Informational and educational
portal №1 in Qazaqstan.
» » » Әңгіме: Балғабек Қыдырбекұлы | Сырқат әйел

Әңгіме: Балғабек Қыдырбекұлы | Сырқат әйел

Әңгіме:   Балғабек Қыдырбекұлы | Сырқат әйел казакша Әңгіме:   Балғабек Қыдырбекұлы | Сырқат әйел на казахском языке

Баққа бөленген әдемі қаланың ортасына салынған емхана бір көшені бір-ақ алып тұрады. Оның көше жағына қараған беті дәрігерлер науқас адамдарды қабылдайтын бөлмелер де, аула жақ беті ұзын зал. Ұзын залдың бойына қойылған отырғыштардың босы көп болғанымен қабылдау кабинеттерінің бәрінің алдында адам баршылық. Адамның ең көп отырған жерлері құлақ, мұрын, тамақ ауруларын, көзді, тісті қарайтын кабинеттер алды. Ұзын залдың ашпалы терезелерінің барлығы ашық. Осы ашық терезелерден таңертең соққан самалмен бір хош иіс келеді де, адам мейірін қандырмай жоқ болады. Сусап отырғандарға зор сабадан бір-бір тостағаннан қымыз беріп бір жайқар келіншек ізінше қайтып шығып кеткендей болып тұр. Жанға сая көктемнің лебі отырған науқастарға табылмас шипадай сезіледі. Самал тағы да, ессе игі еді деседі, отырғандар;

Залдың. кіре беріс есігі кең ашылды да, денесіне жабыстыра тіккен қалың күрең қызыл көйлегі бар бір әйел көріне кетті. Ол есік жабылар — жабылмастан залдың оң жағына қарай тез басып жүріп берді. Осылай қарай бұрылуымен одан хош иіс бұрқылдап, терезеден келген лепке жарымай отырғандардың мұрнын жарып жібере жаздады. Ол құлақ, мұрын, тамақ ауруларын қарайтын кабинет алдынан аяғындағы өкшесі дірілдеген жылтыр қара туфлиін шажамайын шиқылдата, екі қолын артына лақтыра тастай сыпыртып өте шықты. Құлақ, мұрын, тамақ ауруларын қарайтын кабинет ең түкпірде еді. Бұдан былай кабинет жоқ болса да ол етіп барып бұрыштан кілт бұрылып, қашаған қуып үйренген қысыр биедей өкшесінен қайтты. Туфлиін шиқылдатып бері жүрді. Екі құлағын кезек басып шыдай алмай шеткерірек отырған орта жастағы Ерекеңнің беті тыржың ете түсті. Оған жалғас отырған қартаңдау әйел де татып кеткен айран ұрттан алғандай мұрнын тыжырып, бет-аузын қатпарландырып, аулын ырсита қойды. Көзі әлгі әйелде.

Әйел отырғандарды хош иіске бөлеп, олардың тура ортасына келіп тоқтады да:

— Соңы кім? — деді өзінен-өзі күліп. Неге екені белгісіз оның он жақ езуі жоғары көтеріліп, аузы қисайып кетті, керқызылдап жаққан далабы екі құлағына аз-ақ жетпей тұрды.

— Мен,— деді шетке жаңа келіп отырған әйел сыпайы ғана.

— Мен сізден кейін, — деді де әлгі әйелдің оң жақ езуі тағы қисая берді. Он жақ езу көтеріліп, әдемі қыр мұрыны оң жағына қисайып, оң жақ көзінің алды, арты әжімденіп, көзі шапыраштанып қалды. Керқызыл езулер тағы да екі құлаққа жете бергенде еһ-һе-һелеген негізсіз, қисынсыз күлкі шығып барып тоқтады. Бұл жолы оң жақ езу жоғары әжептәуір көтерілгендіктен әйелдің ақыл тісінің алтын екенін отырғандардың бәрі де көрді.

Әйелге отырғандар ығысып орын ұсынды. Ол орындыққа бір қырындап отырмақ болды. Сыптай етіп, жабыстыра тіккен түймелі қызыл күрең көйлек оның отыруына қарсылық білдіргендей тырсиып, икемге зорға-зорға келді.

— Әй, осы көйлектен көрген қорлығым-ай, таңертең салқындау болған соң киіп шыға салып едім,—деп әйел сықылықтай күліп алды. Бірақ оның күлкісі тырысып-бырысып отырған науқас адамдардың. арасынан қоштаушысын таба алмай, жалғыз, ерсілеу естілді. Оның күлкісі естілгенде анау шеттегі құлағы ауырып отырған Ерекеңнің танауы тағы тыржың ете қалып, сол құлағын қоя салып, оң құлағын басты. Оның күлкісін ұнатпай қалды ма, әлде білгісі келді ме, Ерекеңнің жанына тақау отырған қартаңдау әйел:

— Қай жерің ауырады, келін?— деді.

— Ибай, келіні несі, қызым деп сөйлемейсіз бе!?— деді де, ол сауалды жауапсыз қалдырды. Сонан соң іле жанындағы әйелге бұрылып:

— Мына бір құлағымның,— деді ол, оң құлағын ұстап,—сырғалығы ауырып жүргені. Мына бір сырғасы құрғыр да басып бара ма, қайдам. Соны дәрігерге көрсетейін деп едім.

Ол қолын құлағынан ала бергенде алтындаған үлкен дүмбір сырға екі құлағын басып, шайқалақтап кетті. Отырғандарға ауру нақ осы сырғада тұрғандай көрінді.

Аздан кейін ол орнынан тұрып, көз одан тіс ауруларын қарайтын дәрігерлерге де кезек қойып келуге жөнелді. Содан жарты сағат өткенде қайта оралды, әрі самбырлай сөйлей келді.

— Жеңгей, біреу келсе, артымда бір адам бар деп айта салыңыз, мен үйге барып келе қояйын, ыстықтап, қапалап барамын.

Жеңгей өзінің тамағымен әуре. Оған жауап та берген жоқ. Ал оның есесіне кезек қоюшы да кезегімнен айрылып қаламын-ау деп қадағаламай-ақ, жауап алмай-ақ жылтыр қара туфлиді шиқылдата басып, тартып кетті. Оның аяғынан шыққан шиқыл отырғандардың самайына біз сұғып алғандай, қабақтарын тыржың-тыржың еткізді.

Күн көтеріліп, үйдің ішінің ауасы жыли бастады. Қызарған күн мен далаға да жан кірді. Ашық тұрған терезенің бәрінен әлдеқалай әдемі жасыл ала көбелек кіріп, далбалақтап, зал ішін тегіс аралап шықты. Шешелерімен емханаға ере келген бір-екі бала қалпақтарын ала, тұра ұмтылып еді, шешелері етектерінен басып, отырғызып қойды. Жасыл ала көбелек қалбалақтап, есікке таман барғанда, іштен ашылған кабинет есігіне соғылған көбелекті үшінші бір бала қалпақпен ұрып алды.

— Мына бір көбелек те емделуге келген бе? — деп қалды біреу езу тартып.

— Мұнда Жынды көбелектер де келеді, — деді Ерекең ызалы күлкімен..

Сәлден кейін жаңағы әйел тағы келе жатты. Бұл тура жанағы өлген көбелекті жоқтатқысы келмегендей, үлдірек гүлді жасыл жібек көйлек киіпті. Екі қолы иығына дейін, мойыны жауырынына дейін жалаңаш. Күн аптабы осынша желең киіндіретін ыстық болмағанымен мұңың екі екпесінен қысып, дем алдырмай келе жатқандай. Тіпті әп-сәтте басы да өзгеріп кеткен. Шашын дудыратып бос тастаған да, оған бір гүлді қиықша орамалды түйрей салған. Аяғы да басқаланып, біз өкше, біз тұмсық аппақ туфли киген. Қадаңдаған жүрісінен көйлегінің етегі делбеңдеп, шашы жалпылдап барады. Тұп-тура жаңағы көбелек.

— Қай бала қалпағымен соғып алар екен, — деп ойлады Ерекең ол отырғандарға жақындай бергенде.— Әсіре қызыл тез оңар, қалбалақтаған жынды көбелек өстіп жүріп отқа түсіп кетпесең жарар...

Жасыл ала көйлек жақындай бергенде осы жерге жаңа ғана келіп, кезек ұстаған жігіт: «О, Беке, сәламатсыз ба?»—деп орнынан атып тұрды. Беке дегенді естіп әйелде де осындай ат болады екен деп жұрт бір-бір қарап қойды.

— Аман. Өзіңіз де сәламатсыз? — деп әйел құбылып, тіпті сызылып қалды. — Ғапу етіңіз, мына емханаға келгендегі нашар түрімді көрдіңіз, алау-далау болып, мына бір жаман көйлекті кие салып ем. Емханада таныс кездесе қояды деп ойламап едім. — Әйел ыржиып, сықылықтап күліп, әрі мүләйімсіп, оң жақ езуін көтеріп, алтын тісін жылтыратты. Баттастыра опалаған ақ құба өңі біресе далап жаққандай қызарып, біресе күлбеттене қуарып түрлі өзгеріске енді. Оның киімі, құбылысы жаңа ғана осы жердей ұшып өтіп, балалар қалпақпен соғып алған көбелекті аңғартқандай.

— Жоқ, жоқ, олай демеңіз, сіз кәдімгі көктем күнінің көбелегіндей құлпырып тұрсыз. Өзіңіз' бұрынғыдан да жасаңғырап кеткенсіз. — Әйелдің көзі күлмеңдеп сәл төмен қарады. Құлағындағы дүмбір сырғасының шайқалақтағанындай, әйел қипаңдап, қиқаңдап кетті. Ол тағы да мақтау сөз айтар ма дегендей үміт те етті, жігіт құрғыр сөзге сараңдық жасады, одан әріге бармай титықтап қалды. Тіпті ол мақтауды әйелдің қатты ұнатқаны, тары да бірдеме айтар ма екен деп тосқаны сонша «тағы бір-екі сөз айтсаңшы» дей жаздап, отырғандар да қопаңдап, қомпаңдап қозғалысып кетті. Жігіт одан әрі жай амандық сұрасып бара жатыр еді, әйелдің өзі әңгіменің бетін өзіне қарай бұрып әкетті:

— Мына бір көйлекті салқын бола ма деп тіктіріп едім, ұнаспайды.

— О не дегенің, Беке. Сіз жаңа шыққан жауқазындай желбіреп тұрсыз. Гүлге қонған көбелек сіздің жаныңызда әдемі емес.

Әңгіменің беті жаңа түзелген сияқты. Нақ осы кезде отырғандардың біреуі:

— Келін, сіздің кезегіңіз келді,- — деді.

— Сіз кіре беріңіз, мен сонан соң...— дей салды келін. Әңгіме кішкене қызып, өткен-кеткен айтылған соң жігіт асығыс орнынан тұрды.

— Айып етпеңіз, курортқа барайын деп, соған дәрігерлерге тегіс көрінуім керек еді. Енді көз дәрігеріне барайын.

Жасыл ала көйлек те асығыс тұра келді.

— Онда жүріңіз, мен де соған баратын едім. Мына көздерім жаз шыққалы бері қаратпай жүргені, соған бір қара әйнек алуым керек еді.— Әйел бастап жүрді. Оның екшесінің дыбысы тық-тық етеді. Ол дыбыс аурулардың шекесін құрыстырып барады.

— Соны кім? Менің кезегім өтіп кеткен екен, жарайды, Ақан, мен сізден кейін-ақ бола салайын. Сіз отыра тұрасыз ғой. Күн кешкіріп келеді. Mен үйге барып келе қояйын.— Оң жақ езуін көтерем дегені ме, әйел оң жақ көзін қысып қалды, ін аузынан көрінген суырдай алтын тіс жылтың етті.

Жігіт «жарайды, жарайдыдан» артық сөзге бармады. Әйел тық-тық басып, тіс дәрігері жаққа қайқаңдап бар-ды да, оның алдымдағы шоғырланғандармен бірер ауыз тілге келіп далаға бет түзеді.

Түс ауын күн екіндіге таянып барады. Емхана есігінен кірген қан қызыл көйлекті әйел онға бұрылып, қолын артына көбірек сермей, құлақ мұрын, тамақ ауруларын қарайтын кабинет алдына бір соғып, көз дәрігеріне келді. Одам тоқтамай тіс дәрігерінің кезегін күтіп отырғандарға жетті. Бұл кезде Ақан тіс дәрігеріне көрініп, кабинеттен шығып келе жатыр еді.

— Япыр-ау, Ақан, сіз тіс дәрігеріне көрініп үлгіргенсіз бе?

Ақан жаңа таныды. Алдында тұрған бағанағы өзінің «Бекеңі». Тіпті басқа. Бағанағы жасыл ала көйлек жоқ, қан қызыл жібек киген, шашын тас төбесіне тікірейтіп түйіп тастаған. Дүмбір сырғаның орнына құлаққа жабысып тұратын қызыл қоныздың суреті. Қолында торлап каучуктен тоқылған қызыл қапшық. Аузын да... Қысқасын айтқанда, басынан аяғына дейін батар күндей қып-қызыл. Ақан таңырқап қалды. Қалай өзгеріп кеткен? Жаңа ғана жап-жасыл көбелек еді, енді қырдың қызыл түлкісіндей жайнауын! Пай-пай, Бекең-ай!

— Я, я, үлгіргенім. Сіз көз дәрігеріне бардыңыз ба? — деді Ақан сасып қалып.

— Жоқ, кезегім өтіп кетіпті. Көзден өлетін емеспін, Ақан. Мына бір тісім зырылдап жел тигізбей тұрғаны. Алдымен соны қаратайын деп ойладым. — Ол ыржия қойды да, аяғында сықылықтай жөнелді.

— Я, я, атай көрмеңіз, бәрінен де тіс ауруы жаман, тісіңіз ауыра көрмесін! Соған көрінгеніңіз дұрыс, — деп Ақан далбарақтап шынымен сөйледі. Ақан жылыстап кетпек болды. Нақ осы кезде саусағын салалап, сол қолын құлаштай сермеген Бекең Ақанға бұрылды.

— Күн болса кешкіріп қалды. Бір күнге өлмеспін. Мен де ертең-ақ келсем. Оның үстіне жұқалау киініп келіп едім, кешкі салқынға ұрынып қалып жүрем бе деп тұрмын.

Бекең Ақанмен қабаттаса далаға беттеп бара жатты. Отырғандар таңданып қалды.

— Ертеден кешке дейін дәрігерге келіп, біріне кірмеген бұл әйел кім? — деп сұрады тіс ауруынан ұрты ісіп кеткен ер адам.

— Соны танымаушы ма едіңіз, кәдімгі қалаға белгілі Бекбике деген осы ғой.

— Сырқат әйел ғой, — деді күліп бір жігіт.

Жұрт Бекбикенің ізінен көз алмай қадалып қалды. Ол шерменде ешнәрсе білмей кердеңдей басып бара жатты. Терезеден түскен күнмен шағылысқан қызыл көйлек сол батар күндей қызараңдап барып көзден ғайып болды,




Материалдың толық нұсқасын 50 секундтан кейін жүктеп алыңыз!!!!

Автор: araylym94 | 214 | 23.10.2018



Загрузка...

KZ / Әңгімелер жинағы, әңгіме Балғабек Қыдырбекұлы Сырқат әйел туралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Балғабек Қыдырбекұлы Сырқат әйел на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке, әңгіме Балғабек Қыдырбекұлы Сырқат әйел туралы ангиме казакша рассказ на казахском рассказ Балғабек Қыдырбекұлы Сырқат әйел на казахском языке ангиме скачать бесплатно қызықты әңгімелер балаларға арналған кызыкты ангимелер балаларга арналган ин, Әңгіме: Балғабек Қыдырбекұлы | Сырқат әйел ғибратты әңгімелер ғибратты әңгімелер вк ғибратты оқиғалар ғибратты сөздер гибратты ангимелер