кірісті. 1930 жылдардағы әскерилерді қудалау соғыстың алғашқы күндерінде сәтсіздіктерге ұшыратты.
2. оқушы
Фашистік Германияның соғыс жоспары
1940 жылы жасалған «Барбаросса» жоспарына сай Германия қысқа мерзім ішінде (6 - 8 апта) Архангельск - Еділ - Астрахан шебіне шығуды көздеді. Бұл қауырт соғыс — блицкригтің негізгі мақсаты еді. «Барбаросса» жоспарын жасағанда фашистік Германияның басшылары КСРО - ны «көптеген ұлттардың жасанды әрі әлсіз бірлестігі», «ішкі бірліктен айырылған этникалық конгломерат (қоспа)» ретінде қарастырды. Фашистер басып алынған кеңестік аумақта Остланд рейхскомиссариаттарын — герман провинцияларын құруды жоспарлады. Германияның Қазақстанға қатысты жоспары айқын еді. КСРО - ны жеңгеннен кейін фашистер Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстанда бірыңғай герман аумағын құруды көздеді. Бұл аймақты «адамзатқа жатпайтын» славян халықтарынан тазарту міндеті қойылды.
1941 жылдың соңында түрік - монғол халықтарын жою жоспарланған болатын. Немістердің жоғарғы барлау мектебі болашақ отарлардың карталарының жобасын дайындап, 1942 жылдың басында «Еділ - Жайық» жөне «Үлкен Түркістан» мемлекеттік құрылымдарын құруды жоспарлады. Үлкен Түркістан отарының құрамына Қазақстан, Орта Азия, Татарстан, Башқұртстан, Әзірбайжан, Солтүстік Кавказ, Қырым, Синьцзянь, Ауғанстанның солтүстік бөлігі енгізілді. Қуыршақ мемлекеттерді құру арқылы гитлершілдер экономикалық және саяси мақсаттарды: ұлы герман империясы үшін қуатты шикізат және қосымша азық - түлік базасына ие болуды, кеңестер елін отарға, оның халқын құлдарға айналдыруды көздеді..
3. Сахнаға жүргізушілер шығады. Музыка әуенімен
Оқушы - ХХ ғасырдағы ең бір қанды қасіреті соғыс еді. Себебі, оған әлем халықтарының 80 пайызы қатысты. Сондай - ақ, майдан баталиясына 61 мемлекет тартылды, 40 елдің жерін соғыс өрті шарпыды, 100 миллион адам қолына қару алды. Олардың арасында көп ұлтты Кеңес Одағы деген алып ел бар еді.
оқушы - Бүгінгі мерекелік шара Ұлы Отан соғысында құрбан болған аталарымыз бен әкелеріміздің, мәңгі жас болып, жадымызда сақталған жауынгерлер мен офицерлер рухына, бейбіт кезеңде дүниеден өткен ардагерлерге, бүгінде ортамызда жүрген Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің құрметіне арналады.
Көрініс: (Мұңды әуен ойнап тұрады). Ән ойналып жатқанда бірі баласын, бірі әкесін, ал бірі сүйген жарын, бірі бауырын соғысқа шақырып салып тұрғаны сомдалады. Әйелдердің жылаған дауыстары естіледі.
4. оқушы Қазақстаннан 1 миллион 366 мың адам майданға аттанады. Қазақстанда соғыстың алдында 6, 2 миллион халық тұратын еді. Республикадан еңбек армиясына 700 мың адам жіберілді. Сонда Қазақстаннан соғыс жылдары әскери комиссариаттары арқылы 1 млн. 900 мыңдай адам сапқа тұрды. Брест қорғанысы слаидта корсетіліп тұрады.
Брест қорғанысы — Ұлы Отан соғысының алғашқы күндері жау соққысына ерлікпен тойтарыс берген КСРО - ның шекаралық шебіндегі қаһармандық соғыс қимылы. 1941 жылы 22 маусым күні қамалда 7 - атқыштар батальоны, атқыштар корпусының штабтық және шаруашылық бөлімшелері, застава, шекаралық отряд, НКВД әскері және медсанбат болған. Қорғандағы адамдар саны 7 — 8 мыңнан аспаған, бірақ жау қамалды атқылай бастағанда, олардың тең жартысына жуығы алдын ала белгіленген жерге кетіп, бекіністерде шамамен 3, 5 мыңдай адам ғана қалған. Қамалға қарсы гитлершілер Варшава мен Парижді алуда ерекше көзге түскен 45 - жаяу әскер дивизиясын жапты. Оларға ауыр артиллерия батареялары мен 1250 кг - дық фугастық және 2200 кг - дық бетон жарғыш снарядтар ататын “Тор” жүйесіндегі аса қуатты артиллерия қондырғылары қолдау көрсетті. Қамалға жау ұшақтары 1800 кг - дық жарықшақтық, жандырғыш және фугастық бомбалар тастады. Көп ұзамай қамал түгелдей қоршауда қалды. Алғашқы абыржушылықты пайдаланып, жаудың шабуылдаушы батальондары десанттық қайықтар мен көпір арқылы цитадельге өтті де, Тересполь қақпасын және шіркеу үйін басып алды. Қамал гарнизоны үлкен шығынға ұшырады. Қамалды қорғаушылар әрбір үй, әрбір қабат, әрбір бөлме үшін жан алып, жан берісті. Брест қамалын қашармандықпен қорғаған 33 ұлттың өкілдері арасында қазақстандық жауынгерлер В. Лобанов, Р. Хабибуллин, Айтбаев, И. С. Арыскин, И. Волнистов, Д. Жақыпов, Жампейісов, К. Иманқұлов, П. А. Карболин, М. Ниязов, К. Байжігітов, Ф. Д. Виволанец, С. Н. Лебедов, И. Е. Черемнов, М. И. Карслиев, А. Сабырбаев, Г. Д. Деревянко, т. б. болды. 1971 жылы оның негізінде мемориалдық ансамбль ашылды. Бауырластар зираты оның құрамдас бір бөлігіне айналды. Зиратта қамал қорғау жолында ерлікпен шейіт болған 850 кісі жерленген. Олардың 213 - інің есімі анықталған. 1965 жылы 8 маусымда Брест қамалына “Батыр - қамал” атағы берілді.
