Тәуелсіздік - тұғырым
Сценарий тақырыбы: «Тәуелсіздік тұғырым»
Сценарий барысы: «Тойбастар» күйі (хабарланбайды)
1-жүргізуші:
Армысыздар, құрметті ұстаздар, оқушылар және қадірменді қонақтар! Бүгінгі Тәуелсіздігіміздің 24 жылдығына арналған «Тәуелсіздік-тұғырым» атты мерекелік кешімізге қош келдіңіздер!
Тәуелсіздік ең басты құндылығымыз!Тәуелсіздікке қантөгіссіз, бейбіт түрде қол жеткізгеннен кейін ғана елімізді әлемнің өркениетті мемлекеттерінің қатарына қоса алдық. 24 жыл ішінде тәуелсіз Қазақ елін қалыптастырып, нарықтың қиын өткелектерінен аман өткізіп келеміз. Осы кезеңде Қазақстанды дүние дидарындағы ең мықты мемлекеттер танитындай, сыйлайтындай деңгейге жеткізген тұңғыш Нұрсұлтан Назарбаевтай көреген саясаткердің ерен еңбегін дәл бүгін және әрқашанда айтып өтеміз.
Тәуелсіздік күні еліміздің барлық азаматтары үшін орны ерекше мереке деп білеміз, себебі, осынау жүрекжарды қуанышқа толы күнді ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандап, күтумен өтті.
Алтайдан Алатауға дейін ұлан – ғайыр жерді мекен еткен ата – бабаларымыз тәуелсіздікті арман еткен. Осынау кең даланы көк найзаның ұшымен, сом білектің күшімен қорғаған бабаларымыздың аманатын орындау үшін талай боздақтар жанкештілікке барған. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай батырлардан бастап, Иса Досан, Шотан батырлар, беріректе Бауыржан, Мәншүк, Әлия сынды батырлар сол ел қорғауды ұран еткен, сол үшін құрбан болып, ел құрметіне бөленген батырлар.
Ресейдің езгісінде болып, тіліміз бен дінімізден безіп, орыстанғалы тұрғанда Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова сияқты қыршын жастардың құрбандыққа баруы арқасында ғана тәуелсіздік алып, егеменді ел болдық.
2-жүргізуші:
Қазақ халқы еркіндікке жету үшін қаншама қиын – қыстау кезеңдерді бастан кешірді. Мыңдаған жылдық тарихы бар, Қазақстан өз тәуелсіздігін алды. Ал, 1986 жылғы оқиға халықтың есінде мәңгі сақталады.
16 – желтоқсанда қазақ жастары Орталық алаңға шығып, Қазақстан тәуелсіздігін талап етті.
Бұл күн - Қазақстан тарихында тәуелсіз Қазақстан Республикасының туған күні деп алтын әріппен жазылды. Сондықтан да желтоқсан бүкілхалықтық мереке.
Қазақстан жоғары Кеңесі 1991ж. 16 желтоқсанда Қазақстанды тәуелсіз Республика деп жариялады. Екі жүз жылдай патшалық Рессейдің отары, жетпіс жылдан астам Кеңес үкіметінің бұғауында болған Қазақстан егемен ел болды. Міне содан бері 24 жыл!
Тәуелсіздігімізге арналған мерекелік кешімізді еліміздің мемлекеттік әнұранымен бастайық.
Әнұран орындалады
1-жүргізуші:
Армандарды жақындатып тым алыс,
Біздің жаққа жеткен екен жылы ағыс.
Егемендік - ел бақыты, ертеңі,
О, халайық! Құтты болсын қуаныш!
Азат өлкем күндей күлген шығыстан,
Асыл елім жан - жүректі ұғысқан.
Ата бабам аңсап өткен бақытым,
Айналайын, Қазақстан - Гүлстан!
2-жүргізуші:
Кең байтақ, көз жетпейтін жерім менің
Таулы орман, жасыл жайлау көлім менің
Бүгінде бар әлемге даңқың жетті
Тәуелсіз Қазақстан – елім менің
Құттықтау сөз кезегі мектебіміздің директоры Дәндібаев Сағындық Мұхамедияұлына беріледі.
Ән «Туған жер» орындайтын 9 - сынып оқушысы: Текебай Кәусар
1-жүргізуші: Мейіржан, сен білесің бе Желтоқсан оқиғасының шығу себебі не екенін?
2-жүргізуші: Иә, білемін. 1986 жылғы 16 желтоқсанда таңертеңгі сағат 10.00-да бар-жоғы 18 минутқа созылған Қазақстан Компартиясының пленумында елімізді ширек ғасыр басқарған Дінмұхамет Ахметұлы Қонаев орнынан алынып, шеттен келген Геннадий Колбин сайланды. Бұл, әрине, Қазақ халқының наразылығын туғызып, әйгілі Желтоқсан оқиғасын туғызды.
Осы 17-18 желтоқсан күндерін қарапайым ауыл азаматы Лесбек Омаров былай деп жырлайды:
Қасқалдақ ұшып көлінен,
Шүрегей келіп қонған күн.
Қыранды қуып көгінен,
Қарғалар билік алған күн.
«Нашақор» деп, «ұлтшыл» деп,
Қазаққа күйе жаққан күн.
Қақаған күннің ызғары,
Сүйектен өтіп кеткен күн.
Қаракөз Қазақ қыздарын
Омондар бастан тепкен күн,
Озбырлық күшпен тұншығып,
Үміттің оты өшкен күн.
Жанына таппай бір дауа
Ер қайрат қыршын кеткен күн.
Ән: «Қара бауыр қасқалдақ» 8-сынып оқушысы: Зияда Ерлан
1-жүргізуші: Қазақ халқының ең соңғы өліп, тірілуі – біздің халқымыздың қайғы-қасіретіне, сонымен бірге мақтанышына айналған 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы. Осы оқиғаға қатысты деген жалған жаламен 99 адам сотталды. 264 адам жоғары оқу орындарынан, 758 адам комсомолдан, 52 адам коммунистік партия қатарынан шығарылды, әр түрлі жазалар берілді. Қазіргі күнде 16-17 желтоқсандағы оқиғаға қатысқаны үшін жазаланған азаматтар Президенттің жарлығымен ақталды.
Оқушылар сәлемдемесі (3 оқушы)
1-оқушы:
Тұрса да биік өр басын,
Қазаққа бақыт орнасын.
Сексен алтыншы жылғыдай,
Желтоқсан желі болмасын!
Күн кешіп лапылдаған жастарым,
Дүрліктірді желтоқсанның аспанын.
Жерді, дінді, тілді баба дәстүрін
Қорғау үшін көтерді олар бастарын.
2-оқушы
Желтоқсанда шындық жырын
шырқаймын деп шарқ ұрдың,
Желтоқсанда егеменді ел болсақ деп талпындың.
Айналайын, айналайын жас өркені халқымның.
3-оқушы
Орыны ағалардың бізбен толсын,
Сәбилер ағалардың жолын қусын.
1минут үнсіздікпен еске алайық,
Аруақ ағалардың ырза болсын.
(Осы кезде Қайрат, Ляззат, Сабира, Ерболдардың суреттері әкелінеді)
2-жүргізуші:
1 минут үнсіздік
1-жүргізуші:
Ән: «Желтоқсан желі» орындайтын: Хор
Бақытым-Республикам Қазақстан,
Көгінде ақ көгершін, қаздар ұшқан.
Саған жетпес құшағы әлемнің де,
Қыс болса, бір шетінде жаз ауысқан.
Алдарыңызда 11-сынып бишілері тобының орындауында «Қазақ биі»
2-жүргізуші:
Қазақ дейтін менің бір елім,
Жатыр алып жарты дүние әлемін.
Бұл даланы анам жаспен суарған,
Бұл далаға жылап келіп қуанған, -деп Қасым Аманжолов ағамыз жырлағандай, кең байтақ жерімізде Қазақ халқының басынан не өтпеді десеңізші.Талай қиындықты бастан кешірсе де, ешқашан мойымай, күресе білді. Азаттық таңы туатынына кәміл сеніп, үміттерін үзбеді.
Сол күндер ғой жүректің аңсағаны,
Соған шөлдеп, шөліркеп тамсанады,
Өкініш пе, білмеймін қуаныш па
Өз-өзінен жүрегім ән салады.
Ән «Қазақ жастары» орындайтын 9 сынып оқушысы: Орзанбай Мейіржан
1-жүргізуші: «Орнында бар оңалар» демекші, ел орнында, жер орнында, жерге жетер байлық жоқ. Жер болса, ел болады, ел болса ер болады. Ерлеріміздің арқасында «Қазақстан» егеменді ел болып, дүниежүзіне танылды. 120-дан аса ұлт өкілдері тұратын осынау қасиетті мекенде, асқақтаған өлкеде, кеңшілігі керемет дархан дастархандай далада, егіні теңіздей толқыған, төрт түлігі өрбіген, өндірісі өркендеген мекенде өмір сүруші әрбір адам өз Отанын жанындай сүйіп, оның көк байрағын көкке көтеруді мақтаныш тұтады.
Қазақпын, еңселі елмін егеменді,
Кеңейттім кең әлемге керегемді.
Мұхиттың ар жағында жатқан жұрттар
Таныды тепе-тең деп тереземді.
Қазақпын, қойнауы-құт, жері-дархан,
Әнімді бес құрлықтың бәрінде айтам.
Ән: «Атамекен-ай» орындайтын: 9-сынып оқушысы Текебай Кәусар
2-жүргізуші:
Желтоқсан – заман толғағы байтақ даланың,
Шарпыған сәті үміт пен күдік қаланың
Желтоқсан – Қайрат, Ләззат, Сабира
Құрбаны болған жаланың
Ал қоғамның адамнан бар ма асылы,
Кеткенде жоқ құлақтан зар басылып,
Бұғаудағы боздақтары кете барды
Бірі атылып, ал бірі дарға асылып
1-жүргізуші: Ал, қазір көрініске кезек берсек.
Темір тордың ішінде Қайрат өлең жазып отыр. Өлеңін оқиды.
Қайрат:
Қайнама қазақ қамы үшін,
Қарусыз шықтық алаңға.
Алыстан әскер алдырып,
Қырып салды-ау табанда.
Сөйлесем даусым жетпейді,
Кез болдық мынау заманға.
Шовинизм еді ғой,
Басты себеп жанжалға.
Осы кезде екі жендет Қайратты сот залына әкеледі.
Хатшы: Сот келеді, тұрыңдар!
Хатшы: Отырыңдар!
Сот үкімді оқиды.
Сот: -Алдындағы сот нәтижесі бойынша:
Қазақ КСР Жоғары сотының сот мәжілісі залындағы ашық сот отырысында 1987 жылдың 25 мамырына дейін Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбековтың айыптау ісін қарай келіп, жоғарыда айтылған оқиғалардың негізінде Қазақ КСР қылмыстық істер жүргізу кодексінің 287, 299 және 301 баптарына сәйкес сот алқасы Үкім етеді. Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбеков кінәлі деп табылып мынандай қылмыстық жазаға тартылсын.
Қазақ КСР Қылмыстық Кодексінің 60-бабы бойынша 3 жылға бас бостандығынан, 65-бабы бойынша 15 жылға бас бостандығынан айыруға, Қазақ КСР қылмыстық кодексінің 171-1 бабы бойынша ең жоғары өлім жазасына, атуға кесілсін.
Апасы: -Жоқ, бұл үкім дұрыс емес. Менің балам ақ, ол қылмыскер емес.
Хатшы: -Тынышталыңдар. Орындарыңызға отырыңыздар.
Сот: Қайрат Рысқұлбеков ақтық сөзің бар ма?
Қайрат: Бар.
”Ақтық сөз” өлеңін оқиды.
Қайрат:
”Ақтық сөзің не?” – деген,
Бүгін қойды сот сұрақ.
Айтамын оны халқыма,
Жоқ пиғыл менде жасымақ.
Күнәдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар.
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар,
Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар.
”Еркек тоқты - құрбандық”,
Атам десең атыңдар!
Хош аман бол артымда,
Ағайын, туған-азамат.
Артымда қалған ата-анам,
Ел-жұртым саған аманат!
Сот: -Бүгінгі сот жабық.
Екі жендет Қайратты залдан жетеледі. Осы кезде апасы баласының соңына жүреді. Осы кезде Қайрат “Анама” деген өлеңін оқиды.
Қайрат:
Мейірімді ақ жүзіне анамның,
Көңіл жүдеп, көз жасаурап қараймын.
Кешір ана, кешірімшіл едің ғой,
Кемістігі көп-ау мына балаңның.
Кейін білдім, кеш ұғындым, өкінем,
Өкінем де, басымды иіп өтінем.
Кешір, ана, кешірімшіл едің ғой
Ән «Алға, Қазақстан» орындайтын 8- сынып оқушысы: Зияда Ерлан
2-жүргізуші: Қасиетті Қазақстан мекенім,
Ақиқаттың алтын бесігі екенсің.
Елім, жерім, Отаным – бақ-дәулетім,
Болашағым, өнер-білім, өркенім.
Бейбіт өмір тілеймін мен халқыма
Туған тілім шұбарланба жарқыра
Тарихымызда таланттылар көбейсін
Бас иемін ата баба рухына.
Бойымда әні бұлақ жатыр бұрқырап
Сол бұлақтан сыр ағыздым жыр құрап
Тілейтінім барша жұртқа бір ғана
Ырыс, бақыт, татулық пен ынтымақ.
Тәуелсіздік туралы бейнероликті тамашалайық.
Ән: «Атамекен» орындайтын: Хор
(Барша бала артында шығып тұрады, қолдарында шар мен жалауша)
1-жүргізуші:
Ту тігілді халқымның бүгін бағына
Жас өрендер желбіретіп нық ұста
Ғасырларға жалғастырып елдікті
Дақ түсірме ата баба рухына
Үлгі бізге аталардың ерлігі
Ұлағаты өнегесі еңбегі
Тәуелсіздік туын ұстап жоғары
Бүгінгі ұрпақ болар елдің ертеңі дей келе бүгінгі тәуелсіздігіміздің
24 жылдығына арналған «Тәуелсіздік-тұғырым» атты мерекелік кешіміз өз мәресіне де келіп жетті.
Қазақ елім!
Туды жастық дәуірің.
Алғандайсың жұлдызыңның жарығын.
Тәуелсіздік құтты болсын, қымбаттым,
Туған күнің құтты болсын, алыбым!
Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, халқымыздың еңсесі жоғары, егемендігіміз баянды болсын деп тілейік, ағайын.
Келесі кездескенше сау саламатта болыңыздар!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?