Менің кішкентай Отаным

 Менің кішкентай Отаным

Медеуова Әлия
10 сынып, З.О.Баймырзаев атындағы орта мектебі
Қызылөзен ауылы

Туған жер – адам өмірінде ең үлкен орын алады. Нақты осы жер оны елімен, өткенмен және болашақпен байланыстырады. Міне, сондықтан да тіпті балалық шақтан бастап-ақ адамда отанға деген махаббат сезімі оянады. Әрбіріміз үшін Отан ошақ басынан басталады: мен үшін туған ауыл. Менің Отаным кішкентай болса да, мен үшін қымбат жер Қызылөзен селосынан басталады. Дәл осы жерде менің көңілді де, шаттықты, уайымсыз балалалық шағым өтті. Сол кезде ол маған өте үлкен болып көрінетін . Мұнда көлік сирек жүретін, бірақ теңіз жағасында серуендеп жүретін адамдар көп болатын.. Қазір үлкейдім, бірақ та өмір бойы мен үшін балалық шақтағы туған аула мен көше
– менің кішкентай Отаным. Сонымен бірге мен елімнің бір бөлшегімін, оның бүгіні мен болашағымын.
Туған ауылым туралы ойлана қалсам менің есіме алдымен қазақтың белгілі ақыны Мұхтар Шахановтың:
Тағдырыңды тамырсыздың індетінен қалқала,
Әр адамда өз анасынан басқа жебеп жүрер, демеп жүрер арқада
Болу керек құдіретті төрт ана:
Туған жері-түп қазығы айбыны,
Туған тілі сатылмайтын байлығы,
Туған дәстүр, салт-санасы тірегі,
Қадамына шуақ шашар үнемі.
Және туған тарихы, еске алуға қаншама,- деген өлең шумақтары түседі.Мен ауылымнан жырақтап кетсем күндіз есімде жүретін,ал түнде түсімде көретін Қызылөзен ауылы туралы айтқым келіп отыр.Менің ауылым байтақ Қазақстанның ең әсем жерінде орналасқан.Олай дейтін себебім Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданының кәрі Каспий теңізі бойында орын алған менің ауылыма кірер тас жол төбеден құлау жерден жүргізілген.Ал енді көз алдыңызға елестетіп көріңізші:төбеден құлар кездегі ана шеті мен мына шетіне көз жетпейтін көк теңіздің жағасында тау-тастың арасында орналасқан шап-шағын әдемі ауыл.Мен соы көріністі ауылға қайтар кезде қаншама рет көрсем де, сонша рет тебіренбей отыра алмаймын.
Белгілі ақын атамыз Ж. Молдағалиев:
Өткеніңді еске алсаң,
Өскеніңнің белгісі.
Өткеніңді ұмытсаң,
Өшкеніңнің белгісі,-демекші мен ата-бабаларымыздың қаны төгіліп ,одан беріде Ресейдің 300 жылдық боданынан аман қалып,тәуелсіздік алғаннан берідегі тар жол ,тайғақ кешуді басымыздан өткізіп ,енді ғана кеудемізді тік ұстап, Қадыр атамыз айтқандай «мың өліп,мың тірілген» қазақ екенімді зор мақтанышпен «айта бергім келеді,айта бергім»!
Біздің ауылда 150үй түтін түтетіп отыр,1207 адам есепте бар.Аулымызда қазіргі заман талабына сай әкімдік,мектеп,селолық фельдшерлік амбулаториялық пункт,пошта үйі,мектеп жанындағы мини-центр жұмыс жасайды.Мектеп ғимаратын 2004 жылы «Аджип» компаниясы спонсорлық көмек негізінде салып берген.Мектебім Қазақстанға еңбегі сіңген қоғам қайраткері Зұлқаш(Зұлқарнай) Баймырзаев атында екенін мен ерекше айтқым келеді. З.Баймырзаев Ақпан төңкерісінен кейін Маңғыстауда уездік соттың тілмашы әрі қағаз көшірушісі, кейіннен кеңес қызметкері, Адай, Табын ревкомының төрағасы болды. 1921 – 25 ж. Мәскеу коммунистік университетінің тыңдаушысы, Адай уездік ОГПУ бастығының орынбасары. 1925 – 29 ж. Түркістан мен Шалқар уездік комитетінің хатшысы, Ақтөбе губкомы төрағасының орынбасары, Қарқаралы окр. аткомының төрағасы, Гурьев округ партия комитетінің хатшысы болды. 1932 ж.
Мәскеудегі Тимирязев атындағы ауылы шаруашылық академиясының балық шаруашылық институтын бітіріп, ихтиолог -инженер атағын иеленді. 1933 ж. Орта Азия саяси секторының нұсқаушысы, 1934 – 35 ж . Бүкілодақтық «Рыбоплодэкспорт» бірлестігінің Ленинград бөлімінде және Сыртқы істер халық комиссарының шет елдер бөлімінде жауапты қызметкер, 1936 ж. Керчь мемлекеттік балық тресі бастығының орынбасары және бас инженері, 1937 ж. Қырым АКСР-інің Балық өнеркәсібі бас басқармасының орынбасары қызметтерін атқарған. Зұлқаш атамыз сонау алмағайып кезеңнің, өткен ғасырдың 30 шы жылдары орыс-украин арасында Қырым өңірінде қызмет еткен қазақтан шыққан жалғыз азамат.Атамыз қоғам қайраткері бола тұра өзінің ихтиология саласындағы жұмысын да қоса атқарған.Сол Қаратеңіз жағалауынан Каспий теңізіне кефаль балығын алып келіп жерсіндерген.Қазіргі таңда осы кефаль балығы Маңғыстау өңірінен экспортқа шығатын қызыл балықтан кем түспейтін өнім болып саналады. Кефаль өсіру мейлінше жемісті болды. Қазіргі кезде Каспий теңізінің фаунасында 854 түрлі балықтар мен басқа да су жануарлары болса соның екеуі сүйекті балықтар класы-кефаль туысына жататын – «сингиль», «остронос» Каспий теңізінің акваториясына тұтастай таралған кефаль түрлеріне айналды.Атамыз өз басы қатерде жүрсе де өмірінің соңғы күндеріне шейін халқы үшін аянбай қызмет етіп,ғылымнан да қол үзбеген. Әлем ойшылдарының бірі , мемлекеттік қайраткер Әбіш Кекілбаев ол туралы: «Ол қиян түкпірде туып, қилы заманда күрескер жігерімен, зеректігімен биік адамгершілігімен ерекше көзге түскен арыс. Тағдыр мен тарих оны ең қиын шайқастар мен сайысқа салды. Соның бәрінен абыроймен өте алды... Сауатсыздықпен енді күрес бастап жатқан қыр қауымынан әлемдік державаға айналған іргелі елдің танымал қайраткеріне дейін шарықтап өскен жарық жұлдыздардың бірі. Өз халқына қылаудай қиянат жасамаған адал перзент. Тоталитаризм ұлттық кемелденуімізге қаншалықты қиянат жасағанын осы бір айрықша талант қажымас жігер иесінің көрген тауқыметінен-ақ анық аңғаруға болады».
«Тұлпар тұяғымен текті» дегендей оның баласы Жан-медицина ғылымының докторы, қызы София да Медициналық инситутын бітіріп , ұзақ жылдар республикалық емдеу мекемелерінде қызмет еткен . Олардың балалары (Талап,Ескендір және басқалар ) мен немерелері демократиялық және құқықтық мемлекет құруға бет алған тәуелсіз Қазақстанда өсіп –өнуде.
Міне,осындай туған жері үшін аянбай тер мен қан төкен аталарымыздың арқасында келіп жеткен тәуелсіздігіміз туын алдағы уақытта биік ұстап, қазақстандық әр азамат көрікті ауыл, келбетті қалада бақытты тұрмыс кешуі үшін аянбай қызмет етуіміз қажет деп ойлаймын..
Біздің ауылдан 15 шақырымдай жерде «Саура» каньоны бар.Мұнда әлемде теңдесі жоқ «Қызыл кітапқа» енген теңіз тасбақасы тіршілік етеді. Батпақ тасбақалары шағын көлдің су кеңістігіне қанағат тұтып паналап, шөл даланың тасбақаларынан оқшау мекендеп, барлық адамдар өмірінде өзінің жартысын іздеуде. Маңғыстаудың көне көз қариялары Саура шатқалынан елу метрдей жердегі Саура өзенінің екінші жартысы бар екендігін біледі. Кішкене төбешіктен өткен соң, жаңа жолдар мен әсерлі көріністерге қызығушылар жарылған тостағанның екінші жартысын тамашалай алады. Табиғат-ананың сыйлығы тек бұл ғана емес. Көз алдыңызда тұщы көлге жақын жерде тұзды теңіз! Теңіз жағалауы жібектей қайыр топырақпен төселген. Теңіз түбі құм қайраңды, мінсіз тегіс. Ең таң қаларлығы, мұнда өркениет дөңгелегімен және адамзат аяғымен бұзылмаған көптеген ірі ұлу қабыршағын кездестіруге болады. Теңіз тасқынымен пайда болған шағын көлшіктер күн сәулесіне күмістей шағылысады. Кішкентай тамшылары жалғыз көлге әр жақтан ағын су болып құйылып, оның өмірін жалғастыруда. Каньон жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген..Жаз айларында каньон тамашалау үшін облыс орталығынан,басқа аудандардан жүздеген адам келіп демалады.
Мен өз ауылым туралы кішкене ғана шығармамды Елбасымыздың: «Біз кез-келген ұлттың түп-тамыры ауыл жұртында жататынын естен шығармауга тиіспіз»,- деген сөзімен аяқтағым келеді.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді
» Елімізде TikTok желісі бұғатталуы мүмкін бе?
» Елімізде су тасқынынан зардап шеккендердің қандай мүліктеріне өтемақы төленеді?