Менің Қарағандым!

 Менің Қарағандым!

Шалина Айзере
8 сынып, ЖББОМ № 6
Қарағанды қаласы
Жетекшісі: Шунеева А.Е.

Қарағанды маған өзінің шежірелі тарихымен, береке –байлығымен өте қымбат.
Қарағанды - өзіндік табиғи бітім-болмысымен дараланатын, кесек тарихы, оқшау ерекшелігі бар, уақытпен бірге жаңғырып-жасарған мекеннің бірі. "Өткеніңді ұмытсаң, өшкеніңнің белгісі, Өткеніңді еске алсаң, өскеніңнің белгісі!" - деп халық даналығы айтқандай, әлем таныған қаламыздың көне тарихын, мәдениеті мен өнерін біліп, күн санап қанат жайып, көркейіп келе жатқан әсем қаланың бүгінгісіне қуанып, келешегін оймен барлаймын.
Қарағандының әрбір тұрғыны өзін бақытты санайды. Мен де солардың қатарынан өзімді әрдайым көремін.
Кең дала, кең қала асқақтайды,
Тамсандырып күндіз күн, аспанда айды.
Ерен еңбек ордасы – Қарағандым,
Өзіңменен ұштасқан бар арманым! -деп ақынмен қоса менің де жыр төккім келеді.
Жаңа заманның жасампаздық қуаты, халықтың жойқын күшін жақсылыққа шоғырландырар құдіреті – бір ғана осы қаланың дидарынан көрініс тапқандай. Міне, қиялға бергісіз шындық көз алдарыңызда тұр.
Бақ түнеп, қызыр қонған Қарағандым
Баянды бақытыма балағанмын.
Кен қоры қойнауында тұна қалған
Киелі, құт мекені бабалардың.
Шынында да, жарқын заманмен бірге қазыналы Қарағанды да түлеп, жаңғырып, көркейіп, өркендеген. Адамдар сияқты қалалардың да өмірбаяны бар. Қарағанды - сол жаңа заманымызды орнатушы адамдарымыздың күрес жолы, еңбек жолы, ерлік жолы туралы өзінше бір дастан сияқты. Әдетте, біз оны қысқаша ғана көмірлі Қарағанды дейміз. Кезінде қанат жайып өркендеуіне өзек болған да оның мол көмір қазынасы еді. Ал, қазір Қарағанды шахтерлердің ғана емес, машина жасаушылардың, химиктердің , құрылысшылардың, ғалымдар мен студенттердің де қаласына айналып отыр. Кеншілер астанасы – Қарағанды қаласы мәдениеті дамып, саяси өмірі қайнаған ірі өндіріс орталығы ретінде бүкіл әлемге танымал.
Қазақ халқының қонақжайлылығының , кең пейілдігінің арқасында, қазақ жерін басқа да көптеген ұлттар пана етіп, біздің халқымызбен тату-тәтті өмір сүруде . Қаламызда 113-тан аса ұлт өкілдерінен құралған 471,8 мыңнан астам адам тұруы – соның айғағы.
Туған жерді Анам демей не дейін,
Туған жерді панам демей не дейін.
Туған жермен асқақ менің ән-жырым,
Туған жермен асқақ менің мерейім, -деп ақындар жырға қосқан қасиетті өлкеде қазақтың мерейін көкке өрлеткен талай ақындарымыз бен жазушыларымыз өмірге келгені белгілі.
Қарағанды – Қазақстанның орталығы, жүрегі болғандықтан, қазақ әдебиетінде үлкен тақырыптың жыр дариясына айналған. Көптеген ақын-жазушылар көмірлі, егінді, малды құтты өңірдің жаңа дәуірдегі жаңалықтарын, халықтар достығын өздерінің повестерінде, дастандарында, жекелеген өлеңдерінде, очерктерінде, әңгімелерінде жан-жақты бейнелеген. С.Ерубаевтың шахтерлер өмірінен жазған «Менің құрдастарым» атты романы қазақ әдебиетінің жұмысшы тақырыбына арналған елеулі шығармаларының біріне саналады.
Ал ауыл адамдарының, Қарағанды кендері мен цехтарында істеген сан ұлт өкілдерінің іс-әрекетін , мінез – құлқын, үміті мен арманын сөз жүзінде емес, қатарласа еңбектеніп жүріп іс жүзінде көрген, таныған Ғ.Мұстафиннің «Қарағанды» романы Қазақстан келбетін жаңартып жіберген өндірістік өрлеу дәуірінің шындығына қанықтырады.
Батырлық, ерлік жырларының жаңа үлгісін жасаған, қазақ поэзиясын жаңа өреге көтеріп жырлаған танымал майдангер- ақын, жерлесіміз Қасым Аманжолов Ұлы Отан соғысында қаза болған ақын Абдолла Жұмағалиевтің жарқын бейнесін «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасында мәңгілікке жыр етіп қалдырды. Ерлерді есте сақтап, ұлықтау дәстүрін бізге қалдырғанның бірі - осы ағамыз. Ақын ағаларымыз бірін-бірі дәріптеді. Өйткені атам қазақ «Өсер елдің балалары бірін-бірі батыр дейді» демей ме?
Қазақстан тарихындағы екінші жоғары оқу орны және еліміздің бұрыннан келе жатқан ірі университеттерінің бірі - академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті. Ебіней Бөкетов 70-тен астам авторлық куәлікке ие болған еңбекқор ғалым, белгілі жазушы әрі аудармашы.
ҚарМУ-де тек біздің елдің жастары ғана білім алмайды. Университет қабырғасында Қытай, Оңтүстік Корея, Италия, Ресей, Монғолия, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстаннан келген 200-ден аса шетелдік оқушы білім алуда.
Қарағанды өңірінде дүниеге келген С.Сейфуллин өмірде де, әдебиетте де белсенді күрескер болды. Жаңашыл ақын поэзия мен драматургияға көп жаңалықтар енгізді. Өлеңнің түрі мен мазмұнында түбегейлі өзгеріс жасап, қазақ халқының поэтикалық дәстүрін дамытты. Халық әдебиеті материалдарын мол жинап, зерттеулерінде қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жанрлық жағынан жіктеп, идеялық-көркемдік талдаулар жасайды. С.Сейфуллин қазақ әдебиетінен мектептерге оқулық жазу ісіне де қатысқан. Қазақ әдебиетінің кадрларын даярлауға, алғашқы кітаптарын бастыруға көп күш салады. Еліне сіңірген еңбегі еленіп, қаламыздағы драма театрына есімі берілген.
С.Сейфуллин атындағы қазақ мемлекеттік драма театры Бұқар жырау даңғылы бойында сұлу келбетін тік ұстап тұр. Қазақстан Республикасы ғана емес, әлемге танымал театрымыздың репертуары өте бай . Республика көлеміндегі және халықаралық конкурстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Оған театр есігін ашып кіргеннен соң-ақ қабырғадағы ілулі марапат қағаздарды көріп көзіңіз жетеді.
Қала аумағында елудей тарихи және мәдени ескерткіштер бар. Соның бірі – «соқтықпалы, соқпақсыз жерде өсіп», өкініш пен өксігі көп, қайғысы мен қасіреті мол қараңғы қапас өлкеде де ел мұңын «асау жүрегінен» ағыта, шабытты жыр ғып төккен алып Абай атамыздың ескерткіші. Жыл сайын туған күнінде қала оқушылары жиналып, атамыздың өлеңдерін жатқа оқып, ескерткішінің алдында ақын рухына бас иеміз.
... Бұлбұл құстай сайрадың,
Топты көрсең жайнадың,
Көріктей басқан күпілдеп,
Көмекейің бүлкілдеп,
Сөйлер сөзден таймадың,-деп Үмбетей жырау жырлаған, аты аңызға, жыры ұрпағының рухани қазынасына айналған Бұқар жырау Қалқаманұлының ескерткіші өз есімі берілген даңғыл бойында биік тұғырдан қала жұртына ойлана көз тастап тұр. Ешбір уақыт ұзақтығы, мерзім межесінде көмескіленіп, «көзден таса, көңілден ұмыт» қалдыра алмайтын жылдар, елеулі оқиғалар болады. Жерлесіміз Нүркен Әбдіровтің ерлігін кім білмейді?! Ұшағын жаудың аэродромына бағыттап, өз өмірін саналы түрде құрбан еткен ағамызды кейінгі
ұрпақ ұмытпақ емес. Орталық алаңда жау төбесінен жай оғын ойнатқан ұшқыш Совет Одағының Батыры Нүркен Әбдіровтың шырқау шыңға көтеріліп алып, жауына шаншыла түйілген қырандай қола мүсінді бейнесі оның өз есімімен аталатын даңғылда тұр. Ерлігіне мың мәрте бас иеміз!
«Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген халық мақалын мен өзімнің бойтұмарымдай қастерлеймін. Бұл сөзді өзімнің сыныптастарыма ұран қылып, гүлденген Қарағандымның құндылықтарын сақтауға, оған өз үлесімізді қосуға шақырамын. Біздің қазіргі мақсатымыз – сабақты жақсы оқып, үлкендерді тыңдап, табиғатты аялап, еліміздің гүлденуіне кішкене болса да сәбилік жүрегімізбен қолғабыс беру.
Біз - балдырған тең басқан,
Дос құшағын елге ашқан.
Тілегіміз – бейбіт күн,
Ашық болсын кең аспан, - деп ақын ағамыз С.Оспанов айтқандай, менің де тілерім – ашық аспан, бейбіт күн! "Менің Қарағандым" деген асқақ ой, ыстық сезім жүректерінде ұялап, дүрсілдеп соққан жүрек лүпілі «Елім, Жерім, Отаным» деп соқсын! Тәуелсіз, іргесі берік елдің әрбір жас ұланы Қарағандымызбен қалай мақтанса да жарасымды.
Айтармыз талай-талай дастан әлі,
Жанымның туған ел ғой асқақ әні.
Біз үшін Отан деген ғұлама сөз,
Қарағанды құшағынан басталады.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді
» Елімізде TikTok желісі бұғатталуы мүмкін бе?
» Елімізде су тасқынынан зардап шеккендердің қандай мүліктеріне өтемақы төленеді?