Заман, дәуір тұлғасы. Қ.Жұмаділов «Тағдыр» романы . Қазақ әдебиеті, 10 сынып, таратпа материал. 1 сабақ.
1-топқа
Демежан! Әй, Демежан! Демежан деймін... Тұрмайсың ба енді, өстіп шалқар түске дейін жата беруші ме ең?.. Айтпақшы, бүгін сенің ұлықтарға баратын күнің емес пе? — деген Бибінің өзіне таныс назды үні алыс бір жақтан еміс-еміс естілгендей болады.
Бірақ үлкен темір кереуетте арыстай болып зорға сыйып жатқан жас жігіт әлі толық оянбаған қалпында, көзін ашпаған күйі қымтана түсіп жата берді. Балға қонған шыбындай кірпіктері ауырлап, санасы сазға батқандай бірте-бірте бұлыңғыр тартып, тәтті ұйқының құшағына қайтадан ене берген. Осы сәтте келіншегі қайта оралып, күйеуінің табанын қытықтады. Оған да болмаған соң танауын қысып, еркелеп ойнауға кірісті. Тек осыдан кейін ғана, жігіт амалсыз көзін ашып алған. Қолымен қармап Бибіні ұстап алмақ еді, ол сықылықтай күліп, ұзап кетіпті. Үй-іші самаладай жап-жарық. Күн едәуір көтеріліп қалса керек, терезе жақтауынан төр жаққа қиғаш сәуле түсіп тұр.
Демежанның ұйқысы құждың ұйқысындай қатты еді. Солай болатын жөні де бар. Жасы жиырма төртке жаңа келген, денсаулығында титтей ақау жоқ, үйленгеніне әлі жыл толмаған бұла жігіттің таңғы ұйқысынан тәтті не болушы еді бұл дүниеде?! Ол сырықтай ұзын бойымен там төбесін тірей жаздап, орнынан тұрғаннан кейін де керіліп-созылып, буындарын бырт-бырт үзіп, үй ішінде біраз жүрді. Сол бетінде босағада ілулі тұрған ашпалы календарьдың қасына барып, бір парағын тарих қойнауына қарай аударып тастады. Жаңа бетте: «1884 жылдың 25 мамыры. Император Гуансюйдің таққа отырғанына 10 жыл» деген қытайша жазу тұр еді.
Үстіне жеңіл киімдерін іле салып, далаға барып жуынып келді. Бибі шайын жасап күтіп отыр екен. Қай кезде үлгіргенін кім білсін, көшеге шығып, наубайханадан сарымсақтан пісірген тәтті қалаштар, ыстық самса әкеліп қойыпты. Демежан қаймақ қатқан күрең шайдан екі-үш кесе ішті де, шайды асықпай тартатын Бибіні жеке қалдырып, өзі төргі үйге қарай бет алды. Киім тұратын шкафты ашып, бүгін қалай киінсем екен дегендей сәл ойланып қалған. Кенет жақында орыс факториясынан сатып алған Еуропа үлгісіндегі жаңа костюмге көзі түсіп, соны киіп көруге аңсары ауды.
Ол үлкен шарайнаның алдына келіп, өзінің жана киім порымына тосырқай қарап біраз тұрды. Мұндай үлгіні өмірі иығына іліп тұрғаны осы. Сырттай жарасымды көрінгенімен, бойы үйренбегендікі ме, денесін кептеп, тыртысып тартып тұрғандай әсер еткен. Ал өзі былай қарағанда, адамды сұлу аттай сымбатты қып көрсететін, нағыз бозбаланың-ақ киетін киімі... Қазір айнаның әр жағынан: үстінде сарғылт шұғадан тігілген қайырма жағалы костюмі бар, басына сол түстес шляпа, аяғына біз тұмсық туфли киген, еңсегей ірі денелі, қияқ мұртты, аққұба жігіт бұған жымия қарап тұр еді.
Демежан аймақтың губернаторы Ши-амбының қарауында тілмаш болып қызмет істейтін. «Несі бар, бүгін кеңсеге осыны киіп барып, бір көрінейін. Қызық болсын, — деп түйді ол ішінен. — Іші күйгендер тұз жаласын».
2-топқа
Айнаның алдында ары-бері ойқастап тағы біраз жүрді. Бұрын өзі оқушы кезінде де, кейін қызметкер болған шағында да, Маншың төрелерінің салты бойынша, үстіне тік жағалы, өңірі қаусырмалы, жырық етек қытайы қамзол киіп, оның сыртынан етек-жеңі солбаңдаған жібек халат іліп жүретін-ді. Зиялылар үшін бұдан басқа да киім үлгісі болады деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмепті ғой. Үйленгеннен кейін бұрынғы порымын өзгертуге тура келді. Одан жеріндірген — осы Бибі. Күле жүріп, мазақтай жүріп, ол киімдерін тастатты да, осы қалада кейінірек шыққан ноғай сәнімен жаңаша киіндіретін болды.
– Бибі, қайдасың? Бері келіп кетші, — деді Демежан ас үйде ыдыс-аяқ жуып жүрген келіншегіне дауыстап. Әйел көзі қырағы ғой, алдымен соның сынынан өткізуді жөн көрген.
Көп күттірмей босағадан Бибі көрінді. Жасы он тоғыз-жиырмаларға енді келген, ат жақты, екі бетінің ұшында қан ойнап тұрған, тана көз сұлу келіншек есіктен аттай бере күйеуіне көзі түсті де, аңырып тұрып қалды.
– Ой, Демежан, сен қазір кімге ұқсайтыныңды білесің бе? — деді таңданғанынан аузына басқа сөз түспей.
– Иә, кімге ұқсап тұрмын?
– Аумаған консул болыпсың да қалыпсың... Саған баяғыдан бері осылай киіну керек еді.
Демежан қарқылдап күлді. Анада қытайдың шаған мейрамы кезінде Ши-амбы берген қонақасыда бұлар орыс консулы Балкашинмен дастарқандас болғаны бар еді. Бибі соны еске алып тұр.
– Мен Ши-амбы1 да, консул да емеспін. Мен кәдімгі Бибінің күйеуі Демежанмын, — деді жас жігіт лепіре дауыстап. — Қалай мына киім ұнамай ма саған?
– Ұнағанда Қандай! Бұрын ана бір сөлбірейген киімдерін қалмақтың келеңіне ұқсатып, кісінің ішін пыстырушы еді. Міне, нағыз сері болдың да шықтың.
– Әй, білмеймін-ау. Маған шалбары сәл тар сияқты көріне береді. Отырғанда ауы сөгіліп кетіп, абиырымызды ашып қалып жүрмейміз бе?
– Бұрын кең киімге үйреніп қалғандікі ғой. Дағдыланған соң білінбей кетеді, — деді Бибі күйеуінің жаға-жеңін жөндеп жатып. — Ана жылы қызық болған... Мен сорлы он беске келгенше ұлша киініп жүрдім емес пе. Жеңгелерім енді бой жеттің деп алғаш қызша киіндіргенде, мен етегіме оралып, жығылып қала жаздағанмын...
Иә, солай еді-ау, айтпақшы. Бибінің еркек-шора болып жүрген кезін Демежан өз көзімен көрген-ді. Бибі ол жылдары бұған жай балдыз есептелетін. Демежан, әсілі, өзінін жастай құда болған қалыңдығы — Құрман қажының үлкен қызы Мәрияға үйленуге тиіс еді. Бірақ оған қосылуға тағдыр жазбады ғой. Бұл жайлау үстінде қайнына ұрын барып, келінді күзге қарай түсіреміз деп отырғанда, Мәрия іш кірнесінен қайтыс болды. Осыдан кейін Құрман қажы өзінің жақсы құдасы Керімбаймен арақатынасын үзгісі келмей, Демежанды жетіп келе жатқан кіші қызы Бибіге қаратқан...
3-топқа
Ал Бибіні алғаш рет қалай көргені әлі күнге дейін есінде. Мұнын сол ауылға ұрын барып жатқан кезі ғой. Жылқышылармен бірге асаудың құлағында ойнап жүрген «бала жігітті» біреулер сыртынан таныстырып, «Мынау ұл емес, қыз. Сенің туған балдызың. Емшегін мытып ойнамайсың ба» дегенде, бұл сенер-сенбесін білмей, таңырқап қалған. Шынында да, өңі балбұл жанып, көзінен от ұшқындап тұратын, қайсар-қыңырлығында шек жоқ, бұла тентекті анық білетіндер болмаса, ешкім де қыз деп көңіл аудармастай еді... Сол еркек-шора асау қыз тағдырдың жазуымен күндердің күнінде маған әйел болады деп Демежан ол кезде ойлады ма екен?! Қайдағы... Тіпті үш ұйықтаса түсіне кірген емес.
Кейін қалыңдығы қайтыс болған соң, әкесі Керімбай: «Сен енді Құрекеннің кіші қызын алатын болдың» деп хабарлағанда, бұл ер-тоқымын баурына алып, көпке дейін көнбей
тулағаны есінде. Бірақ қанша тулағанмен ата-ана әмірінен асып қайда барасың. Арада екі үш жыл өткенде сол ауылға қайтадан ұрын баруға тура келген. Бұл жолы Бибіні көргенде, тағы да өз көзіне өзі сене алмады. Алдында бұл күткен баяғы тентек еркекшора емес, хор қызындай үлбіреген жас қалыңдық тұр. Бұрынғы әпкесінен әлдеқайда сұлу, әлдеқайда қылықты еді. Жас жігіт ұтылмағанын сезіп, тағдыр қосқан жаңа қосағына құлай берілген.
Әлде сол бір риясыз балалық шақ есіне түсіп кетті ме, Демежан аяқ астынан қатты толқып, келіншегінің аппақ, жұмыр білегінен шәп беріп ұстай алды да, аса бір қызу жалынмен бауырына тартты.
– Жіберші, Демежан, киімің қыртыстанып қалады, — деді Бибі наздана қарсылық білдіріп.
– Мейлі, қыртыстана берсін... Шынында да, сен онда ұл сияқты едін-ау! — деп Демежан ыстық демімен жас әйелдің құлақ түбін дуылдата, алқына сыбырлады. — Айтшы, қазір қыз болып жаралғаныңа өкінбейсің бе?
– Жаным... Екі дүниеде өкінішім жоқ, — Бибі де күйеуінің құшағына тығыла түсті. — Сендер әйелді түсінбейсіңдер ғой... Сендей еркектің қасында өзінің әйел екеніңді сезінудің өзі бақыт емес пе. Тіпті, бүгін өлсем де арманым жоқ...
– Қойшы, ондай жаман сөзді айтпашы. — Демежан құшағын жазып, келіншегінің жүзіне барлай қарады. — Бүгін өнін бір түрлі сынық қой. Бір жерін ауырмай ма?
– Жоға, ауру-сырқаудан аман сияқтымын. — Бибі күйеуінің арыстай кеудесіне қайтадан басын сүйеді. — Тек мына қалаңда ішқұса болып өлетін шығармын. Ауылға апаршы мені... Кетейікші кең сахараға!
Келіншегінің ауылды өлердей сағынып, іші пысып жүргенін Демежан да сезетін еді. Бибі – даланың еркін құсы ғой, тар қапасқа қамалғандай үйренбеген дүниеге қашанғы шыдасын. Жаз шыққалы, әсіресе, Барлықтан қайтқан Керімбай ауылдары Еміл бойынан дүрк көтеріліп, Көкжайдақтағы көктеуге келіп қонды дегенді естігелі, қойы қоздап, ботасы боздап жататын ауыл тірлігі өзінің де көз алдынан кетпей, көкірегін сағыныш кернеп жүретін-ді. Сол бір бұла сезімге Бибінің сөзі қамшы болып, жан дүниесін одан арман алай-түлей етті.
4-топқа
– Жарайды, сәл сабыр ет, бәйбіше. Бәлкім бүгін-ертең ұлықпен сөйлесіп, біраз күн елге барып қайтуға рұқсат сұрап алармын.
– Сөйтші, тілеуіңді бергір. Неден екен, қызыл ірімшікке аңсарым ауып, сілекейім шұбырып жүргені...
– Солай ма... Оныңды әнеугүннен бері неге айтпадың? Құдай бірдеңе беретін шығар! — Демежан Бибіні қайта құшақтап, ауыр шолпы басып тұрған қос өрім қолаң шашынан еркелете сипады. — Асықпа, амандық болса ауылға да барармыз, қызыл ірімшікке де тоярмыз...
Соны айтып есікке қарай беттеген. Әлденеге мерейі тасып, көңілдене шалқып шықты далаға. Бұлар қаланың орыс факториясына қарайтын батыс жағында, Шәуешектегі ең бай саудагер Шәнішевтің қорасында тұратын-ды. Ауласының өзі ат шаптырым. Сәті түсіп тұрғанда жерді молырақ қамтып, бүкіл бір кварталды дуалмен қоршап тастаған. Ауланың төр жағындағы темір шатырлы, еңселі үйде байдың өзі тұрады. Жалпы, Шәнішевтер әулеті өте көп болса керек. Бір шеті Қазан, Семей, тіпті, сонау Омбыға дейін созылып жатқан сауда капиталының бір тармағы енді, міне, Шәуешектен келіп шықты. Жеке бұл қала емес, Үрімжі, Құлжа жақта да сауда дүкендері бар деп естиді. Демежан басқаларын әлі көрген жоқ, мұндағы мол сауданы басқарып отырған — Рамазан Шәнішев дейтін отыздар шамасындағы жас жігіт. Зүлайха деген аршыған жұмыртқадай аппақ, сұлу әйелі бар. Тек құдай-тағала баладан таршылық етіпті... Бір тәуірі, Зүлайха сұлу Бибіні жалғызсыратпайды, бір уақыт өзімен бірге көше аралатып, қала сәнімен киім тіктіріп, әйтеуір ермек тауып жүреді.
Өткен жылы Демежан Рамазан байға аймақ территориясын емін-еркін аралап, сауда жасауға губернатор Ши-амбыдан рұқсат алып берді де, екеуі содан бері достасып кетті. Қаланын шет жағында жұпынылау үйде тұратын Демежанды қоярда-қоймай қолқалап жүріп, ақыры өзіне көрші етіп алды.
Демежан әу баста тиын сауған саудагермен пәтер ақысы жөнінде біржола келісіп алғысы келген. Бірақ Рамазан ашық саудадан қашқалақтап:
– Жақын дос адамнан ай сайын тиын-тебен санап алып жатқанымыз ынғайсыз болар. Сіз сияқты азаматтың маған осылай көрші қонғанының өзі неге тұрады... Егер алда-жалда бірдеңе төлегіңіз келсе, әкеңіз қалаға жүн-тері, мал өткізген кезде есептесерміз, — деп сөз аяғын ұзын арқан, кең тұсауға салды. Содан қайтып араларында бұл мәселе жайында әңгіме болған емес.
Кең ауланың батыс қапталын қаз-қатар созылған қойма-складтар алып жатыр. Одан төменірек қақпаға таяу ат қоралар, арба-шана, отын-шөп тұратын лапас қорғандар. Сол қоймалар маңында қарбаласып жүрген адам шоғырының арасынан Шәнішевті көріп қалды да, Демежан солай қалай бұрылды.
Шамасы, Семей жақтан сауда керуені келген секілді. Көп адам арбаның үстіндегі тай-тай жүктерді қолдаса көтеріп, қоймаларға тасып енгізіп жатыр. Ал ат қора маңында мырзаның өзі бастатқан тағы бір топ кісі сүліктей қос күрең жегілген қоңыр апа күймені тамашалап тұр екен. Демежан қастарына келіп сәлем бергенде, байдың өзі бұған айрықша назар аударып:– Келіңіз, Демежан әпенді. Менің мына жана фаэтоныма көрімдік беріңіз, — деп жарқылдай амандасты
2-таратпа
1-қадам: Төрт адамнан тұратын топта оқушылар шығарманың «Жол торабы» тарауының 1-4 бөлімдерін шолып оқып, белгілі уақыт аралығында оқушылар осы бөлімдерде не туралы айтылғаны туралы болжамдар, ойлар айтады.
Шығарманың осы бөлімдердің сюжеттік-композициялық құрылымын алдымен жұпта, сосын ұжымда талқылау арқылы анықтайды. Басқа топтағылармен бірігеді, олармен пікірлесіп, бір-біріне түсіндіреді.
2-қадам: Өздері оқып танысқан бөлімге сай топ мүшелерінің әрқайсысы тапсырмаларды бөліп алады.
Мысалы:
Шығарма оқиғасы жайлы 2 сұрақ құрастыру.(ашық, жабық)
Шығарма кейіпкерлерінің іс-әрекетінен 2 мысал келтіру.
Басты кейіпкерге 2 сөйлеммен мінездеме беру.
Композициялық құрылымды анықтау.
3-қадам: Оқушыларға көркем шығарманың алғашқы тарауының қалған бөлімдеріне шолу жасай отырып, жұбымен талқылайды.
Топта оқушылар шығарманың сюжеттік құрылымын талдайды:
Басталуы - романдағы кейіпкерлермен, оқиға өтетін жермен, сол кезеңді анықтайды.
Байланысы – оқиғаның болуына себепші болған ойды анықтайды.
Дамуы - шығармадағы негізгі оқиға қалай, қайдан өрбігенін анықтайды.
Шиеленісуі – қай жерде шиленісіп, ширыға түскенін анықтайды.
Шарықтау шегі – әбден шегіне жеткенін анықтайды.
Шешімі – немен аяқталды, шешімі қандай болғанын анықтайды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?