Шәкәрім Құдайбердіұлы «Жастарға» өлеңі. Қазақ әдебиеті, 8 сынып, қосымша материал. 13-сабақ.


https://massaget.kz/mangilik_el/tup_tamyir/asyil_soz/53197/

Шәкәрім Құдайбердіұлының нақыл сөздері

Ұлы Абайдың тәрбиесін көріп, жеті жасынан жырға деген қабілетін танытқан, Абайдың ізін басып, дәстүрін жалғастырушы Шәкәрім Құдайбердіұлы – ірі ақын, тарихшы, ғұлама ойшыл, сазгер, аудармашы. Әртүрлі өнер түрлерін игеріп, өз бетімен араб, парсы, түрік, орыс тілдерін еркін меңгеріп, шығыс және орыс классиктерінің шығармаларынан нәр алған. Сонымен қатар әлем кітапханаларында білім қазыналарымен танысқан. Ел қамын ойлап, философиялық, ғылыми ілімімен артына өлместей мұра қалдырды. Ұлттық дәстүріміз бен философиялық іліміміздің және дүниетанымымыздың дамуына зор үлес қосты. Ендеше назарларыңызға ғұлама ойшылдың ел есінде қалған қанатты сөздерін ұсынамыз.

* Ындыны таза – иманды.

* Мақтан күйлеп, арамнан мал жиғанның орны тозақ болады.

* Қайғылының ішінде жанар жалын.

* Менің биім – өзімнің ақ жүрегім.

* Табиғат керексіз ештеңе жаратпаған

. * Жанның да әлдісі бар, әлсізі бар.

* Ызақор – қабаған төбет тәрізді.

* Көрсеқызар да бір – маймыл да бір.

* Ашумен қылған іс – іс болып жаратпайды.

* Бойды ашуға билетпе.

* Ашусыз адам болмайды.

* Еріншек, ашу, құмарлық – жамандықтың басы осы.

* Еріншектің қақпаны – көрінбей көзге жатқаны.

* Дене – жанның сауыты.

* Жан құмары – іс істемек, білім алмақ.

* Қазаққа сыншылық керек.

* Дүниені түзетуші де һәм бұзушы да – бір ғылым.

* Естілердің қадірін білер болса – надан надан болмас еді ғой.

* Ақы алып ғылым үйретпек – шариғатқа жат.

* Біреудің айбын ашпа.

* Кісі бағын – бағым деме.

* Күннен қарыз алып, ай болғанның несі сән.

* Түн болма – күн бол.

* Жер сықылды пайдалы бол.

* Қисынсызға нанба.

* Өткен іске уайм жеп – емі жоқ бос қайғыға қалмағайсың.

* Көңілі жұмсақ адамның күрмеуін тағдыр шешеді.

* Дүние қу - бір ағын су.

* Жүрегім дертті, сөзім - у.

* Өмірдің басы - бала, ортасы -адам.

* Алдампаз, рақымсыздлық кімге пайда бермек.

* Талап деген бір жүгірген тұлпар сынды,  

 Бабын таппай мінгенді қылар жынды.

* Ақыл – тапқыр ой, түбі – жүрек.

* Орынсыз ұмтылудан сақтайтын алты түрлі ноқта бар: олар – ынсап, рақым, ар, ұят, сабыр, сақтық. Ең әділі – ынсап, өзгелердің тізгіні сонда болуға тиіс.

* Намыс сол – өзің қорлан кемдігіңе,

Құрбыңмен ұмтылып бақ теңдігіңе.

Алмай өс алдыңғының аяғынан,

Соқтықпай өзің ізден еңбегіңе.  

* Сабыр деген – әр іске шыдамдылық,

Қатты керек адамға бұл бір қылық.

Қолы жетпей талмай талап ізденеді,

Осыдан кеп шығады адамшылық.  

* Сақтық деген – әрқашан байқап жүрмек,

Пайда ма, не залал ма, ескерілмек.

Көргенін, естігенін есепке алса,

Сонда оңай әрбір істі ойлап білмек.  

* Сабыр, сақтық, ой, талап болмаған жан,

Анық төмен болмай ма хайуаннан.

Ынсап, рахым, ар, ұят табылмаса,

Өлген артық дүниені былғағаннан.  

*Кәрілік-шал: ойым – у, өмірім – су, үмітім – бу.

* Өкініш сол – өмірді бос өткіздім.

* Адамда өмірден қымбат нәрсе жоқ.

* Кім жалғыз бұл жалғанда – есті жалғыз    

Мұңдасар болмаған соң бір сыңары.

* Абай – өзін-өзі өлеңімен жұбатқан жан.

* Ей, көп халық, көп халық – көп те болса, шөп халық.

* Партияшылды құтыртпа.

* Таласты көрсең – басып айт,

Кемдігін көрсең – қосып айт.

Кекеп-мұқап қыздырма,

Берекесін бұздырма.

Ызаның айт дегенін,

Желіктіріп сыздырма.  

* Қыздырмашыл қызыл тіл қызған отқа салар.

* Жақсыны – жаман қабар.

* Бір өлтіріп, тірілтіп,    

Әр бұтаққа ілінтіп,  

* Жел, сағымдай құбылып,    

Қай жаққа алып барасың?  

* Арсылдақтың арасын құр жылаумен аша алмайсың.

* Ұры, қары, қу, сұмның жан жолдасы,    

Қазақ қайтіп ел болар, қарағым-ау.

* Ғылымға қанағатсыз болу керек.

* Жан тән жасар – тән жанды жарата алмас.

* Тән – жанның құлы.

* Тән – терезе, қарайтын жан – иесі.

* Дәлелсіз сөз – соққан жел, ұшқан тозаң.

* Болса мінді сынасын өлең айнасындай.

* Ерікті билеп алсын айтылған жыр,

Сырты – гүл, жарасымды ішіңде сыр.

Жаныңның ләззат алар жарығындай,

Мәңгілік өшпейтұғын төгіліп нұр.  

* Өлең үйіріліп көкейіңе ұйып жатсын,

тазартып жүрек кірін жуып жатсын.

* Өмір үйі желде тұр, үміт үйі – сағымда.

* Тәтті сөз бен түзу ой – тағдыр сыйы.

* Тазалық – балалықпен бірге өлер.

* «Өлімнен соң өмір жоқ» - терең ойдың сөзі емес.

* Өлім – дос.

* Жас көңілде жарық бар.

* Тәңірі жолы – ақ жүрек.

 Бетке айтқанның зәрі жоқ.

* Жастықтан қызық іс болмас,    

Кәріде ақыл, күш болмас.

* Болмасқа – бұртыңдама.

* Ақыл сол – ақыл-білім бойда барлық.

* Қай іске де талап еткен артық емес.

* Ноқталы басқа – бір өлім.

* Айла – ақыл болмайды.

* Адалдық  дегеніміз – таза еңбекпен күн көру.

* Ар сатып, ұлық болып елді жеу – өнер емес.

* Сайтан деген – қиянат.

* Адалдық жолында өлгеннің арманы жоқ.

* Ар қайда, рақым қайда, әдеп қайда,

Быт-шыт боп неге жүрміз әрбір сайда.

Көз жұмып, «көппен көрген ұлы той» деп,

Береді бұл надандық кімге пайда.  

* Үміт үлген  қорқақ ой.

* Ақылға еркін ой керек.

* Дұшпанға да бол әділ,    

Түсірме ойға тат пен ніл.

* Адамдық – борышың.

* Бағасы бір халқыма,

Жабағы мен мамықтың.

Нанбайды рас антыма,

Қадірі мол тантықтың.

Айырмайды арасын,

Бұлдыр менен анықтың.

Енді қайда барасың,

Түрі мынау халықтың.  

* Өсиет: халқыңа еңбек қыл,

ақ жолдан айнымай арыңды сақта.

* Адамның ең асылы – қиянатсыз, ақ пейіл адам.

* Ең зиянды адам – мінезі тайғақ, екі сөйлейтін адам.

* Ғылымға да керек жан,    

Ақылсыз болса ғылым – тұл.

* Мейірім, ынсап, ақ пейіл, адал еңбек – осы төртеуі кімнің бойында болса – сол шын адам болады.

* Тәтті сөзі – балдай, насихаты –шамдай.

* Жақсы ақынның тілі – бал.

* Шатақ ұқпа – шын аңғар.

* Жасымнан жетік білдім түрік тілін,  

 Сол тілге аударылған барлық ілім.

* Мені ерте оятқан – Шығыс жыры.

* Танбаймын – шәкіртімін Толстойдың.

* Тапқыр, адал, ақ ниет  адамдардың артынан ере берсең – алданбайсың.

* Ақиқат сырымды айтсам – Толстойдың,    

Мың сопыны алмаймын тырнағына.

* Мінез: сайтанмен ойнас жүрегі, пайда мен мақтан –тілегі.

* Тамақ үшін тіл жалдау.

* Мінез: дос қолымен от көсер.

* Тілінде – бал, ішінде – у.

* Жылы жүрек, тәтті тіл берекеге бастайды.

* Ызақордың іші тар.

* Оқ атылса – қайтып ал, улы найза – саптама.

* Жаралы кісі – албырт.

* Атадан қалған ақ сауыт,

Арамға әбден былғанды. Өнер қылды «жақсылар»,

Қасқырша елді жұлғанды,

Жала жауып жалмайды,

Жазасыз қарап тұрғанды,

Еліріп, еріп көп ел жүр,

Білмейді құдай ұрғанды.

Түпсіз жауға санайды,

Түзу жолға бұрғанды.  

*Ел жеген жуанды сүйеген басшы оңбайды.

* Қазақтың көзсіз  баласын,

Қаңғытып қайда барасың. Арыңды сатып арамға,

Адалдап қалай аласың.  

* Ақылдың шолғыншысы – ойқұмарлық.

* Азат ақыл ойланбай жай жатса тозады.

* Өкініштің үлкені – ойы тарлық.

* Шын шын ба, қате шын бар, ұлы шын бар.

* Мейірім, ынсап, ақ пейіл, адал еңбек – бұл төртеуін кім қылса, шын адам сол.

https://atazholy.kz/2009/12/18581931/

Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858—1931)

Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858—1931) — ақын, жазушы, аудармашы, композитор, тарихшы және философ.

Кейбір деректерде оның есімін «Шаһкәрім» деп те көрсетеді.

Өмірбаяны

Туған жері қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданындағы Шыңғыстау бөктерінде 1858 ж. шілденің 11де дүниеге келген. Оның әкесі Құдайберді Құнанбайдың үлкен бәйбішесі Күнкеден туған, Абаймен әкесі бір, шешесі бөлек. Шәкәрім сонда Абайға немере іні болып келеді.

Құдайберді отыз жеті жасында дүниеден өткенде, атасы Құнанбайдың тәрбиесінде болған Шәкәрім жетімдік тауқыметін тарта қоймаған. Өзінің «Мұтылғанның өмірі» атты ғұмырнамалық өлеңінде бес жасында ауыл молдасынан сабақ ала бастағанын жазады. Атасы оның көңіліне қаяу түсірмей, бетінен қақпай, еркелетіп өсіреді: ол жөнінде ақынның өзі: «қажы марқұм мені „жетім“ деп аяп, қысып оқыта алмай, жетімді сылтау етіп, ойыма не келсе, соны істеп ғылымсыз өстім» деп өкіне еске алады. Алайда ақылды бала өсе келе тез ес жиып, жеті жасынан бастап өлең сөзге бейімділігін танытады.

Оның ерекше зеректігін аңғарған Абай Шәкәрімді өз қамқорлығына алады, «молда сабағынан» басқа орысша үйренеді. Былайғы өмірін ғылым білім қуумен қатар, домбыра тарту, гармонда ойнау, ән салу, саятшылық құру, сурет салу, т.б. өнерлерге арнайды. Оның өнеге көрген ортасы Құнанбай ауылының зиялы тобы, ұлы Абайдың тағылымы болды. Ол жас Шәкәрімнің азамат және ақын ретінде қалыптасуына ерекше әсер етеді. Абайдың кеңесімен әр түрлі кітаптар оқуға машықтанған Шәкәрім ақылы кемелденіп, ой өрісі тереңдеп өседі. Ақындық өнерін де таныта бастайды.

Шығармалары

 «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» атты тұңғыш кітабы 1911 ж. жарық көрген. Шәкәрімді философ, тарихшы, ойшыл ретінде де танытатын «Үш анық», «Мұсылсандық шарты» атты туындылары, әлеуметтікағартушылық арнадағы «Жолсыз жаза», «Қалқаман — Мамыр», «Ләйлі — Мәжнүн» т.б. жыр жинақтары мен поэмалары басылып шыққан. Оның сезімді жүрегінен «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек», «Жастық туралы», «Анадан алғаш туғанымда» сияқты жиырмаға тарта әсем әуезді әндер туған.

Хафиз, Физули, А.С. Пушкин, Л.Н. Толстой т.б. шығармаларын қазақ тіліне аударған. Шәкәрімнің бір өлеңі:

Біреу сені мақтаса, қуанасың, Жамандаса, жабырқап суаласың. Мақтаған кім, сөккен кім — онда ісің жоқ, Бәрібір сен де елірме дуанасың.

Дос мақтасса, не пайда онан саған, Дұшпан сөксе, не кемдік көрдің жаман? Шын сөзбенен мақтаса иә боқтаса, Мақтау — пайда, зиян ба жамандаған?

Бойда жоқпен мақтаса, яки сөксе, Қуанбақ, не кейімек өзіңе еп пе? Ғаділ жүрек, таза ақыл мақтайтұғын, Солар сөкпес іс қылар жолды көксе.

Дос мақтайды сен жақсы көрмек үшін, Дұшпан мақтар елірте бермек үшін. Есептемей есірік елің мақтар, Көп нені айтса, соны айтып ермек үшін.

Бұл үш мақтау берер ме саған пайда, Мақтаулыны білерлік адам қайда? Өзіңнен ілгерілер сүйсінерлік Жол таптағы ақылды солай айда.

Кейде дос та жамандар жоқ нәрсе үшін, Дұшпан сөгер сыртыңнан қайрап тісін. Өнері жоқ, өсекшіл ел жамандар, Өтірік пе, рас па, көрмей ішін.

Келеркетер зиян жоқ мұнан тағы, Мін болмайды наданның қорламағы. Білімділер сөгерлік ісің болса, Жоғалта бер, айласын ойладағы.

Түйіп айтқан талассыз мақтау, боқтау, Жақсы іске — ындын, зиянға салар тоқтау. Көп наданның сөзімен құйқылжысаң, Сен де жында боласың есі жоқтау!

Кеңестік заманның әділетсіздігінен зардап шегіп, қарақшының қанды қолынан қаза болған көрнекті ақын, философ әрі сазгер Шәкәрім Құдайбердіұлының соңында қалған мол мұрасымен туған халқы кешігіп қауышты. Шәкәрім Абайдың қайталанбас ән дәстүрін жалғастырып қана қоймай, оны ары қарай дамытқан тума талант иесі еді. Оның сұлу сазға, әсем әуенге бай алуан қырлы ойлы әндерінен адамдық болмысы, өмірге көзқарасы, асқақ арманы айқын көрінеді.

ӘКЕ АМАНАТЫНА АДАЛДЫҚ

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары елдің саяси өміріндегі орын алған жылымық қазақ әдебиетінің бір топ шоқ жұлдыздарының ақталуына өзінің септігін тигізгені мәлім. Солардың арасында Абайдан кейінгі кесек тұлға Шәкәрім Құдайбердіұлы да бар еді. Дәл сол кездері ақынды елімен жақынырақ таныстыру яғни қайта қауыштыру, мол мұрасын кеңінен насихаттау, зерттеу, талдау мәселесі қолға алына бастағаны белгілі. Міне, осы тұста біз Шәкәрімнің сазгерлік өнерін зерттеп жүрген музыкатанушы Талиға Бекхожинамен кездесіп, ол кісіні әңгімеге тартқан болатынбыз. «1966 жылдың ақпан айы болатын. Ғылым академиясы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының музыка бөліміне алпысты алқымдаған, ұзын бойлы, тіптік, қара торы кісі келді. Ол кезде бөлім бастығы академик Ахмет Жұбанов еді. Екеуі өзара шүйіркелесіп біраз әңгімелескеннен кейін Ахмет Қуанұлы мені қасына шақырып: «Мына кісі белгілі ақын Шәкәрімнің баласы. Сен осы кісі айтқан әндерді жазып ал, ноталарының бір данасын маған, екіншісін мына отырған Ахат ағаңа бер»,деді. Сөйтіп, артына аса бай мұра қалдырған, ғажайып дарын иесі Шәкәрімнің әндерін алғаш нотаға түсіру бақыты менің үлесіме тиді.Сол жолы Ахат әкесінің «Жастық», «Шын сырым», «Ажалсыз әскер», «Насихат», «Жаңа ойдан шығарған бір бөлек ән», «Кетермін, артымда сөз, әнім қалар», «Тыныштық жоқ, тыным жоқ», «Қалқаман Мамыр», «Дубровский» деп аталатын он үш әнін өзінің орындауында магнитофон таспасына жаздырды, деген еді сонда Талиға ерекше мақтаныш сезіммен. Ал екі жылдан кейін ол әкесінің тағы бір әнін әкеліп, Талиғаға тапсырады. «Мен олардың тональдық түрлерін сақтай отырып нотаға түсірдім. Мұхтар Әуезов мұражайындағы бір кездесуде бұл әндерді күйсандықта ойнап, айтып бергенімде, Ахат ағай қатты толқып, көзіне жас алды. Ризашылық білдіріп, алғыс айтты. Ахаттың өзі де зерек, алғыр болып ержетсе керек. Тұлпардың тұяғына тән қасиет оның бойына әкенің қанымен дарыған десек ақиқаттан алшақ кетпеспіз. Дерек көздеріне сүйенсек, жастайынан әке өнегесін көріп өскен ол әндерді Шәкәрімнің өзінен үйреніп, жадында жаттап алған көрінеді. Әрі өзіде сазгер болғандықтан әндерді дәлмедәл үйренгені даусыз. «Сондықтан Ахат жаздырған ән үлгілерін негізгі нұсқа деуге келеді. Әрине, Шәкәрімнің өзінің шығыс нота жазуымен қағаз бетіне түсірген қолжазбасы табылса, сөз басқаша болмақ», дегенді Талиға. Қазақтың дәстүрлі әншілерінің орындаушылық өнерінің ерекшелігіне байланысты мына бір жайды айта кеткен жөн. Олар алуан қырлы халық әндерін үйрену, игеру барысында өзінің танымталғамына, айту мәнері мен шеберлігіне әрі оның өзіндік деңгейіне байланысты әндерге өзгерістер енгізетіні біз айтпасақ та түсінікті. Кейбір әншілер айтуға ауыр сөздерді, шумақтарды өздерінің дауыс ауқымына қарай алмастырып отырған. Кейде өздері де жеңіл, жүрдек әуен тауып немесе өздері әнге лайықты жаңа сарын шығарып орындап та жүрген.

ЖАҢА ОЙДАН ТУҒАН БӨЛЕК ӘН

 Шәкәрім әндері мұндай өзгерістерге аз ұшырағанын байқау қиын емес. Себебі, әндерінің көбісі баласының айтуымен қағазға түсірілгендіктен олар түп нұсқасын, мәнмағынасының тереңдігін, форма өзгешелігін, өлең құрылысын, ән мақамын бәз қалпында сақтап қалған. Ақынның әуендері күрделі, иірімдері қиын болып келетінін Шәкәрімнің әндерін орындап жүрген әншілерден талай рет естідік. Өйткені, олар қалыптасқан қазақтың халық әуендері үлгісінен шығыңқырап кетеді. Себебі, әннің сөзінің құрылысы солай. Өлеңнің өзі ақынға тән басқа формамен жазылған. Бұған дәлелі 1925 жылы жазылған, бүгінде әншілер Жанар Айжанова мен Тамара Асар айтып жүрген «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек», деп аталатын әні. Енді ән сөзінің құрылым ырғақтарына көз жүгіртіп көрелікші:

Ән —өлшеуіш,

Өлең— күміс,

Қоспаңыз мыс

Аралас,

Артық алу,

Не кем салу,

Қарпі қалу

Жарамас.

 Мұндай өлең жүйесі, ән сөзі Абайдың «Сегіз аяқ» әнінде кездеседі, бірақ онда: Алыстан сермеп,

Жүректен тербеп,

Шымырлап бойға жайылған;

Қиядан шауып,

Қисынын тауып,

Тағыны жетіп қайырған, деп Абай мөлдіретіп, төгілдіріп әкетеді.

  Ал Шәкәрім әндерінде әр сөзге салмақ сала айту мәнері байқалады. Бұл әннің әр сөзінің мағынасын тереңірек ашуға бағытталғанын әрі сазгердің өзіне тән қасиетін, қолтаңбасын көрсетеді. Ұлы ойшылдың әндерінде қазақ өлеңдерінде жиі кездесетін алтыжеті сегізон бір буынды өлеңдер шумағымен қатар тоғызонон екі буынды өлең жолдары жеке шумақ ретінде немесе бір шумақ өлең ішінде кезектесіп келіп отырады. Міне, осыған сәйкес ақын әуендерінің де ауқымы кеңейіп, яки қысқарып бұрынғы қазақ әндері формасынан мүлдем өзгеше, жаңаша болып шығатыны осыдан болса керек. Сахналардан, теледидарлардан, радиолардан анда санда естіп қалғанда бір байқағанымыз Шәкәрімнің әндерінде қазақтың халық әндерінде жиі кездесетін дәстүрлі «ай», «ей», «беу», «ахау», «ой», «сәулем» сияқты одағай қыстырма сөздер жоқтын қасы. Әуен мен өлең әрқашан бірбіріне дәлмедәл келіп үйлесіп тұрады. Қазір оның кейбір әндерінің екі түрлі сөзі бар екені анықталып отыр. Мысалы, Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева шырқап жүрген «Кебек батыр» әні;

Ту тіккен Тобықтының қолбасшысы,

Жуантаяқ Тоқтамыс дейтін кісі.

Жамағайын жақыны сол кісінің,

Бар екен Кебек деген бір інісі, — деп басталса, осы әннің ендігі бір сөзі:

Қысылып Нысан абыз батты терге,

Қарайды, сөз сөйлейді Кебек ерге:

«Ажалың биік қабақ, сұрлау қыздан

Батырым, ондай қызға жолай көрме, — деп басталады.

 Бұны «Еңлік -Кебек» әнінің үшінші түрі деп те айтып жүр. Жалпы осы әннің төрт түрі болса керек. Бұдан басқа «Ләйлі Мәжнүн» әнінің де екі түрі бар екенін білеміз. Ақынның өзі кезінде әншілерге солай айтуға рұқсат еткен бе немесе олардың өздері өзгертіп, үйлестіріп айтқан ба, ол арасы әзірге бізге белгісіз. Ахаттың айтуынша, деп еді сонда Талиға үзілген әңгімесін қайта сабақтап, Шәкәрім «Ала байрақ», «Бозторғай» атты күйлер де шығарған. Алайда, бұл арада түйінді пікір айту қиын. Бұл күйлерді Шәкәрімнің өзі шығарды ма әлде ежелден келе жатқан халық күйлері ме, ол арасы әлі нақты зерттеліп біткен жоқ. Ол келешекте анықталып, табылған тиісті деректермен дәлелденіп, басы ашылар деп үміттенемін. Себебі сазгер екі ішекті домбырамен қатар үш ішекті домбыраны да кеңінен қолданған әрі шебер ойнаған».

ШӘКӘРІМ ӘНДЕРІН КІМДЕР АЙТҚАН?

 Кезінде Шәкәрімді көрген белгілі этнограф Садық Қасиманов өзінің естелігінде: «Сонда мені, әсіресе, қайран қалдырғаны Шәкәрімнің өлеңі мен сол өлеңдеріне шығарған өз әндері болатын. Ол кезде Шәкәрімнің өлеңдерін жатқа білмейтін адамдар Тобықты елінде кемдекем болатын. Ал Шәкәрім әндерін өз бабында, иін қандырып айтатындар Әбдіғали Алдажаров, Зікағил Абайұлы, Рақымжан Мамырқазов, Есбай Бекхожин, Зұлғарыш Әзімбаев, Жебрайыл Тұрағұлов, Әлмағамбет деген өнерпаз адамдар болды. Мен солардың орындауында Шәкәрім әндерін тыңдадым. Шәкәрімнің үш ішекті домбырада ойнағанын көрдім, бірақ өзінің ән салғанын көре алмадым. 1924 жылы Жамбасқұдық деген жерде Шәкәрім өз әндерін Әбдіғалиға орындатып, оның орындау мәнеріне көптеген түзетулер, ескертпелер айтып отырғанының куәсі болдым. Солардың кейбірі есімде қалыпты. Ол кісі өз әнін орындау үшін домбыраның жоғарғы тұсынан қосымша тағы бір перне тағып берді. Сонымен қатар Әбдіғалиға: «Домбыраны шерткенде асықпа, жылдамдатып ұра салма, тақтайды бет алды тарсылдата берме, ән әуеніне қарай саусақтар да кербез, әсем қимылдауы керек. Әсіресе, үстіңгі, үшінші ішектің сүйемелін орнымен пайдалан, деді. Әбдіғали бетаузын өте биязы ұстап, азырақ тістеніп, сыздықтата бастап еді, Шәкәрім: Әбіш, сенің әннен гөрі өз бетаузыңның әдемі көрінуін ойлағаның қалай? Олай етпе, бар әдемілікті айтып отырған әніңе қый, еркін отыр, бетауыз, дене, қол қимылдарын ән әуенінің еркіне жібер. Тынысты кең ал, екі ұрт пен ерінді тежей берме, орындаушы мүше солар ғой, деген сияқты ақылкеңестерін беріп отырды. Шәкәрім өте талғампаз, адам жанымен сырласа білетін ақын, сазгер әрі қол ісіне өте іскер адам еді, деп еске алады. Біздің бұдан байқайтынымыз Шәкәрім сазгер ғана емес, ол музыкалық аспаптардың акустикасын жете білетін, оның құлақ күйін шебер қоя алатын, әнді қалай орындау керектігін жете меңгерген өз дәуірінің озық ойлы, білімді азаматы екені. Шәкәрімнің әндерін өзінен үйренгендердің ішінен басқалардан шоқтығы биік, көпке танымал болған әнші Қабыш Керімқұлов болса керек. Ол ақынның оншақты әнін музыкатанушы Асқан Серікбаеваға айтып береді. Ал ол өз тарапынан осы әндерді қағазға түсіреді. Шәкәрімнің «Жиырма үш жасымда», «Жылым қой, жұлдызым июль», «Қорқыттың сарыны», «Қорқыт, Хожа Хафиз түсіме енді де», «Анадан алғаш туғанда», «Сұраған жанға сәлем айт», «Ойладым бір сөз жазайын да», «Мұтылғанның өмірі», «Сен ғылымға болсаң ынтық», «Көңіл», «Байғазы» сынды әндері ұзақ жылдар Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның фольклорлық зертханасының қорында сақталып келген бұл әндер сол Қабыш айтқан, Асқан нотаға түсірген дүниелер екенінде дау жоқ. Ал қазір Шәкәрім әндерінің бірденбір насихатшысы, жанашыр іздеушісі әрі орындаушысы әнші Келденбай Ұлмесеков. Ол ел ішінде ұмыт болып бара жатқан ақынның біраз әндерін жинастырып, жарыққа шығарды, қазақ радиосының Алтын қорына жазғызды.

ТҰҢҒЫШ ҚАҒАЗҒА КІМ ТҮСІРГЕН?

Шәкәрімнің әндерін алғаш рет нотаға түсірген голландық Альвин Эрнестович Бимбоэс. Ол 1919 1922 жылдар аралығында Ақмола саяси бөлімінде нұсқаушылық қызмет атқарып жүріп, қазақ әндерін нотаға түсірумен шұғылданады. Соның нәтижесінде 1926 жылы Н.Ф. Финдейзеннің редакциялауымен шыққан «Музыкалық этнография» жинағында Бимбоэстің қазақ музыкасы туралы жазған көлемді мақаласына қоса қазақтың жиырма бес әнінің нотасы басылады. Осы аталған жинақтың ішінде «№ 1 Шакарим», «№ 2 Шакарим» деген атпен Шәкәрімнің екі әні жарық көреді. Бірақ, екі әннің де өлеңі нота астына жазылмаған, тек орыс тілінде мазмұны берілген. А.Э. Бимбоэс нотаға түсірген «№1 Шакарим» әнінің екінші түрі А.В.Затаевичтің 1925 жылы шыққан «Қазақ халқының 1000 әні» жинағына «Тілек бата» деген атпен енген. Ал Шәкәрімнің «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деген әні А.В. Затаевичтің 1931 жылы жарық көрген «Қазақ халқының 500 әні мен күйі» деген жинағында «Шәкәрім Құдайбердин әні» деген атпен жарияланған. Осы жинақтың № 156 анықтамасында А.В.Затаевич: «Шәкәрім Құдайбербин Семей уезінің қарт ақыны, қазір тірі, жасы жетпістер шамасында. Жинақта келтірілген әнін орыс әндерінің үлгісіне еліктеп шығарса керек, деп жазған.

 Шәкәрім әндері қазақ композиторларының шығармаларына да арқау болды. Ахмет Жұбановтың «Абай» сюитасының бірінші бөліміне, А. Жұбанов пен Л. Хамидидің «Абай» операсындағы Айдардың ариозосына, Айдар мен Ажардың дуэтіне сазгердің шығармалары пайдаланылды. Ал ақын поэмаларының сюжеті еліміздің ақынжазушыларының, композиторларының шығармашылығынан кең орын алғанын айтсақ артық болмас. Мысалы, «Қалқаман Мамыр» балетіне, «Еңлік Кебек» пьесасына, «Еңлік Кебек» операсына Шәкәрім туындылары арқау болғаны барша жұртқа аян. Қазақтың ұлы ойшылы Шәкәрім Құдайбердіұлының музыкалық мұрасы түгел жиналып, толық зерттеліп болды деуден аулақпыз. Ақын — сазгердің әлі ашылмаған қырларын ашу, ел ішінде жатқан туындыларын жинау, орындалмаған әндерін тауып оны ел игілігіне айналдыру келешек ұрпақтың еншісінде демекпіз.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Қазақстандықтар шетелге қай мезгілде жиірек шығады
» Freedom bank-те керемет акция! 1000 ₸ кэшбек сыйлайды
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
Пікір жазу