Әңгіме: Константин Паустовский | Телегей тасқын

Әңгіме:  Константин Паустовский | Телегей тасқын казакша Әңгіме:  Константин Паустовский | Телегей тасқын на казахском языке


Тенгин жаяу әскер полкінің поручигі Лермонтов Кавказға, Грозный қамалына жер ауып келе жатты.

Биылғы көктем кәдуілгі орыс көктеміне ұқсамайды. Ағаштар кенжелеп барып бүршік жарды, иесіз кұлазып қалған уезд бау-бақтарында мойыл кешігіп барып шешек атты. Өзендер де кемерінен асып, көпке дейін сабасына түсе алмады.

Өзендер тасқыны Лермонтовтың жолын бөгеді. Паромдарды сарғая күткен кездері де аз болмады, кейде паром бұзылып, жел құтыра соғып, тасқын суды сапырған шақта, шалғай түкпірдегі қалалардың бірінде аз-кем аялдап қалып та жүрді.

Лермонтов жол-жөнекей кездескен жұрттың жойқын су тасқынын, жолдың берекесіздігін айтып шағынғанын салғырт тыңдайды. Ол кешеуілдеп қалғанына разы. Етегі далақтап қайда шапқылайды сонда? Ысқырған чешен оғының астына ма?

Соңғы жылдары ол тұңғыш рет өлім жайын дегбірсіздене есіне алады. Өмірдің мән-мағынасы өлімде деп ұғатын ұшқалақ балалық шақ сағымдай сейіліп жоқ болды. Тап қазіргідей ол ешқашан өмірге құштар болып көрмеген.

"Жайнаған жастық отым сөнер шақта, сыйлар ма жаз күлкісін махаббат та" деген сөздер есіне жиі түсетін болды. Ол осы бір ғажап өлең жолдарын жазғаны үшін Пушкинге дән риза. Бәлкім, ол әлі де болса тірліктен жан тебірентер жақсылық пен ізгі істерді көрер, әзиз ананың әлдиіндей бір аяулы әуенді есітер. Тек сонда ғана шерлі жүрек құшағын жая талпынып, аңсай күткен адам бақытының не екенін ұғынар.

Қаусап қалған ескі паромның кесірінен Лермонтов лажсыз аялдаған қалашықтың шағындығы сондай, "жолаушылар нөмірінің" бөлмесінен әне бір қол созым жердегі даланы, белуарына дейін су кешіп тұрған күпшектей талдарды, өзеннің арғы бетіндегі деревняны алақанындағыдай көруге болатын еді. Деревня үйлері, құрғап, кеуіп қалған беткейден қаптай қонған қарғалар шоғырындай қарауытып көрінеді. Деревня үстінен тезек түтіні шудаланып ұшып барады.

Терезе арқылы сонау алыстан, мұнартқан көкжиектің ар жағынан қойшы сыбызғысының жайма-шуақ тәтті үні естіледі.

— Жүрегі құрғыр ұйтқуын қашан қояр екен? — деді Лермонтов көңілсіз езу тартып. Ол шаң басқан мундирін шешіп, орындық үстіне тастай салды. — Ұйтқыған жүрек! Толқыған ой! Отты сөз! Осылай демесең тіпті болмайтын да сияқты.

Атқосшысы кірді.

— Мұнда бір карташы офицерлер тұрады екен, — деді ол Лермонтовқа. — Осы нөмірлерде. Құдай сақтасын, даукес, діннен безгендер көрінеді. Сізді сұрады.

— Өтірігіңе береке берсін! Олар мені қайдан біледі?

— Сіз әйгілі адамсыз. Олармен карта ойнайсыз ба? Әлде ойнамайсыз ба?

— Қойшы енді!

— Ендеше мундиріңізді тазартайын. Мынандай мундирмен үстел басына отырудың өзі ұят. Шаңнан көрінбейді.

— Тиме мундирге! — деді Лермонтов зекіп, сосын ешбір ренішсіз, жайбарақат қалпы бірдеңені білгісі келгендей:

— Осы сен менің айтқанымды істейсің бе, жоқ па? — деп сұрады.

— Ретіне қарай көреміз ғой, — деп жауап берді қосшысы жалтарып. — Мен сізді көзімнен таса қылмаймын деп, әжеңіздің алдында інжіл сүйіп, ант еткенмін.

— Аулақ жүрсең қайтеді осы, а! Зықымды шығардың ғой, — деді Лермонтов жайымен ғана.

Қосшы шығып кетті. Лермонтов көйлегінің түймесін ағытып, сықырлауық керуетке жатты да, қолын тарақтап желкесіне төседі.

"Нөмірлердің" жанында, тақтайдан қиылған шағын үйдің терезесі алдында, тыриған жас жігіт күні ұзақ бір ән әуенін: "Ах ты, барыня - сударыня моя! Ах ты, барыня - сударыня моя! Ах ты, барыня - сударыня моя!" - деп әнді ерінбей-жалықпай, гармонмен дарылдатып тартып отыр келіп, тартып отыр, шамасы, өлердей зеріккен болуы керек.

Лермонтов үйдің дуалына сүзіле қарап, ән әуенін тыңдайды. "Ресей мемлекетіне саяхатқа шыққандар тоқтайтын баспана" деп жазылыпты дуалға.

Ресей мемлекеті, қайран Ресей! Келеңсіз ата қонысым менің!

Ертеңгілік Лермонтовқа көшеден су қараңғы соқыр солдат кездесті. Қайыр-садақа сұрап жүр екен. Солдат үсті-басы алба-жұлба он төрттер шамасындағы қыз баланы жетелеп келеді. Шоқпыт-шоқпыт лыпа арасынан балдырған жастың уыз денесі көрініп тұр.

Бұл солдат кімің болушы еді? - деп сұрады Лермонтов қыздан.

Ешкімім емес. Зеңбірек оғы көзін күйдіріп кетіпті. Ал, мен жетіммін.

Тарутин түбіндегі шайқаста, - деді солдат сампылдап. Оның ісініп, қызарып кеткен көзіне шыбын үймелейді, бірақ оны желпіп жатқан солдат жоқ.

"Ах ты, барыня - сударыня моя! Ах ты, барыня - сударыня моя! деп сарнайды гармонь.

Лермонтов солдатқа елу тиын берді.

Қосшысы "нөмірдің" терезесіне кеудесін тосып, көшені көзімен шолып тұр екен.

Михаил Юрьевич, оларды жаман үйретесіз ғой, - дейді ол терезеден жақтырмаған кейіппен.

Үндеме әйтпесе, Тарханға тайғызып жіберермін.

Иә, Ресей...Мәскеуде, Погодиннің үйіндегі бір кеште, Лермонтов алғаш рет Гоголь мен кездесті. Қонақтар баудың саясында отырды. Со күні халық серуені болған. Кірпіш дуалдың сыртыңдағы бульвардан қаптап жүрген қалың жұрттың тер иісі келеді. Кешкі шапақ нұрына бөккен шаң-тозаң ағашқа барып шөгіп жатыр.

Гоголь көзін сығырайтып Лермонтовқа — еңкіштеу келген офицерге ұзақ қарады, сосын барып керенау тіл қатты: Лермонтов, шамасы, орыс халқын білмеген болар, өйткені ат төбеліндей ақсүйектер қауымын төңіректеп, шыр айнала береді. "Мұжықтармен бірлесіп квас іш, аядай шошалада бұзаулармен желілес жатып көр, қабағат қимылдап шоп шауып, беліңді "сындыр" - сонда ғана, бәлкім оның өзінде болар-болмас қана, қалың халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтай аларсың".

Лермонтов үндемеді, сыпайы сырын білдірместің кебін киді. Бұнысы Гогольге ұнамады.

Лермонтов Гогольдің сөзіне, оның күңкіліне қайран қалды. Кешкі ас кезінде Гоголь тұзды қиярдың қайсысын түйресем екен дегендей, шанышқысын бұлғаңдатып, шұқшиып тұрып алды.

Лермонтовтың қапысыз сезген бір нерсес сол - Гоголь оны менсінбеді, көзіне де ілмеді. "Әрине, дарынды бала - Александр Сергеевичтің өліміне арнап тәп-тәуір өлең жазды. Бірақ жақсы өлең жазатындар аз ба! Жазушылық - жан құрбан етіп жаратқанға табыну, азапты амал. Ал, мына офицер ондай жанкештіге ұқсамайды".

Лермонтов аңысын аңдып отырды да, Гогольге жауап ретінде "Мцыриден'" үзінді оқыды.

— Тағы да оқы бірдеңені! — деді Гоголь бұйырып.

Лермонтов енді Мария Щербатоваға арналған өлеңін оқыды:

Сиқырлап басын би бөтен,
Қызықтап ұлық арасын,
Қалайша көзі қиды екен
Украиннің ғажап даласын.

Гоголь кіржиіп отырып, ұмсына тыңдады, етігінің тұмсығымен аяғының астыңдағы топырақты түрткілей берді, сосын барып, әлденеге қайран қалғандай асыға тіл қатты:

— Е, сіз осындай ма едіңіз? Жүріңіз ендеше!

Олар қараңғы аллеяға сүңгіп кетті. Соңдарынан ешкім ермеді. Қонақтар айванда жұмсақ орындықтарда отырды. Жасыл көбелек пен шыбын-шіркей біткен жарқыраған шырақтарға шарпылып жатыр. Бульвардан зырылдаған карусель үні тынбай естіледі.

Гоголь аллеяда оқыс тұра қалып, өлеңді қайталап айтты:

Жұлдызы көкте жамыраған
Украинаның тылсым түніндей, -
Құпия күшпен баураған
Үй бар ма оның үніндей.

Ол Лермонтовтың қолынан шап беріп ұстай алды да:

— "Жұлдызы көкте жамыраған". Құдай-ай, сақтай гөр, қандай ғажап сөздер еді. Жалынамын сізге - жас ғұмырыңызды қастерлеңізші!

Гоголь орындыққа отырды, қалтасынан торкөз орамалын алып, бетіне басты. Лермонтов тіл қатпады. Гоголь оған жайымен ғана қолын сермеді, Лермонтов сонда ғана аяғын аңдап басып, баудың алыс түкпіріне кетті, дуалдан оп-оңай қарғып түсіп, үйіне келді.

Үй сыртынан кедір-бұдыр тас жолмен салдырлап арба өтті, доғаға тағылған қоңыраудың сылдырап барып үні өшті, аттар оқыранды; мейманхана даяшысы етігі тарсылдап, басқышпен жүгіріп төмен түсті; бағанағы қайыршы қыз даусы күмістей сыңғырлап: "Сұлу ханша, ғаріп болған байғұсқа тиын-тебен қайыр-садақа бер" деді жалынып; ықылық атқандай селт етіп, гармонь үні де үзілді. Мейманханаға тағы біреу келіп, ат басын тіреді. Лермонтов төсегінен тұрып, терезеге таяу келді.

Шаң басқан күймеден көйлегінің етегін сол ғана көтеріп, нәзік қолы бұралып, шашы жалтырап. сұңғақ бойлы Мария Щербатова түсіп келеді екен.

Лермонтов терезеден жалт берді. Осы бір итарқасы қияндағы қалада бұл қайдан жүр? Онымен жуырда ғана Петербургта қоштасып еді ғой.

Мария өзін сүйе ме? Лермонтов о жағын білмейді. Өмірде өзін қалтқысыз сүйген бір жан бар ма, жоқ па, ол бұдан да бейхабар. Жақын тартып, жақсы көргендерінің бірі де опа бермеді. Наталья Иванова оны бір суық қолды обыр офицерге айырбастап кетті, ал Лопухина болса, бір шіріген байға күйеуге шықты.

Щербатова мұнда қалай келді? Петербургте ол жолсапарға шығам демеген. Кейін барып есіне түсті - бұл аядай қала келіншектің Украинасына барар жолда екен ғой. Қандай сүйкімді қала еді өзі! Сонау Днепр сыртыңдағы жапан түзде еркін өскен ғой бұл көгілдір көзді жас ару.

Әйел өзін сүйді ме, жоқ па, оны Лермонтов білмейді. Бірақ, ол қолынан келсе, осы аяулысына күллі әлемді сыйға тартар еді. Оның жүрегінде махаббат, сағыныш оты маздайды. Аялап, қастерлейтін де сол сезім, адасқан қаздай саяқ жүргенде, көңіл кеудесіне бақыт құяр да сол сезім.

Бұл үшін ол Щербатоваға дән риза. Бұны ол біле ме, білмей ме бәрі бір. Әйтеуір осы бір аяулысының пәни жалғанды жалпағынан басып жүруі, тірліктің тар соқпағынан екеуінің оқыс ұшырасуының өзі де шерлі кепілге бір медеу.

Ол қосшысын шақырып алып, мундирді мұнтаздай тазала деп әмір етті.

Мария Щербатова осында! Ол ашымал тұздықтың иісі аңқыған дәлізден келіншектің үнін, торғын көйлегінің сусылын, таныс адамның жүрісін, қаңсыған есіктің сықырлағанын, мөлдір салқын судың шылапшынға шылпылдап төгілгенін есітті, тіпті әтірдің хош иісін де сезді. Ақырында, келіншек күймеден түскелі бері өзінің елеңдеп асыға күткен сөзін, оның баяу үнін есітті: - Апырмай, Михаил Юрьевич осында ма еді? Miнe қызық! Ендеше оған мына бір нәрсені апарып бере қойшы.

"Мына біреуі" бір жапырақ қағазға асыға жазған хат екен. Қызметшісі әкеп берді.

Хатқа екі-ақ сөз жазылыпты: "Тезірек келсеңізші!"

Оған дүниеде қысқа қайырылған осы бір екі сөзден ыстық ешбір сөз жоқтай көрінді.

Мария Щербатованың өзі де өмірінде тұңғыш рет бір ғажайып сырлы сөз жаздым деп ойлады.

Осы бір сөзде оның жабыққан көңілінің жасырын мұңы мен ынтызар махаббатының тынымсыз талпынысы бар еді.

Ол қаршадайынан-ақ ғайыптан болар жақсылыққа сенетін, оны ынтыға күтетін, бірақ қанша күтсе де, онысы жүзеге асып көрген емес. Тек жүдеу көңілдің мұң-шерін молайта түсетін. Ал қазір сол арманы орындалғандай.

Сол Петербордың өзінде-ақ Лермонтовтың жер аударылғанын естіп, Щербатова со заматыңда туған Украинасына қайтпақ болған.

Жоқ, кеудесінде жас жүрегі лүпілдеп соғып тұрғанда, ол Украинадай гүлстан жайын Петербордың сұрықсыз да сиықсыз әбігер тірлігіне айырбастаманды. Осылай деп өлең жазғанда ол өзін орынсыз жазғырды-ау. Ол жүрмек болды. Жүрегінің бір қалтарысында жалт етіп көрінген түстей, торғын сағымдай бір үміт шырағы үзілмейді, мүмкін, онымен кездесер, жолай қуып жетер. Өмірде не болмайды. Көңілге медеу болар "бәлкім" деген бір сөз бар емес пе.

Міне, іздегенге - сұраған. Лермонтов осында болып шықты. Ол қайтсе де Лермонтовқа асық екенін айтпақ. Сосын жан-жүрегі елжіреп, тым болмаса қысқа, баянсыз бақытқа да қолы жетпей, үміті кесілген бұл мұңлық көңіл шерін тарқата егіліп бір жылар.

Ол қазір көп нәрсеге түсіне бермейді. Енді ол осы бір шағын қаланы, сылағы сарғайып. қақырап түсе бастаған мейманхана ауласын, базардағы көгершіндерді, трактирдің "Қант пен шай!" деп жазылған маңдайшасын, кедір-бұдыр көшедегі ағаш жаңқаларына дейін өмір бойы жадында сақтап қалғысы келеді.

— Мен бір қайдағы жоқты, иә, қайдағы жоқты ойлап отырмын! — деп күбірледі өзіне-өзі Щербатова мейманхананың күңгірт айнасының алдында асығыс таранып жатып. -Қайдағы-жайдағыны ойлаймын келіп, ал осындай жанға жайлы жақсы күн маған қайта айналып келмес. Ешқашан да келмес! Не демекпін оған! Қай жерде айтам? Жоқ, тек осы "нөмірде" сөйлеспесем болғаны! Біз қала сыртына, өзен жағасына кетеміз. Қисық айқышы күнмен жалтырап көрініп тұрған әне бір шәукиген шіркеуге, оны қоршаған тоғайға барамыз. Со жерде зират болса керек, шамасы.

Әдетте, кісінің ойға алғаны бола бермейді, дидарласу да Щербатованың ойындағыдай болмады.

Лермонтовтың асыға басқан тықыры естілісімен, Щербатова дәлізге шықты, басқышпен жүгіріп түсіп, аптығын баса алмай қақпа алдына келді. Ши қалпағын көк жібек лентасынан ұстап алған.

Олар қақпа алдында жолығысты, Лермонтов әйелдің қолын сүймек болып еңкейе берем деп, оның көгілдір лентадай көзінде етіп барып аунап түскен тамшыны аңғармай да қалды.

Олар зират басындағы тоғайға емес, құлазып қалған қала бағына келді. Мұндағы торғайлардың шырылдасып-шұрқырасып жатқаны сонша:

— Жүздеген табаға украин майын қыздырып, жұмыртқа қуырып жатқан сияқты, — деді Лермонтов мырс етіп.

Щербатова жымиып, езу тартты. Ол жаңа ғана айтқысы келген сөзін енді айта алмасын сезді. Олар екеуіне ортақ ынтызар әңгімеден бұрыс, аулақтап бара жатқандай.

Тay баурайындағы лай суда өркеш-өркеш бұлттар үйіріліп. айналып жүр. Осынау маужыраған күз күні Щербатоваға табиғат тарту еткен құпия сыйдай көрінеді. Іздегені қасында, меншігінде. Өзінің қайда жүргенін, кіммен жүргенін тірі жан білмейді. Кеуде толы қуаныш. Оның түрпідей мундиріне тиіп кетсе болғаны - қолы дір ете түседі. Сүйіктісін қаусыра құшып, басын кеудесіне басар ма еді, шашынан сипар ма еді...

Бірақ бұл ойы да жайына қалды. Лермонтов сәл именіп, қызара күліп, Ресей туралы, Ресейдің жұрт жақтырмайтын қасиеттерін жақсы көретінін айта бастады. Мәселенки, жұрттың бәрі өзендердің тасығанына ренжулі, ал мен болсам, осы жаман қалашықта табаны күректей бір ай тұруға бармын, сонда мына шалқыған суға қараудан жалықпас ем. Егер көңіл-көзің күнделікті қоңырқай тірлікке құмар болса, дүниенің бәрі қызық болатын сияқты.

Ол келіншекпен жанашыр досындай, ер мен ер сырласқандай сырласты. Оның тұнық қара көзінде жалтылдап нұр ойнады.

Ол өзі солдатты, оны жетелеп жүрген кішкентай қызды сөз етті. Со бір қаршадай қыз күні ұзақ есінен шықпай қойды.

"Михаил Юрьевич! - Щербатова балғын саусағымен Лермонтовтың ыстық қолын сипады. - Мен туралы не оилайтыныңызды аңғаратым сияқтымын. Бірақ мен ондай емеспін. Мен қара халықтың ортасында өстім. Табанымды шөңге тіліп, бұзау бақтым, қаз қайырдым. Тап осы кезге дейін кіндік кесіп, кір жуған жерімнің өлеңін естігенде көз жасыма ие бола алмай қалам. "Закувала та сыва зозуля раным рано па зори". Сіз түсінесіз бе? "Таң сарғайып атқанда әнші көкек жырлайды".

—Түсінем ғой, — деді Лермонтов, қылышының қынымен топырақты сызғылап жатып.

— Михаил Юрьевич! — деді Щербатова қинала күйініп. — Тағы да зарығып-торыға бастадыңыз. Соны болдырмас үшін қайтсем екен, оны өзім де білмеймін.

— Бәрі де өтеді — кетеді, — деді Лермонтов салқын. — Біз осынау нақұрыс қауымнан бір күнді жымқырдық білем. Бәрібір сонда да сіз маған демеу бола алмайсыз. Сіздің оған батылыңыз да бармайды.

— Иә, батылым жетпейді, — деді Щербатова жай ғана күрсініп.

— Сіз кінәлі емессіз, — деді Лермонтов оны жұбатып. — Meн сізді сүйемін, сүйемін де. екеуміздің еншімізге тиген осы бір күнге бола кейін опық жейтініңізді біліп күйінем. Біз жұрт көзінен тасалана алмаймыз. Осында Петербор офицерлерінің сотқар тобы жатыр. Солардың арасында біреуі бар. Әнеу күні-ақ байқап қалғам. Көлеңкемдей соңымнан қалмай мені аңдып жүр. Бір көзін қара шүберекпен таңып алған әлдеқайдағы бір жандарм ротмистрі. Бенкендорфтың жалғыз да болса, жалмауыздай жіті көзі.

Щербатова орнынан тұрып, Лермонтовқа қолын созды, бақшаның жатаған орындығынан оның тұруына көмектескісі келгендей: — Сөйтіп ашық айтуға көңілім дауаламай қойған нәрсені сіз ашына — жай айта салдыңыз-ау, — деді ол.

Ол жігітті жайымен қолынан тартты. Лермонтов орнынан тұрды, келіншек оны иығынан құшақтап, ерніне, көзінен сүйді, қысылып-қымтырылмай қуқыл тартқан жігіт өңіне телміре қарап, құшырлана сүйді.

Бұл тағы да оның ойлағанындай болмады. Жүректі жарып шығатын сөз де айтылмады, асықтардың жыр-сыры да шертілмеді. Уәде-серт те бетімен қалды, оларды тек жүрек елжіретелік ғажайып бір нәзік сезім ғана билеп алған еді.

Соқыр солдат шарап жертөлесіне түсіп, Лермонтовтан алған елу тиынға түгелдей қазына шарабын сатып алды. Бірақ оны дүкеншеде тұрып ішпеді, "пәтеріне" әкелді, солдат қала шетіндегі Слободкада, оқшаулау тұрған бір жапырайған ескі үйде түнейтін.

Пәтердің иесі тері-терсек, қайыс-әбзел жинайтын бір берекесіз, үй сынық еді, шарап толы шөлмекті көріп, жалпылдап, елпек қақты, үстел үстіне жыртық та болса, тап-таза мұнтаздай дастарқан жайды, тұздалған сарғыш қиярды ағаш табаққа толтыра салды, бір таба нан мен қара тұз салынған тостағанды әкеп қойды.

Үй іші көктемдегі сияқты дымқыл сыз. Шіріген терінің күлімсі иісі өкпені атады. Ауыздан шыққан дем булана бұрқырайды.

Әулие-әмбиелерге, аруақтарға тие берсін айтып, екеуі шарапты іше бастады.

Кішкентай қыз жалаң аяғын астына жиып, сәкіде нанның қабығын жеп отыр. Жуырда ғана мішімдеген арық мысық қыз аяғына сүйкенеді. Қыз жып-жылы, жұп-жұмсақ мысыққа көгілдір көзі жәудіреп, аңыра қарады да, нанның шетінен бір жапырағын сындырып, мысыққа тастады.

Мысық тап бір тышқан ұстап алғандай бырылдап, қақалып-шашалып, басын сілкіп тастап нанды соғып жатыр.

— Мырзасынуын қара мұның! Хайуанға нан тастайды. Бұл барып тұрған көргенсіздік! — деді үй иесі.

Қыз жауап қатпады, ал солдат болса, үй иесіне дүрсе қоя берді.

Мен сияқты мыңдаған солдат патша ағзамның қызметінде, сорлы басыңмен сен соны білесің бе? Мемлекетті ұстап тұрған солдат!

— Бәсе, кез келгеніңді сілейтіп, сабап жататыны содан екен ғой. Сен одан да өзіңнің шыққан тегің қандай, — соныңды айт, — деді үй иесі.

Қайдан екенім есімде де жоқ, — деді солдат дәудірлеп. — Құдай ақына ұмытып қалыппын. Бір нәрсені ғана ұмытпаймын - мені айдап бара жатқанда, шешем бұйра талдың астыңда күнге қарап шоқынып жатты. Менің шешем цыганка сияқты асқан сұлу әйел еді.

— Иә, соқ өтірікті, көңіл шіркінге о да бір медеу ғой, — деді үй иесі. — Жұрттан жинаған қайыр-садақаны қайда құртасың сен осы. Қарның тойып ас ішпейсің. Қызыңның түрі анау шөлмектей бозарған, құлағынан күн көрінеді.

Оның өзі бір мылқау сияқты, — деді солдат. — Тек маған бола қайыр сұрайды. Ал, жай уақта жұмған аузын ашпайды. Катька? — деді ол дауыстап. — Шарап ішесің бе?

Қыз мысыққа қараған күйі, басын шайқап отыра берді.

— Әй тыңда! — деді солдат дауыстап, күректей алақанымен үстелді қойып қалып. - Менің сөзімді тыңда, көрмедік! Тарутин түбіндегі шайқаста мені командирдің өзі құшақтап тұрып сүйген! Miнe, Егорьев айқышын көріп тұрсың ба! Оны көргенде жалпайып жатып алмай, ұшып түрегелуің керек. Бұл айқышпен мен патша сарайына сұраусыз кірем, ал күзетшілер болса, бетімнен қаға алмайды. Кіріп барып, күзетуші генералға: "Бар, патша ағзамға айт, пәленшенің баласы, кәрі солдат сізден көмек сұрай келіп тұр де" деймін. Сонда генералыңыз қыңқ ете алмайды. Тек ордендерін сылдыратып, патша ағзамға хабарлауға жүре береді.

— Ойпырмай, ә! — деді үй иесі таңданғансып. — Сөйтіп, жүре береді дейсің, ә?

— Жүргенде қандай! Miнe маған офицер жарты теңге берді. Катька - қара торы келген жас офицер дейді. Кез келгенге жарты теңге бере бермейді. Оны кісінің кісісі ғана алады, бауырым. Мен Кутузовтың өзін көрген адаммын. Қолбасшының өзін! Жалғыз көзді генерал. Арыстандай күдірейген. Атпен құйындатып шаба жөнелгенде төбесінде жалау желбіреп, "Ура" деген дауыс жер жарып, Мәскеуден естілетін. "Жігіттер, Отан үшін жан пида! Отан үшін жан пида!" деп айқайлайтын бізге.

Солдат аузы-басы кемсеңдеп, жылап жіберді. Ол сіресіп отырған күйі, кеудесіндегі қарайып кеткен Георгий айқышын ұстап, үнсіз егілді.

— Итшілеп күн көргеніміз болмаса, бәріміз де батырмыз ғой, — деді отағасы күрсініп. — Одан да шарап ішсейші, сабазым. Солдат көңіл көтеруі керек. Устав бойынша.

— Құдай біледі, дұрыс айтасың, — деді солдат қинала қырылдап, оның жүзі күреңітіп қабара берді.

Ей, оңбаған, камариннің мұжығы!

Өлеңіне орай үстел астыңдағы аяғымен еденді қинала бір теуіп қойды.

Аударған Әбілмәжін Жұмабаев




Жүктеу батырмасы 50 секундта ашылады!!!




KZ / Қазақша Әңгімелер жинағы, әңгіме Константин Паустовский Телегей тасқын туралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Константин Паустовский Телегей тасқын на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке, әңгіме Константин Паустовский Телегей тасқын туралы ангиме казакша рассказ на казахском рассказ Константин Паустовский Телегей тасқын на казахском языке ангиме скачать бесплатно қызықты әңгімелер балаларға арналған кызыкты ангимелер балаларга ар, Әңгіме: Константин Паустовский | Телегей тасқын ғибратты әңгімелер ғибратты әңгімелер вк ғибратты оқиғалар ғибратты сөздер гибратты ангимелер