Тарихи шындық пен көркемдік шешім. Ш.Уәлиханов «Ыстықкөл күнделігі». Қазақ әдебиеті, 9 сынып, қосымша материал. 4-сабақ.


Ш.Уәлиханов «Ыстықкөл күнделігі» атты зерттеу еңбегі туралы

 Қазақ халқының ұлы ғалымы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың кіндік қаны тамған Құсмұрын бекінісінің ескі жұрты қазіргі Қостанай облысы, Семиозер ауданы «Шөптікөл» совхозының Киров бөлімшесіне үш-төрт шақырым жерде. Шоқан туған жылы Аманқарағай дуанының (округінің) осында ауысуына орай, жаңа дуан да Құсмұрын болып аталып кеткен. Шоқанның әкесі Шыңғыс Уәлиханов сол кездері Құсмұрын дуанының аға сұлтаны болған. Анасы Зейнеп – қазақша хат таныған, өз заманының көзіқарақты қыз-келіншектерінің бірі. Шоқанның туған жері неліктен Құсмұрын деп аталатындығын жазушы Сәбит Мұқанов «Аққан жұлдыз» романының бірінші кітабында: «Бекіністің сырт желкесіндегі қырқаның тұмсығы сағымды күндері алыстан қараған адамға... қонғалы келе жатқан алып құстың тұмсығына ұқсауына қарай...» – деп түсіндіреді.

  Шоқан қырғыз елінде 1857 жылы, Қашқария сапарының алдында болып, 1856-1857 жылдар аралығындағы сапарларының негізінде «Қырғыздар жайындағы жазбалар», «Ыстықкөл сапарының күнделігі», «Қытай империясының Батыс провинциясы және Құлжа қаласы», «Ыстықкөлге бару сапары» атты ел назарын өзіне бірден аударған әйгілі еңбектерін жазған. Шоқанның бізге тікелей қолжазба ретінде жеткен бұл шығармаларында сия, тұш, қарындашпен салған тартымды суреттері де бар. Суреттер әсіресе «Ыстықкөл сапарының күнделігінде» мейлінше мол ұшырасады әрі онда қырғыз бен қазақ халқының сәулет өнері үлгілері салыстырмалы түрде кеңінен қамтылады. Сонымен қатар осы сапар барысында 1856 жылы 18 сәуірде Семейден шығып, таң ата келе Қозы Көрпеш – Баян Сұлу кешенін сырттай көзбен шолып өткен Шоқан жолай Жетісу, Жоңғар Алатауы алабында көп кезігетін ескілікті обалардың Лепсіге дейін тапшы екендігіне көңіл бөледі. Лепсіге келгенде, оның төңірегіндегі молаларға қарап, көптеген тайпалар мен рулар қабат қоныстанатын құтты мекен екендігін жазады. Шелек төңірегіне келгенде, Абылай ығыстырған қалмақтардан қалған қорғанның қираған орнына назар аударады. «Ыстықкөл сапарының күнделігіндегі» алғашқы суреттің қағазға таңбалануын Шоқанның өзі былай түсіндіреді: «Майдың 17-сінде... Біз Торайғыр тауының солтүстік бауырына аялдадық. Қонған жерімізде күздің ызғарындай салқын жел соғып, кеш өте суық болды. Түн бойы қардың төгіліп жауғаны соншалық, Алатау мен Іле атырабы аралығындағы кеңістік құдды бір қыс мезгіліндегідей аппақ түске еніп кетті. Торыайғыр тауының басынан қарағанда, жоғарыда аталған төңірек пен тау шоқыларының көрінісі, міне, мына тәрізді». Автор бұл суретін «Торайғыр тауы шоқысынан қарағандағы көрініс» деп шартты түрде атаған. Шоқан қолжазбасында сиямен немесе қарындашпен салынған суреттеме мен сөзбен бейнеленген суреттеме қатар беріліп, бірін-бірі жандандырып, толықтырып отырады. Тұтас алғанда, қолжазбадағы әрбір жекелеген беттердің композициялық үйлесімі көз тояттарлық әдемі. Мұнан Шоқанның неге болмасын суретшілік көзбен қарағандығын аңғарамыз.

  Сапар үстінде жұлып-жарып кесімді пікір айтып, ғылыми тұжырым білдірмегенімен, Түптен Сарыбұлаққа қарай жүргенде кезігіп отыратын кемпір тастарға айрықша көңіл бөлген. «Көлге қарай Қарабатқақ маңы батпақты жерлер» , – деп жалғастырады. Шоқан Ыстықкөл сапарының күнделігінде «Қарабатқақ пен Саты маңындағы біздің соңғы аялдаған жерімізден шамалы әрменірек Сарыбұлақ атты екі өзен ағады. Мен осы жерден жартысы жерге сіңіп кеткен кемпір тастарды (адам пішіні мүсінделген тастарды) таптым. Бір таңқаларлығы, бұлар жатқан жерде Сібір мен Кіші Ресейде кезігетін қорғандар болған жоқ» , - деп жазады. Шоқан мұнда тас мүсіннің жанында тас қоршаудың болмағандығына таңырқап отыр. Әдетте тас мүсіндердің жанында қақпа тастар, сын тастар қатар кезігеді. Шоқан дәуірінде кемпір тастар бүгінгі таңдағыдай балбал және тас мүсін деп екіге жіктелмеген. Сондықтан Шоқан жазбаларындағы кемпір тас ұғымын балбал мен тас мүсіннің біріккен атауы деп түсіну керек. Шоқан сипаттағандай, жердің Қарабатқақ (Қарабатпақ) аталуының өзінен-ақ ол төңіректің мұнан 130 жылдай бұрын бүгінгіден басқаша болғандығын байқаймыз. Аңыздар мен деректерге қарағанда, Ыстықкөл деңгейі арагідік өзгеріп отырған. Қазір ол жерлердің ылғалдылығы азайып, бұрынғы батпақ орны егін алабына айналып кеткен. Шоқан Уәлихановтың «Ыстықкөл күнделігі» атты зерттеу еңбегі оның нағыз сыршыл, сезімтал нәзік жанды суреткер екендігін көрсететін бірден-бір туынды. 1856 жылы Омбыда Гутковскийдің пәтерінде П.П.Семенов Тянь Шанскиймен танысқан Шоқан Ыстықкөл экспедициясында бірнеше маршрутта онымен бірге болып, қосылып ғылыми жұмыстар жүргізеді. Оған Шоқан «Жоңғария очерктері» атты еңбегінде: «Менің саяхатымды жүрген жерлерімнің сипатына қарай екі кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезең менің Жоңғарияға, Жетісу мен Іле өлкесіне және Ыстықкөлге сапарымды қамтиды... Мен Жоңғарияда бірінші рет 1856 жылы болдым, онда Хаментовский бастаған алғашқы Ыстықкөл экспедициясына қатыстым. Сонан соң Құлжада үш ай тұрдым. Жоңғарияда бас-аяғы бес ай болып, бұл өлкенің Алакөлден Тянь-Шаньға дейінгі аралығын түгел көріп үлгердім», - деген жолдарды келтіреді. Мейлінше қызықты, мейлінше пайдалы еңбек деп танылған «Ыстықкөл сапарының күнделігі» бірер айдың жемісі. Тумысынан ақыл-парасаты асқақ, сезімі сергек Шоқан туған жерінің табиғатына тартқан болса керек... Толығырақ: https://massaget.kz/okushyilarga/uy_tapsyirmasyi/25372

 

 

 

 Шоқанның Аягөзде ізі қалған

 «Біз 18 сәуірде Семейден Аягөзге аттандық»Бір қарағанда Шоқан туралы көп нәрсе белгілі сияқты. Ол бар жоғы отыз жылдық өмірінде Орта Азия мен Қазақстан халықтарының өмірін, тарихын, тұрмысын зерттеу ісінде баға жетпес құнды еңбектер қалдырғаны аян. Олар бүгінде өзінің тарихи мәнін әлі жойған жоқ. 

 Сондықтан да болар Шоқанның қалдырған мұралары табылып, бізге жеткендері кейінгі елу жыл ішінде ғана екі рет бес томдық шығармалары орыс тілінде жарық көрді. Шоқантанудағы тағы бір аса елеулі жаңалық, бұл ғалымның бұдан екі жыл бұрын шығармаларының алты томдығы төл тілімізде шығарылғандығы болса керек. Шоқанның жан-жақты өнер иесі екендігін оның кез келген еңбегінен оңай аңғаруға болады. Соның бірі-жинақы да шымыр шығармасы- «Ыстықкөл сапары күнделігі». Шоқан бұл еңбегін жазғанда бар жоғы 21 жаста екен. Егер Ш.Уәлихановтың ғылыми өмірбаянын жазып кеткен академик Әлкей Марғұлан дерегіне сүйенсек бұл жаста Шоқан Омбыдағы Батыс Сібір генерал-губернаторлығын басқаратын генерал Г.Х.Гасфордтың адъютанты, яғни, жеке тапсырмаларын орындаушы болған.

 Баршаға аян, ұлы жүз қазақтары 19 ғасырдың ортасына таман Ресейге кешірек бағына бастады. Міне, осы мемлекеттік маңызы басым бұл істе патша үкіметі сақ саясат жүргізуі қажет болды. Өйткені, ол кезде бұл аймаққа Қоқан хандығының да ықпалы күшті болатын. Әсіресе, оңтүстікпен іргелес Іле сырты, Ыстықкөл маңында үлкен де күрделі істер өз шешімін күтіп тұрды. Бұл жауапты жұмыстың басын ертелі-кеш қайыра беру мақсатымен Батыс Сібір генерал губернаторы Г.Х. Гасфорд 1856 жылы көктемде патша үкіметінің ұйғарымына орай, Ыстықкөл аймағына ғылыми-әскери экспедиция шығаруға бұйрық берді. Экспедиция жетекшілігіне Ұлы жүз қазақтарының сол кездегі приставы және Алатау округінің бастығы полковник М.М.Хоментовский тағайындалды. Экспедицияның мақсаты-қырғыз халқымен жақынырақ болса да танысу және Ыстықкөл аймағын картаға түсіру еді. Құрамы жүзге тарта адамдардан тұратын экспедицияға Шоқан да енгізілді.  Шоқанның бұл экспедицияға енгізілуінің де салмақты себебі бар. Жас офицер бұдан бір жыл бұрын ғана, яғни, 1855 жылы сол генерал Гасфордпен бірге Орталық Қазақстан, Жетісу, Тарбағатай сапарына қатысып қайтқан еді. Осы сапар кезінде ол генерал Гасфордтың назарына ерекше ілініп, болашақ Ыстықкөл экспедициясы үшін жергілікті адамдардың ішінен оңайшылықпен табылмас маман деген тұжырым қалыптасқан еді.  Шынында осылай болды да. Сібірдің сол кездегі ең жоғарғы әскери оқу орны деп аталатын Сібір кадет корпусын сегіз жылдық оқу бағдарламасы бойынша үздік бітірген Шоқан білімімен, әдеттен тыс зеректігімен маңайындағылардың назарын өзіне аудара білді. Сондықтан да болар, Гасфордтың жеке жарлығы бойынша Омбыдан Семейге, одан әрі Аягөз арқылы 1856 жылдың сәуірінде Шоқан сол заманның ең жүрдек көлігі- тарантас арқылы үш апта ішінде Верный бекінісіне жедел жеткізіліп, экспедицияға қосылды.  Әрине, бүгінгі біздер үшін ұлы ғалым күнделігіндегі сол кездердегі деректер аса қымбат. Бұл орайда ескерер бір жай, Шоқан Омбыдан Семейге дейінгі жол жүрісін қағазға түсірмеген. Ол Семейден шыққан сәттен бастап күнделік жазуды қолға алған. Күнделіктегі Семей мен Аягөз аралығындағы жолдың суреттелуі тым қысқа болса да барынша нұсқа.  Шоқан 20 сәуір күні түнде Аягөзге жетеді. «Аягөз шағын станция, онда Найман руларын басқаратын округтік пристав бар». Саяхатшының үш ай бойы жүргізген күнделігінің желі тартып, өрлеуі де дәл осы сөйлемдерден кейін басталады. Шоқан сипаттаған Аягөз ол кезде қазіргі Аягөз қаласынан сегіз шақырым жердегі қазіргі Мамырсу ауылының орнында болған. Іргесінен Аягөз өзені ағып жатқан осы жерде 1831 жылы кішкентай қыстақтың орны қаланып, жаңадан құрылған округтің орталығы болды.  Аягөз 1860 жылы Сергиополь деп өзгертілді де, содан Кеңес өкіметі тұсында ғана Түрксіб темір жолының бойында ірге тепкен жаңа қаланың атауы болып өмірге қайта оралды. Сергиополь кезінде сауда керуен жолдарының өтінде тұрғандықтан біраз өсіп ұлғаяды. Теріскейінде Семей, түстігінде орта Азия шаһарлары, шығысында Шәуешек, Құлжа қалалары, батысында атақты Қоянды жәрмеңкесінен тартылған сауда жолдарының нағыз түйіскен тұсында орналасқан оған сан бұйымдар артқан керуендер келіп-кетіп жататын.  Семейден бері қарай сусыз, жалаңаш даламен жүріп келген Шоқан , Аягөз аймағында табиғат көрінісінің бірден өзгергенін байқайды. «Шынында да маңайдағы шөлейтті сусыз даламен салыстырғанда Аягөз жерұйық секілді»-деп тегін жазбаса керек. Әділінде Шоқан бұл жерден табиғаттың дүр сілкініп, жаңғырар шағы көктемде өткенді. Ол бүкіл жол бойы масаты көкке қымтанған далаға, енді ғана жапырақ жарған тал, тобылғы, қарағандарға сүйсіне көз салумен болған.

 Шоқан Аягөзден Верныйға қарай қайта жолға шыққаннан-ақ, одан 90 шақырымдай жерде осы аттас өзеннің ар жағында орналасқан халқымыздың тамаша махаббат дастанының кейіпкерлері Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың зиратын көруге мықтап бекінген екен. Сондықтан Шоқан күнделігінің алғашқы беттерінде-ақ: «Мен Аягөзді мейлінше сүйіп, оған таңданамын. Мүмкін, бұл жайында осы өзен жағасында дүниеге келген сұлу Баянның алтын айдарлы Қозы Көрпешке ғашық болуы жайындағы поэтикалық ғажап аңыздың да себебі бар шығар. Біз бұл дастанмен жақсы танысып, зерттеген едік. Ендігі ойымыз-ол жерге таң алдында, ертеңгі таң шапағы теректер мен суды нұрға малындырып, бозторғайлар әндеріне басқанда, зират қасында тәтті ойларға беріле отырып шай ішу еді»-деп жазуы тегін емес.   Бірақ, ат басын әдейі бұрғызғанымен көктемгі өзен суының қатты тасуынан Шоқан зират басына жете алмағандығы да белгілі. Оны да Шоқан күнделігінің өзі баяндайды. Ендеше тағы да күнделікке көз жүгіртелік.«Адам жобаласа да, құдай шешеді. Түні бойы жаңбырдың ірі тамшылары тарантастың шатырына тарсылдаудан тынбады. Батпаққа толарсақтаған аттар аяңға әрең жарап келеді. Бір дауыспен сорғалаған жауынның дыбысын тек шыбыртқының ысылы мен қалжыраған аттардың пысқырынуы, көшірдің жеки шыққан дауысы ғана бөледі. Түн тіптен нашар болды, жүріс те оңбады. Ойлаған жоспарымыз жүзеге аспай қала ма деп қауіптенемін. Көшірден әлденеше рет: - Күн ашылар түрі бар ма?-деп сұрадым. Қара бақайына дейін малшынған көшір мұндайда «жоқ»- деп қоңқ ете қалады да етегіне жиналған суды сілкіп тастап: «құдайдың күні-ай»,-деп тағдырына наразы болғандай үн қатады. Егерде жылдам жүргенде бекеттің пешіне шығып, әлдеқашан ұйықтап жататын көшірді аяймын. Бірақ, сұлу Баянның да аруағын қия алмаймын.  Осылайша біз бір сағаттай жүрдік- Мәртебелім,-деді көшір.-Мола әне тұр! Мен басымды тарантастан шығардым. Күн түнеріңкі бұлттың аржағынан әзер байқалады. Аспанды түгелдей былғаныш бұлттар қаптап алыпты. Жаңбыр бұрынғыша төгіп тұр. Ақ көбік болған аттар сортаң лаймен әзер жылжиды, ол жақтағы өзеннің арғы бетіндегі теректердің бастарынан асып бейіттің сүйір мұнарасы көрінеді, жырақтан ол қызыл қыштан қаланғандай байқалады. Мұндай ауа райында шай ішу, қазақтың көне ескерткішін мұқияттап қарау жайлы ойлаудың қажеті жоқ еді.- Шамасы, өзен тасып жатқан секілді, мәртебелім, өткел бере қоймас,- деді көшір менің ойымды жорамалдағандай.- Ілгері тарта бер, қайтар жолда қараймыз,-дедім де мен тонымды қымтанып, қалғып алу мақсатымен оң жағыма қисая кеттім...»Шоқан күнделігінен бұл ұзақ үзіндіні әдейі беріп отыруымыздың да өз сыры бар. Оның қаламынан орысша шыққан осы жолдарды оқып отырғанда, бізге нақ бір 19 ғасырдағы орыс прозасының үздік үлгілері көлденең тартылғандай әсер беретіні анық. Бұл салиқалы суреттерді жазған кезде ол небәрі жиырмадан жаңа ғана асқан жігіт болатын. Және бұған сіз осыдан тоғыз жыл бұрын ғана оның бір ауыз орысша білмегендігін қосыңыз.Қозы Көрпеш пен Баян сұлу бейітін бұл жолы жақыннан көре алмағанымен Шоқан шамасы оған сол жылы күзде Құлжаға барған сапарынан қайтар жолда соққан болуы керек. Мұны 1856 жылы бейіт жанында тұрған төрт тас мүсінді бейнелеген суреті дәлелдейді.Бүгінгі күндері ғалымдарымыздың Қазақстандағы ислам дәуіріне дейінгі V-Х-ғасырларында сәулет өнерінің бір үлгісі ретінде атап жүрген Қозы Көрпеш-Баян сұлу бейіті ғылым әлемінде талайдан бері белгілі болып келеді. Бұл ретте генерал В.Б.Броневский жазған мәлімет аса құнды. Бейітті 1825 жылы көрген Броневский ол туралы «Балқаш көліне құятын Аягөз өзенінің жағасында қазірдің өзінде жақпар тастардан қаланған пирамида аман тұр. Онда тастан қашалған бір еркек, үш әйел мүсіні бар»-дегенді айтқан.Ал 1858 жылы Қапалға бара жатқан жолында осы бейітке соққан, Қозы мен Баян жайлы дастанды ел аузынан жазып алған Сібір генерал-губернаторлығының чиновнигі Н.Абрамов оны «Мазардың биіктігі алты саржын, төрт бұрышты, есігі түстіктен, терезесі бар, өзі тастан қаланған. Қасында ақ тастан қашалған төрт сурет жатыр. Бірі-Баян, бірі-Қозы, бірі-Айғыз, енді бірі-қыз жеңгесі»,- деп жазған.  Осы жазбадағы мүсіндер жайлы сөздің шындыққа жақындығы бар. Оны біз Шоқан салған суреттен де анық байқаймыз. Суретте үш әйелдің және бір еркектің (басы жоқ) бейнесі бар.   Ал енді, осы тас мүсіндердің кейінгі тағдыры қалай? Кезінде көптеген ғалымдар олардың көне қазақ рулары өнерінің мұрасы екенін ұғып, оны орталық қалалардағы мұражайларға жеткізуге ықыластанады. Әйтсе де бұл ой жүзеге аса алмай жатқан. Мәселен, оларды 19 ғасырдың ортасында Москваның тарихи мұражайына жеткізуге талпынған граф А.С.Уваров өкімет таратынан көмек алмаған көрінеді. 1898 жылы бейітті зерттеген Түркістан өлкесі археологтар үйірмесінің мүшесі Н.Пантусов ол мүсіндердің тек біреуі ғана сынбай бүтін тұрғанын айтады. Шоқанның төлқұрдасы Г.Н.Потаниннің тапсыруымен оларды соңғы рет зерттеген А.Н.Белослюдов: «Қозы Көрпеш ескерткішінің қасында екі рет болдым. Бірақ мен ешқандай тас мүсіндерді көре алмадым... олардың екеуін Германияға алып кетіпті»,-деп жазады. Осы сөз шынында да рас болуы керек. Бір деректе оларды сол 19 ғасырдың соңғы кезінде Африкадағы герман губернаторы Виссаман әкеткен деген де әңгіме бар.Ал Шоқан күнделігіндегі «біз дастанмен жақсы таныс едік»,-дейтіннің де өзіндік себебі бар. Халқымыздың жәуһәр жәдігері болып табылатын «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырымен Шоқан сонау кадет корпусында оқып жүргенде-ақ танысса керек. 1851 жылы (бұл кезде Шоқан 16 жаста) өз әкесі Шыңғыспен Құсмұрында осы жырдың өздері естіген нұсқасын тұңғыш рет қағазға түсірген. Ал бұдан кейін де Шоқан белгілі жыршы Жанақтан осы жырдың екінші нұсқасын жазып алған. Сондай-ақ, 1864 жылы Шоқан Черняевтің экспедициясына аттанар алдында бұл аңыздың тағы бір үшінші нұсқасын ақын Шөженің айтуы бойынша жазып алуға мүмкіндік тапқан.  Шоқан Ыстықкөл сапарында үш жарым ай болды. Осы қысқа мерзім ішінде ол Ыстықкөл мен Жетісу табиғатын, жерінің ойы-қырын, өсімдіктері мен хайуанаттарын сындарлы суреттеп жазып қалдырды.Орайы келгенде ажыратып айта кеткен жөн. Шоқан Аягөзде өзінің қысқа өмірінде бір емес, үш рет болған. Мұның біріншісі жоғарыда толық баяндалды. Ал Шоқанның бұдан кейінде Аягөзде екі рет болуын біреу білсе, енді біреулер біле бермейді. Екінші рет Шоқан Аягөзден 1858 жылы Батыс Қытай аймағындағы Қашқарияны зерттеу жасырын жүргізілетіндіктен сол жаққа баратын сауда керуенінде Әлімбай деген атпен өткен. Соңғы рет Шоқан Аягөзде 1864 жылы болған. Дәл осы жылдың көктемінде Шоқан Қазақстанның оңтүстік аймағын Ресейге түбегейлі қосу үшін әскери қимылдар жасап жатқан генерал Черняевтың экспедициясындағы тілмаштық мәмлегер тобын басқару үшін тағы да Омбы-Семей-Аягөз-Верный арқылы Әулиеатаға жеткізілген. Бұл туралы дерек Шоқанның 1864 жылы 23 наурызда өзінің досы К.К.Гутковскийге жолдаған хатында анық баяндалған. (Қараңыз: Ч.Валиханов. Собрание сочинений в пяти томах Том5.А-Ата, из-во «Наука», 1985,стр161).  Ашып айтарымыз-бүгінгі Аягөз ауданының орталығы Аягөз қаласында Шоқан Уәлихановтың осы өңірде болуын әрқашан хабардар етер бір белгі-ескерткіш тұғыр орнатылса деген ұсынысты көпшіліктің есіне салу.Ғабит Зұлхаров, бұрынғы мұрағат қызметкері, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Аягөз қаласы. 



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді
» Елімізде TikTok желісі бұғатталуы мүмкін бе?
» Елімізде су тасқынынан зардап шеккендердің қандай мүліктеріне өтемақы төленеді?
Пікір жазу