Нормалану талаптары

 Нормалану талаптары


Қазақ тілінің мәдениетін арттыра түсу талаптары алдымен оның коммуникативтік және қоғамдық қызметтерін жақсарта түсу шараларын жүзеге асыруды керек етеді. Қазіргі қазақ тілі ертедегі қазақтардың от басы, ошақ қасында отырғанда пайдаланатын қатынас құралы ғана емес, жаңа тұрмыс, жарқын өмір үшін күресінің, марксизм-ленинизм идеяларын насихаттау және халқымыздың барлық мәдени, экономикалық, ғылыми, саяси іс-әрекеттерінің құралы. Ол құралдың өткір, ұтымды, мәдениетті болуының көп шартының бірі – әдеби тілдің нормалық қасиетін арттыру болып отыр. Бұл, айналып келгенде, қазақ тілі мәдениетін арттырудың да қамы болмақ. Сондықтан Совет Одағындағы орыс, украин, белорус халықтары мен түркі халықтарының да өмірлік мәселелеріне көп көңіл бөлініп отырғаны түсінікті.+

Бізде көп талас тудырып жүрген сөздердің бір тобы – дублеттер. Кейбір қалам қайраткерлері дублет сөздердің тиімділерін нормалау дегенді қазақ тілінің алтын қорына орынсыз қол сұққандай көреді. Мысалы, тіл мәдениеті мәселелерін жақсы түсінетін Ә. Қарағұлов былай дейді: “Аудармашылар, журналистер үшін дублет, диалект деген – нағыз НЗ, сарқылмас қор, бағалы қазына. Сондықтан одан көз жұмып, қол сілтеп безуге болмайды”[1,140], – дейді. Олардан “без” деп, “көз жұмып”, “қол сілтегендер” болды ма? Тіл мамандары “Солардың ішіндегі керегін ала біл, әдеби тілге қажеттісін пайдалана біл” деп айтып келген жоқ па? Ол ол ма, қадірмен жазушымыз М. Әлімбаев дублеттерді дұрыс пайдалану жайындағы тіл мамандарының әрекеттерін “дублеттерді аластау” деп түсінеді екен: “...көптеген сөзді керексіз дублет деп кірпіш құсатып суырып тастай берсек, сарайымыздың көркі не күйге түсерін ойласақ ше? Кейбір сөздерді... “дублет тізіміне жатқызып, лақтырып тастағанымыздың қырсығы көп... Ендеше, лексикалық дублеттерді аластауға аса сақ болу керек”. Бұған не айтуға болады? Алдымен, “кірпіш құсатып” (дұрысы – кірпішке ұқсатып) деп жазу да, келтірген мысалдары да дублеттің не екенін дұрыс түсінбегенін көрсетеді. Ешкім, еш уақытта дуб­лет қатарына енетін сөздерді “лақтырып таста!”, “аластат!” деп айтқан емес, жазған да емес. Автор әдеби тілдің “сиқын бұзып тұрған сұрықсыз кейбір кедір-бұдырларын қырнауға болар” деген дұрыс пікір де айтады. Бірақ сол “кедір-бұдырдың” бір түрі әдеби тіл нормасынан тысқары жұмсалатын дұрыс сөздің бұзылып айтылған дублеттері емес пе? Әдеби тілдің етек-жеңі олпы-солпы болмай, жинақы, сымбатты болу үшін әдеби нормалар қатарын бекемдей түсуді мақсат етсек, жарыспалы дублет сөздер мен қара- пайым сөз, диалектизмдердің бәрін бірдей жөн деп қолдана беру тілдік анархияға душар етпей ме? Әдебиетте маңдай дегенді жазушы өз сөзінде маңлай деп жазса, тізе сөзін дізе деп жазса, тіл мәдеиеті тұрғысынан дұрыс болар ма еді? Әдеби сыңары анықталған дублеттік қатарларды пайдаланғанда оның әдеби вариантын ғана қолдану керек. “Жұмысымды бітірдім” деудің орнына “жұмысымды пітірдім”, не “жұмыс істедім” демей, “жұмыс жасадым” деген адамның тіл мәдениеті дәрежесі төмен деп қараймыз ғой. Сондай мәдениетсіздік жазуда да, сөйлеуде де болмаса екен деген талапты күшейте, тілдің әдебилік қасиетін арттыра түсер едік. Тіл байлығын нормалау сайып келгенде, әдеби тілді қалыптастырудың қамы, тілдің мәдениетін жоғары сатыға көтерудің шарасы. Сондықтан одан ат-тонды алып қашуға болмайды. Тек оның мәніне түсінбеген, не түсінгісі келмейтін кісі ғана ол шараға немқұрайды қарайды. Өйткені, нормалау – біреулердің ойдан шығарған ермегі емес, әдеби тілдің пайда болу табиғатын, ілгері даму жолдарын айқындау үшін керек әрекет.

Тілді нормалауда қандай-қандай жайттарды нысана етеміз? Норманы, нормаға жатпайтындарды қалай айырамыз?

Пайдаланылған әдебиет

1. Тіл мәдениеті және баспасөз. Алматы,1972. 140-б.

Мәулен Балақайұлы Балақаев

«Қазақ әдеби тілі»- Алматы, 2007.- 421-423 б.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі