Табиғат. Қазақ тілі, 11 сынып, қосымша материал. 1 сабақ. 1 нұсқа.


Тапсырма: Б.Соқпақбаевтың «Ағаштар неге ашуланды?» шығармасының үзінділерін тыңдап, «Әрі қарай не болды?» ойынына қатысыңыз. Өз болжамдарыңызды ортаға салыңыз.

1-үзінді

 Жадырап көктем туды. Қар қауырт еріді де, аз күнде төңірек қарайып, құрғап шыға келді. Мектепте көшелерді көгертіп, ағаш отырғызу апталығы басталды.

 Оқушыларды түгел қызықтырған бұл бастама тек Алмабекке ұнамады. Орман болса тан іргеде тиіп тұр. Көшеге ағаш отырғызып, әуреленудің керегі қанша деп ойлады ол. Бірақ жұрт бір кісідей жұмылып кіріскен істен Алмабек шетте қала алмады. Өз кластарымен бірге тоғайға ол да барды. Бірнеше жас тал, терек, қайың әкеліп, басқалардың үлгісімен терезе тұсына тізіп отырғызды. Алмабек осымен істі тындыға санады. Өзгелер отырғызған ағаштарын суарып, түбін қопсытып, мәпелеп күтумен болса, бұл оның бірін де істемеді.

 

 Әрі қарай не болды?

2-үзінді

 Жаз шықты. Көктемде отырғызған ағаштар жапырақтары желкілдеп, бойлап өсе бастады. Солардың арасында Алмабек отырғызған ағаштар ешбір күтім көрмеген соң, тамырланып кете алмай, шөгіп шалажансар жұтап тұрды.

 Орманнан өздерімен бірге әкеліп отырғызған басқа ағаштардың айнала жамырап, жайнап өсіп келе жатқанын көргенде, қуқыл тартқан ағаштар қапаланып, қайғыға батты. Ертелі-кеш самал желмен тербелген ормандағы кешегі еркін өмірлерін аңсап, бір-біріне мұңын шағып жылады. «Бұл халде тұра берсек, біраз күнде тамырымыз суалып, құритын шығармыз», - деп уайым шекті.

 

 Әрі қарай не болды?

3-үзінді

 

 Бұл қайғылы халді самал жел өзен бойындағы орманға жеткізді. «Осындай да осындай. Алмабек дейтін бала алып барып отырғызған сіздердің туысқан шыбықтарыңыздың халі мүшкіл екен», - деп, ол сыбдырлап бұталарға айтып еді. Ауыздарына сөз тұрмайтын бұталар оны сыбдыр қағып талдарға, талдар қайыңдарға, қайыңдар дереу теректерге жеткізді. Сөйтіп, кен алқапты жалпағынан алып жатқан ну орман Алмабектің қылығын түгел естіді.

 Бір күні Алмабек жолдастарымен бірге өзенге шомылуға келді. Олар шешініп те үлгермеп еді. Ауа райы күрт бұзылып, аспанды сірескен қара бұлт басып кетті. Азынап жел тұрды. Балалар сасқалақтап, үйлеріне қарай жүгіре жөнелісті.

 Алмабек те жүгіріп келе жатыр еді. Ағаштың жыландай ысылдап майысқан бұтақтарының бірі кенет оның басынан кепкасын қағып, ұшырып түсірді. Ол жалт бұрылып, кепкасын ұстап алмақ болып еді, жолдастарынан адасып қалды. Ал кепка тоқтар емес. Ағаштың қалың ішіне қарай домалап барады. Алмабек әне жетем, міне, жетем деп, қуа берді. Балалар бұл кезде ұзап кетті.

 

 Әрі қарай не болды?

4-үзінді

 Дәл сол уақытта адам айтса нанғысыз ғажап оқиға болды. Орман іші азан-қазан жаңғырып кетті. Түйе беліндей жуан бәйтерек майысып келіп, Алмабекті баса жаздап, жолына көлденеңдеп тосқауыл бола қалды. Алмабек қорыққанынан шыңғырып жіберіп, кейін қарай жалт берді. Сол кезде тұс-тұстан:

— Ә бәлем, Алмабек, қолымызға түстің бе? — деген ашулы дауыстар жамырап естілді.

 Алмабекте ес қалмады. Ағашы аздау бір жермен жүгіріп өтпекші болып еді. Ұзын бір ақ қайың жапырақтары жалпылдап алдын тағы бөгей қалды. Алмабек кейін қарай жалт берді. Маңайдағы ағаштар су-су етіп, төніп келіп қалғанын көрді. Бірнеше солқылдақ көк шыбық жотадан шып-шып еткізіп, шарпып өтті.

— Сендерге мен не жаздым?! — деп, Алмабек жылап жіберді. Сол кезде төбесі көк тіреген көпті көріп, көп жасаған орман атасы кәрі еменнің гүжілдеген жуан даусы естілді.

— Сенің жазығың сол: біздің бірнеше жас шыбығымызды үйіңнің қасына отырғызбақ болып, қазып әкетіп едің, нағыз азап халге салып қойыпсың. Түбі босатылмай, қатып қалыпты. Тамыры суалып, құрып бара жатқан көрінеді. Осы қылығың адамшылыққа жата ма? Ағаштан көрген не жамандығың бар? Жайқалып өсіп тұрсақ қыстақтың көркі емеспіз бе? Жаздыгүні ми қайнатқан ыстықта саямызға паналайсың. Қыстыгүні азынаған бораннан қорғаймыз. Астыңдағы орындығың мен алдыңдағы столың, қалам-қағазыңа дейін — бәрі ағаштан істеледі. Үйіңе қабырға болып та қаланамыз. Сен осыны неге түсінбейсің, неге бағаламайсын? — деді қарт емен.

 Әрі қарай не болды?

5-үзінді

Істің мән-жайы Алмабекке әбден түсінікті болды.

— Кешіріңіздер. Кешіре көріңіздер! – деді Алмабек.

— Кешіруге болмайды, - деп, солқылдақ көк шыбық тағы да төніп қалып еді, қарт емен оны бұтағымен қағып тоқтатты.

— Жә, шоштаңдамай тұра тұр. Бала сөзін айтып болсын, — деді.

— Кешіріңіздер. Мен отырғызған ағаштарымды бүгіннен бастап мәпелеп, күтуге уәде беремін,— деді Алмабек.

— Жарайды, — деді карт емен, - олай болса, бар үйіңе.

 Ағаштар түзеліп, бойларын жазып, Алмабекке жол ашты. Алмабек үйіне келді. Дереу күрек алып, ағаштардың түбін қопсытты. Арықтан су әкеп құйды. Құрт түспес үшін ағаш діңгегінің түп жағын әкпен ақтап қойды. Аз күнде ағаштар қайтадан жанданды. Күзге салым кәдімгідей жапырақтары жайқалып, жетіліп қалды. Бұл үшін өзен бойындағы ну орман Алмабекке ризашылық білдіріп, ол келгенде саясын тосып, шаттана сыбдырласып тұратын болды.

 

 https://bilim-all.kz/article/7602

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 Тапсырма: Мәтінді тыңдап, айтысқа тән ерекшелікті анықтаңыз. Тобыңызда «Айтыстың ерекшелігі» тақырыбында кластер дайындаңыз.

 

 Айтыс — ауыз әдебиетінде ежелден қалыптасқан поэзиялық жанр, топ алдында қолма-қол суырып салып айтылатын сөз сайысы, жыр жарысы.

 Айтыс — синкреттік жанр, ол тұрмыс-салт жырларынан бастау алып, келе-келе ақындар айтысына ұласқан. Айтыс – халық ауыз әдебиетінің ерекше бір түрі.

 Ақындар айтысында "жаттама (трафарет) өлеңдер аз болады". Олар өлеңді табан астында шығарады, тосыннан айтысады. Айтыс үстінде талай күтпеген жайлар кездеседі. Айтысар тақырыбы белгісіз, тосын сұрауларға тап болады. Екі ақын да бірін-бірі тығырыққа қамау үшін, бірін-бірі сүріндіру үшін, өмір құбылыстарын жұмбақ етіп те тартады. Соның бәріне ақындар жөпелдемеде жауап беруге, дәлел айтуға әзір болуы керек. Мұның бәрі ақындардан сөзге жүйріктікті, білгірлікті, тапқырлықты, ұсталықты қажетсінумен қатар, ел-елдің шежіресін, тарихын, жер жайын, этнографиялық ерекшеліктерін білуді керек етеді. Олай болмаған күнде құр ділмарлықпен ештеңе өндіре алмайды, сайыста дәрменсіз болып қала береді. Жаттанды сөз өрнегін қолдану ақынға абырой әпермейді. Ақындар айтыстың бас кезінде асқақ әуенге басады, өздерінің мойны озық сөз жүйрігі екенін таныта, қарсылас ақынын тұқырта, кеміте, үркіте сөйлейді.

 



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Қазақстан пойыздарында үй жануарларын тасымалдау ережелері
» Қазақстандықтар шетелге шығуға жылына қанша жұмсайды?
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді
Пікір жазу