М.Мағауин «Шақан - шері» романы. Қазақ әдебиеті, 10 сынып, дидактикалық материал.


Дидактикалық материал

Шақан-шері

1-үзінді

– Қандай жақсы!.. – деді Шақан керіле есінеп. – Қоқаңдаған, дікіңдеген ешкім жоқ. Тып-тыныш. Дұрыс болды, өңшең шуылдақтан бөліне көшкенім. Рахат. Иен қамыс, кең дала...

Бәрі жақсы, – деді Шақан. – Өте дұрыс болды, қайрылмай тартып кеткенім. Өзім би, өзім қожа. Атам көрмеген қорлыққа мен неге көнем? Атам кимеген ноқтаға неге мен бас сұғам? Дұрыс. Бәрі дұрыс.

Қайдам, – деді Ажар күрсініп. – Төңірек түгел қамыс... Тоғайдан қалың... (11-б.)

2-үзінді

– Бұл шеріде диюдың күші, жынның жылдамдығы бар, – деді жұрт жайланған соң. – Ерлігі мен мәрттігі адамда жоқ. Бірақ өз бетімен тимейді ғой ешкімге. Орманның иесі, қамыстың қожасы. Арғы заманда бұл өңірде арыстан да мол болған екен. Аң патшасы деп аңыз қыламыз ғой. Сол айбынды арыстанды қазақ жерінен айдап тастаған – осы жолбарыс екен. Ханның қаhарынан батырдың қайраты басым түскені сияқты. Енді, міне...Батыр барымташыға айналды. Адам азғанда аң қайтпек. Ана Жалтақ Жантайдың кісі етін жеген жыртқыштан айырмасы қанша... (21-б.)

3-үзінді

– Құдайым адамға өзгеше бір туыс берген... – Құба-мерген қайтадан көтерілді. – Қайраты кем болар, қажыры артық. Айласы кем болар, ақылы артық. Аңның тісі мен тырнағы ғана бар. Сенің бойыңда бес қару. Алыстан атасың, жақыннан шабасың. Күш пен құрал, парасат пен амал өз алдына, адаммен айбар таластырар махұлық жоқ. Мен отыз жыл жолбарыс ауладым. Кісінің қаhарынан ықпайтын жыртқыш көрмедім. Адамның аруағы асқар таудан да биік. Ойлап тұрсаң, хайуанат атаулы жан үшін, тамақ үшін алысады, ал кісі ұлының керегі басқа. Пенденің қасиеті де, қасіреті де осында болса керек... (21-б.)

4-үзінді

Намыс қиын. Жігіттің намысы ғана емес. Рулы ел намысы. «Алаштың алтын туын көтердік деп мақтанатын Шапырашты, Саурық батыр өлген соң шілдің тезегіндей тозды». Бұл рас. Елге сыйлы ердің жалғыз тұяғы еді, қыстаудан қуып, қоныстан аластады, торғай пана тұтар бұта құрлы болмады». Мұнысы былай, не... артық, қорғауға қауқары жетпегені хақ, түре қуған ешкім жоқ. Шатақ шығарған, ағайынға өкпелеп, ауа көшкен Шақанның өзі. «Інін құм көмген тышқандай көрінгенге жем болып жатыр. Бәрі жабылып бір тарғыл мысыққа шамасы келмеді». Бұл – жан төзбес қорлық. Сүйекпен кетер сөз. Рас, әзір ешкім айтқан жоқ. Бірақ айтады. Кешегі, кісі жеген жолбарысты тірі жіберсе. Тым құрыса, қорқытып, үркітіп, осы өңірден аластамаса... (25-б.)

 

5-үзінді

– Ел айтады. – Бозбала аттан түсіп, Шақанның қасына келді. Көксауыр саптама етік, оқалы сары тон киген нәзік бітімді жас екен. Үлбіреген дөңгелек жүз, жапақтаған үлкен қара көз. Бетінің ұшы шыққан күнмен лыпи қызарып, қорғаншақтап тұрып қалды. – Ел айтады, – деді сосын ұзын, қайқы кірпіктерін тура қадап. – Шақан кеше Қоқанды Алатаудан асыра қуған, ханның өзі қайырылып кеңес сұраған Саурық батырдың немере інісі екен дейді. Ағасы жаудан арманда өлген соң, елін аздырған, жерін сатқан жуандардың қорлық, зорлығына шыдамай, жапан түзде жалғыз жортар жолбарысқа айналып кетіпті дейді. Күндіз – адам, түнде – жолбарыс... Шақан-шері!.. Бірақ мен сенбеймін. Әкем айтады: үстіндегі киімі тегіс жолбарыс терісі екен дейді, киім тапшылығынан немесе сән үшін емес, ау кезінде оңайлықпен көзге шалынбас үшін. Жұрттың айтып жүргені сол дейді. Өткен жылы, жоқ, алдыңғы жылы, мен онда әлі кішкентаймын, біреулер көріпті сізді. Әкем іздетті, – таба алмай қалды. Біздің бір жылқышы ізіңізге түскен екен, кәдімгі адамның ізі дейді, содан күн ұзақ жүріпті, сосын кешке қарай... – бозбала Шақанның жел қағып, аяз сорған қызыл шырайлы жүзіне қадала қарап сәл бөгелді, – кешке қарай әлгі адам өз-өзінен жоғалып, жолбарыс ізіне айналып кетіпті...(70-б.)

6-үзінді

«Мені елден айырған»...

Кенет өзін осы жолға түсірген жалмауыз жолбарыс көз алдына келді. Балаға шапқан, әйелді шайнаған кезі емес. Өлім сәті. Өлгеннен соңғы, бұтарлап шабылған сәті. Артқы аяққа шор болып байланған қорғасын оқ. «Жолбарыс өз бетімен кісіге тимейді». Құба-мерген айтқан. Қара батыр айтқан. Атабек ақсақал айтқан. Өзі де көрді. Сонда, жалмауыз кек қуғаны ма? Бір кісіден көрген жапасын бар адамға артқан. Жүрген ізін қанды соқпаққа айналдырған. Бұл да қазаға ұшырады. Қорғасын оқ емес, тас қайғы – екі бірдей қаза жүрек басына түйіртпектеліп жабысты. Бір жыртқыштың кінәсін тарғыл тонды барлық шеріге артыпты. Сонда не тапты?

Кек... Кегі аңда емес, адамда болуы тиіс екен. Елден аң емес, адам айырыпты... (123-б.)

Пайдаланылған әдебиет

  • Мұхтар Мағауин «Шақан-шері» романы, Алматы «Атамұра» баспасы 2005ж.

11-б., 21-б., 21-б., 25-б., 70-б., 123-б.

 

 

 

 

 

 

 

 



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу