Ел қасиеті-ер қасиеті

 Ел қасиеті-ер қасиеті

Жамалхан Гүлнұр
7 сынып оқушысы Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласы
Ораз Жандосов атындағы №30 жалпы орта мектеп
Жетекшісі: Оспанова Қалима Абдикаримовна

Соғыс күйретуші күш! Дәл солай! Барды жоқ ететін, тауды жер ететін. Жер бетіндегі тіршілік атаулының бәрін жалмап жұтатын тажал. Сол қанды кезеңді еске түсіріп, елестететін газет-журнал материалдары немесе радио телехабарлар, кинолар аталар ерлігін мақтаныш тұта бізге жеткізеді. Иә, содан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, ешнәрсе ұмытылған жоқ. Ұлы Отан соғысы... Бұл соғыс кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгі қалатын күн. Бұл күнді соғыстың алғы шептерінде қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сан үлгісін көрсеткен ардагерлер тойлайды.
Неменеге жетістің бала батыр,
Қариялар азайып бара жатыр
Бірі мініп келместің кемесіне
Бірі күтіп әнекей жағада тұр, -деп тебіренген Мұқағали мұңында жұмырбасты пенде үшін теңдессіз құндылық ұрпақаралық қимастық сыйластық сезімдері мөлдіреп тұр. Қариялар азайып бара жатқанын әсіресе олардың ортасында Ұлы Отан соғысынан аман оралған ақсақалдарымыз қарасы жыл санап азайып барады емес пе?! Солардың жанымен, қанымен, терімен, көз жасымен, күшімен, ісімен, ерлігімен, атаның туын жықпай, ананың намысы үшін туған жердің топырағын жауға таптатпай, еңіреп жүріп жауды жеңіп, тауын шағып, туын жағап, жеңістің таңбасын басқан күн - Жеңіс күні. Бұл күннің толғағы ащы болса да ,туғаны бар халқы үшін қуаныш болған күн. Сондықтан да бұл Ұлы мереке. Оққа ұшқан қарулас жолдастарың аманатын арқалап, аман оралған ардагер аталарымыздың өздері қорғап ,қорған қамқор болып оралған арттағы қалың елдің қамығып жеткен Жеңіс күнін, біз ұмытсақ та тарихта ұмытылмайды. Ол - өмір заңы. Біз Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңіске ештеңеге теңеспейтін ғажап күшпен жеттік. Ол күш әрине "бірлік". Қаншама халық бір тудың астында бірігіп күштерін бір арнаға салды. Ұлы жеңіс он бес одақтас болған мемлекеттердің ортақ мерейтойы болды.
Москва, сенің іргеңді
Ел,ер болып сақтаймыз
Сенен аяр жан да жоқ,
Барлығы да сен үшін,
Саған қауіп төнгенде
Жау таянып келгенде,
Қамсыз тыныш жатпаймыз
Алпыс ұлттың адамы,
Қол ұстасып үн қосып,
Қорғауға сені дайынбыз, -деп Нүрпейіс Байғанидің өлеңінен халқымыздың Мәскеу қаласына деген ерекше құрметі байқалады. Сол кездегі Кеңес Одағының басқа халқымен бірге жауды талқандап , жеңіске жету ісіне Қазақ халқы да өзінің лайықты үлесін қосты. Қазақстандық жауынгерлер Брест қамалынан бастап Берлинге дейін барды. Олар Сталинград түбіндегі шайқаста, Днепр өткелінде, Москва мен Ленинград үшін болған ұрыстарда ерен ерліктер көрсетті. Қазақ ел басына күн туғанда толарсақтан саз кешетін жауынгер халық. Ұлы Отан соғысының қатпарлары парақтарына үңіліп қарасақ, қазақтардың қанды қырғынға қаймықпай соғысқанына ашық көзіміз жетеді. Оған мысал айқас алаңдарында өшпес ерлік жасаған бес жүз қазақтың Қеңес одағының батыры атағын алғанын айтсақ та жетеді. Торқалы тойдың қуанышы өзі сүйген халқы үшін ерекше болмақ. Найзағайдың жарқылдаған отты ой бар қаһарлы сөйлесе де қайырымы мол , өз мүддесін, ұрпақ мүддесін ойлаған, қара қылды қақ жаратын әділдіктен жаралған ойы тұңғиық, қимылы қылыш, Бауыржан Момышұлы есімі, ерлігі жадымызда мәңгі қалып, өнегесі болашаққа күш, қайрат, рух береді. "Ер есімі - ел есінде",- демекші, бізге жарқын болашақ , бақытты ғұмыр сыйлаған аталар , апалар ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Солардың қасиетті рухы бүгінгі бейбіт тірлігімізге күн нұрындай мәңгі шуағын шашпақ.
Қасиетім менің,
Адалдығым менен ақтығым.
Жаныма қуат
Жүрегімнің таза пәктігі.
Тәңірімнен күнде
Көз жасыммен тілеймін
Өтсем екен деп
Тірі жанға болмай жаттығым, - деп ақын Әбділлә Тәжібаев жырлағандай парасаттылық, адалдық, жүрек пәктігі сияқты ізгі қасиеттерді биік ұстап өткен Қазақ халқы ел басына күн туған қасіретті шақта Отанды қорғауға аттанды. "Адал адам Отанын сүйеді. Адал, ақ жүрекке Отан анасындай. Отанның дегенін істеу - қуаныш, мақтаныш. Отанға деген махабатты бізде өлшеуге болмайды", - деп Баубек Бұлқышев айтқандай, жаратылысынан ақкөңіл, ақжүрек, батыр, намысты халық өз мүддесін Отан мүддесін артық қойып , өмірін құрбан етуден асқан асыл мұрат жоқ екенін, Отанға деген махаббатын осылай дәлелдей білді. Қазақ деген - батыр халық. Ол еңкейгенде еңкейеді, шалқайғанда шалқаяды. Шірене қалса, асқар-асқар тауларына сүйенеді, еңкей қалса, азаматтығына, өзінің парасаттылығына сенеді. Сөйлесе Қазыбек данадай шешендігі бар, Төле бидей көсемдігі бар, айтыса қалса, дауласа қалса Бөгенбайдай ерлігі бар ,Қабанбайдай ірілігі бар, қиыннан қиыстырып жол табар Абылайдай тірілігі бар ел. Қазір өз алдымызға мемлекет, Тәуелсіз ел болсақ та, ол кездегі Кеңес Одағы барлық халықтардың ортақ мемлекет болып есептелгендіктен, батыстан жау шапқанда Отанымыздың абыройын, бостандығы мен тәуелсіздігін қорғауда жаппай ерлік пен қайсарлықтың үлгісін көрсетті. Даламыз қандай кең болса, пейілі де сондай кең, жер қойнауы қандай бай болса, жүрегі де сондай бай халқымыз қан майданда елдік мінездері мен ерлік қасиеттері сынға түсті. Осы жолда қанша ардагер әкелеріміз, аталарымыз бен апаларымыз қанын төкті, жанын пида етті десеңші! Осылайша, біздің халқымыз соғыс барысында бүкіл әлем алдында бар ұлылығымен көрінді. Майданға кеткен талай мыңдаған жұмысшылар мен шаруалардың орнына шексіз қиын, ұйқысыз, ас- сусыз еңбек вахтасында әйелдер мен балалар, мүгедектер мен зейнеткерлер тұрды. Әр отбасының басшысы майданда болды. Сондықтан, сол кездегі адамдарға тәулік бойы жұмыс істеуге тура келді. "Бір минут ішінде сен соғысқа дейін бір сағатта істегеніңді істеуге тиістісің!" деген ұранды ұстанған адамдар қатал тәртіп пен еріксіз қысым көрсетусіз-ақ ұйымшылдықтың асқақ үлгісін көрсетті. Ешқашанда жауынгер ерлігі мен жеңісті еңбегімен соққан еңбекшінің ерен ерліктері ұмытылмайды.
Сол сұрапыл соғыста батырларымыздың сақтап қалған байтақ жеріміз бүгінгі күні дүние жүзі таныған, әлем мойындаған мемлекет болып қалуы біз үшін үлкен мақтаныш, жетістік. Бүгінде біздің азаматтық міндетіміз – болашақта өз Отанымызды сүйіп, еліміздің, жеріміздің адал патриоттары болу. Қазір Республикамыздың дүние жүзінің алдыңғы қатарындағы мемлекеттердің бірі болып, ең бастысы, елімізде бейбітшілік пен ынтымақтың өріс алып, халқымыздың тыныштықта бейбіт өмір сүріп келе жатуы - тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаетың адал да ұтымды тактикасының, үлкен парасат пен биік талғамының арқасында. Сондықтан біз, ғасыр жастары, осындай байтақ елде тұрып жатқанымызға бақыттымыз! Бүгінгі бақытты ұрпағымыз бен Тәуелсіз еліміздің бейбітті өмір кешуі үшін жауынгер батырларымыз екінші дүние жүзілік Ұлы Отан соғысында аса үлкен ерлікпен шайқасады. Апаларымыз бен аталарымыздың Отан үшін от кешкені ешқашан ұмытылмай, біздің жадымызда мәңгі сақталып қалады. Олардың біздің болашағымыз үшін жасаған ерлігін біз құрметтеп, дәріптейміз. Ұлы Отан соғысына қатысқан аталарымыз бен апаларымыздың жасаған ерліктерінен үлгі аламыз. Біз жауынгерлерімізбен мақтанамыз!
Отан сүйер ұлан боламыз!
Мен де адаммын жаралған сүйек, еттен ,
Арым бар, намысым бар жан тербеткен
Қазақтың қарапайым бір ұлымын
Жанымды арым үшін құрбан еткен.
Жарқылдап жау үстінде қаруларың,
Көтерсін қазекеңнің аруағын,
Білсін жау бір ел барын қазақ деген,
Ашынса көрсетпейтін жауына күн!
Қалижан Бекхожин.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?