Қызғалдақ ғұмыр

 Қызғалдақ ғұмыр

Қалдыбай Мир-Ғалым
8- класс, №3 Қарауылкелді орта мектебі,
Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы
Жетекші: Тынышбаева Лиза Жакиповна

Отан басына қауіп төнген қаһарлы соғыс жылдары елін-жерін қорғауға аттанып, мұз жастанып, қар кешкен ерлермен қатар сапқа тұрған қазақтың қайсар қызы азғантай әскери қызметінің өзінде бүкіл халқымыздың қанына тән қасиет танытып, ержүректілігімен, қайсарлығымен, алған бетінен қайтпас табандылығымен келешек ұрпаққа өнеге болатындай із қалдырды.
Ол - Кеңес Одағының Батыры. Көрінген ер шыдас бере алмайтын сұрапылда қан майданның қақ ортасында жүріп, таңдай қақтырар ерлік көрсеткен қыз. Жарты әлемге ықпалын жүргізіп келген Кеңес Одағының барлық ұлттарының бірнеше ұрпағына қайсарлықтың, жігерліліктің, отансүйгіштіктің өнегесі ретінде ұсынылып келген балғын қаһарман. Көшелерге, мектептерге, шаруашылық пен кәсіпорындарға, тіпті кемеге де есімі берілген, ерлігі туралы әндер, дастандар, кітаптар, мақалалар жазылған, сахналық қойылымдар қойылып, келбеті көптеген мүсіндірге, көркем суреттерге айналған адам. Жанкешті ерлігінен соң қазақтың аяулысына, аруақтысына айналып, есімін мыңдаған сәбилерге сыйлаған, өзінің тірі ескерткіштерін есепсіз көбейтіп кеткен қазақ қызы. Фәни дүниеде он тоғыз жасқа тола алмай кеткен бойжеткен үшін осының бәрі осал даңқ еместі.
Қазақ халқының мақтанышы, қазақ жерінің топырағында туған батыр қыз Әлияның туған жерінде, туған елінде оған арнап жылына бір кітап жазылса да аздық етпесі анық. Ақтөбенің топырағында дүниеге келген, сол ел-жұртын ерлігімен тәнті етіп, қызғалдақтай қысқа ғұмыр кешкен аяулы, ару қызымыз Әлия туралы бір толғанып, ол туралы Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында шығармама арқау еткім келді.
Батыр қыз Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Бұлақ ауылында 1925 жылы маусымның 15-де дүниеге келеді. Бұл- патшалы Ресейдің отары болып, езгіні көріп отырған, рухы қамаулы қазақтар еліне ақ пен қызыл болып жағаласқан дүрбелеңнің салып кеткен ойраны енді ғана бәсеңдеп, жұрт қосүрей күйде отырған кез еді. Әкесі Нұрмұханбет жаны сергек, қажырлы ер мінезді, намысшыл жігіт болса керек. Анасы Маржан Молдағұлова - мінезі өткір, аққұба, көзі аялы, ажарлы адам болған. Әлия анасына тартқан көрінеді.
Тағдыр Әлияны әуелі анасынан айырады.1932 жылы әйгілі қолдан жасалған аштық кезінде анасы Маржан алты жасар Әлия мен үш жасар ұлы Бағдатты ертіп, Ақтөбе маңындағы Қурайлыға келіп жүргенде әлдебір бақша қарауылының кездейсоқ атқан оғынан қаза табады. Нұрмұханбет екі баласын Шағырлы ауылындағы қарындасы Қанышаның қолына береді. Ұлы Бағдат көп ұзамай осы ауылда шетінейді де, сегіз жасар Әлияны әкесі енді нағашы ағасына- Әбубәкір Молдағұловтың қолына тапсырады. Әлия нағашысы Әбубәкірдің тәрбиесінде болады. Нағашысы жұмыс бабымен Мәскеуге көшіп барады, Әлия осындағы №163 мектепке қабылданады. Кейін нағашысы оқыған Әскери академия Ленинградқа ауысады да, көшуге мәжбүр болады. Әлия Ленинградта балалар үйіне орналастырылады да, №140 мектепте оқиды. Әлия өз ата- тегіне емес, нағашысының фамилиясына жазылуының себебі қарапайым сияқты, көзі ашық қолы ұзындау Әбубәкір жиенінің құжатын қалаға, өз қолына келген соң әзірлетсе керек.
Әлия озат оқушы ғана емес, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүреді. Әлияның мақсаты ұшқыш болу еді. Ұшқыш емес, ұшуды қамтамасыз ету маманын дайындайтын бөлімге қабылданған Әлия мақсатқа жетпей қоймайтын мінезге сайған- қалалық комиссариатқа үздіксіз жазған өтініштері ақыры қабылданып, Қызыл Армия қатарына алынады. Оны соғысқа сонша құлшынтқан не? Әділетсіздікке, қараулыққа, зұлымдыққа төзе алмайтын мінезі, өмірдің жалпы адами ережесімен келісе алмайтын рухы болар. Соғысқа баруға өтінішті Әлия 1941 жылы маусымның 22-сі күні суық хабар жарияланған күні жазыпты. 1942 жылы Бүкілодақтық Лениншіл Коммунистік Жастар Одағы Орталық Комитетінің бастамасымен мергендер әзірлейтін Орталық әйелдер курсы ашылады, кейін ол мектепке айналады. Әлия осы мектепке қабылданады. «Оны қабылдағысы келмеп еді- бой аласа, өзі нәзік әрі өте жас дескен. Лия қасарысып алып, ақыры дегеніне жетті»,- дейді Әлиямен бірге оқыған құрбысы. Мергендер мектебінде де Әлия үздіктердің бірі болды. Бар арманы жаумен соғысу болған өжет қыз қарысып отырып, дегеніне жетті- майданға аттанды. «Ол өзіне өте қатал қарады, ол өзін ерлікке дайындап еді, дегені болды»- деп жазады кейін майдандастарының бірі. Сол расқа шықты.
Майдан даласында қаршадай қыз ерліктің асқан үлгісін көрсетті. Ерліктің үлгісін неше мәрте көрсеткен Әлия 1944 жылы 14 қаңтарда Казачиха селосы үшін болған ұрыста ерлікпен қаза тапты. Оның соңғы ұраны ана тілінде тасталған. «Алға, бауырлар, Отан үшін алға!» «Ол батальонды ғана емес, бүкіл дивизияны үлкен қатерден сақтап қалды», - дейді Әлияның командирлері. Қандай аяулы тағдыр! Қандай ажарлы Тағдыр!
Әлия туған ауылға ат басын тіреген кім болса да, өз халқының атын шығарған қаршадай қазақ қызының жарық дүниеге шыр еткен жерін, елін көргенде бір тебіреніп, оның аяулы алтын бесігін көргендей бір жасап қалады. Әлияның өшпес ерлігі кейде болуға тиіс заңдылық сияқты көрінеді. Себебі, ол - талай батырларды, билерді күллі қазақ халқына ортақ ұлы тұлғаларды тудырған киелі, аруақты өлкенің өркені. Қарақыпшақ Қобыланды жайлаған, соның зираты, рухы қалған Қобда өңірі ғана емес, күллі Ақтөбе өңірі - Мөңке, Әйтеке, Әжібай сияқты даналардың, Есет, Бөкенбай, Абат сынды аруақты ерлердің, Бопай, Ботагөз ару сияқты даңқты қыздардың мекені. Ендеше Әлияның рухында, ерлігінде тарихи әрі табиғи құнардан келе жатқан құдірет бар. Қазақтың барлық ардақтылары мен аяулылары сияқты Әлияның есімі де тәуелсіз Отанның тамаша болашағына беттеген жас ұрпақтың және бір жарқын құбылнамасы, аяулы өнегесі ретінде халықпен бірге жасай береді.
Әлияның есімін Жанна Д`Аркпен қатар қоюға болар еді. Дәл сондай тарихи жағдайда, дәл сол сияқты сын сағатта француздардың киелісі саналып келе жатқан қыздың ерлігін Әлия да қайталарына шүбә жоқ. Себебі рухтың жаратылысы бір, ал сын сәттегі ерліктің үлкен- кішісі болмайды. Мәселе істелген ерліктің маңызында емес, істеген рухтың табиғатында жатыр. Ал әріге бармай, өз тұстастарымен санап салыстырсақ, Әлия- Бауыржан Момышұлы сияқты есімімен ел біріктірген, өз ұлтының меншікті «Меніне» айналып келген Перизат.
Қазақ атаулының оны ерекше қастерлеп, есімін аялап айтатыны содан. Оның қысқа ғұмыры мағынаға толы. Он тоғыз жылға жетіңкіремейтін уақыт аясына бірнеше кісінің тек ғана мағыналы өткен күндерін әкеп, сығымдап қойғандай. Оның аяулы тағдыры өз ұлтының тағдырының кішірейтілген символы сияқты. Әлия, оның гүлдің ғұмырындай қысқа өмірі мен ұлтының тағдырын қалдықсыз қайталағандай тағдыры, қапасқа қамаулы рухтың бір- ақ сәтте жарқ еткеніне ұқсас ерлігі, біз үшін әлі де жұмбақтау болмысы өзіміз табынып отырған даңқтың дәстүрлі аясынан асыңқырап, біз күні бүгінге дейін елеңкіремей келген, кең Һәм терең мағына- мазмұнға ие екенін аңғарсақ, енді аңғарып жатырмыз.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді
» Елімізде TikTok желісі бұғатталуы мүмкін бе?
» Елімізде су тасқынынан зардап шеккендердің қандай мүліктеріне өтемақы төленеді?