Ж.Сахиев «Дабыл» фантастикалық әңгімесі. Қазақ әдебиеті, 8 сынып, дидактикалық материал. 16-сабақ.


Журналистік сұрақтар

  • «Адамзаттың ғарышқа ұмтылуы - қай заманда болсын қоғамның негізгі мәселесі» тақырыбы бойынша журналистік сұрақтар құрастырыңыз.
  • Топ ішінде мына алты сұрақ қойыңыз : Кім? Не? Қайда? Қашан? Неге? Қалай?
  • Сұрақтар Ж.Сахиевтің «Дабыл» және «Айдағы жасырынбақ» әңгімелерін басшылыққа алып, тақырыпты әртүрлі қырынан зерттеуге және қарастыруға мүмкіндік беретін жауаптарды қамтуы тиіс.
  • Әрбір сұрақ жаңа сұрақтарды дамытуға немесе құрастыруға қолданылуы мүмкін.
  • Сұрақтарды құрастырып болғаннан кейін, басқа топтардың жауаптарын жазып алыңыз.
  • Өз тобыңызға келіп бөлісіп, ойларыңызды жинақтаңыз.

Ақпараттағы ақаулық

  • Тапсырманы жұппен орындаңыз.
  • 1-оқушы «Айдағы жасырынбақ» әңгімесінің үзіндісін, 2-оқушы «Дабыл» әңгімесінің үзіндісін алыңыз.
  • Жұптағы оқушы бір - біріне өз үзіндісіне қатысты түсініктеме беріңіз.
  • Осыдан кейін шығарма кестесін толтырып, екі шығарманы салыстырыңыз.

Шығарма

аты

Тақырып ұқсастығы

Сюжет ұқсастығы

Көркемдік құндылық

Автор позициясы

1-оқушы

Айдағы таңның атуы, Күннің көтерілуі ұзаққа созылды. Күн өзіміз Жерде жүріп қарағанда батыс жағы дейтін оң жақ шетінен – Дағдарыс теңізі жақтан шығады екен. Ай ол – шығыс. Ондағы жарты күн Жердегі екі аптаға тең. Оны бәріміз де білеміз. Біз Жерден өліара қарсаңында аттанғанбыз. Өліара кезінде Ай Күн мен Жердің арасында болады ғой. Сөйтіп, ол Күнмен қабат шығып, бірге батады. Ал бірер күннен соң Ай Күннің сол жағына өтіп, Жердің батыс жағынан қияқтанып көрінеді. Біз оны жаңа Ай туды дейміз. Ал сол кезде Айда шын мәнінде таң атып, Күн шығады екен. Біз Сартай екеуміз қазақ халқының оны ежелден-ақ білгеніне қайран қалдық.

Жер есебімен екі тәулік өткенде қалашық орналасқан аймақ жарықтанды. Бірақ Жердегідей емес. Тас қараңғы ғарыштағы Күнге шағылысқан бір домалақ дененің бетіне сәуле түскендей ғана көрініс. Не көгілдір көкжиек жоқ, не аспанды шарпыған әсем бұлт жоқ. Күннің сәулесіде шашырамай бажырая қалған. Көз қарықтырады.

Күн сәулесі Дағдарыс теңізін жартылай жарықтандырған кезде Сартай екеумізге сыртқа шығуға рұқсат берілді. Ал көкем бастаған ғалымдар зерттеу жұмысына әлдеқашан кірісіп кеткен. Назарымызды Ай бетін дірілдете баяу жылжып бара жатқан зауыт бөлді. Көкемнің түсіндіруінше, олар Ай топырағынан оттегі және тағы басқа Ай базасына қажетті технологиялық заттарды өндіруге арналған.

Жер бізге қара аспанға іліп қойған шыны шар тәрізденіп көрініп тұрды. Оның бірінші ширегі, толуы, соңғы ширегі әрбір жиырма төрт сағат сайын айналып келіп жатты. Алғашқы кезде оған қарай беретінбіз, бірақ кейіннен көзіміз үйреніп кетті.

Сөйтіп арнайы жеңіл комбинезон, аяғымызға салмақ ауырлатқыш бәтеңке киген біз серуенге шықтық. Айдың ылғалданған құм сияқты топырағына ізіміз бадырайып түсіп жатты. Кейде балалығымыз ұстап, әрі-бері жүріп, ізімізбен сурет саламыз, атымызды жазамыз. Әйтеуір бір ескерткіш жазып қалдыруға тырысамыз.

Күн мейлінше баяу көтерілген сайын қазаншұңқырлардағы көлеңкелер қысқарғандай болды.Бірақ онда көлеңке мен Күн сәулесі біреу ақ, қара бояумен бөліп тастағандай екі бөліктеніп тұрады. Ай беті баяу болса да қара бояудан жуылғандай елеусіз өзгереді. Әлгі жылыжмалы зауыт-автоматтар алдымызда ап-анық көрінеді. Аяқ астымыз қуыс шардың үстінде тұрғандай қатты діріл қағады. Талай-талай шаршы метр алаңдарды алып жатқан жалпақ Күн батареяларының панельдері Күн сәулесіне шағылысып, жарық қоса түскендей болады.

2-оқушы

... Қазыкен үңгірдің сол қапталын ала қара жерге жантая қадалған бір үлкен тастың алдында тұр. Тас қандай да бір жалынның ыстығынан қарайып күйген. Бір қарағанда-ақ жер тасына ұқсамайтын сияқты. «Бұл неғылған тас болды екен?» деген ой де ми қыртыстарын шарлап өтті... Жасаған қолындағы фотобейнекамерасымен ғажайып тасты бірнеше рет сырылдатып түсіріп алды. Сөйтті де сәл ойланып:

  • Менің пікірімше, бұл тас аспаннан түскен, - деді оның ол жақ, бұл жағын қарайлап,- үлкен жылдамдықпен келіп қалғаны көрініп тұр.

Қарайған тастың бір бетіндегі ирек-ирек бірдемелерге көзі түсіп кеткен Жасаған алтын тапқандай алқына ілгері ұмтылды. Қалғандар да жетті. Бұған дейін Төлен мен Қазыкен күйені саусақтарымен үйкеп-үйкеп жіберген еді. Әлгі ирек таңбалар сәл де болса анықталды. Жасаған тағы шыдап тұра алмады. Қалтасынан бет орамалын алды да оның тазалығына қарамастан жазуларды үйкеп сүртіп, олардың өзіне таныс таңба әріптерден құралғанын көргенде жүзі бал-бұл жанды.

  • Мынау Талас жазуы ғой! Қайсыңызда тағы бет орамал бар? Сүртіңіздерші тезірек!- деді шыдамсызданып.

Әркім қалтасында барын шығарып сүртіп жатты. Орамалы жоғы жерден кішкене таяқша алып, күйелерді өшіре бастады. Жасаған енді қалтасында үнемі жүретін кішкене бәкісін алып, таңбалардың ізін қазды. Олар алғашқыдан да анықтала түсті.

Жазулардың бәрі сүртіліп біткен кезде Жасаған кейін шегініп барып тастағы жазуларды бірнеше рет фотоға, бейнефильмге түсірді. Содан соң қайта жақындап, ондағы жазуларға үңілді. Ірі-ірі таңба-әріптермен қашалып жазылған жазуларды оқып шыққаннан кейін ол былай деп аударды:

«Жұлдызаралық жолымыздағы тоғыз ғаламшардан құралған осы бір жұлдыз жүйесіндегі көгілдір кезбешар назарымызды айрықша аударды. Оның өзіміз аялдаған жалғыз табиғи серігінен мұқият бақылау жүргізгенімізде тіршілік иелері адамдармен қатар олардың тасқа ойып жазған жазуларын да кездестірдік. Ол жазулар арқылы Талас делінетін өзен бойын мекен еткен халықтың тарихын білдік. Енді бір келгенімізше олар жоғарғы мәдениет дәрежесіне жетеді. Сонда біз олармен осы тілде сөйлесетін боламыз. Ал оған дейін олар осы серікке ұшып келе қалса, бұл ескерткішімізді оқып, біздің осында келгенімізді біледі. Бұл тасты сол мақсатта қалдырып отырмыз. Күнгей ғаламшарларының ғарышкерлері».

Жасаған соңғы сөзді оқып болған соң жанындағыларға қарады. Бұлар үн қатқан жоқ. Жасағанға мән-жай түсініксіз болса, басқалар қайтсін. Ғалым ә дегенде мұндай жазу шығады деп ойламаған-ды...

Жұлдызды әлем жайлы о бастан-ақ түсінік бар болса да, тастың қайдан ұшып келгені әзір белгісіз еді. Сол белгісіздік аз күннің ішінде неше қилы әңгіменің басын шалды. «Мұны жаратушы бізге әдейі жіберіп отыр, - деп таратты кәрі кісілердің бірі, - өйткені, біз тарихымызды ұмытуға айналдық. Ата жолымыздан тайып кеттік. Сойқан жолға түстік. Өз ата-бабамыздың тасқа қашап қалдырған таңба жазуын үйреніп, оны әрі қарай жалғастырудың орнына оларды музейге сақтап бетіне қараумен жүрміз». Тас және ондағы жазулар жайлы мұнан да басқа түрлі қауесеттер тарады.

Төлен көп нәрсенің байыбына бара алса да ол қауесеттердің бәріне ақыл қойып құлақ салды. Өйткені олардың бәрінде ой саларлық, адам нанарлық ақыл-кеңестер бар еді. Оның ендігі арманы інісі Жасағанның сол тастың қайдан келіп түскенін тезірек анықтауы еді. Көп кешікпей ол ой да жүзеге асты. Бір күні таңалакеуімнен астанадан телефон соққан Жасаған мынаны хабарлады:

  • Күрделі түрлі құралдарымызбен мұқият зерттеу нәтижесінде жұлдызшылар мен түркологтар мынадай қорытындыға келді, - деді ол қолындағы кішкене қағазды көрсетіп, - тас Айдан келген!
  • Айдан?
  • Иә, Айдан келген. Таңданатын ештеме жоқ. Бұл ғылымға ежелден белгілі жайт. Айдан ұшып Жерге түскен, Жерден ұшып Ай бетіне жеткен тастардың талайы екі жақтан да табылған. Бірақ мына тас өзгеше.
  • Сонда ол...
  • Оның сыры былай. Күнгей ғаламшарының тұрғындары Ай бетіне орнатып кеткен бұл тастың жанына қиыр ғарыштан келген үлкен аспан тасы құлаған. Ол гүрс етіп Ай топырағын опыра ойып жіберген кезде таңба жазуы бар тас қиыршық шаң тозаңмен бірге ғарышқа қарай серпілген. Содан ұшу жолы Жерге, келіп құлаған тау аңғарына сай шыққан. Былайша қарағанда, біреу әдейі бізге «Көріңдер», «Оқыңдар жазуын» деп әкеліп қоя салғандай. Мұндай да сәйкестік болады екен-ау!
  • Ғажап-ақ! Ал енді олардың жүзін көретін күн туар ма екен?
  • Кім білсін, жұлдызаралық сапар күнгейліктерге түк те емес сияқты. Бірде болмаса, бірде келер. Ал, жақсы. Осыны айтайын деп едім.

Мәтіндік зерттеу

1-қадам. Дәптерлеріңізге үзінділердің өзіңізге ерекше әсер туғызған бөліктерін іріктеп жазып алыңыз. Жазған бөліктер бойынша жұпта пікір алмасып, ой бөлісіңіз.

2-қадам: Пікір алмасып, талдағаннан кейін төмендегі кестені толтырып жазыңыз:

Әңгіме

Айдағы жасырынбақ

Дабыл

Мәтіннен негізгі ойды табыңыз

Белгісіз және белгілі мәліметтер. Мәтіннен сізге бұрыннан таныс және таныс емес, ақпараттарды белгілеңіз

Мәтіннен өмірлік қағида шығарыңыз

Тәрбиелік мәні бар қорытынды жасаңыз



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу