Джон Голсуорси | Итмұрын

  Джон Голсуорси | Итмұрын


Пейзаждары мен натюрморттары талай жылдар бойы шулы табысқа жетіп жүргендіктен әлі "скудаморлық мәнерде" салына қоймаған суреттері көрмелерде көзден жырақ, төбеге таяу тұстарға ілінетін күндерін біржола ұмыта бастаған әйгілі суретші Скудамор қаққан қазықтай міз бағар емес. Немере қарындасы табан астында өзін тастап кеткен орнында сіресіп тұр. Сұлу мұрты мен әдемі шоқша сақалдың арасындағы еріндері өкпелі мысқылмен қисайыңқырап, өзіне көрсетуге алып келген бұтақшадан жұмыр тас төселген аулаға жұлынып түскен итмұрын жидектеріне көз алмай әрі таңдана қарайды. Бұл оны салып қалғандай басын кегжең еткізіп жұлып алғаны несі? Жаңбыр тамшыларын шашырата төрт қан қызыл жидек бұтақшадан дірілдеп үзіліп түсердей жұлқына теріс айналғаны қалай? Бұл бар болғаны:

— Ғажап! Бұларды іске жұмсаса жөн екен! — деді ғой.

Ал ол болса "Құдайым-ай!" деп ышқына дауыстап жіберді де, жүгіріп ала жөнелді. Жоқ, Алисия расында есінен ауысқан, бір кездері ол соншалық сүйкімді болды дегенге сене де қою қиын. Еңкейіп, төрт жидекті жерден көтерді — осынау қою қызыл түс қандай керемет!

"Скудаморлық мәнер" мен табыстың сенімді құрыш сауыты тасасынан алай-түлей сезім мен нәзік түрде көре білу сыртқа атқақтатады. Суретін салу! Онда қандай мән бар? Мына сұлулықты қалай жеткізбексің? Қысқы күннің бозғылт сәулелері астында күмістеніп жатқан Эрон өзенінің ерте тасқындарынан қорғап тұрған тамаша етіп қайта жөнделген көне үйінің ауласымен аласалау тас дуалға таяп келді. Иә, нақ солай! Табиғатты, қалай саласың, оның мөлдір ала көлеңкелерін, түстердің жұмбақ үйлесімін қалай жазу керек, сәт сайын құбылып тұрған кейпін қалай кескіндемек? Қамыстың қоңыр үпелегін — әні, анау ақ сұр бозалаң жарықта иілген және әуеде қалқыған тынымсыз аппақ шағалаларды қалай ұстап қаларсың? Әйгілі "мәнері" туралы ойлағаны сол-ақ, табан асты жек көріп кетті — Алисия "Құдайым-ай!" деп дауыстап қалғанда да үнінде осындай жек көру бар-ды. Сұлулық? Одан не пайда! Оны қалай жеткізерсің? Ол да дәл осылай ойлаған жоқ па екен өзі.

Бұл дуалдың сұрғылт тасында қызарып жатқан төрт жидекке қарап тұр; біртіндеп естеліктер баяу бой көтерді. Ол қандай тартымды, ару қыз еді. Қайқы кірпіктерінің астынан сұр жасыл көздері жарқырап, екі беті раушан гүліндей, тараққа көне қоймайтын жіңішке қара шаштары әрқашан сол дудырап жүреді, — одан бері соншалық ақ шулан тартып үлгеріпті-ау.

Әр нәрсеге құштар, соншалық қызба мінез, таңдай қақтырар жан!

Наурыздың сол бір күні дәл өткен жұмада болғандай жақсы есінде, Берфемге апаратын жолдағы Эрондель стансасынан қайтып келе жатты — қысқа нөсер мен күн сәулесі кезектескен күн, табиғат нағыз көктемнің келуін күтіп жатқан кез. Бұл жиырма тоғыз жасар, ал ол болса жиырма бес жаста, екеуі де суретші, екеуі де әзір жұртқа танымал емес. Қолдары жанасып кеткенде бойын діріл буады, ал Алисияның жаңбырдан дымқыл беті ду етіп қызарып шыға келеді. Бұлар жүре келе мүлдем үнсіз қалды. Осы бір ғажайып серуен бұдан да асқан ғажайыппен түйінделуге тиіс сияқты. Шағын деревняны соңдарында қалдырып, бортас карьерін кесіп өтіп, тікше баспалдақтар мен орман соқпағы арқылы өзенге құлдиласты. Мұның қолы қыздың белін жұмсақ, барынша жұмсақ орап алған; әлі тіс жарған жоқ, тек жүректен шыққан шынайы сөздері кеудеден атылар армандай сәтті күтеді, — қыз жүрегі де өзіне қарай құстай ұшар — бұған еш күмәні жоқ. Соқпақ шомырттың арасын қуалай жүрді, суы мол, ақырын ғана сылдырлап аққан өзеннің жағасында алғашқы бас жарған жауқазындар иіледі. Жаңбырдың ең соңғы тамшылары тамды да, ізінше бұлттарды тесіп күн сығалады; тоғайдың үстіндегі зеңгір мөлдіреп, бөдене шөптің гүліндей көкпеңбек боп сала берді.

Алисия қалт тоқтап:

— Дик, қарашы! — деді. — Қарашы деймін! Ғажайып қой. Көкпеңбек аспан мен алаулаған бұлттардың аясында шомырттың биік бұтасындағы гүлдері аппақ жұлдыздай жарқырайды. Шомырт он салып тұрған сияқты, — сұлулығы соншалық — көктемнің бар келбетін бойына жиып алғандай. Қыздың сұқтанысқа толы жүзін көргенде барша ұстамдылығы ізім-қайым болсын, белінен қаттырақ тарта қысты да, ернінен сүйді. Оның нұрлы жамалы кенеттен ұйқыдан оянған баладай болып кеткені әлі күнге жадында. Демі тоқтап, өзі тастай қатып қалды, ізінше мұны итеріп діріл қақты да, қинала-қинала жұтынды, кенет жүзін жас жуып, құшағынан сусып кетті де, безіп ала жөнелді. Түкке түсінбеген қалпы қатты намыстанып әрі аңырып тұрып қалған. Сосын аздап өз сабасына келіп, тапқанынша тура жарты сағат бойы дауыстап айқайлап іздеумен болды. Жүзі тастай боп қатқан ол сызды шөптің үстінде отыр екен. Бұл тіс жарған жоқ, ал ол бар болғаны: "Жүр, біз пойызға кешігеміз!" деді. Күні бойы, ертесіне де бұлар қоштасқанға дейін қыздың көз алдында биіктен, шырқау биіктен бір демде жалп етіп құлағандай сезімнен арыла алған жоқ. Босатпай қойды. Өзіне мұндай ыңғайсыз күй ұнамайды, шынымен-ақ ызалы болатын. Мәнсіз қылымсу, одан басқа түк те емес. Ал қылығы туралы әлі күнге дейін осындай сенімде. Мүмкін емес... Қалайша он да басқа бір астар бар еді?

Төрт қызыл жидекке қайта көз салды - зердесін нақ солар сиқырлап тастағандай құдды бір — бес жыл бұрынғы Алисия тағы да көз алдына келген. Бұл үйлі-баранды болып, атағы кең жайылған шағы. Әйелі екеуі бірде қала сыртындағы Алисияға қонаққа барды. Нұрлы жып-жылы жазғы түн болатын. Қуықтай қонақ бөлмеге соңғы салынған, енді ғана аяқталған суретін әкеліп, өздеріне көрсетуге келісімін алу үшін көп өтінуге, жалынуға тура келді. Сол күнгі бейнесі көз алдында әлі күнге қаз-қалпында — кейде отызға дейін күйеуге тимеген әйелдерде болатындай әуелгі жұмырлықтарын жоғалтып, арыған, биіктеп, әлден-ақ біршама дөкірленген ол жарық түссін деп суретін ыңғайлап қойып жатыр; сүйкімді жүзі толғаныс пен қиналысқа толы осы сынақтан сүрінбей өту ең ауыр іс сияқты. Айтылмай қоймайтын әрі ауыр үкімнен қорғанғандай басын ішке тартып, иықтарын сол аңғарылардай көтеріп алған. Орынсыз қорқыныш! Сурет еріксіз таңдай қақтырардай, тіпті соншалық ғажайып. Түнгі пейзаж. Сол суретті — осыған дейін өзі салған суреттердің бәрін сан орап алар картинаны шолып тұрғанда жүрегі қызғаныштан сыздағанын әлі ұмытқан жоқ.

Мұны жасырмай айтқаны да рас. Қуаныштан қыздың көздері жайнап кетті.

— Расымен ұнай ма? Мен соншама тырыстым.

— Иә, қымбаттым, мұны көрмеге қойған күні өзіңді даңқ тосып тұр, — деді бұл.

Ол қолдарын қысып, күрсініп жіберді.

— Ах, Дик!

Алисия үшін шынымен-ақ бақытты екенін сезінген. Біраздан кейін бұлар үшеуі пердені сырып тастады да, орындықтарын қараңғы сенекке алып шықты. Әуелде біраз әңгіме-дүкен құрған, сосын тым-тырыс боп үнсіз қалысты. Айналаны жып-жылы, жұпар аңқып еліктірген, таңғажайыпқа толы сиқырлы түн қаумалап тұр. Жарқыраған жұлдыздар тым-тым биік; клумбалардағы гүлдер әрең-әрең бұлдырап байқалады. Гүлдер түпсіз, күңгірттеу ала көлеңкеде иіліп тұрған әдемі раушан бұталары таң қаларлықтай, өзге әлемнен келген сияқты. Әлі де есінде, ырғайдың хош иісі кеңсірік жарып, перделердің арасынан саулаған ұзынша, жіңішке жарықта сансыз пәруана көбелектер пыр-пыр қанат қағады.Алисия басын құшақтап, шынтақтарын тізесіне қадай алға ұмсынып отыр. Бәлкім, ол сондай қалыпта отырғандықтан да бұлар үндемей қалған шығар. Оның жалқы рет:

— Сұлулық-ай! О, жаратқан, қандай сұлулық! — деп күбірлегенін шалып қалды құлағы.

Шық түсіп, айнала дымқыл тартты да, әйелі ішкі бөлмелерге беттеді. Ізінше бұл да соңынан ерген. Алисия ештеңе аңғармаған да сияқты. Бірақ соңынан ол да үйге кіргенінде жанары жасқа шыланып, жалтылдап тұрған еді. Ақырын дауыспен бірдеңе айтқандай болды — сірә, тым кеш, жатар уақыт болды деді ме; бұлар қолдарына шырақ ұстап, жоғарыдағы өз бөлмелеріне беттеді.

Таңертең әлгі сурет жайында әлдеқандай ақыл-кеңес бергісі келіп құжырадай ғана шеберханасына бас сұқты. О, сұмдық! Суреттің бетін ақ белдеулер айғыздап тастаған, туынды алдында тұрған Алисия қылқаламмен аямай шимайлап, құлаш кере ерсілі-қарсылы айғыздап тұр. Әлдекімнің кіргенін естіп, кері бұрылды. Екі беті дуылдап кетіпті.

— Бұл қасиеттіні қорлау екен, — деді дауысы дірілеп. — Міне, енді бітті!

Жонын бере кілт бұрылып, суретті ақ бояумен қайта шимайлауға кірісті. Өзі сол тіс жармаған қалпы қайта шығып кетті — жек көріп кетті. Ешқандай сылтау-себепсіз өзінің таңдаулы суретін құрту қылмыс қой, — мұндай суретті енді ешқашан сала алмайды! Ыза болғаны сонша, көп жылдарға дейін онымен кездесуден қашқақтап жүрді. Дүниеде ең қорқатыны — осындай мінезі ауытқымалы адамдар. Табысқа бастайтын сатыға сенімді аттап, одан соң оны өз табаны астынан теуіп түсіру сорақылық. Ақша табудың осындай тамаша мүмкіндігін ойсыз жоқ ету — оның сөз етуге тұрмайтын тиын-тебені ғана бар ғой — масқара. Жынданып кетуге болады! Расында шекені саусақпен шұқу ғана қалмақ, әйтпесе, әлгі әрекетті ештеңе деп түсіндіруге болмайды ғой.

Ара-тұра ол туралы қауесет бұған да жетіп жататын. Алисия бұрынғысынша өзінің титімдей үйінде тұрып жатты, күні бойы, ал кейде, айтуларына қарағанда, түні бойы орманды болмаса даланы кезіп келеді, күн санап жүдеп барады, ақшасы біртіндеп азайған сайын оғаштығы үдей түскен секілді. Бір сөзбен айтқанда, ол тек ағылшын әйелдері ғана бола алатындай мүлдем мезі етерлік, ешкіммен сыйыспайтын жанға айналыпты. "Сондай сүйкімді адам, — дейді ол туралы айтушылар, — соншалық әсерлі жан, бірақ... Сөз етушілер іле-шала иықтарын ыңғайсыздана қиқаңдатады, ал әңгіме өз туысқаның туралы болғанда бұл соншалықты жайлы емес. Өзі бастан өткеріп, куә болған соң салған суреттерін не істейтіні туралы жақ жарып сұрап көрген жоқ. Бейшара Алисия!

Жидектер сұрғылт таста мөлт ете қалып, мұның көз алдында тағы бір естеліктің суреттері тізілді. Отбасыларына түгелдей қатысты болған оқиға ойына оралған. Нағашы атай Мартин Скудамор о дүниелік болып, барлығы оны жерлеуге, сондай-ақ қалдырған өсиетін оқуға жиналды. Отбасында шалды қотыр қойдай санайтын — шал Йоркширдің елеусіз қалашығында-ақ әжептәуір дәулет құрап алды; немере атайдың фабрикасы демесе, бұл қалашық меңіреу күйде қала берген болар еді. Барлығы да шал қайтыс болған соң туысқандары бір байып, қарық боп қалар деп үміттенетін; шал сұр бойдақ күйі өлді ғой, — сірә үйленуге уақыты болмаса керек, "іспен" тым көп айналысатын. Үн-түнсіз ұйғарыммен жиендер және жиен қыздар қаладан алты мильдей қашықтағы аса бір көркем маңдағы Болтон аббаттығына келіп тоқтады. Жерлеуге үш күймемен аттанысқан. Алисия және сарайда қызмет атқарушы мұның інісімен бір күймеге мінді. Қарапайым тігілген қаралы киімде ол көркем боп көрінеді, тіпті, жел қобыратқан жіңішке қара шаштарына араласқан ақ бурыл да ажарын аша түсетін сияқты. Көркемсурет туралы баяғыша қызбалана әңгімелесіп, әлі де титімдей үміті бардай жанарын мұның жүзінен алып қашуға асықпайды, — қысқасы, сапарлары жағымды-ақ боп шықты. Бұлар өзен жағалауына тығыла ірге тепкен шаңды қалашыққа қалай жетіп қалғандарын аңғарған да жоқ. Қырда қаланы, фабрика құрылыстарының үстін баса кәрі Мартиннің сап-сары тас үйі дөңкиіп тұр. Кенет Скудамор тоқыма жолжапқыштың астынан Алисия қолын қалтырап ұстай алғанын аңғарды — суға батқан жан нақ осылай тал қармайтын шығар. Оның қолы кімнің қолын ұстағанына есеп бермейтіндігі де анық еді. Жұмыр тас төселген көше, лас өзен, фабриканың күйе басқан сұрықсыз үйлері, сары қабырғалы ұсқынсыз тамдар, тәпелтек жұмысшылар кісі аярдай кейіпсіз әрі бәрі қаралы киінген, — осының бәрін жасаған адамға соңғы құрметтері. Сұп-сұр, сиықсыз жаңа шіркеу, іш пыстырған жаназа, таяуда қойылған құлпытастар мен күздің қайталанбас күні! Бұл жердегінің бәрі мейлінше сұрқай әрі барынша сиықсыз!

Кейінірек сары үйде, қызыл ағаштан жалтыратып жасаған орындықтарға маңғаздана қатар тізіліп, бәрі өсиетке құлақ қойды. Жаман емес! Әжептәуір қомақты дәулет туысқандар арасында мүлтіксіз теңдей үлестерге бөлінген — бөтен адамдарға жарты пенни де шығындалмапты! Скудамор қабырғадағы майлы бояуы жылтыраған суретке көз тастап отыр. "Құдайым! Қандай сиықсыз дүние!" деп ойлады ол тағы да күймеге мініп, шылым шеккісі келген күйі, мына қаралы киімдер мен херес шарабының иісінен құтылуға зар. Херес! Бр-р! Көзі кездейсоқ Алисияға түсіп кетті. Оның жанарлары тарс жұмулы, бұрынғысынша сүйкімді еріндері күлкілі түрде дірілдейді. Скудамор оның көздері кең ашылып, жүдеу жүзі дәл бұрынғы кездердегідей сүйкімділікпен албырап кеткенін аңдады. "Тамаша! — деп ойлады іштей. — Жүдә, дұрыс болды. Ол үшін сондай қуаныштымын! Оған енді өз қажеттерінің көбінен бас тарта беруге тура келмейді. Тамаша!" Оның әлі де сұлу әрі таңданысты жүзіне ойнап шыққан жеңілдену сезімін іштей толық бөліскен.

Үйге қайтар жолда мұны қуанышты сезім баураумен болды — өсиеттегі өзіне тиген үлеске ме (ал ол мұра айтарлықтай мол боп шықты), әлде Алисияның да жолы болғанына қуанды ма — неге көбірек қуанғаны беймәлім. Тоқыма қол жапқыштың астынан қолын тауып алып, аялай қысты, ол да еркелей ұзақ қысып жауап қатқан, жаназаға келердегі әлгі бір үрейлі ишаратқа мүлдем ұқсамайды. Ал кешкісін өзен иінінің жарқабағында ғибадатхана тұрған маңға серуенге шыққан. Батып бара жатқан күннің соңғы көлбеу сәулелері күзгі жалқын орманның үстіндегі жеңіл мұнарды арайландырып тұр. Ақбас сиырлар майсаң жайылымнан бас алмайды, ал сылдырап аққан өзен тұтастай жарқыраған алтын қабыршық жамылған сияқты. Маңайдың бәрі таңғажайып тылсымға малынып тұр, әдетте бұл суретшілер жүрегін жиі жаулап алады, алтын бояулы мұңлы сыздықтар сиқырлы түстегі сияқты. Бір пәс бұл осының бәріне шарасыздықпен шектескен таңданыспен қарап тұрып қалды. Әлсіз самал бұталарды қозғап, сыбдырлатты: "Қандай сұлулық, сен қандай жарқын едің дүние!" Алға қарай қадам басқаны сол, Алисияның өзен жағасында, басын кері шалқайта қолдарын кең жайып, ақ қайыңға сүйеніп тұрғанын байқады; әлгінде ғана сөйлескен жарқын дүниені құшағына алғысы келгендей. Қазір оған таяп бару оңаша қалған ғашықтардың тыныштығын бұзумен пара-пар. Кілт бұрылып, кері қарай жүрді.

Бір аптадан соң інісі Алисияның мұраға алған үлестен бас тартқанын жеткізді. "Маған бұл ақшалардың керегі жоқ, — деп жазыпты жәй ғана. — Мен оларды ала алмаймын. Әлгі қорқынышты қалада тұратын кедей сорлыларға таратып беріңіздер". Міне, ол өз оғаштығымен қайда жетті! Бұдан әрі не болмақшы?! Ағайындары онымен сөйлесуге бекінген. Қол қусырып қарап отыруға болмайды, өз мүддесін осыншалық ессіз елемеуге жол бермеуге тырысу керек. Қатты арыған, бірақ бұрынғыша әдемі Алисия бұларды мейлінше мойынсұнып қарсы алды, бірақ өз шешімінен қайтқан жоқ: "Жоқ, расымен ала алмаймын! Мен онда бақытсыз жанға айналар едім. Сол бір сорлы, қалжыраған адамдар, — иә, мұның бәрін солар тауып берді ғой оған! Сол ұсқынсыз қала! Жоқ, ала алмаймын. Ақшалар әманда солар жайлы есіме салып тұрар еді. Өтінемін, бұл туралы айтпай-ақ қоялықшы. Онсыз да мен үшін бәрі ойдағыдай". Бетінен қайтару үшін қосарлана үрейлі жайттарды суреттеп бақты: кәрілік, кедейшілік, қарттар үйі... Баршасы бос әуре: ақшаны алуға мүлдем келіспей қойды. Құдірет өзі жолдаған осынау көмектен бас тартқанында ол қырық жаста болатын, — қырық жас және күйеуге тиемін деген түк үміт жоқ. Скудамор оның күйеуге тиюге дайындалғанын, жалпы тисем деген үміті бар жоқтығын біле алмаған болар да бәлкім, бірақ мұның өз теориясы бар: Алисияның оғаштығының баршасына себеп біреу — қанағат таппаған жыныстық сезім. Соңғы ессіздігі бұл үшін жан түршіктірерлік боп көрінгені сонша, енді оны тек қана аяп, бұдан былай қашқақтауын да қойды. Керісінше, оның жалғыз құжырасына шай ішу үшін жиі бас сұғады. Нағашыдан қалған мұраға Скудамор Эрон өзенінің жағасынан көне әсем үйді сатып алып, қайта жөндеді, енді Алисиядан бар болғаны бес мильдей жерде ғана тұрады. Ол да бұлардың үйіне күтпеген жерден келе салады, өзінің әдеттегі қаңғуларынан соң кездейсоқ келіп қалғандай қолындағы дала гүлдері немесе қырыққұлақты әуелі суға қоюға ұмтылады. Ол әрдайым жалаңбас жүреді және маңайдағылардың бәрі дерлік оның миы ауысқанына күмәнданбайды да. Ол күндері суретшілер тек Уотте туралы ғана әңгімелейді, Алисиямен кездесудің көбі де әйгілі символист туралы даусыз аяқталған емес. Скудамордың өз басы оның суреттеріндегі кемшіліктер мен дөрекі аллегорияларына қаны қайнап, Уоттсты мойындамайды. Алисия суретші құбылыстың нақты түбірін, жанын бейнелеуге ұмтылады, сондықтан ұлы суретші деп мәлімдеп, әрқашан өзіне тән қызбалықпен жақтап әуре. Әсіресе, "Айрис" деп әйел атымен аталған суретін сонша жақсы көреді. "Кемпірқосақ" делінетін. Осы түсініксіздеу және оғаштау суретте шынымен Алисияға кейбір ұқсастықтары бар-ды.

— Иә, әрине, ол сәтсіздікке ұрынды! — дейді ол — Мүмкін емеске ұмтылды, ғұмыр бойы ұмтылды. Ах, сенің осы бір ат таңғыштығыңды ұнатпаймын, Дик! Оларда қандай мән бар? Сұлулық соншалық шексіз, соншалық түпсіз!

Байғұс Алисия! Кей уақыттары кісіні расымен-ақ мезі етіп жібереді.

1904 жылы күзде оның мұнымен бірге шетелге, Дофинеге қалай барып қалғанын өз басы да жөндеп ұқпайды. Бұл бір сұмдық болды. Үскірік аязда үйге қайта кіргісі келмейтін адамды бұдан былай ешқашан қасына ертпес. Әлгі жер суретшілер үшін арнайы жаратылған нағыз жұмақтай. Скудамор Гланда тауының етегінен шағын "шато" 1 жалдады да, әйелі, үлкен қызы, Алисия барлығы осында орналасты. Өз басы түгелдей жұмысқа берілген, жаңа жерлердің қоңыр тұманды көгілжім және сұрғылт түстеріне де өзінің атақты мәнерін қолдануға күш салып әуре, сосын адырлар мен жазықтарға сүйсінер уақыты да анда-санда ғана. Шеберханаға айналдырылған қосалқы бөлменің алдындағы малта тас төселген алаңнан ескі Ди қаласының қыш шатырлы үйлерінің еліктірер суреті ашылады. Таңғы шапақ пен кешкі арайда осы бір қызғылт сары жайпақ шатырлар төменде жарқырап, таяу маңда иреңдеген Дрома өзені еміс-еміс көгілдірленіп көрінеді, ал жүзімдіктер жапқан беткейлерде күзелген кипаристер қарауытады. Дамылдамай сурет сала берді. Алисияның немен айналысатынын ешкім де нақты білмейді, бірақ ол үйге қайтып оралған бетте өзінің көргендері — адамдар, жануарлар, баршасы туралы шаттана әңгімелейді. Ол ұнатқан жердің біріне — Гланда тауының биігіндегі жартылай қираған ғибадатханаға бұлар да бірге барған. Барлығы осы бір ғажайып, оңаша жерде таңғы астарын да ішті, — мұндағы ескі бұлақтар мен тоспалардың арнасын әлі ажыратуға болады екен, тіпті, ескі часовняның қалдығы да сақталған, — рас, мұның бәрін қазіргі қожайын шаруашылыққа икемдеп жіберіпті. Өзгелердің дауыстап айтқан таңданысты мақтауларын тыңдамастан кенет Алисия кетіп қалды да, үйге қайтып оралғандарынша оны еш жерден таба алмай қойысты.

Расында бұлардың дауыстап айтқан тамсаныстарын ұнатпай қалды деп ойлауға болар еді! Үйге ол алтын түстес жидекті бұта ала келді — оның қалай деп аталарынан ешкімнің де хабары жоқ. Сол жидектер де тас дуалдағы итмұрын сияқты соншалық таңғажайып болатын.

Скудаморды төртінші естелік буып алды.

Рождество. Сықырлаған аяз. Титімдей "шатоның" айналасындағы әрбір бұта аппақ қырау жамылып, жұлдыз сәулесімен жарқырайды, қошқыл қызыл бояу жамылып алған сияқты. Аппақ жердің үстіндегі қара аспанды сансыз жұлдыз жауып тұр. Тау желі ұстарадай өткір-ақ, ал алыс төменде, шағын қалада жалғыз-жарым сарғыш оттар әлсіз жыпылықтайды. Бұл түн ертектегідей ғажайып еді — нақ бір жапон мәнеріндегідей, бірақ жүдә қатты суығы несі! Сүйектен өткен суық! Бастырма астында Алисиядан өңге ешкім бес минуттан артық отыра алған жоқ. Бұл есалаң, жұмбақ жан үйге кіргісі келмей қасарысты. Өз басы біресе шәлі, біресе жылы жамылғы апарып екі рет сыртқа шыққан, жалынды, табандап тұрып алды. Үшінші жолы оны таба алмай қалғаны. Қатып-сөніп қалған жұлдыздар астында таң күзетуін жалғастыру үшін жаңа таластардан бой тартып, ол әдейі бас ауған жаққа кетіп қалған ғой. Ақыры үйге ол мас адамдай қисалаңдап келді. Бұлар расында бойын жылыту үшін оған күштеп коньяк ішкізбек те болған. Қайдан! Екі күннен соң екі өкпесіне суық тиіп жатып қалды. Төсектен қайта тұрғанынша екі ай өтті — баяғы. Алисияның аруағы ғана қалыпты. Содан бері денсаулығы қайтып оңалған жоқ. Ол өмірден құр елес сияқты, ессіз елес сияқты сырғып келеді, ізім-қайым қайда жоғалып кететінін бір құдайым білсін және қолына кезекті тапқанын — гүл, жапырақ, кішкентай құс немесе титімдей үлпілдек көжекті көтеріп, ақ шаштары қобырай қайтып оралғанда қуарған жүзінде қызыл арай лапылдайды. Ол бұдан былай сурет салуды күрт доғарды, тіпті, көркемсурет туралы да тіс жарып көрген емес. Скудаморлар құжырасынан өз үйлеріне көшуге мәжбүрледі: ол жарық дүниедегінің бәрін жиі ұмытып кетеді ғой, сосын аштан өліп қалар деп қорыққан-ды олар. Ал мына жидектер ше? Осыларды алу үшін, жаман айтпай жақсы жоқ, адырлар арасындағы жел өтінен таса әрі күннің шақырайған сәулесінің астындағы бортас карьеріне барды. Жеті миль онда және мұнда, ал жеті миль жүз ярд жүре алады дегенге сенудің өзі тым қиын.

Бәлкім, шық басқан шөптің үстінде түпсіз аспанға үңіліп жатқан да шығар, — осылай жатқанда талай үстінен түскені бар. Бейшара Алисия! Қарай гөр, бір кездері оған үйленуге де дайын еді-ау! Қор болған өмір! Қор еткен де сұлулыққа деген құштарлығы! Бірақ қол жетпес нәрсе махаббаттан, отбасынан, ана болудан, даңқ, байлық, денсаулықтан айырып, әйелді осылай қор етеді деп кім ойлап көріпті. Ал сөйте тұра, құдай куә, дәп осылай болды!

Скудамор төрт қызғылт жидекті дуал үстінен шертіп ұшырып түсірді. Күннің сәулесі сылдырап ағып жатқан көгілдір су, қамыстардың қоңыр үкілі бастарының аясындағы аққу, алыста жеңіл мұнарға бөккен ақ адырлар, — міне, сұлулық! Сұлулық! Мақұл, бірақ сайтан алғыр, шекті де білу керек қой! Шекті білу керек! Сосын өзінің атақты "мәнерінде" талай рет бейнелеген пейзажға ту сыртын бере бұрылып, үйге енді де, әдемілеп жөнделген баспалдақпен жоғарыға — дәу терезелері бар әрі жарық түсуін реттейтін түрлі жетілдірулер жасалған үш түсті шеберханасына көтерілді. Соншалық жұмсақ түстерге боялғандықтан ауадан өрілген сияқты аңғарылатын қабырғалар аясындағы аяқталмаған этюдтер байқалмай қалыпты. Даяр сурет жоқ — оларды тез сатып әкетеді. Мольбертке таяп келді, түрлі-түсті таңба назарын бірден аударды — итмұрын бұтағы су құйылған құмыраға салыныпты. Дап-дайын — суретін сала беруге болады. Бұтақ әдейі осылай қойылған — күннің әлсіз сәулелері оған тіктеп құйылады, нәзік бояулар нәрленіп, кеуіп үлгермеген судың жетім тамшылары жидектерде жарқырайды. Бір сәтке Алисияның өзі осы бұтақты мұнда алып келгенде қандай болғаны көз алдына айқын келді: жеп-жеңіл үлбірек қолдар, жарқыраған жанар, дудыраған ақ бурыл бұрым. Елес жоғалды. Бірақ әлгінде бұл жидектерді іске жұмсаса жаман болмас еді дегенде барынша ышқына: "Құдайым-ай!" деп дауыстап жіберген соң бұтақты неге бәрібір осында әкелді? Бәлкім, осынысы арқылы "Кешір, мен сондай тұрпайымын ғой" дегісі келген шығар? Расында байғұс шала ес әйел шынымен жан жібітетін адам. Итмұрынның жидектері жалтыраған күміс құмырада күн сәулесімен айырықша көзге ұрып алаулайды. Олар масаттанатын сияқты — несі бар, адам өмірін қор еткен, бәлкім құтқарған шығар — осылар шаттануына болады да.

Алисия! Өзіңді-өзің соншама қор еттің-ау! Бірақ, жұлдыз сәулелері астында күн шапағына шомылғанда, айдың нұрын кешкенде, дала мен тоғайда, адырлардың асуында, өзен жағалауларында өзінің тәнсіз ғашығы — сұлулықпен қаншама рет құпия шаттыққа бөленгенін бұл біле алмайды. Гүлдер, ұшқан құстар, желдің сарыны, жарық пен көлеңкенің айнымалы ойыны — осының бәрі одан титтей пайда таппақ болған адамды қажытатын нәрселер. Ал ол сұлулықтың бәрін кеудесіне жиды және ессіз, мақсатсыз құшты әрі бақытты болды. Өмірдегі ең таңдаулы тағдыр оған бұйырмады деп кім батылы барып айта алады? Кім?.. Итмұрын! Бірнеше жидекті әлдебір бұтақ бұның кеудесіне қаншама күмән туғызды! Жә, адамдардың базарында көтерме құн қосатын, қосымша баға үстемелейтін кесімді формалар мен түстердің үндесуі емей сұлулық деген немене?! Одан басқа түк емес, түк те емес!

Ал итмұрынның жидектері күн сәулесімен әлі де алаулап тұр, нәзік, жеткізбей көз алдайды! Палитраны қолына алып, қан қызыл краплак, ақ ашық көк бояуды араластыра бастады.

Бірақ бұл не? Ту сыртынан күрсінген кім? Жоқ, ешкім де көрінбейді. "Әй, сайтан алғыр! — деп ойлады іштей. — Мұным жөнсіз ғой. Шынымен де менің Алисиядан артықшылығым болмағаны ғой". Сосын ол итмұрынның бұтақшасын атақты мәнерінде сала бастады.

Орыс тілінен аударған Д. Әшімханұлы



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі