Жалқау болмаймын №3. Қазақ тілі (орыс сыныбы), 3 сынып, дидактикалық материал.
МҰҒАЛІМГЕ АРНАЛҒАН НҰСҚАУЛЫҚ
3-сынып (НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕПТЕРІ, ОМЖ БОЙЫНША)
2-тарау
Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен
Сабақтың тақырыбы: Жалқау бала № 3
Сабақтың мақсаты:
1.1 Тыңдаған материалдың мазмұнын түсіну
3.1.1.1* анық айтылған сөзді тыңдап, түсінгені бойынша қарапайым нұсқауларды орындау
4.2 Тыңдаған/ оқыған/көрген материалдың мазмұнын жазу
3.4.2.1* оқыған/аудио/бейне материалдың мазмұнын тірек сөздерді қолданып жазу
Сабақта оқу мақсаттарына сәйкес оқушылардың тыңдалым және жазылым дағдыларын дамытуға бағытталған.
Ертеңгілік шеңбер. «Жылы жүрек».
Оқушыларды көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алыңыз. Оқу құралдарын парталарға қойған соң шеңбер бойымен тұрғызыңыз, бір-бірімен амандасып, содан кейін жақсы қасиеттерін ізгі сөздермен, көтеріңкі көңілмен жеткізулерін сұраңыз. Мысалы: Сәлеметсің бе, Ақниет, сен сүйкімдісің. Сәлеметсің бе, Дастан, сен қайырымдысың. Сәлеметсің бе, Жаннұр, сен ақылдысың.
Сәлеметсің бе, Нұржан, сен мейірімдісің, т.б. Бұл тәсіл сабақтың ең басында жылы тілектер айту арқылы біріншіден, жағымды психологиялық ахуал қалыптастыруға, екіншіден, сөздік қорларын молайтуға көмектеседі.
Үй жұмысын тексеру.
Өткен № 2 сабақта үйге жақсылық пен жамандық туралы мақал-мәтелдер жаттап келу берілген болатын. Оқушыларды пазл әдісімен 2 топқа бөліңіз. Әр топ кезекпен өз мақал-мәтелдерін айтып, жарысады. Мағынасын ашуға тырысады. Әр мақалға бір ұпайдан беріледі, егер мағынасын толық ашса, екі ұпай беріледі. Көп ұпай жинаған топ жеңіске жетеді.
Сабақтың тақырыбы мен мақсаты.
Әр сабақтың басында мұғалім сабақтың тақырыбымен, мақсаттарын оқушыларға түсінікті тілмен жеткізуі керек. Оқушы осы сабақта нені білу керектігін жақсы түсінуі керек. Сабақ барысында қажетіне қарай сабақ мақсаттарын оқушылардың естеріне түсіріп отырыңыз.
Жаңа сөздерді меңгерту.
Жаңа сөздерді меңгерту- сабақтың ең маңызды кезеңі. Сөздерді меңгертуде сөздің аудармасын айтпай, суреттерді, мағыналас сөздерді, қарсы мәндес сөздерді, қимыл, ым-ишараны қолданыңыз. Сөздердің мағынасын түсінгеннен кейін оқушылардың өздеріне сөз тіркестерін, сөйлемдер құруларына мүмкіндік беріңіз. Жаңа сөздерге грамматикалық терминдерді қолданбай, жіктік жалғауларын дұрыс байланыстыруды үйретіңіз. Оқушылардың ойлануына уақыт беріп, жауап беруге деген талпыныстарын үнемі қолдап отырыңыз. «Жоқ, дұрыс емес!», «Қате!» деген сөздер айтудан аулақ болыңыз. Баланың ынтасын жоғалтып алмау керектігін үнемі есте сақтаңыз. Сондай-ақ жаңа сөздерді оқушы сабақтың барлық кезеңдерінде қолдануына мән беріп отырыңыз. Сөздерді меңгергеннен кейін алдағы сабақтарда да сол сөздерді қолданыстарына енгізгендері маңызды.
Тыңдалым.
Мәтінді алдын-ала аудиожазбаға жазып алыңыз, ондай жағдай болмаған жағдайда, өзіңіз оқып беріңіз. Алайда аудиожазбадан тыңдап үйренгендері дұрыс. Тыңдалымның алдында мәтінде оқушыларға таныс емес сөздерге міндетті түрде түсінік беру керек. Содан кейін тыңдалымға дайындау үшін тақырыпқа сай 1-2 сұрақ қойып немесе болжату суреттерін көрсету арқылы ой шақырған дұрыс. Бұл оқушылардың тілін дамытуға және ойларын жинақтауға ықпал етеді. Мәтінді 2 рет оқып беріңіз. Содан кейін сұрақтарға әркім өз бетінше жауап береді. Бір-екі сөзбен жауап берсе болады, ең бастысы, тыңдалым мәтінін түсінгендіктерін тексеру әрі уақытты үнемдейсіз. Сұрақтарды тақтадан көрсетіп қойыңыз немесе қағазға шығарып беріңіз (әр партаға біреуден). Тапсырманы орындап болғаннан кейін, оқушылар «Бас бармақ» әдісі арқылы бағалайды, мұғалім мадақтау сөздерін айтады, кемшіліктері бар жауап берген оқушыларға тағы да ойлану керектігін ескертіңіз. Бұдан кейін тыңдаған мәтіннің мазмұнына сәйкес келетін суреттерді таңдайды, жұп болып бір–біріне таңдап алған суреттерін 3-5 сөйлем көлемінде сипаттап айтады. Алдын–ала дескриптормен таныстырыңыз және де суреттердің қиындыларын дайындап, таратып беріңіз. Жұпқа бөлгенде, қабілеттері әртүрлі оқушыларды бірге отырғызыңыз. Қабылдау деңгейі жоғары оқушы жұбына қолдау көрсеткенін қадағалаңыз. Бір-біріне айтып жатқан уақытта, осы сабақта өзіңіз көздеген бір-екі жұптың қастарына барып тыңдаңыз. Өз дәптеріңізге қай оқушының неден қиналып отырғанын тіркеп отырыңыз. Бұл келесі сабақты жоспарлағанда өзіңізге қажет. Сол оқушылардың ілгерілеуіне ықпал ететін тапсырма дайындаңыз. Осыдан кейін оқушылар «Иә/жоқ» әдісі бойынша ұсынылған сөйлемдерді белгілейді, сөйлемдердің дұрыс/бұрыстығын анықтайды, дәлелдеп айтады. Соңында өз жауаптарын тақтадағы дұрыс жауаппен сәйкестендіріп, смайликтер арқылы бағалайды.
Жазылым.
Сергіту сәтін жүргізгеннен кейін, мұғаліммен бірге әңгімеге жоспар құрастырады. Сол жоспардың негізінде қарапайым түрде «Фишбоун» әдісі арқылы балық қаңқасын толтырады. Оқушылар жазған жұмыстарын қорғайды, бір-бірін дескрипторлар арқылы бағалайды. Не қиын болды? Неліктен? Не жеңіл болды? деген сұрақтар арқылы кері байланыс бергеніңіз дұрыс. Егер уақытыңыз қалып жатса, «Жалқау» сөзіне «Синквейн», яғни бес жолды өлең құрастыруға болады. Бұл жерде оқушылардың сын тұрғысынан ойлау қабілеттері, тілдері дамиды.
Рефлексия, үй жұмысы.
Сабақты бекіту кезеңінде оқушыларға «Білім қоржыны» әдісін ұсынуға болады. Онда оқушылар қоржындарға стикерлер жабыстырады.
Қызыл қоржын – өте жақсы түсіндім, мен үшін қызықты болды
Көк қоржын – Мен сабақты жақсы түсіндім
Қоңыр қоржынға – Тақырып бойынша әлі де ізденуім керек
Сабақ соңында үй тапсырмасының қалай орындалатынына қысқаша түсінік беріңіз.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру