3D панорама және виртуалды тур

3D панорама және виртуалды тур

3D панорама – компьютер  мониторында көрсетуге бейімделген қоршаған ортаның 360°-тық  бейнесі. 3D панорамада көру бағытын өзгертуге, суретті үлкейтуге, жеке бөлшектерді қарауға болады.

3D панораманың түрлері:

1. Жазық панорама – бірнеше кадрдан құралған қарапайым кеңформатты фотосурет.

2. Сфералық панорама. Сфералық панорамалар көлденеңінен  360° және тігінен 180°-ты қамтиды. Ол айналадағы барлық  көрінетін кеңістікті қамтып, фотосуретті сфераға жабады  және тұтас көлемді суретті береді.

3. Цилиндрлік панорама (циклорама) – көлденеңінен 360°ты, ал тігінен 180-нен төмен градусты ғана қамти алады. Панораманың бұл түрі, суреттің жоғарғы және төменгі шекараларын көрсетуді қажет етпейтін жағдайда қолданылады.  Панорама айналадағы барлық көрінетін кеңістікті  көрсетеді, қолданушы 360°-қа бұрыла алады, бірақ төмен  немесе жоғары қарай бұрыла алмайды. Мұндай панорама бірыңғай цилиндрді қалыптастыра отырып, сақина тәрізді желімденеді.

4. Текшелі панорама. Панорама текшенің ішкі жағына проекцияланады. Сфералық панорамамен салыстырғанда текшелі панораманың артықшылығы: дайындау, сақтау, тасымалдау қарапайымдылығы болып табылады, себебі күрделі  пішін бетімен емес, тек текшенің алты қырымен – жазық  және шаршымен жұмыс істеуге тура келеді.

Виртуалды турлар (3D тур) – бір 3D панорамадан басқа панорамаға өтуге мүмкіндік беретін бірыңғай «белсенді аймақтар»  кешеніне біріктірілген, әртүрлі 3D панорамалар жиынтығы.  Мұндай турлар музыкамен, кадрдан тыс дыбыспен, видеороликтермен, жазбалармен және т.б. толықтырылуы мүмкін.

3D турларды жасау үш кезеңде өтеді:

• объектіні суретке түсіру, бірнеше суреттер алу;• суреттерді өңдеу;• виртуалды турды жинау.

Фототүсірілім. Жоғары сапалы панорамалар жасау үшін  мына ережелерді сақтаған жөн:

• камераны таңдалған диафрагма бойында сериядағы барлық кадрлар фокуста (камера, түсірілетін шеңбердің дәл ортасында тұрғаны жақсы) болатындай етіп орнату қажет;

• желімденетін суреттердің жиынтығын, болашақ сфералық панорама тігістерінің орындары бір түсті орындарда (мысалы, үй объектілері жағдайында монолитті қабырғаларда) түсіру керек;

• штатив басы кеңістікте камераны қатаң орнықтыруға арналған деңгейлермен жабдықталуы тиіс;

• барлық үш сурет үшін камераны көлденең және тігінен  бағытта жазықтықтағы синхронизациясын жүргізу қажет –  камераны туралау деңгейлер көмегімен жүзеге асырылады;

• камераның айналмалы бұрылу бұрыштары 120°-қа тең болуы тиіс, ол бұрылыс шкаласымен реттеледі.

Өңдеу. Бастапқы суреттерді бірыңғай фотопанорамаға біріктіреді (бұрыштары бірдей проекцияға), онымен параллельді  түрде жөндеулер жүргізіліп, түске коррекция жасалып отырады. Фотосуреттерді қолмен немесе арнайы желімдегіш-программаларкөмегімен желімдеуге болады. Кейде проекцияны алтыбұрышты  текшеге өзгертеді және әрі қарай 3D панораманың қажетті форматына түрлендіреді (Flash, HTML5 және т.б.). Сонымен қатар  осы кезеңде белсенді аймақтарды белгілейді, графиканы, жазбаларды, дыбыс және т.б. элементтерді таңдап, қосады.

Турды жинау. Жеке фотопанорамалар бір-бірімен, бір панорамадан екінші панорамаға өтуге және объектілер туралы қосымша ақпаратты беруге жауап беретін белсенді аймақтар (фотопанорамадағы арнайы облыстар) көмегімен, бірқалыпты ауысулармен байланысады.

Белсенді аймақтар технологиясы панораманың жеке бөліктеріне: интерьер бөлшектеріне, сауда орталықтарындағы  жаңа тауарларға, қызықты сәулет ескерткіштеріне, көрмедегі  нақты бір стендке және виртуалды қолданушының назарын аудару  қажет кез келген ақпаратқа көңіл бөлуге мүмкіндік береді. 3D турға қолданушының орналасқан жерін көрсетіп тұратын навигаторды да қосуға болады. Орын ауыстыру нүктелері жоспарлы немесе автоматты түрде орындалуы мүмкін.

Дайын жұмысты қарау үшін, панорамалар қандай форматта  жасалғанына байланысты Интернет шолушылар қолданылады.  Әдетте, ол Java-скрипті қолдайтын немесе flash-ойнатқышы  бар стандартты Интернет шолушы болуы мүмкін.

3D турлар көптеген салаларда қолданылады: 

Жылжымайтын мүлік. Жылжымайтын мүлік саласында 3D турды пайдалану пәтерді, қала сыртындағы үйді, кеңсені толыққанды көрсетуге  көмектеседі. Клиент үйден шықпай, тәуліктің кез келген уақытында объектіге виртуалды саяхат жасап, өзін қызықтыратын жерлерді егжей-тегжейлі қарастыра алады. Виртуалды туроның уақытын айтарлықтай үнемдейді.

Қонақүй бизнесі. Болашақ клиент кез келген қаладан виртуалды турдың көмегімен алдағы демалыс немесе іссапар атмосферасына үңіліп, өзінің тоқталатын орны туралы толық ақпарат ала алады. 3D турда көрсетілген жайлылық оның қонақүй туралы пікіріне оң әсер етеді.

Мейрамхана бизнесі. Қонақтарды шақыруға және оларға мекеме жұмысыныңбарлық аспектілерін көрсетуге көмектесетін виртуалды турды  құру, мейрамхана/кафе/бар бәсекелестердің көп санынан ерекшеленуге мүмкіндік береді. Қонақтар үстелдер мен бар тіреулерінің орналасуымен танысып, әдемі интерьерді, залдардыңсаны мен үй-жайлардың көлемін көреді. Егер қонақ салтанатты  іс-шараны өткізу үшін мейрамхана таңдайтын болса, ол үшін бұл ақпарат ерекше маңызды болады.

Виртуалды тур – жабдықтарды, технологияларды және өндірістік процесті көрсетудің ең тиімді құралы. Оның көмегімен  кәсіпорынды одан әрі қаржыландыру үшін инвесторды қызықтыруға болады.

Медициналық орталықтар, клиникалар. Тазалық, жайлылық, статус, заманауи жабдықтар клиниканы немесе медициналық орталықты таңдауда үлкен рөл атқарады. Клиентке осы қасиеттердің барлығын толықтай жеткізудің тамаша жолы – виртуалды тур жасау.

Виртуалды турлар мен 3D панорамаларды қолдану аясы өте ауқымды. Автосалондар мен автокөліктер, фитнес-клубтар, сұлулық салондары, сауда орталықтары, жиһаз салондары және т.б.

Дереккөз: Информатика: Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытының 11-сыныбына арналған оқулық. /Г.И.Салғараева, Л.А.Рсалина, А.Б.Есенкүл



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
Пікір жазу