ӘН; Есжанов М. Б. Ана туралы баллада.
5. оқушы. Москва үшін шайқас. слайд көрсетіледі
Қазақстанда құрылған әскери құрамалардан алғашқылардың бірі болып 312 - атқыштар дивизиясы (командирі — полковник А. Ф. Наумов, кейіннен генерал - майор) айқасқа кірісті. 312 - дивизиямен бір мезгілде дерлік, солтүстік - батыс бағыттағы майданда Қазақстанда құрылған, генерал - майор И. В. Панфилов басқарған 316 - дивизия езінің жауынгерлік жолын бастады. Панфиловшылар Жоғарғы Бас қолбасшының бұйрығымен Мәскеуді қорғау шебіндегі 30 километрлік бөлікке орналасты. Панфиловшылар жаумен күші тең болмаса да 50 жау танкісімен болған шайқаста жеңіп шықты. Бұл тарихи шайқасқа қатынасқан 28 жауынгерге КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының қаулысымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Волоколамск ауданында өткен осындай шайқастардың бірінде ержүрек жауынгер, талантты командир, генерал - майор И. В. Панфилов ерлікпен қаза тапты. Оған қаза тапқаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді, ал 8 - гвардиялық атқыштар дивизиясына (бұрынғы 316 - дивизия) генералдың есімі берілді. Мәскеу түбіндегі ұрыстарда қазақ халқының көптеген ұлдары ерлікпен шайқасты. Олардың ішінде Кеңес Одағының Батырлары — Мәлік Ғабдуллин, Бауыржан Момышұлы, Рашид Жанғозин, Төлеген Тоқтаров, Рамазан Елебаев, Төлеуғали Елебековтер бар. Мәскеу үшін болған шайқаста полковник Г. П Коротков басқарған 238 - атқыштар дивизиясындағы қазақстандық жауынгерлер өздерін даңққа бөледі. Дивизия жауынгерлік Қызыл Ту орденмен марапатталып, табандылығы, ержүректігі мен батырлығы үшін 30 - гвардиялық дивизия болып қайта құрылды. Алексин қаласы үшін шайқастарға қазақ халқының аты аңызға айналған батыры Амангелді Имановтың ұлы, қатардағы автоматшы (атқыш) — Рамазан Амангелдиев қатысты.
Ән; Әлия
6. оқушы. Ленинград шайқасы - Үш жылдан астам уақытқа созылған Ленинград үшін шайқас елдің бүкіл солтүстік - батыс бөлігін қамтыды. Барлық ұлттардың жауынгерлерімен бірге қазақ жауынгерлері де Ленинградты табан тіреп қорғады. Жаудың қоршауында қалған қалаға Қазақстаннан азық - түлік, қару - жарақ пен әскери құрал - жабдықтар тиелген көптеген эшелондар жіберілді. Ладога көлі аймағындағы алғашқы шайқастардың өзінде - ақ қазақстандық 310 - шы, 314 - атқыштар дивизиялары ерекше көзге түсті. Қазақстандық жауынгерлер Ленинград облысының 22 елді мекенін азат етуге, қоршаудағы қаланың «Үлкен жермен» байланысын қамтамасыз етуге, «Өмір жолын» салуға қатысты. Ленинград үшін күрес шежіресінде Әлия Молдағұлованың даңқты есімі мәңгіге қалды. Ержүрек комсомол, мерген қызды III дәрежелі Даңқ орденімен марапаттады, ал қаза тапқаннан кейін 1944 жылы шілдеде оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 24 - атқыштар бригадасында қызмет еткен 3. Оңғарбаева да ержүрек жауынгер ретінде көпке танылды
7. Оқушы; Ж. Жабаев. Ленинградтық өренім

Ленинградтық өренім,
Мақтанышым сен едің!
Нева өзенін сүйкімді,
Бұлағымдай көремін
Шамы Күндей жайнаған,
Аспанға үйлер бойлаған…
Арқа тұтып алыста,
Айбыным деп ойлағам!
Жабықпағын Ленинград!
Отан әмір берген шақ.
Сап - сап қол барар
Қорғап сені ол қалар.
Жанышталар айдаһар!
Жата алмаймын төсекте,
Жаным қалай жайланар?
Құс ұйқылы көнемін,
Қайтып ұйқы көремін,
Жетсін деймін сендерге,
Жыл құсындай өлеңім,
Қаласында Лениннің,
Сайып қыран өренім…

8 - оқушы. Сталинград шайқасы.
Қазақстан жауынгерлері Балтықтың теңіз шептерін табанды түрде қорғады. Қызыл тулы «Киров» крейсерінде соғыс басталғанға дейін жіберілген 156 қазақстандық ерлігімен көзге түсті. 1942 жылы жаз бен күзде соғыстың шешуші оқиғалары КСРО - ның оңтүстік - шығыс бөлігінде, Еділ мен Дон өзендерінің аралығында болды. Қазақстанда құрылған бөлімшелер Еділдегі шайқасқа да қатысты. Қаһарман - қала Сталинградтың (қазіргі Волгоград) тұрғындарының есінде Қазақстанда жасақталған, полковник Г. Сафиуллин басқарған 38 - шы атқыштар дивизиясы жауынгерлерінің ерліктері жатталып қалды. Сталинград түбіндегі қорғаныс шайқастарында дивизияда мергендік қозғалыс өрістеді.
9.- оқушы. Отан Ана еліміздің ер азаматтарының қолына қару, бойына қуат беріп, жауға шығарып салды. Қазақстанда құрылған 316 атқыштар дивизиясының қолбасшысы генерал майор В. Панфилов болды.
Жиырма сегіз гвардияшы Панфиловшылар — Ұлы Отан соғысы жылдарында Мәскеуді ерлікпен қорғаған қазақстандық жауынгерлер. 1941 ж. 15 қарашада Германия әскерлері 51 дивизиямен Мәскеуге екінші “негізгі шешуші шабуылды” бастады. Батыс майдан жауынгерлері ауыр ұрыстар жүргізді. Осы майданға кіретін 16 - армияның құрамында Алматыда жасақталған генерал - майор И. В. Панфилов басқарған 316 - атқыштар дивизиясы (кейіннен 8 - гвардиялық - панфиловшылар дивизиясы) Мәскеу түбіндегі Волоколам тас жолын қорғады.
10 - оқушы. Бауыржан Момышұлы (1910 - 1982 жж.) Қазіргі Тараз облысы, Жуалы ауданы, Көлбастау ауылында туған. Жеті жылдық мектеп бітірген соң біраз уақыт мұғалім болып істейді. 1932 жылы әскер қатарына шақырылады. Міндетін өтеп, запастағы командир атағын алып ауылға оралғасын қаржы орындарында жұмыс істеген. 1936 жылы қайтадан Қызыл Армия қатарына шақырылып, түрлі әскери бөлімдерде қызмет еткен, взвод, рота командирі болған. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталысымен даңқты генерал - майор И. В. Панфиловтың басқаруымен Алматы маңында жаңадан жасақталған 316 - атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанған. Соғыс жылдарында батальон, полк, дивизияны басқарды
Өз даусы тыңдалады.
11 - оқушы. Ұлы Отан соғы¬сының ержүрек батыры, халқымыздың біртуар перзенті – Қасым Қайсенов 1918 жылы 23 сәуірде Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында дүниеге келген. 1941 жылдың қараша айында Оңтүстік - Батыс майданның штабына аттандырылып, басқыншылар қолында қалған Украина жерін азат ету үшін жау тылына түсіріледі. Қайсенов атамыз сол жерде Чапаев атындағы партизан құрамасының үшінші отрядының басқарушысы болады. Бұдан кейін, 1944 жылдың соңына дейін Чехославакия (қазіргі Чехия), Румыния, Молдавия елдеріндегі партизан қозғалыстарына қатысты. Соғыс аяқталған жылдардан соң бейбіт еңбекке араласып, Қазақстан Жазушылар одағында, баспа мекемелерінде қызмет атқарған. Ұлы Отан соғысының қиын - қыстау кезеңін, жауынгерлердің ерлігін суреттейтін «Жас партизандар» (1954), «Ажал аузында» (1959), «Жау тылындағы бала» (1961), «Жау тылында» (1973) секілді көптеген шығармалардың авторы. Соғыс жылдары партизан қозғалысына қатынасқан қазақстандықтардың саны 3, 5 мыңға жетті. Партизандық қозғалыстың Ғалым Ахмедияров, Ғалым Омаров, Нұрым Садықов, Қасым Қайсенов, Нұрым Сыздықов, Әди Шәріпов, Тәжіғали Жангелдин т. б. батырларының есімі көпке танылды. Халық кекшілдерінің қатарында қазақстандық әйелдер - Нұрғаным Байсейітова, Тұрғаш Жұмабаева, Жамал Ақәділова т. б. аянбай шайқасты. Еуропа елдерінде Қарсыласу қозғалысына қатысушы қазақстандықтар фашистерге қарсы күресте батырлық пен ерлік көрсетті.
12 - оқушы. Көк аспанда жаумен алысқан ұшқыштар. Оны – «дала сермеңдесі», «көк тәңірісі», «аспан перісі», «қанаттылар ханы» деп құрмет тұтты. Дәл осындай текті құстың болмысы қазақтың арда ұлы, Кеңес одағының батыры атағын екі рет алған қыран текті Талғат Жақыпбекұлы Бигелдинов еді. Дүниежүзілік екінші соғыстың ажал қорғасындары аспан көгін осқылап жатқан тұста, қазақтың сайын даласынан, Қараөткелден түлеп ұшқан сарша қыран көкке темір тегеурінді әскери ұшақты 305 рет көтерген екен. Авиация генерал - майоры, Кеңес Одағының екі мәрте батыры, «Барыс» орденінің иегері. 1922 жылы 5 - тамызда Сарыарқаның кең - байтақ даласында, Ақмола облысының өзен - көлі тасыған, емдік суы атқылаған Майбалық ауылында туған. 2014 жылғы 9 қарашада Алматы қаласында дүниеден өтті.
13 - оқушы. Н. Әбдіров талай әуе шайқасына қатысып, ерлік пен өжеттік, әскери шеберлік танытты, әр тапсырманы мұқият орындап отырды.
Қазанның 23 күні тұңғыш рет әуе шайқасына аттанар алдында Нұркен былай деп жазған екен: "Егер біз фашистерді құртпасақ, олар біздің түбімізге жетеді. Сөйтіп қуанышты, бақытты өмірмен қоштасамыз..."
Барлығы 17 рет әуе шайқасына қатысқан Нұркен жаудың 18 танкісін, 46 жүк машинасы мен көлігін, оның ішінде оқ дәрі тасыған 18 керуенді, жанар май құйған 3 цистернаны талқандап, зенит қондырғыларының бесеуін, бірнеше жабық атыс ұясын, талай жау әскерін құртты.
1942 жылы желтоқсанның І9 - да біздің батыр жерлесіміз өзінің серігі, атқыш әрі байланысшы Саша Комиссаров екеуі соғыс аспанына соңғы рет самғап шыққан еді. Боков - Пономорев станциясы маңайында олар тас құрсанған жаудың үлкен алты танкін, бірнеше атыс ұясын, зенит артиллериясының екі қондырғысын жойып жіберді.

14 - оқушы. Хиуаз Доспанова – Ұлы Отан соғысында әскери ұшақпен аспан төріндегі ерлігімен танылған, ал соғыстан кейінгі бейбіт өмірде қайраткерлігімен дараланған қазақтың қаһарманы.
Қазақстандықтар Брест қамалын қорғады, Мәскеу түбінде де өлімге бастарын тікті. Сталинград, Курск доғасындағы шайқастарда ерекше көзге түсті. Берлинге шабуыл жасады,

15 - оқушы. Қазақстандықтар Брест қамалын қорғады, Мәскеу түбінде де өлімге бастарын тікті. Сталинград, Курск доғасындағы шайқастарда ерекше көзге түсті. Берлинге шабуыл жасады, Қошқарбаев Рақымжан(1924 — 1988 жж.) – Берлиндегі Рейхстагқа жеңіс туын тіккен қазақ азаматы, Халық Қаһарманы (1999). 1924 ж. 19 қазанда Ақмола облысы Ақмола ауданында дүниеге келген. 1942 ж. әскерге алынып, 1944 ж. Фрунзедегі (Бішкек) жаяу әскер училищесін бітірген. 1944 ж. қазан айынан бастап I Белорусь майданындағы 150 - Идрицк атқыштар дивизиясы құрамында взвод басқарып, Польша және Германия жерлеріндегі ұрыстарға қатынасты. Лейтенант Қошқарбаев Берлин операциясы кезінде асқан ерлік көрсетті. 30 - сәуірде ол жауынгер Григорий Булатов екеуі Кеңес әскерлері арасынан Рейхстагқа алдымен жетіп, жеңіс туын тікті. Соғыстан кейінгі жылдары Эльба бойындағы кеңестік оккупациялық әскер бөлімінде қызмет атқарды
16 - оқушы. Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі танымал қару жарақтар.
Судаев пистолет - пулеметі (ППС - 43)

1943 жылдан бастап, Қызыл армия ППС - 43 деп аталатын Судаев пистолет - пулеметтерімен қамсыздандырылып тұрды. Жаңа, біршама жетілдірілген қару сол кезде Қызыл армияның негізгі атқыштар қару - жарағы болған және соғыс аяқталғанша солай болып қала берген (ППШ 1945 жылға дейін шығарылды)
Қару - жарақ саласындағы көптеген мамандар Судаев пистолет - пулеметінің 1943 жылғы үлгісін Екінші Дүниежүзілік Соғысындағы ең үздік пистолет - пулемет деп есептейді. ППС сонымен қатар, Корея және Қытай соғысында белсенді түрде қолданылды.
ТТ пистолеті (Тульский Токарев)

Конструкциясының қарапайымдылығы, жоғары қирату күші (бронежилетті тесіп өте алатын санаулы пистолеттердің бірі), шаппасының жеңілдігі, ықшамдылығы және ату дәлдігі үшін ҰОС кездерінде Қызыл Армия әскерлерінің сүйікті қаруына айналған 7, 62 калибрлі ТТ тапаншасын («Тульский Токарев») 1930 жылы Федор Васильевич Токарев жасап шықты.«Тульский Токарев» КСРО - да 1952 жылға дейін шығарылып келді. Аталған пистолетті шығару лицензиясы Польша, Румыния, Югославия, Венгрия, Қытай және Солтүстік Корея елдеріне сатылды.
17 - окушы. "Катюша"

Қызыл Армия әскерлері арасында «Катюша» ретінде танылған БМ - 13 дүркін атыс жүйесі Т - 34 танкі, Ил - 2 штурмовигімен қатар Ұлы Отан соғысында танымал совет брендіне айналды. Жаудың айтып жеткізуге болмайтын үрейін тудырған БМ - 13, 1941 жылы әскер қаруына қосылып, 14 шілде күні 15 сағат 15 минутта алғаш рет қолданылды. Шпагин пистолет - пулеметі (ППШ)

Қызыл Армияның Ұлы Отан соғысы кезінде жаппай қолданған атқыш қаруы атақты Шпагин пистолет - пулеметі болып есептеледі. Ол 1940 жылдың соңғы күндері әскер қаруына енгізілді.
Қаруды құрастыру оңайлығы соғыс жылдары өзінің септігін тигізді. ППШ өз уақытысындағы шетелдік аналогтарын айтарлықтай асып түсті: советтік пистолет - пулемет оғының желді жылдамдығы 490м/с - ты құрады. ППШ - ның мықты жағын айтар болсақ, қару қорабының үлкен көлемді, шапшаң атылғыш (минутына 900 атыс), өте берік, өндіруде оңай және арзан болуы. 1951 жылы ППШ әскер қарулары қатарынан шығарылып, оның орнын автомат Калашников басты. ПП шетелдерде де шығарылды. Атап айтсақ, Қытай, Венгрия, Солтүстік Корея. Сонымен қатар, Корея және Вьетнам соғыстарында да жаппай қолданылды. Ал кейбір Африка елдері мен Ауғаныстанда Шпагинннің туындысы әлі күнге дейін қолданыста жүр.
Георгий Семенович Шпагин өзінің еңбегі үшін екі рет Сталиндік сыйлықпен марапатталған.
Т - 34 танкі

Т - 34 танкі Калашников автоматымен бірге бұрыннан бері 20 ғасырдың брендіне айналған. Соғыс жылдары және ол аяқталғаннан соң да танктің әскери қолданысы тарихы көптеген аңыздармен, сыбыстармен және жорамалдармен толды. Т - 34 танктері 1940 жылдан бастап жаппай шығарыла бастады. Соғыс жылдары танк соғыстарының данышпандары Гудериан және басқа неміс генералдарынан көптеген мақтау сөз алған Кеңес Одағының танкі көшірме объектісіне айналды – оның негізінде неміс конструкторлары өздерінің атақты «Пантерасын» жасап шықты. Т - 34 әр уақытта әлемнің 45 елінің армия қаруының қатарына енгізілді. Оған негізделіп көптеген танктер мен өзі жүретін қондырғылар жасалды.
18 - оқушы. УОС ақын жазушылар ерлігі.
Мәлік Ғабдуллин.
1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда, алғашқылардың бірі болып өз еркімен майданға аттанады. 1941 жылдың қыркүйегінен бастап, соғыстың соңына дейін Отанды қорғау борышын абыроймен атқарады. Аға политрук болады. Майданда И. В. Панфилов атындағы 8 - гвардиялық дивизияда шайқасады. 1942 жылы Новгород облысына қарасты Холм қаласының маңында болған ұрыста Мәлік солдаттардың біразына басшылық етеді. Ол басқарған сарбаздар фашистердің тісіне дейін қаруланған әскеріне тойтара соққы береді. Кескілескен ұрыстың нәтижесінде жаудың екі танкісін гранатамен жарып, жаудың 12 солдатын тұтқынға алады.
Соғыстан келген хаттар. көрініс
19 - окушы. 22 сәуір, 1943 жыл. Құрметті біздің туғандарымыз, жақындарымыз және достарымыз! Біз қазақтармыз, "Оңтүстік майданның" жауынгерлері мен командирлеріміз. Біреуіңнің балаңызбыз, біреуіңнің күйеуіңбіз, біреуіңнің ағаларыңбыз. Сендерге жалынды сәлем айтамыз! Міне біздің КСРО халқының ұлдарымен иықтасып соғысып жүргенімізге 21 айдан артық уақыт өтті. Біз Отан алдымыздағы борышымызды өтеп, неміс фашистеріне, бізді құл қылып жүргісі келіп жүрген қанішерлерге қарсы соғысып жатырмыз.
20 - оқушы
Амансыз ба, анашым! Қалыңыз қалай? Ауырып қалған жоқсыз ба? Ауырмаңыз, мені күтіңіз. Мені уайымдамаңыз. Менде бәрі жақсы. Тек сізді сағынғаным болмаса… Шашыңыздан иіскеп, маңдайыңыздан сүйгім келеді. Жарайды, оны қойшы. Інілерім қалай? Олар аман - сау ма? Менен әпкеме, тәтеме бәріне сәлем айтыңыз. Салып жіберген алмаларыңыз келді. Ротадағы солдаттар сізге алғысын айтып жатыр. Рахмет! Жолдас лейтенант апасына хат жазып отыр еді. Менде сізді ойлап, қолыма қалам алдым. Біздің рота соғыс алаңынан бес шақырым жерде орналасқан. Таң атысымен соғыс алаңына аттанамыз. Мылтықтың дыбысын естігенде, аспанға ұшқан зеңбіректі көргенде денемді үрей билейді. Бірақ та халқымның жан айқайын естігенде, жұдырықтай жүрегімде жігер пайда болады. Мен Отан үшін соғысқа аттандым ғой. Сізді жалғыз қалдырып кеткенім үшін, мені кешіріңіз. Бұл хаттың сізге жетер жетпесін білмеймін. Мүмкін бұл хат сізге жеткенде, мен туралы басқа хат та келіп қалуы мүмкін. Бекем болыңыз! Бірақ та ана мен сіздің қызыңызбын ғой. Мен қайтып ораламын. әлі - ақ «Анашым, мен келдім! Мен жеңіспен оралдым» – деген сөздерді еститін боласыз. Аман жүріңіз!
21 - оқушы. Қазақстандық жауынгерлер қайта жерленді.
Алматыдағы "Боевое братство" қоғамдық қоры үстіміздегі 2013 жылдың тамыз айында Ресейдегі Псков облысында өтетін "Естелік вахтасы 2013" акциясына қатысады. Айта кетелік, шара аясында соғыс кезінде жерленбей қалған ата - әжелеріміз туған жерге әкелінеді. Нақтырақ айтқанда, 2 прибалтикалық фронттың 22 - армиясының 54 - ші мергендер бригадасының жауынгерлері қазып алынады. Олардың қатарында Кеңес одағының батыры қазақстандық Әлия Молдағұлованың да бар екендігін қоса кетейік. Қатысушылар сапарға Алматыдан аттанады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, игі шараның аясында жоғалып кеткен көптеген қазақстандық жауынгерлердің табылуының ықтималдылығы өте жоғары. Табылған әрбір солдат қайта жерленіп, ескерткіш плиталар орнатылады.
22 - оқушы.
Қазақстан аумағына күшпен қоныс аударылған ұлттар
Кеңес халқы ортақ Жеңіс үшін батырлық пен ерліктің үлгілерін көрсетіп жатқан уақытта сталиндік қылмыскер топ өз халқына геноцидін жалғастыра берді. «Халық жауларын» жоюмен қанағаттанып қана қоймай, ол тұтас этникалық қауымдастықтарды өздерінің туған жерлерінен күшпен қоныс аударып, террорлық әдістер қолдануға көшті. Күштеп жер аударудың алғашқы құрбандықтарының бірі - Қиыр Шығыстағы кеңестік корейлер. 1937 жылы Қазақстанға бұл этностың 100 мыңдай өкілі қоныс аударылды. 1941 - 1942 жылдары республикаға 408 мың неміс депортацияланды. 1943 - 1944 жылдары ешбір дәлелсіз басқыншыларға дем берді деп айыпталған Солтүстік Кавказ халқы да жер аударылды. Олардың ішінде Қазақстанға депортациялауға қарашайлар - 45, 5 мың адам, балкарлар - 25 мың, чешендер мен ингуштар 406 мың адам душар болды. Сондай - ақ Қазақстанға қалмақтар (2, 2 мың), ирандықтар (2 мыңнан аса отбасы), поляктар, финдер, күрдтер, қырым татарлары, түріктер, гректер, батыс беларустар мен батыс украиндықтар, литвалықтар т. б. қоныс аударылды. Тіршілік ауыртпалығы мен күшті моральдық қысым жағдайында жергілікті халықтың тілектестігі мен қолдауынсыз өмір сүру қоныс аударушылар үшін қиын еді.
23 - оқушы.
Абдул - Вахит Дадаев 1936 жылы Шешен - Ингуш АССР - і Самаш ауылында дүниеге келген. 1944 жылы 23 ақпанда жанұясымен бірге Қазақстанға жер аударылған. Ал 1960 жылға таман жұбайы және балаларымен бірге туған ауылына оралған.
ЭШЕЛОН даусы.
Біздің үш бөлмелі пәтеріміз болатын. Бірінші қабат. Әкемнің аты Зубайыр, ал анамның есімі Аманта. Абдул - Халим үлкен ағам. Сайд - Хасан інім мен әпкем Кайпа. Бізді 1944 жылы Қазақ АССР - і, Талдықорған облысы, Алакөл ауданындағы Май ауылына жаппай көшіре бастады. Біз онда 13 жыл өмір сүрдік. Олар алдымен ерлерді түгел жинап, мал тасымалдайтын вагондарға мінгізді. Сосын әйелдер мен қарияларды да солай орналастырды. Ал Қазақстанға 18 күн дегенде жеттік. Жетісудағы кішкене Май ауылына жеткен соң бізді вагондардан шығарып, пойыз жөнімен жөнеле кетті. Ауылдың негізгі тұрғындары қазақтар екен. Мен 8 жаста едім. Қазақтардың бауырмалдығын сол кезде көргенмін. "Мына жанұяны мен ертіп кетейін" десе біреуі, "ал мына жанұя бізбен тұрсын" деп жаппай ауылдың қазақтары белгісіз өлкеден жер аударылған шешендерді далада қалдырмады деп еске алады.
24 - окушы. Соғыс медалдарымен ордендері
"Богдан Хмельницкий" ордені. КСРО Жоғарғы Кеңес Президиумның қаулысымен 1943 жылы 10 қазан күні бекітілді. Үш дәрежесі бар. Богдан Хмельницкий орденімен Қызыл Армия командирлері мен қанды ұрыстарда елін аман қылуға бар күш - жігерін салған жауынгерлер марапатталған болатын. Осындай орденмен алғашқы болып генерал А. И. Данилов марапатталды.

"Қызыл жұлдыз" ордені 1930 жылы 9 сәуір күні бекітілді. Бұл ардақты марапатты соғысқа қатысқан жауынгерлерге, тылда еңбектеніп, Отан алдында адал тер төгіп жүрген қарапайым халыққа да берген. "Қызыл жұлдыз" орденімен алғашқы болып Таяу шығыстағы армия басшысы В. Блюхер 1929 жылы Қытай елімен пайда болған түсініспеушілік пен келеңсіздікті шешіп бергені үшін марапатталды.
25 - оқушы. "Отан соғысы" ордені КСРО Жоғарғы Кеңес Президиумының қаулысымен 1942 жылы 20 мамыр күні бекітілді. Екі дәрежесі бар. "Отан соғысы" орденінің алғашқы кавалерлері болып капитан И. Криклий, аға сержант А. Смирнов пен И. Стаценко танылды. Өйткені осы батырлар 1942 жылы Харьков бағытындағы гитлершілердің көптеген ұрыстарына тойтарыс берген болатын.

"Жеңіс ордені" Кеңес үкіметін жеңіске әкелгені үшін жоғары командалық құрамды марапаттауға арналған арнайы сыйлық. Бұл орден КСРО Жоғарғы Кеңес Президиумының қаулысымен 1943 жылы 8 қараша күні бекітілді. Көбіне бұндай белгілермен бір немесе бірнеше майданда ерлікпен көзге түскен батырлар марапатталған.
"Алтын жұлдыз" медалімен Кеңес үкіметі батыры деген атаққа ие болған тұлғалар марапатталатын. 1939 жылдың 1 тамызында КСРО Жоғарғы Кеңес Президиумының қаулысымен бекітілген еді. Бұл медаль Кеңес үкіметінің батыры атағын алғандарға бірге табысталатын. Алғашқы "Алтын жұлдыз" Ляпидевскийге берілген еді.
26 - оқушы. Ұлы жеңіс. 1945 - жыл 9 - мамыр
Екінші дүниежүзілік соғыстың жеңіспен аяқталуы
Неміс басқыншыларын кеңес жерінен қуған Кеңес Одағының Қарулы Күштері дүниежүзілік тарихи миссияны — Еуропаны гитлерлік оккупациядан азат етуді жүзеге асыруға кірісті. Румыния мен Болгарияны азат ету шайқастарына 387 - ші қазақстандық атқыштар дивизиясы қатысты. Югославияда 73 - ші гвардиялық дивизия шайқасты. Ұлы Отан соғысының ірі, шешуші операциясы — Берлинді алуға 150 - ші атқыштар дивизиясы қатысты. Шайқас қызып жатқан уақытта қазақстандықтар — офицер Р. Қошқарбаев, қатардағы жауынгер Г. Булатов, кіші сержант М. Еремин, қатардағы жауынгер Г. Сывенко т. б. тіккен қызыл тулар желбіреп тұрды. Берлинге тіке шабуыл жасауға «Қазақстан комсомолы» танк колоннасының танкілері қатынасты. Бұл колонна Қазақстан еңбекшілерінің жеке қаражаттарымен құрылған еді. Республика патриоттары соғыс жылдары 480 миллион сом жинап, бұл қаржыға «Қазақстан колхозшысы», «Түрксібші», «Қазақстан кеншісі», «Қазақстан мұнайшысы», «Қазақстан металлургы», «Қазақстан пионері» атты т. б. майдандардағы армиялардың құрамына кірген танк колонналары мен авиаэскадрильялары жабдықталды. Фашизммен соғысты жеңіспен аяқтаған Қазақстан жауынгерлері Квантун армиясымен болған шайқастарға да қатысты. Көрсеткен батырлығы мен ерлігі үшін 2027 қазақстандық ордендермен, медальдармен марапатталды, олардың ішінде 14 - і — «Кореяны азат еткені үшін», 234 - і — «Жапонияны жеңгені үшін» медаліне ие болды.
Жеңіс күнін армия қатарында болған, Қазақстанда құрылған 12 дивизия, 3 атқыштар, 1 артиллерия, 1 минометші, 2 авиация полкі, басқа да бірнеше әскери бөлімшелер қарсы алды. 500 - ге жуық қазақстандықтар Кеңес Одағының Батыры атағын алды, оның 97 - і қазақтар. Б. Момышұлы, Б. Бейсекбаев, X. Доспанова т. б. қазақстандық батырлар соғыстан кейінгі кезеңде марапатталды.
27 - оқушы. Тыл жұмысында
Ер - азаматтары майданға алынып, бар ауыртпалық егде адамдардың, әйелдер мен балалардың мойнына түсті. Олардың еңбегінің арқасында соғыс жылдары Қазақстан колхоздары мен совхоздары елімізге 56 млн пұт астық, 733, 9 мың тонна ет, 1142 мың тонна сүт, 62, 4 мың тонна жүн өткізді. Тары өсірудің шебері Шығанақ Берсиев (әр гектардан 202 центнер), атақты күрішшілер Ы. Жақаев, Ким Ман Сам, дәнді дақылдардан мол өнім алғандар М. Сатыбалдина, А. Дацкова, Н. Алпысбаевалардың ерен еңбектерін атап өтуімізге болады. Қазақстан еңбекшілері өздерінің жеке қаражатынан майдан қорына 4, 7 млн сом ақша, 2 млн дана жылы киім, 1600 вагон сыйлық жөнелтті. Қару - жарақ, көлік, киім - кешек, азық - түлікті майданға жылдам жеткізу мақсатында қысқа мерзімде Қандыағаш - Орск, Жамбыл - Шолақтау, Талдықорған - Текелі темір жол желілері тартылды. Соның нәтижесінде шикізат көздері өнеркәсіп ошақтарымен жалғасты. 1942 жылы Алматыда құрылысы басталған вагон жөндеу зауыты соғыстың соңына таман пайдалануға берілді.
28 - оқушы. Георгий лентасы

Жыл сайын «Жеңіс күні» мерекесінің қарсаңында үлкен - кішіге «Георгий лентасы» таратылады. Бұл дәстүр Ресейде 2005 жылдың наурыз айында басталған. Шараны «РИА Новости» журналисті Наталья Лосева жеңістің 60 жылдық мерейтойының қарсаңында ойлап тауып, оған Мәскеу әкімшілігі мен «Студенттер қауымы» қоғамдық мекемесі қолдау білдірді.
«Георгий лентасы» шарасының басты екі мақсаты бар. Бірі Ұлы Отан соғысына қатысып, жеңіске жетуге септігін тигізген ардагерлерді еске алып, оларды ардақ тұту болса, екіншісі қоғам назарын ардагерлер мәселесіне аудару болып табылады. Ерікті жандар мереке қарсаңында таратқан лентаны алып, оны шара талаптарына сай көлік антеннасы не сөмке бауына байлауға, қол не кеудеге тағып қою керек. Шара саяси және коммерциялық мақсаттарды көздемейді. «Георгий ленталары» саудаға түспейді, тегін таратылады..
29 - оқушы. Ерлігімен есте қалар ауыл батырларына тағзым ауыл ардагерлері есімдері аталады.
4 - сынып оқушылары өлең оқиды
1 - оқушы:
Жеңіс күні ардагерлер әперген,
Желбіретіп қызыл туды көтерген.
Туған елін жау қолында қалдырмай,
Ерлікпенен ел парызын өтеген.
2 - оқушы:
Он сегізде соғыс атты от кешкен,
Жараланып жас денесін оқ тескен,
Аталарым, ардагерлер, болшы аман,
Зейнетін көр бейнетіңнен мол кешкен.
3 - оқушы:
Ардагерлер, ұзақ өмір сүріңдерші,
Арамызда ардақ болып жүріңдерші!
Құрметтейік жеңісті мамырдағы,
Бақыттан рахаттанып күліңдерші!
Ардагер аталарға мың алғыс!
Қызығын сыйлаған бұл дүниенің.
Келешек ұрпағының бақыты үшін,
Батырлықпен қорғаған жаудан жерін.
2 - жүргізуші:
Бүгін жайнап жасарсын ана біткен,
Асыр салып қуансын бала біткен.
Жүректері жарылсын қуаныштан,
Аяласын көңілі жақсы үмітпен.
1 - жүргізуші:
Жүрек біткен желпінсін жүйрік аттай,
Сезім біткен серпілсін дамыл таппай.
Дәл бүгін өлең айтпай, ән шырқамай,
Қандай жүрек қалғандай қанат қақпай.
Қорытынды бөлім. Ұлы жеңіс әні.
Келген қонақтарға оқушылар гүл шоқтарын ұсынады.
Радио: Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! Біздің халқымыздың Ұлы Отан соғысындағы қаһармандық ерлігі жеңіспен аяқталады. Бұл жеңіс 20 миллион жерлестеріміздің қанымен, тірілердің табан ет, маңдай терімен келді. Соғыста ерлікпен қаза тапқан қыршын жастарымыздың қаһармандық рухы ұрпақтар есінде мәңгі сақталады!
Көрініс. (Қуаныштан жылап та, күліп те тұрған халықтардың көңіл - күйлері бейнеленеді)
Оқушылардың орындауында «День победы» әні орындалады.
Жүргізуші: Бұл жылдары жүрегі Отаным деп соққан әр азамат барынша күресе білді. Әрбір азамат өз Отанына деген антын орындап шықты. Олай болса сұрапыл соғыс және
елін, жерін қорғаған майдангерлерді Ұмытпаймыз ешқашан!!

Мектеп директорының тілегі. Міне, ата - бабаларымыздың арқасында бүгінгі күні өз тәуелсіздігімді алып, егеменді ел болып, әлемге танылып отырмыз. Өз әнұранымыз, өз елтаңбамыз, әрқашан биіктен көрінер туымыз бар. Бұл біз үшін үлкен қуаныш, үлкен бақыт. Қуанышымыз, жеңісіміз ұзағынан болсын деп бүгінгі мерекелік шарамызды аяқтаймыз. Елімізде бейбітшілік болсын! Аналарымыздың зарлаған, сәбилеріміздің жылаған дауысы естілмесін! Айбынды азаматтарымыз аман болсын!

Алматы облысы, Іле ауданы,
№16 мектептің тарих пәні мұғалімі
Еркебаева Гүльзира Мирзатайқызы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу