Ахмет Йассауи «Даналық кітабы» - мемуарлық сипаттағы шығарма. Қазақ әдебиеті, 8 сынып, дидактикалық материал. 11-сабақ.


Байланыстарды табу

Жанр түрлерімен қаламгарлердің арасындағы байланыстарды табыңыз. Жанр мен мазмұн ерекшелігін түсініп, талдау жасаңыз. Өзін-өзі тануға, танытуға мүмкіндік беретін қазақ және әлем әдебиетінде ұласқан ғұырбаяндық сипаттың ерекшелігіне тоқталыңыз.

Тұжырым: Байланыстарды табу арқылы оқушының өзіндік сыни ойы қалыптасады, сөз құдіретін танудағы талғамы артады; көркем шығарма мен іс-қағаздарының үлгісін ұштастыру шеберлігін түсінуге ұмтылады.

1-тапсырма. Болжау кестесі

«Даналық кітабынан» үзінділерді жұппен оқып, хикметтердің ғұмырбаяндық сипатын анықтаңыз.

Мәтіннен 1-үзінді

Үзіндідегі айтылған ой қандай?

Өз жауабыңызды 1-үзіндіге сүйеніп дәлелдеңіз

Үзіндідегі басты идея қандай?

Мәтіннен 2-үзінді

Үзіндідегі айтылған ой қандай?

Өз жауабыңызды 2-үзіндіге сүйеніп дәлелдеңіз

Үзіндідегі басты идея қандай?

 2-хикмет

 9 ай, 9 күнде жерге түстім,

 Тоғыз сағат тағат таппай  көкке ұштым,

 Ғаршы-гүрсі баспалдағын барып құштым,

 Сол себептен 63-те ендім жерге.

  

 Бір жасымда әрауақ маған аян берді,

 Екі жаста пайғамбарлар келіп көрді,

 Үш жасымда шілтен келіп халім білді,

 Сол себептен 63-те ендім жерге.

  

 Төрт жасымда Хақ Мұстафа хұрма берді,

 Адал пейіл жолға салдым қанша елді,

 Қайда жүрсем Қызыр бабам бірге жүрді,

 Сол себептен 63-те ендім жерге.

  

 Бес жасымда белді буып тағат қылдым,

 Руза тұтып, намаз оқуды әдет қылдым,

 Ертелі-кеш зікір салып мадақ қылдым,

 Сол себептен 63-те ендім жерге.

  

 Алты жаста тұра қаштым халайықтан,

 Көкке шығып, дәріс алдым мәләйіктан,

 Күдер үзіп пәни дүние ғажайыптан,

 Сол себептен 63-те ендім жерге.

  

 Жеті жаста Арслан бабам іздеп тапты,

 Кемісімді көрген замат бүркеп жапты

 «Бихамділла, көрдім-ау» деп бетімді өпті,

 Сол себептен 63-те ендім жерге.

  

 Сегізімде сегіз тарап жол ашылды,

 Хикмет айт-деп басым ғажап нұр шашылды,

 Бихамділла, Кәміл пірім бал таттырды.

 Сол себептен 63-те ендім жерге.

  

 Тоғызымда толық түстім тура жолға,

 Тәбәріктей алып жүрді қолдан-қолға.

 Қуанбадым бұл сөздерге, жүрдім зорға,

 Сол себептен 63-те ендім жерге.

  

 Он жасыңда оғлан болдың, Құл Қожа Ахмет,

 Қожалыққа мойын бұрдың бұл ғанибет.

 Енді келіп жолда қалсаң, сол қасірет!

 Сол себептен 63-те ендім жерге.

 

 3-хикмет

 Он бірімде нұр дария толып тасты,

 «Алла»-дедім, шайтан менен жырақ қашты,

 Әуейілік, менмендікте белден асты,

 Сол себептен 63-те ендім жерге.

  

 Он үшімде нәпсі аранды қолға алдым,

 Қу нәпсіме жүз мың бәле айдап салдым,

 Тәккәббарды табаныма байлап салдым,

 Он төртімде қара жердей болдым міне.

  

 Он бесімде хорлар маған қарсы жүрді,

 Басын иіп, қол қусырып, тағзым қылды.

 «Фардус» атты ұжмақ жайдан хабар келді,

 Дидар үшін барлығында қойдым міне.

  

 Он алтымда барлық әруақ қоршалады,

 «Сіз ғой бізге тәбәрік»-деп ортаға алды,

 Перзентім деп құшып-сүйіп көңілімді  алды,

 Он жетімде Түркістанда тұрдым міне.

  

 Он сегізде Шілтенменен жолығыстым,

 Зікір айтып, кеудемді ұрып күйіп-пістім,

 Риза қылып, жәннәт кіріп, хорлар құштым,

 Хақ Мұстафа дидарында көрдім міне!

  

 Он тоғызда жетпіс мақам сараланды,

 Зікір айтып, жан сарайым тазаланды,

 Қайда барсам Қызыр бабам қасына алды,

 Ғаус әлғияс* шәрбәт берді, тойдым міне.

  

 Жасым жетті жиырмаға айттым мақам,

 Бихамділла, пір қызметін еттім тамам,

 Жаһандағы жанды жәндік қылды сәлем,

 Сол себептен Хаққа жуық болдым міне.

  

 … Мүһмін емес,  хикмет айтып жыламаса,

 Жарандардың айтқан сөзін тыңдамаса,

 Аят-хадис, құран сөзін аңламаса,

 Бұл рауаят ғарышта жүр көрдім міне.

  

 Рауаятты көріп Хақпен тілдестім мен,

 Жүз мың түрлі періштемен жүздестім мен,

 Сол себептен Хақты айтып күн кештім мен,

 Жан-ділімді оған  пида қылдым міне.

  

 Құл Қожа Ахмет жиырма  бірде «арқаң жауыр»,

 Не қылғайсың, күнәларың таудан ауыр,

 Қиямет күн азап қылса Раббім Қадір…

 Ей, достарым, не деп  жауап бердім міне?

 

 4-хикмет

  Жиырма екі жаста жетіп, фана болдым,

 Жанға шипа дерттілерге дана болдым,

 Жалған ғашық шын ғашыққа куә болдым.

 Сол себептен Хаққа сиынып келдім міне.

  

 Аяу, достар, жиырма үшке жасым жетті,

 Жалғандыққа тағаттарым зая кетті,

 Қиямет күн не қылам деп маза кетті.

 Сол себептен Хаққа сиынып келдім міне.

  

 Жиырма төртке келдім қазір Хақтан жырақ,

 Ақыретке барар болсам қані шырақ?

 Өлгенімде аямай ұр жүз мың таяқ!..

 Сол себептен Хаққа сиынып келдім міне.

  

 Жазған басым, жасым аттай, жиырма бесте,

 Сұхбан ием, зікір үйрет «көкей тесте».

 Көкіректегі көп сауалды өзің шеш те,

 Сол себептен Хаққа сиынып келдім міне.

  

 Жиырмаға келгенімде «саудаластым»,

 Мансұр сипат дидар үшін дауға бастым,

 Пірсіз жүріп шер-шеменмен қайғы басты…

 Сол себептен Хаққа сиынып келдім міне.

  

 Жиырма жеті жаста өзім пірді таптым,

 Көргенімді көрмегендей бүркеп жаптым,

 Босағасын, басқан ізін сүйіп жаттым,

 Сол себептен Хаққа сиынып келдім міне.

  

 Жиырма сегіз жасымда мен ғашық болдым,

 Түн бойы мехнат шегіп жасып болдым,

 Одан кейін дәргәһіңа асық болдым,

 Сол себептен Хаққа сиынып келдім міне.

  

 Бір кем отыз жасқа келдім халім қарап,

 Ғашық отын жаға алмадым күшім жарап,

 Халім харап, бауырым кәуәп, көзім бұлақ!

 Сол себептен Хаққа сиынып келдім міне.

  

 Отыз жаста отын қылып жандырды дерт,

 Барша әулие дүние ісін қойдырды  кеп,

 Ұрып-соғып нәпсі ылаңын таттырды бек,

 Сол себептен Хаққа сиынып келдім міне.

   

  5-хикмет

 Отыз бірде берді шәрбәт Қызыр бабам,

 Әзәзілдан азат болып әммә ағзам,

 Құлдық ұрдым, кешті бәрін Хақ тағалам,

 Хақ жолына содан кейін салды достар.

  

 Отыз екі жаста жетті Хақтан пәрмән:

 Тәңірімнен хабар жетті, шәкір болдым,

 Көрсем де, өзім азар-ақырет, сабыр қылдым,

 Көзімді ілмей таң аттырып әзір болдым,

 Менмендіктің түтіні сөнді, достар!

  

 Отыз үште сахи болып, шәрбәт шаштым.

 Бал шәрбәтқа тоямын деп толтыра іштім.

 Қуаттанып шайтанмен шаншыластым,

 Бихамділла нәпсі біткен өлді, достар!

  

 Отыз төртте білім қуып дана болдым,

 «Хикмет айт!-деп, -Сұбхан айтты куә болдым.

 Шілтендермен шәрбәт ішіп, кәмра болдым.

 Тұла бойым Хақ нұрына толды, достар!

  

 Отыз бесте мешіт кіріп дәурен сүрдім,

 Тәлибтермен ғашық жайлы ұлфат құрдым,

 Теріс жолға түскендердің бетін бұрдым,

 Хақтан мейір ғашықтарға келді, достар!

  

 Отыз алты жаста болдым сахиб кәмал,

 Хақ Мұстафа көрсеткесін маған жамал,

 Сол себептен көзім жаста, бойым дел-сал,

 Құштарлықтан жүрек бауыр жанды, достар!

  

 Отыз жеті жасқа келдім, ойланбадым,

 Ынсап қылып Алла сырын толғанбадым,

 Сәһарларда зарымды айтып зарланбадым,

 Тәуба қылдым, Ием қабыл қылды, достар!

  

 Отыз сегіз жасқа келдім, өмір өтті,

 Не қылайын, өлер күнім жақын кепті.

 Ажал келіп пәйманасын табыс етті,

 Білмей қалдым, ғұмырым ақыр болды, достар.

  

 Отыз тоғыз жаста келді қайғы қамап,

 Уа, дариға, өтті өмірім қайда тағат?

 Тағат тұтқан Хақ қасында тапты рахат,

 Қызыл жүзден нұрым тая солды, достар.

  

  Құл Қожа Ахмет нәпсіңді тый, келді қырық.

 Мұнда жылап, онда жасқа болсаң қарық,

 Иман шарты: шариғат дүр, мәні: Тарих,

 Тарихқа енген Хақтан үлес алды достар!

 

 6-хикмет /5-34/

 Қырық бірде ықылас қылдым жол тапқалы,

 Жарандардың ойын біліп сыр тартқалы,

 Кәміл пірдің ізін сүйіп қолдатқалы,

 Заты ұлық сиынып келдім, Ием, Саған.

  

 Қырық екімде тәлиб болып жолға ендім,

 Ықылас қылып жалғыз Хаққа көңіл бердім,

 Ғаршы-гүрсі, Лауөы өтіп ғалам кездім,

 Заты ұлық сиынып келдім, Ием, Саған.

  

 Қырық үшімде Хақты іздеп нала қылдым,

 Көз жасымды ағызумен сала қылдым,

 Баябанда тұрағымды дала қылдым,

 Заты ұлық сиынып келдім, Ием, Саған.

  

 Қырық төртімде махаббаттың  базарында,

 Жағамды ұстап жылап тұрдым гүлзарында,

 Мансұр сипат бас беруге дар алдында,

 Заты ұлық сиынып келдім, Ием, Саған.

  

 Қырық бесімде сенен медет тілеп келдім,

 Тәубе қылдым,  қатемді ойлап жүдеп келдім,

 Иә, ілләһим! Рахматыңды ұлық білдім!

 Заты ұлық сиынып келдім, Ием, Саған.

  

 Қырық алтымда көңіл қошы шалқып тасты,

 Рахматыңнан нұрым тасты, шайтан қашты,

 Хақтан хабар, мейірім болып қақпаны ашты,

 Заты ұлық сиынып келдім, Ием, Саған.

  

 Қырық жетімде жетті жеті хабар құтты,

 Сахи болып бал шарабын Қожам тұтты,

 Шайтан келіп, ит нәпсіні өзі жұтты,

 Заты ұлық сиынып келдім, Ием, Саған.

  

 Қырық сегізде ғазиз жаннан безер болдым,

 Күнә дерті кесел қылды, өлер болдым,

 Хақтан қорқып, қалауына көнер болдым,

 Заты ұлық сиынып келдім, Ием, Саған.

  

 Қырық тоғызда ышқы отына күйіп-жандым,

 Мәжнүн сипат қиял қуып, естен тандым,

 Қилы-қилы жапа тартып өліп-талдым,

 Заты ұлық сиынып келдім, Ием, Саған.

  

 Елуімде ермін дедім пиқылым зағип,

 Қан төкпедім көздерімнен бауырды езіп,

 Нәпсім жүрген жерде жүрдім итше кезіп,

 Заты ұлық сиынып келдім, Ием, Саған.

 

  

 

 

2-тапсырма. Пирамидалық талқылау

Топта ғұмырнамалық сипаттағы мәтіннің ішінен көркемдегіш құралдарды тауып, мағынасын анықтаңыз: тұрақты тіркес, афоризмдер, перифраз, гротеск, эллипсис т.б.

Тіктөртбұрыштың сыртқы бөлігіне топтың әр мүшесі өз жауабын жазады, ал ішкі төртбұрышқа төрт пікірге ортақ түйінді ой жазыңыз.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

3-тапсырма. Керемет пікірталас

Бірнеше шағын топтарға бірігіңіздер, топтан бір өкілді пікірталас алаңына шығарыңыз. «Даналық кітабының» поэтикалық ерекшелігіне қатысты берілген пікірге қарсы пікір білдіріңіз. Сол арқылы автордың стиліне шағын талдау жүргізіңіз.

«... Йасауи жергілікті халықтың салт-санасы мен сенім-нанымына, әдет-ғұрпына қайшы келмейтін діни-мистикалық мектептің негізін қалап, сопылық ағымның түркілік дәстүріне даңғыл жол салды. “Ислам дінін тек араб тілі арқылы ғана тануға болады” деген түсінікті теріске шығарып, сопылық әдебиет ұстанымдарын көне түркі әдеби тіл – шағатай тілінде сөйлетті. Қасиетті кітаптың арабша мағынасын толықтай түсіндіру, шариаттың қыр-сырын, дін қағидаларын қалың қауымға өз тілдерінде тереңнен таныту мақсатында хикметтерін жергілікті халыққа жақын айшықты поэзия тілімен жазды. Қожа Ахмет Йасауи түркі тілінде жатық әрі бейнелі жыр жазудың үлгісін жасап, түркі тілдерінің көркем шығармалар тудыру мүмкіндігінің мол екендігін дәлелдеді. Оның жазба әдебиет үлгісіндегі шығармалары түркі топырағында ертеден қалыптасқан суырыпсалмалық дәстүрдегі әдебиетке жаңа серпін, тың мазмұн алып келумен қатар, оны түр жағынан көркейтіп, кемелдендіре түсті. Сөйтіп, бұрыннан дидактикалық сипаты басым түркі әдебиеті насихаттық ой тұжырымдармен толыға түсті. Ол фольклор мен жазба әдебиеттің өзара жақындасуының, толысып, көркеюінің дәнекері болды. Шығармасында ертеден қалыптасқан, Құран Кәрімде баяндалатын тарихи аңыздар мен пайғамбарлар, әулие-әнбиелер жөніндегі әпсаналарды хикметтерінде ұтымды пайдаланды.»

[attachment=28364:aza-debieti_-8-synyp_-1-tarau_-11-saba_-ahmet-jasaui-danaly-kitaby_-danaly-kitaby-memuarly-sipattay-shyarma_-didaktikaly-materialdar_-1-nsa.docx]
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
Пікір жазу