Жыламасын аруақтар ұмыт қалып

 Жыламасын аруақтар ұмыт қалып

Рахман Мереке
10-сынып, №20 С.Сейфуллин атындағы мектеп-гимназиясы
ОҚО, Сайрам ауданы, Ақсукент ауылы
Жетекшісі: Дермисалиева Эльмира

Мұқағали атамның айтқаны рас,
Көптеген аталардың қайтқаны рас.
Азайып бара жатыр ардагерлер,
Қан кешіп Отан қорғап, жайған құлаш.
Жылына бір рет айтып, есіркейміз,
Оған да шүкір айтып, көнгендейміз.
Осылай тағы 10 жыл жүрер болсақ,
Аталарды шарқ ұрып, емге іздейміз.
Жазайық, айтпайықшы, ұмытпайық,
Жыламасын аруақтар ұмыт қалып.
Болашаққа тұмар етіп ап жүрелік
Көтеріп, көкке қарай ұран салып...
Автордан
Көздің жасы, маңдай тер, аққан қан. Осындай алапат күшпен келген Жеңіс біздің бойымызға қуат беріп, Отан ананың қадірін асқақтата түседі. Себебі осы соғысқа аттанған әрбір ер азаматтар «Анамды қорғаймын, жау қолына бермеймін!» - деп аттанып еді. Сол аталарымыздың қатары жылдар өткен сайын сиреп барады. Әрине, өте өкінішті. Бұл соғысты көзіміз көрмесе де, жүрегімізде үлкен орын алады. Осындай азат әрі еркіндікті ту еткен елде өмір сүріп жатқаным үшін Ұлы Отан соғысында жер құшқан азаматтарға, Жеңісті алып келген ата-әжелерімізге алғысым шексіз.
Мен де қалыс қалмаспын, елім үшін соғысқа аттанбасам да, елімнің дамуы мен өркендеуі жолында терімді төксем, бұл менің жеңісім болмақ. Жеңіске деген құрмет пен шығармамды осылай бастасам артық етпес. 1941 жыл. Жаз айы. Мектеп бітіруші түлектердің мектеп қабырғасы мен қоштасу кештері өтуде. Шалғын шөбін орып, қыстың қамын ойлап жүрген бейбіт өмір. Жоғары оқу орындарына түсіп, студент атанамыз деп алдарына үлкен мақсат қойған жастардың армандары кенет су сепкендей ғайып болды.
1941 жылдың 22 маусымында таңғы сағат 4-те халық ауыр жаңалықтан хабар алды. Бүкіл Кеңес Одағы радиодан Левитанның дауысын естіп, елдің басына күн туғанын білді. 1939 жылы «Бейбітшілік» келісіміне қол қойған Фашистік Германияның қолбасшысы Адольф Шикельгруб (Гитлер) бүкіл әлемді жаулап алу мақсатымен ешбір ескертусіз соғыс ашты. Соғыс кенеттен басталғанымен Қазақстан бүкіл Кеңес Одағы секілді алғашқы күннен бастап жұдырықтай жұмылды. Кіндік қаны тамған Отанын қорғауға кәрі де, жас та, бала да атсалысты. Елдің амандығы үшін көптеген аналар от майданға жалғыз ұрпақтарын да аттандырды. Көзі мен жүрегін қан тұмшалаған айдаһардың бетін қайтару үшін аталарымыз бен апаларымыз да аянған жоқ. Соғысқа сақадай сай дайындалып келген жау бірлігі бекем бейбіт өмір сүріп жатқан елді жаулап ала алмады. Қара ниетті жаудың жоспары іске аспай, тізе бүкті.
1945 жылдың 9 мамырында Фашистік Германияның Рейхстағына Рақымжан Қошқарбаев Жеңіс туын тікті. Жеңіс! Жеңіс! Жеңіс! – деп көздеріне жас толған жауынгерлердің қуанышты хабарын естіген ел теңселіп, қобалжып, қуаныштарында шек болмады. 5 жыл бойы алапат соғыстың суық пен аштығына душар болған жауынгерлер мен бейбіт күнді аңсаған аналардың арманы орындалды. Жүректері Отаным деп соққан әрбір жауынгердің аты тарихымызда алтын әріппен жазылып, жас ұрпақтың жүрегінде мәңгі сақталуда. Қазақтың әрбір ұлы мен қызы Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев сынды есімдерді жадында сақтап үлгі тұтады. Жер шарының жартысына жуық жерді жаулаған Ұлы Отан соғысының Жеңісіне биыл 71 жыл толғалы тұр. Өткен жылы осы сұм соғыстан зардап шегіп, азаптанған ел абыроймен Ұлы Жеңістің 70 жылдығын кең көлемде атап өтті. Бұл Жеңіс бүгінгі ұрпақтың бақытына оңай жолмен келмегені анық. Ата-бабаларымыздың қаны төгіліп, аналар мен нәрестелер еш жазықсыз құрбан болды.
Ұлы Жеңіске жету жолында біздің Сайрам ауданынан 20 мың 195 еразаматтар қатысқан. Олардың 8 мың 115 – і майдан даласында мәңгіге көз жұмды. Біздің ауданнан 4 Кеңес Одағының батыры шыққан, яғни Ұлы Отан соғысының батыры атанған. Олар: Ботабай Садықов, Таштемір Рүстемов, Зиямат Хусанов, Владимир Вишневецкий. Біз, бүгінгі бейбіт елдің жастары, Тәуелсіз елдің болашағы, майдан даласында Ұлы Жеңіс жолында жан аямай шайқасқан жауынгерлердің рухтарына басымызды иеміз, тағзым етіп, мақтан тұтамыз.
Менің жауқазындай жас жыр шумақтарымды қабыл алыңыздар, Сайрамдық боздақтар!
Сайрам жері салтанат жәннатындай,
Бір кездері өмір сүрді қайғы болмай.
Ұлы Жібек жолының керуені,
Қайтпаушы еді біздерден шайға қанбай.
Мың түрлі жеміс өскен жер жұмағы,
Егінімен жайқалған кең алабы.
Жер жәннаты, ырысы ынтымағы,
Бір күнде келіп еді тамұқ шамы.
Жиырма мың жүз тоқсан бес ер аттанды,
Сегіз мың жүзден асық көзін жұмды.
Бала қалды бесікте іңгәлаған,
Ана қалды жігері болып құмды.
О, боздақтар, рухтарың биік болғай,
Жыр жазамыз сіздерге толғай-толғай.
Одақтың батырлары арада жүр
Жылынып жырымызбен мүлде тоңбай.
Мақтаймыз, мақтанамыз, мадақтаймыз,
Жадымызда мәңгілікке сақтаймыз.
Сайрамнан аттанған боздақтарға,
Мың тағзым, жүректерде гүл шоғымыз.
Әттең, жылдар өткен сайын ардақты ардагерлеріміздің қатары сиреп бара жатыр. Бүгінде соғыс жылдарында тылда еңбек етіп, майданның қажеттілігін, яғни тамағын, киімін, қаруларын дайындап жеткізіп беріп тұрған тыл еңбеккерлері Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңеліп отыр. Бұл оларға деген үлкен құрмет деп білеміз.
Неменеңе жетістің бала батыр,
Қариялар азайып бара жатыр
Бірі мініп келместің кемесіне,
Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр.
М.Мақатаев
Ер есімі - ел есінде мәңгі сақталады. Ешкім де, ештеңе де ұмытылмақ емес.Тәуелсіз Қазақстан елі өз боздақтарын қастерлеп, қасиеттейді! Бейбіт өмірді әкелген ардагерлеріміз әрқашан аман болғай!
Ұлы Жеңістің туы-көк аспанымызда шарықтай бер, желбірей бер!


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі