Шынар көлі - Елена ӘБДІХАЛЫҚОВА


Елена ӘБДІХАЛЫҚОВА

Шынаркөлі

Астана, 2008

 ЖИДЕНІҢ ГҮЛІ ЖҰПАРЫМ МЕНІҢ....

* * *

Жиденің гүлі жұпарым менің, Іңкәрім - өзің жалғанда,

Аңсарым - иісің, жұтарым - демің... туған жерге бір барғанда.

Жиделер гүлдер мамыр келгенде, сағым белдерде тербелер,

жалғаншыл жалын жанымда өргенде, өзің ғой маған дем берер.

Жиденің гүлі – даламның хошы денеме сіңген, бойдағым.

Базары болған бабамның да - осы! Туған жер, сенің қойнауың.

Жиденің гүлін – ауылдың иісін аңсатты – ау, қызық қуған бел... Тағдырым, мейлі, жанымды қисын, тек аман болсын, туған жер!

2007 жыл

* * *

Қызық қой: адам өмірі қызық қой адам көңілі -

Қарамай шама-шарқына, Қарап бір алмай артына, Берілмей тағдыр ырқына Ұмтыла түсу, ұмтыла

Көзінен сәуле сөнгенше, Тырбанып қалу өлгенше.

Адалдық кімге керек деп, Ар-намыс өлсе, себеп көп. Бес күндік өмір біткенше,

Кеудеңнен шыққан құт – демше, басыңнан дәурен өткенше,

күз басар орнын көктемше жанталас өмір сүргенің - әріге кетсе бір демің,

бекер-ау ойнап күлгенің, өкінтіп өлең айтпас ем, өлмеймін десе кімде-кім!

Адаспай ақыл-сүремнен,

Арман да қумай жүрер ме ем!? Арзандау болса ар-намыс.

Ақынға біткен толғаныс Билікке бітсе, қайтер-ді? Шақырса арман ертеңгі

Шалқып бір басып жүрмес пе ем? Қайғының дәмін білмес те ем.

Бейнеті болса жанға - құт – Тірлікте, сәрі, сол бақыт!

Шалқайтып бірге бақ берсе, Біреуді қойған зарлатып.

Әркімнің ырзық-үлесін, тайталас, тағдыр, күресін беретін өлшеп өзекке, Жаратқан ием, кем етпе!

2007 жыл

* * *

Тәуелді бәрі қоғамға, Тірлігің, барың, бағаң да, Тіріде тоның пішілер, Таразы мынау заманда.

Халықтың сөзін бос деме, (теңелмес оған ештеңе), Жұрт сені адал десе егер, Жаратқаның да қош көрер.

Жұрт арам десе, жоқ бағың, Жүрсең де жүйткіп топта мың, Халқыңның арын арламай,

Абырой бермес тапқаның.

Боламын десең ер елге, Өнеге болғай өренге,

Иіліп асқақ басыңмен,

Қарай жүр әркез төменге.

Қайғы-мұң болмай өз басың, Жұрт қамы сені қозғасын!

Қолың соз, көрсең, алдымен Жетім мен жесір көз жасын!

Жазылмас елдік жарғы, заң Өлшенер сотсыз бар күнәң, Халқыңсыз, орын берілмес Азаматтықтың аулынан.

Басыңа талай бақ келер,

Қызығын, бәлкім жат көрер, Жұртымыз аман болсын тек, Жақсы да жаман ат берер.

2007 жыл

* * *

Саған да жетер, маған да құшағы шексіз ғаламда

біріне бірі жауыққан

Не жетпейді осы адамға?!

Тіршілік – күндік сүрнікпе тойымсыз көңіл бір нүкте.

Армансыз, мұңсыз жандар-ай, арбасқан бес күн тірлікте.

Ұғынбай қонақ екенін,

Ұлықтап құлқын – нөкерін, Аспанның астын тар көріп, әрқайсы тілер жеке Күн!

Аранға жалдап - жал, күші, Демінде - дуа, қарғысы.

Шамасы жетсе, меншіктеп келетін құдайды алғысы.

Адамдар, қайран, адамдар, Адамдығыңа болам зар!

Тақтың да құны – көк тиын! Тапталып жатса табанда – Ар.

Кедейі байға талпынған, Байлары сараң, салқын қан әділеті тұл қоғамда

удан да зәрлі бал тұнбаң.

Жетсе де саған, маған күн! Кеңдігі аздай даламның.

Жойылмақ емес жауласу Құлқыны барда адамның.

2007 жыл

* * *

Сыршыл кеудемнің мұңын ұғатын жан тапсам еді – мұратым.

Боздаумен келе жатыр ғой төбемнен төнген бұла Күн!

Қобыз - көңілдің сазын еститін жан кәне,

“нағыз дос” дейтін?

қажыдым, талай талқысы қысқан тағдырдың көріп қош кейпін.

Тулаған шақта жүректен ізгі өлең, Түсінер біреу іздегем.

Ғажайып ғұмыр ғайыптан сыйлап Жан бар ма?

Ғашықпыз дейтін біз деген.

Сағыныштарым жанымда егілер, бәрін де менше сезінер

жан бар ма?

Жалғыздығының жалауы қылып - аңсаумен бірді көз ілер?

Тілегін тылсым түнге өрген, күрсінісі көп күндермен,

Жан бар ма сүрініп қалып, адасып барып мұңға ерген?!

Тоңдырған сәтте тажал - қара түн қорған боп жаяр қанатын

жан бар ма?

Тұрлаусыз тағдырыма менің сына қағатын.

Жан бар ма?

2007 жыл

Күн қайда жебейтұғын жегізбей мұң? Толқынын жел шайқаған теңіздеймін. Үсті ағын, асты жылым тереңдерден Жанымды жылытатын ем іздеймін.

Қараймын қарайғанға іздеп оны,

Қалды-ау деп жазда жаны, күзде демі, Қол созам, күн өтпейтін мұз беліне шыңдарда жатыр ма деп із – дерегі ?

Іздеймін ағыстардан, алыстардан, Ауылдан арманы бір таныс қалған.

Іздеймін аңсап мәңгі арзандамас найзағай жарқылындай намыстардан!

Іздеймін аналардың әлдиінен,

Ол сірә, талбесікте қалды білем,

Ескі жол – ертегі мен аңыздардың Жыр деген жалғандағы жаңғырығы ем.

Іздеймін даладан да, қаладан да,

Қараймын ынтызар боп бар адамға, Іздеймін секундтардың соғысынан сәттерді сені аңсаған санағанда.

Іздеймін жас баланың күлкісінен, Гүлдердің көктемдегі түр - түсінен, Іздеймін көктен кейде көзім талып, Ізі жоқ, ізеті көп бұлт ішінен.

Ел қандай, ерлері көп орта қандай, Мен десе қайғыны да арқалардай болса да, келем әлі мұз қарыған

жанымды жылытатын ем таба алмай.

Емес қой ішіп-жегіш құлқын – қайғы, Ел де аман, ұрыға да ұлтым жайлы. Езіліп ет-жүрегім неге сонша

Егіліп ұлығаннан бір тынбайды?

Тілегім төмендемес тақтан құны, Басса да бұл тірліктің батпан мұңы... Жүрегім тынышталар мәңгілікке,

Бір емді жанға рахат тапқан күні.

2007 жыл

* * *

Уақытта мынау ұры тым үзбейтін күннен үмітін армандарымен жеңетін,

қайғының түссе, бұлытын, жанымыз біздің сірі - тін.

Көңілдеріміз де кең еді, Кеңдіктің қайда дерегі!? Қиямет қайым келсе де,

«құдайға шүкір» дер еді. Таусылып бара жатыр ма, Табиғат - ана берері?

Көңілдер біздің мол тұғын, Қарасып жоғын олқының, Қаралы болса бір отау,

қаумалай сүйеп қалтығын, Қайғысы жұрттың сол тұғын.

Бар еді сөздің салмағы ... Қадірсіз қазір ол - дағы....

Таршылық кірді көңілге Баршылық сайран салғалы.

Белгісіз.... Қайдам.... ар жағы....

2008 жыл

* * *

Болса ғой кеңдеу көңілдер, Ізгілік толы пейілдер, Жайласа жанды сенімдер, өмірің сонда жеңілдер.

Тілегін берер біздейдің Жоқ біреу -

Жанда зілдей мұң!

Болса да күнім күздей күн, әйтеуір үміт үзбеймін.

Жырымды, мейлі, өртеңдер, Тарылсын, мейлі, көркем Жер,

Жұбатып келем өзімді туар деп күнім өркендер! Шақырса алдан ертеңдер!

2007 жыл

* * *

Шаршатты күндер. Аһ ұрып келем.

Тылсым бір жаққа бастасам….

Ескірмейтұғын тақырыпқа өлең – толғанып тыныс ашпасам….

Жүректе тулап бір алау сезім, Жыр болып ағар бүлкілдеп,

Есіме түсіп бұлалау кезім, отырам сосын күлкім кеп.

Базарын сонау бал шақтарымның аңсаған жанның бірімін.

Сазайын берген тарқатқан ұлдың парталас қыздың бұрымын.

Құрбыларды да сағынып ойлап, құбылулардан хабарсыз.

Жастықтың ыстық жалыны ойнап жүрген бір шақта алаңсыз.

Жазарым - өлең, азабын көрем қонбаған қолға бақыттың.

Келерін білмей ажалым неден, Жүйткіген жорға – уақытпын.

Көңіл ме, әлде, өлең дейтінім, тартатын терең батырып,

Таба алмай қойдым, көнермейтұғын ӨМІР-ден басқа тақырып.

2007 жыл

Ұшақта

Беу, мақта төс, боз кілем бұлттар, Сен ақ періштелердің мекені,

Мен де бір жан едім қайғыға кіріптар, Жоқ емі!

Жанымды емдесең не етеді!?

Періште, періште....

Сонау бір бұлттан жыр әпер, сыр әкел!? Ұшақты зулат та, биікке...

Қара жер – шер-құса – құба төр, көңіл де

баз кешкен сүйіп те, күйіп те!

Сен мені емдерсің, ақша бұлт ақ мамық, Уыздан - уайымшыл,

у емген

жан болмай, шаттанып жүрер ме ем, күлер ме ем?!

Әй, қайдам, сен де бір жылауық! Жаңбыр-жас селдетсе көл болып, Төбеңнен күн ауып,

Тағдырың жел болып....

Жасының сілтінтіп дүниені шерлі етіп, Ауасың қай жаққа?

(Көрерің осы ма ед!?)

Көз жасыңжер бетін

бусантып, тербетіп!

....О, неткен қасірет!

2005 жыл

* * *

Шабытым келсе, төккендей маған бейне бір нөсер селдетіп.

Ұжмақта кіріп кеткендей болам - ұмытылады кем-кетік.

Қайғы мен нала алыс қалады мұң мөлдіреген жанардан.

Ғашықтар сынды табысқан әні Құшаққа толып ақ арман!

Бұлттардан асып ұшқандай болам, Жұлдызы жарық жарасқан.

Жүрекпен нұрды құшқандай, маған мекенім сынды көк аспан!

Оралам сосын баладай күліп, Көгілдір аспан, ақ бұлттан тірлікке мынау қарадай жүріп қабағын қайғы жаптыртқан.

Оралам және өмір дейтұғын күңкілге, күбір, былыққа.

Көктегі күнді көмілмейтұғын кеудеме салып құлыптап.

Енемін қайта тіршілік деген тайталас, тағы сынаққа!

Қарбалас күнмен құлшылыққа енем, армандар қалып жырақта!

Азабы оттай ақындық осы, Қиялмен күнді құлатар,

Апамнан қалған ақылды қосып, алдаусырасаң, ұнатар!

Жеңілген күні (көремін нені?)

тіршілік атты жарыста,

Шығарып салшы, Өлеңім, мені түбі жоқ, анау- у ғарышқа!

2007 жыл

* * *

Мылтықсыз майданда бұл өмір дейтін, Кигенше көрік кеудең өлім кейпін,

әлді мен әлсіздердің таласында

жан болам деме мәңгі жеңілмейтін.

Қайғыны, қуанышты өңгеріп тең

Жан бар ма жүрер алыс пенделіктен? Мылтықсыз майданда бұл өмір дейтін Жеңсем деп үміттенер пенде біткен.

Бой ұрып өзім деген қараулыққа,

Түкіріп қарайтұғын адалдыққа жандарға тек жеңіске бас иетін

түк емес сатқындық та, арамдық та!

Көзіне ілмей жұртты маңайдағы, Білетін жеңісте деп арай-бағы,

Кемітіп жығылғанды, жүдегенді

Кердеңдеп жүргендердің сол – айғағы.

Нан пісіп кеудесіне барша мықты тілегі - өз биігі болса құтты.

Жеңгендер қанша болса бұл тірлікте болады жеңілген де соншалықты.

Жаны - мұң жеңілгеннің, күні – қараң, (Белгілі бесенеден сыры маған.) Төріңнен төгілмесе үміт – шуақ, төбеңнен сүйек алып ұры, надан,

Жыртқанда жағаңды өмір, жаныңды үгіп,

жұбатар жан кезікпей, халің біліп, Жүрегің жырым – жырым болып күйіп, Шарасыз мүжілерсің, әлің құрып.

Жеңілген жандардың бұл күйініші- Болады жеңгендердің сүйініші.

Жүреді масаттанып, марқайып бір, орамға келгендей боп қиын ісі.

Тірлікте жоғың да мұң, барың да мұң, Сезінеп жүрген кім бар жан ырғағын?! Білмеймін өз жеңісім аз болды ма, әйтеуір жеңілгендер жағындамын.

Тағдырың танытса да талыс қабақ, Секілді жеңілу де - нағыз сабақ, Жандарды жеңіліс тапқан тіршіліктен жүремін жебегенді парыз санап!

Бой бермей өмірдегі уайым – дауға өзіңді, жетелей бер, ойыңды алға!

Мен үшін жеңгендерге қарағанда - Мықтырақ жеңілгенін мойындау да!

2007 жыл

Қарғыс

Көрсетпе көз жасыңды ешбір жанға, Көпке жәй көлгірсі де, күл, өтірік!

Осқырып пайдасы жоқ осқырғанға, білсең де, үндемей қал, біле тұрып.

Таласқа, дау-дамайға сырттай қара, Жеңген мен жеңілістің күт ақырын.

Жаныңа жақындатпай құрттай нала, Рахаттың суы болсын жұтатының.

Жақтаспа біреулерге жаның ашып, Жетім мен жесірлерді жебеме де, Бас ием деме, сүйіп, тәлімі асық- бабадан қалған мирас өнегеге.

Биліктің жүрсе жалғыз құлқын үшін, Айтпа да, көрме де оны, аңғарма да!

Шындық деп шырылдама, “жұртым үшін жақсылық болса” деп те армандама! -

Ақылын алма дана, шын абыздың, Жылпосқа, жағымпазға төріңді бер,

«Ойпырмай, сөзін, - деме, мына қыздың», Жұрт сені сонда ғана сенімді дер!

2007 жыл

* * *

“Ғашық болу ғажап қой” дейді біреу, ал бірі : “азабы да көп, дейді, оның”: сезіммен оттай ыстық ойды күреу - оның бір сүйгеніне жетпейді емің.

Жан жоқтай одан артық жер бетінде, Жүрерсің ешбір жанды ілмей көзге, Нұрлану асыр салып келбетіңде,

Ісіңнен бір жаңалық іздейді өзге.

Ақылың демалады, сезім жанса, Санаңа сәуле берер сүйген елес. Көшеден іздейді оны көзің қанша, Ұмыт боп уақыт деген күндегі егес.

Тірлікке тұрлауы жоқ өшігем көп, Тағдыр да сынап талай көрді әзілмен. келемін ғашықтыққа бас ием деп,

Алдамшы дүниеге ор қазумен.

2007 жыл

МҮШЕЛ ЖАС

Бірінші мүшел

Былдыр-былдыр тілдермен, Балғын күлкі күндермен

Қоштастырар бір сәт бар: Қарсы алады гүл шақтар Тай болғандай құлыншақ жас болады, ұғынсақ, Мүшел жасың бірінші.

Он үш жасқа толарсың, Толған айдай боларсың, Ержетті дер ұлымыз, Бойжетті дер қызымыз, Қабыл болып батасы – Шаттанар әже-атасы - Ырысымен ырымшыл.

Екінші мүшел

Тарқайтын жас тез уайым, Елге болар көзайым -

Ерге шығып қыз бала, Келін сүйер ізгі ана.

Жас емес қой тартынар, Ашамын деп талпынар, Тербеп бақыт бесігін

Үлкен өмір есігін, Екі мүшел жасында.

Ғашықтықтың азабы, Тағдырдың да мазағы Бастан өтер ол шақта, Жас төгерсің моншақтап, Көкірекке “нан пісіп”,

Көрінгенмен тартысып, Жүретін шақ алшақтап. Қызық біткен - басында.

Үшінші мүшел

Бастан өтіп сан қызық: Айхай әнге салғызып,

Былдырлаған бал-қызық, Сыңғырлаған жан қызық. Сүйсең - естен танғызып, Қаласаң - айды алғызып, Ата-анамен тең өсер

Олар да сізбен кеңесер Білімі асып жүректе,

Қуаты тасып білекте. Елге көрік боларсың, Ерге серік қонарсың үш мүшелі жасыңда.

Екпіндеп алға ұмтылып,

Кеудеңе көркем нұр тұнып, Талайдың сөзін сөйлерсің Топты да жарып бұлқынып. Ағасы болар інінің,

Әпкесі болар бірінің.

Үлкендер қарар үмітпен, “Үмітті ақтар жігіт пе ең жалыны тең жасынға!?”

Төртінші мүшел

Тегеуріні темірдей,

Гүл-гүл жанған өмірдей, ата болар ағаңыз- алтын тонды жағаңыз.

Қырға биік шығарсыз, қоғам сырын ұғарсыз, Қырық тоғыз жасыңда.

Ақыл-ісі халқына

азық болар, парқы да. Азаматсыз - бұл жаста. Ағайының бірбасқа, Алқалаған топтарда айтылады нарқы да.

Төрт мүшелдің төбесі, Дүниенің егесі.

Терін төгіп, жүгіріп,

Жақсы сөзге ілігіп Жасарсың мол сауапты Бәрінен жауапты -

Ұрпақ үшін келесі Бұл мүшелдің белесі.

Бесінші мүшел

Дәл алпыс бір жасында, Сүйген жарың қасында. Ел ағасы атанар,

Талайлар келіп бата алар. Саралап өмір белесін, Салиқалыққа енесің.

Үміттің жібін көп үзер ертеңі қайғы жегізер. Ұяға ұшып ұлыңыз,

Қияға қонып қызыңыз, Немерелерді сүйерсіз, Солар деп отқа күйерсіз. Өмірдің сырын ұғынып, өткенге жиі бұрылып, толғанып, түйін түйерсіз, тағдырға басты иерсіз.

Мүшел асып мүшелден, Қартаярсың түс-өңнен. Пайғамбардың жасы да, Жетіп Жамбыл жасына, Дүниені болжатпай, Жантаярсыз оң жаққа.

Сонда ойға оралар, Тілегі құт ағалар, әлдилеген аналар, ақылы – нұр бабалар! Елге еткен еңбегің,

Артық, ия кем жерің

жұртқа бәрі сөз болып,

жоқтар жылап бөз болып. Халық аузымен айтылар, Сөйтіп күнің сарқылар.

2007 жыл

Мүшел жастағы тілек

Жаратқан ием, жар болғай! Жүрекке берген деміңе.

Жаратпаса біреу бар ма ондай?! Жаныма, көзге сен – Ие!

Бір уыс құмнан жаратып, Бейнемді нұрға бөледің. Кеудемнен әуен таратып, Көтеріп өлең келемін.

Іңгәлап келіп өмірге,

Қуандым тарап кекілді.

Көрген түс сынды о күн де, қылыққа толы не түрлі.

Он екі мүшем, қол, басым Тәңірге ғана таңулы.

Өмірім, ортам, жолдасым – тағдырым – бәрі жазулы.

Дүниені көрдім көзіммен,

Шайқады жанды мұңды әні, Толғатып келем төзіммен тірліктің тосса ырғағы.

Намысын жанып, сөйледім, қылықты көрсем ары кем, тірліктің кидім көйлегін – таланттың алау табымен.

Көшелі ермен кеңестім,

Қалатып алып халқымнан, Жұрт ұқпас жұмбақ емеспін, Парықсыз демес парқымнан.

Үш мүшел жас. Үміт көп үкілеп жүрген арманда,

... Үзіліп түссе, шірік боп ...

(Шірімей пенде қалған ба?)

Әзірге аман. Мың арман.

Айтылар әлі ән қанша! әмірі күшті бір Аллам аманат-жанын алғанша!

2007 жыл

* * *

Түсімде ылғи самғаймын көкке, (Айтайын мұны өңім деп.)

Жаны нұр құшқан жандаймын. Текке тіршілік қуар жөнім жоқ.

Қызықтау екен аспани ғұмыр, Қалайша бұрын сезбегем?

Күнді ұрлап, көкті жасқады да іңір ойнайды жұлдыз – кезбемен.

Қараймын жерге биіктен барлап, Қалың бір нуға оранған,

Қара орманы тұр күйіктен зарлап, Жапырақтары тоналған.

Тамырсыз еді, тәлімі - нала, тастарға кеткен тіл шығып.

Шуласады - ай кеп, арыны дара жайқалып өссе бір шыбық.

Сақылдап бірі күлетіндей ме, Білетіндей ме мұны Аллам?” Жақсы адам болып жүретін кейде Ағаң жүр шығып құмардан.

Қарасам іздеп дәру болатын бұлақтың мөлдір тұнығын.

Аққудың жұлған ару-қанатын Таныдым бірден ұлығын!

Жер беті осы тылсымы күрең ашылмай мәңгі құлыпталған. Адамдардың бұл тіршілігінен қашады жылап бұлттар да.

Жұтынып бәрі құлқыны ашылған - жүргендер осы-ау - тірі боп.

Жандарын қажап, жұлқыласудан жалықпайтұғын бір рет.

Жердің бетінен жиіркеніп кеттім! Ұйықтай берер ме ем алаңсыз?! Келеді күнмен өртеніп кеткім, Болғанша бақсыз, баянсыз!?

Өздері оған шошынбайды онша. Атар ма алдан арай шам?

... Түсімнің сиқы осындай болса, Өңімде жүрмін қалайша?!

Құла бір таңнан құлшылық қылып, Жарылқар деумен қай Құдай!?

Жүремін солай тіршілік қуып Түсімнен өңім айнымай.

2007 жыл

“Ән салған адамның арманы бар ма екен?!”

(Біреулердің тамсанысы)

«Ән салған жанның арманы бар ма!?» Ән емес, достым, зар айттым. (Зарланады адам жан қажығанда)

Қайғымды одан сайын зорайттым.

Күлмедім күнде. Күн күлді, бірақ!

Салған әнім болмаса,

Жан жүрегім шыңғырды жылап, Жұбата алмады ол да аса.

Жұбата алмады қаншама әуен, Көмекке келсін жыр асау.

Бақыттан мәңгі болса да дәмең Үзілетінің рас- ау!

Сүйемелдеді домбыра –пірім! Демеймін жаным тапты мән! Бақыттың құсын қондыратұғын Қайда екен сол бір шаттық ән!?

Сызылатұғын сағына демі Ғашықтық қиял ұшырып,

Вальске тартып тағы да мені Мұң тұрды қолын ұсынып.

Әуенге салсам отты үніменен әлегін жанныңбілсін деп.

Марштың соққан екпініменен жүрегім тұрды дүрсілдеп.

Жүрегім жылап әніммен бірге, Қояды көзім жас іркіп, халіммен мүлде. . .

бақытымды одан сайын қашыртып.

Жоталарында от орап қайғы, Жылдарым жатыр жолақ боп. Жұрт болса қолын шапалақтайды, Жыр қуған жанға «сауап» деп.

Жанымның мәңгі нұры боп құшар, Жүректің сендік сарқылғанда үні, Арманымның да күлі көкке ұшар Ең соңғы әнім айтылған күні,

Ең соңғы зарым айтылған күні!

2007 жыл

* * *

Дос керек екен адамға:

қысылсаң, қолын ұсынар, таба да қылмас жаманға, имани ізет, ісі нар.

Дос керек екен адамға жүрегі адал, сен дейтін,

жарылқамаса да табанда, жаныңды сөзбен емдейтін.

Дос керек екен адамға тірлікте кеулің жүдейтін, Түскенде басың таланға, сен үшін тілек тілейтін.

Дос керек екен адамға адамша сені сүйетін.

Отырып қалған заманда отқа да түсіп күйетін.

Дос керек екен адамға Дүрбелең шақта ынсапсыз алдырмас арзан аранға, есі бар, есеп-қисапсыз.

Жеңілдеу - тағдыр қосқан у, түскенде басың шерге не.

Өмірде адал дос табу -

бұйырса барлық пендеге.

Тырнамас қайғы - жараңды, Айтылар ма еді арлы өлең!? Адал дос тапқан адамды-

бақытын тапқан жан дер ем.

2007 жыл

Тамаша күндер болсайшы, мүлде қайғысыз, өкпе- қақпасыз.

Риясыз көңіл толсайшы бірде әрекеттерге ноқтасыз.

Қорқыныш та жоқ, қымсыну да кем жарқылдап тұрса көңілдер.

Тіршілік деген құлшыну дер ем, Ұмсынып бір сәт көріңдер!

Жауласпақ тұрмақ, аяқтан шалмай, дос болар ма еді жан біткен?

Өмірің – жарық таратқан шамдай, болмаса қайғың жанды үккен.

Ұры-қарының аты өшсе мәңгі, есіктер болса құлыпсыз,

көздеріндегі еті өскен қанды, жөнделсе тентек құрықсыз.

Істерің бітсе, ойға алып жүрген болмай-ақ таныс - тамырың.

Бастықтардың да жайдары күлген түйсігі болса бәрінің.

Ақжарқын сөздер, қайда да барсаң,

Шуағын шашып көз көрген қарсы алса сені...

аймалар болса

жаныңды жұмсақ сөздермен.

Осылай болса, тіршілік - шіркін қызықтау әлде болмас па!?

Туатын тулап, тұншығып күлкің - Тілектер мүмкін, жанбас та.

Шылқыған бақта шырқауым қанбай... болса да бәрі керемет!

Іренжуге де сылтауың болмай, Ішіміз пысып өлер ек!?

Кереметі мен кермегі – күлшем! Бір күнім – шаттық, бірі – мұң,

Не жетсін, сірә, тең көріп жүрсең, өмірдің ыстық, суығын!

* * *

Өтірігі көп, өсегі қалың өмірде бір – кем, бірі – артық, Ақылың ғана шешеді бәрін, Басқаға нешік кінә артып?!

Шешеді бәрін ақылың, айлаң, Шарғысы – шамаң, шынында.

Адасқан жанның ақыры – қайран, ауылын тапса, ұғымда.

Тағдырдың орнап қара түнегі, тарылған шақта сая күн!

Орнына жайлап қоятын өзі орыны бөлек Ояның.

Қарынның құлы қара да күшің, Қарайған үй соқ, жол қаша… Талаптан шыға ала аламысың, Талақта битің болмаса…

Қайғыра берме, жайдырып дертін... онсыз да көңіл кемік- ті....

сағыздай күнге – сәйгүлік серпін, Сенімнен сайлап серікті.

Қосады күнге қосығым - зарым Үміттің отын маздаған,

көтеру үшін осының бәрін Қажыр да керек аздаған.

Ел іші – елу....

Көнбейтін ұдай...

Егіле берем, егіле....

Барлығын бірдей бермейтін Құдай, Шығайбайдың нақ өзі де....

2008 жыл

* * *

Өмірі-ай адамдардың аласұрған, Тағдырға бересің көп, аласыңнан.

бірге тумақ болғанмен, өлмек жалқы, Кезіксе, бақыттысың, жанашыр жан.

Күлгенің, жылағаның бұл өмірде Күресің, арпалысың, тілегің де – қызық боп көрінеді,

тірі адамға

басқаша бұл ғұмырды, сүрерің не!?

Қияннан бақ тапсаң да қиырдағы, Жетектеп, жүгірткенмен тиын қамы,

Бес күндік тіршілікпен қоштасарда

бір құлаш бөз ғой жанға бұйырмағы.

Қалады соңыңда сөз жақсы-жаман, Басылар көбік – кеудең, қасқыр – аран.

Ұмытар жылай-жылай қимасың да қол созып, қиындықта бас құраған.

Ақылың, айла-шарғың, мансабыңнан қайыр жоқ, ажал келсе,

қанша құрбан

өтсе де, жер қойыны тойған емес, бездіріп кеудеңдегі жан-сағымнан.

Кім келіп бұл өмірге, кім кетпеген?!.

Кімдер жанын үлде мен бүлде етпеген?! Әркімнің өз ырзығы, несібесі:

Бірі – сөз, бірі – ісін тізбектеген.

Тіршілікте талайды жылатты күз. Мықтылар да сүрініп, құлапты құз. Басқаларды білмеймін, ал ақындар армандауға келетін сияқтымыз.

2007 жыл

* * *

Армандар, асқақ армандар! Сендерсіз мен не істер ем!?

Тізіліп інжу-маржандар

көшеді кеудем көшпенен.

Жетегі болған жүректің

Армандар аппақ-асылдар, сендермен күнді түлеттім, соңымда қалды ғасырлар, бұлғайды қолын шақырып, алдымда биік асулар!

Армандар – аппақ тілектер, Ататын таңдай арайлы Сағыныш толы жүректер Секундтарды да санайды.

Армандар аққу болмысты таранса ару қанатын,

өзі кеп бақыт қол қысты, өзгелер таңдай қағатын.

Армандар шуақ келбетті

жанымның нұры – өздерің, Талқандап тағдыр – жендетті, қайғыны-дағы сезбедім.

Армандар асыл нұр көрік, Керегім – өзің, қорегім.

Соңымда қалсаң жыр болып, “Тірімін мәңгі” дер едім.

Тұл бақыт әйел – қалжам бар! Тілініп кеудем, болғам зар – Тірлікте өлең – олжам бар,

.... Арманда кеттім дер ме екем, абайсыз жылап қалғанда ар!

Армандар, асыл армандар!

2007 жыл

* * *

Осы мен кімнің ырысын ұрлап жүр екем? Жүрегімнен сөз жарқырап шықса – мұң екен: Қарайды маған қайғылы көзбен барлығы, өлгендей болып тірі әкем.

Осы мен кімнің ырзығын жеппін, Айтыңдар!?

Аталса атым, әдеті несі – салқындар!?

Ібіліс жайлап алған ба жұрттың жүйкесін? Азабын онда тартыңдар!

Осы мен кімнің

атасын сөгіп, тілдеппін!?

Арыз да жазып, арзандап мына дүрмектің дүрбелеңінде ырду да дырду дау қуып, далбасалап та жүрмеппін.

Көргенде мені жиырылардай жыланша, Қу емес едім жүретін көпке ылаң сап....

Айтпай-ақ бәрін түсінетұғын тегі – асыл жандарды жаным жүр аңсап...

Мейлі ғой маған:

Тілдесе-дағы күндесім!

Төбемнен анау күн көзі шығып, күлмесін. Мені жұрт, сірә, талантсыз десін, құр десін. Жазамын жырды, айтамын әнді өзім боп, өмірдің сырын, қайғының уын білгесін.

Жанымды жеумен, сезіммен өмір сүргесін. Білмесін мейлі,

ешқашан жұртым білмесін!

2007 жыл

* * *

Демократия!

Сен несің!? Әлде, кімсің?

Шындық па ең шырылдаған жаны күйіп!? Айқайшыл айтақтағыш сөзде – күшің,

тыңдайтын кілең тобыр халық ұйып.

Барсың ба сен шынымен қоғамда бұл – жаны қас ақиқатқа, жақсылыққа!?

Телмеңдеп жүрсің бе екен даламда, құр душар боп жоқшылыққа, тапшылыққа!?

Бейне ме ең талықсыған таңдай, көзі зейнеткер қариядай көрі жақын!?

Еңбеккер соры қалың маңдай ма өзі, қолынан күрек түссе торығатын?

Жоқ әлде жас бала ма ең, тәй-тәй басқан, біреулер көтерсе деп ұмтылатын!?

Кеудесін керіп тастап, шайқай басқан

құлқын ба ең, алған сайын ынтығатын!?

Құның ба бір-ақ пиғыл – жесем деген, тебетін напахасын тойынғаннан?

Өзегін өзімшілдік мекендеген

озбырдың ойымысың орындалған!

Сен жаттың айласысың – мұның анық! Халықтың несібесін тартып-жұлып, ішіме ібілістей кіріп алып,

Жармасқан өз қолым боп алқындырып....

Әйтеуір, сенің бейнең жұрт ішінде – жанын жеп үгітердей құрты ішінде, сайқалдың сылқылдаған күлкісіндей, арсыздау, алаяқтау жүр пішінде.

2007 жыл

Тәлім

Тағдырың тастаса лақтырып, Бақыттан, байлықтан жыраққа, Кезікпей кететін сәттілік –

сені іздеу пендеге мұрат па?! Сол үшін түсерсің сынаққа!

Өтеді күндерің, түндерің, Сәттілік!

Кездесу! Жымию -

бұйырмай бақыты, Күндегің -

тағдырға басыңды мың ию....

Көңілге күдікпен құм үйю.

Ақылың, айлаңмен кем болса, Сәттілік кезіксе, танымай,

Есіріп жүрерсің,

Елге онша

сүйкімсіз сыйқыңмен сан ұдай.

Сосын кеп жыларсың: “Сорым-ай, маңдайды ашпады Ием” деп, өлшерсің бағыңды тарыдай, сорыңды қарыстап, сүйемдеп.

Сен сонда, түңілме, бауырым, Сәттілік аяқтың астында –

Еңбектің ете алсаң ауырын, Еліңе боларсың бас тұлға!

Арсыздық жайлаған кеудесін

жандардан қашық жүр қашанда! Шындыққа көр қазып жерлесін, Тартынба ол жолдан, бас алма!

Осы жол бермес те толымды еш байлығын, тоқшылық-тоятан.

Жылпостың сонда да жолын кес, Мейлі ол болса да Хан, Әкім!

Жақса да жамандық күйесін, Татсаң да у дәмін кермектің, Сәттілік өзі іздер иесін –

Ел үшін етілген еңбектің!

Өмірдің мәнісі тек осы – Сәттілік өзі кеп қол қысса! Ажалдың тисе де жебесі, Бұл сөзді есіңде мәңгі ұста!

2007 жыл

* * *

Мінгесіп тағдыр - кемеге өмір – өзенде келем мен, Өзеннің өзі өнеге,

Қызықтау екен, дегенмен...

Ағыстар алып қашады армандарымды құйғытып,

Белгісіз қашан тосары

жолымды ажал-сый күтіп?

Жарыса ағар барлығы, Біреуге біреу қызығар, Толқындардың да тағдыры тулаумен өтер, түбі – жар.

Жел шайқап бірдің кемесін, Біреулер түссе жылымға, Тіршілік деген жер – осы – талайлар өткен бұрын да....

Қалсам да бақтан ажырап, Қалдыра алмаспын өлеңді! Тағдырым, енді азырақ Тоқтата көрме, кемемді!

2007 жыл

* * *

Билігі күннің уақытта, шықпауға шама келтірмес. тұншығып, талып жатып та пендесін сүйсе, өлтірмес.

Жүрегі күннің қоғамда, Жылытам десе нұр себер. Жоқтықтан – барлық одан да жасаймын десе бір шебер.

Барлығын өзі реттер Жаратқан ием қолымен. Тек саған қалар тілектер – сүйе білетін сорымен.

Тіршілік деген бұл – заңды, Түсіне білсең – ішің – мұз.

Келгенбіз: сүйіп бір жанды, бақытты болу үшін біз.

Балауса, балғын жырым бар, Емеспін дүлей асау жан.

Беу, ажал, алсаң, мұңымды ал! Жаңғыра түссін, жас арман!

2007 жыл

* * *

Туған жер,

беу, не деген қасиетті ең!

Қаныммен қасиетіңді несіп еткем, Жаныммен қасіретіңнен қуаттанып, өскен ем баба мұра- өсиетпен.

Тұз белің талмаусырап, құмың көшіп жататын жайлауым сол – құлын бесік. ойнаған жалаңаяқ бал күлкілер

балауса күніңді есіп, түнін кешіп.

Даламның жұпар иісі – аңсағаным,

құлпырам жұтқан сайын бал самалын. Дүниенің төрт бұрышын кезсем-дағы өзіңді сағынудан шаршамадым.

Сен менің мақтанышым – байтақ далам, Қойны – құт, көкірегінеар сақтаған. өзіңе деген жұмбақ махаббатсыз

әлемде ешбір дана ой таппаған.

От болған өзегіме берген жосық

бабамды топыраққа жас көмгем қосып. Сенменің – ақ туымсың аялайтын,

қорғайтын қажет болса кеудем тосып.

Туған жер, сені ойласам – ысып қаным! Өзіңде мәңгі алау күш – ұққаным.

Жаныма тиген сұқ көз, күңкіл сөзді бір уыс топырағыңмен ұшықтадым.

Төгілген нұр-шуағы келбетінде төсіңде талай ұлан ержетуде.

Өзіңсіз кезбедейбоп қорғаны жоқ қаңғырып қалар ем-ау жер бетінде!

2007 жыл

Қайралу

Тағдырға басымды имен, Жасынмын мен!

Жасасқан тарихым бар ғасыр – дүрмен! Бабалар біздейлерді ұйып тыңдап,

Ақыл мен парасаттың бәсін білген!

Кім мені тыңдамайтын!? Тіл алмайтын!?

Менмін ғой ел үшін деп ұрандайтын, Сөйлесем, қара қылды қақ жаратын Тілім бар сейілтетін күмәнді айқын.

Кім мені менсінбейтін?! Тоқтат оны!

мендегі қуат-күштің отта – теңі! Ұлың боп ұшам көкке елім үшін,

Қызың боп бұлқынамын топта, тегі.

Жасыман, менен біреу мықты екен деп, Бар күшім – елдігімді құтты етерге!

Туралық жолдан тайман ешқашанда, Туған соң тұран дала – құт мекенде,

Бар менің ар-намысым адам деген, Білетін тарих куә бағамды ерен, Біреуге алдырмайтын бірлігім бар – Қаншама шайқаса да заман – кемем.

Әлемге жар саламын кеудем қағып, Мұныма қызығады көрген халық.

Өзім боп өмір сүрем жер бетінде,

Күнелтпен біреулердей бергенді алып!

Басымда тұрмаса да байлық тұнып,

Көргем жоқ қабағымнан қайғы ұқтырып! Айбатым – осы менің!

келе жатқан

сан ғасыр ажал- жауды қаймықтырып!

Тілім – құт, ел – ырысым, далам дәнді, Салдырман өз бетінше заманға әнді.

Мен осы айбатыммен, ақылыммен, Қазақ боп жер бетінде қалам мәңгі!

* * *

Қилы-қилы замандарда сыналған, Қиын күннің қасіретінен мұң алған, Көрем оны белгісіндей бақыттың – Көкірегімде күлімдеме бір арман.

Жалғыз арман – мұңым да сол, тілегім! Соған ғана жетсем деумен жүремін!

Мойным тосып тұрар едім жолында, Буындырар болса мені бір өлім!

Бір-ақ арман – үлкен арман, басты арман! Тәй-тәй басқан қадамдардан басталған –

Менің елім, менің жерім кең байтақ айнымаса ашық түсті аспаннан.

Жүрер едім жырға қосып, ән қылып, Бала күлсе бесігімде сан қылық, Менің далам жусан исі бұрқырап,

жусап жатса төбе, қыры мәңгілік.

Қыздай сұлу көктем болса таңдарым, Ұлым сүйіп өссе далам заңдарын.

Мен жанымды құрбандыққа берем де,

“Бар ма!?”- десе, “жоқ” дер едім, “арманым”.

Басқа менде арман болмас бүгінде, Тұрса болды көгімде Күн күлімдеп! Соқса самал қыл қобыздың сазымен, Сөйленсе сөз менің ана тілімде!

Мұны бәлкім, түсінбес те сырт атты ел,

Шықпасам да жұрттан асып шырқап бел, Тым құрыса, менің мынау далама

Мен сияқты армандайтын ұрпақ бер!

2007 жыл

* * *

Саяқ күн сүрем деме сайран қылмай, өтпейді Өмірдеген ойландырмай, Түлкідей айлаң алпыс болғанымен,

қоймайды қайғы – қатын айналдырмай.

Пендеге таусылмайтын “о, тобасы” белгілі өмір ... өлім ... екі арасы.

Сезінер сорлылығын адам бір күн – сопайып қалған кезде соқа басы.

Әдеті-ау жылылығын бұлдау күздің, (Не деме жұбанбағы бұл даусыздың!?) Иіріп иірімі имендірер,

Бір күні тағдыр дейтін тұрлаусыздың.

Наһақтан күйіп, іздеп жоқ нәрсені

жыласаң, жан табылмай жақтар сені, Құласаң құрдымына, итерісіп,

Ит – өмір итше талап, таптар сені.

Оп-оңай өткізбейді өмір – белес, Сарсылтар талай күндер сенімге егес, Жәй ғана сүйеді өмір арпалысты –

Амалың бар ма бұдан жеңілмек еш?

Тірлікте мұң таусылмас тірі адамға!

(Сөз жолдас болмас, бәлкім, жылағанға). Тәңірден тіле, жалғыз “қолың соз” деп, Бір күні бағың тайып, құлағанда!

Тағдырың аямай бір сынағанда!

2007 жыл

* * *

Сыбызғы үн

сызылады-ай кеп кеудемде,

Мұң үзгім

келеді менің.

Шерменде

жүк артса

тағдырым ауыр қашаннан, Құмартса –

нәпсінің құлы, хош, арман.

Жабығам

несіне бұлай бой жазбай?!

Қажығам неге?

Менен де басқа ойлы аздай....

Олар да мұңданар -

Сынға алар тағдыр! Тоңар да...

Мұңданғандардан мұңдақ үн қалар - Жан – Арға!

Ұлиды кеудем!

Боздайды уақыт. “Түбі – игі” деумен,

өзімді өзім жұбатып.

Көрермін алдап

қашанғы!? Созылмақ?!

Өлермін жалғап

жүректі жырға! Сөзім – һақ!

2007 жыл

Бақыт жайлы жыр жазсам деп, Сырласқаным сыралғы, Мағынасы мұңды аспан боп Мәнін таппай қуарды.

Бақыт деген күндерім бе, Түндерім бе сағынған?

Шын сүюді білгенім бе, артық көріп жанымнан.

Нағыз достың тілегі ме сен биікте жүрсін дер?! Хас сұлудың білегіне тисе қолы,

дүрсілдер

жүрегі ме бозбаланың

боз арманын боздатқан?! Әлде, тілер озбағанын –

болмағаны көз – қақпан?!

Сан ойларым санамды еміп, Бақыт деген не екен деп?!

Жүру ме әлде, адам болып жердің бетін мекендеп?!

Жалғыздықты – мәңгі ызғарлы жанға серік етумен,

Ғұмыр бойы жалғыз жанды сүйіп, күтіп өту ме?!...

... Ол – шамасы, байлық шығар, іздеген жан шалдыққан,

жыр жазудың жайды ұқтырар қиындығы сондықтан.

Сені күтпес уақыт – залым Сыбағаңнан қалма құр!

Сағыныштың татып дәмін жүрсең – бақыт ол да бір!

Кең дүниені кезіп алшаң, кірсе Күнмен берекең.

Соның бәрін сезіне алсаң, Нағыз бақыт сол екен!

* * *

Аяла, мені, күндерім!

Арманға толы түндерім! Мәңгілік емес өмірде

Жаңғырып қалсын бір демім.

Мүжіген уақыт ғасырды кеудемде күнді жасырды.

Қабағы қату қоғамда

қор қыла көрме, басымды.

Аяла, мені, таңдарым, айтылар аппақ арманым, азайсын мейлі, олжалым, аман да болғай жан-жағым.

Аяла, өмір, сен мені.

Тағдырдың қилы өрмегі шырмаған сәтте, ел жоқтап, “шыншылым” десін, ең кемі.

Аяла, тағы, тағдырым! Жаралы жүрек, Зарлымын!

Үпілеп соққан желдің де уһілеп ұқтым зар-мұңын.

Аяла, арда ағайын, Сейілсін көңіл сарайым.

Сендердің жоғың жоқтаумен ағарған жастай самайым.

Зауқы жоқ жандар жырға да, Тентектеу мінез бір бала,

жолығып қалсаң көшеде, аялы көзбен бір қара.

Төгіліп тұрған мұң көзден, Танырсың сонда бір безбен: Сарқыты сонау ғасырдың сақта дер жұртын тіл-көзден.

 Танырсың бәлкім, әлі де... Жақсылық тілеп бәріңе – жасыңа-дағы кәріңе,

жылайтын жанды сендер деп! құлайтын жанды сендер деп, қосып ап жырға, әніне!

Танырсың, бәлкім әлі де....

2007 жыл

* * *

Кешіктім бе, білмеймін бақытымнан, әлде озып кеттім бе уақытымнан?

Маған шошып қарайды мына заман дөңгеленген көзіне ақы тұнған.

Ақыл емес, ақы ғой тұнып тұрған – адамзаттың барлығын құнықтырған,

Құныққандар ішінде құлжадай боп бір шарасыз бақытқа құрық құрған.

Ұстаймын деп бақ құсын ертелі-кеш Елеңдеумен жүреді ол, еркелігі еш, өзі құнсыз!

Құныққыш бұл қоғамда

шешені сөз бастамас, еркегі көш.

Адасады, ұстарға амалы жоқ, залалы көп заманда саналыға – оқ.

Бармақтай бақ таба алмай, бақи көшті тайқы – тағдыр талайлар талабы – Көк.

Төре – уақыт түсінбей қылығымды, Тартпақтайды тағдырым бұрымымды. Үгітіліп ішімнен күл боп барам,

Сары аязға шыдаған шыны құрлы.

Түсінбейді қоғамың мұң-арыңды, Бозторғайға бола алмай қыран үлгі. Шыдамымды түгескен күндер осы, Сынарымды кім білген, құларымды?!

Өкпелемен тағдырға тұрағы жоқ менің үшін болса да сынағы көп. Мен жыладым демес ем, өмір, саған Сен құлатар болсаң тек бір-ақ рет.

2007 жыл

* * *

Өзекке тепкен тағдырға өкпемді қайтіп жеткізем? Өлермендердің алдында өлеңіме азап шеккізем.

Өтпелі кезең... кім өтті?!

Мертігіп қалды марқасқам, Бәріне жетті білекті санасын қою шаң басқан.

Ынсабы ауыз ұшында, Ындыны қанбай өлгенше, Ырғала келген қысымға Ырзығын төккен кердеңше.

Тағдырдың бұл да ісі ме? Таланттылардың бағы кем.

Шырмалып шынжыр – күшіне, Шындықтың ыстық табымен.

Өзімді азат сезінбей, өлеңімді айтам несіне.

Адалдығыңнан безінбей, Алдыңнан шықпас несібе.

Жетемін деме биікке, Жетегің алда болмаса. Жаныңа батқан күйікке

Ем іздеп жүрсең – далбаса!

Жұрт осы сеңдей соғысып, сенбейтін тірі пендеге.

Өмірді әркім жорысып... Билігі теңге – жеңгеде .

Өкпелеп жүрмін мен неге?!

2007 жыл

***

Тіршілік нұрын төгіп тұрмас маған, Тірлікте кімнің көңілін мұң баспаған?! Өмір бос, басым құнсыз демес едім, тағдырға тура келсе бір жақсы адам.

Жақсы адам!

Қайдасың сен?! Көрін маған.

Мен жүрмін жалғыздықтан көңілде алаң. Жанымды шырмау ойдан құтқаруға септігің тиер жалғыз сенің ғана.

Жолыққай, нұр төгілген жүзің күліп, Ілтипат, ізеттінің ізін біліп....

Қажыған көңілімді сейілтуге

келгейсің қолтығыңа қызырды іліп.

Кел маған, жаңалық боп жарқылдаған, Қызығып, қуаныссын халқым, далам. Сен менің рухымды тірілт қайта,

Су беріп көкірегіңде бал-тұнбадан.

Жолықтыр мені таңның сәулесімен, Жолымды адастырды әуре, сүрең. Сен менің сыңсуым боп айтылғайсың Ұзатып жатса өмір жан көшінен.

Ұзатып сағынышты өріс – күнге, Тағдырға талқы десем, теріс мүлде, Төрт болған екі көзі мен – жолаушы өрт – өзек өмір атты жол үстінде.

Жақсы адам, ар- тұлғаңнан хан жасағам. Сен десе жүрегімнен ән жосаған.

Дүние кеңдігіңде – жолықпаймыз. Тарлығы бұл дүниенің ол да – содан.

Сен жолық, қызғалдақтар гүл ашқанша, Ай толып, сал көңілім сыр ашқанша.

... Күтумен жүрем, сірә, сені мәңгі, Фәниден бақиға күн ұласқанша.

Дүниеде бар екенің рас болса?!

2007 жыл

* * *

Күндерім қайда?!

Қуаныш толған жүзіме,

Жолықтым ба әлде өмірдің ерте күзіне?! Белестерім-ай елес боп аққан тізіле,

Елестерім-ай енші қалдырмас ізіне.

Аспаны күлген арманға толы жанары,

Аймалап соққан даланың салқын самалы – баяғы күндер аңсатады екен адамды

балауса шақтың қалғандай сонда бар әні.

Ұмытылмайды ұзаса да күн белдерден, Жылдарым жатыр жастығын бүгіп жел көмген. Оралар ма едім қайтадан сонау күндерге,

Қалуға мәңгі балауса шақта сендермен:

бала күйімде тәттіге жүрген тамсанып, дара күйімде махаббат үшін ән салып,

Ақын күйімде таңдарды жырмен қарсы алып – ғапыл күйінде дүние тұрса қаншалық!

Оралмай кеткен күндерім, сенің шуағың –

жанымның мұңын, арымның кірін жуарым. Сағындым жылап, сағымдай сол бір тұмарым, Сейілтпей қойды, санамды басып мына күн.

Жүрсем де қанша қайғының дәмін татып мың. Жаныма сәуле – балауса күлкі – жақұт күн.

Адасқан кезде алдыңда тұрар маяк боп

Аңсатар жанды шақтары бары бақыттың.

2007 жыл

* * *

Мен сан рет сүрінсем де, сен өмір, түңілдіре көрме мені, тірліктен.

Белгілі ғой жоқтайтыны жыр біткен белгісіз күн қойылғанда бір нүктең.

Мен мың мәрте қуансам да, сен өмір, қайғыны да берем деме, соншалық. бақытыма жүрсе біреу қол салып, тірлігімнің болмағаны онша құт.

Сағыныштан сарғайсам да, сен өмір, жазғыруға ырық берме тағдырды.

Жан сырымды бөліспесін жан құрбы, бір өзім-ақ көтеремін бар мұңды.

Қиындықтан қажысам да, сен өмір, оңай олжа берме маған, тосыннан. Отты күнге өлең дерті қосылған,

Өлсем, сірә, өлем шығар осымнан...

Мен күн кешсем күлімсіреп, сен өмір, қабағыма қатулықты үйірме,

жұртымды аман сақтап сәби күйінде, жарық күнді жақсылықпен түйінде.

Қылығыңнан безінсем де, сен өмір! Ертеңдерге жеткізетін Сенім бол!

.... Қоштасарда жүректерден орын бер... Қимай, жылап тұрса екен көңілдер!

2007 жыл

* * *

Тасынба жүрек, тасынба, Табанға түсіп, басылма, Лүпілің қалсын мәңгілік Дүрсіл боп асау ғасырға.

Шаншыма жүрек, шаншыма, Тағдырдан сезім, ар сұра!

Дөңгелеп дүние барады

көзімнен тамған тамшыда.

Мұңайма, жүрек, мұңайма! Шытынар көңіл – бір айна – тәубе деп табынбағанға төбеде тұрған Күн, Айға!

Жылама, жүрек, жылама! Жыласаң жаның тына ма? Беріштей шыдау керек қой, белшеден батқан күнәға.

Қажыма жүрек, қажыма, Тіршілік деген қазына таусылған күні, сөне ме

көңілдің көркем назы да!?

Қуат бер, өзің, төзімге

қажып бір жүрген кезімде. Жаныңды нұрға бөлейді-ау жүректің барын сезу де.

Жеткізбес бәлкім, мұратым, Табылмас дос та ұғатын... Кеудемді жүрсем көтеріп, өзіңнің берген қуатың!

Соға түс, жүрек, тек менше! Басымнан дәурен өткенше! шыбынға қу жан айналып, кеудемнен ұшып кеткенше!

2007 жыл

* * *

Қош келдің, Мамыр, гүл – айым! шуағын төккен Күн, Айым,

жанымның мұңын ұрлаған, жұпарын шашып тұр далам.

Қош келдің, Мамыр, самалым! Дүниенің мөлдір жанарын толтырып нұрға, тербетіп,

жасаруда әне, жер беті.

Армысың, жасыл Мамырым, Тіріліп бойда сағым – үн –

жастықтың жанған бал шағы – жанымның мәңгі аңсары,

Армысың, мақпал күндерім! Жүректің шоғын үрледің: ащылау күннің салмағын аударып тастап, самғадым.

Армысың, Мамыр, мерекем, өзіңмен кірер берекем. өзекте көктеп өмір - күн нұрланып, қайта төгілдім.

Мамырлап келген құстардай Сенде бір құдірет күш бардай – Сезімдер түлеп ұшатын,

Дүние ләззат құшатын!

Мамырым, кербез, көркемім, Төбемде тұрсын ерке күн!

Туласын бойда тамырым, Жасай бер, мәңгі Мамырым!

2007 жыл

* * *

“...Өмірде ақындардың бәрі жалғыз...”

Мұқағали

Жалғыз ба

ақын біткен тумысынан?!

(жұртыма тәңір берген сыйды ұсынам,) Жалғыздың жарым көңілін көтерсін де, жиылып жер бетінде күллі сыған.

Көтерсін ақындардың көңіл қошын, Жалғыздың жылағаны – өмірге сын. Қайсысы демеу болар жүрегіне,

қайысып қабырғасы сөгілгесін?!

Езіліп ет жүрегі егілмесін,

Тас атқыш жауынан да жеңілмесін. Төгіліп жатпаса да қазынасы, Тәңірі несібесін тегін десін.

Біз едік бағалы да, бағасыз да, (бұйыртса, сіз де кінә тағасыз да... ) өшім бар өмір дейтін дауасызда.....

Не сын бар ақын деген шарасызға!?

.... Ызалы жұрттың бәрі, ырың-жырың ...

Кім білген ақындықтың құнын бүгін?

…. Жалғыздық жұртқа бөліп беруде, әне, жүрегін кеудесінде жырым-жырым.

2007 жыл

* * *

Аңсаймын кімді? Торығып?!

Жартасқа кеудем соғылып, жолықсам деген адамым –

жолаушы ма екен жолы құт?!

Не өзі?!

Бұлдыр елес пе!

Мені алып шықсын белеске.

Жеңіс пе әлде, қол созар қайғы мен шаттық егесте?

Қашанғы күтем оны мен,

Келер деп бір күн сеніп ем: бір орын сайлап ол үшін,

көңілдің көркем төрінен.

Қабағымды ашып түнерген, Сезімге толы реңмен,

кеудемді бөлеп шуаққа келетініңді білем мен!

Мен күткен сол бір ғаламат, Жанымды нұрға орап ап, Жарық ет, мынау әлемде орнасын ой мен қанағат.

Өмірдің қилы өткелі өртейді жанды жеп тегі,

мен күткен сол бір жақсылық, Адаспай тапшы тек, мені.

2007 жыл

* * *

Қайран

біздің Бабалар-ай, Ағалар-ай ісі адал!

Пейілдері дала сынды, перзенттері күш алар! Шын қаласа аруақ боп көкке самғап ұша алар!

Тілегі – иман, реңі – нұр, арманы – асқақ, құшағы – ар!

Тағдыр қамыт кигізсе де ауыр әрі қара-сұр әрқайсысы көтеретін кісіліктің қарасын!

Қайран біздің бабалар-ай жақсылықшыл, жаны асыл! Көңіліне сыйғызатын алты алаштың баласын!

Жауға шапса қаймықпайтын, жеңісі де рас-тын.

Қобызының сарынынан сан ғасырлық сыр аштым. Далам құсап тебіреніп сөз сөйлесе, күй төксе,

күңірентіп жіберетін күллі әлемді – күн астын!

Екпініне ел дүрліккен ерлерім-ай еңселі, өздерің ғой ізгілік пен парасаттың өлшемі. Күпіріне айналдырмай күбірі мен кемсеңін,

Шүкірімен шамалайтын құшақ жетпес жер шегін.

Бір мысқалдай кем туса да, қаны – өздерің бүлкілдер пәк ұлтымды құлатпасын пасық – пейіл, құлқын – көр. Мен мәңгілік жасау үшін мына мұңсыз әлемде

Маған сол бір тектілердің тілегін бер, ғұрпын бер!

Солар құсап тілейтұғын ел мен жердің тілегін! Солар құсап күресуді міндетім деп білемін.

Ашып тастап аспанымнан қайғы-мұңның түнегін, жақсылық деп соқсын менің жұдырықтай жүрегім.

Арамдыққа ырық бермей жұртты аздырар жеңгелік, Жүз біткеннің намысы – бір ұлт болуды меңгеріп, Тілім, ділім аман болса, көкіректен шер кеміп, Жасар мәңгі менің халқым жер бетінде ел болып.

Жойылсын да ортамыздан жершілдік пен пенделік! Жүрсек екен сол бақытты барлық ҚАЗАҚ тең көріп!

2007 жыл

* * *

Біздің өмір қызық өзі-тіршіліктің қамы деп, жүгіртетін тірі жанды тірлік осы мәні жоқ.

Бар пенденің жалғыз жоғы – табылмайтын әділет, Біздің өмір қызық өзі – жылуы жоқ, зары көп.

Маңынасыз тыныш күнде есінейді ерке қыр, жұрт көңілі соған ғана салқындайды, әйтеуір.

Армандауды үйретер тек басы жұмыр пендеге

күрмеуіне келмесе де, қамшы сапты келте өмір.

Алып-қашпа әңгімелер – айтатыны ауыздың, құлақтың да құрышы кем хабар естір жаны ізгі.

Жақсылыққа құштарланған жарым көңіл жандардың үзілтеді тегеурінін тұрлауы жоқ сағыз күн.

Сезімдінің бағасы жоқ, ақылдының нарқы кем – Адалдық та өлшенеді арамзаның парқымен!

Напахаға бас иген соң, Намыс – жетім, Ар – күрең! Түсінбеймін теріс аққан бұл өмірді, жалпы, мен!

Кеуделерін билеп алып билік деген құмар күш, Тәлімі жоқ тәрбие жүр тексіздіктен тіл алғыш.

Кісіліктің кілті – аспанда!

Бедел, мансап барлығын

жию бойға – жұрт арманы ! Ал ізгілік – тұманды іс!

Өзектіге түсіндіріп қажеті жоқ өлеңді,

Күшің жетсе жүздіре біл, алға қарай кемеңді, Айта көрме заманыңа “Арманшыл ем...” дегенді, армандау да жалақы мен Үкіметке тәуелді!

Біздің өмір қызық өзі! Шыжығы да көп мұның!

Ортайтады көңіліңді оясы жоқ отты күн!

көңіл дейтін көнбіс сезім, беу, кімдерден қалмаған!

Қалдырмау да қызықсыз ғой, ал, қызықсыз жоқ Күнім!

2007 жыл

“... Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін”

Абай.

Өлең!

Сен менің өзегімнің әуені – Сыңарысың көңілдің!

тартса иірім – тірлігімнің тереңі өзің болып егілдім.

Өлең,

Сен – менің тәтті сезімім толқитын болмыс, арыммен!

Сынаса уақыт, мұқалмады төзімім өзіңнен келген сабырмен.

Өлең,

өзіңсің қуаныштарым

балауса балғын күндегі!

Бозбала жаспен сыр алысқаным – оралмас күндер ілгегі.

Өлең!

қайғы мен қасіреттері көп

жылдарым жылатқан кезде, ақылдың өсиеттері боп

бір сенен жұбатпады өзге!

Өлең!

Мен үшін жалғыз өзің – дос! Біргесің күлсем, жыласам!

Жоғалтпан саған сезімді еш Сен қалып...

Ал, мен құласам!....

2007 жыл

* * *

Көктем келгенде көктей кететін көкорай белі жоқ ауыл,

түйілген бұлттар төкпей де өтетін бір тамшы нәрін. Боз адыр.

Шаңдағы шулап тай-құлынымен, масасы ән сап тұратын,

келбеті осы – қайғылы кілең қақсытқан желі қыратын.

Мен туған ауыл жасыл ормансыз, өзені – пана – өзегі,

өспейтін ұрпақ асыл армансыз халқымның нәрлі көзі еді.

Сағымы таудай, аспаны күліп, өксіген қобыз түбегі

тыңдасаң сырын, астарын ұғып, дүрсілдер далам жүрегі.

Сөнбейтін шамдай жанында алау Сары алтын күннен нәр алған.

Арманшыл ұлдар, арулар анау ақ шаңқан бұлттан жаралған.

Шындыққа қанша күмәнмен қара, Шежіре сыры жаңғырар.

Қуарған дала, шынарлар дара құмарыңды бір қандырар.

Жұпарын шашса жиденің гүлі, Кеудеңде соғар жыр – көрік. Басыңнан өтер именіп ұры – басылмай жүрген бір желік

Өзегім осы – өсиеті – үлгі,

“топыраққа тартар...” бар-ды ұғым. Қайғысы қалың, қасиеті нұрлы – ұқсаса саған тағдырым!

Ұлық болмаспын жанын баптаған, ән қылып сені мен өсем,

ұқсасам саған, қалындап маған қайғыны бердің демес ем!

2007 жыл

Қыз сәлемі

Рәшила Қабиқызына

Жайқалған алтын дәні Жеріме ырыс байлап. Халқы бар нар тұлғалы

Намысы - құрыш қайрат.

Торғайдың қазақтары-ай, кең пейіл дала сынды, сыры бар ғажап талай,

жыры бар жарасымды.

Кеудемнен сағынышты ән Аққулар алып-ұшқан,

сен деген құлын дауыс тілегімнен. Торғайдың даласына,

Жаркөлдің жағасына, Арқалық қаласына

Сәлем де менің іңкәр жүрегімнен!

Ахаң мен Міржақыптың Ізіндейшуаққа бай. төгілген тіл қатып мың шежіре – бұлақтар-ай!

Қанымда тулап аққан Әліби – бақ, намысым!

Кеңшілік жыр боратқан – Сен менің мақтанышым!

Тербеген жан ырысын төсіңнен ән тараған, Мәңгілік сағынышым- Аман бол, арқа далам!

2007 жыл

Қателік

Жанарлары көкшіл келген сезбес мұң мен іңірде ібіліспен кездестім.

Алаулаған сезімімді айта алмай, айдалаға ауытқыған сөз бөстім.

Ол да разы сөздеріме сандалған, Алыстады көкірегімнен ар-қорған. Өзегімді жарып шыққан толғатып,

қайран, менің өлеңім-ай, қор болған.

Өксиді ұлып көкірегімде бір әлем, Өмір, саған, Өлең, саған құмар ем! Ізгілікті іздеуші еді жүрегім,

Ібіліске жем болдым-ау мына мен.

Мен мұңайсам, ал ол сақ-сақ күледі, (Сайтандардың болмайды екен жүрегі.) Бір баю ма олардың да тілегі?

Бір Алла ма олардың да тірегі?

Сөзі тәтті, ісі бұзық пері екен,

Ал, мен болсам махаббатты сөз етем. Азғыратын айналамда жүгіріп,

Азғындықтың ағайыны көп екен.

Іңір түссе керуенін шайқаған

Ібіліспен іреңдес боп байқағам...

Өз қызым деп қарсы алар ма ең, Ізгілік, өлең болып оралсам мен қайтадан.

2007 жыл

* * *

Тағдырдың қараңғылау бөлмесінде, тірліктің пері ойнаған пернесінде,

жеткізер жүрегімді өлмес үнге жыр деген үмітім бар!

Сөнбесін де!

Сол үміт жетелейді алға мені, (Бұлқынған бұл жүректің бар ма кемі?) Жүрсем де өмір бойы қайғы жұтып, Жетуге бір жарыққа мен - дәмелі.

Айқайшыл айтылатын заңғарға әні, тіршілік түбі бұлдыр - жан қармағы. Жыр – үміт, бір сен үшін, егер мені біреудің қызықтырса бал бармағы.

Оңынан туған айы күлшелінің,

Күлімдеп солар үшін күлсе күнім, Ійілсем, шен-шекпенді біреулерге Жалғыз сенің қамың ғой, жыр – серігім.

Түсінер ақын жанды халқым бәрін, Жырымның алдаспандай жарқылдарын, Кейде мен аласарсам адамдықтан, өтсем деп тосқаулардан талпынғаным.

Шындықтың шырмау жолы бұрса жатқа, Жебелі жауынгермін жыр сабақтар.

Әз жұртым, кешірмеңдер, бүгежектеп сөзіңді айта алмасам сын сағатта.

2007 жыл

* * *

Таптамаңдар мені!

Арсыз сөз, өрттей өсектеріңмен!

Жалғаншымен жаны бір жеңгетай есептеріңмен, өтірік күліп бетіме,

сыртымнан соғар атқылап кесектеріңмен!

Күндемеңдер мені!

Таланты асып кетті деп мұның,

Асаулықпен көкірегі жүр деп көк тіреп бүгін.

Ұғар ма едіңдер, өнер дегенді өзегі сөнбей, таппайтын

от – жүрек тыным !?

Қарғамаңдар мені!

Өкініш пен өксікке толсын деп күні,

бейшара бақытсыздардың болсын деп бірі. Тіршілігінен рахат сезбей,

тозақ – өмірде солсын деп гүлі.

Телімеңдер маған!

көк етік киген еркектің бәрін,

мұң азабымен астасқан жертепкі зарым,

Сезесіңдер ме, жалғанда менің

өзегімді өкініштерім ғана өртеп тынарын!

Тіпті, маған десе

осының бәрін жасаңдар:

Аңдысыңдар сынар күнін сағымның! Қажеті жоқ байлығыңның, тағыңның! Дәлелдейді қылықтарың сендердің:

Таланттылау екенімді, бәріңнен биігірек тұрғандығын бағымның!

2007 жыл

* * *

Арпалыс орта – қоғамың,

Арзанқол байлам – бағамың! Ақылсыз болу – адасу!

Ақылды болсаң, о да мұң!

Көрсетпе мықты осы деп, Мықтыға жұрттың өші көп, Талантсыз болу айып па, Талантты болсаң – қасірет!

Биліктің беті сере қар,

Көмейде тулар көне зар, Надандау болсаң, сенеді, ал данышпан болсаң, өле қал!

Күй жетпей көңіл-құраққа, Төзерсің тағдыр-сынаққа,

Арамдау болсаң – атақ бар, Адалмын деме бірақ та!

Адаммын деме бірақ та!

2005 жыл

* * *

Шөгеріп шыдам – нарымды, шолақ күн мәңгі тарылды, шуағы кемдеу қоғамда,

жоғымды сезбей, барымды,

өмір деп салған әнімді өсек – күн өртеп қағынды, өкініштерім өзімнің

жегідей жеумен жанымды.

Сындырған сынды сағымды, жан ұқпай мендік жалынды, өлтіретұғын сияқты

жұлмалап жүйке-жалымды.

Тұсаулы аттай бұлқынып, Талабым баудай қырқылып, Бір жылап, сосын бір күліп, Бір құлап, сосын бір тұрып...

Осы ғой құрғыр өмірің – Құлазыр, қирап көңілің...

Сен едің жалғыз Сенімім – Жек көріп кеттім, сені Күн!

2005 жыл

* * *

Біреуді аңсаймын:

Жетпей жүр маған күн нұры! Жылылық керек,

Кімде ол, сірә, білмедім!?

Бітпей бір қойды-ау, тағдырдың осы ың-жыңы, Жылаудан бетер күлгенім!

Біреуді аңсаймын:

Шуақтың бәрі сондадай.

Рахат нұрға бөлейтін сынды ол мені –

ғаламат нәрсе болатын сынды жанға жай бағындыратын пендені!

Біреуді аңсаймын:

Күтумен келем зарығып,

Періште де, адам емес – ол, Тылсым күш, бірақ!

Көкірегінде жарқылдап жанып бар Үміт,

Жанардан оты ұшқылап

келетін сынды!

Мен сонда сонау-у жеті қат көктің өзіне,

Шаттықтың барлық нышанын жиып көзіме, Қанаттарымнан сағыныштарды саулатып, Бауырымдағы жержүзін мың рет аунатып, Биікке самғап ұшамын!

Қара жер қайтып ашқанша маған құшағын!

2004 жыл

Асан қайғыға шағыну

«Құйрығы жоқ, жалы жоқ жылан қайтіп күн көрер.

Аяғы жоқ, қолы жоқ

құлан қайтіп күн көрер?»

Сіздің қайғы зар тұғын. Біздің қайғы... ал, тыңда: Ақшаң, алтын, артығың... Адамдығы артында.

Бұл қоғамда бәсі кем Бекзаттыққа күн бар ма!? Бақ күттірген мәшіден Бұтын керіп бұлдарға.

Таупық жесе көңілің, Төбеңде күн тұрғанда, Тозақ болар өмірің, Біреуден оз, бірді алда.

Құйрық-жалы жалпылдап, Бишікештер әне жүр, Жұрт көңілі салқындап, Жақсылыққа дәме құр.

Біздің күнде мін бар ма? Салтанаты асқан көп, Мінбе тиді мыңдарға, Талантқа жол ашқан жоқ.

Құйрығы жоқ, жалы жоқ Жылан байғұс жорғалар, Заманда бұл ары жоқ, адам қайтіп қорғанар?

Қорғансыздар көбейсе, Көзден жасың сорғалар, Ешкім шаппай ел өлсе, Құрығаның сол болар.

Сен не дейсің, ау, Асан, Мен не деймін,сөз бе бос? өлеңім бар, нала сан, өзегім бар өзгеге өш.

Айтылмайды тізсең не? Жағдайың бар және бір. Үмітіңді үзсең де, Сүйетінің сол өмір, Сүретінің сол өмір.

2007 жыл

* * *

Жұмыр жердің бетінде,

Тағдыр – желдің өтінде

жарасымды тірлігіңді тәрк етер

құрығы ұзын замананың пиғылы-ай, Иманы мен ынсабы жоқ ниетінде, Ар – қорғаны кетілген

Тіліп түсер алдаспандай жарқ етер туралыққа тумай жатып өкінген, естісі – үнсіз, ессіздері лепірген

біздің Күнді былық етті-ау бұл Құдай!

Сіздің рух сезеді ме осыны!

Күмбірлей ме кеудеңіздің хош үні! Жайсаңдар мен жақсылардың жосығы жылай-жылай алыстады бойымнан.

Менің тілім қалып бара жатыр тек құлпытаста әкеме арнап ойылған.

Бар ырысым – тілім еді, Ешкім емен басқаша.

Жайрататын қылыш – сөзім жауымды да жасқаса, Үміті мол үнім еді

Бабаларым биіктерге бастаса!

Ой – көрігім түңіледі

келешектен, ұрпақтан, Сылқым әнді естімеймін сұлулықты шырқатқан,

Кеуделерін жайлап алған жағымпаздық, бұлтақтан бұйыртатын күн көрісін аяғы сау, сырқат – жан.

Кімге мұңын шағар деп ең сол ұрпақтың өкілі –

өкіну де, өкіру де бұйырмаған бағына,

көк мылжыңның қуат берген Аллам анау жағына, қара құрым жұрттан бұрын, қарайлайтын тағына,

Ару күннің қос бұрымы: адалдық пен іңкәрлық жетімсіреп жылайды әне!

Зұлымдыққа – сұлтандық!

Біздің Ақыл, Ес дегеннің халін сұрап қайтесің! Жылынады тартып алып төзімімнің көрпесін!

Кімдер үшін қайғырасың, кімнің мұңын шертесің! Өкінішің өзгені емес, өз ішіңді өртесін!

Құйрық-жалы кесілгенмен, Кесілгенмен мыйлы бас,

Кеудесінен төгілетін күмбірлеген күй – құлаш,

Адамдықтың қалпын сақтап, сүретұғын ғұмырды, Біздің тәлім – тектілік ед, туралығы – бұрынғы.

Көріп мендік мағынасыз мынау ғаріп түрімді

“Сен қалай күн көріп жүрсің” деме маған, Қайғы – Ата, сан мылқаудың ортасында көкірегім сайрата

келем үнсіз,

сөз ұғатын жан табылмай ойлы, Ата.

Қасіретке көңілімді бергеннен бе бойлата,

Күн сүйетін бір қылығым табылмай-ақ қойды, Ата!

Күн көрісім осы менің! (күн көріс пе бұл өзі?)

маған сірә, үйлеспеді-ау замананың мінезі. Көкірегімді басып тұрып жалғаншының кіл езі,

Пайдасы не, шыққанымен жарқырауық Күн өзі!?

2007 жыл

* * *

Біздің халық осы ғой:

ұлы-қызын

тезге салар, айырмай шыңы-құзын, тау қопарар талабың болғанымен, әйел болсаң, қайғының құрығы ұзын.

Атқа мінген қыздарын ұлға балар, Сыр айтатын жайына сырға қалар,

Лүпілдейтін жүрегі нәзіктікпен

қыздың мұңлы сезімін кім бағалар!?

“Ақын шықпас әйелден”- десе бірі, өзегімді өртейді өсек үні,

қызды бала демейтін біздің жұртқа аман болса, болды тек есер ұлы.

Қырық үйден тыйдырған қылығыңды, Көз біткенге сынатар бұрымыңды,

Еркектердің алдынан өтпеу үшін, Тастатпайды алысқа құрығыңды.

Қатал тағдыр күттірмей сыйыңды алда, Шырылдасаң, үн жетпес ұйымдарға .

Марапаттар, мақтаулар бұл қоғамда “Жолы кіші әйелге” бұйырған ба!?

Көтерсе де ананың ғажап басын, Тірі жанға бақыт та, тозақ та – сын! Әйел болып жаралсаң – бір қасірет, Ақындықты оған қос –

Азаптасың!

Бұл сөзімді мейлі жұрт бұрыс десін, әйел бастап келеді ырыс көшін.

Сенем, бірақ, ерлерге ес кірер деп, Ақылынан ананың су ішкесін.

2007 жыл

* * *

Тағы да келді ме жаңа жыл....

Табиғат – ала қыр.

Күнтізбе билеген қала бұл, тобырға баға – жыр.

Тағы да келді ме жаңа жыл....

Жаңарып салар ма сана бір?!

Жеңгейдің желігі- бар мұңы жорғадай жортумен аға жүр.

Тағы да келді ме жаңа жыл....

Түрленді ару – қыз, жарақ – ұл, Тілінен бал тамар деп күткен Тікенін көрсетті бала – гүл.

Тағы да келді ме жаңа жыл....

Тағдырым айта ма тағы әзіл!? Талантты таптағыш табаны

Қайтадан баса ма қара зіл!?

... Тілекпен күтсем дер сол жылын, Түнектен арылтып қоржынын,

Келе ме, бола ма жаңа жыл, Кеудеде рухым өр жылым?

Келешек үмітім мол жылым?!

2007 жыл

* * *

Жігер бер, маған, бұл күнде – достардан жолым болмады-ақ, жоламай кетті жыр мүлде, танытпай тағдыр оң қабақ.

Қарамас та едім өмірдің дарақы, дырду, шуына, дертінен өлең көңілдің суына берем, суына.

Жалғызсыраймын неге мен, болса да күнім қош қанша. Жүрегімді жұлып берер ем өзегін үзер дос болса.

Сыртым- сау, шері ішімнің түбі бір құзға құлатар.

Басқаның зарын түсіндім, Ал мені кім бар жұбатар!?

Естісі болса елге – құт , Елесті қуып дембе – дем, өкінішін кетер өңгеріп,

өзекті жалғыз мен бе екен?

Қалсам да бақсыз қаңғырып, Сақтасын мейлі, кек санам.

Бір жұтым ауа, мәңгілік қарыздармын мен тек, саған.

2008 жыл

* * *

Ей, бауырым, тірімін ғой мен әлі-

Бұл жалғанның сұм пиғылды қонағы, Көк желкемде үкім айта отырып, Жетелеуде тағдыр дейтін жол әні.

Ей, ағайын, тірімін ғой мен әлі... Баяғыдай жаным сыздап тоңады. Баяғыдай үмітім бар әр күннен, Баяғыдай соқса өмірдің самалы.

Ей, құрбылар, тірімін ғой мен әлі... (Гүлдердің де белгілі еді солары), Өз -өзімді жеп біткенім болмаса, Баяғыдай ойларымның орамы.

Ей, замандас, тірімін ғой мен әлі... Жарқылдайды жүрек оттың жанары, Арман әнім құлағыңда қалсын, тек, Ажалымның жеңген күні араны.

2008 жыл

Шілдедегі өлең

Ақ қар, сені сағындым! Үнсіз жауып тұрар ең,

Қара қошқыл құба әлем, Суық сорып біткенде, Сол әлемнен мына мен бір жаңалық күткенде.

Достан қалған көңілдің, Дауасы не, білмедім!? Дұшпаннан да жеңілдім, Тірі жүрген мүрдемін.

Сені де аспан қажытып,

Аулақ қашып жүр ме едің!?

Адастырса аспаның Сенің құлар Жерің бар! Жүректе сыз, баста мұң Менің қандай емім бар?! Қайғы жұтқан қасқамын, Қол бұлғайды көрім – зар!

Естің ісін қылам деп, Ессіздерге мен – егес, Естіге де күмән көп,

Ерлік түбі- ерегес.

Аспанда да бола ма,

Алатындар сенен өш?!

Аулақ салған іргесін Ағайында - кінәлау,

Тығып берген жүлдесін, Төрдегінің түрі – анау. басылмай-ақ қойды-ау бір, құдаша – наз, құда – дау....

.... Ақ қар, сені сағындым. Аязыңа тоңсам да,

Күйігін бас жанымның, Күйіп біткен болсам да. Ары құрбан тірлікте алданармын мен сонда.

Мамыражай шілденің Шегірткесі, бақасы,

Шуласады кіл, менің шындығыма шатасып, Өлеңіңді кім ұққан, өлсе тілдің атасы?!

Тіршілік қой бос, жалған, Қайрылар да қанатым,

Сенсің жалғыз, достардан Жаным рахат табатын.

Құласаң да аспаннан, Аппақ күйде қалатын.

Ақ қар, аппақ ұлпаңды Ұстатар ма уақыт?

Өмір дейтін бұлтаңғы жасытатын жылатып... ми қайнатар шілдені

қалсам екен ұнатып...

жансам екен бүр атып...

2008 жыл

* * *

Шіл бітпейтін шілде – өмір Шыдамымды шынжырлап, Солмайтұғын гүл ме бұл, Күні күлген сыңғырлап.

Жалғыздық-ай десеңші, Жоғалмайтын жаныңнан, Жыласаң да мың жылдап.

Кетеді әні, келмеске, Жаз өмірің күні ертең, Енді маған өлмеске,

Серт бере ме жыр – өлкем? Күзбен бірге қуарып, Сағынышпен күнелтем.

Қайрылмайтын күндер-ай, Жоқтайды екен кім ертең!?

2008 жыл

* * *

Жүйткіген заманда-қара жорға, Асыраған ауылды ала дорба,

Шуылдасқан жұрт мынау – қара қарға, Ақылдысы ішінде ала қарға.

Қарқылдаумен ұшатын бар қамдары Өлексені көп табу – армандары, Жауап таппай шуласқан жанжалдары:

«Анау неге ала?» дер қалғандары.

Адам азса, ол да – бір көңілдік қой! (өзектіге осы ғой өмірлік той!)

Өліп жатқан тышқан ба, арыстан ба, Қарғаларға бәрі бір өлімтік қой!

Ісіп жүрген талайлар ішіп-жеп-ақ, Іренжу бар соларға ішімде жат,

Қайран басым кіре ме қара жерге,

Қарға жұрттың қарқылын түсінбей-ақ?!

2008 жыл

«Шарап ішіп, тарқатпадым шерімді...»

Жанна Елеусізова

«Шарап ішсе тарқайды» деп кім айтар, шерің – елім дегенің?

Біздің халық «ішкіш қой» деп мұңайтар өксіткенде өлеңің.

Шарап ішіп шайқайтындай дүниені шерге батып жүрген кім!?

қоңыр күннің бағынбады дүрмегі... Құса болып үлгердім....

Тура сөйлеп сындырады тіл нені?! Жете алмаған жырға түк...

.... Тіршіліктің түрі суық бір демі тамағыңды құрғатып...

Ішеміз ғой, дүкендерде тұрғасын, (Ондай шақта дос табылғыш.

Неліктен?!)

Бұл ғаламға сыймағанда бір басың, Үмітіңді жел үккен...

Ішеміз ғой, (ойлап тапты ішсін деп), Ішегіңді бұрағанда мұң азғын,

Ірің күннен жүрген кезде құсқың кеп, Біраз күн...

Ішеміз ғой, (ақылымды ішкем жоқ!) Ішпейтіннің ақылды ма барлығы!? Татып алмай табандарға түскен көп Тектілерге зар күні.

Шарап ішсе, ақын ішсін, Басқалар...

Иісін, ойбай, білмесін.

Ар, сананың адалдығы аш қалар Аулақ салсын іргесін.

.... Ішеміз ғой, көңіл қалғыш, бұла тым, Бермеген соң нұрлы бақ.

....Күйіп, ішіп өткен кезде бір ақын, Күліп тұрар жыр, бірақ.

2008 жыл

* * *

Тұлғалар бар-ау, болмаса-дағы Хан, Ұлық! (Күнә да шығар құлшылық қылсам табынып.) Тағылық талап, қалатын кезде қамығып Соларды жүрем сағынып.

Алыста бәлкім, ешқашан мені көрмеген,

Орынын сайлап жүректей жатын бөлмеден, Жігерім жасып ауыра қалсам, солардың рухтарымен емделем.

Жандардың осы бірі бар бүгін, жоқ бірі, Биіктеу сынды басқадан маған шоқтығы.

Шырқамай жүрсе шабытым шөгіп, топта үнім, жанымның болған оттығы.

Тұлғалар олар мен десе басқа түрге енбей, жанымдағыны айтқызбай, сірә, білгендей,

Кебінін киіп, келмеске кеткендері де биікте жебеп жүргендей.

Қиналған сәтте айтатын төгіп ақылын Емес қой маған туысым, бірі жақыным, сүріне қалсам, солардың бейнелерінде демейді біреу ақырын.

Жақсылықтарға жалғасты етіп жең ұшын, Шырайлы шақта кеңейе түсіп өрісім, шаттана қалсам, өзімнен бетер қуанып тұрғандай олар мен үшін.

Отаным – елім, мекенім болған жер мен көк, Сөйлесем сөзді сөйлеймін әркез сендер боп! Өзектің құрты - тексіздік жеді! Жеңген жоқ!

Тілектеріңнен өлгем жоқ!

Сендерге ғана сезілер суық мұң – демім, Белгілі тағы масайрап, шалқып күлгенім! Рухтас жандар, сендердің арқаларың-ау – жер басып менің жүргенім!

2008 жыл

Беркімбай қалпеге шағыну

Мен Сізді көргенім жоқ. Көп естідім.

Көк деген естілерге егес-ті Күн.

Аруақ, құран жайлы жақ ашқызбас Үкімет қызыл жаға Кеңес тұғын.

Көтеріп жүрегіңмен Һақтың жолын, Алаштан сый дәметіп, ат мінбедің. Аластап ел-жұртыңнан жын-періні, Шоқ көсеп уысыңмен, от та үрледің.

Жұрт Сізді қадір тұтып, пір көретін, Еміңіз сырқағанға нұр беретін,

Алыстан әулие іздеп сабылмай – ақ, Сенетін сүйеніші – іргеде- тін.

Тимепті ешбір жанға залалыңыз, Жұрт үшін құрбан бопты бағалыңыз, Таба алмай Сіздей жанды бүгінгі күн Кеудеме күңіреніп толады күз.

Қайда сол аруағың! Асыл аға!

Жоқтасам, күйінішім басыла ма!? Запыран – тағдырымның тәлкегімен Зиярат етпеппін-ау басыңа да!

Алдымнан қаумалайтын шұрқырасып, Азайды жақсыларым, жұрты жасып,

Құны арзан адалдықтың, құлашы кем, кеудемді күрсіністің бұлты басып....

Жеп бітті мендегі арман, жалын-нұрды, Қажытқан уақыт сыны халім мұңды - Болмаса биліктінің бағыты нық

Бураға біткен айлық арын құрлы.

Тебеді кеудесінен көсемінің, (Көсемді тепсе бүгін, өседі кім?) Жаңалық атаулыңыз жаныңа қас, Салмақсыз аға сөзі, есер інің.

Солдырып соның бәрі тірлік гүлін,

Шырылдап шарқ ұрады шындық бүгін. Төгілген көздің жасы мөлдірейді, Тапталып табанында бір мықтының.

Қалпе аға,

Сәулесіз саналарды, нәр сіңбеген,

дем салып, емде-дағы тамшыңменен, Ездердің арқасынан, тіріліп кеп, алсаңшы осып-осып қамшыңменен!

Сарықтым сезімді де іркіп, құртып,

Шықпадым топты жарып жұлқып-бұлқып. Жандарды жебегейсіз жаны күйген,

Ал-дағы мені де бір сілкіп-сілкіп!

Оза алмай ар - иманым тоқ бәйгеден, өкінтіп, көкірегімді оттай жеген

әулекі тіршіліктен сая таппай,

Әулием, сені әйтеуір жоқтай берем!?

2007 жыл

Тайым қалды

Орынбай аға мен Айтқазыға

Төгілген Тарбағатай нуыменен

бала еді жүрген аңыз, қуып өлең.

Қалдырып кіндік кескен туған жерді

Көшпек пе шекара асып, шыныменен?!

Бабасы жандар еді есімі құт. Тау - әке қату қабақ, кесімі нық. Арғанаты тауының аржағынан соғады самал болып есіп үміт.

Қыр еді қоныс еткен бабалары, Ақ тілеу ақ жаулықты аналары,

Соларға мәңгі бесік болған белдер- қалқалап екі көзін қарағаны.

Туған жер, бесігі – күн, құрсағы ырыс – мәңгілік сарғайтатын бір сағыныш. “Көшеміз” деген сөздер айтылғалы, Басталды тірлігінде кіл сабылыс.

Белгісіз не болары. Алды жылым, Уайым көп жүргінде әрбірінің,

Қытайдың заңы қатал үкіметі

сыпырып алып қалмақ мал – мүлігін.

Алса, алсын! Тағдыр солай қиды несіп. Күтуде туған жердей игі бесік.

Жандарын жеткізсе аман, пейілді тек тастауға мал-мүлкіне үйді қосып.

Туғанда сол баласы жаны нұрлы, Берсем деп жұрттан асқан тәлім, үлгі. Жүретін жалбарынып, дұға қылып: “Жаратқан, аман ет, деп, жарығымды”.

Қуанып баласының қылығына, Жақсылық тілеуші еді құлынына, Жүрсін деп өскен кезде өзі мініп, құлыншақ атап еді ырымына.

Сол бала құлыншақпен қатар өсіп, Қуантты, “көке” десіп, “апа” десіп. Оңай ма өзге жерде сұлтан болу,

Тұрмаса туған жердің шапағы есіп!?

Тай болды құлыншағы баласының, Ұғам деп дала сырын - баба сырын жалынан тартып мініп, шат күлудің көрген соң өзі де мәз жарасымын.

Жағаңмен жатпаса да жау ырғасып, бөтен жер, басқа халық.

Ауыл қашық

екені есінен бір шыққан емес,

Қалса да қанша жерден бауыр басып.

Елді ойлап, уайым-қайғы еселенді. Айтады көп ұзамай қош өлеңді,

Шешілсе шекараның шаруасы

Бір күнде елге қарай көшеді енді....

Көшеді.

Жинап жатыр құжаттарын, Босардай түскен бірде тұзаққа Күн. “Тайымды ала кетем” дейді ұлы,

жүректе сезетіндей сызат барын.

Болмапты көшу жайлы бекер үміт. Бір күні өре көшті көтеріліп,

Құлдырап кең қойнауы қалуда, әне бұлдырап туып-өскен мекені – құт.

Тау, орман, тамылжыған төбе-көрік, Қимай жұрт, көздеріне береді ерік, Сезе ме иесінің келмейтінін, Соңынан тайы қалмай келеді еріп.

Өткізген балғын күнін, бал қылығын өлкені қимайды – ойы барлығының. Өз заңы шекараның – келгендердің алып қап жатыр жиған бар мүлігін.

Бұл жұмыс қалай болар? Уайым бар-ды.

Соңында таныс бейне ауыл қалды. Баласы шырқырайды жан ұшырып, “Көкежан, анау жұртта тайым қалды!”

Балаға керек пе енді басқа жағы- әкенің биік жолға бастағаны.

Айрылып иесінен исі сіңген

тайдың да мөлтілдейді қос жанары.

Сақшы көп шекарада, сыр аңдайды, Өмірде асқан емес мұнан қайғы, тілгілеп әке жанын одан сайын

боздайды жас баласы, жұбанбайды.

Жатқан жоқ болған істі жас ұғынып, (мойынға жүрген кез ол асық іліп), шырқырап шыбын жаны әкесінің

келеді екі бетін жасы жуып.

Болса да тағдырының тайқы жыры, әкеге бәрінен де артық ұлы.

Ойлайды: “атамекен аман болса,

жүрер деп, тұлпар мініп, тай түгілі”...

...Тектім-ай, топырағын тіреу көрген тілекпен талай жоғы түгенделген.

... Жас бала жұртқа сыйлы болды азамат бүгінде бірден артық, біреуден кем.

Өмірдің сейілсе де сан сайраны,

жүргендей жетімсіреп жан саумалы, ес кіріп ер жетсе де, тайын сол бір елжіреп ет-жүрегі аңсайды әлі.

Жанымды алыстатар қайғы-мұңнан Адалдық күтем, елім, айбыныңнан. Тілеймін: ұлтым енді мәңгілікке ажырап қалмаса деп тай-құлыннан.

2007 жыл

Шәмші Қалдаяқовқа

Тамұқ-өмірді жұмақ қылам деп, Тамырда қаның бүлкілдеп,

Ару – сезімді ұзаттың ән боп, Алдаусырамас құлқынды ек.

Теріскей беті қандай ғаламат, Сыр сұлуымен ай көрік.

Даламның даңқы шарлайды аралап – Отырардағы той болып.

Қайықта жалғыз қос жүрек күліп құшағында отыр бақыттың, есіміз – сәби, естірек-ті үміт, махаббат балын татыппын.

Ақ періштелер адасады әні, Арысты бойлай жағалап,

Ақ Жайықтағы таласады ағып, Ақмаңдай толқын“ағалап”.

Алысқа тебер заманның зарын Алтын күн туса төбемнен.

Адамның жанын, даламның дәнін тербеген нұрлы әуенмен.

Іздейді сені – асыл да деумен, тағдырдың тисе қамшысы.

Жалғадың жұртты ғасырларға әнмен Даламның Ұлы Шәмшісі!

Жанымды сонша құл етемін бе, әніңе десем бекерден!?

Тамұқ-өмірде кім екенімді Түсінбей, онда өтер ме ем?!

Шырғалаң өмір сенімнен мүлде шеттетсе-дағы шіркін деп,

кеудемде менің әніңмен бірге Тамырым соғар бүлкілдеп.

2007 жыл

Мақашу Әбжановқа

“Мен бүгін Сізді түсімде көрдім...”

автор

Тілегі түзу, нұрлы, заты күрең –

Сен менің жанашырым, жақыным ең, Бір Сізбен толатын-ды көңіл-кеудем, Басқаның биік тұрсын аты кілең.

Жоқтадым орыныңды толмас мәңгі, кеудемді үзіп мұңды ән басталды, сен мінеп тастаушы едің,

ісіп-кепкен

көкірегі арсыз-нәрсіз, паң басқанды.

Пысқырмай біреулердің байлығына, Қайыспай көтерген ең қайғыны да, Тырбанып, орып жемей, риза едің тапқаның жетіп жатса шайлығыңа.

Жан едің, жаның ізгі, ойдан – кені. (жақсыны ажал аман қойған ба еді?!) біреудің сілтеп салған құрығы емес, Өнердің өзің едің майдангері!

Ойламай құлқын жайлы, өз қамыңды, Тек сенен естуші едім сөз дарынды,

Мен шапсам бәйгелерде, жұрттан бұрын Сен тілеп отырушы ең озғанымды.

Қиналсам көздерінің қырын салар

болса да жандар мен деп ырым шалар. өмір – мұң өкпелетсе, жылап барып, жолдасым – жалғыз сен ең мұңым шағар.

Аға едің алдымдағы ақылың бар, Санасын билемеген жат ұғымдар! “Бір саған жетеді ме- деуші едің

Алаштың түгендесең ақынын бар!?”

Өзің ең шын тілекшім өзектіде,

Амал не, ажал келсе, көз өттіге халқымның санай салар әдетімен, Сізді де қоя салды, сөз етті де.

Басымнан сол күндердің көшкені-мұң. (Сөзімді осы күні есітеді кім!?)

Айырылып ағасынан қыз көңілім,

жүрегім жылайды іздеп дос көңілін.

Өзіңсіз өтуде, әне, күндер демде, ойсырап орның қалды мұң-кеудемде Өзіңдей жанашыр жан кездесер ме, дөңгелек дүние деген бұл диірменде.

2007 жыл

апам Балшекерге

Күз еді күркіреуік.

Аспаны қарашаның тұр күреңіп.

Өлместің қамын жеген сапарлардан Өзіңді оралар деп шын тіледік.

Ойпырм - ай, салқын еді сол күн неткен? (Жіберген қайсы Құдай сертін көктен?)

Қараша қазым қайтты. Қош дегізбей,

Көретін жаз – серігім, көркін - көктем.

Тағдыры айттыратын түзге өлеңін, (сол ма еді күркіріңнен іздегенім?)

жел жұлған жапырақтарын тал-теректер:

«Осы ғой, дейді налып, күз дегенің!»

Мас еді кеше тамыз маужыраған,

Қай салты қарашаның, беу, жылаған?!

Қабағын түйе түсіп аспан, «мұның

қысы бар осыдан соң» дейді, маған. Күз еді күркіреуік....

2006 жыл

Анамның зары

Қараша желі - долы жел,

Қағынып жұлсаң, мені жұл! Соңымда сексен сары бел, өзегі күйген, өлі қыр.

Қараша желі зарлы екен,

Қосылып салдым зар – мұңға, Ботасы өлген бар ма екен,

Атасы тұрып алдында?

Өзектің баспас өртін бұлт,

Қайрылып соққан жел ме екен? Қазына кемпір дейтін жұрт,

Қазымыр енді дер ме екен?

Есіктің алды беткей-ді,

Беткейге бойлап кім шықсын? Ажалдың оғы өтпейді-ау, Берер ем, жаным бір шықсын.

қараша , 2006 жыл

Қара бала

ИманғалиНұрғалиұлына

Бала кезіңнен қасиетіңді танып құт, Қара көзіңнен өсиетіңді сан ұқтық,

Қарайған елге бір қара болып жүрсін деп,

Қалдырды ма екен қара шалдарым – жарықтық!

Құшағын нұрға, санасын жырға жайдырып, Қанаттарымен үш қиянынан қайғы іліп, Дара жұртының тілегін байлап беліне

Қара баланың талабы тақты Айға үміт.

Тозбасын деген түбімнен қалған тектілік Көкірегіне имани серттен от тұнып,

Көтеріп келе жатыр ол елдің намысын

Көк Бөрі мінез танытып жұртқа, көкке ұлып!

Жұрт қамы десе, бола қалмайды ол – кісің, (Ал, Кісілігін тани алмасаң, сорлысың!)

Қарайды жат та тамсанып, таңдай қағысып, Қара баладан халқымның көріп болмысын.

Ақылы - абыз, адалдық тұнған Ар қандай, Нұр – болмыс – кие ұрпақтарына жалғанғай. Қара баламен мақтанады елі Көзім деп,

Қараша жұрттың аузынан түсіп қалғандай.

Өжеттілігін бағалай алмас жәй кісі, Жабырқағанға жылуын шашқан жайлы ісі, Қуанышы да – қара бала ғой елінің,

Қайғысы да – сол қара баланың қайғысы.

Шайқаған шақта дүние зарын толғана, Сүйеніш көрер сүйріктей ұлын сорлы ана!

Қара көздердің қарашығынан төгілген

қап-қара мұңды сүйейтін жалғыз – сол бала ... .

Бала кезіңнен қасиетіңді танып құт, Қара көзіңнен өсиетіңді сан ұқтық,

Қарайған елге бір қара болып жүрсін деп,

Қалдырған Сені қара шалдарым – жарықтық!

2007 жыл

Осы бір күні

Бердібек Сапарбаевқа

Ысырып тастап көкірегімнен мұңды ащы,

Шабытын тілеп сарғайған күндер сырды ашты, Осы бір күні туылар күн бе бір жақсы – аспанның неткен нұрлы асты?!

Осы бір күні төгіліп нұры Тәңірдің,

Ашты екен, сірә, ананың іңкәр бағын кім!? Осы бір күні өмірге келген сәбидің әлдилейді екен жүрегін жалын, жанын Күн!

Осы бір күні таңы да жарық фәнидің, Осы бір күні шамы да жарық әр үйдің, Осы бір күні Тәңірім өлең күбірлеп,

Кіндігін кесті Хантәңірі Мұқағалидың.

Жаныңыз шуақ, қасиетін бойға жинаған, Сіздегі сөз бен иманыңызға иланам.

Халқымның арын, салтымның зарын жоқтар деп, Осы бір күн ғой Сізді де бізге сыйлаған.

Осы бір күні туылды солай бір дарын, Жүректен жұртқа төгумен өткен жыр-жалын....

Осы бір күні жөргекте сонау Сырдағы іңгәлап сәби, бөлеген нұрмен құндағын....

.... Осынау бір күн, жасай бер мәңгі –

Тудырған

халқымның асыл Ұлдарын!

9 ақпан 2006 жыл

Айгүл Үлкенбаеваға

Ай -Апам-ау, Ақ апам-ау, төк, күйді, Менің жаным күймен бірге өксиді, Саусағыңмен аралай түс, муза боп, жұлым-жұлым жүрек деген ескі үйді.

Бірде шалқыт, бірде мұңға жүз де ептеп, Іңкәрлықтан үміт тұрсын іздеп кеп,

Қос ішектен, пернелерден төгілдір, тұрлаусыз бұл тағдырымды тізбектеп.

Тағдыр дейтін тұрлауы жоқ тұзақтан Құтқар мені,

Күйге бөлеп ұзақ таң.

Домбыраңның шанағынан үн саулап, Көктем тусын көңіліме күз аққан.

Өмір күй ме, көңіл күй ме? Бір күй бар...

Көкірегімнен төгілердей шылқи зар, Қарашықтар көз жасымды іркиді, ал нәпсі жеңген көкірегімді жұлқиды ар.

Мен бағзыда Ұмай сынды ұлық ем. Тәңірі нұр көкбөрінің сынығы ем, Заманалар зарлатқанда зәузатын жұбататын қос ішектің үнімен.

Мен бағзыда қаһары мол хан едім, Тұлпарлардың тұяғында - дәлелім. Тіл жетпеген тұста сенің сазың ғой Ажалдың да айтып берген әлегін.

Сен - тарихсың табылмаған теңдесі, уақыттың керілсе де кермесі,

діңгегімді тамырынан үзбейтін Жалғыз сенің домбыраңның пернесі.

Ай-апам- ау, домбыраңды қолыңа ал, Күй түгілі, сөз ұққанның соры бар, Жетегінде кеткен үнім жылдардың Мүмкін, ендібақытына жолығар!

2008 жыл

Сөз – кие

Әбіш Кекілбаевқа

Ол кісі сөйлесе:

Көк аспан нұрланар,

Көбігі бұрқырап, көк теңіз бұлданар, тілегі - қыз - көктем тыраулап тырналар, жаныңда сыр қалар.

Ол кісі сөйлесе:

Қара жер бусанар,

Құбылып соғатын құба жел мұң шағар, Баянсыз бақытым - бойдағы ар-иман етегін тұмшалар.

Ол кісі сөйлесе:

Көзіңе жас келер,

Жалғанды жарылқар жасампаз жақ семер, Ертелеу айрылған есеңді қайтарып, дұшпаннан бас келер.

Ол кісі сөйлесе:

Құйқылжыр бал тілің,

Естілер ескіден күмбірлеп халқыма үн. Тегімді танытар жаңғырып салт, ұғым, теңіздей шалқыдым.

Ол кісі сөйлесе:

Ғасырлар тіл қатар,

Арайлап таң атып, күлімдеп күн батар, Тегіңді жеп біткен тағдыр да бір қатал көзіңді құрғатар.

Ол кісі сөйлесе:

өксігің басылмас,

өрлігі оянып, кеуде жоқ тасынбас,

Ол кісі сөйлесе, тарихпен түй құрдас, қазақпен ғасырлас.

Ол кісі сөйлесе:

Елімнің есі еді,

бас иер уақыт, сарқылып есебі.

Ұраны - көк Бөрі ұлтымның Көсемі – бағым ғой бес елі!

Ол кісі сөйлесе:

тиылар басқа сөз,

Жаңалық - әр сөзі, жиылар баспасөз,

Періште – Сөз біткен, Ой –Тәңір, ол барда

«дос» та – сөз, «қош» та – сөз!

Ол кісі сөйлесе:

өлгенің тірілер,

дұшпаның сүрініп, қас жауың бүгілер. Құлқынды, арамза тірліктен түңілер! теңелер інілер.

Ол кісі сөйлесе:

Ғашықсың – далаға! Ол кісі сөйлесе:

Асықсың балаға!

Көне жұрт жеткенше биік бір қараға

Қолтығын сүйей бер сөзіңмен, Жан аға!

Өзекте өксіп мұң, өзіме өзге – ием!

Көп қайғы кештік мың Тылсымын көзге үйем.

Санамның самалы – сақтайтын езгіден

Сен аман болғайсың, Саңлағым, Сөз – Кием!

2008 жыл

Жалғыз жиде

Қожахмет Баймахановқа

Салқын еді мырзам күз, Солып қалды көк біткен, Жидем өсіп тұр жалғыз, Жанын дауыл жеп, түткен.

Жабығады. Жылайды. Күздің көріп қорлығын,

Шын құлайтын сыңайлы, жидектері болды мұң.

Салды талай сынаққа Кәнігі жел, кәнігі...

Жұлынбайды бірақ та, тереңдегі тамыры.

Тынар деумен құлатып, Құлазиды құба бел,

Көктем сайын гүл атып, Жұпар аңқып тұрады ол.

Іріні де иген күн Жалғызыма неге сын?... Жанға сая жидемнің Жеп жүреді ел мәуесін.

Кері күннің кержиген

қабағынан қайғы алған Түбегімнің сол жидем тұмарына айналған.

Құрсаулаған көзімді заманадан зілді ой кеп. Жұбатамын өзімді жидем өсіп тұр ғой деп.

Туған жерім . . . бір жағы тілеп жүрем .... жетем деп....

Жалғыз жидем Сырдағы аман болса екен деп.

2008 жыл

Ақын Мәлік Аяповтың қазасына

Қаралы ауыл қайғырған,

 Қайыры болсын – сөз басы, Қайран да қош деп төгілген қаракөз қыздың көз жасы.

Қараша қаздан айрылған,

Қобыз мұң – көңілім, боздашы!

Қаламы түспей қолынан,

Қалың жұрт қамын жорыған, Қара өлең қуып, жан аға,

қарашықтарға толып ән, Қарамай кетіп барасың, Қараша қаздар соңынан.

Қараша қаздар көктемде Қаңқалдап қайтып оралар, Гүлденер наурыз өпкенде құлазып қалған жағалар.

Құстармен бірге келер ме ең, Бұлғасам аппақ орамал.

Қазақы жырдың пірі едің, Қазақ деп соққан жүрегің.

Қашанда қамдап жүруші ең, Қарындастардың тілегін.

Қараша сонау ауылдың

Қарағайларының бірі едің. Қош енді, қош бол, жан аға, Қайтейін, иман тіледім.

2004 жыл

Сыр сұлуы

Шәрипаға

“Мен Шираздың пәк сұлуын тәңіріме теңер ем, Бір меңіне Самарқан мен Бұқараны берер ем”

Қожа Ғафиз

 Ширазда емес, сор- шаң Сырдың бойында-ақ, Сіздей сұлу мүсін келді өмірге,

Нұр-жүзіңіз демеу беріп көңілге, Ғафиз құсап тебренгім кеп менің де, шабытыма шырақ жағып қойғандай.

Ғафиз шайыр неткен жан ед сормаңдай!? “Самарқан мен Бұқараны бір меңге

берем деген сөзі қымбат кімдерге?” Сізді көрсе ақындығы сарқылып,

Айрылар ед ақыл-естен, тілден де. Жиған-терген, барлық ғұмыр-санасын, Жеткізе алмай Сізді көрген бір демге, тіл тартпастан кетер еді жарықтық, Сұлулықтан асқан ба еді алыптық?!

.... Біздің мына қоңыр-қошқыл тіршілік: Орта көңіл, оспадар сөз, қыр сынық қиюласып күн өткізіп жатады

Сіз жаралған шуақтардан нұр сіңіп, Сол нұрменен армандарға ұмсынып, Үлпілдеген үміттерге гүл шығып,

Өмір атты өзегімді өлтірмей, Еткізеді тәңіріге құлшылық.

2005 жыл

ӨКІНІШ

 Кенесары жасағының айтулы батырларының бірі Сыр бойынан шыққан Бұқарбай батыр Естекбайұлы (1812-1898). Ел ішінде батырдың немересі Ахметбай ақсақал айтып отырады екен деген Бұқарбай батыр туралы көптеген аңыз – әңгімелер қалған. Солардың бірі «Бұқарбай батырдың өкініші».

Уақыт-ты ұйқысыз түн, күн аласа, Жау десе сейілмеген күмән аса.

Қара үзіп кеткеніне айдың жүзі, Тыныштық болса, елге құламаса.

Күйдіріп қызылқұмның ыссы лебі, Қырағы қабағымен құсты іледі,

Дамылсыз қарайлайды елдің шетін, Жау күшті, жұрт жағдайы мүшкіл еді.

Қызылқұм жиегі күн, төбесі бел,

Тым суық Қоқан жақтан жел есілер, Батырдың бар арманы елге қайту, Тойтарса жаудың күшін егесіп ер.

Күндіз-түн бағатыны Хиуа жағы. Секілді сол күндердің бұл да заңы, Тыныштық орнағалы бірнеше күн, Қобалжи береді тек Сыр қазағы.

Қарайды көлегейлеп қыр қабағын, Жауының күтетіндей сыр – хабарын,

... Көзіне елес пе әлде, сағым ба екен? Сұлбасы шалынады бір қараның.

«Тыңшы ма, дұшпанының қалжасы ма, Жоқ әлде, жайлау кезген мал басы ма»... Әйтеуір, тура салып келеді анау....

.... Батырдың қолы тиді найзасына.

Жүрегі дүрсілдейді алып-ұшып,

Кеудесін өртеп кектің қаны қысып,

«Күйме ме, керуен бе өзі мынау,

Адасқан, жолын таппай жаңылысып?»

Жақындап келеді анау – түйе мінген, Батыр да қарсы шапты түнерумен, Белгісі батырлықтың осы емес пе, әйтеуір, дәмеленер бір өлімнен.

.... Жетегі тоғыз түйе жүк артылған. Жалғыз жан көздеріне мұнар тұнған,

Жүк артқан түйелердің жазыларын

бастырған жарқыратып кіл алтыннан.

Батыр да ойлай шапты керуенге:

«Бай екен. Бұл қоқанның елінен бе? Келеді именбестен менен, тіпті,

Кім өзі?

Әлде қораш көрінем бе?»

Кез еді қарайғанның бәрі күмән, Сананы серпілтпейтін сары тұман, Тұмшалап бет-ауызын, түйе мінген баспайды басқа жаққа бағытынан.

Жақындап қалды батыр екпіндетіп, Кеудеде намыс ойнап, отқа үрлетіп, Анау да түйелерін қоршау қылып, ортада өзі қалды көштің бекіп.

Бас салды қоршауына батыр күшпен, (болады мұндай кезде ақылды іс кем!) Бұйдамен тізбектелген түйелер де,

Енуге ырық бермес батырға іштен.

 Болса да жеңе алмады, қанша амалы, Белгісіз кім екені ортадағы,

Осал жан емес сынды тайталасып, Көп уақыт арпалыстан шаршамады.

Сын – уақыт берген бе еді саралауға еп, Сұмдық кез жан-жүрегін жаралау көп.

Ойлайды: «Дәу де болса, көш тонаған Қоқанның қарақшысы болар-ау» деп.

Батырдың амалы көп, білек күшті, Көздеді найзасымен жүрек тұсты...

.... Дулыға ұшты бастан, ал бұрымы төгіліп тобығына бір-ақ түсті.

Селк етті батыр жүрек, қызды көріп, Сап болды кеудедегі сызды желік, Атынан қарғып түсіп, сүйей берді

Аруды қансыраған ізгі көрік.

Балауса жастық шақтан жалын ішіп, Тірліктің көз алдында сағымы ұшып, Сұлудың соңғы демін үзіп-үзіп,

сөз шықты қыз аузынан талып ұшып:

«Ағатай, мен қазақтың бір қызы едім, әкемнің аялаған құндызы едім,

Сыр бойы – бабам жатқан жерді аңсаумен, Сара ала таңда сол-ды мұңды үзерім.

Туған жер, сені қоссам, жетер ме өлең? Еліме борышым бар өтелмеген,

.... Біз де бір Табын деген ел боламыз, Нүкіс пен Қоңыратты мекендеген.

Хиуаның езгісінде біздің ауыл, Сезіндім ерте жастан күз қырауын,

Үстімнен ұшса шыбын, қағып, баққан, Үгіліп бара жатыр ізгі қауым.

Намысын елдің таптап нөкерлері, Қоқанның әйел қылмақ екен бегі,

 «Сыр жақта Бұқарбайдай ағаң бар» деп, бір түнде аттандырды әкем мені.

Жан әкем сол ағаны батыр дейтін, әр сөзі жанға шипа нақыл дейтін,

«Теңіңе қосам десе, ақылын ал, Боларсың мәңгі сонда өкінбейтін».

Деп және тоғыз түйе жасау берген, Шығарып салған өзі асар белден,

Батырмен, тыс құрыса, тілдесе алмай, Басымнан көшкені ме жасар дәурен?!».

.... Қыз жұмды қос жанарын.

Сынағы көп

тірлікке қош айта алмай, тұрағы жоқ.

«Қалқам-ай, қалқам-ай» деп, батыр сонда егіліп ет-жүрегі жылады кеп. ...

R.S

Сезбеспіз ол дәуреннің біздер күшін, Іздейміз батыр басқан іздерді шын. Сол қыздың тоғыз түйе жасауына,

Хас батыр орнатыпты «Қыз белгісін».

Ойынан сол қыз кетпей елде жүрсе, Азабы басылар ма жерге кірсе?

Өтіпті қайран батыр жаза басқан өңгеріп өкінішін өлгенінше.

.... Солқылдап сызды күннің от қабағы, өшкен жоқ сұрапылдың соқпағы әлі.

Қанша хан, қанша батыр болса-дағы Адам бір Ар сотымен сотталады.

2007 жыл

Сағындым сені....

* * *

Сағындым Сені!

Аңсаған құстай жылы бір жақты ұшуға бармын. Амал не?

Кеудемнің хаттар сырын ұрлапты сағыныш байлап сәлемге....

Сарсылып солып ағады күнім....

Сағынсаң сен дедәлелде!

Өзімді... мұңдыалады бірін

өртеніп біттім дегенде!

Өртеніп кетер өзегі құрғап– пенденің осы - ау бар зары!....

... Кезегі келіп кезеді жырлап бір ақын. Сол ән - ар жағы...

Сағындым Сені!

2007 жыл

* * *

Жалғани жылу көрмеген

жан болса жүдеу, жаны – қар құса да кеуіл,

шерлі өлең,

қайғысы, мұңы тағы бар.

Өмірлік жолдан жаңылған өксіген жаны шерменде, тағдырдан тауы шағылған

бақытсыз жандар, сендер де.

Қазыналы, қамсыз, мүлікті құбыласы бүтін пенделер, ақылдан гөрі қылықты

қымбат көретін жеңгелер,

ару қыз көктем шағында ақмаңдай шуақ шаштырып, жастығы тасып қанында мастықпен күлген жас жігіт,

Тағдырың қабақ түйгенше, Ашар-ау талай жол құшақ.

Сүйсеңдер бірді, сүй, менше! Сағынбаңдаршы, мен құсап!

2006 жыл

* * *

Қалқа болып тағдырыма тұра алсаң, Қалқаң болып жүрер едім мәңгілік.

Жаратқаннан жалбарынсам, сұрансам,

Жарым көңіл, жарты бақыт- әңгүдік мына менің сөзім себеп болар ма!?

Бақыт болып сен басыма қона алсаң, шаттық әнін айтар едім өлгенше,

сол күйменен мәңгілікке жоғалсам! Тағдыр, маған ұза-а-қ ғұмыр берме, енше, Сені ғана көретұғын жанарға!

Тірлік маған жаймаса да желегін, Тұрмаса да Күн күлімдеп төбемде, Мен мәңгілік өмір сүрем дер едім, Сен мәңгілік қайғым болсаң егер де! Ондай бақыт сірә, бізге қонар ма?!

2006 жыл

* * *

Сен маған өкпелемеші, онсыз да тағдыр шіркіннің аяусыз еді жебесі,

болғанмен бүтін сыртым мың,

жан едім,

жаны – мұң – жетім

жылуы кемшін жалғанда – танытса тағдыр тұл бетін

құламай өткен жан бар ма? Жыламай өткен жан бар ма?

Жабығып, қажып жүргенде, жаныма болдың ділгер сен. Салауат болар күндерге,

Сағынышымды айтып үлгерсем.

Жүрекке жарық сәуле боп Жолықтың - дағы, жұбаттың, Суысынын ішіп, тәубе деп Махаббат деген-бұлақтың .

Түледім.

Тұрар бақ қанша!?

Сола ма бәрі гүлдей шын? Жылымық күндер батқанша, Жаныма жақын жүргейсің .....

2007 жыл

* * *

Сен маған өкпелісің!

Осылай кеткені ғой текке күшім: Ерітіп мұз-қайғымды шуағыңмен, Елжіреп қалып еді ептеп ішім,

әйтеуір менің қырау тағдырымның сен ғана-көктемісің.

Еркелеп едім саған,

Айттым да артық-кемді, Жүргенде аласұрып һәм адасып,

Жанымды жан шуағың шарпып берді, Шалқытып көкірегімде бір сезімді жұтқандай балқып демді.

Күттің бе әлде менен

(алданып жүрген жан деп әлденемен.) жасанды мүләйімсу, бос қылықты!

Беріліп жүрегіммен ән бөлеген болмасам құлай сүйген егер сені, кешпесін Ар-көреген!

Бел буып түсінбеуге

жүргенің - адалдықтай - ісің кейде! саған деген алаңсыз көңілімді ренішің-ашуың ішіп –жеуде!

Өзімді-өзім жұбатам, бағым ғой деп, өкпелеуге тұрғаным үшін кейде!

2007 жыл

* * *

Ойлаймын сені!

Түндерімді тонатып, Жүрекке қайғы боратып, Атыңды нұрға балатып, Сағынып, сәтті санатып,

Жалғыздық жан шақтарымен, көзімнің моншақтарымен

таң атып.

Ойлаймын сені! өмірім менің өзің деп,

соғатын құйын-сезімде от, қоңырау күлкі, сөзім көп,

жайнаған жастық кезім деп.

Көзіңді көктем үзбейтін

көшеден, көктен іздейтін көзім боп.

Ойлаймын сені! өзімді - өзім түсінбей!

Ерліктің егес күшіндей, мәңгілік бейне- пішіндей тұлғаңды елес-мүсіндей сан тарих, сақалды қалған биіктік атаулылардан түсірмей.

Ойлаймын сені! толқитын өлең- өмір боп,

кеудеме шуақ, көңілге – от беретін айдын көлім деп, әрқашан тербейтін жанды, сен деген өлмейтін мәңгі Сенім боп!

Ойлаймын сені!

2007 жыл

* * *

Түсінші, мені

Түсіну ғой тыныштық мағынасы. Текке кетпес адамның жаны, жасы, өлеңдетіп кетейін, шындық болса өзге жақта өмірдің бары расы.

Мендік сендік - көңілдің бары да - осы.

Бары да осы-

қайғым да, шаттығым да!

Басқа жанды ойлауым жат-ты ұғымға. Ренішің тірідей іреп мені

Ійірімге тұңғиық лақтыруда.

Жақын да емен жаныңа, жырақтығым тереңіне көңілдің құлатты мұң, Тағдырыма жазылған әу басында Сені сүю мәңгілік - мұрат тұғын.

Мұрат тұғын һәм маған сынақ тұғын.

Зары басқа, мұңыма заман көнсе,

көтерермін өлгенше бағаңды ерше. Сынға салған тағдырым,

Сынық кеудем!

Сен сынамай, сүйей жүр, шамаң келсе, Түсін мені!

2007 жыл

* * *

Күлші, жаным!

Тарасын өн-бойыма нұр-шуағың! Тағдырым ашылсыншы алды тұман, адасып мұң-сыңарым!

Күлші, жаным!

Мұң жеңген бас көтерсін сыршыл арын, Жарығың селт еткізсін қайғы дейтін-

жанымның жегі болған сыншыларын.

Күлші, жаным!

Мен енді шаттануға ұмсынамын! Нұрлана түседі өмір, сен күлгенде Шығады ұясынан қымсына Күн.

Күлші, жаным!

Күлмесең, өмір айтып қырсық әнін, жанымды қоятұғын жер таба алмай, өзімнен өзім қайта тұншығамын.

Күл, жаным,

сусады күн, тақыр - дала

Шаттану керек кейде ақылға да! Жылауық тағдырымның жалғыз емі – Сенің бір жарқын күлкі сәтің ғана!

2007 жыл

* * *

Өзі жалғыз жүрекке қос өкпеңді артасың, Өкпе жанға тірек пе? Өзің азап тартасың:

Маған деген өкпеңнен Ұйқың қалар бұзылып, Сұрап өткен-кеткеннен Мен туралы үзірік,

есің шығар, ешкімге

айта алмай бір сырыңды. Кешпедің не, кештің не? Қылығым да – бұрынғы.

Жалғыз қалған кезіңде көкірегіңнен күн туып, бөлеп аппақ сезімге, шыға келем бұлқынып

сан қатпарлы миыңнан- сағынышты сезбейтін, бір өзіне сыйынған,

бір өзінен безбейтін

өзімшілдеу кеудеңе

күндей күліп кіргенде,

«Сүйемін - деп, беу, неге?» өзгерерсің бір демде.

Жыларсың да, күлерсің, Көрсетер сан сый халық. Мені бірақ, жүрерсің ұмыта алмай қиналып,

Сенің өкпең не, тәйір, Мендік мұңға қарасам, Сүйгені ғой, о, тәңір, Мұңайтуға жарасам.

Жалғыз жүрек сан азап жүр онсыз да арқалап, Ана жақ та мына жақ - Тағдыр алды жарқабақ.

Мен үндемей келемін, Көрерім не, белгісіз... Өшпесе екен өлеңім- мың бақытқа бергісіз.

Мен үшін сен - нар тұлға, Қайтем, босқа кінә артып. Өкпелеген қалпың да,

Өзгелерден мың артық!

2007 жыл

* * *

Шыдамым бітті,

Шаршадым, жаным, түсінсең,

Көзіңнің қыры түсетін бе еді, кішірсем? Мекендеп алдың миымды –мендік әлемді. Тілегім-өзің, түсім- Сен!

Келмейсің енді, көрмейсің мені, сезіндім, бұрынғысындай төкпейді маған көзің күн. Онсыз да мынау жылуы кемшін жалғанда мұз - өмірімнен безіндім.

Жан болдым бүгін жүрегі жетім, жаны қыс, Сарғайтып бітті санамды күндей сағыныш, шыр айналды да, алыстап кетті тіл қатпай, махаббат деген тағы құс.

Сайрасам деймін сол тағы құстың тілінде, (ұқпассың, бәлкім, сөзімнің айтқан бірін де...) Жоқтарын сезем, сонда да сендік жүректің, Жоқ болып кеткен күнімде.

2007 жыл

* * *

Қалтырап тоңып тірліктен кейде, түңіліп жүрген сәтім мың, дабылын қағып дүрліккен кеуде жоқтаумен сені, аһ ұрдым!

Қуарып күндер сағынып сені, ақ жүзге түскен әжімдей.

Жоқтықтың сірә, табылып па емі, түндерім ақты көз ілмей...

Мендегі жүрек - мұңы көп, мұздақ, жүр дерсің, бәлкім, шат күліп.

Тіршілік деген түбі жоқ құзға тастады тағдыр лақтырып.

Сағынтып өмір сынағанында, ботадай болып боздасам ...

Түбі жоқ құздан шыға аламын ба, өзің кеп қолың созбасаң?!

2007 жыл

* * *

Мені тастап кеттің бе сен!? Мұң - қайғыдан өттім десем....

Көздеріңнен шуақ төкпей, Кеудемдегі отты үрлесең...

Мені тастап кеттің бе сен?! Мен өзіңді өптім десем....

Қоштасар ма ем жылап тұрып, “Енді саған жоқпын” десең....

Мені тастап кеттің бе сен!? Көңілге нұр септім десем....

Жүрегімді мекен еткен елесіңмен көп тілдесем....

Мені тастап кеттің бе сен?! Мен бақытқа жеттім десем...

Сенің осы шешіміңсіз

шын сүюдің не екенін тек, білмес ем. . .

2007 жыл

* * *

Күбір еткенде Құдіреттерге

жеткізетіндей болатын. сыр жүректерде

дір-дір еткенде

бір ысып денең, тоңатын.

Деміңмен ыстық сеніммен құштым тірліктің тәттіліктерін.

Көгімнен құстың өзі боп ұштым,

Қол бұлғап жатты құт-жерім.

Лебізің балдай- жаңа атқан таңдай

кеудемнің күш пен қуаты! Тойымсыз жандай

Құмары қанбай -

Шын ғашықтардың мұраты.

Мұңды үзер, арлы, жүргізер қанды,

құйқылжып аққан ән сынды - Мен дейтін мәңгі,

емдейтін жанды

сағынып кеттім даусыңды!

2007 жыл

«... Сәл кешірек сен менен туылмасаң, сәл ертерек мен сенен туылмасам...»

Мұқағали

Сен менің тағдырыма

Кездейсоқ жолыққан ең: Дем бердің ар-мұңыма тұнғандай жарыққа әлем.

Көздерің (арсыз неге?) ішіп-жеп жанымды әбден қалғандай жансыз дене, жалғыз-ақ әнім – дәрмен.

Кеттім бе аласұрып, Не екен баурап алған? Өзіңді баласынып, Сезімім саудаланған.

Екі оттың ортасында қалдым мен.

Қайда барам?!

Қиялдың қалқасында мұңға еріп, майдаланам...

Кештеу ме, әлде ертерек, Жастығың ілік сөзге,

Бір сезім қалды еркелеп, Бастардай бір істі өзге....

Көзіңді іздеп көктен

Көзімді бір алмаймын. Сезімді тізбектеткен ортаймай күмән - қайғым.

Аспанмен таласқандай

көздерің - көкорай, шам. Жұтылып көк аспанға

Шіркін-ай, кете барсам?!...

Сен не дер ең?!

2007 жыл

* * *

Білемін:

Қызғанасың сен де мені,

(Сенім ғой махаббатта ең керегі.) ішіп-жеп қарағаның - оттай жанған мен деген сезіміңнің сөнбегені.

Жүресің бақылаумен сырттай ғана, Түсірмей жүрегіме құрттай нала.

Көзіміз жеткенімен, қорқақ - көңіл кетеді алып-ұшып бұлтты айнала.

Жүректер ынтығады бір-біріне, Ұқсайтын дірілдері қыр гүліне. Бір перде ортамызда үлбірейді

Салмағы азап болған мың күніме.

Сол перде өткізбейді, білем, ғажап күтеді шуақ күннен күрең қабақ,

Сызаты маңдайымда сағыныштың - іздері иректелген іреңге жат.

Құлазып сен де жүрсің -

Сағынышың

кеудеме әкеледі жан ырысын.

Саған ғана баулаулы жүрегімнің

бүлкілдеп тасып жатқан тамырысың.

Бүлкілде тамырымда, қыздыр мені. Шаршатқан тіршіліктің құр дүрмегі.

Бүр жарған кеудедегі сезім гүлі керек қой өлгенімше бір гүлдеуі.

Жанымның қызғанғаның болған емі, Қызғансаң, қауышудан ол дәмелі.

Солдырсам сенім гүлін, обалым жоқ- Сыныңнан құлат, тағдыр, онда мені.

«Махаббатсыз дүние - бос». Жалған сөнер. (Ғашықты жетелейді арман – шебер!)....

Дүние гүлденеді екен, рас,

қызғанар, сүйіп сені жан болса егер.

2007 жыл

* * *

Біліп тұрып:

сенің енді мендік болмайтыныңды,

Менсіз гүлдей сарғайып, солмайтыныңды,

Саған деген өлермендігімнен

өз өмірімді ғана қорлайтынымды,

Біліп тұрып:

Мен десе жүрегің жылып, жыламайтынын, аспанда Айың құламайтынын,

сезіп және дәрменсіз сезімдерімнің баянсыз, бақсыз бұлағай түрін.

Біліп тұрып:

Сенің менше сағынбасыңды,

Қоштаспайық деп жалынбасыңды, Менің бар болмысыммен сүйген махаббатымның отына алынбасыңды,

Біліп тұрып:

ұғынбай бұл кеселімді,

тағатсыз күтпей менімен тілдесеріңді, Жандардай мұңсыз құбыласы бүтін менсіз де бақытқа толы күн кешеріңді

Ұнатам Сені!

2007 жыл

* * *

Қимаймын сені!

Ешкімге, тіпті өзіме!

Көгілдір күннен нұр құйып алып көзіңе

жанымда жүрсең – басқаның бағын ұқпас ем, салса да тағдыр тезіне!

Қимаймын сені!

Күн нұрынан да қызғанам!

Қызғанышымнан жүрегім мынау сыздаған!

Үсітіп сүйіп өтетін қоңыр лебімен көңілім бейне күзгі алаң.

Қимаймын сені!

Менмендік, бәлкім - бұл мендік,

өзіңсіз жанға толатын сынды кіл кемдік - айналып кетіп тозаққа өмір – көрігім өлшемі нәзік - бір демдік.

Қимаймын сені!

Қош деуге жетпес дәрменім!

Қоштасу десе боздайтын кеудем - зарлы едім!... Аңсатса сені аңсатар, бәлкім, әлдекім,

амалым қанша ал, менің...

2007 жыл

“Сені сүю - жұмақтан нұр тарату”

Тыныштықбек

Сені сүю – сен боп өмір сүру! Ықтиярмын өмірімді беруге, тағдырының мазағынан ішіп у,

өлген жанды келсін жұртым көмуге!

Сені сүю – аңсауларға толы күн,

Көк аспаннан төгілердей нұр шуақ. Жүрегімнің жалауы – күн, жоғы – мұң, өмір сүрсе, мендей біреу сүрсін - ақ!

Нұрға толы жұмағына қызықпан, Тозағы да тоңдырмайды тәнімді, Ешкім ұқпас - бір әуенді біз ұққан періштенің сыбырындай кәдімгі.

Сені сүю- Күнді сүю көктегі, (Жерге түсіп қажеті не сезімге?) Сенің сөзің санама – су,

Оттегі –

аспан түстес көзіңде!

Сенің үшін табанына батып сыз, Нұр-бейнеңді медеу тұтам көңілге, Басқа біреу сүйсе сені – бақытсыз! Мен барында өмірде!

2007 жыл

* * *

Сен туралы ойламауға бекінем,

Ес, жадымнан, жүрегімнен шығарып, Ерегіспей, елің тапшы, өтінем,

Енді қайтып көріспесек - құба-құп.

Адалдыққа өзегі аш, көзі мұң –

мен бейбаққа қайдан ғана жолықтың. өзіңді шын жақсы көрген сезімім өзімді жеп бітіреді-ау, соны ұқтым.

Қызыл күннен қызық іздеп талпынам, Ол да менен жұмбақтайды барлығын, Махаббаттың азап оты шарпыған

Қайда мені лақтырады тағдырым!?

Сенен жырақ өмір сүрем мен енді,

Мұңсыздар мен бақыттының қайда аулы!?... Бірақ, саған ақыл-есім тәуелді,

қайтсем екен жүрегімді байлаулы?!

2007 жыл

* * *

Қадірлі жан емеспін сенің үшін өзің деп тұрса – дағы еріп ішім, таптайсың сезімімді қылығыңмен, Сен осы адам ба әлде, перімісің?!

Тірлігің жан секілді мұңсыз, мәнсіз, Талабың жетелердей тылсымға арсыз болса да, менің үшін адамдардың ішінде жаны жарық бір Сіз барсыз.

Өкпелеп көрем кейде мінезіңе Жандайсың өз ақылы пір-өзіне,

Селт етпес ешнәрсеге сом болмысың Жарасар басқаға емес, бір өзіңе!

Ғашықтық азабынан жан іште өлер, Қайда әлгі, жебейтұғын періштелер?

Кетеді-ау жырға айналып сүйген жүрек жауапсыз махаббатқа жолықса егер.

2007 жыл

Қылығымды түсінбейтін кезде ешкім Мен өзіңе - өлеңіме кездестім.

Екі жүрек алаулатқан сезімді екеумізден басқа пенде сезбес-ті

кез еді ол бақыт құшқан қиялдар,

жүректерде намыс тулар, ұяң-ды ар. өлеңіміз жанымызды жылытып, өзектінің жанарынан сыр аңдар.

Ақындықты көретіндей тірек шын, біз атынан сөйлейтінбіз жыр-естің. Екеумізді қосылса деп жүретін

Қайда сол бір естілерім-тілекшім?!

Бүгін мүлде өмір басқа, басқа күн, Талай рет қайғы басты аспаным,

Сен қасымда жүрген кезде сезбеуші ем, Тағдыр дейтін тағылымның астарын.

Қосылмадық, сүйіссек те! Сенбедік!

Екеумізді жетектеп ап пенделік

екі жаққа тартып берді шылбырын екі жақта қалдық біздер сенделіп.

Жүр екенсің қалай сүріп ғұмырды? Мазалай ма елес күндер бұрынғы?

Жарың бола тұрып, кейде жүрсің бе

жан таба алмай жайып салар сырыңды ...

Сен биікте жүрсің бе екен? Мен - төмен!

Тіршілік-қу мініп алып, желкеден жүргізеді тағдырыма әмірін,

Ал, өмірім ең сезімсіз, ең керең!

Опасыздық жасағандай тағдырға, (Сезімді, әлде, шын жоғалтып алдым ба!)

Біреу маған “сүйем” десе, мұңаям кінәм бардай махаббаттың алдында.

Өзіңменен кеткен сынды өлеңім! (сенің ғана сөзің болған - сенерім!)

Сені қайдам, тағдырыма, әйтеуір

батылырақ сөз айта алмай келемін.

* * *

Жыласам да, күлсем де сені ойлаймын!

Неліктен?

Өмір мәні – бір сен деп, Жастығым ба желіккен! Дүние кезіп жүрсең де, мендей ессіз көріп пе ең!?

Түсінбессің сен бәлкім, Мендік алау сезімді, өзіңді ойлап арман – түн, мұң қамаған көзімді...

Бір өзіңді көрсем дер алыстаса құт-үміт,

жүрегім бар кемсеңдер, мұң-қайғыға жұтылып.

Сағынатын бір сені,

Табынатын бір саған

қайран ақыл білсе еді....

Қарайғанға мұң шағам.

Сені ойлаудан басталған дөңгеленді доғал ай.

Жұлдызы көп аспаннан Жұлдыз іздеп ....

обал-ай!

(Бұйырмады.) Бойдақпыз!

Қол жетпеді, ой жетті. Бір кездегі оймақ қыз ойлап сені бойжетті.

2007 жыл

* * *

Мен сені ұмытпаймын!

Мойныма түссін мәңгі құрық-қайғы, Басса да өн бөйымды батпан қара зіл болып жүрегімде қатқан жара,

Түн құшып, мейлі, жалғыз жатсам жылап, дүркіреп жалын кеудем тау суындай

биіктен аққан құлап,

көміліп көз жасыма жастығым боп жоғалсам да,

көкірегім шер- налаға тас тығын боп! Бозарып шықса да күн,

сазарып батса да күн,

сезініп сағыныштың күшті азабын, өртеніп, қайнай-қайнай іш қазаным, шор болып қатсын денем!

Сөзіңді естісем де “жатсың” деген, сен деген сезім асау бас білмеген кеудемде бір басылмай,

мендік түнек тағдырға сәуле болып жолыққан нұр жасындай!

Сен маған секілдісің санамдағы мәңгілік шуақ құяр сынықтай КҮН! Мен сені ұмытпаймын!

2005 жыл

Аңсау

 (әні бар)

Жабыққан кезде,

Қамыққан көзбен

жаныңнан көрдім арай - бақ. Лүпілдеп жүрек,

көрсем деп тілеп,

жолыңа жүрмін қарайлап.

Қайырмасы:

Жалғызым деумен, жанымды жеумен

сағыныш соңы - қаяу мұң, жылайды күндер,

жылайды түндер аңсаумен сені, аяулым.

Жырымдай төгер, шаттыққа бөлер,

жанарларына нұр қонып, Күтемін күнде,

келер деп бірде

жарқырап маған Күн болып.

Қайырмасы.

Елесің келіп,

Жебесін болып

жағады жанға жарығын. Жаралған нұрдан, Ғарышта тұлғаң,

Қол созам саған, Жарығым!

Қайырмасы.

2007 жыл

Күзгі элегия

(әні бар)

Күз келді құстардың салдырып мұңды әнін, Беу, өмір, құштармын, қабыл ал, ырғағын.

Аңсарым−ай, хабарың кеп,

Жанар ма екен жанарымда от?!

Жапырақ жанымды жұлмалап күзгі жел, Жолдаумен әнімді үмітім үздігер.

Шаттық па, әлде, саған қайғым?! Мұңымды мен шағам қай күн?

Кеудемде бұлқиды көктемнен қалған сыр, Көз жасын іркиді жүрегім арманшыл.

Қоштасу ма күз дегенің? Үмітімді үзбе менің!

2007 жыл

Жан анам

(әні бар)

Жаныма сіңген сарын ән, Өмірде кием таныған, ұлылық – тегі жылылық, Ол сенен, ана, дарыған!

Қайырмасы:

Жебеушім!

Жалғыз періштем!

Өзіңсіз жанға өріс кем! Тербеткен әлди - әнімен, Қымбатсың маған бәрінен Жан анам, жан анам!

Тағдырдан жесем қайғы - мұң, Тірліктің сезсем байлығын,

Адассам арман жолында,

Ақылшым – сенсің – айбыным!

Қайырмасы.

 Шақтарда налып, аһ ұрған, Сөздерің ойға шақырған, Жұмақ деп білсем жер бетін, ол – сенің махаббатыңнан!

Қайырмасы.

2007 жыл

* * *

Сені көрсем – көзімнен нұр аунаған, жанға шуақ төгілер тұмаураған, сала берер жарқырап мынау ғалам, сені көрмей жүру – бір мұң-ау маған.

Жаным діріл қағады сағыныштан, (жуытпайтын тағдыр ғой - кәрі мыстан) Сені көрсем –жандардай жаны ұғысқан Жалғыз сендік көңілім алып-ұшқан.

Сені көрсем – жүрегім лүпілдеген, бөленгендей бақытқа бүкіл денем,

Мүмкін, сені ойлаумен күпірге енем... әлде, байғұс көңіл ме күпілдеген....

Мен әйтеуір, соны да – шүкір көрем.. . .

2007 жыл

* * *

Киті дұрыс берілмеген құдадай

күй кешкен соң алағай да бұлағай, сүйгеніңнен сырт берерсің бір күні махаббаттың азабына шыдамай.

Саған күліп қарамайды сосын Ай, (Махаббатсыз күн кешудің - босын- ай!) Жығылғанға жұдырық көп жалғанда, Тағдырыңнан тосын сыйды тос ұдай.

Күресу ғой тағдыр сыйы тегінде! Тосын сыйдан мейлі, жеңіл, жеңілме! Адастырып жібереді ақыры, адамдардың сатқындығы сезімге.

2007 жыл

Шынар көлі

Поэма

Сөз басы:

Шынар көлі – сыңар көл, Ұран салған қамысы – Жағадан ап жылан қол, Жығылғанда намысы.

Шынар көлі – айдыным! Шарайнасы жұртымның, Қамағанда қайғы-мұң, Саған барып, сілкіндім!

Шынар көлі – шындығым! Шынар ару бесігі!

Шырғалаң күн шылбырын Жылдар алып жосыды…

Шынар көлі – несібім – Тектілердің тұғыры.

... Қақтым аңыз есігін, Шынар болған құлыбы...

  • Бұқарбай

Дүние деген дүрбелең

Дақпырты дабыл, даңқы бар, Дүрбелеңдерде кіл берен Дүлдүлдер туған халқы – нар!

Сыр өзен бойы сан тарих.

Шертіссең сырды, кел, достым, Орнаса-дағы қанша жұт, тірлікке себеп өлмес Күн.

Сонау бір түбек – Кеңтүбек – Көпке де қоныс құт – мекен. Сардар ел сарбаз ұл тілеп, Сыбаға кімнен күтті екен?!

Туған ел алтын тұғырлы, Түбегі – толғау, баба сыр. Тудырған батыр бір ұлды, Бір қызды оған жанашыр!

Бұқарбай еді сол ұлың,

Атағын Қыр мен Сыр білер, Ордадан сайлап орынын, сөзі мен ісін үлгі дер.

Асынып қару, қол бастап, салт атты, суыт жүрісті, қорғайды жаумен шайқаста туған жер деген ырысты.

Орыстар ойын ұзартып, Хиуадан Қоқан қоқаңдар, Иыққа тағдыр жүк артып, Именсе, Елі, Отан бар.

Салдырмай таңба сүйекке, Сүйейтін елін сол батыр, Сенетін кие тілекке, Даланың ғана солдаты.

От еді ол кез ерлерге, Намыс та одан асатын. Қия да, қия белдерге

Қиялмен қадам басатын:

«Қараша жұртым, өз елім, қайраңда қалған балықтай ойранға түсті-ау өзегің!

Күн қайда шығар жарыққа?!

Халқыма теңдік әперсем, Садаға – жаным сұраусыз, Амалым қанша екі өлсем? Көміңдер онда құрансыз.»

.... Жақсылар ұйып сөзіне, Жасағы – жұрты, жақтасы: төменде Әлім, шектісі,

Қыпшақта Досбол датқасы.

.... «Жаратқан ием жар болып, жүрегін намыс, ар қорып, сайланса жауға ерлері, Дұшпаны болса жеңгені.

Ырысы жұрттың сарқылмай, Ұрыстан ұлы тартынбай,

Ел қамы болса ер қамы

Жеріңнің болса қорғаны! Бағыңның онда болғаны!»

Осы сөз ұран, антындай, Олардан мәңгі өтті өмір,

Дауылпаз далам, даңқыңды шығарып кеткен көкке бір, Бұқарбай сынды тұлғаның ерлігі, сосын есі еді.

Жанымды қарып бір жалын Жалтылдап алдан көшеді. Кеңтүбегімде – кие жыр,

Шынар көл, сенсің – сырлы әнім, Сыңсиды толқып сырғалы үн, Сен жақтан самал еседі!

 ... Сонау жылдары Қасым ханның бір баласы Елікей сұлтан (Ермұхамбет Қасымов) Сыр бойында билік құрды. Бұл кезең хан тұқымдарының басынан бағы қайтып тұрған кез-тін. ...

 Әсіресе, Кенесарыға да соңғы тұяқ серпетін уақытында Сыр бойы халқының көп көмегі тигені тарихи шындық. Соның айғағындай, Кенесары Сыр бойына келіп қайтадан қол жинайды...

  • Кенесары

Сонау бір сонау күндерде, Сыбызғы мұңды үндерге үзірік болған үміттер

үзіле жаздап жүргенде, Үкімі қатал Ақ патша

Үстемдік етті біздерге!

Жандаралдарға жан бітіп, Жайсаңдарымды қаңғытып,

Хиуа, Қоқан хандығы

қойғанда тұяқ қарғытып, Жағалай қонған Сыр суын сарсылды халық қан жұтып.

Байтақ та, байтақ даламды Байсалды, арлы бабамды, Болашақ деген баламды

Ататын арлы күнімдей, Ақ жаулықты анамды.

Арша да еті борша боп, Бақытым түгел болса деп, Сол үшін жанын аяспай, Мезгілмен, күнмен санаспай, Шыбын да жанын бөлмелеп, Серттесер мәңгі ер керек!

От кешер қанды ер керек!

.... Ерлігі ердің қорек боп, Ес жиып қалды ел ептеп, Төренің ұлын зерек деп, Кенені хан деп сайлады

Торғай мен Сырдың аймағы:

Қияға хабар салдырып, Батырдан – батыр алдырып, Қол жиып, қатар тұрысты, Бастамақ болып бір істі.

Батырға батыр қосылды, Аққан қан судай жосылды. Ақ Патша болып әбігер,

Қоқанның демі тосылды.

Салтанат, сауық ханда жоқ, Уақыт-ты ол кез тым қатал! Санатта, сірә, санда жоқ санаса күндер түн қатар.

Шығыстан шалқып шықпай күн Шырайы келмей күн батар!

Өзекті жесе өрт – қайғы өзендей тулап үн қатар: “Елді де билер ұлықтар жауыңа болса кіріптар,

Кеудеңе мәңгі мұң қатар!

Атасыз бидің ісінен,

Опасыз жаудың күшінен,

Шемен де, шемен шер қатар Шерлі бір ердің ішіне.

Шемен де шемен шер қатса, Шырқырап күйіп ел жатса, Шіреніп тартар ақ жебе

Шегеніп оғын кімге атар?! Кімді атар? Кімді атар?...»

.... Жасағы ханның кіл батыр: Ағыбай еді бір батыр, Наурызбай ханның інісі,

Ерлердің болған тынысы.

Бұқарбай, Сейіл Сырда тұр....

.... Қияда жатқан қырғызды құрыққа тағы ілгізді.

Орынбар, Ырғыз, Торғайдың даласындағы ел-қайғы:

жайсаң бір күнді көп күтті – жегідей жанын жеп бітті....

  • Бірігу

Кеудесін ханның кек қысып, Оранып мұңға, от құшып,

Ойлаумен елдің қайғысын

көп күндер көзден кетті ұшып....

Хан Кене Сырға беттеді, Ойға алған ісі көп-тегі:

Ес жиып алса азырақ, Жауына қайта кекті еді. Шұбыртпалы Ағыбай, Наурызбайы бағына, Бұқарбайы тағы да...

Батырлары отты еді.

Сан-саққа тартып ой-сарын, Төбеден ауып Ай-сағым,

Адыра қалмай ар-намыс, Ақ сөзге құлақ қойса кім,

Ханның да болмас арманы!

Аманат сөзді төрелер Сөйлесе, ізге ел ерер. Бір тайпа елдің Сырдағы,

Болар деп жауда бір жаны, Құрмаққа кеңес, жинады Жұртының жақсы-жайсаңын.

Хан ием тілін кім алмас,

Қосыны мұндай құралмас, Бұқарбай батыр бұл-алмас, Мергенде Меңлі, Қабандар, Халқына ғана алаңдар!

Ағыбай батыр қол бастар, Наурызбай батыр жол бастар!...

Ақмешіт – шаһар қаласын, Аралап шүйгін даласын, Жаппастың біліп бағасын, Алдырып ақыл – ағасын

«Қосыл» деп хабар салдырды, Мініске жүйрік алдырды.....

 Сыр бойына келіп, ат тұяғын қосысқан батырлар ел аралап жүріп, елге сыйлы Жаппас Ізбас баласы Өтебай байдың үйіне түседі.

 Болдырып талай жорықтан, шалдығып, шаршап зорыққан батырлар бұрып ат басын,

кісінің қақты қақпасын:

Өтебай жаппас сол елде еретін елім дегенге,

ауқатты, арлы кісі еді. Үйіне қонақ түседі.

 Өтебайдың аса ақылдылығымен, ғажайып сұлулығымен елге даңқы шыққан Шынар атты қызы бар еді...

  • Шынар

Жөн сілтер алда жүгендей, Жауына түскен шідердей ерлердің биік бағасын, батырын, биін, ағасын басымда бақ деп білетін, тілегін тілеп жүретін,

арзан бір сөзге алынбас! сұйық бір ізге салынбас! Сүйріктей ұлмен жалындас! Қазақта бар-ды қарындас!

Ол қыздың аты – Шынар-ды! Сөзіне әркім құмар-ды...

...Батырлартөрге жайғасты, бағылан басы қойды асты. Бірінен бірі сөз алып,

Мән-жайды былай қозғасты:

Наурызбай батыр:

«Тек сұрасаң тегім бар, кімнен менің кемім бар?

Ордалы тұқым, бегім бар, Санаспаған адамға

Қайтпас қатал кегім бар».

Ағыбай батыр:

«Менің атым Ағыбай, Дұшпанға сілтегенім кеткен емес дарымай, Біреулерге күнмін, Біреулерге мұңмын,

Бірақ, қатынға жүрмін жарымай.

Осынымды ескерерсің, жаным-ай...»

Бұқарбай батыр айтты:

«Қас дұшпанға

қадалсам, қан алмастан бір тынбадым, кеудемді кек, көзімді жас қысқанда

Күң еттім дұшпанымның сылқымдарын. Қарын мен қайғы болмай ұртымдағым, Жеп өстім жастайымнан жұртым қамын. Ізетті бала едің, тәлімің бар,

Ісіме қанағат қып, іркіл, жаным.»

.... Сөз бітті – сусын ішіп, сыр алысты. Үшеудің басылмады күмәні ішкі

«Қыз біреу, құда төртеу» дегендей-ақ, Таңдауы керек қыздың бір арысты.

Демейді мынаны – артық, ананы – кем, Бәрі де өскен жандар дала әнімен,

Кетуге ыңғайланған батырлардан Қыз бұйым сұрады сөз сабағымен.

Күткені осы сынды Ағыбайдың:

«Дұшпанға танытсақ та, жаным, айбын, жан едік саяқ кілең, сезінбеген

жар құшып, жандасудың әлі қайырын.

Күш десе, атасы оның болғандаймыз, Ат үсті, жау жағалап, жол қамдаймыз. Мастықпен қызық қуып, ойын ойнап, Қыздарды күзетпеген сормаңдаймыз. Бас қосып өзіңіздей бір арумен, Баянды үй болсақ деп армандаймыз!»

«Ендеше, деді Шынар, мынау сөзім: Төгіліп үшеуіңнен тұр-ау сезім, Бағамды білген жанға басымды ием, Тәңірден соны ғана сұраушы едім.

Наурызбай, батыр аға, төре тұқым, Қастерлеп ел-жұрты пір көретұғын, Ақ сүйегің арам боп азбайды ма, Біздей қара болғанда өбетінің?

Жақсының жанын былғап, салтты бұзып, Жағдайым жоқ қой Сізге еретұғын!

Ағалар,

бағы – жанжал батыр да – бір,

Қазығын жұлып ұшқан шатыр да – бір. Арғымақтан түспеген саңлақ та – бір, Жел айдаса жүйткіген қаңбақ та – бір.

Сіздер жау күзеткенде, мал күзеткен

мені де санайды жұрт шаңырақтағы ұл....

.... Ағыбай, асыл аға, ауылың қашық, Әйтпесе, жіберер ем жалғап қазір! »

Жауабы Бұқарбайдың берілмеді, (дәстүр-ау бұл осындай о күндегі), Шынар қыз бір қарады, үндемеді. Шынайы ілтипатпен көңілдегі.

... Нық еді қыз кесімі. Бас құрады.

Бұқарбай барын тойға шаштырады.

... Басталды тағы жорту, басылмай-ақ той соңы, жар құшудың мастығы әлі....

  • Жорықта

Жұрт алаң. Жақсылары отты құшқан. Жер дауы, жесір дауы.көп-ті дұшпан.

Алауыз елдің іші, оған қоса,

Ілік мол сыртқы жаумен қақтығысқан.

Құрығы ұзын еді ақ патшаның....

Қазақтың біледі де топтасқанын, Кенені талқандауға шақырады

Қырғыздың манаптарын – жақтастарын.

Сыр бойы – Хан Кененің шегінері. Сан оймен қабырғасы сөгіледі.

Қоқан – зіл, орыста – күш, қырғыз анау....

Бұлдырлау болашағы көрінеді....

.... Басталды ұрыс тағы, қанды жорық,

шайқасу, сілтеп найза жанды беріп,

Қырғыздар қажыр қылып қоршауымен Басқадан Бұқарбайды алды бөліп.

Берісер емес көпке жалғыз батыр,

Шашылған төңіректе қанды із жатыр. Торбесті тақымдағы жараланып, Серігі хас батырдың жанды үзді ақыр.

Жау бекем, күш күмәнді көбейткен-ді, Батырлық сынға түсер кезек келді,

Қоршауда жаяу қалған жолдасына Көмекке келіп жетті Керейт Меңлі.

Үдейді қырғыз біліп ұтылмасын,

Қос батыр – қаймығу кем, күпір басым, жатса да қанша жерден қайрат қылып, Сезеді жаудан оңай құтылмасын.

Жолдасын бірге жүріп жұтар қайғы жау жеңсе, қалай жаны мұқалмайды? Меңлі астындағы атын беріп,

Құтқарып жібереді Бұқарбайды.

... Оларды жараса ма дана десем? Бағаңды өзіммен бір ала көшем... Меңлідей асыл достың арқасында, Бұқарбай қалған дейді аман-есен....

 .... Әлқисса, Кенесары жасағының негізі батырларының бірі, мыңбасы Бұқарбай батырдың әрдайым ел тыныштығын қорғаумен жортуылда жүргенінде, елдің ішкі саясатына оның жары Шынар шешеміз егелік еткен көрінеді.... Бірде жары Бұқарбай жорықтан қашан келер екен деп күтіп отырғанда, Сыр бойындағы Бұқарбай ауылын Хиуа бетінен төтеннен келіп жау шабады....

Шаңдатты ауыл сырты. Ат дүбірі...

Сарт етті санадағы сақтық үні,

Шынар қыз шарт түйініп, атқа қонып, Барлайды «кім екен?» деп аттылыны...

«Ойпырай, мынау неме, қалай – қалай....

Ауылға беттей шауып абайламай,

Жоқ жерден жаман ырым бастамақ па?!»...

Шынар қыз тебінді атты солай қарай....

Бір ойы бара жатыр жанын үгіп, Тұрған жоқ кім екенін әлі біліп,

....Аттылар Шынар шапқан жаққа қарай екпіндеп жетіп қалды салып ұрып.

Қыз тартты ат тізгінін. Сөз бастады:

«Уа, кімсіздер?» Олар ой қозғаспады...

Біреуі төне түсті.бекершілік

бұдан соң әңгіменің жалғаспағы.

«Кім бұлар, ұстамы не, дұшпаны кім? Жұмсайды неге сонша күш-қаруын?» Шынар қыз шайқасуда, түк түсінбей шап берген қылығына дұшпанының.

Бұл ойын бұзды біреу, болған күпті:

«Бұйырмай біздейлерге қолдан шықты- Шынарды еститінбіз ержүрек деп,

Келеміз сынайық деп сол қаншықты!»

«Ендеше, іздегенің – менмін Шынар,

Жау тисе, жалғыз шапқан – белгім шығар. Қамшының сабы емеспін, өле қалсам,

Қанға – қан ер құнындай ел құн сұрар».

... Жан еді дидары күн, тілегі мың, Даланың тосады екен кім елігін? Найзасы сілтеп салған бір сарбаздың Дәл тиді нақ тұсына жүрегінің.

... Көл әне, көбік атқан, мұңы ішінде, көнермей аңыз жұрттың жүр ішінде, төбе боп жатыр бүгін жағасы оның Текті қыз мекен еткен тірісінде.

Сөз соңы:

Шынар апа, Аруым!

Адалдығың – анық Ай! Ала күнге тәлімің

Айтылар-ау сан ұдай.

... Намысымды жанадың, ұсақталсам тарыдай...

Шынар апа, Шынарым!

Шежіресі жерімнің. Кеудемдегі тұмарым! Көне көзі елімнің!

...соры болған бұла күн қазы қалқып жүр әні, қайтылмаған кегіңнің....

Шынар апа, шеше-дүр,

Шаңырағың – Ар, Намыс. Шежіре еді кеше қыр - шаранаға қорғаныс.

...елдің іші - есер ұл... естілерім болды алыс...

Ертеңгі күн толғаныс....

Шынар апа, Сал құлақ!

Шындығы сен заманның, Затың әйел,

Арғымақ

дүлдүлісің даламның.

... Өтті уақыт, ал, бірақ, өзгерген жоқ қалпынан қараулығы адамның.

Астана, 2007- 2008 жылдар

ӘҢГІМЕЛЕР

Жаңа қызметкер

 Ол қолы жетіп министрлікке жұмысқа орналасып еді. Алғашқыда барлығы қызық көрінген. Бүкіл елдік шаруалардың бастауы осы жер деп ойлаған. Министрліктің есігінен кірген кісіге бірден көзге түсетін сурет мынау: қабақтары қату, түстері суық, бейне бір шаруалары қауырт адамдай бір-біріне соқтыға жүгіріскен қызметкерлер, бума- бума қағаз, тапсырма, бақылаудағы құжаттардың орындалуы, бір кабинеттегі ығы-жығы адам, абыр-сабыр тіршілік.

 Алдымен кабинеттегі оншақты кісінің дені қаракөз әйел азаматтар екенін көріп, бір марқайып қалған. Әуелі анау бұрышта отырған кемиек, беті мыржы-тыржы келіншектің телефонмен шаңқ- шаңқ етіп, орысшалап сөйлескені назарына ілікті:

 “-Да что вы говорите, мы что вам справочное бюро? Сами не знаете что и кого ищите, позвоните в другой раз, у меня времени нету. До свидания” - деп тұтқаны лақтыра салды да: “Странно, кто попало звонит к нам, надоели!” -деп бетін тырыжайтып, қолын сермеп сілкіне жөнелді. Сол сәтте есіктен екінші шашы жалбыраған, қолында бір бума қағазы бар тағы бір орта жастан асқан қазақ әйелі кіріп келді де: “Вообще в том департаменте ни одного нормального человека не осталось, я вот спрашиваю по одному документу, а они меня даже не слушают?” деп ашу шақыра, ысқыра басып орнына жайғасты. Осы сәтте бір бұрыштан ”Ты о ком?” деген шіңкілдеген дауыс шықты. Жаңа қызметкер дауыс шыққан жаққа қарап еді, я қазақ, я орыс екені белгісіз, шашы қырқылмаған қойдың отқа күйген терісі сияқты сап- сары, беті қап-қара бір шөпжелке қыздың компьютердің ішіне кіріп кетердей үңіліп отырғанын көрді. Әлгі шашы жалбырақ қыз: “Вообще ненормальные все, их всех надо уволить отсюда!”- деп, онан сайын тұлдана түсті. Осы сәтте бөлмеге әрі-сәрі жүгіріп, кіріп-шығып жүрген жымысқы көз, зыпылдақ жігіт - бөлім бастығы келді. “Уважаемые коллеги, послушайте внимательно, у директора завтра день рождение, давайте собирем деньги, но она будет приглашать на шведский стол только начальников и заместителей”-деді жерден жеті қоян тапқандай екі қолын ысқылап, шімірікпестен. Оған манағы телефонның тұтқасын лақтырған кемиек келіншек: “Ещё чего, нашли дураков, мы что не люди, еще нехватало, сами празднуют, а мы должны собирать деньги!” -деп шап ете қалып еді, оны бөлім бастығы жақтырмаған көзімен бір атып: “Если не хотите, не давайте, мы знаем, что Вы за люди И вообще, лично Вас она не приглашала, можете успокоиться”

деп нығырлай түсіп, әлгі кемиек келіншекті біраз жерге апарып

тастады. Екеуінің сөзін өзімен - өзі отырған сияқты болып, кабинеттегі әрбір қимыл мен сөзді бағып отыратын егде тартқан орыс әйелі: “А по сколько собираем?” -деп бөлгенсіді. Бөлім бастығы сапылдап, буырқана ашуланып жатқан келіншекпен сөзін үзе салып, “Ну, я думаю

простые будут собирать, как сами хотят, а мы с Вами наверное ” деді

де, бір нәрселерді айтып, сыбырласа бастап еді, әлгі орыс әйел: “Конечно, а то стыдно будет, она для нас много чего сделала” бас изей бастады.

 “Девочки, с ума сошли, ”-деп сол сәтте есіктен көрші кабинетте отыратын орта жастан асқан әйел кірді. Отырғандардың барлығы “А что случилось?” деп жалт қарады. “Вот, эта наша дура”- деп қолын жоғары жаққа қарай, департамент директорының бөлмесі отырған жақты нұсқай сілтеді де, “совсем свихнулась, представляете, я говорю, что на мероприятие в следующем году бюджетчики не выделили средств, а она говорит, что хоть с ними вместе спи, приглашай навстречу, ищи любой выход говорит, дура, за кого меня принимает?!”- деп түтігіп кетіпті.

 Әлгі әйелдің сөзіне кабинеттегілер мырс-мырс күлісті. Біреулері: “О чем мы и говорим постоянно, вот тебе доказательство!” деп қалды.

 Осы кезде сөзге бөлім бастығы араласты: “Она права, когда мы работали с областями по расспределению бюджета, мы работали с акимами.... короче, были истории...” деп сөзінің артын жұмбақтай салды. Осы кезде жаңа қызметкер жұмыс мәселесіне орай сұрау қажет болып, “Сізден, сұрауға бола ма?” деп жақындай беріп еді, бөлім бастығы: “Что вам, мне некогда!” деп кесе салды. Жаңа қызметкер я орнына қайтып отырарын, я қайтадан түсіндіріп сұрарын білмей дал болып қалды. Оның осы жағдайын байқап, ортада отыратын қараторы әйел кісі жақындап келіп: “Не бірдеңе сұрайын деп пе едің?” дегенде анау жылап жібере жаздады. “Жоқ, жай әншейін” дей салды да, орнына тез жайғасты. Әлгі қараторы келіншек сонда да ізінен қалмай, оның қасына жақындап келіп, ананы-мынаны айтқан болып, бір мезетте: “Сен қайдан едің?”-деп сұрады. Анау келген жерін айтып еді, қараторы келіншек: “Бізде кім бар ед, сіздің жақтан...” деп көзін аспанға қарап ойланып, қызметтестерін “сүзіп” шықты да, “Ал, мұнда кім арқылы келдің?” деп сұрады. Жаңа қызметкер “осынша тергейтін сен кім едің?” дегеннің кейпін көрсетіп, бетіне аң-таң күйде бажырая қарап қалыпты. Өз сұрағының ыңғайсыздау шыққанын сезіп қалып, қараторы әйел сөз төркінін дереу басқаға бұра сала сыпылдап, бар “ақылын” айтып жатыр: “Бұл мемлекеттік қызметте адамдардың бәрі продажный болады, ешкімге сенбе, сырыңды айтпа, сосын жоғарыда біреуің бар болса, оны да білдіріп қой, әйтпесе, тірідей жейді етіңді, бастықтармен жақсы бол, олардың ішінде де небір иті бар, абай бол “қауып” алмасын”-деп аса сақтықпен, тәтпіштей сөйлеп жатып, сәл жақындай түсті де, “анау бұрыштағы шіңкілдек қыздан сақ бол, ол директордың құлағы” деп жәймен ғана көзімен манағы қыз жақты нұсқап қойды.

Осы кезде есіктен қазақы ауылдық киім киген, бет-ауызы күнге

күйген, тұрпаты шаруа адамының кейпін танытатын егде тартқан әйел кісі қасына мектеп бітіретін шамадағы қыз баласын ертіп ішке кірде де,

“Амансыздар ма, орта білім бөлімі осы ма?”-деп сұрап еді, ешкім жауап бермеді. Тіпті естімеген, көрмеген адамдай назар да аудармады. Келген әйел бөлмеде отырған оншақты адамның әрқайсысына жалтақтай қарап, тағы да жаңағы сөзін қайталады. Ешкімнің иманды аузы сылп етпегенін көріп, жаңа қызметкер: “Апа, сәлеметпісіз, келіңіз, не шаруамен келіп едіңіз?”-деп орнына тұра беріп еді, әлгі әйел солқылдап жылап жіберді. Оған мұрнын пыш-пыш тартып қызы қосылды. Алдындағы адамның қапелімде не болғанын білмей, сасқалақтап қалғанын байқап, анау әйел тез жылағанын қойып: “Ойпырм-ай, мұнда да қазақ тілін білетін адам бар екен ғой, Мұңғұлиядан көшіп келген оралман едік, мына балам колледжге оқуға тапсырып еді, оралмандар квотасына ілікпейсіңдер” дейді. Соған бір жұмадан бері осы міністірліктің есігінің алдын торып, кіре алмай, кімге барарымызды білмей, дал болып жүрміз, айналайын” -деп қайта солқылдай бастады да, “ия, кіреберістегі ақыран сөйлеспейді, орысша білмейміз. Әбден табанымыздан тоздық, қарағым, бізге көмектес”-деп бар тауқыметін айтып зар еңіреді. Жаңа қызметкер мұндай шарасыздықты көріп: “Апа, мен қызметке енді ғана келіп жатырмын, мүмкін мына кісілерден сұрап көрерміз”-деп, маңайындағы қызметкерлердің біріне жақындай беріп, сұрауға икем таныта бастағаннан анау алдындағы компьютерден басын жұлып алып: “Что, что, о чем вопрос?!” -деп, орысшалап шүлдірлей бастады. Жаңа қызметкер әлгілердің оралман екендігін айтып, орысша тіл білмейтінін айтып түсіндіре бастап еді анау: “Почему орысша билмейди, а я откуда понимаю казахский язык, пусть подойдет к другому, это не мой вопрос!” -деп қақшаң-қақшаң етті. Жаңа қызметкер бөлмедегі бірнеше адамның әрқайсысының қасына барып отырып, тап жаңағы сөздерін қайталап қояр емес, әлгі оралман әйел қызымен екеуі жаңа қызметкер қайда барса, соңынан жалпылдап қалар емес. Ол әрқайсысының қасына барып жүргенде, бөлмеде ұрыс басталды. Беті аулақ, қан майдан соғыс емес, кабинеттегі бірнеше әйелдің факс телефонының құлағына таласқан айқайы шықты. Анау егде орыс әйел: “Сколько можно, почему по электронке не отправите? Еще чего, я что ваша секретарша? Вы думаете, что мне нечего делать? В конце концов, я в министерстве работаю не секретарем, учтите это раз и навсегда!” -деп аржағындағы біреуді нығырлап жатыр. Мына жақтан: ”Ольга Николаевна, у Вас когда нибудь закончатся разговоры, сплетни, мне нужен телефон факс?!” -деп аласұрған шіңкілдек дауыс шығып еді, бөлменің ана басынан: “Хватит громко говорить, что вы двоем в своем доме находитесь, уважайте сотрудников?!»деп тырық қара қыз дүрсілдеп қоя берді. Жаңа қызметкер сөзін ешкім тыңдамаған соң, амалы таусылып: “Апа, сіз ертең мына телефонға хабарласыңызшы, мен мән-жайды біліп қояйын” деп бөлмедегі жанжалдан ұялып, әлгі оралман кісіні шығарып салды. Анау да кілең әйелдердің кәрі кемпірдің

жыртысына таласқандай у да шу болғанынан қорқып кеткен болуы керек, тез-тез басын изеп, сыртқа қарай тұра ұмтылды.

 Жаңа қызметкер біраз уақыттан соң, манағы айқай-шудың беті қайтып, қызметкерлер сабасына түсті-ау дегенде, жөн білетін осы-ау деп, қараторы әйелдің қасына келіп оралман кісінің мәселесін сөйлесе бастағаны сол еді, оның сөзін Ольга Николаевна бұзды: “Вы не знаете к кому обратиться? Почему Вы этим интересуетесь? Вам кто поручил, или у вас свои интересы, оралманами занимаюсь я. Почему они к Вам обратились, что они не знают меня что ли?” -деп, қаһарын шаша сөйлеп, одан әрі өзімен-өзі, бірақ бөлмедегілер түгел еститіндей етіп: “Вообще, сейчас молодежь такая умная, знают как пахнут деньги, суют нос куда не надо, везде ищут выгоду! ”-деп жаңа қызметкерді қарадай жазғырып, оның жаңағы біреуге болыспаққа талпынған ісін сан-саққа жүгіртіп, дауға айналдырып жіберді. Жаңа қызметкер орыс әйелдің нені меңзеп тұрғанын түсінбей, екі көзі жыпылық-жыпылық етіп, айтуға сөз таба алмай, тығылды да қалды. Іштей ойлайды: “Япырау, сонда мен әлгілерден .... бірдеңе көрмек екенмін... Ой сұмдық-ай, мыналар адам емес пе, жаңағы әйелдің ботадай боздағанына біреуі селт етпеді-ау...” Жаңа қызметкердің басы зыңылдап кетті. Тынысы тарыла бастады. Ауа жұтайын деп, сыртқа қарай беттеді. Не болғанын білмей, аңырап біраз тұрып ішке қайтадан кіргені сол еді, бөлім бастығы бұған қалшылдап шүйліге кетті: “Сиз кайда жүрсиз, немене Вам это место для развлечения? Не только у вас голова болит, у нас тоже голова болит! Почему не отпрасились? Или вы уже на мне крест поставили? Я вам покажу кто я такой!”- деп жерден алып, жерге салды. Жаңа қызметкердің зәресі кетті. Мыналардың түрлері құдды соғыс киноларындағы немістердің қамауға түскен тұтқындарды күзеткен, абалаған овчарка иттерінен аумайды-ай.

Осы сәтте департамент директорының хатшы қызы “Қазір бес

минуттен соң, бастықта лездеме жиналыс, барлығыңыз келіңіздер” – деп естірте айқайлап, ұзын дәлізбен зыр жүгірген даусы естілді де, барлығы қолдарына кітапшалары мен қаламдарын алып, солай қарай беттеді. Жаңа қызметкердің әрі-сәрі жай-күйін хатшы қыздың сөзі сәл сейілткендей болды. Топпен бірге ілесіп, ол да директорға беттеді. Орташа кабинетте отыратын директордың кабинетіне енгені сол еді, төр жақтан: “Дибилы, недоумки, дармоеды!” деп орысшалап, мауыққан мысықтың бажылдаған дауысындай дауыс шықты. Көзілдірігінің астынан сығырайған көзі қанталап, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып, орнында қалш-қалш етіп тұрған дударбас әйел адамның мұнша шыңғырғанын төтеннен көлденең біреу естісе, елімізге қауіп төнген екен, тұтқиылдан дұшпан шабуыл жасап, шекарамыз бұзылған екен, сөйтіп бір сұмдық басталған екен деп ойлап қалуы ғажап емес. Қызметкерлердің бастары салбырап, үн-түнсіз орындықтарға жайғаса бастады. Қолын оңды-солды сермеген, ерні көнтиген, танауы делиген директордың жаңағы айқайы он-он бес минутке созылып барып

толастады. Жаңа қызметкердің оның сөзінен түсінгені: “Кім сендерді мұнда жұмысқа алып келген”, “ештеңе қолдарыңнан келмейді”, “бастарыңда ми жоқ”, “бар-жоғы анау Нәргүл мен Рая ғана жұмыс жасайды”, “қалғандарың адам емессіңдер”, “кілең оңбағансыңдар, мені директор деп сыйламайсыңдар”, “мешелсіңдер”, “бәленше неге ауырады, дереу мүгедектікке шықсын, айтыңдар осылай деп менің атымнан ”... қойшы әйтеуір, небір лағынет сөздер лек-легімен төгіліп жатыр. Директордың сұрқы бірде алдына келгеннің бәрін жемтік көріп, жұтуға ыңғайланған әбжылан сияқты, бірде күндей күркіреп, бойындағы бүкіл тамырын жарып шыққан зұлымдықты жер бетіне аяусыз төгіп жатқан албасты дию сияқты, бірде адам кейпіне еніп алып сөйлеп тұрған ібіліс сияқты болып кетеді. Жаңа қызметкер директордың сатырлап жауған жауынға ұқсас лағынетін үнсіз, жайбарақат тыңдап отырған көпшілікті көзінің астымен шолып шықты. Қасына кабинеттегі егде тартқан қараторы қызметтесі жайғасқан екен. Ол жаңа қызметкердің ыңғайсыздыққа душар болып отырғанын сезген болуы керек, “Бұл - бастықтың біздің хал-жағдайымызды сұрағаны”- деп сыбырлады. Жаңа қызметкердің ойына ауылындағы жаулығы даладай әжесі, көзінен нұр-иманы төгілген атасы, ертеден қаракешке дейін мектепте сабақ беретін анасы мен әкесі, олардың отбасындағы жарасымды тіршілігі мен әңгімесі түсті. Ауылдағы көршісінің ерке баласының қылығы, оның былдырлап сөйлегенін әңгімелеп, күлісіп, ойнап отыратын қауқылдасқан кейпі көз алдына елестеді. Жанына мұң ұялады. Директордың алдында отырып, бір боқтық таситын көліктің үстінде отырғандай өз-өзінен жиіркенді.

“Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің” демекші, жаңа

қызметкер кешегіге түк түсінбей, қайда тап болғанын білмей, қайта жұмысқа қарай баруға аяғы тартпай, ертесіне сәл кешігіңкіреп келе жатқан. Лифтімен көтеріле бергені сол еді, орта жолдан лифті тоқтап, есік ашылды да, ішке қарай министр бірнеше департамент басшыларымен бірге беттеп келеді. Жаңа қызметкерді көре сала министр жайдары қалыппен: “Қалың қалай, жұмысқа үйренісіп жатырсың ба!? Қиын болып жүрген жоқ па?!” деп өзін ежелден білетін кісіше хал-ахуалын сұрай бастады. Министрдің бұлай ілтипатпен сөйлескенін көріп, әшейінде жәй қызметкерлердің берген сәлемін алмайтын директорлар жапа-тармағай амандық-саулық сұрасып, қауқылдасты да қалды. Әсіресе, көнтек ерін, қысық көз, дударбас өз бастығының “ықыласы” ерекше. Жаңа қызметкер мұндай “спектакльді” бұрын-соңды театрдан ғана көретін. Бар болғаны “жақсы, жақсы” деуге ғана шамасы келді. Лифті де межелі жеріне тоқтап, есік ашылып, жаңа қызметкер түсіп қалды.

Әдеттегідей у да шу кабинетіне кіріп жайғаса бергені сол еді,

“сізді директор шақырып жатыр”- деді хатшы қыз телефоннан. Жаңа қызметкер тапсырма беретін болар деп, қалам, кітапшасын алып, директордың кабинетіне бара бергені сол еді, “Бесстыжая, где ты

ходишь?!”- деп дүрсе қоя берген манағы лифтідегі директорын танымай қалды. Тағы да небір лағынет сөздерді естіді. Түсінгені: кеше 5-10 минут ауа жұтуға есік алдына кеткенде, “менен рұхсат сұрамай кетті” деп бөлім бастығы мұның үстінен шағым жазып жіберіпті. Ол ішінен неге екені белгісіз “деңгей, деңгей, деңгейлері...”-деп қайталай берді.

 ... Жаңа қызметкер директордың бөлмесінен атып шықты да, өзі отыратын кабинетіне бұрылмастан тұра қашты....

2006 жыл

Жанталас

 Таңертеңмен сықиып киініп, жұмысқа келе жатқан қызметкердің кеудесіндегі үміт көгершіні жақсылықтың жаршысы болуды алдақашан қойған. Нан жеп, напаха айырып отырған қызметінің түрі сондай болғасын, көңіл көгершіні де тек бір күндік жемтік іздеп қана шарқ ұрады. Қарны тойса, ешкім тиіспесе, “сен тимесең, мен тимен, бадырақкөздің” кебін киіп, орғанына емес, қиғанына семіріп жатқан тіршілік иесі. Аз күндік тіршілігі – тіліп-тіліп сөйлеп, сілкінтіп жұмыс атқару емес, бұғып-бұғып жүріп, күн көру.

 Теп-тегіс етіп асфальтталған тротуардың үстімен келе жатып “өмір қандай рахат” деп қояды ішінен. Рахаты – алдында жемтігі болса болды, артына бұрылып қарағысы келмейді. Қарағанда не көреді? Ауылдағы анасы “Қарағым, бәленшенің балдары жұмыссыз еді, қара жұмыс іздеп қалаға кетіпті, хабарың бар ма?” дейді. Хабары бар болғанда не істейді? Олардың да нан үшін жүргенін біледі. Ертең бір жерге тұмсық сұғып алса, өлмейді ғой. Бәрінен өзінің қызметін айтсайшы. Ертең бастығы ауысып кетсе, далада қалмақ. Соны ойласа болды манағы рахат өмірі кенет тамұққа айналып шыға келеді. Бастық әр өзгерген сайын бұл бір өліп-тіріледі. Қайта – қайта өліп- тіріле бергесін, көкірек көзі былшықтанып, зіл басып, бақыт құсын аңсауды қойған. Басымен қайғы. Арман-қиялы алға жетектеуді де ұмытты. Ол да тастап кетті-ау шамасы. Енді міне, жарқын күлкі, жақсы пейіл адамдықтың ауылынан адасып қалып, бір күндік аз – кем мансаптың жетегінде лауазымның құлы болып, емпеңдеп тағы да кеңсеге келе жатыр.

Сырт қараған адамға қызметі дардай, даңқы мен дақпырты

түпкір-түпкір ауылдарға дейін жетіп жатқанына масаттанып, маң-маң басып келе жатқан әжептәуір кісі. Ал көзіне қарасаң, жалтыл мен жұлтылдың орнына қулық пен сұмдық оранып қанталаған нұрсыз бірдеңе, бет-әлпеті ар мен ұяттың пердесін сыдырып қойып, шындықтың шығы түссе, сырғанап тұрмайтын тайғанақ жылтыр дөңге айналған. Екі құлағы едірейіп, қабағынан қасиеттің табынан гөрі, қасіреттің көлеңкесі көбірек көрінеді. Бірақ, осы күніне риза кейіп танытқысы келетін секілді ме? “Бөрі арығын білдірмес” деген осы емес пе? Өзі де опасыз бір күндік мансапқа құл болып бара жатқанын сезбейтін сияқты. Әйтеуір, жұмысы тыныш болса болды. Жұрттың соңғы кездегі пышың-пышыңы жаман. “Бәленше министрдің орнына түгенше келеді екен” деген сыбыстың айтылғанына да біраз айдың жүзі болып қалды. Тағы ырду-дырду басталмақ па? Мұның басы қайда домалар екен? Жатса-тұрса ойлайтыны – сол.

Қызметі құрғыр дақолдың кірі ғой. Жұрттың айтқан сыпсыңы

айнымайкеліп,жылайналар-айналмастанминистріқызметінен

босады да, орнына жаңа министр тағайындалды. Бұған дейін талай бас мүжіген, талай орынды тоздырған, енді қызмет істемесе де мұртын балта шаппайтындай жинап алған қоры үрім-бұтағына жетіп артылатын, десе де әлі де зейнет жасына шыққанша, екі-үш жыл ермек қыла тұратын бір биліктің тұтқасы болса жаны қарсы емес, тілегі - мансап біреудің тағы да бағы жанды. Бағы жанды деген сол емес пе, өзі болған министрліктің қызметіне қатысы болмаса да, жоғарыдан айтты бітті, министр болып шыға келді. Ең бастысы жоғары жақ айтса болды, талқылауға жатпайды. Мамандығы механик болса да білім саласын, тіс салатын дәрігер болса да сыртқы істер министрлігін басқара береді. Сонау уақыттың “Мамандар барлығын шешеді” деген қағидасы өзімен бірге кетіп, сүйегі қурап қалғалы қашан. Қазір керісінше мамандар ештеңе шешпейді, бастық айтса болды. Қандай рахат! Мұндай демократияны ойлап тапқан адамның атасына мың алғыс. Ендігі марқұм болып кеткен шығар, иманы саламат болсын.

Жаңа министрдің енді құлшына жұмыс істеп, көрініп қалуы керек.

Әуелі миында дызылдап “Мені жұрт мойындайтындай не істесем екен?” деген ой тұрды да қойды. Жаңа қызмет, жаңа кабинет, жаңа ұжым, жаңа көлік.... Ол да барлығын жаңаша бастауы керек. Алдымен ұжымдағы адамдарды “сүзгіден” өткізіп, “керек еместерін” лақтырып, орнына өз адамдарын - “командасын” орналастыруы керек....

 ...Бұл - қызметке жаңа тағайындалған министр біткеннің әдісі екенін жұрттың бәрі түсінген. Сүзгіден қалай аман қалудың да жолдарын жақсы меңгерген. Қарамағындағы қызметкерлер алдымен, келген министрдің өзі туған жаққа қатысы бар-жоғын іздейді, сосын оның бұрынғы қызмет істеген жерінен тамыр - танысын қарастырады, ең соңында осы екеуінен ештеңе шықпаса, лауазымы бар біреуге айтқызады. Сөйтіп аман қалмаса, анандай сүзгіден басқаша құтылуы екіталай. Министр қызметкерлерді өзі тікелей сүзгіге салмайды. Оған ең бірінші бұрыннан қызмет жасасып келе жатқан әріптестері көмектеседі. Қызметте сәл абыройы артып, халық арасынан жақсы аты шықса болды, кейбір әріптестерінің терісі жиырылып, ішкен асы тамағынан өтуді қояды. Ілік іздеп “Бұл қайдан келген? Кім алып келген?” деген сияқты жан-жақты зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Сосын сондай ілік іздеушілер топ-топ болып бірігіп жұмыс жасайды. Бірінің вице-министрге, екіншісінің министрге сөзін өткізетін мүмкіндіктері бар, барлық арман-тілегі жаңағы бір қызметкерді құрту болып, бар күшін соған сарп етеді. Сөйтіп, “құрту” операциясы жүреді. “Құрту” операциясы әсіресе, бір министр кетіп, бір министр келіп жатқан абыр-сабыр уақытта жүзеге асырылады. Министрліктегі департамент, басқарма басшылары мұндай “құрбандыққа шалу” әдісін өз қызметін сақтауға пайдаланады. Қызметкерлердің арасында сұрыптау жүреді. Баяғы колхоз, совхоздың кезінде үкімет малдың жас- кәрісін есептегенде сұрыптайды деуші еді. Бүгінде адамдардың

сұрыпы болатынын осы мемлекеттік қызметтен көресіз. “Анау ананың адамы, мынау мынаның адамы. Анау ананың көңілдесі, мынау мынаның балдызы. Анау ана жақтан, мынау мына жақтан. Ол бәлен жүздікі, бұл түген жүздікі”. Қойшы, әйтеуір сұрыптаудың небір классикалық үлгілерін көресіз. Қарға тамырлы қазақ екеніңіз осындайда білінеді.

 Әрине жаңа министрмен бірге негізгі жауапты орындарға оның өз адамдары жайғасады. Әсіресе, финанс, бюджет - өз қолында болуы керек. Ал, бұрынғы министрдің тұсында қызмет еткендер орнымнан айрылып қалмайын деп жанталасады келіп. Ол жанталастың түрін көрсеңіз. Ең алдымен, бастықтардың мінез-құлқы 360 градусқа өзгереді. Жиналыста айқайлап сөйлеуді, кісіні ғайбаттауды, жай қызметкерлердің сәлемін алмауды қояды. Аса инабатты, өте тәрбиелі кейіпке енеді. Жусаннан аласа, бетегеден биік түрлері біртүрлі аяныш туғызады. Жағдайыңды сен “Саламатсыз ба?” дегенше өзі сұрап бітеді. Ақпандағы бураның жын шашқанындай мінез құлықтары селдетіп жауатын бұлттай түйіле қалып, министрлікте тымырсық ауа райы қалыптасады. Әрине, оның бәрі жаңа министрдің бұйрығымен орындарына қайта бекігенше ғана. Ал бекіп алғасын құтырған хайуандай жан-жағына “шабуыл” жасай бастайды. Неше апта, неше айдан бері іштеріне жиналып қалған жынын шашып, көзінен де, сөзінен өзінен басқа кісі жоқ, дүниеде ең ақылды өзі ғана болып шыға келеді. Өйткені, оған бұлтартпайтын айғағы бар - жаңа министр оның соншалықты “қабілеттілігін” бағалап, орнына қайта қалдырды ғой. Баяғы аз күндік иба, инабаттары көзден бұл-бұл ұшады.

Жаңа министр болса, баяғы арманын жүзеге асыру мақсатында

ұжымның екі аяғын бір етікке тығумен әлек.

 Жаңа министрмен келген команда мүшелерінің айы оңынан туып, өктем сөйлеп, нық басып, барлық деңгейде құқылы күйде өмір сүреді. Баяғыдан қызмет атқарып келе жатқандар олармен ең алдымен өздері амандасады. Тәртіп солай. Әйтпесе, анау министрге бір сыбырласа, күнім бітті дей бер.

 Ұжымда жаңадан келген команда мүшелерімен “оң” қарым- қатынаста болуға ықтияр адамдар пайда болады. Олар аналармен сол байланысын әжептәуір абырой көріп, демде өктемси қалады да, қит етсе, “кеше келген бәленшекеңнен сұрайын, сонымен ақылдасайын” деп ежелден еті ажырамаған кісіше әмпәй-жәмпай болып қалады. Бұрыннан ым-жымы бір адамдарша ұры көз, пасық пейілмен бәлденіп шыға келеді. Департамент басшылары министрдің командасындағы кісілерге ерекше ілтипатпен, қамқорлықпен қарайды. Бір жақтарға іссапарға шығу керек болса, ең алдымен министрдің командасы аттанады. Осы екі арада жақтырмайтын біреулерді құртуға талай жұмыс атқарылады. Ал, жаңа министр күн сайын “бұған дейін не бітіріп отырсыңдар?”, “кілең дым білмейтіндер” деп зекіп,

қарамағындағыларға бас көтертпестен, өз мақсатын жүзеге асыра береді, асыра береді.

 Жаңа министр алғашқы айларда өз кабинетіне тек департамент басшыларын ғана шақырып, олармен жұмыс жасасқансиды. Өзі министр болып тағайындалған саладан түк хабары болмағандықтан, бүкіл министрлік болып жаңа министрді “оқытуға” көшеді. Бұл министрлік немен айналысатынан бастап, оның басқалардан не айырмашылығы барлығына дейін айтылып, жаңа министр қайта “мектептен” өтеді. Бұл процесс жарты жылдың олжақ-бұлжағына жетіп жығылады. Жаңа министрмен қоса, оның ізімен келген нөкерлері де осындай оқудан өтеді. Өзі қызметке келген министрліктің мазмұнын түсінбейтіндері қарапайым ежелден қалыптасқан заңдылықтарға көзін алартып, “А, почему так?”-деп айдалаға лаққанды көрсеңіз де, таңқалмайсыз.

Министрлікте бұрынғы министрдің атын аузыңа алуға қатаң тиым

салынады. Бірақ ол тиым ешқандай құжатпен, заңмен бекітілмеген, тек жай ғана біздің қоғамның салты сондай. Қаншалықты халыққа қызмет етсе де бұрынғы министрдің аты жаңа министрдің көзінше аталмауы керек. Алда-жалда “бұрынғы министрдің кезінде мынадай халыққа пайдалы іс жасалып бастап еді, соны жүзеге асыру керек” дей қалсаңыз, “чего, та была тупая программа” деп, аузыңызды жауып, “ойбай, мынау ананың адамы екен, саған жаңа министр ұнамаса, бұрынғы министрмен бірге кетпеймісің?”-деп маңайыңдағылар дұшпанға айналып шыға келеді. Одан соң ұрынарға қара таппай жүргендердің құдайы берді дей беріңіз. Оны айтасыз, кезінде “біздің бәленшеке, түгеншеке” деп министрдің асты-үстіне түсіп жүргендер лезде жаңа министрге бейімделе қалады. Бір кезде “О, бәленшекеңнің министр болғаны қандай жақсы, бұл кісі осы саланың адамы, енді күніміз оңынан туатын болды”- деп жүргендер бұрынғы министрдің сыртынан “өзінің де кінәсі көп, саланың жұмысынан хабар жоқ еді” деп, тайқып шыққанды да көресіз. Сөйтіп бұрынғы министрдің алды- артына бір уыс топырақты осылай атасыз....

Тап осы әдетінше тағы да біреу министр болып тағайындалды.

Енді қамшыны басып қалуы керек. Қолда барда мұрнын бір сіңбіріп қалуы керек. “Тіске жұмсақ қайда не бар екен?!” дегенше уақыт зыр етіп өте шығады. Үлгіріп қалуы керек. Жаңа министрдің жанталасатыны сол. Ертең “жаман айтпай, жақсы жоқтың” кері келіп, отырған орынтағынан аунап кетсе, “қап” деп бармақ шайнап қалмауы керек. Өмір шіркін бір-ақ рет беріледі ғой. Министрлікті де қайта-қайта ешкім бұған бере бермес.....

 Ал, министрлікте баяғы дүрбелең, үрей мен күдікке толы кеудесін арқалап жүріп, толқынды теңізде тұншығып қалмайын деп, қалт-құлт етіп әр нәрсені қармалаған әркімдікі өзінше бір жанталас....

 ....Сықиып киім киген қызметкер осы сұмдықты күнде көзбен көріп жүрсе де, жүрегі дір етуді қойған. Тіпті, еті өліп кеткені сонша,

тітіркенбейді де. Кеш бата тротуармен тықылдата басып, үйіне қайтады. Осылай бір таң атады, бір кеш батады. Ол бәріне риза: өтірік біреуді мақтағанға да, жалтарып, жалған сөйлеп-күлгеніне де, әлсін- әлсін алмасқан бастықтарының бас көтертпей төпелегеніне де, қызметтестерінің адамдық дегеннің иісін сезінбей, сәл нәрседен сатып кететініне де, тіпті өзі де сөйте алатынына мәз.

 Тротуар жиегіндегі тұнжырап тұрған ескерткішке қарап: “Иә, арсыз болмай, атақ жоқ, алдамшы болмай, бақ қайда?”-деп дұрыс айтқан екен ғой мына шал”-деп ойлап қояды. Солай күбірлеп келе жатқанда анау түпкіріндегі бір сезім селт етіп бас көтергенмен, құл санасы “қой, қой” деп ырық берер емес. Құл санасы оған тағы да “тыныш, жаңа бастығың қандай болып келеді, ойлан”-деп ақыл бергенсиді.

 Тротуармен келе жатып зәулім үйлерге, биік ағаштарға көз салады. Бәрі көзін жұмып, құлағын басып, басын жел қалай шайқаса, солай қисайып, “тыс-с-с” дейтін сияқты. Кейде қаладағы у да шу көлік жүрісінен басы айналып, барлығын селк еткізіп, бар дауысымен айқайлағысы келеді. Тағы да құл санасы оянып шыға келеді де: “Қой, оныңды кім естиді?” дейді. Әйтеуір шыбын жаны жанталасып шықпай жүргенімен, іші өлгені анық. Жан-жағына қараса жұрттың бәрі сондай. Ендеше мұныкі не? Жанталасар жөні жоқ...

 Осылай жан-дүниесі алай-дүлей болып жүріп, үйіне қалай жеткенін, қоңырауды қалай басқанын сезбей қалады. Тек есік ашқан аяулы жарының жарқыраған жанарын көргенде ғана жанталас өмірден жырым-жырым болып, әбден шайлыққан жүрегі лүпілдеп соға жөнеледі ....

тамыз, 2006 жыл

МАҚАЛАЛАР

«Бір ғана белгі»

 жырау Айнұр Ешбаевамен қоштасу сөз

 Тәңірім! Күбір-күбір, жыбыр-жыбыр тіршілік тәнімізге жабысып алып, өз ықтиярына бағындырып, олай жүгіргізіп, бұлай жүгіргізіп бақи дүниеден бір-ақ шығарасың-ау. Бұл туралы айтып отырған мен емес, Тәңірім. Маған дейін талайлар, білесің бе талайлар айтып, аһ ұрып күрсініп, күңіреніп кеткен. Ендеше менікі жәй әңгіме. Жоқ, тіпті олай емес, күнделікті әдетім күрсіну. Ал, күлкі деген сосын,

Тәңірім, одан соң барып....

 .... Япыр-ау, менің шын халім осы ме еді, әлде.... қайда әлгі ахау әнім, сал жырым, күй домбырам!? Күйбең–күйбең өмі –ай, бәрі лезде жоқ болып барады ғой, әрине мен (тән - өзімді айтам) бар сияқтымын, жан-өзім жылайды неге?! Ә, жаныңның нұры түгесілді десейші... Неге екен? Кеше ғана еді ғой Ай нұрының жарықтығы, анықтығы. Кеше ғана еді ғой Айымның туғаны, Күнімнің күлгені. Е,

ашық күнгі найзағайдың оғы екен ғой аспандағы Айыма қадалып тұрған....

 Тәңірім, мен білмеппін бұлтсыз күні де найзағай ойнап, жасыны жайратып салатынын. Мен тек ашық күнде де Ай-дың Нұр-ы төгіліп тұратынын сезетін едім, көретін едім. Бірақ ондай Айдың ғұмыры қысқа болады деп ойламаппын, аңдамаппын....

 ....Ол Ай десе Ай еді, Нұр десе Нұр еді! Топты жарған талантына талайларды табындырған тарланбоздың бірі еді. Текті еді... Бәрі рас осы айтқанымның. Сен оның растығын өзінен сұрай алмайсың. Өйткені ол енді жоқ! Саған да, маған да, оған да менің Айнұрым жоқ. Тәңірім, түсінесің бе, тыңдаушым түйсінесің бе!? Мен ол туралы айтар болсам майдалап майпаздамай, мәнерлеп сүрлемей- ақ, мынау дүниеге естілердей айқайлап, аңырап айтқым келеді…Менің «Айнұр» деген жай сыбырымның өзін жалпақ дүние дүр етіп көтеріп әкететінін анық сезем. Аппақ аспан алабұртып, аласұрып, аһ ұратынын білем. Ендеше менің жүрегімдегі қаршадай жырау Айнұр тек маған емес, маң далаға, маңғаз аспанға, қарлы тауларға, қара орманға, қараша үй, қара балаға, бәрі-бәріне керек еді. Көркі еді солардың....

 .... Пенде болғасын кеудеге толған арманның орындалуын аңсайсың, талпынасың, тірлігіңді соған қарап икемдейсің. Әрине, оған сенің де, менің де мүмкіндігім жеткізеді. Кейде маған біреулердің бақытты болып жүргендігі кеудесіндегі арман аясының тарлығынан

сияқты болып көрінеді. Өйткені адами өмірді ішіп-жеу, киіну, байлық, дәулет, марапат, мансап тағы басқа пендеуи тірліктің көрінісімен өлшеп, соған алданып, жалданып, кейбіреулері мастанып, былғанып, бүлініп жүрген жандар аз ба? Қойшы, тіпті, соларды жөндейтін мен емеспін. Жөндегім, жөн айтқым, көрсеткім, көргім, көрінгім де келмейді. Мен тек бостандықты қажет етемін. Жанымның бостандығын. Ол да тап мендей бостандықты сүйетін еді. Бостандық деген болбырау немесе босаңсу емес. Өмірден өз үлесіңді алу да емес, бірақ келер өмірге өз үніңді, өз ізіңді қалдыру. Бұл әсіресе, өнер адамдарына өте қажет, онсыз өнер жасау мүмкін емес.....

 Ал менің Айнұрымның жөні бөлек жырау еді. Оның домбыра қағу сауатын, қаздиып отырып шырқаған қоңырау үнінің әсерін елемеу, ескермеу тек көкірегінде саңылауы жоқ адамның ғана қолынан келетін шығар....

 Кең тынысты ретімен қолданып, әрбір өсиет термені қазықтай қағып, тыңдаушысын тырп етпестей күйге салатын. Біреулер сахнада көзін қылмыңдатып, қасын қозғалақтатып, жорта көлгірсіп, әнді емес, әуелі өзін көрсетіп жатса, оған Айнұржанның еркекше кіжінетін жан тазалығына сүйсінетін едім. Кейбір «өнер адамдары» құдайдың берген өнері мен өз қолынан жасаған «жасанды өнерді» шатастырып, өзінің болар-болмасын дәріптеп, дақпыртып, далақтап жүрсе, Айнұр барынша қарапайым өмірдегі һәм өнердегі аз ғана ғұмырымен талайдың жүрегіне жол тауып еді.

 Тәңірім, пендеміз ғой... Кейде «Айнұржан, сен өзіңнің бір сағат, жарым сағат концертіңді теледидарға жаздырсаңшы» десем, «Қойшы, осы күні өнер кімге керек, мен не тәйірі, ауылда (Қармақшыда) ешкімге керек болмай, құмның арасында талай саңлақтар қалып жатыр ғой» деп күлетін де қоятын. «Құмда қалып жатқан» ағаларының бірі – Бидас Рүстембеков екенін және қосып айтатын. Тағы да «Бидас ағам мені мақтаныш етеді» деп, шын қуанатын. Өйткені, Айнұр үшін ұстазы Бидас Рүстембековтің қуанышы мен мақтауынан асқан атақ, дәреже жоқ тұғын. Бұл Айнұрдың өнерге деген адалдығын танытады. Сыр бойындағы шынжыр балақ жыраулық өнерінің жүздеген әскер қатары болса, соның көшбасында тұрған Жиенбай, Рүстембек, Көшеней жыраулардың жалғасы Бидас ағадан бата алу Айнұр үшін әрине - бақыт. Ол соны жасырмай, шынайы көрсете білетін. Өзін сол өнерге қызметші есебінде міндетті адам деп сезінетіндігіне мен әбден қанықпын. Ал, менің кейбір (аға-апаларымда шаруам жоқ) іні- сіңілілерім өнерге емес, өнерді өз қажетіне пайдаланып, өнерді арттырмай, өзін асырып жүргендерін көргенімде жаным ауырады. Ондайларды «інім-сіңілім» деуге аузым да бармайды, оларды өнердің адал азаматы деп тани алмаймын да. Осы тұрғыдан келгенде өнер адамдарының арасында туатын күндестік, бақастық пайда болады. Бақасу, күндеу болымсыздың ісі екенін білген адамның іші қан жылап

қана қояды екен. Күресіп, жою ол күштінің ғана қолынан келеді. Ал, әлгілердің артында менің қалтасы қалың ағаларым, тұғыры мықты әкім-қараларым, тамыры білдей апаларым «қорғап» тұрады. Одан соң өз қолыңды өзің шабасың ба, барлығы менің өз елім, Отандасым, жерлесім, қайран қазағым...

 Құдай-ау, мен Айнұрды айтқым келген екен ғой, неге өз жәйімді.... Иә, иә, оның да қолын жеткізбеген әлгіндей тексіз күншілдік, бақастық екеніне күмән жоқ. Өйткені, қыз жыраулардың ханшасы Шамшат апа Төлеповадан кейін Айнұр Ешбаеваның ақ ордасы тігулі тұруы керек секілді. Бұл менің өз ойым, өз бағам. Марқұмның көзі тірісінде осылай деп айтсам, «мені жұрт бағаламаса қойсын, сенің берген бағаң жетеді» деп әзілге жеңдіретін.

Былтыр күзде Маңғыстауға Ақкетік (Форт Шевченко) қаласының

150 жылдық мерекесіне орай өткізілген ақындар және жыраулар сайысына бару сапары Айнұр екеуміздің жолымызды тоғыстырды. Оның бұрын-соңды алыс сапарға шықпағандығын ескертіп, мамасы маған әдейі тапсырып, шығарып салып жатты. Барған жерде аяғымызды жерге тигізбей күтіп, қошемет көрсетілгенде жас жыраудың жарқылдай жанғанын көзіммен көріп едім. Айнұр жырлағанда бүкіл Сыр елі маңғаз Маңғыстауға көшіп келгендей бір жағынан асау Каспийдің толқыны ұрып, бір жағынан шағаладай шарықтатып Айнұр салған терменің құйқылжыған әуені мені одан сайын құмарландыра түсті. Сондай үннің, сондай ақиықтың қазасына күні бүгінге шейін хабардар болған Ақкетік азаматтары «сіңіліңнің алдынан жарылқасын» деп телефон арқылы көңіл білдіріп жатады. Мен үшін тағы бір тарихи жағдай мынау: сол елден келе жатқанда жол үстіндегі жағдайларға ашуланып, түрім бұзылыңқыраған болуы керек, Айнұр:

«Ой, Леке, түрің жаман болып кетті ғой, неғыласың! Айтпақшы, мен

саған бір ән көрсетейін деп едім, сынап берші» деп домбырасын алып ыңғайлана бастады. Сондағысын жай менің көңілімді аулап, ашуымда тарқату деп ұқсам да әлгі әнді тыңдаған соң қатты қуанып кеттім.

«Өзіңнің әнің бе, әнің нешеу, өлеңі кімдікі» деп қуанышымды үсті- үстіне сұрақ қылып үйдім. Ол бағанағы «жаман түр» мен жаңа жадыраған күйді түсінбей қалды білем, «Не дұрыс емес пе?» деп аңтарылып қалды. «Дұрыс, бәрі дұрыс, қане сөзін қағазға түсіріп бер» деп, домбырамды қолыма алып өзім ыңылдап үйрене бастадым. «Әлі әніңді мен айтамын» деп қоямын. Ол «өзі осы жалғыз ән, шын айтшы, айтуға бола ма?» деп сеніңкіремеген сыңай танытады.

 Шындығында бұл ән маған қатты ұнаған еді. Өлеңін Кеңшілік Мырзабековтің жыр жинағынан алыпты. Сол бір жалғыз ән жүрегімдегі Айнұрды тіпті басқа жағынан танытты. Мен сол жолы оған өнер адамы ретінде де, жай адам ретінде де қатты риза болып, ғашық болып қалып едім. Сөйтіп жол бойы ән туралы пікір алысып, тебіреніп, толғанып, шер тарқатысып, жадырап елге жеттік.

 Ешкімнің сіркесі су көтермей, еңсемізді сел қаптап жүрген заманда біреуден құттай жақсылық көрсем жарылып қуанатын мен Айнұрдың сол жолы алған әсерімді айтып жеткізе алмаймын. Дүниенің көзі былшық-былшық бұл заманда ондай адамдарды кездестіру сиректен сирек. Менің қолыма қалам алғызып, қамыға сөз жаздырып отырған сондай бір қимас жанның жоқтығы. Жоқтығы ғана емес, оны сүйетін, құрметтейтін жұртшылықтың жан күйзелісі.

 Біреуден бұрын кеткендер де ол жақта ту тігіп жатпаған болар, біреуден кейін қалып дүниенің жыртығын бүтіндеп жатқанымыз да шамалы, тек қара жерді қайырып басып жүрміз демесек...

 Әйтеуір ит тірлік өтіп жатыр. Бір өнер болмаса, бір бастың қамын жемес едім-ау. Ал, өлгенімізді жоқтамай, өзектен шер тарқатпай, өнеге көрсетпей, өрелі ел бола алмаспыз, сірә.....

 ... Тәңірім, амал не, сен мені естімейсің! Айым Нұр-лы, әнім мұңды-ақ болсын! Ән демекші «Көз алдымда тұрсың сен» - Айнұрдың әні, шын сезімнің әні, өмірдің әні, мәңгі соғар жүректің әні!

«. Бір ғана белгі қояр да қоймас. Қоя алмас!

 Тас қойып барып табынғанға ешкім оянбас!», дейтін бе еді сол әнде.....

Қызылорда, 1997 жыл

ҚайранЗәкең

 Елдің мәселесін ойлау, айту, соны жанына дерт деп қабылдау ешқандай оқумен, үйретумен, бәлен оқу бітірген дипломмен келмесі анық. Ол – қандағы ұлы азаматтық пен адалдықтың, тұлғалықтың белгісі. Зәкең де сондай сирек тұлғалардың бірі еді. Амал не!? Тағдыры жұрттың жүрегін суырғандай шошындырарлық болғасын, жаратқанға не айтасың!?

 Қарапайым халықты айтпағанда, өнер мен әдебиеттің адамдарына жаны қалмай қамқорлық жасап келе жатқан абзал азаматымыздан айрылғанымызға да қырық күннің жүзі болыпты.

 ... Мен ол кісімен Мақпал арқылы таныс болдым. Менің “Көздеріңе ғашықпын”, “Жанымды менің кім ұғар?” сияқты бірнеше әндерімді беруге үйлеріне барғанмын. Үлкен залдың төріндегі диванда жантайып жатып, теледидар көріп жатқан Зәкең орнынан тұрып, “А, сен “Есіңе мені алғайсыңның” авторы екенсің ғой, кел, төрлет” деп жайдары пейілмен қарсы алды. Біздер амандасып, хал-ахуал сұрасып болам дегенше, Мақпал зыр жүгіріп, шәй әзірледі. Шәй үстінде Зәкең елдің жайын, халықтың тұрмысын сұрап отырды. Өнер туралы өз пікірлерін, өлең туралы ойлары мен өзі оқитын ақындардың тағдыры туралы біраз әңгімелер айтты. Сол күні мен билік қызметте жүріп әдебиетті соншалықты түсініп оқитын, ақындар мен өнер адамдарының өмірін білетін Зәкеңнің терең азаматтығына, бес ауыз сөзді қосып айта алмайтын, тым болмаса дұрыстап аман-саулық сұраса алмайтын кейбір биліктегілердің кейпін елестете салыстырып, қайран қалған едім.

Әрине, Алматыға сирек баратын едім де, барған сайын

хабарласып жүретінмін. Қай кезде хабарлассаң да Зәкең телефонды алса, “Үйге, кел, жағдайың қалай?” деп инабат білдіріп жатады. Сондай бір сапарымда мен Зәкеңнен Мұқағалидың басына алып баруын өтіндім. Ол кісі “Ертең бейсенбіде барайық, өзіміз де барып тұратын едік “-деді. Ертесіне Мақпал үшеуміз Кеңсайға тарттық. Күз кезі болатын. Мұқағали басында арам шөптің әбден өсіп, қурап, ақын мүсінін жауып тұрғанын көріп, “Ойпырмай, көптен ешкім келмеген екен ғой, орыстың ақындарының басында қашан барсаң да тірі гүл жатады, айналасы тап-таза күйінде тұрады” деп қынжылыс білдіріп, өзі тазалай бастады. Мұқаң жатқан дөңестеу биіктен түсіп, зираттың орталық тұсына қарай беттедік. “Мынау Шәмші” –деді бір кезде Зәкең еш белгісі жоқ бір жерді нұсқап, оған мүйісін түйістіре, сәл төмендеу жатқан тағы да еш белгісі жоқ бір зиратты нұсқап, “мынау Әсет марқұм” деді. Өзі

олардың басында тұнжыраңқырап үнсіз тұрды да, одан әрі, “анау Баукеңнің мүсінін көрдің бе?!” деді. Мен алдымда сәл биіктеу жерде тұрған Бауыржан Момышұлының цемент пен қиыршық тастан соғылған мүсінін көрдім. “Мен қаланың әкімі болып жүрген кезімде, осы Баукеңнің мыстан жасалған әдемі мүсінін бір түнде “шешіндіріп” кетті ғой” деді. Мен “шешіндіріп” деген сөзді “ұрлап кеткені” деп ұқтым. “Содан ешкім естімесін бұл сұмдықты деп, бір күн ішінде қайтадан осылай етіп орнаттық” деді. Сол жерде қазақтың қайран жақсыларының біразының бейітін аралап әрқайсысына құран бағыштадық. Баукеңнің тас бейнесінің “шуағына” бөленіп тұрғандай қайран Мардан ағаның, одан былайырақ “Біздің батыр Баукең осындай” деп тұрғандай қайран Дінмұхаммед Қонаевтың, әйтеуір қазақтың “мен” деген асылдарының барлығының бейітін аралап түс ауғанша жүрдік.

Қайтып келе жатқанда Мақпал қазанға ет салып кеткенін айтып,

қайтадан солардыкіне барып, тағы әңгімелесіп, марқұмдардың өмірінде болған аңыздар мен күлкілі жағдайлар туралы сыр шертістік. Зәкеңнің әңгімесінен сол жайсаң ағаларымыздың үрім-бұтағының қайда, немен айналысып жүргендерін, олармен әкелерінің аруағы үшін хабарласып, қамқорлық көрсетіп тұратынын сездім.

 Тағы бірде, ол кісі төтенше жағдайлар жөніндегі агенттіктің төрағасы болып қызмет атқарып тұрған кезінде “Астанада кеш өткізейін деп жатырмын” деп жолыққан едім. “Менің көмегім дайын ғой, Қызылордаңның жас әкімі Серікбай (Нұрғисаев) көмек бере ме?” деп сұрады. Мен “білмеймін” деп жауап бердім. Ол кісі дереу телефонды алып, С. Нұрғисаевқа хабарласты да, алдымен Сыр суының тасып жатқаны туралы сөз етті, елдің жағдайын, аталған мәселе бойынша бөлініп жатқан қаржының жағдайын айтып болды да, “Сен Елена Әбдіхалықова деген өзі керемет ақын, керемет композитор қызды білесің бе?” деді. Анау аржағынан “иә, ол сондай да сондай ғой” деп, мен туралы жағымсыз сөз айтты білем, Зәкең “Сен тоқтай тұр, неғыласың анау-мынау сөзді, мінез кімде жоқ, бүкіл қазақ жабылып кеше Мәдинаны да анау-мынау деп едіңдер, бүгін соның әніне, даусына зар болып отырсыңдыр, баяғыда “ойбай Шәмші алқаш, Мұқағали жаман” деп едіңдер, енді соларға жете алмай, бүгін олардан артық адам жоқ” деп жүрсіңдер. Баяғыда мен қаланың әкімі болып тұрғанда Бибігүл апамызды да жұрт анау-мынау “үш күйеуге тиген” деді, мен не сонда жұрттың сөзіне еріп, оның өнерін құрметтемеуім керек пе, үй бермеуім керек пе? И в конце концов, екеуміздің міндетіміз жұрттың мінезін, болмысын жөндеу емес, халыққа қызмет ету, өнер адамдарына қамқорлық жасау. Құдай екеумізге бұларға берген талантты берген жоқ, сондықтан біз өз жолымызды жасауымыз керек” –деп, ашулы дауыспен үстемелете жөнелді. “Так, сол қыз маған кеше келіп кетті”- деп маған бір қарап қойды да, “сен көп сөзді қой, шақырып алып сөйлес, қамқорлық жаса” –деп тоқ етерін бір-ақ айтып,

трубканы қойды да, “Сені “жаман” деп жатыр ғой. Әкімдердің деңгейі түрлі-түрлі, барлығында бірдей парасат бар дейсің бе? Бұрын Бердібек (Сапарбаев) әкім болған кезінде Қызылорданың аты жақсы шығып еді, басқаны айтпағанда өнерлеріңді біраз жерге көтеріп еді, Алматыдағы өнер күндерің қандай өтіп еді” деп біраз үнсіз отырды да, “Астанадан кейін Алматыға да бір кеш жасауыңа болады, сені халық біледі ғой, жаңағы әкімің көмек берер-бермес, сен әкімдердің бәрін оның деңгейімен өлшеме, өнеріңді тастама, ұштай бер, халық ішінен жақсы адамдар шығады әлі қолдайтын” деп ақыл-кеңесін айтып шығарып салды.

 Асыл ағаның әлгіндей сөзіне төбем көкке бір-ақ елі жетпей, көңілім алай-дүлей болды. Біреулердің қарадай мені қаралағанына қарным ашса да, өмірде жақсы адамдардың барлығына көңілім марқайып шықтым.

 Иә, үлкен орта Алматыдағы өнер адамдарынан Зәкеңнің талай азаматтығы мен қамқорлығын естіп жүрсем де, өз басым ол кісіден басыма үй алып, астыма көлік мініп көргенім жоқ. Сұраған да емеспін. Дегенмен, бірнеше рет қана болған дидарласу мен әңгімесінен оның үлкен азамат екенін білуші ем. Қай кезде халық деп сөйлейтін азаматтың, барлық өмірін халқына арнағаны, ұлы жанашырлықпен ел қамын жегені ақиқат. Талайға кетіп жатқан есемізді де алып беріп жүргені, жақсы сөзі мен қамқорлығы жұрт есінен шыға қоя ма екен?! Халық ондай ұлын алыста болса да жақынындай жақсы көретіні, сағынып жүретіні, жеке танымаса да туысындай көретіні аян...

 .... Жақында қолыма Заманбек Нұрқаділовтің “Шындық жыры” атты кітабы түсті. Оқыдым, таңғалдым, анау орыстың, шығыстың классиктерін өз тілімізде сөйлеткен жүректің жылуын сездім. Кеудеме бір өксік тығылды.... Көшеден ұстап алып бір қазақты ұрғым келді....

желтоқсан 2005 жыл

Өмір әліппесі

«Жалағаш жаршысы» газетінің 70 жылдығына

 Адамның өткен өміріне көз жіберіп қарамайтын уақыты кемде- кем шығар.

 Менің сонау ауылдың табанында өсіп, алла-тағаланың берген талабына қанат қаққан жылдарыма анау айтқан көп уақыт өтпесе де, сол күндерімнің сағым болып, менің жүрегімде үлкен сағыныштың отын жағатыны рас.

 Мені осы күні еліміздің түпкір-түпкірі біледі десем, деңгей- дәрежемнің өсіп-жетілуіне кезіндегі «Жаңадария» газетінің үлкен әсері мен өмір жолыма ең жақсы да, адал адамдардың тілекші болғандығынан деп білемін.

 Мектеп қабырғасында жүргенде журналшы болуды армандап, соның ізінде аудандық, облыстық, республикалық газет беттеріне көптеген мақалалар жазғаным бар-ды. Олардың кезіндегі аудандық атқару комитетінің мәжілістерінде дүрбелең туғызғаны да аз емес. Сондағы бала-көңіл, бала-мұрат ауылдағы барлық кемшіліктерді жойып, тап-тұйнақтай тіршіліктің көшін тез жүргіземін деп ойласа керек. Әйтеуір сол кездің өзінде жүрек түпкірінде «ел» деген елеңдеген сезімдердің басталғаны, сол сезімдерімізді жұртқа жаршы еткен осы аудандық газет еді.

 Мектеп бітірген соң, 1987 жылы қиял қуып Алматыға ҚазМҰУ-дің журналистика факультетіне оқуға аттанғаным, алғашқы шығармашылық емтиханынан «5» деген баға алғаным, сол кезде 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына небәрі 6 ай ғана өткендігі, қазаққа, әсіресе, еліміздің оңтүстік аймақтарынан келген талапкерлердің жедел тексеріліп, тағдыры қалам ұшында ойнағаны бәрі-бәрі көз алдымда, жүрегімде де әлі ерекше лүпілмен тербеледі. Кейбір қолында билігі бар қандастарымыздың өзі «Сендерді оқытқанша, орыстың Иванын оқытқанымыз жақсы» деген сөздерді айтқандарын өз құлағыммен естігенде, ең алғаш үлкен саясаттың құрбаны болғанымды сол кезде жетесіне жетіп сезінбесем де, күні бүгін жанымды жеп, бір күреске итермелейді. Ауылда ата-ананың алақанынан, балауса күлкімен барған көңілімді су сепкендей басқан осындай сөздердің менің ғана емес, сол кездегі миллиондаған қара көздердің тағдырына айтылған үкімдей көрінді маған. Көкірегімдегі көп ойлар мен толғаныстардың легі ұлттың тағдырына алаңдаулы күйде өрши түсті. Оқудан “құлап”

қайтқан менің барар жер, басар тауым - ауылдағы қол жұмысы, егін, күріш алқабы. Ел қатарлы, күрішші болып, егін алқаптарынан масақ жинауға бет алдым. Әрине, ол жұмысқа да мені әзер қабылдағанын, кейбір менің туған ауылымның пысықтарының айлық-жалақымды жазбағанын, оның да ауыл үшін өзіндік саясаты бар екенін есептесек, бұл мен үшін кезекті соққының бірі болып тиді. Сонда да, өз шығармашылығымның өсуіне іштей ізденіс үстінде едім. Ара-тұра аудандық мәдени шараларға шақырылып, қатысып жүрдім. Сөйтіп жүргенде аудандық “Жаңадария” гезетіне корректор болып жұмысқа орналастым. Менің атымды аудан ғана емес, азды-көпті облыс жұртшылығы біле бастаған уақыт еді. Бастық біткеннің шірену - ежелден әдеті ғой, сол кездегі “Жаңадарияның” редакторы, ақын ағамыз Асқар Кіребаевтың сол жұмысқа келуіме, менің шығармашылығымнан бейхабарлау болғасын, бірден қолдай қоймай, ойланыңқырап қалғанын осы күні сондай сағынышпен еске аламын да, сол кісінің өзіне қалжыңдап айтып жүремін. Елде де, билік органдарында да сол кездегі облыстық партия комитетінің үшінші хатшысы болған Оңалбек аға Сәпиев пен елдегі салауатты, белді азаматтардың бірі - Әділхан аға Бәйменовтердің көрсеткен қамқорлықтары шығармашылық жолым ғана емес, үлкен азаматтық жолға бағыт сілтеген сенім болғандығын бүгін анық сезінем.

Сөйтіп, 1987 жылдың 1 желтоқсанынан бастап, аудандық

“Жаңадария” газетінде корректор болып қызмет атқардым. Бар-жоғы 7-8 ай қызметімде, менің өміріме азық боларлық үлкен өнегенің бастауын мен сол кішкентай аудандық газеттің ұжымынан алған едім. Жалақым анау айтқан көп болмаса да, аудандық газет аптасына 5 рет жарық көреді. Күнде қарбалас жұмыс. Асқар аға (Кіребайдың жалғыз баласын айтам) көп ұзамай облыстық Нартай Бекежанов атындағы драма театрына директор болып жоғарылап кетті. Оны да “Сізге сонда менің қадамым құтты болды ғой” деп әзілдеймін кейде. Өзі сері, ақкөңіл ағаның қай жұмыста да абыроймен жүргенін мен айтпай-ақ, облыс халқы түгел біледі деп ойлаймын. Ол кісінің орнына Жалағаштың белгілі азаматтарының бірі, журналист Мырзамұрат аға Ілиясов редактор болып тағайындалды. Кішіпейіл, ұстамды Мырзекең ағаның (ол кісінің жатқан жері жайлы болсын) біз сияқты жастардың қаламының ұшталуына үлкен септігі тиді. Әсіресе, жазған мақалаларымыздың бүге-шүгесін қалдырмай қарап, талдап орынды ескертулерін айтып, тәрбиелеп отырушы еді. Жазған- сызғандырымыздың ішінде, ақпараттық шағын мақалаларда “бәленше жұмыс істеді”, “үлгі қылады” деген сияқты тіркестеді ол кісі: “Мынауың сәл қолапайсыздау ғой, “істеді”, “қылады” дегендерді қолданба, ұят болады, оның орнына “атқарды”, “үлгі тұтады” деп жазғаның дұрыс” деп жөндеп, жосық айтудан еш жалыққан емес. Ал бас редактордың орынбасары Тұрсекең ағаның (Тұрсынбай Тәшенов) жан-жүрегі, бүкіл азаматтығы ісінен де, сөзінен де көрініп тұратын еді.

 Ахмет аға Тілеулиев әрбір жазғанын негізсіз қозғамайтын, өте салмақты, ол кісінің кабинетте бар-жоғы белгісіз, дым үндемей жазып отыратын. Артық сөз, алыпқашпа әңгіменің аулынан іргесін бөлек тіккен сол ағаның еңбекқорлығына қайран қалатын едім. Серік аға Бертаевтың жастығы, аңғалдығы қалған азаматтарға біраз күлкі болып, барлығы қалжыңдасып отыратын. Бұрқыратып жазғыштың бірі- Ізбасар аға Мұстафаевтың әр газетте бірнеше мақаласы бірден шығатын.

 Аудандық газеттің тағы бір тұлғасының бірі - Мәлік аға Аяпов ақын болғасын, артық - кем, ешқандай рамкаға сыймайтын мінездерімен, бір төбе болып жүретін еді. Қызу жұмыстың барысына байланысты әлсін-әлсін өткізілетін жиналыстардың барлығы газет мазмұнын арттыру мен елдегі жақсы істерге ұйытқы болуды көксейтін еді. Бір – бірін мұқату, тәжікелесіп сөйлесу, мысқылдау деген атымен жоқ, ыстық сыйластық, азаматтық көзқарастардың шуағы төгілетін.

 Газеттің жалғыз гүлі - Биғайша апай өзінің әдемілігімен, салмақтылығымен баурайтын.

 Аталған азаматтардың барлығы мені өз қыздарындай көріп, мақалаларымды талқылап, бағыт-бағдар берген кездері аз емес. “Сенен үлкен азамат шығады, журналистика деген киелі мамандық” деп мені үнемі жауапкершілікті сезінуге, болашақтан күдерімді үзбей, нашар жолға түспеуіме, арқамнан қағып өсіріп, қуат құйған сол азаматтардың мейірім – шуағы менің жүрегімде мәңгілік сақталып қалатын шығар. Бүгінде білегі мен тірегі мықтылар қарап тұрып жұдырық түйіп, доқ көрсететін заманда, ана бір жылы ғана ұйыған сүттей болып, бір ұжымның туын көтерген азаматтардың адамгершілігі мен адалдығына қайран қаламын. Мүмкін біреулер “Кеңес заманында барлығы солай болды ғой, қазір заман басқа” деп көкуі әбден кәдік. Десек те, Абайдың “заманға жаман күйлемегін, замана оны илемегін” есте ұстаса, әлімсақтан келе жатқан жас ұрпақ тәрбиесіне ішіп-жем көзқарастан арылып, елдікке, азаматтыққа үйрету бір ғана ата-ананың шаруасы емес екенін ұғынармыз… Бәлкім… Кім білген?! Осы күні сәлемді де есеппен беретін қазаққа біреуді үлгі ету өте қиын, бар “үлгіміз” - “Кімнің жоғарыда кімі бар?” болып бара жатқандығы ащы шындық. Бір ұжым беске бөлініп, бес жаққа дау айтып жүргендегіміз өзіміздің ағайындарымыз бен ауылдастарымыз болып дендеп бара жатқаны қорқынышты көрінеді маған. Болмаса, бір шалапай басшының өзінің өсу жолында бір жақсыны құрбандыққа шалып, келесі “сатыларға” обал-сауапсыз көтеріле баратыны жаныңды жемей ме? Бұл Асанқайғының “Құйрығы жоқ, жалы жоқ құлан қайтіп күн көрерінің?” кері емес пе? Жанға… қазақтың жанына батқан улы дерт емес пе? Меніңше, елдік деген ұғымның “Отан отбасынан басталатыны” секілді, әрбіріміздің міндетіміз-елдіктің ешкімге алынбайтын ауызбірлігі мен ақыл-есін түзеу болса керек-ті.

 Замани толғанысқа түскендегі айтпағым, мен ең алғаш жұмысқа қабылдаған азаматтардың ниетінен, бүгінгі күні етіміз үйреніп кеткен бірнәрсе дәмету, емексу, болмаса көңілдес болуға ұсыныс білдіру сияқты құлықтардың сезілмегендігі, қайта азғантай талантымды бағалап, сол аудандық газетке жұмысқа барғаныма қуанғандары әлі жаныма нұр ұялатады. Керек десеңіз, бір ұжымдағы бірнеше кісінің бір-біріне дауыс көтеріп сөйлеп, дарақы әңгіме айтқанын өз басым естімеген екенмін. Сол уақыттарда газетте дүниеден жастай өтіп кеткен аптал азаматтың бірі- Жұмабек аға Әбжәмилов қызмет атқарған болатын. Әсіресе, газет шығатын күндері бір – бір журналистен кезекші болып қалғанда, Жұмабек ағаның кезекшілігінде Тұрсекең аға өзі “Сендердей екі Қожанасырға сенбеймін” деп өзі бас-көз болып қосымша қалып жұмыс істейтін. Сондағысы- Жұмабек аға бала сияқты, небір жас күніндегі қызықтарды айтып екеуміз ішегіміз қатып күліп, көп әңгімелердің қызығына түсіп, жұмыс-газет ұмытылып қалатын еді. Сөйтіп, газеттің қатесі ертесіне бадырайып көрініп, екеуміз талай жиналысқа түскеніміз бар. Газет жұмысы қиын, түнде кеш шығамыз. Жалағаш қыстағы көшелерінде автокөлік деген де аз, Жұмабек аға - өзі барынша қорқақ, мені үйге шығарып салуға жүрексініп, “ойбай, өзім де қорқақпын ғой” деп күлетін. Бірде жиналыста Тұрсекең аға: “Бізде екі адам бар – бір мақала дайындаса, сол қашан газет бетіне шыққанша мақала жазбайды. Ол мына – Лена мен Жұмабек” дегені бар. Жұмабек аға екеуміздің мінезімізді білетін жұрт бұған ду күлмесі бар ма? Сонда сол азаматтар біздерді қамшылап, қалайда еңбек етуге үйрететіні, адамға талап қоя білетіні, сенім артатыны – бұл үлкен кісіліктің белгісі екен ғой. Өкінішке орай, бүгінгі көп басшылардан ондай кісілікті көрмек түгілі, олардың қасында тұрып ол туралы ойлауға ұяласың.

Қазіргі журналистердің көбі өз басымен әуре болып, қайтсем

бала –шағамды асыраймын деп жүрсе, менің көрген журналистерімнің көкейінде елдік арман сезілетін еді. Бір ғана аудандық газеттің төңірегі емес, олардың әрқайсысы елдің, шағын да болса ауылдың келбетін танытатын, халықты ізіне ерте алатын тұлғаға айналған. Бұл да кез- келгеннің уысына түсе бермейтін бақыт болып қалды бұл күнде.

 Осы күні газеттерден кілең арсыз әңгіме, болмаса бір-бірін өтірік мақтау мен даттаудың небір классикалық үлгілерін көреміз. Мені қайран қалдыратыны сол кездегі аудандық газет ұжымының менталитеті осы күнгі кейбір мемлекеттік деңгейдегі жоғары лауазымдылардан әлдеқайда биікте болғандығы. Мен сол биік талғам мен менталитеттің тәрбиесін көргендігімді, солар арқылы үлкен өмірдің әліппесін танығанымды өзіме үлкен бақыт санаймын.

Астана, мамыр, 2004 жыл

Мазмұны

  • Жиденің гүлі жұпарым менің

1.«Жиденің гүлі жұпарым менің» ...............................................

2.«Қызық қой адам өмірі» ..........................................................

3.«Тәуелді бәрі қоғамға...» ........................................................

4.«Саған да жетер, маған да...»................................................

5.«Сыршыл кеудемнің мұңын ұғатын....».................................

6.«Күн қайда жебейтұғын....» ....................................................

7.«Уақытта мынау ұры тым....» ..................................................

8.«Болса ғой кеңдеу көңілдер...» ...............................................

9.«Шаршатты күндер....» ............................................................

10.«Ұшақта»..............................................................................

11.«Шабытым келсе...»............................................................

12.«Мылтықсыз майданда бұл....»...........................................

13.«Қарғыс» ...............................................................................

14.«Ғашық болу...» ...................................................................

15.«Мүшел жас».........................................................................

16.«Мүшел жастағы тілек».........................................................

17.«Түсімде ылғи ұшамын көкке....»..........................................

18.«Ән салған жанның арманы бар ма?...» ..............................

19.«Дос керек» ...........................................................................

20.«Тамаша күндер....» ...............................................................

21.«Өтірігі көп, өсегі қалың...» ....................................................

22.«Өмірі-ай адамдардың аласұрған...» ...................................

23.«Армандар, асқақ армандар»...............................................

24.«Осы мен кімнің....» .............................................................

25.«Демократия».........................................................................

26.«Тәлім» ..................................................................................

27.«Мінгесіп тағдыр-кемеге...» ..................................................

28.«Билігі күннің уақытта».........................................................

29.«Туған жер»..........................................................................

30.«Қайралу»................................................................................

31.«Қилы-қилы заманның...».......................................................

32.«Саяқ күн сүрем деме....» ......................................................

33.«Сыбызғы үн...»......................................................................

34.«Бақыт жайлы жыр жазсам деп...»........................................

35.«Аяла, мені, күндерім...» ........................................................

36.«Кешіктім бе, білмеймін....» ....................................................

37.«Өзекке тепкен тағдырға» ......................................................

38.«Тіршілік нұрын төгіп тұрмас маған...» .................................

39.«Күндерім қайда?» .................................................................

40.«Мен сан рет сүрінсем де, сен, өмір....» ...............................

41.«Тасынба, жүрек, тасынба...».................................................

42.«Қош келдің, Мамыр, гүл айым» ...........................................

43.«Жалғыз ба ақын біткен тумысынан?» ....................................

44.«Аңсаймын кімді?...» ..................................................................

45.«Қайран біздің бабалар-ай...» ..................................................

46.«Біздің өмір қызық өзі....» .......................................................

47.«Өлең» ....................................................................................

48.«Көктем келгенде...»...............................................................

49.«Қыз сәлемі» ..........................................................................

50.«Қателік» .................................................................................

51.«Тағдырдың қараңғылау бөлмесінде» ...................................

52.«Таптамаңдар мені!»..............................................................

53.«Арпалыс орта – қоғамың...» ................................................

54.«Шөгеріп шыдам – нарымды ....» ..........................................

55.«Біреуді аңсаймын....» ...........................................................

56.«Асан қайғыға шағыну» .........................................................

57.«Жұмыр жердің бетінде...» .....................................................

58.«Біздің халық осы ғой....» ........................................................

59.«Тағы да келді ме...?» ..............................................................

60.«Жігер бер маған....»................................................................

61.«Ей, бауырым....» ...................................................................

62.«Шілдедегі өлең» ......................................................................

63.«Шіл бітпейтін шілде -өмір...»..................................................

64.«Жүйткіген заманда – қара жорға...» .......................................

65.«Шарап ішсе...» ........................................................................

66.«Тұлғалар бар-ау... » ...............................................................

67.«Беркімбай қалпеге » .............................................................

68.«Тайым қалды» ..........................................................................

69.«Шәмші Қалдаяқовқа» ................................................................

70.«Мақашу Әбжановқа» ...............................................................

71.«Апам Балшекерге» ...................................................................

72.«Анамның зары» ........................................................................

73.«Қара бала»................................................................................

74.«Осы бір күні....».........................................................................

75.«Ай-Апам-ау» ............................................................................

76.«Сөз-Кие» ..................................................................................

77.«Жалғыз жиде» ........................................................................

78.«Ақын ағаға...» .........................................................................

79.«Сыр сұлуы» ...........................................................................

80.«Өкініш» ..................................................................................

  • Сағындым сені....

81.«Сағындым сені...»......................................................................

82.«Жалғани жылу көрмеген....».....................................................

83.«Қалқа болып тағдырыма...» .....................................................

84.«Сен маған өкпелемеші...» ........................................................

85.«Сен маған өкпелісің...» ..........................................................

86.«Ойлаймын сені...» ..................................................................

87.«Түсін, мені....» .....................................................................

88.«Күлші, жаным...» ...............................................................

89.«Өзі жалғыз жүрекке...» ........................................................

90.«Шыдамым бітті...» ................................................................

91.«Қалтырап, тоңып тірліктен кейде...» ..................................

92.«Мені тастап кеттің бе сен?..» ............................................

93.«Күбір еткенде...» .....................................................................

94.«Сен менің тағдырыма...» .......................................................

95.«Білемін...»...............................................................................

96.«Біліп тұрып...» .......................................................................

97.«Қимаймын сені...».................................................................

98.«Сені сүю...»............................................................................

99.«Сен туралы...»........................................................................

100. «Қадірлі жан емеспін...» ..........................................................

101. «Қылығымды түсінбейтін кезде ешкім...» ................................

102. «Жыласам да, күлсем де...» ...................................................

103. «Мен сені ұмытпаймын...». .....................................................

104. «Аңсау».....................................................................................

105. «Күзгі элегия»...........................................................................

106. «Жан анам»..................................................................................

107. «Сені көрсем...» ...........................................................................

108. «Киті дұрыс берілмеген құдадай...»............................................

109. «Шынар көлі» (поэма) ..................................................................

  • Әңгімелер

110. «Жаңа қызметкер» ..................................................................

111. «Жанталас» .............................................................................

  • Мақалалар

112. «Бір ғана белгі....» ......................................................................

113. «Қайран Зәкең»..........................................................................

114. «Өмір әліппесі»...........................................................................



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
Пікір жазу